Ой ұшқындары
20.01.2017
1747
0

Әлібек АСҚАРОВ


Ұлы француз жазушысы Ги де Мопассан (1850-1893): «Адам әйелсіз де өмір сүруіне болады, бірақ ондай өмір – өмір ме?» – деген екен. Біз осы ойды бүгінгі жастарға қаратып былай өзгертер едік: «Адам кітап оқымай да өмір сүруіне бо­лады, бірақ ондай өмір – өмір ме?».
***
Қазақта «уызында жарымаған» деген сөз бар. Жақсы адамға арналған сөз емес, әрине. Осы сөзді кітап оқу мәдениетіне қатыстырып та айтуға болатын сияқты… Бала жасында кітап бетін ашпаған, оның  сиқырына сүйсінбеген, құпиясына бойламаған, иісіне қанбаған адам рухани жарымжан боп өсетіні рас қой. «Уызында жарымаған» деген сол. Мұны аузы дуалы мамандар да айтып жүр.
***
Немістің композиторы әрі музыка сын­шысы Роберт Шуман (1810-1856) өзі­нің құдай қосқан жұбайы,  әйгілі пиа­нистка Клараға жазған хатында: «Мен бірінші орынды талап етпеймін, оған таласпаймын да. Бірақ қандай да болса өзіме  тиесілі орнымды иемденуге құқым бар деп білем… Мейлі, мен өзгелерден он есе төменде болайын, тек қана өзіммен өзім боп қалсам – маған соның өзі жетіп жатыр».
Жарық  дүниеге «мен» деп кеуде со­ғып келген әр адамға керек ұлағат.  Әсі­ре­се, қаламгер ағайын есте ұстар есті сөз.
***
Кім екені есімде жоқ, кезінде қойын дәптеріме мынадай бір үзіндіні жазып алыппын: «Әрбір бес жыл сайын сен Гетенің «Фаустын» қайталап оқитын бол! Егер сен оны қайталап оқыған сайын жағаңды ұстап таңданбасаң, оны жаңадан ашқандай асқақ сезімге бөлен­бесең, ойпырмай, мұны бұрын неғып байқамағам деп басыңды шайқап қайран қалмасаң – онда сенің рухани дамуың­ның тоқырауға ұшырағаны».
Біз де Абайдың әлеміне қайырылған сайын өзіміз үшін ойламаған жаңалық­тар ашып жатамыз. Төл әдебиетіміздің төрі саналатын Мұқаңның «Абай жолын» оқыған сайын қайта-қайта тамсанып, таңдай қағамыз. Кеңсірік жарған таңғы ауамен тыныстағандай жан сарайымыз ашылып салады. Тұма бұлақ­тан сусындағандай күйге түсеміз. Ұлттық руханиятымыздың мәйегінің қан­ша­лық­ты дәмділігін сеземіз. Лайым, бәрі­мізді сол сезімнен жазбасын делік!
***
Махаббат машақаттарын майын тамызып отырып көп жазған итальяндық авантюрист жазушы Джакомо Казанова (1725-1798) туралы замандастары мынандай естелік-пікір қалдырыпты: «Ол кездескен қыз-келіншектердің бәріне де құлай берілді,  уақытша болса да оларды шын жүрегімен сүйді. Олардың ар-намысы үшін шайқасуға да, жанын сада­қалауға да әркез дайын еді».
***
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Американың әйгілі бишісі Айседора Дункан (1877-1927)  Кеңестер Одағына гастрольдік сапармен келгені белгілі. Бишінің сұлулығына, биік өне­ріне тәнті болған сол заманның бір жазушысы: «Айседора Дункан биінің ғажаптығы соншалықты, оның тал шыбықтай бұралған жалаңаш денесінің өзі жүрекке тап-таза да мөлдір сезім ұялатады» деп таңдана жазыпты…
Шынайы сұлулық пен асқақ өнер астасқанда осылай болса керек-ті!
***
Орыстың тамаша жазушысы Викентий Вересаевтан (1867-1945) мынадай тәлімді сөз оқыдым: «Нужно кончать описывать природу раньше, чем читатель может заметить, что автор ее описывает».
Қандай  дәл айтқан! Осы жолдарды алғаш оқығанда менің де қарадай ұялғаным бар… біреу ұрлығымды сезіп қойғандай күйге түскем. Өйткені, табиғатты суреттеуге кірісіп кетсем, тү­біне жетпей тоқтай алмайды екем. Кейде жөн-жосықсыз қызықтап кететінімді де сеземін. «Тормоз» жоқ, «норманы» білмей қаламын.
***
Кеңес заманындағы әдебиетте «со- ц­и­алис­тік реализмнің» індетіне ұрын­баған шығарма некен-саяқ. Бірақ аз да болса ондайлар кездеседі. Солардың қатарына әйгілі жиһанкез, геодезист Григорий Федосеевтің (1899-1968) ро­ман-повестерін жатқызуға болар еді.
Ол шығармалар мыналар: «Злой дух Ямбуя», «Смерть меня подождет», «Тропою испытании», «По Восточному Саяну»,  «Последний костер».
Әрине, Федосеев жазған төрт роман, бір повесте қоғамның  әлеуметтік астарына бойлап жатпады. Ол бұрын адам аяғы баспаған табиғат төріне саяхат жасап, бастан кешкен хикметтерін бүк­песіз, білгірлікпен жазды. Федосеев – кәсіби жазушы емес еді, ол зейнетке шыққанша жер кезген, тау мен тасты, өзен-көлді мұқият картаға түсірген  зерттеуші болды. Сөйте тұра, шығарма­лары қайсыбір жазушының «атасын ұрып» кетеді. Ең бастысы – оның туындыларында табиғатқа, орман-тоғайға, ит тұмсығы батпас дүлей тайгаға деген ұлы махаббат бар. Табиғатты суреттеуде әсте жалықпайды, бір суреті екіншісіне ұқсамайды, көргенін қайталамайды.
Ол кісінің табиғат суреттерін бейнелеуі – өзгеше. Бүкіл өмірі табиғат арасында өткені, сол табиғаттың қалтарыс-қитұрқысын жақсы білетіні керемет таң қалдырды.
Оның  әрбір суреті – біздің  Алтайдың бейнесін көз алдыңа әкелгендей.
Саян, Становой, Сихотэ-Алинь – Алтаймен соншалықты ұқсас, олардың бәрі Алтайдың жалғасы. Федосеевті оқып отырып, балалық  шақтағы жайлау, шөп шауып жүрген кездегі Алтайдың жайқалған жота-қырқалары, теңіздей толқыған шалғыны, таутеке ойнаған шың-жартастары көз алдыңнан жосылып өткендей болады.
Федосеевтің  кітаптарында табиғатқа деген ұлы сағыныш бар! Мұндай сағы­нышты мынау деген классик қалам­гер­лер­ден де кездестіру қиын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір