Қазақпен де орысша, орыспен де орысша
20.01.2017
2037
0

Қазір ұлттың басым көпшілігін екі түрлі кейіпте танып жүрміз: қазақтілді қазақ пен орыстілді қазақ. Елімізде ауылдық жерлер көп болғандықтан орыстілділер әзірге қазақтілділермен салыстырғанда аз. Бүгінгі нарық қоғамында көзі ашылғанның бәрі қалаға көшіп жатқанын ескерсек, жағдайдың қай жаққа ауары беймәлім. Қазақ тілінің қасиетін ауылдан ғана іздеуге әуес болып алғандаймыз. Көп себептің бірі: қалада қазақ тіліне қарсы вирус көп. Иммунитеті төмен қазақтар бір пәсте орыстілділердің қатарына еніп кетіп жатыр. Ауылда жалғыз өзі кілең қазақтардың арасында өмір бойы тұрып, бір қазақша сөйлемей кеткен орыстардың ұлтшылдығына еріксіз таңдай қағасың. Мұндайда қазақ «кәрі орыс мұсылман болмайды» деген. Әлқисса… Қазақ тілінің негізгі ошағы ауылда екеніне кепілдік бере аламыз ба? Қазақы ауыл бейнесі өз қалпын сақтап тұрғанына көз жеткізбей пікір айтқанымыз журналистік келбетімізге сын болар. Осы тұста бірге оқыған студенттің монологі есіме түсіп отыр.

– Ауылым Алматыдан алты сағаттық жерде. Тоғыз жолдың то­р­абында жатыр. Атам газет-жур­­налды көп оқитын. Осы қап­та­ған парақтардың ішіне не жазады екен деп ақтарып көрдім. Үл­кен әріптермен «Тіл болашағы бұ­лыңғыр ма?» деген тақырыпқа кө­зім түсті. Балалық пейілмен ша­ла-пұла оқығандай болдым. Тү­­сінгенім: қаладағы қазақ тілі­нің жағдайы мүшкіл екен. Осы ма­қаладан соң айналама көз жү­гірте бастадым. Өз ауылымдағы қа­зақ тілінің ахуалына ой жіберіп көр­меппін. Әрине, ауыл дей­тін­дей «орысы жоқ ауыл» емес. Бала кезімде көшемізде орыстілді бір-ақ неміс тұрды. Ал қазір орыс, күрд, түрік пен әзербайжандар бір­шама. Байқасам, халықтың бәрі қазақша сөйлеймейді екен. Арасында өзімнің де орысшалатып қоятынымды аңдамаппын. Әй­теуір, ас үстінде атамның «жар­тылай орыстанып барамыз» де­гені есімде. Басқа жақтағы жағ­дайды байқап, қарамаған соң, ауылымдағы тілдің күй-жайына баға бере алмадым. Не ке­рек, сөйтіп жүріп мектеп бітір­дік. Қалаға барудың мүмкіндігі оңынан туып тұр. Өмірі көрші ауыл мен үйдің арасынан шық­паған соң, үлкен қала қатты ын­тық­тырды. Оның үстіне ана жо­лы оқыған мақалам бар. Қаладағы ті­ліміздің соншалықты мүшкіл ахуалын көруге асықтым. Келдім. Көрдім. Байқадым. Үйде отыр­саң, қазақша; көшеге шықсаң, орыс­ша сөйлейсің. Адамы ауыл­ді­кінен көп демесеңіз, тіл мәсе­ле­сі аса таңғалдыра алған жоқ. Ауыл­дағы орысшам бар, қалалық қо­ғамға да тез үйреніп кеттім. Бі­рақ сонда да ауылымды сағы­нам. Ол жақта орыспен ғана орыс­ша тілдесетін едім. Мұнда қа­зақпен де орысша, орыспен де орыс­ша. Әлгі мақаланың айтары осы болған шығар…
Атақты американ жазушысы Марк Твеннің балаларға  арнал­ған «Гекльберри Финнің бастан кеш­кендері» деген кітабында Джим де­ген егде кісі айтады: «Жұрттың бә­ріне түсінікті ағыл­шын тілі тұр­ғанда қайдағы бір француз тілі деген кімге керек?» деп. Егде кі­­сінің сөзі қазіргі қазақ қоға­мы­на қарата айтылып тұр­ған­дай. Ме­ніңше, бүгінгі жағ­дайда әлеу­меттік институт­тарға жүгін­ген­нен дұрысы жоқ. Әсі­ресе, отбасы инс­титуты. Тілсіздер мен дін­сіз­дер­дің бәрі қайдан шығады: от­ба­­сыдан. Ошақ қа­сындағы тә­лім жөн­ге келсе, орыс­тілді, қазақ­түр­лілердің саны азаяр деген үміт жылт еткендей. Тілінен безген­дер­ді жазалайтын заң жоқ. Оларды түр­меге де қамай алмаймыз. Жал­ғыз амал: ата-ана тәрбиесі. Бас­қа ештеңе емес. Балалардың ле­к­сикалық қоры өте жұтаң деп жа­тамыз. Ненің әсері? Бағыт-бағ­дар беруші мен өнеге көр­сету­ші­нің. Олар, әрине, әке-шеше. Ке­шегі абыз аналарымыздың сөйлегеніне қалай таңданбайсың: «Ба­лам, өрікті етінен ажырат». Қа­зір осылай образды сөйлеп тұр­ған ананы кезіктірдіңіз бе? Жоқ­тың қасы.
Қоғамдық орындарда егде кі­сілердің газет оқып отырғанын жиі байқаймыз. Әрине, орысша. Қа­телеспесем, газет ұстаған адам да орыс. Қазақ тілінің сөйленбеуі хақында әңгіме қозғалған жерде оның оқылмауы да заңды секілді. Бұрыннан ұрандалып келе жат­қан «кітап оқымайдыны» емес, «қа­­зақ газеттерін кім, қалай оқып жүр?» дегенге тоқталға­ны­мыз дұрыс-ау.
Түрлі техникаға тәуелді бол­ған санамызда газет туралы мы­нан­дай бір көрініс жатталып қа­­­лыпты: газет оқып отырған қа­рия. Иә, қазір газет оқу сән емес. Сол себептен, болар қо­ғамда «газеттің болашағы бұлың­ғыр» де­ген пікір қалыптасқан. Бұлың­ғыр болмай қайтсін, қала­дағы кез келген дүңгіршекке қазақ ба­сы­лымдарын іздеп барсаңыз, тап­пайсыз. Қалалық қазақтар кө­біне орысша оқиды. Қазақ га­зет­терінен оқитын дүние тап­па­ған­дық па, яки бәсекеге жара­ма­ған­дығынан ба, сұрама­дық.  Ал ауыл­дық  жерлерде әр шаңырақтан бір-екі газеттің сұлбасын бай­қайсыз. Ең алдымен аудандық ба­­сылым, әрине, одан соң об­лыс­тық, кейінгі кезекті «Егемен Қа­зақстан» алады. Аталған газеттер­ге жұмыс орны талап еткен соң жазылатыны да белгілі жағдай. Бү­гінгі қазақтардың сөзімен айт­сақ: газет оқитын әдебиет сүйер қауым аман болсын! Көбейе бер­сін!
Әңгімеміздің түйінін «Дөңге­лек үстелге» жиналған әдебиетші-ға­лымдар мен тіл жанашырлары тар­қатсын.
– Кешегі талай халықты зар илеткен бір заманда біреу ұл­ты­нан, біреу тілінен айырылды. Аты ұмытылуға айналған қан­ша­ма тіл жойылып кете барды. Со­ның бірі, әрі бірегейі иврит тілін шы­найы мемлекеттік тіл ретінде он ғасырдан соң 10-15 жылда қай­та тірілткен еврейлердің көр­сеткен өнегесіне таңдай қақ­па­сымызға болмады. Аталмыш тіл­­дің дүниені дүр сілкіндірер нә­тижеге жетуінің сыры тілдік қа­сиетінде болса керек. Осы тұс­та көкейімізде бір сауал туады:
Қа­зіргі таңда қазақ тілінің бау­рағыштық қасиеті қанш­а­лық­ты?

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,
филология ғылымының докторы:
– Тілдің баурағыштық қа­сие­тін, сүйкімді бейнесін туғы­за­тын мемлекеттің тіл саясаты.Қазақ ті­лі қазақ елінде білім мен эко­но­миканың, бизнестің тіліне ай­налса, бұл елде одан тартымды тіл болмайды. Оны біз өз қо­лы­мыз­бен, саналы әрекетімізбен жа­сауға тиіспіз. Ал сөзіміз бен ісі­міз екі бөлек болып, тіл саясаты жүйесіз жүргізілсе, тілдер ара­сындағы, тілді тұтынушылар ара­сындағы қайшылықтар, те­кетірестер, қақтығыстар туындайды. Мұндай жағдайда ешбір тіл тартымды, баурағыш бола алмайды. Сол себепті, тіл саясаты өте нәзік әрі тілдік ахуалды ескере отырып жүргізілуі тиіс. Сон­дай-ақ, қазақ тілі тартымды, бау­рағыш тіл болуы үшін тіл иесі қа­зақтар білімді, мәдениетті, ау­қатты, бәсекеге қабілетті ұлт ре­тінде өзін дәлелдей түскен сайын біздің төңірегімізге өзгелер топ­тасып, тіліміздің де беделі ар­та түседі. Жақсыға, озық нәр­се­ге әркім ұмтылады.Сіз айтып отыр­ған иврит қазір Израилдың мем­лекеттік тілі ретінде толық ор­нықты. Дәл бұл мәселеде бізді ев­рейлермен салыстырудың өзі ұят. Олар жоқтан бар жасап, өлі тіл­ді тірілткен ел. Ал біз тірі тілі­мізді өз орнына отырғыза алмай отыз жылдай әуре болып жүрген ел­міз.

Ғарифолла ӘНЕС, «Халықаралық қазақ тілі қоғамының» вице-президенті:
– Иврит тілі туралы дақпырт­ты әңгіме, ертегіге бергісіз аңыз­дар иттен көп екенін қашан да ес­те ұстаған абзал. Жөйт жұр­ты­ның таңғажайып феномені туралы жарнамадан гөрі бізге малай мем­лекеттік тілінің бүгінгі ба­ғын­­дырған биіктері, Малайзия­дағ­ы мемлекеттік тіл саясаты мен бұ­қараның қамын жеген ислам­дық банк жүйесінің жүйелі тә­лім-тәжірибелерін ұғыну, осы жол­мен жүруге тырысқан әл­де­қайда тиімді болар еді. Қап­таған қа­лың қытайдың жез тырнақты уы­сынан усып шығып рухты ұлт­тық мемлекет құрған, сан шамасы мен пайыздық арақатынасы біз­ден де мардымсыз бола тұра ті­зерлеген мемлекеттік тілін тік тұр­ғызып, төрге оздырған мұ­сыл­ман малайға еліктеп, малайға ұқ­сап бақсақ, қанеки. «Қазақ ті­лінің баурағыштық қасиеті» – өкі­нішке орай, нөлдің  о жақ, бұ жа­ғы! Қа­ғы­нан, қаны бір қарын­да­сынан же­ріген, бауырынан гөрі жат­тың бауы­рына тығылған, көзі қа­рық­қан қазағыма не дерсің?! Қа­зақ тілінің дұшпаны – қазақ, тек қана қазақ! Шала де, шата де, орыстілді де, шоқынды де… бәрі­бір қазақ. Жалын, жалпай, мем­лекеттің ақшасын шашып оқыт, то­қыт… – басқа қолыңнан не ке­леді?!

Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы:
– Кез келген тілдің қазақ, яки орыс, қытай болсын өзінің құн­ды­лығы, шырайлылығы, бай­лы­ғы бар. Бірақ тілдің аталған қа­сиет­терін тиісті дәрежеге жет­­­кізетін сол халықтың азаматтары мен зия­лылары. Тілдің ахуалының төмендеуін сыртқы күштерге байланыстырып қою дұрыс емес. Неге десеңіз, сыртқы ықпал қай за­манда да болған және бола бер­мек. Ол халықтың  демографиясы­на да бағынып тұрған жоқ.Бұл ті­келей ұлттың рухы мен ішкі са­пасына байланысты. Сіз айтып отырған еврейлер бүгінгі Израиль мемлекетінің аумағына келгенде жарты-ақ миллион болатын. Ділі, тілі, мәдениеті мүлдем бөлек арабтардың ортасында мемлекет құруы жарты-ақ миллион халықтың намысын, күшін білдіреді. Сондықтан бір тіл екін­ші бір тілден артық дегенге ке­ліс­пеймін. Мәселе ана тілін ме­млекеттік болмысының бір­ден-бір көрсеткіші санайтын аза­маттарында. Керісінше біздің ше­неуніктеріміз бен зиялыларымыз секілді өздері қазақша кітап жазып, балаларын орысша тәр­биелесе, тілдің де болашағы бұ­лың­ғырлана бермек. Меніңше, бұл барып тұрған намыссыздық. Қа­зақ тілінің сөздік қоры мен тар­тымдылығын тізіп айтуға бо­л­ады. Бірақ қазіргі жағдайда не­гізгі түйін тілдің баурағыштық қа­сиетінде емес. Тілдің саяси, мә­дени ауқымы кеңейіп, дәстүр­дің тіліне айналуы үшін мына біздің ұлттық намысымыз ояу болуы шарт.

Айгүл ІСМАҚОВА, сыншы-әдебиеттанушы:
– Еврей ұлты Құранда ай­тыл­ғандай, Алланың ерекше назары түс­кен дарынды xалық. Ивритті қай­та жаңғырту арқылы олар ев­рей тіліндегі Тәуратты бас­шы­лыққа алған. Әр еврей ұлт өкілі жер шарының қай нүктесінде тұр­­масын өз ұрпағымен тек ив­рит­­те сөйлеуді басты отбасылық құн­дылық санайды. Осы арқылы олар ұлттық намыс пен ұлттық бі­рауыздылықты сақтап келеді. Біздің қолымыздан бұл келмей отыр. Бұрын бізге совет жүйесі ке­дергі деуші едік. Енді не ке­дер­гі? Қазақтың немқұрайлығы мен на­мысы жоқтығы ғана дер едім.Ұлт мүддесінің ана тіліндегі қор­ғаны болып келе жатқан қазақ әде­биетінің мәртебесін көтеру ке­рек. Ұлттың жаны – әдебиет де­ген Алаш Арыстары. Жансыз ұлт болады ма? Совет кезінде үл­кен идеологиялық қару болған қа­зақ әдебиеті тәуелсіз кезде на­рық­қа пайдасы жоқ деп қоғам­да­ғы өзіне тиесілі орнын ала алмай ке­леді. Қазақ тіліндегі ата-баба тариxын асыл сөзбен жазып келе жат­қан ұлтты баурайтын әдебиет­тің қажетті екенін мемлекет дең­гейінде алға ұстанатын кез жетті деп санаймын. Күні кеше тұсауы кесілген «Алмас қылыш» филь­мі­не арқау болған Ілияс Есенбер­лин­нің «Көшпенділері» емес пе? Қа­зақ әдебиетінің мерейі үстем бол­май, қазақ тілінің де xалі мүш­кіл бола бермек.

Азат ой­лы, намысшыл жаңа саяси эли­та қалыптасатын уақыт жетті. Бі­рақ қазақ тілінің келешегін би­ліктің мойнына артып қой­ға­ны­мыз да жарамас. Әр азамат өз ұлт­тық санасының алдында жауап берсін.

– Күні кеше ғана айна­ла­мыз-­ да­ғы алпауыт елдер, әсіресе, фран­­­цуздар мен орыстар ана тілдерінің жайын ойлап, даурыға бастады. Ат­қамінерлерінен бастап бұл мәсе­леге майшаммен қарауда. Біз неге қамсызбыз?

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ:
– Оларда, олардың басқарушы элитасында тілдік сана, ұлттық са­на жоғары. Ел тізгінін ұстаған француз бен орыстың арасынан біз­дегідей өзге тілде ойлап, өзге тіл­де сөйлейтіндерді таба алмайсыз. Ал біздің лауазымды басшылар мен  бизнес  қауымдастығының арасында қазақша білмейтін, сөйлемейтін «қазақтар» өріп жүр. Халыққа салсаңыз қазақ тіліне ер­тең көшіп кетуге дайын. «Тіл, тіл» деп шырылдап жүрген де сол қа­рапайым жұртшылық пен қа­зақтілді шығармашылық қауым. Атқамінерлер арасында да тілі үшін жаны күйетіндер бар, солар­дың саны күн санап арта беруге тиіс. Сонда оларға қарап бой тү­зей­тіндер де артады. Жалпы, ма­ған салса, мемлекеттің тілін біл­­­мейтін адамды басы алтын, бір жері күміс болса да, жоғары лауазымды мемлекеттік қыз­мет­ке, бірінші басшылыққа қоймау қа­жет. Сонда өзгелер сабақ алар еді. Егер адам сондай қабілетті бол­са, қалайша осы уақытқа дейін өз елінің мемлекеттік тілін мең­гере алмауы мүмкін? Жоқ, олай емес. Сөйлемей жүргендер­дің арасында ақылды, білімді адам­дар көп. Бірақ олар нақты та­лап пен шынайы қажеттілікті кө­ріп отырған жоқ. Сондықтан жы­рымыз бітпей келеді…

Ғарифолла ӘНЕС:
– Резервациядағы үндіс те, жар­­тылай жабайы зәңгі де, мил­лиард­таған үнді де, алашабыр ал­­тыбақан тілін иероглифке кін­дік­теген қырық құрау қытай да, Сіз айтқан ормандай орысың мен Еуропаның еркетотай французы да «тілім!», «қайран тілім!» деп шы­рылдайды. Шырылдамай қайт­сын, өткен атасы, кешегі әке­сін айтпағанда, бүгінгі бауы­ры­нан өрбіген бала-шағасының өзі өзгеше сөз саптап, басқаша ой­лай бастаса. Масқара ғой, бұ­ған қалайша төзуге болады?! Мі­не, осы орайда тіл (сөз) мәде­ние­ті, әдеби тіл, ғылым тілі.., қыс­қарған, құбылған, жоғалған … сөздер дегендер күшіктеп, ба­ла­лайды. Осылайша өркениетті, «ал­пауыт елдер» зарлап отыр­ған­да мыңдаған жылдар қаймағы бұзыл­маған атүсті, мал тісті көш­пелі өмір кешіп (сол тірлікке сай ой ойлап, сөз сөйлеп), енді бүгін аз­ ғана алды қалалық, қалғаны тү­гел отырықшы болып отырған қалың қаймана қазақ, кешірерсіз, оның қайран тілі қайтіп күн кешер, қайдан ғана бассауға табар?! Уақыт-таразы оның да бір жөнін, ретін табары сөзсіз. Сіз бен біздің па­рыз-міндетіміз – зырылдаған за­мана шарқайрағы қанша жаны­са да мұқалмай, бойы мен сойын, нәрі мен сөлін сақтай алар ұрпақ өсіру, жеткізу ғана.

Расул ЖҰМАЛЫ:
– Билік басындағы азамат­тар­ға артылып отырған жауап­кер­шілік қарапайым халыққа қа­ра­ғанда әлдеқайда жоғары. Ха­лықтың салығына күнелтіп отыр­ғаннан кейін олар мемле­кет­тің қауіпсіздігіне, болашағы мен ұрпағына жауап береді. Сол се­бепті, тіл мәселесіне қатысты не­гізгі сұраныс билік өкілдері мен зиялы қауымнан алынбақ. Біз­дің қазақ саяси элитаның, зия­лы қауымның, биліктің айт­қанына көніп, үйренген халық. Украинадағы бүгінгі ахуалдың көп себептерінің бірі – тіл мә­се­ле­сі. Өйткені, олар украиндық өзі­­нің болмысын мойындаған жоқ. Украиндық халық бола ал­ған жоқ. Біреуі орыстілді, біреуі ук­раинтілді, біреуі татартілді адам­­дардың бірікпеген қоспасы ре­­тінде қалды. Мемлекеттің іш­тей әлсіздігінің көрінісі тілдік сая­саттан да бой көрсетіп, нәти­же­сінде азаматтық соғыс жағ­дайын­да отыр. Алдағы жиырма бес жылдықта өз тілімізге атүсті қа­рай берер болсақ, Украи­на­да­ғыдай шиеленісті жағдайға алып келмесіне кім кепіл?!

Айгүл ІСМАҚОВА:
– Еуропада француз бен неміс ті­лінің салтанат құрғанын көре­сіз. Парижде сізге неміс не ағыл­шы­ныңызға ешкім жауап бер­мей­ді. Бұл өз тілдеріне деген құр­мет екенін байқаймыз. Ресей өз мемлекеттік тілін қорғау ар­қылы үлкен саяси абыройға ие бо­лып келеді.Әлем мойындаған клас­сикалық әдебиеттің мұрагері орыс тілінің мерейі үстем болып ке­леді: қазіргі саясаткерлердің ар­қасында емес! Пушкин, Тол- с­той, Достоевскийлер қалдырған әдебиеттің арқасында! Қазіргі Ре­сей басшысы сондықтан әде­биет пен ғылымның тізгінін өз қо­лына алған. Мемлекеттің та­риxы мен әдебиеті жеткілікті дең­гейде мойындалмай, қо­ғам­дағы өзіне тиесілі абыройына ие бол­май, қазақ тілінің де көсегесі кө­гермес-ау! Біздің осы реттегі қамсыз отыруымыз: орыс тілді ше­неуіктердің немқұрайлығы мен тілге деген салғырттығынан ба дер едім.

Тілдің баурағыштық қа­сие­тін, сүйкімді бейнесін туғы­за­тын мемлекеттің тіл саясаты.Қазақ ті­лі қазақ елінде білім мен эко­но­миканың, бизнестің тіліне ай­налса, бұл елде одан тартымды тіл болмайды. Оны біз өз қо­лы­мыз­бен, саналы әрекетімізбен жа­сауға тиіспіз. Ал сөзіміз бен ісі­міз екі бөлек болып, тіл саясаты жүйесіз жүргізілсе, тілдер ара­сындағы, тілді тұтынушылар ара­сындағы қайшылықтар, те­кетірестер, қақтығыстар туындайды.

– Неше мың жылдық тарихы бар ата-баба тіліне толық оралу мә­селесі қалай шешілмек?

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ:
– Тұтас ұлт болып ата-баба ті­­ліне толық оралу үшін барша қа­зақ баласы туған сәтінен бас­тап, бір мүшелге толғанша ана ті­лінде тәрбие алуға тиіс. ХІХ ға­сырдың екінші жартысынан бас­тап, ХХ ғасырдың басында Ре­сейде білім алғандар саны шек­теулі болды. Олар орысша оқы­ғанмен, туғаннан ана тілінен, ұлт тәрбиесінен қол үзіп кеткен жоқ еді. Баламыздың тілін басқа тіл­де шығарып, ана тілінде ой­лай­тын, еркін сөйлейтін шаққа жет­кізіп алмай тұрып, екі-үш тіл­де қатар сөйлейтін полиглот жа­саймыз деп өзге тілдерді қо­сам­жарластырып қойсақ, ата-ба­ба тіліне толық оралудың ауылы алыс­тап, ана тіліміздің хал­қы­мыз­ды тұтастырып тұратын қа­сиетін де пайдалана алмаймыз. Сол себепті, қазақтың ұл-қы­зы­ның тәрбие мен білім тілі тек қа­зақ тілі болуға тиіс. Қажетті шет тілдерін 13 жастан бастап оқыт­сақ та, аштан өліп, көштен қал­маймыз. Сонда ғана біз ата-ба­балар дәстүрін жалғастырған, ор­тақ мәдениеттен сусындаған бір­тұтас ұлтқа айналамыз.

Ғарифолла ӘНЕС:
– «Ата-баба тіліне оралу» – нақ­ты өмірде де, қиялда да болуы мүм­кін емес болмыс . Тіл (оның құ­рылым-құрылысы, сөздік қо­ры, нормалануы) неғұрлым жаңа бол­ған сайын – ол соғұрлым кө­не; неғұрлым өзгеріп, жетілген сайын – соғұрлым ескілікті сар­қын­шақтары мол, көне қабат-қыр­тыстары жымдасқан, дамы­ған, ұшталған тілге айналады. Ме­нің ұғымымда «ата-баба тіліне оралу» – қазақ тілін халықаралық тіл­ге айналдыру, тарихи әділдікті қай­та қалпына келтіру (һәр за­ман­дардағы қыпшақ тілінің ха­лықаралық статусын еске алы­ңыз). Соңғы 2,5-3 ғасырлық жал­­пы тіл білімінде әлем ғалым­дары, оған үн қосқан өз тілші­лері­міз де қазақ тілін «ең жас тіл» са­натында танып, айтып та, жазып та келеді. Өте дұрыс пікір! Өйт­кені, мыңдаған жылдық қи­лы-қилы даму жолын бастан кеш­кен қайран тіл, ең бастысы бү­гінгі күнге аман-есен жету ба­қы­тына ие қасиетті де киелі тілі­міз – ең жас, мәңгілік тіл!

Расул ЖҰМАЛЫ:  
– Аталған мәселе жақын арада шешілуі үшін бүгінгі саяси эли­та өзгеруі тиіс. Бұрынғы кеңес за­манын көрген, отаршылдық ке­зеңде тәрбиеленген, құлдық са­надан арылмаған аға буын саяси сахнадан кетуі керек. Азат ой­лы, намысшыл жаңа саяси эли­та қалыптасатын уақыт жетті. Бі­рақ қазақ тілінің келешегін би­ліктің мой­нына артып қой­ға­ны­мыз да жа­рамас. Әр азамат өз ұлт­тық са­на­сының алдында жауап берсін.

Айгүл ІСМАҚОВА:
– Кеңес кезінен бастап бізге ұлт­тар достығы мен бір тілдің үстем­ділігі орныққан эксперимент жасалған. Содан әлі арыла ал­май келеміз. Қазақтар өзі қазақ ті­лінде сөйлеп, қазақ тіліндегі әде­биет пен өнерді қолдамаса, тіл­дің көсегесі қайдан көгереді? Тәуел­сіз мемлекетіміз бар, Аллаға шү­кір. Көзі ашық сауатты еліміз бар, жан-жақта не болып жатқа­нын көріп отырған қауым бар. Қазақ тілінде сөйлейтін Әдебиет пен Өнердің еңсесін көтеруге әрекет жасалу керек мемлекет дең­гейінде. Сонда ғана қазақ тілі­нің жаны кіреді. Сонда ғана қа­зақ тіліндегі ата-баба асыл сөзі қа­зіргі, тек тән керегін қуып бара жат­қан руxы жүдеген елге руxани азық бола алады! Өз тариxы мен әдебиетінен айырылған қазақ тілі қазіргі қоғамда, тек сауда-сат­тық тілі бола алмайды! Іс жү­зін­де Мемлекеттік тіл ұлттық бол­май басқалардың да бізге құр­меті шамалы болмақ. Қазақтың өзі ұлт тіліндегі әдебиет пен өнер­ді білмесе, ол несіне өзін қа­зақ­пын деп жүр!?

Әзірлеген Маржан ӘБІШ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір