Тарихшы танымындағы қазақ
20.01.2017
1725
0

«Талайды өткердік, өткенге салауат, келешек ғажайып, келешек ғаламат! Ар-ождан, ана тіл, өнеге-салтымыз, ерлік те, елдік те ұрпаққа аманат!». Тұңғыш Әнұранымыздағы осы бір жолдар түсінген адамды біраз ойға жетелейді. Рас, тәуелсіздігімізді енді алған тұста өткенімізге салауат айтып, келешегімізге зор үмітпен қарадық. Тізгініміз өз қолымызға тиді, қазақтың айы оңынан туды деп қуандық. Алдымызда «ғажайып, ғаламат келешек» күтіп тұрғанына сенімді болдық. «Ана тіліміздің абыройы артады, салт-дәстүріміз қайта жанданады» деген үміт те мол еді. Арада 25 жыл өтті. Бүгін сол үміт жанды, сенім ақталды деп айта аламыз ба? Тарихшы ретінде бүгінгі қазақ пен бұрынғы қазақтың айырмасы неде деп ойлайсыз?
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Зиябек ҚАБЫЛДИНОВПЕН арадағы әңгіме осы төңіректе өрбіді. «Ширек ғасыр ішінде ұлтымызға тән ерлігіміз бен елдігімізді ұрпақ бойына сіңіру қолымыздан келді ме? Өткенін түгендеп, өшкенін қайта жандандыру үшін қазаққа бүгін не керек?» деген секілді бірқатар мәселелерге тарихшы көзімен қарап көрсек.


Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ


– Қазақ халқы тарихтың талай тосқауылдарын бастан өткерді. Құрып кетудің аз алдында қалса да, қайта тұрып, еңсе тіктеуге ты­рыс­­ты. Алайда, өзі төтеп берген та­лай сынның салдарымен әлі күн­ге дейін күресіп келе жатқан жайы бар. Ол аз болғандай, жаңалыққа тал­пынам деп даралығын ұмыт қал­дырып бара жатқан бүгінгі ұр­пақ бойындағы ұлттық рух пен ұлт­тық болмысты қайта жаңғырту жо­лында тарихшылар қандай ең­бек сіңіре алады? 
– Қазақ үш жүз жылға жуық бо­­дандық қамытын киген, жетпіс жыл­дай кеңестік кезеңнің шырмауында шідерленіп отырған ха­лық еді. Сол тұстары халқымыздың ежел­ден бері тұрмысына сіңісті бо­лып кеткен әдет-ғұрпы феодал­дық патриархалдық сарқыншақ қалдығы деп айыпталып, құртыла бастады. Елінің жоғын жоқтап, іш­кі шерін мұңдаған, оқыған көзі ашық азаматтардың біртіндеп кө­зін жоюға көшті. Тоқырау жыл­дары­нан кейін әлеуметтік  дағдарыс қо­ғам өмірінің барлық салаларына батпандап кірді. Ұлттың күре­та­мыры – ана тіліміздің жетімсіреп, өз жерінде өгейдің күйін кешуі, қа­зақ мектептерінің жабылуы, бі­лім беру жүйесінің әлсіреуі, қазақ мә­дениеті тынысының тарылуы, көп ғасырлық тарихымыздың бұр­маланып, бұлыңғыр күй кешуі, ата дәстүрінің ұмыт қалуы қазақ жас­тары­ның мәңгүрттенуіне әкеліп соқты. Кезінде жер әлемді тітірен­т­кен бөрі байрақты түріктер ұрпағы айтарлықтай ұсақталды. Азғындық жайлаған қоғамның уын татқан ана­лардан, иммунитеті әлсіреген ұр­пақтар дүниеге келіп жатты. «Мәң­гүрттік» сана қанымызға мық­тап сіңіп, ерімізді ез етті. Мағ­жан ақын айтқандай: «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қы­рандай күшті қанатты» болуы тиіс жастар орыстың арағын ішіп миы уланды. Дінге күшті шабуыл жа­салды. Халық өзге ұлттардың те­ріс мінездерін қабылдай бастады. Тың игеру жылдары Қазақстан­ға бірнеше ұлт өкілдері келді. Олар­дың арасында қылмыскерлер, түр­меде отырғандардың теріс мі­нездері жергілікті халық бойына сөз­сіз шымшымдап сіңе берді.
Рас, тәуелсіздік алған 25 жыл­дың ішінде ұлт тамырына қайта қан жүгіргендей болды. Егемендік­тің аты егемендік. Дербес ел атанып, етегімізді жиып, бүтінделдік. Ұлт­тық құндылықтары тіріле бас­та­ған халқымыз  өз болмысын қай­та жаңғыртуға тырысуда. Сегі­зін­ші сыныпқа арналған мектеп оқу­лығының авторы ретінде қазір мек­теп оқулықтарында қазақтың байырғы болмысын қайта қалпына кел­тіруге әрекет жасалып жатқа­нын айтқым келеді. Мәселен, «Қа­зақ халқының ұлттық болмысы» де­ген параграфқа, «Далалықтардың мі­нез құлқы» деген бөлімше арнадым. Онда қазақ халқының мейір­бан, қайырымды келетінін, адам­гер­шілік пен ізгілікті ұстана­тын тек­ті халық екендігін нақты дерек­тер­мен дәлелдеп көрдім. Ол үшін Француз саяхатшысы Ш.Е.Уж­вальд де Мезе-Ковездтің: «Адам­гер­шілік қасиеті жағынан қыр­ғыз­дар (қазақтар) ақжарқын, аңқылдақ та ашық, көңілді, адал және өте қо­нақжай болып келеді» деген жаз­баларын, орыс зерттеушісі С.Бро­невскийдің: «Қазақтар ағайын-туыс­қандарына өте қайырымды ке­леді, олар қолында барымен бө­ліседі, бір-біріне мейірімділік та­ны­тып, көмегін аямайды. Қонақты шақырылған және шақырылмаған деп бөлмейді. Үйіне келген кез кел­ген адамды тамақтандырып жі­беру­ді өздерінің міндеті санайды» деген ойын; сонымен қатар, американ дипломаты әрі саяхатшысы Скайлер Юджиннің: «Қазақты бі­ле келе, оларды сүймеу, тіпті сый­ла­мау мүмкін емес. Орта Азияда бол­ғандардың бәрінің ойы «қа­зақ­тар өзге тайпалардың бәрінен ар­тық» деген ортақ пікірге келіп табан тірейді…» деген деректерін жас ұрпақ назарына ұсына келе, олар­дың бойындағы ұлттық болмысымызды қайта жандандыруға үн қос­тым.
– Енді ЖОО-ларда «Қазіргі заман тарихы» оқытылады деген бас­та­маға тарихшы ретінде көзқара­сыңыз қандай?
– Егемендік алғалы бері қазақ­тың тілі, ділі, діні, тарихы, салт-дәс­түрі, мәдениеті, білім жүйесінде айтарлықтай оң өзгерістер орын алды. Бірақ үлкен олқылықтардың бірі: жоғары оқу орнында сақ дәуі­рінен басталып, ұлт-азаттық кө­терілістермен, Алаш қозғалысы та­рихымен жалғасатын ұлттық та­рихымыздың сызылып тасталып, оқу курсына қазіргі заман тарихы де­генді енгізгені дұрыс деп ойла­май­мын? Білім және ғылым ми­нистр­лігінің үш тілділікті енгізуі, қа­зақ тілін жою амалдарының бірі деген қоғам арасында қауіп те жоқ емес. Бұл өте өзекті мәселелер.
– Анығында  тәуелсіз елдің та­ри­хы қалай жазылуы керек еді? «Біз кім едік?» деген сауал қойып, ұлттық ерек­шеліктеріміз бен дәстүрімізді жан­дандыруға тырыстық па? Шын­дығында тәуелсіздіктің қадірі біз үшін қандай?
– Қоғам өмірінің барлық сала­ла­рында жүргізілген рефор­ма­лар­дың нәтижесінде оң өзгерістер орын алып, еліміз дамудың жаңа ке­зеңіне аяқ басқанымен, тәуел­сіз­діктің қадір-қасиетіне толық жете ал­дық деп айта алмаймын. Кеңес­тік тоталитарлық жүйе санамызды уландырғаны соншалық, деколанизация, декоммунизация, отарсыздандыру үрдістері жүрген жоқ. Сондықтан осы бағытта біз көп жұмыс жасауымыз керек.
«Біз кім едік?» дегенге келсек, қазақ қашанда еркін халық болды. Бабаларымыз дәулетті, жаужүрек, төзімді, қонақжай, үлкенді сыйлай­тын қасиетке ие еді. Олар намыс­ты жо­ғары қоятын, ұят деген сөз­дің қа­дірін білетін. Осы қа­сиет­терді қа­зақ қайта жаңғырту керек. Ал­ды­мыздағы болатын «Экспо – 2017» көрмесінде бүкіл әлем басқа ұлт­­тарды емес, қазақты көруге ке­ле­ді. Сондықтан өзгелерге елік­те­мей қазақи қалыбымызды сақта­ғанымыз жөн.
Орта Азиядағы өзге төрт рес-публика ұлттық құндылықтарын жаң­­ғыртуды ертерек қолға алды. Ал біз өзге ұлт өкілдерінің көп­тігі­нен «Ұлттар лабораториясына» айналдық. Егемендікті алмай тұрғанда елдегі қазақтың үлесі 40 пайыз­ға жетер-жетпес еді. Қазіргі күні Ресей бізге ақпараттық, саяси, әс­кери және диаспора арқылы ық­пал жасағысы келетіні жасырын емес. Тілімізге, білім жүйесіне, ғы­лымға ықпал етпек ниетпен бірігіп Қа­зақстан тарихы оқулығын жа­зайық деген ұсыныс та айтты. Тіпті ен­ді Еуразиялық Одақ құрып, бі­рік­кен парламент, біріккен шекара­лық күштер, біріккен ортақ валюта енгізейік деп жатқан жайы бар. Сондықтан Орта Азиядағы төрт рес­публикамен салыстырғанда, біз­дің жағдайымыз күрделілеу болып тұр.
Ал еліміздегі еуропалық нәсіл­дер орыстар, орыстанып кеткен бас­қа ұлттар, оның ішінде кәрістер Қа­зақстанды өз Отаны ретінде се­зіне алған жоқ. Әлі күнге қазақ ті­лін керек қылмай,  орысша сөй­лей­ді. Басқа жерден сыртқы күштер ке­ліп референдум жасап жіберсе, олар Қазақтың егемендігіне қарсы шығып, басқа елге қазақтың жерін бөліп алып беруге дайын екендігіне кө­зім анық жетіп отыр! Бүгінгі таң­да бір кездері Қазақстанға өте ауыр жағ­дайда келген кәріс ұлтының әлеу­меттік жағдайы өте жақсы. Алай­да, олар көбіне  орысқа жақын, қазақтың мүддесіне қарсы сияқты көрінеді маған. Олардың бойынан елге құрмет, сүйіспеншілік сезімі бай­қалмайды. Өздеріңіз білесіздер, бі­ресе Ресейге қосылайық дейді, бі­ре­се референдум жүргізбекші бо­ла­ды, біресе Украинаға барып сепа­ратистерді қолдайтын күш­тер­ге қосылады…
– Олардан өзі тұратын елге, жер­ге деген құрмет сезімі неліктен бай­қалмайды? Кінә кімнен?
– Біріншіден, ақпарат құрал­дары арқылы ұлттар арасына іріткі тудыратын ақпараттар күннен-күнге көбеюде. Екіншіден, бізде идео­логиялық жұмыс дұрыс жүр­гі­­зіл­мей жатыр. Үшіншіден, сол­түс­тік, солтүстік-шығыс, орталық Қа­­зақстанды қазақтарға толтыра ал­мадық. Бұл өңірлердегі қазақ­тар­дың үлес салмағы облыс орта­лық­тарында 50 пайызға жеткен жоқ. Мәселен, Қызылжар қаласын­да қазақтар 28 пайызды құрайды. Осыны қалыпқа келтіруіміз керек.
Шынында неге өзге этнос өкіл­дерінің қазақ ұлтына, оның тіліне деген құрметі жоғары емес? Себебі, біз мықты, текті, білімді халық еке­німізді басқа халықтардың алдында мойындата алмай келеміз. Ең кедей кім? Қазақ! Баспанасыз жүрген кім? Қазақ! Жалақысы аз кім? Қазақ! Ал түркі тілдес ха­лық­тардың тілі, ділі, салт-санасының ұқсастығы болар, қазаққа деген құрметі ерекше.
Біз бәрінен бұрын ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударуымыз қажет. Басқа ұлттарды былай қойғанда, қазақтың өзін өз егемендігіне қарсы қоятын, мәсе­лен Соловьев тәрізді теле­жүргізу­шілердің бағдарламасын жарыққа шығаруға жол бермеуге тиіспіз.
– Қорыта айтқанда, бүгінгі қа­зақ қандай халық?
– Өкінішке қарай, биліктің сая­саты мен ақпараттық жүйенің, идеологияның дұрыс жұмыс істе­меуі салдарынан қазақ қорқақ, жал­тақ ұлтқа айналды. Намыс­шыл­дық, тектілік қасиеттерінен көп­шілігі айрылды. Оның орнына екіжүзді, жағымпаз, айтқан сөзінде тұрмайтын суайт, бірін-бірі жалған мақтайтын арсыздау, өсек-аяңға жаны құмарлардың саны артып келеді. Қоғамда жемқорлық, ұрлық күшейген. Шенеуніктер болса Тәуел­­сіздік мейрамы қарсаңында бі­рін-бірі құрметтеп, мемлекеттік ор­дендер алып жатыр. Осындай ай­тулы мерекеде ауыл жақтағы мық­ты мұғалімдер мен  дәрі­гер­лердің еңбегі неге ескерілмейді? Шал­ғай елдегі орасан қара­пайым халық орден мен атаққа лайық емес пе? Олардың атқарып жат­қан жұмыстары таудай, алатын жа­лақысы қылдай! Теледидардан қа­рап отырсақ, барлық марапат пре­мьер-министрге, депутаттарға, әкім­дерге беріліп жатыр. Билік пен ха­лықтың ортасы алшақтап кетті. Не­гізінде орден, медаль, атақ де­ген­дер қарапайым еңбек адамына берілу керек емес пе? Министр, депут­тардың жағдайы онсыз да жақ­сы. Олар мемлекеттің күті­мін­де. «Көйлектері көк, тамақтары тоқ», жалақылары жоғары. Жа­сыра­тыны жоқ Сенат, Мәжіліс де­путаттарының, әкімдердің әйел­деріне, балаларына, нағашы­лары­на, жиендерінің атына жазып қой­ған бизнестері бар.
– Дәл қазір қазаққа не керек деп ойлайсыз?  
– Сонымен бірге, демография мә­селесін дұрыс жолға қою керек. Біз­де кәрі қыздар болмауы тиіс. Ол үшін шешендер мен татарлар тә­різді, басы бос қыздарды әлеуметтік жағ­дайы жақсы, ақылды, мықты азаматтарға екінші-үшінші әйел­дік­ке берген дұрыс деп ойлаймын. Қа­рагөз қарындастарымыздың ше­тел азаматының етегінен ұс­тауы­на жол бермеуіміз, жетім бала­ларды шетелдіктерге сатпауымыз керек. Жетімін жылатпаған қазақ даласында жетімдер үйінің көбеюі де біз үшін қасірет.
Солтүстік, Солтүстік-шығыс Қа­зақстандағы қазақтар санын арт­тырмасақ, қазақтың үлесін кө­бейт­песек, қазақтың материалдық жағ­дайын жақсартпасақ ертеңгі кү­ні біз егемендігімізден айырылып қаламыз. Себебі, үйсіз-күйсіз жүр­ген, жалақысы төмен, отбасы құру­ға шамасы келмеген, әлеу­мет­тік жағдайы нашар, күйі қашқан қа­зақ Отанын қалай қорғамақ? Ал бү­гін орден, медаль, атаққа ие болып жатқан қалтасы қалың, шетел­де материалдық жағдайын жасап қойған шенеунік ертеңгі күні өзі де, баласы да Отанын қорғамайды. Мен оған кепілдік бере аламын!
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Айнара АШАН.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір