Дара жырдың даңғылы Дәуітәлі
27.01.2017
2210
0

Мынау фәни жалғанның жарығын небәрі елу екі-ақ жыл жанарынан өткерген ақын Дәуітәлі Стамбеков те өзінің жыр толғау мәнерімен, жан әлемінің жауған қардай таза, тамған шықтай мөлдірлігімен ерекше жаратылған пенде еді. Пенде емес, пендеден шыққан періште десек болар. Өмірде өлеңнен өзге ештеңе іздемеген, тұрмыстың рақатын көздемеген, ұлы бабасы Абай дана айтқандай, «дүние есігін өлеңмен ашып, өлеңмен жер қойнына кірген» жанды періште демей, не дерсің?! Өзі де ата тегі мен ана жұрты сойынан алып саралағанда ырысының уызы арылмаған кіл қаракөктің тұқымы еді ғой. Мұның шет жағасын бұрнағы жылдарда жария болған сөзімізде айтқан да болатынбыз. («Жалын» журналы, ақпан, 2004 жыл – А.Б.).

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауда­нын­дағы «Қоңырат» совхозы оның тербетіліп өскен талбесігі. Көмейіне бұлбұл, қызыл ті­ліне қырғи ұялап, қазақы дәстүрдің қай­ма­ғын қалқуымен атағы тараған бұл аудан­ның есімін білмейтіндер сайын қазақ да­ла­сында санаулы-ақ шығар. Ұлт өмірінде ізін қалдырған арғы-бергі тектілерін тіз­бе­лесек, әңгіме мойны ұзап кетпек. Алаш­тың арқар мүйіз үш арысын өмірге әкелген То­қырауын топырағынан кіл жүйрік – қылқұйрықтың қаншасы шықпады дей­сіз?! Дәуітәліні де сол жақсылардың жұ­қана­сы десек жөн.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ғой. Оншақты бала жарыса өлең жазып, ау­дандық «Арқа еңбеккері» газетіне маза бер­мейміз. Жолдаған шимайымыз анда-сан­да құнтиып-шұнтиып шыққанына мәз­біз. Осы тұста аталған газетте Дәуітәлі Стам­бековтың бір бет өлеңдері жариялана қал­сын. Сондағы бәйге ат туралы өлеңінің ал­ғашқы шумағы әлі есімде:
Жүйріктің, ой-хой, екпіні ой,
Үй жыққан десе, үй жыққан.
Делебем қозып кетті ғой,
Бәйгені көріп құйғытқан…
Жасы жиырманың мөлшеріне жете қоймаған әріптесімнің (менен екі жас үл­кендігі бар – А.Б.) аламан бәйгенің та­би­ға­тына сай өлең динамикасын дүбірлете дөң­геленткен шеберлігіне сүйсінгенім сон­дай, жыры көркем ақынның өзі қандай екен деп көрмекке құмарттым. Шынында да, алпысыншы жылдары қазақ поэзиясын со­ны сапаға көтерген қуатты толқынның біз­дің өңірдегі алғашқы сәтті жаңғырығы – Дәуітәлі Стамбеков болатын. Ол пенде ретінде қарапайымдылығымен қоса ақын ретіндегі жаңашылдығымен бірден үлгіге айналды. Жақсы ақынмен сол кездегі сән­ді мерекелердің бірі – «Шопандар тойында» кездестім. Үстіндегі ақ жейде мен аппақ шалбары осындай түстегі топлиымен жа­рас­қан, қара көзілдірікті, қиық мұртты, бо­та көз, борық маңдай, бұйра шашты көр­кем жігіт маған нағыз ақындық пен сері­ліктің символындай болып көрінді. Бұл кез­де оның балғын да байыпты өлеңдері «Лениншіл жас», «Жалын», «Жұлдыз» се­кілді беделді басылымдарда арагідік жа­рия­ланып, әдеби ортаны келешегінен дә­меттіре бастаған.
Жазғаныңды жарыққа шығарудың мүм­кіндігі аз кезең еді ғой. Жалғыз баспа мен үш-төрт басылым аға қаламгерлерден ар­тылмайды. Сонда да әкеміздің ала тайын­шасын сатқызып, жылына бір рет Ал­матыға қолжазбамызды құшақтап барудан жаңылмаймыз. Сондайда түсетін үйі­міз, сүйенетін тірегіміз Фарида мен Дәуі­тәлінің құтханасы. «Келімсектер» кей­де бесеу, кейде он боп кетеміз. Балалар оқуға түсетін жаз айларында одан да асып түседі…
Қолжазбамызды машинкадан өткізу, редакцияларға жеткізу, баспаға тапсыру да – Дәуітәлінің міндетінде. Жазуымыздың арғы тағдырына бас ауыртып жатпайтын біздер астанаға тойлау үшін келетін сияқ­тымыз. Мұндай кезде оның нан жеп отыр­ған қызметі жайына қалады. Редакторы Фариза апамыздан сөгіс естиді. «Ақ­то­ғай­дан келген Абзалды жетеледім», – деп ақ­та­лады. «Оның кім еді соншалықты?», – дей­ді апамыз. «Ол – болашақ ұлы ақын», – дейді бұл іштегі әлі де айыға қоймаған «дүмпудің» әсерімен. Әттең, Дәуітәлінің сол еңбегі еш кетті. Ұлы болмақ түгілі, ұлы­ның ұлтарағы болуға жарамадық қой.
Біздің қайсыбір ақындарды «өлең үшін жа­ратылған жан» деп жататынымыз бар. Солайы солай шығар, бірақ мен білген ақындардың ішінде дәл Дәуітәлідей музаны ғана пір тұтып, басын соның жолына байлаған пенде кемде-кем. Ол өлеңін ақын Қасым құсап әлдиледі. Жыр жазуға жеткен дарыны, қулық қуып, құм санауға жет­педі. Әйтпесе бір совхоздың қаражатын жамбасына басқан бас бухгалтердің баласының Алматының төрінен болмаса да төскейінен дербес үй сатып алуына қабілеті келіп-ақ тұрған. Бірақ баршылыққа бөгіп өскен бала әке дәулетінің қадірін білмегені анық. Бірде дастарқан басын­да Мәдібек ақса­қалдың «Дәуітәлі, сенің институтта оқып жүрген кездегі сайраныңның өзі­не үш машинаның ақшасы кетті», – дегені бар. Біздің Дәукең дүние қамын ойлауға кел­генде осынша беймарал жан еді ғой. Барында тасымады, жоғында жасымады. «Балалар өз несібесімен», – дейтін. Айтқаны келіп, Расулы бүгінде анасы Фариданы Алматының төріндегі төбедей коттедж ішінде «адастырып» қойды. Өкініші – осыны Дәукеңнің өзі көре алмай кеткені…
Балғын кезінің өзінде-ақ:
Доспысың, мейлі, қаспысың,
Қартпысың, мейлі, жаспысың,
Ар үшін неге өлмейсің,
Өлесің неге ақша үшін? –
деп толғаған Дәуітәлінің әлгіндей екіжүзді «ақындармен» еншісі бір болуы мүмкін емес еді. Соның зардабын да аз шеккен жоқ…
Дәуітәлінің анық жарқ етіп көрінген ал­ғаш­қы қадамы – әрқайсысын бір-бір үлкен ақынның тобықтай батасы жетелеп, бес-ал­ты жас таланттың басын құраған «Қанат қақ­ты» атты ұжымдық жинақ десек, қате­лес­пейміз. Сонда оған қазақ поэзиясының өмір бой­ғы құбылысы болып өткен Сырбай Мәу­ле­нов емірене төгіліп ақ тілегін білдірген. Жас ақынның ойнақы оймен орайласқан өзі­не ғана тән нәзік лиризмі алдымен осы жинақта бой көрсеткен. Мәселен, бозбала қа­ла­мынан туған «Бозторғай» атты өлең­де­гі:
Алыспен бағып жан-жағын
Аспанның нұрын сіміріп,
Ауаға салып салмағын,
Ақша бұлттарға ілініп… –
іспетті көзіңе көркем көріністі елестететін шу­мақтар ақынның көру қабілетінің қы­рағылығынан қапысыз хабар берген. Мұнда бір қарағанда, емінген ой да, екпіндеген емеурін де жоқ. Көзіңнің қиығы шалар сурет қа­на бар. Бірақ «лақтырылған тастай аспанға қа­далып қалған торғайдың» «көмейін балға тол­тырып тілінен тәтті төгуі» сені бір сүйсі­ніс­ке жетелейтіндей.
Жұртшылықтың білетініндей, бірыңғай таза ойдың немесе таза сезімнің ақыны деген болмайды. Әрине, қаламгер болмысының әу бас­тағы табиғатына орай бір жағына ба­сым­дық берілуі мүмкін. Дегенмен, Дәуітәлі шы­ғар­машылығынан осы екеуінің тізгінін тең ұстағанын байқаймыз. Ол аяулысын алыс жолға шығарып салып тұрған қимастық се­зім сәтін сипаттайтын өлеңінде де ойлы­лық­тан ажырағысы келмейді. Өйткені, ой мен се­зімнің оябы қашан да ортақ. Жүрегінің жар­тысы пойызбен бірге кеткендей болып орал­ған ақын жан күйін жыр жолына түсір­ген­де сол бір әрі қасіретті, әрі қасиетті ме­зет­ті жалаңаштап алудан сәтімен сақтанған. Мұны әдеби әдіс дерміз. Бірақ әдісті қолдану үшін әлеует, тәсілді тұтыну үшін тапқырлық керек емес пе?! Әрине, өлеңді «бір-бірімізді аң­саумен жүрерміз, аяулым» деген үйрен­шік­ті ізбен тұжыра салса да болар еді. Бірақ ал­дында ғана:
Біздің де осы мұңымыз –
Қоштасар шаққа аз қалды.
Пойызды қимай біріміз,
Біріміз қимай вокзалды, –
деп тебіренген ақын ойдың сабақтастық ло­гикасын дәл сезініп, «пойыз бен вокзал бір-бірін аңсаумен жүрер, аяулым» деп мерген меңзеудің нүктесін қояды. Тапқырлық деп жүр­геніміздің де бір мысалы – осы. Өлеңнің «Пойыз бен вокзал» деп аталуы да осындай оң­тайлы шешімді оң көрген.
Дәуітәлінің балғын жырларының өзінен шынайы сезім мен шымыр ойға ден қоятыны бай­қалатын. Жасанды леп, жалған жамыл­ғы­дан жырақ жүрген ол еншісі қай тұста еке­нін ерте болжады.
Өмір дейсің, мен де оны жырлай білем,
Артық сөйлеп, ол бізді тыңдайды кем.
Сорым қалың десе дос, келіспеймін,
Өлшенбейді бір өмір бір қайғымен.

Мезгілімнен ертерек сөнсем де мен,
Жалынша бір алаулап көрсем деп ем.
Бақыттысың дейді жұрт, келіспеймін,
Бір бақытпен бір өмір өлшенбеген.
Иә, контрастың қисынына бағып, ойды анық та айшықты жеткізу тәсілін ол жас ке­зін­де-ақ жетік игеріпті. Және бір жақсысы – бұл жалқы ғана жарасым емес. Бой бітімі бал­дақты білекте отырған қаршығадай жып-жи­нақы осы қос шумақ бір қайғыдан жасуға да, бір қуаныштан тасуға да болмайтынын кө­кірегіңе көп әуресіз-ақ қонақтата сал­ған­дай.
Біздің білуімізде, өлең сөзге келгенде, ба­ла Дәуітәлі де, «дана» Дәуітәлі де тілге діл­мәр, ойға тапқыр. «Өмір қысқа…» деп басталатын өлеңінде ақын өмірдің баянсыздығын (баянсыздықтың өзі де философиялық категория ғой – А.Б.) бейнелеуде шын мәніндегі шайыр-философ ретінде көрінеді:
Түлкі жылдар алдымыздан сан қашар,
Қыс пен көктем,
Жаз бенен күз алмасар.
Топыраққа түскен ізді топырақ,
Қарға түскен ізімізді қар басар.
Неткен үйелеп қалмас үйлесім, неткен мәймөңкелеуге көнбейтін морт мінез шын­дық, неткен меңзеуі мұздай ескерту, тегеу­рін­ді шумақ?! Тегеурін техникадан емес, те­кетірескен ойдан келетінін сіз білсеңіз ке­рек. Ол ой – шындыққа суарылған ой. Сон­дық­тан да қабылдамауға әддің жоқ.
Дәуітәлі ылғи жаңаша айту мүмкін бол­ма­ғанда, ескіні жаңадай етуге күш салушы еді.
Сөнуден сақта, Құдай, жанбай жатып,
Жанған соң өзіңше жан қанды ойнатып.
Өзіңнің өрнегіңді өзің тоқып,
Өзге емес, өзің болған қандай бақыт! –
дейді ақын өзің болу үшін, тек, өзіңе ғана тән сө­зің болуы керек екенін ескертіп. Меніңше, дү­ние пәле әріптестеріміздің кітап боп шық­қан сөздерінің бәрін өз сөзім деп білуінде жатқан сияқты. Кешіріп қойыңыз, кейде өз сөзім деп жүргеніңіз мүлде өзіңдікі болмайтынын да білген жөн… Демек, Дәуітәлінің «өз өрнегіңді өзің тоқы» деуінде бір гәп бар. Сол «гәптің» сырын ашқан адам ғана соқталы сөз өнерін сомдамақ.
Мынау алып сахна – айналамыз,
Дайындалып,
Жаттығып,
Ойланамыз.
Өзіңіз де жетесіз өзіңізге,
Рөлінде басқаның ойнамаңыз, –
дейтін Дәуітәлінің сөзіне құлақ ассақ болмас па?!
Жылдар өте келе шығармашылықтағы байыпты даму эволюциясы оны бұрынғы нә­­зік  лиризмнің нақышынан сүйегі салмақ­ты сақа өлеңдерге жетелегені де байқалатын­дай. Бұған өзі көріп, қызықтауға тағдыр нәсіп етпеген «Жұмағым мен тамұғым» кі­та­бы  айғақ. Мұнда жылдар бойы қалыптас­қан мәнер мен машық шын шеберлікке ұласып, іргелі ой, ірі тақырыптарға желі байлапты. Ұлы даланың талайы мен тағдыры, қайғысы мен қуанышы, тарихы мен тағы­лымы – ақын жырларының үзілмес арқауына айналған. Бұл жырларда дарқан дала ұландарының өр ру­хы намысқа жаныған алдаспандай жар­қыл­дайды. Отырары опат болып, биік дар аға­шына асылғалы тұрған Қайыр ханның ай­тқанына қараңыз:
О, Шыңғыс хан, көрмеді басым нені,
Батырды елі сүйеді, ақынды елі.
Өліп бара жатсам да сенен гөрі,
Тәңіріме сүйегім жақын, –
деді.
Біз стильге сергек, үйлесімге ұқыпты ақын­ның техникасына сөз шығындаудан ау­лақпыз. Тек ой орамына ден қойсақ дей­міз.
Ғұн да болдым,
Сақ та болдым,
Түркі де,
Жау алдында айналмадым күлкіге… –
деп биік сөйлейтін ақын бір мезет айбыны алыс ғасырлардан арымай жеткен Мөде қа­ған­мен мерейленуді де ұмытпайды:
О, ғұндардың Тәңірқұты ер Мөде,
Тұлпарың да тулап тұрса кермеде,
Көкбөрің мен ақсұңқарың жебесе,
Тыныш жата алмайсың-ау көрде де.
Мөдедей мәрт бабалардан бастау алған сол өр рух бүгін де керек бізге, – деп тұр­ған­дай осы бір жігерлі жыр жолдары.
Иә, өткен ғасырдың алпысыншы-жет­пісінші жылдары қазақ поэзиясының дәуір­леген тұсы болғаны анық. Небір сей­дін ақын, сүбелі дүниелер сол кезде кемел кес­кін танытқан. Дегенмен, сол әлуетті буын­мен қолтықтаса қадам басатын тағы бір тың күш, тегеурінді толқынның қа­жет­тігі де байқалып қалған. Алайда, Қа­дыр мен Жұмекен, Тұманбай мен Мұқағали секілді семсер сөз иелерінің өкшесін басып тұрған буынның қауқарлылары бол­ға­нымен, қарасыны аз-тын… Ендігі үміт со­лардан кейінгі буынға артылған. Қазақ өлеңінің бағына қарай, бұлар кілең «мен атайын, сен тұрдың» өзі болып шықты. Мәселен, сол тұста қаңтарда жараған бура­дай зар күйіне жүрген дәстүршіл Кең­ші­лік, тапқыр Жарасқан, әуеншіл Тынышбай, бейнешіл Жұматай, суретшіл Не­с­іп­бек, төңкерісшіл Темірхан, өзгерісшіл Иран­бек, ойшыл Ұлықбек, сезімшіл
Исраил, қисыншыл Дәуітәлі қара өлеңнің қан­дай жүгін де көтеруге дайын боп қал­ған. Көтерді де. Өмірден өткені бар, бүгінге жеткені бар, бұлар сол жүкті әлі көтеріп келеді. Өйткені, асыл ұлдан айырылғанда Абай айтқандай, «қолдарын істен босатар қарағымдар» аз болып тұр. Қадау-қадауы бар да, қарақұрым күшке айналары жоқ. Әде­биет пен мәдениет қысыраған заман­ның құлындары да күлік тумай, бүлік туып жатқандай. Дәуітәлі мықты болса, оның «жалғыз шапқан ат жүйрік» болуына мұр­ша бермеген берен достарының арқасы-ау деймін.
Ақсораңнан ұшып, Алатаудан тұғыр тапқан Дәуітәлі Стамбековтың артында екі том өлеңі қалды. Ақын үшін аз дүние емес. Бұл – оның қамшының сабынан да қыс­қа ғұмырында атаққа асықпай, мақ­тан­ға масықпай жүріп тындырған шаруасы. Қос кітапты қадағалай қарасақ, қам­ты­маған тақырыбы, қаузамаған мәселесі қал­маған екен. Ел құсап енші күтумен ерек­шеленбей, еміренісіне елдікті, тебі­ре­нісіне тектілікті тиянақ етіпті. Аузын ашса ауылы, демін алса даласы өлең боп өріліп, толғау боп төгіле берген. Өзі үздіге сүйген өмір үзеңгісі үзілейін деп тұрғанда да «ер­теңіңе алаңмын, Қазақстан» деп өлең жазу­ға қуат тапты ол. Соңғы мақаласын тө­сек үстінде әппақ сөлмектей болып жа­тып, ұлы Пушкинмен аяқтады. Бұлай ету жүздің бірінің қолынан келмес-ау.
Он төрт жыл бойы Алматыда аяқ-таба­ғы­мыз араласып, қалам-қағазымыз алмасып тату ғұмыр кешкен адал дос, анық бауыр­ды бордай босап тұрып келместің ке­месіне мінгізгеніме де он жеті жылдың жү­зі болыпты. «Ет-сүйегі елу екіде қалып, рухы жетпіске жетті» деп жатыр бүгін ел. Әй, бір қуаныш, бір қайғыдан тұратын тұр­лаусыз өмір-ай! Мұңайып тұрып той­лайсың, тойлап тұрып мұңаясың…
Жадымда екі ақынның талант таби­ға­ты­ның тұстастығына байланысты емес, тағ­дыр-талайының ұқсастығына байланысты ұлы Жұмекеннен айырлып аһ ұрған кез жаңғырады. Жүректің екі дүмпуінің ара­сында «Менің топырағым» атты мәң­гі­лік ой кітабын жазып үлгерген ақын шы­ғар­масына жазған мағынасы мұхиттай те­рең, мұнарасы мұзарттай биік алғы­сөзін­де өзі де кемеңгерліктің шыңына шы­ғып, шаршысына толған әулие Әбіш Ке­кілбаев: «Осынша ғұмырлы өлеңдер жаз­ған ақынның өз ғұмыры келте болғаны ғана өкінішті. Ол елуге енді келетін еді. Екі­нің бірі жетіп жатқан елу ғой…», – деп езіле, егіле тебіренбеп пе еді?! Абыз аға сө­зі беймезгіл кеткен басқа бозқасқаларға да бағышталып тұрғандай. Сол елудің әр жақ, бер жағында бір Дәуітәлі ғана емес, оның ордалы ойдың ошағын маздатқан та­лай үзеңгі досының таралғысы үзілген. Сөз­дерін жалған дүниеге аманаттап, өздері шын дүниеге шым батқан. Баршасына бір Ал­ланың кеңшілігі бұйырғай! Қайран Дәу­кем, Сізге де!..

Абзал БӨКЕН.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір