Жұмабек МҰҚАНОВ
27.01.2017
3792
2

62  жасқа қараған шағында белгілі қалам­гер, жазушы, журналист, тарих зерт­теу­шісі Мұқанов Жұма­бек Сейіл­хан­­ұлы дүниеден өтті.
Ол 1955 жылы 28 шілдеде Өзбек­с­тан­ның Самарқанд облы­сында өмірге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университе­тінің журналистика факультетін бітір­ген.
Еңбек жолын 1976 жылы Оңтүстік Қазақ­с­тан облысы Шардара аудандық «Өс­кен өңір» газеті (кейіннен «Шардара тынысы») газетінде қарапайым тілші болып бас­таған. 35 жыл осы ба­сы­лым­да табан аудармай қызмет атқарды.
1983-2010 жылдар аралығында осы газеттің Бас редакторы ретінде аудан­ның, өлке­нің мәдени-рухани, әлеумет­тік өмірі­нің дамуына қаламгер­лік һәм аза­мат­тық тұрғыдан аянбай еңбек сіңірді.
1995-1997 жылдары ҚР Парламенті­нің «Халық кеңе­сі» газетінің Орта Азия респуб­ликалары және Қа­зақс­тан­дағы, сондай-ақ, «Түркістан» апталығының Өзбек­стандағы меншікті тілшісі қызметтерін ат­қарды.
Шалғай ауданда, әдеби ортадан жырақта тіршілік кешсе де қолынан қаламы түс­пей, киелі көсем сөз бен көр­кем сөзден қол үзбей көптеген тарихи, публицис­ти­ка­лық кітап­тарын шығарды.
«Әйтеке бидің ақ жолы», «Губернатор Аман Төлеев», «Шағалалы Шардара», «Сек­сеуілдің шоғы» жинақтарын, Әбіл­қайыр ханның зайыбы Бопай ханым туралы зерт­теу еңбектері мен Қа­зақс­танның  ха­лық  жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекіл­байұлының рухына арналған «Жүз күндік жалғыз­дық» атты туындыларын қалың оқыр­ман қауым жылы қабылдады.
Жұмабек Мұқанов «Қазақстан Респу­бли­ка­сының Конституциясына 10 жыл», «Астана» мерекелік медальдарымен мара­патталған. Президент сайлауларында Н.Ә.Назарбаевтың сенімді өкілі болып, Пре­зи­денттің «Алғыс хатымен» марапат­талған.
«ҚР мәдениет қайраткері», «Қазақ­с­тан­ның Құрметті журналисі», «Шардара ауданының Құрметті азаматы» атақтары берілген.
2016 жылы ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­ды­ғына орай Елбасы Жар­лы­ғымен «Құрмет» орденіне ие болды.
Еліміздің рухани-мәдени кеңісті­гін­де өшпес із қалдырған әріпте­сіміздің жарқын бейнесі оқырман қауым мен әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақта­лады.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретариаты.


Қош бол, заңғар замандас!

«Қазақстанның құрметті жур­на­лисі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Жұмабек Сейілханұлы Мұқанов дүниеден өтті» деген хабарды есті­ген­де жазира мінез, жарқын көңіл, кеудесіне туған жерін толық сыйғы­зып жүретін аза­маттың алшаң бас­қан келбеті елестеді.
Оның дауысының өзінен бүкіл даланың үні естілетін. Жуырда ғана телефон ар­қылы:
– Ағалар, мені еліміздің Тәуелсіз­ді­гіне 25 жыл толуына орай «Құрмет» орденімен марапаттады. Келіңіздер, қуанышыма ортақтасыңыздар, – деп шат­тана хабарлаған. Алайда, еліміз үшін қасиетті мерекеге ұлас­қан тәуел­сіздік таңының атуына өзі­нің шексіз үлес қосқанын біз айта ал­мадық. Айт­қаны­мызбен мадақ сөз­ді қабылда­майтынын тағы сез­дік.
Жұмекең бір адамның өмірін кеш­кені­мен, бір ғасырдың жүгін арқалаған қатепті қара нардың өзі еді. Біз оның замана толғауын ке­ме­ліне келтіре жаз­ған Әбіш Кекіл­баевпен қаншама жылдар бойы тағдырлас інісі болып кетке­нінің куәсі болдық. Сондықтан да қимас ағасы Әбіш Кекілбаевтың рухына ар­нал­ған «Жүз күндік жалғыздық» атты өмір­шең де өлмес дүниені жазып кетті. Осы қол­таңбасы арқылы шығар­машыл адамдар­дың өмірде досы да, сыйласы да, құрмет­теу­шісі де көп бол­ғанымен оның жаны жал­ғыз, серігі жал­ғыз Хақ екенін ұғындырып кетті.
Жұмабек ұл да, ұрпақ та тәрбие­леді. Шаңы­­ра­ғынан шыққан өз пер­зент­­те­ріне де, егемен елдің жас өрім­деріне де Отанды сүюдің түп-тамырын өмірімен де, туындыларымен де анық көрсете білді.
Жұмекең журналист қаламын ұста­ған жылдары оның жүрегінде бүкіл Орта Азия республикала­ры­ның, өз елінің тыныс-тіршілігі бүл­кілдеп жатты. Ресейдегі атаме­кенін аңсаған оғланды Сыр бойына алып келіп, дәм та­ттырғаны, ол туралы «Губернатор Аман Төлеев» атты кең тынысты, келер ұрпаққа тағылымы мол толғауын ұсы­-
н­уының өзі неге тұрады?!
Туған жердің топырағына «Әйте­ке би» қоғамдық қорының түпқазы­ғын бекем орнатып, көршілес Өзбекстан жерінде мәңгі тыныстап жатқан әз әулиенің, атақты  бидің өмір сүрген жылдарын анықтауға барын салды. Сол елдің төрінде «Сейіт­құл әулие – Әйтеке би» кесе­не­сінің бой көтеруіне, «Нұратадан Астанаға дейін» деректі
филь­мінің дүниеге келуіне аянбай тер төкті. Ха­лықаралық «Түркі әлемі» киностудиясында Жұмекеңнің кеңесші болуымен «Әйтеке бидің ақ жолы», «Бекет Ата жолымен» деректі фи­льм­дері тұсауын кесті.
Жұмабек Мұқанов Оңтүстіктің оң­түс­тік бұрышында жүріп-ақ осын­шама ерен тірлік тындырыпты. Қан­дай дүниені қолға алса да, бірінші орын­ға ұлт руханиятының салтанат құруын қойыпты. Туған елге істеген қызмет өлуші ме еді?! Ендеше, сенің қыз­метің де мәңгі ел есінде қа­ла­ды.
Қош бол, инабатты іні, заңғар замандас, абзал аға!

Өмірзақ Озғанбаев, Бекет Тұрғараев, Клара Жұмабайқызы Кекілбайкеліні, Иманәлі Байдәулетов, Шахарбек Усманов, Ханбибі Есенқарақызы, Захардин Қыстаубаев, Қарсенбай Қунақов, Айгүл Қаппарова,
Айтжан Бекназаров, Төкен Танаұлы.


Аза жыры

(Жұмабек Мұқановқа)

Жұмағам сойы еді ғой шын кісінің,
(Ажалдың жаба алады ұңғысын кім?).
Қолыңнан алтын арқау кетті сусып,
Өмірдің шындығы осы – Шыңғыс інім!

Жалғанның артта қалды-ау жарқын бағы,
Ер еді нар жігіттің нарқындағы.
Жоқшысы бір өзіндей көрінуші ед,
Әбіш пен Фаризаның артындағы.

Сәріде қалам алса жыр қонатын,
Шындық деп шырылдаған ұл болатын.
Әділет іздеп келіп, іздеп кетті Ол
Бақиға түбі біздер бір баратын.

Тіріңде айнала ұшты тәмәм қарға…
Өлгенде үстем етсін бағыңды Алла!
Бабаңның бәрі түскен сара жолға,
Жұмаға, сен де түстің, амал бар ма!?

Адайдың ақ тасындай Шыңғыс інім,
Бойында мерейі бар мың кісінің.
Әкеңіз құсқа айналып ұшып кетті,
Мәкәні  ұжмақ болғай нұр құсының!

Маралтай.


Сен де кетіп барасың…

Қара шашын қара түн жайды бөлек,
Бұл тірлікте сор да көп, қайғы да көп.
Қан жылатып қаңтарда ел-жұртыңды,
Сен де кетіп барасың, ей, Жұмабек!..

Досым едің жүретін күнде ойымда,
Жылайын ба, мен енді жырлайын ба?
Қызыл құмда ашылмай гүлің қалды,
Сырың қалды айтылмай Сыр бойында.

Бала күннен біз жүрдік егіздейін,
Тасып-тасып алушы ең теңіздейін.
Шардараның толқыған толқынынан
Айналайын, жан досым, сені іздейім.

Дұға оқимын күбірлеп әр күн енді,
Бүтін едім, бүгіннен жартым өлді.
Ақиқаттың ауылын көп іздеп ең,
Жолығарсың сол жақта, бәлкім енді…

Жігіт едік есейген көшке еріп бір,
Жаназаңмен айтылар естелік бұл.
Алдың пейіш болсыншы, артың кеніш,
Қош болып тұр, жан досым, қош болып тұр!

Бауыржан  ҚАРАБЕКОВ.

ПІКІРЛЕР2
Дүйсенбі Асель Қанатқызы 04.04.2017 | 22:30

Құрметке лайық кісі

Куралай 12.09.2017 | 11:47

Тиринде айнала ушты тэмам карга…Маралтай иним бес ауыз созбен коп нэрсени ангартыпты…Азамат азаматты жоктамаса, ким жоктайды?Жоктаусыз болса, ер жетим…

Добавить комментарий для Куралай

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір