Жаңашыл жазушы
20.01.2017
1600
0

Кісілік келбетіне қатысты айтылатын жылы сөзді оның шығармашылығына қарата айт­сақ­ та жарасады. Иә, ол кісінің өзі де, жазған дү­­ниелері де сырбаз. Бозбала шағындағы сым­батты болмысы егде тартқанда сыр­баз­дық­қа ұласқан. Содан бері жүрісінен жаңыл­­­майтын жорғадай осынау адамдық болмысынан айнымай келеді. Күнделікті өмір­де артық сөзге бара бермейтін Зәкең шы­ғармаларында да шашау шығармайды. Та­банды деген теңеу де Зәкір ағамызға келіп тұр. Жарты ғасыр бойы табан аудармай бір ғана басылымда қызмет еткен адамдар сау­сақпен санарлық қана. Сол санаулылардың санатында болған Зәкір Асабай еңбек жолын «Лениншіл жастан» бастап, 1964 жылдан Кеңестер Одағы тұсында бес жүз мың тиражбен тараған әйгілі «Мәдениет және тұрмыс» журналында табан аудармай қызмет жасады. Азаттық алған жылдары «Парасат» болып өзгерген журналда күні кешеге дейін жемісті еңбек етті. Қарапайым тілшіліктен бастап, бас редактордың орынбасары, аралықта бас редактордың міндетін де атқарды. Бір­қатар редактормен қызметтес болды. Бұл де­геніңіз, Зәкір Асабайдың еңбекқорлығын, табандылығын, жауапкершілігін танытса керек. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүру­ді білмейтін Зәкең көсемсөзбен қатар, көр­кем сөзде де жанкештілік көрсетіп, көп­теген көркем шығармалар жазды. Сатира саласында да аз дүние жазған жоқ. Таш­кент­тің Низами атындағы институтында Төлеген Ай­бергеновпен бірге білім алған Зәкір аға­мыздың мәдени, қазақ халқының рухани, саяси кеңіс­тігінде жетекші роль атқарған қазақтың ай­тулы тұлғалары жайлы шертер шежіресі аз емес.
Ақсақал жазушы ұлттың рухани кеңіс­тігін­де өшпес із қалдырған біртуар тұлғалар ту­ра­лы соңғы жеті-сегіз жылдың көлемінде ал­ты бірдей кітапты жарыққа шығарды. Бір ға­на Ермек Серкебаев туралы «Маэстро» кі­табы қалың көпшіліктің көзайымына айналып, тез тарап кетті.
Сексеннің сеңгіріне сергек көтерілген қа­ламгерді осынау мерейлі жасымен қалың қа­ламгер қауымның атынан құттықтай отырып, деніне саулық, басына амандық тілей­міз.


Мынау қақаған қаңтардың жиырма бірінші  жұл­­дызы жазушы Зәкір Асабай­дың дүниеге келген күні. Бұл күн сырт көзге жүріс-тұрысы жұмбақтау, сұсты қа­ламгер сексен жасқа толған күн. Біз үшін ерекше күн. Дүние ақ көрпесін қымтанып алған қаң­тардың қабағы да менің кө­кемнің қабағына  сәл ұқсап ке­тетіндей ме қалай? Бұл – бірақ сы­рын білмейтін сырт көзге ғана солай көрінетін алдамшы кө­рініс. Түске дейін түкси­гені­мен, түс ауа мол шуағын шаша салатын Алматының күніндей Зәкеңнің бір қараған жанға сес­ті,  тіпті кейде қаһарлы боп кө­рі­­нетін мұңлы жүзінен, ойлы көз­дерінен үнемі мейірім шуағы тө­гіліп тұратынын аңғару қиын емес.
Белгілі қаламгер Зәкір Аса­бай­ды осы ел жақсы біледі. Ол кісіні жақсы білетіндер қат­ты құр­­меттейді. Құрметтейтіні – атақ­ты әнші Ермек Серкебаев жай­лы көлемді эссе-диалогі үш рет  қайта басылды. Оқыр­мандар­дың сұрауы бойынша төртінші рет жарыққа шық­қалы жатыр. Соң­ғы он жылда елі­міздегі түрлі бас­палардан жазушының сегіз кі­табы жарық көрді. Жазушы­ның шығар­маларынан дәл­дік­ті, шын­дықты аңғару, терең парасатты пайым­­дау қиын емес. Сек­сенге тол­ған қалам­гер­дің мерей­тойына орай мемлекеттік ма­ра­патқа ұсыну керектігін айтып өтуді өзі­ме парыз санап отыр­мын. Жазушы Зәкір Асабай ондай марапат­тар­дың қай-қайсысына да лайық­ты тұлға деп ойлаймын.
Студент күнгі досы, қазақ­тың дауылпаз, сыршыл ақыны Тө­леген Айбергенов секілді жал­­ғандыққа жа­ны қас. Қы­зыл­ды-жасылды жыл­тырақтар мен өтірікке мүлде төзбейді. Шарт ке­теді. Опасыздар мен суайттарды маңы­на жуытпайды. Тық­сы­рып, турап тас­тай­ды. Айтып са­лады. Ешкімнің көңіліне қа­ра­майды. Ондай­лар­дың өзі де ме­нің көкем­нің маңына жақын­дау­ға жасқанып, именіп тұрады. Осы мінезіне қарамастан, мейлі ол кім болса да, адамдарды үне­мі аяп тұрады. Ту­ра­сын айтып, ту­ғанына жақпайтынның тап өзі осы кісі. Сөзге ермейді. Өз­ге­ні тыңдай біледі. Жақсыны жақ­сы, жаманды жаман деп тура ай­­татындардан. Көңілденгенде ха­лық әндеріне басады. Жап-жақ­сы қоңыр даусы бар. Ке­зінде Әшір­бек Сығай екеуінің та­лай дас­тархандарда кезек сал­ған ән­дерін тыңдаған едім.
Ел баяғыда ұмытып кеткен ақын Қосжан Мүсірепов жайлы ай­­тып отырады. Қазақтың ер­теңі­­не қатты алаңдайды. Адал ақын­­дарды ерекше жақсы кө­реді.
Райымбек пен Әшірбекке де­­г­ен сағынышы әлі басылған жоқ.
Алпыс төртінде дүние сал­ған, ауыл мұ­ға­лімі Асабай мен отыз бес жасында арманда кеткен Тұрсынай апамның сүйікті пер­зенті ғой, менің Зәкір көкем. Қар­шадайынан ең­бек­ке ерте ара­ласқан. Соғыстан мүгедек боп оралғандардың қолдарына су құйып, қол­тық­тарынан сүйе­ген, содан ба екен, олардың мұң-зары мәңгі есінде қалып қой­ған.
Тоқаш көкем дүниеге келген «Ұш­қын» мен Зәкеңнің туған ауы­лы «Ынталының» арасы ша­мамен бес-алты шақырымдай ға­на жер. Бірер жыл бұрын сол «Ұш­қынға», Тоқаш кө­кем­нің ме­рейтойына Марат Тоқашбай бә­ріміз бірге бардық.
– Тоқаңды алғаш рет мен 1952 жылы мына аудан орталығы бол­ған Абайда көрдім, – деп бас­­тайды тағы бір әңгімесін кө­кем. Иә, көкем­нің көрмегені жоқ, көрмегені жоқ бол­ған соң, білмейтіні жоқ. Тірі шежіре. Ай­т­­пақ­шы, Шым­кент жақтың ас-суын мақтап, халқын даттап оты­­ратындарды көкем мүлде ұнат­пайды. Дәлірек айтсақ, он­дайлардың «иттігін кешіре ал­май­ды». Өзі ешкімді бөлмейді, ал адамдарды алаламаған да­рын­ның сөзі өлмейді.
1964 жылы «Мәдениет және тұр­мыс» журна­лына әдеби қыз­меткер болып қызметке келіп, 1973 жылы жауапты хатшы – бас редак­тор­дың орынбасары боп жоғарылап, осы қызметтен 1997 жылы зейнетке шықты. Осы тұс­та  журналдың тиражы 520 мыңға дейін жетті. Зейнетке шыққ­аннан кейін де он жылдай осы жур­­налда бөлім меңгерушісі боп қызметін абыройлы жал­ғастырды. Соңғы он жылда жазу­шы Дулат Исабек басқара­тын «Мәдениет» журналында қыз­мет істеп келеді.
Зәкеңмен алғашында Төле­ген Айбергенов­тің досы болыпты дегенді сыртынан естіп, қа­лай жақын танысып, Төлеген Ай­бергенов туралы естеліктерін өз құлағыммен тыңдасам деп ар­мандап жүретінмін. Оның да реті ойда жоқта бола кетті. «Дәс­түр» журналын шығару жайлы жо­бамды реттеп жүрген кезім еді. Жур­нал­дың бағыты, оның фо­р­маты қандай болуы керек деген сияқты мәселелер бойынша Жағда Бабалықұлы, Ақселеу Сейдімбек, Се­йіт Кен­жеах­мет­тер­­мен ақылдастым. Жағда ғұ­ла­мамен сол таныстықтың соңы «Этнограф­пен әңгіме» деген к­і­тап­тың дүниеге келуіне түрткі бол­ды. Міне, Зәкеңмен де осы кез­де жақын араласа бастадым. Жағ­да Бабалықұлы менің кіта­бым баспаханада басылып жат­қан кезде дүниеден өтті.
Зәкір Асабай Жағда Ба­ба­лық­ұлы­мен отыз жылдан астам уа­қыт «Мәдениет және тұрмыс» жур­налында қызмет еткенін біреу­лерден естідім.
Бір күні Зәкең Алматының кө­шесінде қар­сы жолықты. Аман­дасуға ұсынған қолым­ды бо­сатпай ұстап тұрып:
– Қасымхан, сенің «Таш­кен­т­­пен қоштасу» деген толғауыңды оқып, қатты толқыдым, рахмет ай­налайын», – деді.
Сәлден соң: «Сен менің Таш­кент­те оқы­ға­ным­ды білесің бе?» – деді жүзіме сынай қарап.
– Иә, аға сіз Төлеген Айберге­новпен бірге оқыған жоқсыз ба? – деп сұрадым.
– Жоқ, Төлеген менен екі курс төмен оқы­ды, – деді көзіме ту­ра қарап. Міне, дәл осы сәттен бастап менің Зәкеңмен аға-іні боп сый­ласуымыз басталды. Кейін ол кісі «Этнографпен әң­гі­меге» алғысөз жазып берді. Жоқ, бірден жаза қойған жоқ. Қол­жазбамды қарап отырып:
– Анау лауреат ағаларыңа неге жазғыз­бай­сың, – деп сұра­ды ол.
– Мен олардың емес, сіздің жаз­ғаныңызды қа­лап отырмын. Сіз Жағда Бабалықпен отыз жыл қызметтес болдыңыз, ғұла­ма­ны жақсы білесіз ғой, – де­дім.
– Әрине жақсы білем, біл­ген­де қандай, – деді ол.
Төңіректеп жүрген біздерге ға­на емес, жа­һан­­дану жағасынан алып, нарық күйзел­тіп, көңілі ала­бұртқан мына қазаққа керек­сіз, ауырмай аман жүріңізші, Аға!

Қасымхан Бегманов,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір