Кеңес Юсуп
20.01.2017
2411
0

Қазақ әдебиеті ауыр қазаға душар болды. 76 жасқа қараған ша­ғында белгілі жазушы, аудармашы,Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Кеңес Сіләмханұлы Юсуп дүниеден озды.
Кеңес Юсуп 1941 жылғы 30 маусымда Шығыс Қазақстан об­лы­сының Таврия ауданындағы Баймұра ауылында дүниеге кел­ген.
Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы қазақ орта мек­тебін 1958 жылы бітіргеннен кейін, Семейдегі өзеншілер учи­лищесін тәмамдап, Жоғарғы Ертіс кеме шаруашылығында ең­бек еткен. Қазақ Мемлекеттік университетінің журналисти­ка факультетін бітірген. Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, «Социа­листік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, бөлім мең­герушісі, жауапты хатшы, «Қазақстан коммунисі» журна­лы­ның бөлім меңгерушісі, «Жұлдыз» журналының бөлім мең­г­ерушісі болып істеген. Мемлекеттік басқару органдарында жауап­ты қызметтер атқарған. Қазақстан Республикасының Президенті Баспасөз қызметінің бас сарапшысы болған.
«Жалын» баспасынан «Ақиқат сапар» (1977), «Қарашадағы көк­тем» (1981), «Охапка полевых цветов» (1983) повестері мен әңгі­мелерінің жинақтары, «Желқайық» кітабы («Елорда», 2000) шық­қан. Сонымен қатар, оның терминология, қазақ тілінде іс жүр­гізу мәселелеріне арналған «Құжат тілі» кітабы 2001 жылы Пав­лодар облыстық «Алтын тіл» бағдарламасының аясында жа­рық көріп, «Жалын» баспасы ұйымдас-тырған жабық бәйгенің екінші жүлдесін алған. Сондай-ақ, «Қаз­ақстан» және «Атамұра» баспаларынан «Анықтама сөздігі» (1992), «Екі тілде іс жүргізу» (1994) кітап­тары жарық көрді.
Даңқты қаламгер Г.Г.Маркестің әйгілі «Жүз жылдық жалғыздық» романын (1983), жас болгар жазу­шы­ларының повестері мен әңгімелерінің жинағын («Гүлжазира», 1987) аударып бастырды.
Саналы ғұмырын қазақ әдебиеті мен руханиятына, қазақ тілінің болашағына арнап, кісілік болмысы­на кір жуытпай өткен Кеңес Юсуптың жарқын бейнесі әріптестері мен оқырмандарының жүрегінде ұзақ уақыт сақталады.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі,
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі,
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының секретариаты.


АБЗАЛ  АЗАМАТ ЕДІ

Қаламгер қауымға ауыр естілген Кеңестің қазасы менің де қабағымды түсіріп, кексе көңілдің көлеңкесінде жатқан бір сәттерді еске салды.
Университеттің 4 курсындағы журналистік  жаттығуды өткізген бойда «Лениншіл жаста» жұмыста қалғам. Сол жып-жылы орыннан жұлып алып, Жоғарғы жақ Шығыс Қа­зақстан облыстық «Коммунизм туы» газетіне жіберді. Газеттің белін бекітіп, беделін көтеріп жүрген Төлеухан Кенжебаев, Шериаздан Елеукенов ағаларымыз өрлеп ке­тіпті де, редакцияда дипломды журналист қалмапты.  Жазушы атаулы облыста жоқ.
Бара сала редакция жанынан тұңғыш әдебиет  үйірмесін аштық. Редакцияның жас буындары, әдебиетке әуестеніп жүр­ген жас инженерлер, қаладағы жалғыз қазақ мектебінің әде­биетке үйір оқытушылары қатысты. Солардың ең бел­сенді бірі бала корректор Кеңес Түсіп еді. Елпек, елгезек, сергек, зерек. Әдебиеттік тәсіл, журналистік  жанрлар әңгі­ме болғанда сылқым-сылқым сұрақтар қояды. Суырылып сөй­лейді. Көп ұзамай артық-ауыз сөзі жоқ ақпараттық ха­барлары, әп-әдемі этюдтары, жып-жылы жазбалары көріне бастады. Көп тоспай редакцияға алынды, бөлім бастығына дейін көтерілді. Сырттай оқып дипломға ие болған соң, Алматыдан бір-ақ көрінді. «Социалистік Қазақстанда» бірге істедік.
Қалам қарымын басқа басылымдарда біраз байқатып алып, «Социалитік. Қазақстанға» жауапты хатшы болып қайта орал­ды. Қазақ баспасөзінің қара шаңырағын шайқалтпай, үлкен ұжымды ұйытып отыруға қабілеті қаптал жетті.
Қалам әлеміне «Әдебиет үйірмесінен»  аттап кірген Кеңестің құтты қад­амы оны Президент баспасөзі қызметінің сарапшылығына дейін жет­кізді. Тіпті, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де әдебиет аймағында қожырап кеткен аудармашылық шаруаны қолға алып, әлем клас­сиктерінің үлгісін оқырманға қайта ұсынды…
Қарымды қаламгер, тағылымды тәлімгер, тамаша тәржіман, зерделі зия­лы, абзал азамат, республикаға еңбегі сіңген қайраткер көз жұмды. Тағ­дырға  тәбділ жоқ. Топырағы торқа, жаны жәннатта болсын! Ғұмы­ры­ның ғибраты ұрпақтарына ұласып, дарыны жастарға дарысын!

Уахап ҚыДЫРХАНҰЛЫ.


Жайсаң інім еді

О, жалған!.. «Ағасы! Ассалаумағалейкүм!» деп ер­келене сәлем беріп, еркін әңгімелесетін сырбаз інім Кеңес көз жұмыпты… Соңғы рет, бұдан екі апта бұ­рын­ да, үйіне телефон шалғанымда шаршаңқы үн­мен: «…денсаулық шіркінім біртүрлі болып барады, ауруханаға жетелей береді, ертең тағы да барамын… кім білсін» деп еді. Ол жолы да көңілін аулай әзіл­деп: – «Әскен ағаң ауру жағалай қалғанда: «Чепу­ха!» деп қолын сілтей салушы еді ғой, сен өйтпей-ақ қой, жақсылап емделіп, сауығып шық, нашар қазақ болма!» дегенмін.
Әскен Нұралин екеуміз Шығыс Қазақстан об­лыстық «Алтай большевигі» гәзетінің (кейінде «Ком­мунизм туы», «Дидар») редакциясында қыз­мет­тес болдық. Кеңеспен алғаш рет сол жол­дасым­ның үйінде таныстым. Орта бойлы, аққұба өңді, мығым де­нелі бозбала екен. Әскен: «Бұл інім тегін қазақ емес, теңіз флоты училищесінде оқып, оны бітірген соң екі жыл моряк болды. Білімді. Орысшаға судай. Жаза­тыны бар, мықты журналист болады!» деді, мақ­таныш сезімін білдіре, әдетінше аңқылдап сөй­леп.
Кеңес Әскеннің де, қаламдас болған басқалары­мыз­дың да сенімімізді ақтады. Редакцияға жұмысқа алы­нып, қаламгерлік жолын Хабар бөлімінің әдеби қыз­меткері болып бастағаннан бергі өмірінің елу жы­лында  аға-інідей аралас-құралас болдық. Адами адал­дығы, әділдігі, тауып та тура сөйлейтін дағ­ды­сы, білімпаздығы мені де сан сүйінткен. Қушы­кеш­те­ніп сөйлер алдында ақырын ғана «иә» деп қала­тын. Әзіл-қалжыңға епті еді. Күлгенінде өңі ерекше қы­зылшырайланып, ажарлана түсетін.
Астаналық болған інім 2007 жылы хабарласып: «Ағасы, Әзиз Несиннен жаңа аудармаларыңыз болса, бізге жолдаңыз, кітап етіп шығарамыз», –  деді. «Ау­дар­ма» деп атап баспа ашқандарын айтты. «Несин қазақтармен нәпақалас болғалы қашан, оны кі­дірте тұрайық та, оған ұстаз болған Бранислав Ну­шичті көсілте сөйлетейік» дегенімде, Кеңес күле сөй­леп: «Сөйтсек, сөйтейік. Серб жазушысы ғой, бі­лем, білем. Сонда ол шынында Әзиз Несинге өне­ге болған ба?» деді. «Жауабым аудармамның ал­ғы­сө­зінде, екі-үш күнде жолдаймын. Аты– «Министр­дің торайы» дедім. Кеңес: «Біздің министрлер та­л­асып оқитын жинақ деңізші!» деді. Ал келесі жы­лы кітап шыққан күні телефон шалып: «Ағасы, сүйін­ші, «Министрдің торайы» шықты, міне, қо­лымда!» деп мерейлене сөйледі. «Сүйіншіңе бер­ге­нім андағы жинақ болсын, бізде неше министр бар, сонша кітапты қаламақымның есебінен ал да, бә­рі­не менің атымнан, тіпті екі-екіден сыйла!» деп едім, Кеңе­сім кеңкілдеп бір күлді-ау…
«Жазушы Юсупов Кеңес пәлен жерде пәлендей қыз­мет істеген, түген кітап жазған» деп еске алып жүре­тін көптің  бірі болып отырмын енді… Көнбесіңе көн­діретін тағдыр ғой… Жаның жәннатта болсын, жай­саң інім!

Ғаббас ағаң (Қабышұлы).


БІР КЕМ ДҮНИЕ ОСЫ ЕКЕН…

Өзі сырбаз, сөзі бипаз жігіттердің бірі Кеңес еді ғой («еді ғой» деп жазудың өзі қандай қиын…). Ел газеті «Егеменнің» (ол кезде – «Социа­лис­тік Қазақстан») шаңырағы астында қатар жүріп қалам сілтескен, біріміз – аға, біріміз – іні болып қадыр-құрмет бөліскен қимас күндерден жалғасып келе жатқан көңіл ілтипаты ерекше еді. Сөйткен қаламдас інімнің «келместің кемесіне» мініп кеткенін естіп, сең соққан балықтай болып отырмын.
Кеңес Юсупов! Майталман журналист, тәлімді тәржімашы. Тә­лімді болатыны – аңсатып келген тәуелсіздігіміздің аптығуы мен жаттығуы көл-көсір алғашқы жылдарында қазақ баспасөзіндегі тіл­дік қолданыстың ен дария еркін шалқуын қалыптан асырмай, өр­кенді, мәдени өреде ұстап, екінші жағынан, орысқолды жұтаң­дықтан құтқарып, қазақы терминдермен байытып, жаңа өрістерге шы­ғаруға Кеңестің, Кеңес қатарлы көкірегі даңғыл азаматтардың қандайлық еңбек етіп, қаншама үлес қосқанын көзіқарақты жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Сол тұста Кеңестің қазақ терминологиясына олжа салып, мерзімдік басылымдарға құшақ-құшақ мақалалар жазғаны да күні кешегідей есімізде. Баршамыз дән риза болғанбыз. «Жаса, Кеңес! Жалындат!» дескенбіз. Кейін сол жазғандарын аударма, терминология, қазақ тілінде іс жүргізу сияқты өнікті сала­лар­дағы байыпты зерттеулерге ұластырып, «Құжат тілі», «Анықтама сөз­дік», «Екі тілде іс жүргізу» деп аталатын сүбелі кітаптарын шы­ғарғанынан да хабардар едік. Әлі де болса бергенінен берері көп еке­нін білетінбіз. Әттең, қайтерсің, Шер-ағаң (Шерхан ағамыз) ай­татын «бір кем дүние» осы екен…
Алдың пейіш, артың кеніш болсын, бауырым!

Бекболат ӘДЕТОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір