Мұң арқалаған кітап
27.01.2017
1958
0

Соңғы уақытта бір емес, бірнеше кітаптың тұсаукесеріне куә  болдық.  Бұрынғы қалып­тасқан дағдымен авторды жер-көкке сыйғызбай мақтап, кітабын қойнымызға басып қайтқа­нымызға мәз болып жатамыз. Бәлкім, кітап мазмұнының аса бір күрделі тақырыпқа құрылма­ғандығынан осындай кейіп танытатын болармыз. Әлқисса… Кешегі өткен тұсаукесердің жөні мүлдем бөлек еді… Бүкіл бір халықтың мұң мен зарын арқалаған ол кітап біреуді мақтап, шапалақ ұруымызға мүмкіндік бермеді. Тұсаукесерден шыққан әр адамның жанарына жас  тығылып, жүрек қылының бір толқығанын байқағандай болдық…


Қаңтар айының 23-і күні әл-Фа­раби атындағы Қазақ Ұлттық уни­­верситетінде Әзірбайжан жазу­шылары Шамиль Садиг пен Муш­фиг Ханның «Үміттің ізде­рі­мен» («Следами надежд») атты кі­та­бының тұсауы кесілген болатын. Тарихи-документальды детектив жан­рындағы кітап Таулы Қарабақ пен Ходжалы қырғынында қаза тапқан құрбандарға арналады. Кітаптың Қазақстанда жарық көруі­не ықпал еткен Global Carrier Institute директоры Орхан Ха­саноғлы аталмыш романның мәні мен маңызының зор екеніне тоқ­та­ла кетті:
– Соңғы жылдары Әзір­бай­жан­ның бітеу жарасына айналған Тау­лы Қарабақ туралы өте көп шы­ғармалар жазылып жатыр. «Үміттің із­дерімен» бұл түйткілге кең ау­қым­­да қарауға бағыттайды. Роман­ның ерекшелігі де сол. Сұрапыл соғыстың салдары мен бір жас әзір­байжан қызының махаббаты сурет­телген шығармада сағыныш пен Отанды аңсаған қасірет жатыр. Сүйіс­­пеншілік сезім мен ұлт­шыл­дық қатар өрілген роман Қа­зақ­стан­да да өз оқырманын табады деп сенеміз. Бұл кітаптың Алматыда жарық көруінің себебі, түбіміз, тіліміз, тарихымыз бен тамырымыз бір. Қазіргі кезде бауырлас халықтармен арамыз ажырамаса, сүйінішіміз бен күйінішімізден хабардар болсақ деген ниетіміз бар. Әзірбайжан халқының бойындағы дертті «Үміттің іздерімен» романы арқылы сезініп, сараптауға мүм­кін­дік алса дейміз.
Кітап авторларының бірі Шамиль Садиг бұл шығармасын бір ға­на әзірбайжандықтарға ғана емес, барша түбі бір түркі жұртына ар­нап жазғанын атап өтті. Сөзінің соңында М.Жұмабаевтың «Түр­кіста­нын» оқып, бізді бір таңғал­дыр­ғанын жасыра алмаймыз. Автордың толқулы сәтін пайдаланып, көкейде тұрған сауалымызды қойып көрген едік:
– Роман желісіндегі оқиға күллі адам­затқа ортақ қасірет деп айтып қал­дыңыздар. Кітапты әлем халқы оқуы үшін ағылшын тілінде жарық көруі керек. Аударылу мәселесі қа­лай шешілуде?
– Ағылшын тіліне аударылу мә­селесі әзірге қолға алынған жоқ. Бі­рақ «Одерлер» деген кітабым не­міс тіліне аударылған болатын. Франкфурттағы кітап көрмесінде тұсауын кестік.
 – Романның жалғасы бола ма?
– Кітаптың жалғасы қарас­ты­рыл­маған. Бірақ жоғарыда айтып өткенімдей, неміс тілінде жарық көр­ген «Одерлер» кітабымның өзе­гі осы Таулы Қарабақтағы жер дауына байланысты. Сондықтан екі шығарма да мазмұндас, тақырыптас болғандық­тан «Үміттің іздерімен»-нің жалғасы «Одерлер» деп қабыл­да­саңыздар да болады.
Саяси, рухани маңыздылығы жо­ғары романның авторларына тоқ­тала кетсек, философия ғылы­мы­ның докторы, профессор Шамиль Садиг – Әзірбайжанның ұлт­тық ахуалға көп қалам тартып жүр­ген жас жазушысы. Осыған дейін қырыққа жуық жинағы жарық көрген. Ал романның екінші авторы көпшілікке детектив жан­рындағы шығармаларымен таныс Мушфиг Хан. Роман желісі құл­дық­қа кеткен жас қыздың күн­де­лі­гінен алынып, болған оқи­ғаның ізі­мен жазылған. Қалыңдығы бір елі кітапты толық оқымасақ та па­рақ­тап үлгерген едік. Оқиғаның баян­далуы жеңіл, тез оқылады. Әри­не, орыс тілінде. Тұсаукесер ба­рысында көрермен қауым кітап­тың қазақ тіліне аударылуын алға тартып, ұсыныс білдірген болатын. Кітап иеле­рінің сөзіне сенсек, ал­дағы уақытта «Үміттің іздері­мен­ді» ана тілімізде оқитын боламыз. Бү­гін­гі кездесудің шаһарымызда өтуі­нің бірден-бір себепкері «Түр­кітілдес журналистер қорының» пре­зиденті Нәзия Жоямергенқызы ро­манды баспадан шықпай тұрып қолжазбадан оқығандығын айтып, ерекше әсерімен бөлісті:
 – Таулы Қарабақ пен Ходжалы қыр­­ғыны – Кеңестер Одағының әзір­­байжан бауырларға жасаған қия­­наты. Жер дауы мен мил­лион­да­ған жазықсыз құрбандар, кеңес­тік империяның тіл мен ділге жа­саған қиянатынан қазақ халқы мен қыр­ғыз, татар, башқұрт, өзбек те зар­дап шекті. Өкінішке қарай, бұл жағ­дайдан түркі халықтарының ор­та және жас буыны хабарсыз.
Иә, Еуропаны былай қойғанда, түбіміз бір түркі көршілеріміздің ба­сынан қандай күндер өтіп жат­қа­нына адам ретінде алаңдамай­мыз. Жер асып барып жағдайын біл­месек те, қиын күндерінен сыр шер­тетін кітабын алып оқиық!

Маржан ӘБІШ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір