«ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ» ГАЗЕТІНІҢ БҮГІНІ МЕН ЕРТЕҢІ
20.01.2017
2478
1

Қандай да болсын халық республикаға айналуы үшін ең әуелі публика кезеңінен өтуі керек. Бұл дегеніміз, халық ең алдымен, публика болып қалыптасу керек, әрбір мәдени құбылыс, қайсыбір қоғамдық жаңа идеяны біртұтас бұқара болып, публицистикада жабыла талқылап үйренуі керек деген сөз. Ағылшын Сомерсет Моэм кезекті мақаласында, француз жазушыларының бір-біріне телефон арқылы романдарын оқып және оны сағаттап, ежіктей отырып талдайтұғынын жазады. Қазақ әдебиетінде де көлемі кесектей романдар мен романға бергісіз поэмалар жазылып жатыр. Бірақ біздің аспанымыз мақтадан жасалған сияқты, дыбысты жұтады да, мелшиіп тұра береді. Атадан балаға рухани эстафетаны жалғап келе жатқан «Қазақ әдебиеті» газетінің де орман-оқырманы күрт селдіреп, сиреп қалуына не себеп? Аталмыш газеттің мектеп қабырғаларында қазақ әдебиеті сабағында көрнекілік ретінде қолданылмауы қалай? Газеттің «Проза», «Поэзия», «Ардың ісі» (сын) бөлімдерінен оқыған шығарма, өлең, мақалалардан алған әсерінен немесе түйсікке тиген «әттеген-ай»-лардың түрткісімен жазылған оқырманның бума-бума хаттары неге редакцияға жолданбайды қазір?
Осы сұрақтардың төңірегінде Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған бекетіндегі Ы.Ал­тынсарин атындағы орта мек­теп­тің қазақ тілі мен әдебиеті пә­ні мұғалімдерінен сөз сұраған едік.

Ләззат Қалбайқызы:
– Шындығына келгенде, мұ­ға­­лім қуатын қағазға сарқып, шы­­ғар­машылық потенциалы жо­ғары оқушылармен жұмыс жа­­­сауға мүм­кіндік ала алмай отыр. Оқу­шылар арасында «Қазақ әдебиеті» га­­зетінен бөлек, жалпы газет оқыл­­мауының себебі, мұ­ғалім­дер­дің ішінде де ала қағазға шұқ­­шиып отыратындары кемде-кем. Біз сабағымызға керекті ғана та­қырыпты тауып, қиып аламыз. Бол­ғаны –осы.
Қазіргі көркем әдебиет, әдеби га­зеттер оқымайтын балалардың ті­лі қысқарған үстіне қысқарып, те­леграфтық үлгіге көшті. Бәлки, қысқалықты сүйетін мына дәуір қа­зақ әдебиетінде қысқаша жазу­дың қас шебері О Генри, А.П.Че­­хов сынды суреткерлерді туғыз­ғалы тұрған шығар, кім білсін?!

Марат Нұрғалиұлы:
– Алаш арысы Х.Досмұха­медов: «Әдебиет тілінің қаруы – баспа мен мектеп. Баспа мен мектеп де­­ген адам шошынарлық сұмдық қай­ратты қару. Баспа мен мектеп­те қолданған тіл елге ақы­рында сің­бей қалмайды. Мектеп пен баспаның тілі дұрыс тіл болса, ел­дің тілін көркейтіп, байытып, гүл­­дендіреді. Мектеп пен бас­па­ның тілі шатасқан тіл болса, ол ел – сорлы ел. Бұндай елдің ті­лі бұ­­зылмай қалмайды», – деген. Көр­­діңіз бе, қарапайым ғана мек­­теп қандай күшке ие екенін!? Сол мектептің жаны – ұстаз. Пай­­­ғамбарымыздың құдси           ха­ди­ст­е­рінде: «Қоғамды өзгертуге қау­­­­қарлы екі адам бар: бірі – патша, екіншісі – ұстаз», – деуі тегін емес. Негізінде, көп дүние тікелей ұс­тазға байланысты. Талантты ба­­лалар жоқ емес, бар. Тек соны тану үшін мұғалімнің өзі  аз-кем­ шығармашылық прогрестен ха­бардар болмағы мақұл. Дарынды балалардың көкірек көзін кең ашып, дұрыс жолға қойғанымыз ләзім. Бұл орайда, «Қазақ әде­бие­­ті» газеті маусым сайын жор­нал­шы болғысы келетін оқу­шы­лар арасында эссе сайысын, жа­­­­зарман балаларға әңгіме жан­рын­да байқау, ақындықтан үмітті жас­­тарға мүшәйра ұйым­дасты­рып, үздік туындыларды жоғары­дағы газетте жариялап, ұстазына бір жапырақ сертификат беріп отыр­са және көркемдігі төмен бо­ла тұра жолданған шы­ғарма­лар­ға редакциядан: «Сіз­дің шы­ғармаңызды жариялай алмаймыз. Әлі де іздене түсіңіз», – деген сын­ды бірауыз жауап келсе, оқу­шы мен мұғалімнің, мұға­лім ­мен редакцияның арасында көр­кем байланыс орнар еді.

Жадыра Қаржаубайқызы:
– XXI ғасырдың ең басты құн­­ды­­лығы – уақыт. Құндылық­тар ауыс­­қан мына заманда, га­зеттің қа­жырлы еңбегі ақпарат пор­­тал­дарының жылдамдығына төтеп бе­ре алмай қалғандай, тіпті. Оқу­шы­ларға сауал қоя қалсаң, санасынан бұрын саусағы іске кірісіп, «google» шешейден көмек сұрай­ды. Ақпарат қан­шалықты оңай кел­ген сайын, соншалықты тез ұмы­тылатынын білсе де, осылай жа­сайды. Т.Жұрт­байдың: «Ин­тер­нет ақпарат береді, ақ­парат – бі­лім емес. Интернет мағлұмат бе­­реді, мағлұмат – ғы­лым емес» де­гені ақ сөз. Шауып келе жатқан аттың алдына қас­қайып тұра қал­саң, таптап кетеді. Оны ыр­қыңа көндіру үшін атпен бірге бі­­раз жер шауып, жайымен сулы­ғы­­нан тартып, өзіңе қажет ба­ғыт­қа бұра бастайсың ғой. «Қа­зақ әде­биеті» газеті де заманның ағы­мына сай қозғалып-ақ келеді. Былтыр сайтты жаңалап, газеттің фор­матын кішірейтті. Ендігі сайт­­тың құрылымын іш пыс­ты­рар­­лық, тым салтанатты қып құр­­­­май, жасөспірімдердің сана при­з­масына салып, көз тартып, көңіл қызықтырарлық қылса жә­не  газеттегі мақала  тақырып­тарын ұғымға жеңілірек етіп алса, оқыр­­ман артады білем.

Кезекті қоңырау үні сылдырлап қоя берісімен, кең дәлізді бет­ке ұстап, аяғым аяғыма жұқ­пай сыртқа шықтым. Көп мүжіл­ген көне жолмен өріп жүрген көк өгіздей өңкиген мәшинелер қаз қатар тізіліп тұра қалысыпты. Кенет, жолдың арғы бетін ала, әсем үлгіде салынған шағын мини-маркеттің атауына көзім сүрінді. «Тайга». Минөт-мезіретте санамды сұғанақ ой сапырып, есіме тайганы мекен ететін ақсусар дейтін аң сап ете қалмасы бар емес пе. Ақсусардың табиғатынан терісі аппақ болады және үстіне кір жұқтырмайды. Түгі бүлініп, қылшығы қисайғанның орнына өлгенді артық санайды. Аңшылар оның сол мінезін пайдаланып, батпаққа қамап барып ұстайды екен. Денесіне кір жұқтырмау үшін аңшылардың қолына өзі барып түсетін көрінеді. Жаратушы Ием жан-жануар атаулыны дүниеге әкелгенде, әрқайсысына жан сақтайтын, қауіп-қатерден құтылатын, тірлікке қажетті бір қасиет сыйлаған ғой. Жүзден бұрын жүзік көзге түскен заманда адамзат арының айнасы іспетті, ақсусар қасиетті «асыл сөзіміздің» жан-айқайын есіту үшін мына қоғамға қанша құлақ жапсырсақ екен?

      Ғабит НҰСҚАБАЙ,
Қ.А.Иассауи атындағы ХҚТУ-дың филология факультетінің IV курс студенті

ПІКІРЛЕР1
Оспан Жүсіп 19.02.2017 | 16:56

Мына жігіттің қаламы қарымды екен. Келешегінен үміт күттірер азамат. Жарайсың, айналайын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір