ҰСТА
27.01.2017
1600
0

Қуаныш ЖИЕНБАЙ

Тақтай таситын мәшинесі түскір кісіні алаң қылмай, таң атар-ат­паста осы төңіректен табылса То­ға­нас та ойда жүрген біраз шаруасын тындырған боп, көңілі жайланып, ертеңгі шайын асықпай-аптықпай ішер еді-ау. Мына тірлігін өзі де тү­сі­не алмады; атшаптырым ауланың ана басына бір, мына басына екі барып, сенделіп жүрді де қойды. Те­мір қақпаның электр қоңырауы жаңбыр суынан зақымданып, істен шыққаннан сау ма, әлде қаңғыр-гүң­гірді кейде естімейтін мүкіс құ­лағынан бір кінәрат келді ме. Сыртқа шығып, қалтарыстағы ақ кнопканы быртиған бармағымен екі-үш мәрте батылдана басып-ба­сып жіберді. Жо-жоқ, жұмыс істеп тұр зыңғырлап. Айнала өлі тыныш­тық құшағында. Іргедегі тас жолдың үстімен бірді-екілі кезекші такси­лердің жүйткіп өткені болмаса, жүк тиеген ауыр КамАЗ-дардың әзірге қарасы көрінбейді. Көрінбегені жөн-ақ. Осы түстан Кеңсайдың қырқасы біртіндеп биіктей түседі де, өрге тырмысқан мәшине атаулы асудан қиналмай өткісі келетін арғымақ секілді соңғы күшін бойға жинап, сәл-пәл кідіреді де, сосын осы араның ауа-райында өші бардай, қап-қара қою түтінді үсті-үстіне бұрқылдатып, ілгері қарай әр­ең жылжиды. Әрине, олардың қай­да бара жатқаны, бүгін-ертең қандай іс тындыратыны Тоғанас үшін жұмбақ, білуге де қызықпайды. Оның қызығатын да түгі жоқ, Кең­сайдың ұшар басындағы бірінен-бірі өтетін зәулім бейіттер аспаннан топырлап түсе қалатын құрылыс ма­териалдарынан тұрғызылды дей­місіз, қаладан тасымалданады барлығы.
Кеңсайдың бергі құламасынан мықтаса қырық қадамдай шеткері қоныстанған дені бір қабатты жата­ған үйлерден тұратын бұл мөлтек аудандағы соңғы өзгерістерді сұра­ма­ңыз. Биік-биік қыш дуалмен қор­шал­ған коттедждер құдды маң­ай­дағы топырлаған қитабан шаруаларды менсінбеген өркөкірек кісі­лер­ше жан-жақтарына сұқтана қарайды. Тоғанас көшіп келген жылдары бәрінің тірлігі бір-біріне ұқсас, мұраттас, бірінен-бірінің айырмасы шамалы-тын, бір үйден түтін шықса бәрі қораланып сол жерден табылатын, турасын айтқан­да, бірге туған ағайындылар секілді-тін. Кейін дүниенің ту талақайы шықты. Оның себебін әркім өзінше топшылайды, өздерінше ой қоры­тады. Қалай дегенде де, тірі жанды кінәға тарта алмайсың. Әркім өз тіршілігімен әуре. Айналайын бос­тандық  күллі болмысыңды бүтіндей өзгертіп жіберген әп-сәтте. Жақсы жағына, әрине. Қолыңнан келсе қонышыңнан бас. Коттедж тұрғыза­сың ба, іші-сырты алтынмен апталып, күміспен күптелген хан сара­йында тұрғыңыз келе ме, еркіңіз. Қо­ғам­ның қатал талабы – ұрлама, қиянатқа барма, маңдай теріңмен тапқан табыстың түбіртігін көрсет те, ойыңа келгенді істей бер. Сол сол-ақ екен, баяғы бірге туғандай мидай араласып жүретін көршілер көзбе-көз екі топқа бөлінген. Бірі – ескі қоныстағы ежелгі күн көрісіне шүкірлік айтып, ара-тұра екі-үш сту­дент-пәтерші ұстағандарына мәз болып, солардан түсетін болмашы тиын-тебенді керемет олжа көріп, есік алдына он-он бес метр асфальт төсесе төсеп, төсемесе одан басқа түк өзгеріс енгізбестен сол күйле­рін­ше қала берді. Тоғанас та осылар­дың тобында. Екіншілері ертеңді-кеш ұяларына дамылсыз жем та­сы­ған қыпша бел құмырсқаша бірден іске кірісті: ескі үйлерді бір-ақ күнде трактордың тұмсығымен сүргізіп тастады, орнына жаңа жай­дың іргесін қалады. Арзан қол жұ­мыс­шы күші де оп-оңай табыла кетті. Оларды еркелететін баяғы қо­жайын жоқ-ты. Қожайын – бір кездері мына Кеңсайдың іргесіндегі жатаған үйде тұрғандығын, осында ұрпақ өсіріп, сол жатаған үйлердің ер­кектерінше кешкілік бастары қосыла қалғанда бір ағаштың кө­леңкесінде емін-еркін карта соғып, ұтқандары әлдекімдерді дүкенге жүгіртіп, қызыл шараптың буы түн­нің бір уағына дейін дене қыз­дырып, содан аш бүйірлерін таянып, жүздері сұрланып, ақиланып, әйелдері келіп сүйрелеп әкет­пейін­ше жылы орыннан қозғалмайтын қайран күндерді бүгінде басы бүтін ұмытқан. Керек десеңіз, оларды ес­ке түсіруге де мұрша жоқ. Еңселі жайды бір жазда өліп-тіріліп салып бітіреді, төңірегіне жайнатып жасанды көшет отырғызады, ескі мә­ши­нені жаңасымен ауыстырады, шатырдың үстіне әңкитіп антенна орнатады. Тайыншадай неміс ов­чар­касының арпылдаған дауысы үй іргесімен өткендердің зәре-құтын ал­ады. Жә, ары қарай ежіктейтін несі бар, көпке белгілі, осы күнгінің өтім­ді ертегісі-дағы ит жегір! Бұл жағ­даяттан жұрт түгел құлағдар. Және бір жаңалығы, үйін жаңала­ған­дар баяғыша көршілерімен емен-жарқын араласып, қауқыл­дасып, амандық-саулық сұрасып жатпайды. Егер жазатайым биік дуалдан кіріп-шығып жүргенде бі­р­еулерімен ұшыраса қалсаңыз, нем­кеттілеу ғана қолын көтереді. Сә­лем-сауқаты соның ішінде.
Тоғанастың тағы бір байқағаны, Кеңсайдың ұшар басындағы зираттар да дәл төмендегі ала-құла үйлер­ге тән өзгерістерді бастан кешкен. Бірінен бірі асады. О дүниелік мар­құм­дарға зәулім сарайдың қажеті қанша деген сауалға тірілердің әлі күнге дейін тұшымды жауап бер­ген­дері шамалы. Ал тауға қарай ақ кір­піш, қызыл кірпіш тиеген КамАЗ-дарға бір тыным болсайшы. Оларға тыйым салу Тоғанастың қолынан қайдан келсін. Мұныкі пенделік кәкір-шүкір, қолқаны қабатын қорғасындай көк түтіннен құтылатын күн туа ма бұларға?! Әлде өстіп, ащы түтінге тыныс мү­шеле­рін ыстап, қақалып-шашалып қала бере ме ескі жұртта?! Әкім­ші­лік­ке арыз жазайын десең, мұсыл­ман­шылыққа жат қылық жасаған­дай, қарадай-қарап жаның түр­­ші­геді.  Тыныш  жатқан аруақ­тар­ды мазалағандай, өзіңнен-өзің қуыстанасың. «Ертең, не арғы күні сол жерге өзің де бармаймысың, ұрпағың саған да әңкитіп там тұр­ғыз­бай ма?» десе не дейді, қандай уәж айтады. Әлде құдайдан без­ген­дердің күлкілі әрекеттеріне көше ме? «Біз өлгенше Кеңсайдың басында ұлтарақтай жер қалмас. Қал­ғандарын қалталылар күні бұрын сатып алып, брондап қояр. Сон­дық­тан біз крематорийдың қып-қызыл шоғына түсеміз. Бір банкі күлімізді балаларымыз сақтаса сақтар, сақтамаса бір түп тораң­ғы­ның түбіне шаша салар!». Қандай жұпыны тұжырым. Мұны естігенде Тоғанастың тұла бойы ине сұққан­дай дір ете түсер еді. Бірақ  артынша өз-өзіне келіп, әлгі запырандай ащы шындықты мойындағанды­ғын, не мойындамағандығын біле алмай, басы мойынға құлап, екіұдай күй кешеді. Ара-тұра шіркін, аңқы­ған Арал жағалауы болар ма еді деп, өткен шақты бір аңсайды. Ұйытқып соғатын долы жел көк түтінді бұйым құрлы көрместен, ылдым-жылдым жұта салар еді-ау. Ал бұл арадағы ты­мырсық ауа оны біразға дейін бойға сіңіре алмайды.
Тоғанастардың несі кетсін. Бү­гін сенбі, осы қалада тұратын екі қы­зының кішкентайлары қазір-ақ «жер үйдің ауласында емін-еркін  ой­наймыз» деп алқын-жұлқын же­тіп келер. Содан жексенбінің кешіне дейін осында. Оу, адам-ау дағарадай жер үйдің ауласын жиен немереле­рі­нен қызғана ма? Тек көкейіндегі көк түтін мәселесі жуық маңда есі­нен шыға қоймайды. Көк шыбықтай булығып өсіп келе жатқан бүлдір­шін­дерге кесел боп жабыспаса сол-ақ.
Тоғанас өкшесін көтеріп-кө­теріп төменгі көшенің ұзына бойына жітіленіп тағы қарады. «Ант ұрғандар-ай!» деді ішінен. Көрші­лері керіліп-созылып, ұйқыларынан тұрамын дегенше тақтай тиеген мәшинені ың-шыңсыз аулаға кіргізіп ала қоймақшы еді. Бүгінде кімнің кімде не шаруасы бар, әйтсе де безбүйректенген бөгде сөзден аулақ жүргенді жақсы көреді. Кім­нің ішіне кім кіріп шықты дейсің. Тоғанастың кәсібі турасына көш­кен­де көп пенденің көкейінен шыға бермейді. Тәтті дәмді ашқарақтана жұтып келе жатып, кенет бір  тас­түйін тамағыңнан не ары, не бері өте алмай кептеліп қалғандай күй кешесің ақыр соңында. Несін жасырады, теңіздің тартылуына байланысты Арал жағалауынан ана жылы Алматыға қоныс аударған Бөген балық зауытының бұрынғы қайықшы-ұстасы Тоғанас Күнбер­генов бүгінде осындағы жерлеу бюро­сының тапсырысы бойынша табыт соғады. Кәдімгі тақтайтан соғатын табыт. Қай жағынан болсын; әдемілігі, ықшамдығы, тақ­тай­­лардың сүрленіп, бір-бірімен жым­дасуы жағынан дейсіз бе, қалай десең олай де, қабылдаушылардың сынағынан сүрінбей өтеді. Тендерден де Тоғанастың аты ылғи алдымен келіп жүр. Себебі, әр табытқа мы­надай үстеме ақы төлейсіз деп, жерлеу бюросындағылардың мазасын алып жатқан Тоғанас жоқ. Бер­гендеріне риза, тіпті екі-үш ай айлық алмаса да үйреншікті шаруасын дөңгелете береді. Өз есебі өзінде. Қайда болсын, шын ниеті­мен істеген шаруаның аяқсыз, нә­ти­жесіз қалғанын кім көрген. Тоға­нас та соған сенеді. Осы күнге дейін бірде-бір табыты кері қайтқан емес. Керісінше, әрбір мереке тұсында жерлеу бюросындағылар Тоғанас­тың ерен еңбегін де елеп-ескеріп, бірнеше тұсына мөр басылған мақ­тау қағазын беріп жібереді. Рақмет дейді Тоғанас, одан әріге тереңдеп барғысы келмейді. Сол қатырма қа­ғаз­дарды мақтанышпен біреуге көрсетсе не дейсіз, бір түрлі жүрегі қаламағандай үйге апаруды да ар­тық санап, қамыс сарайдың бір бұрышына тыға салады.
Енді болмағанда бригадирге қоңырау шалуға сәл-ақ қалған. Бері бұрылған қоңыр қорапты мәшинені көргенде уһ деп бір дем алды. Дереу қақпаны аңқитып ашып тастады.
– Сендер кісіні қарадай қарап өлтірерсіңдер! – деді сәлем-сауқат жоқ, ыржалақтап қағаз ұсынып жат­қан татар жігітіне суық қарап, – қол қою ма… қай жерге?! Мұнан басқа не білуші едіңдер!
«Алдым» деп бір бет қағаздың шекесіне сойдақтатып қол қоя салды.
– Тыныштық па?!
– Тыныштық. Менің уәдеге тұр­маған кезім болса айтыңдар. Оқтай барлығы. Ал қолымнан кел­мейтін іске басымды кессеңдер де жо­ламаймын. Әрі күтемін, бері  күте­мін. Міне, түс болды, жоқсың­дар!
– Ау, көкесі, қайдағы түс? Сіз не­мене, а, сіз немене… Кеңсайдың ір­гесінде тұрасыз, бір нәрсе иектегеннен сау ма?!
– Түнімен аруақтармен тілдесіп шығатын шығар, – деді қораптан тақтай суырып жатқан екінші жұ­мысшы, – әйтпесе, таңның атқаны жаңа ғой.
– Сіздікі бұл неткен асығыстық?! Қай жұмыстан қалып барасыз?
– Асығамын ба, асықпаймын ба, онда шаруаларың болмасын! Бұл – бір, екінші – аруақтарды аралас­тыр­маңдар бұл араға! Кеңсай туралы ендігәрі естімейтін болайын.
– Сізді түсіне алмадық бұл жо­лы. Ұйқыңыз қанбаған, не жеңгем­мен ұрысып қалғансыз-ау, асылы. Ең құрыса, мына тақтайларды санап алмайсыз ба? – деді татар жігіті ренжігендей ыңғай танытып.
– Санамаймын, артық шықса қосымша хабарлармын, ал кем шық­са әркімнің құдайы бар.
Он-он бес минуттың ішінде апыл-ғұпыл сусіңді тақтайларды қо­раптан түсірді де, жүкшілермен қоштаспастан қақпаны ішінен тарс бекітіп алды.

***
Ертеңгі асты да көңілсіздеу ішті.
– Аманшылық па?! – Жанкү­міс­тің сұрағы да әлгілердікіне ұқсас-ты.
–Аманшылық, немене мен жайын­да жаманатты хабар естіп пе ең?
– Жо-ға.
– Жоқ болса, дұрыстап шайың­ды құй!  – Соңғы кесені ерінге ти­гіз­е беріп, орнынан ұшып түрегелді. Ауызғы бөлмедегі жұмыс киімдерін үн-түнсіз иығына ілді. Бұрындары: «еті­гім қайда, сарайдың кілтін қай­да қойдың? Мені іздегендерге қала­ға кетті дегейсің» деп әйеліне тө­тенше тапсырмалар беріп жататын Тоғанас бүгін жұмған аузын ашқан жоқ. Қабағында кірбің. Оу, ертеңгі шай үстінде үлкен үйде екеуден-екеу тұрып жатса да, біраз шаруаны пысықтап алатындары өтірік пе еді; кіші қызының күйеуі жақында отызға толады. Тоғанас өмірі туған күнін тойламаған екен деп, жұрт осының аузына қарап отыра ма. Оның да жора-жолдастары бар, артынан артынып-тартынып ағайын­дары келер. Арыдан сілтегенде олар бұ­ларға құда-жекжат. Рабайда бір кө­ріседі. Оу, есті кісі осындайда үй көрсетіп, үйден шай-су ішкізіп жі­бер­мес пе, алқа-қотан отырып, шер тарқатысып армансыз әңгімелеспес пе?! Оның артында қызының абыройы тұр. Әке-шешелері көргенді кісілер екен дейді ғой ең болмаса. Ал Тоғанасқа салсаңыз, тірі жанмен дидарласқысы жоқ. Оның сыры әрине, Жанкүміске белгілі. Дидар­лас­пақ түгілі үйге қарай шыбын жорғалағанды ұнатпайды. Табыт соғатындығын ешкім білмесе, көр­месе – Тоғанастың жүзі жарқын. Ондайда арқа-басы кеңіп, кепкен тақтайларды аса бір сүйіспен­шілік­пен сүргілейді. Сүргілегенде де қи­мыл-қозғалысына көз ілеспейді. Қолы-қолына жұқпайды. Самайынан жылтыраған тер тамшылары көрінді ме, онда тіпті рақат. Жалаң бешпетін шешіп тастайды да, көп­тен бері арам терін шығара алмай жүрген құса көңіл кісіше, осы сәтті бекер өлтірмейін дегендей, ағаш сүргілеудің әкесін танытады-ай келіп. Тіпті әйелінің түстікке ша­қырған дауысын да естімейді. Ондай да Жанкүміс те үнсіз. Қоңырау соғылған телефонға да жауап берместен, аяғының ұшымен жүреді. Айнадай сүргіленген тақтайларға аса бір сүйіспеншілікпен қарап тұрған Тоғанасты көрсеңіз. Сүр­лен­ген тақтайлар әдеттегідей сарайдың түпкі бұрышына жиналады. Оған дейін де Тоғанас оны сан түрлі «экспертизадан» өткізеді. Ағаштың кедір-бұдыры болса табанда кесіп тастайды, мүйізгек басқан алақа­нымен жылтырақ тақтайды әлде­неше мәрте сипайды, бір көзін сы­ғы­райтып түзу-қисықтығын ба­­қы­лайды. Оу, қыздың жасауына қосатын әшекейлі сандық соғып жатқан жоқ, сондағысы кәдімгі табыт. Табыттың барар жері белгілі. Беті шегеленіп, метр жарым терең­дікке түскен соң сызды топырақпен көміледі де саудасы бітеді. Көр қазушыларға да, марқұммен қош­та­суға келген бейіт басындағы қа­рақұрым халыққа да бәрібір. Мына табытты кім соққан деп сұрау салып жатпайды.
Ал соны Тоғанас білмейді емес, біледі ғой. Сонда да тырнақтай кемшілік жібермеуге тырысады. Соқ­қан табыты осы күйінде бірден сатылымға қойыла ма, әлде сырты қоңыр түсті әшекейлі бояумен сырланып, ерекше сұранысқа ие бола ма, ол жағынан оның да хабары шамалы. Тоғанастікі аптасына бір мәрте дайын «тауарды» межелі жеріне жеткізіп беру. Жеткізіп бер­мейді, әлгі сумаңдаған татар жігіті екі кештің арасында жау қуғандай жетіп келеді де, төрт-бес табытты мәшиненің қорабына атып-атып жіберіп, кері қарай тайып отырады. «Жау қуып бара ма, жайлап тиеуге болмай ма, түгелер!». Сырттай қа­рап тұрған Тоғанастың да табытпен бірге жаны шығып кететіндей, мазасыздау күй кешеді.
Мазасыздау күй кешудің көкесі Тоғанас үшін соңғы кезде пайда болған. Баяғы сақтығы сақтық па, жазатайым есік сырт ете қалса да  сіркесі су көтермейді. Дәу төбет үй іргесін дүңкілдетіп жүгіріп өткен әлдекімге үрсе де,  алмас сүргі қо­лы­нан сусып түсіп кете жаздайды. Орман  ішінде жалғыз отырмаған соң көрші-қолаңның әлдене сұрап, не той-томалаққа шақырып дегендей, есік қоңырауын қағуы заңды ғой. Міне, сондайда Тоғанастың ақ тер-көк терге түсіп, ағашпен алысып жатпауын тілеңіз. Жанкүмістің жанында терлеп-тепшіп шай ішіп отырса бір емес, мың қонақ келсін, бәрібір. Осы күндері Тоғанас ұрлық  жасағандай екі құлағы елеңдеп, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарай­ды.  Жә-жә, Тоғанастың қас-қаба­ғын бағам деп ағайыннан айырыла ма, тура жолдан адаса ма. Сарайға жақындаған Жанкүміс алдын ала жөткерініп, дыбыс береді.
– Алдағы демалыста ешнәрсе пландама!
– Оңбағандар! – дейді Тоғанас әйелінің жанына не үшін келген­ді­гін елемегендей, – тақтайлардың суын сорғалатып әкелгендерін қа­ра­шы! От жағып кептіріп алмайынша сүргі салуға болмайды. Ылғалы бар ағаш бірікпейді, ертең-ақ тақ­тай­лардың арасы иттің тісіндей ырсиып-ырсиып шыға келеді. Оларға айттың не, айтпадың не, То­ғанасқа тақтай әкеп тастап, мін­дет­терінен құтылды… А..а, не, не дедің?
– Алдағы демалыста Жарқын­бек­тің туған күні, отызға келеді.
– Иә, келсін, отызға емес, тоқ­сан­ға келсін… маған десе.
– Бұл не, бүйректен сирақ шы­ғар­мақшымысың тағы да…
– Жоға, көсегелері көгерсін, көрпелері ұлғайсын дегенім-дағы.
– Ескертіп жатқаным алдын ала, қайдан білсін Тоғанас деген  қайын атасы тіреп тұр дейді ғой білмеген жұрт. Той мейрамханада өтеді. Жан-жақтан адамдар жиналады. Елдің көзінше бейшара се­кілді болмай, дұрыстап киініп бар. Қай көстөміңді  тазалайын? Қызың марқайып қалсын да…
– Жоқ-ау, мен олардың тапсырмаларын орындамай жүрсем бір сәрі ғой. Бәрі тап-тұйнақтай. Міне, екі-үш жыл сырт айналды, бірде-бір графиктен кешіккен емеспін. Кісіні сыйлау деген болады ғой құрып кеткенде. Маған олардың  жаттанды сөздер жазылған қатырма қағаз­дары неме керек. Тұр әнекей, ит жемей!  Бұл ағамның еңбегі бар ғой деп, ва­гон-вагон тақтайдың кепкен­дерін беріп жібермей ме, а?! Ағаш кептіру ар­тық күш мен үшін. Сарай­дың іш­іне от жағып булайын…
Орамалының бір шетін аузына қыстырған Жанкүміс үн-түнсіз кері бұрылды, жолай дәу төбеттің қарғы бауын шешіп, алдындағы қалайы табақшаны қолына іле кетті.
***
Бұ жолы да Тоғанас графикке толықтай үлгерді. Сусіңді тақтай­лардан көздің жауын алатындай төрт табыт соғып, жерлеу бюросы­ның жүк мәшинесіне тиетіп жіберді. «Тақтайларды таңдап әкеліңдер ендігі жолы, екі жұмыс істейтін жағ­дайым жоқ!» деп зілдене ескертті кел­гендерге. Сөйтті  де өзі дереу мон­шаға түсті, сүйек-сүйегін бал­қытып, ыстық буда сағаттап отырды. Жіп­тіктей боп киінді. Қатырма жағалы ақ жейде құйып қойғандай денесіне жарасып тұрса да, кісі бо­йы айна алдына барып, біраз кідір­ді.
– Екі кештің арасында қайда барасыз-ау?! – деді Жанкүміс әл­дебір жұмбақтау таңданыспен.
– Кеңсай жаққа, аруақтармен тілдеспегелі көп болды. Егер мені біреулер іздеп жатса…
– Иә, оларға не дейін.
– Оларға не дейтінің белгілі емес пе. Мені өліп-өшіп сағынатын­дар шамалы ғой. Бастары ауырып, қарыз сұрай келгендерді құрқол кері қайтарма. Қырықтың бірі – қыдыр. Олардан қайтпаса құдайдан қайтар. Бұл маңайдың шіріген байы мен болып тұрмын әзірге. Бірер жар­тылық­тың ақшасынан дәулетіміз ортайып қалмас. Ұрыспа, о бей­шаралардың ішуге ненің итер­ме­легендігін қайдан білеміз. Сауап, әрі-беріден соң садақа. Қашан қайтарасың  деп те тықақтама. Бәрі­бір қайтармайды. Тиын-тебен сарайдағы қоңыр костөмнің төс қалтасында… Бөтен сұрақ бар ма?
– Жоқ.
– Жоқ болса, бәрекелді. Сосын маған қарайламай, кешкі асыңды іше бер.
– О жақта қонып қалмайтын шығарсың?
– Кім біледі…
Арғы жағын айта алмады. Кең­сай зиратын аралағанда әлдебір жақ­сы әсерге бөленетіндігін, бойы­ның жеңілденіп, кәдімгідей ты­ңайып, жасарып қалатындығын, өлі аруақтармен өзінше тіл табысып, іштей сөйлесетіндігін… тағы нелерді үстемелете жөнелмекші еді; үйде жалғыз қалып бара жатқан әй­е­лі­не бір жағынан аяушылық білдіргендей, екінші жағынан мына опасыз жалғанда Жанкүмістен басқа өзін шын ниетімен іздейтін, жоқтайтын тірі жанның табылмай­тындығын сезе тұра… жә-жә, көр­ген-білгенімді келген соң айтармын деді де, қақпадан шығып жүре бер­ді.
…Ертең бе, одан арғы күні ме, туған күнін тойлағалы жүрген кіші күйеу баласының еті тірі, пысық. Теңіз жағалауынан көшіп келген бетте Кеңсайдың бергі құла­ма­сындағы өңшең жатаған үйлерден тұратын осы мөлтек ауданға қо­ныс­тандырып жүрген де сол батырың. Жиған-терген азын-аулақ қаражаты бір орыстың ескілеу үйін сатып алуға әзер жетті. Балық зауытының бір кездегі балташы-ұстасы Тоғанас «өліп-тіріліп жұмақ өлкеге көшіп келдік қой» деп дымнан-дымсыз қайтіп қарап отырсын. Және ағаш шеберіне үйдің кем-құтығы баттиып көрініп-ақ тұрған-ды. Бір-екі айда ескілеу шатырды қайта жаң­а­лады, есік-терезесін айырбастады, ауланы кеңейтті. Басы артық қо­қыстан арылды. Келістіріп  сарай тұр­ғызды. Сарайдың ішін ұсталық құрал-жабдықтармен толтырды. Әлдекімдердің ағаштан жасалатын бұйымтайларын мен орындамағанда кім орындайды деп, содан үміт­тен­ген-ді. Сүйтсе үлкен шаһардың тұр­мыс-дәрежесі көкке қарай шы­ғандап кеткен екен біржола. Анау-мынауға мойын бұрғызбайтын қал­де. Әлемдік масштабпен теңе­седі, солармен тілдеседі. Тоғанастың Арал жағалауындағы ағаштан қайық соғатын абырой-беделі түкке жарамады. Дүние-мүлік  дүкендерде толып тұр. Және дүние болғанда қандай! Пұлын төле де, мәшинеге тиеп әкете бер. Ал шетелден тасы­малдауға да мүмкіндік мол. Бағасы қымбат демесең, шетелден жасал­ғандары да сарылтып көп күт­тірмейді. Уақыты келгенде әкеліп үйіп тастайды есігіңнің алдына.
Тоғанастың теңіз жағалауын­дағы «мен секілді ұста кез келген жерден табыла қоймас» дейтін ас­пандаған көңілі су сепкендей басылды. Аяғын тартты. Іргеңде шалқып жатқан теңіз жоқ, теңіз болмаған соң қайыққа сұраныс қайдан табылсын. Талайдан бері тыным бермей, ішкі әлемін адуынды теңіз толқынындай аударып-төңкеретін асқақ арманы да маң­дайын тасқа тигізгендей мүсәпір күй кешті. Соның әсерімен де біраз қиындықты елемей, дәп бір мұз жарғыш кеме іспетті іркіліссіз алға тарта беретін Тоғанас. Кеудесі кө­теріліп-басылып, кәкір-шүкірге пысқырып та қарамайтын. Ой-хой, ой-хой-ау, өзім соққан қайыққа шалқамнан жатып жан тапсырсам, сосын теңіз толқындары қайда айдап әкетсе де бәрібір. Бәлкім, теңіз түбіне шым батып, балдырлардың арасынан мәңгілік мекенімді та­уып, балықтарға жем болармын. Бәлкім… одан арғысы быды-быды, балдыр батпақ. Енді қайтіп қайық соға алмайтындығына сонда барып анық көзі жетті.
Күш-қуаты сарқылмаған ер адам үйде жұмыссыз отыра ала ма. Қайық соғатын ұсталығы кіші күйеу баланың есінде жатталып қалған білем, қайық соқтың не, табыт соқтың не. Ұстаға бәрібір емес пе?! Кеңсайдың төңірегінен де анау-мынау қара жұмыс та­былған. Екеуі қаланың иін орта­сындағы ескі зират маңынан бір-ақ шықты бір күні. Жерлеу бюро­сындағылар Тоғанастың өмірбая­нына шұқшиып жатпастан, бірден қабылдады. Мәселе бірден ше­шілді. Содан сол…
Кеңсайға көтерілер алдында Тоғанастың әбден жуынып-шайы­нып, мұнтаздай тазарып, сыланып-сипанып, сосын ғана тәуекел ететін қашанғы дағдысы. Алдымен аруақтарға құран бағыштайды. Өрге қарай асықпай аяңдайды. Иін тірескен құлпытастардың тұ­сы­нан зу етіп өте шықпайды. Әр­бірінің жанына келіп, аз-кем аялдайды, айшықты жазуларды асықпай оқиды. Бір шымшым топырақ алып мүрденің үстіне себезгілейді. Бір шумақ өлеңмен жазылғандарды жаттап алуға тырысады. Тырыспайды, әлгі жолдар Тоғанастың көкірегіне ақ кептер секілді өздері-ақ қона-қона кетеді. Екі қайталағанда есінде қалады. Ой, дәурен-ай, асылдар мен ардақ­ты­лардың бәрі осында! «Ойпыр-ай, сол кісілердің қолын алып, дидарласып, пікірлесіп, тіпті ора­йы келгенде бір қажетіне жарап, қолғабыс тигізгендерде арман бола ма екен?!» деп теңіз жағалауында жүргенде қиял құшағына берілетін Тоғанас енді мінекей, тағдырдың жазуымен қалың зиратты емін-ер­кін аралап келе жатыр. Сірә, теңіз жағалауында туғандардың ішкі әлемі ылғи асқаралы армандар мен тосын толғаныстардан тұрады. Соқпа толқынның әсері ересен, қызуқанды. Бір жерде бір сағат ты­ныш отыру дегенді атамаңыз. Тоғанастың көкірегіндегі үнемі қыз-қыз қайнап жататын тоғы күші аккумулятор – сол. Содан айырмасын деп жаратқанға жалбарынады. Теңіз жағалауында туған­дарды мына мөлтек ауданның байырғы тұрғындарымен салыс­тыра көрмеңіз. Күнә ғой, күнә! Ертеңді-кеш бір бөтелке қызыл шараптың қызуымен жан сақтау деген не сұмдық!
Жаңбыр, не қар суымен бір бүйіріне қисайған құлпытастарды ерінбей-жалықпай қайта тіктейді. Темір шартақтарының есігін қайта бекітеді. Тауға қарай өрмелеген сайын мына бір тұтам тірлікте жүздерін көрмесе де, атақ-абырой­ларынан ат үркетін өңшең жақсы­лар мен жайсаңдардың бейіттері әлдебір тылсым құпия күшімен Тоғанастың да кеудесін жерден тік көтеріп әкетеді. Өзін солай сезінеді. Бұған келгенде Тоғанастың да «құдай сүйер қылығы жоқ». Мына жақсылар мен жайсаңдарды кезін­де үйіне шақырып, шаңырағынан дәм таттырса, иықтарына шапан жауып, жұрт жасап жатқан сый-құрмет көрсетсе, бір нәрсесі кетер ме еді. Ондайда есепшіл қазаққа тән жеңілтек мінезбен шай-су үстінде: «көрген күніміз осы ғой, ағасы, баламның оқуға түсуіне көмектесіңіз» деп күмілжіді бар-ау, тілі кесілсін. Титімдей  жағдай  айт­пайды. Турасына көшкенде, мына кісілердің алым-берімсіз табал­ды­рығынан аттағандарының өзі неге тұрады. Айтқаны орындалып, төңірегі толайым нұрға бөле­ніп, шаруашылығы дөңгеленіп жүре бермес пе содан кейін. Аты-жөндері елдің есінде жүретін құрметті кісі­лерге қолы жетті ме Тоғанастың. Тартылған теңіздің қиян шетіндегі бұйығы балық­шылар ауылына бұлардың табандары тиген болса, Тоғанас сөз жоқ, сол ойындағысын мінсіз атқарар еді ғой; сөйтіп бір міндеттен құ­тылар еді ғой. Бір қарағанда, мына жайсаңдардың алдында Тоға­настың да бәлендей кінәсі жоқ. Теңіз жағалауына жоламаған өздерінен көрсін алдымен. Ағаш ұстасының үлкен қалаға жолы қай­дан түсе қойсын. Ана жылы тура балықшылар тойы қарсаңында бір кәделі жиналысқа шақырылған. Екі күнге. Жина­лыстың жаттанды сөзінен жалық­ты. Ауылдан сәті түссе қадірлі кісілерді сыйлармын деп, бір дорба кепкен балық ала шыққан-ды. Соларын тиісті әдрестеріне тапсыр­мақшы еді. Жол бастаушы ал кеп шала бүлінсін, мұндай қожана­сырлығыңды енді көрмейтін болайын, абыройымызды айрандай төгуге шақ қалдың деп, жатып кеп ұрыссын. «Сенің дәрігерлік сараптамадан өтпеген сасық балығыңды қайтсін ол кісілер! Ол тұрмақ қа­былдауына да кіре алмайсың, үлкен үйдің маң­а­йынан да жүре алмайсың!» деп қайдағы жоқ ақырзаманды үйіп-төккен.
Бұл Тоғанас сол Тоғанас қой. Өзгерген түгі жоқ. Сол Тоғанас мына жайсаңдардың алдын ала қабылдауларына жазылмай-ақ емін-еркін тілдесіп, «әңгімелесіп» келе жатыр, мінекей!
«Сіздердің елге сіңірген еңбек­теріңізді кім санап тауыса алар. Бәрін істедіңіздер, бәрін жаса­дыңыз­­дар. Ал біз – қарапайым қазақтар тұтынушылық мүддеден әрі аса алмадық. «Бере бер, бере бер, алғаным аз, тағы-тағы…». Бұ­лай болмайды ғой. Мына мен, ағаш ұстасы – Тоғанас Күнбергенов сіздерге кәдімгідей қарыздар. Тірлікте қолұшын бере алмадық, жәрдемімізді тигізе алмадық. Енді бізге құран бағыштаудан басқа түктің  де қажеті жоқ дейтін шы­ғар­сыздар. Десе де ойланыңыз­даршы бір уақ…».
«Не айтып тұрғаныңды біле­місің, Тоғанас?! Сен де шама-шарқыңша елге бір адамдай кө­мек­тестің. Қаншама қайық соқтың. Сен соққан қайықтар Кіші Арал төсінде әлі күнге дейін жүзіп жүр. Бүгінде қарап жатқан жоқсың…».
«Не?!».
«Бүгінде қарап жатқан жоқ­сың…».
«Иә, тоқтамай арғы жағын жалғастырсаңыздаршы. Неге, неге үнсіз қалдыңыздар?! Жә-жә, білем-білем, сеземін бір нәрсені. Қайық соққан дәурен өтті-кетті. Табыт соққанымды жақтырмайсыздар-ау, әсілі! Сол арқылы отбасымды асырап жүрмін ғой деп ақтал­ғаныммен… түсінемін, түсінемін! Қазақы  ұғымға кірікпейді дейсіз­дер ғой… Солайы – солай…».

***
Екі аптадан соң ауладағы қа­мыс сарай дүние-мүлкімен түгел өртеніп кетті. Обалы нешік, өрт сөндірушілер заматында жетіп келіп, жалынды әп-сәтте ауыз­дық­таған. Бірақ өрттің шығу себебі анықталмады. Тоғанастың көрші­лері ылғи ішіп жүруші еді, ішіп жүрсе де шаруасына мығым, тір­шілігі тап-тұйнақтай осы кісіні ас­а ұната қоймаушы еді, сол қыз­ғаныштың әсері болмағай десті біл­гіштер. Екіншілері – ойға кір­мей­тін тіпті, мүлдем тосын долбар жасады: «Өзге емес, сарайды өр­теген Тоғанастың өзі!..».
Сенеріңді де, сенбесіңді де білмейсің. Бәлкім рас, бәлкім өтірік…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір