Біз – ұлы дала елінің перзентіміз
02.12.2016
4052
0

Ақылбек Жолай


Көшпелі халықтар туралы ежелгі заманда жазылып, біздің заманымызға жеткен ең арғысы Тәураттағы (Библия), грек тарихшысы Геродоттың тарихи деректі әңгімелеріндегі, ежелгі қытай қолжазбаларындағы және шығыстанушы ғалымдар жазбаларындағы тарихи шын­дық­тарды назарларыңызға ұсын­ғалы отырмын. Тәураттағы (Библия) Иеремия пайғамбар скифтерді Құдайдың жіберген жазасы деп есептейді. Жаратқан Ием айтады: «Мен сендерге, Израил әулетінің үйіне қиянда тұратын халықты қаптатамын. Ол – алапат күшті халық, ол – байырғы халық, сен ол халық­тың тілін білмейсін, айтқанын түсінбейсің. Олардың қорамсағы көрдей үңірейген. Өздері шеті­нен ержүрек. Олар сенің егінің мен наныңды жейді, ұлың мен қызыңды жұтады, қойың мен өгізіңді жалмайды, жүзіміңді обып қылғытады. Бар сенгенің бекіністі қала­ла­рың шығар, оны қылышпен қақыратып кетеді», – дейді.

Ал біздің заманымызға де­йінгі IV ғасырда өмір сүрген Тарихтың атасы саналатын ежел­гі грек тарихшысы Геродот­тың жазған еңбектеріне қараған­да, скифтердің (көшпелілердің) патшасы Арриант қол астындағы жауынгер сарбаздарына өзінің патшалық жарлығын жариялайды. Арриант патшаның жар­лығында қол астындағы әрбір жауынгер сарбаз, жеке қару-саймандарының есебінен бөліп, садақтың бір жебесін патша қазынасына өткізулерін талап етіпті. Жиналған садақ жебеле­рінің ұшындағы әр түрлі түсті металды балқытып қазан жасатып, оны «Құдірет қазан» деп атапты. Қазанның құдіреттілігі соншалық: ол қазанда жасалған тағамды жеген скиф сарбаздары майдан алаңында жауларымен соғысқанда еш жеңілуді біл­мей­тін және өз патшаларына адал, өлімнен де қорықпайтын ерекше күшке ие болады екен. «Скифтердің жас жауынгер сар­базына тән ерекше бір қасиеті бар, ол еліне шабуыл жасаған дұшпанның басын қосына алып келіп, найзасына шаншып, киіз үйінің сыртқы іргесіне іліп қоя­тын болған. Бұған қарап тайпа басшылары жас сарбаздың да жаудан түскен олжадан үлес алуына мүмкіндігі бар екенін ескерген», – дейді тарихтың атасы.
Геродоттың жазған тарихи деректі әңгімелерінің ең ма­ңыз­дысы: – Ахеменидтер әулетінен шыққан парсы мемлекетінің негізін құрған патшалардың патшасы Кир, сол заманда жұ­байының өлімін қайғы тұтып, қара жамылып отырған көшпе­лілердің патшасы Томирис ха­нымға: «маған тұрмысқа шық» деп хат жазып, елшілерін жі­береді. Сонда Томирис ханым: «шынында оған керегі мен емес, оның көздеген мақсаты хал­қымды және ұлы даламды қол астына алып, көшпелі халқыма билігі мен әмірін жүргізу. Кир патшаға айта барыңдар, бұл ұсынысын қабылдай алмаймын», – деп елшілерін кері қай­тарады. Өзінің мақсатына жете алмаған парсы патшасы қол астында еріксіз қызмет істеп жүген Гректердің ағаш ұстала­рына көпір жасатып, армиясын Араксу (Сырдария өзенінің ескі аты) өзенінен өткеріп, көшпелі­лердің ен даласын басқыншы­лықпен жаулап алатынын жариялайды. Томирис патша ұлы даласындағы қорған-төбелерге от жақтырып: «Атқа мініңдер! Қылыштарыңды тасқа егеңдер! Жауға аттануға жиналыңдар!» деп ұрандатып бүкіл көшпелі халық тайпаларына (скифтерге, сақтарға, массагеттерге, үйсін­дерге, ғұндарға, т.б. тайпаларға) жедел хабар жібереді. Кейін көшпелілердің ұлы даласына басқыншылықпен кірген Кирге Томирис патша: – «әскеріңді үш күндік жерге дейін кейін шегін­дір, мен де әскерлерімді үш күн­дік жерге дейін кейін шегеремін. Ұрыссыз бір келісімге келейік» деп хабар жібереді. Бірақ еш­қандай келісімге көнбеген Кир патшаның армиясына қарсы, көшпелі тайпалардан құралған әскеріне өзі қолбасшы болып, Томирис патша соғысты бастайды. Бұл ұлы соғыста екі жақтың да жауынгер сарбаздары майдан алаңынан шегінуді білмей, соғыс ұзаққа созылады. Шайқас соңында парсы армия­сының көп сарбазы майдан алаңында жан тапсырып, Кир патша (Парсы тілінде оны «Кураш» деп атаған) жас сақ – массагет сарбаздың қолынан мерт болады. Көшпелілердің жас жауынгерлеріне тән үрдіс бол­ған­дықтан, жас сақ – массагет сарбазы патшалардың патшасы деп аталған Кирдің басын алып, ат дорбасына (жорықта жүргенде атқа жем беретін қалта) салып, көшпелілердің патшасы Томирис ханымға тарту етеді. Жас сарбаздың сондағы мақсаты – жаудан түскен олжадан үміткер екендігін білдіру.
Македонияның патшасы Филипп он үш жасқа толған ба­ласы Александрды оқыту үшін атақты грек ғалымы және философы Аристотельді шақырады. Аристотель шақыруды қабыл алып, патша сарайынан тыс кішкене қалада Александрды үш жылға дейін оқытып, білім береді. Б.э.д. 336 жылы белгісіз жағдайда Македония патшасы Филипп өліп, Александр жиырма жасқа толар-толмастан әкесі Филипп патшаның тағына отырады. Көктемде б.э.д. 334 жылы Македония патшасы Александр парсы мемлекетінің патшасы Дарияға соғыс жариялайды. Аристотель өзі ғалым және ұстазы ретінде жас патша Александр Македонскийге: табиғаттың құбылысы – күннің тұтылуын пайдаланып, соғысты сол табиғат құбылысымен бірге баста,– деген ақыл айтады. Александр Македонский армиясын бірыңғай қатаң тәртіпке келтіріп, қолбасшыларын да­йындап, әскерін берілген бұй­рық­­ты бұлжытпай орындайтын тәр­тіп­ке келтіреді. Соғыс белгі­ленген мерзімде Гавгамелах жеріндегі алаңда өтеді. Соғыс кезінде Александр Македон­скийдің 60 мыңдық армиясы парсы патшасы Дарияның 600 мыңнан құрылған армиясын жеңіп, парсы армиясынан түс­кен олжаны Александр патша бүкіл әскеріне бөліп береді. Дария патша соғыс алаңын тас­тап қашып, парсы мемлекетінің шығыс аймақтарының (Согдиана, Бактрия, Маргиана) таулы жерлерінде орналасқан «Маракандты» (Өзбекстан Республика­сындағы Самарқанд қаласы) паналайды. Яксарт (Сырдария өзенінің ескі аты) өзенінен өтіп, көшпелілердің кең байтақ даласын жаулап алмаққа келген Александр Македонскийдің армиясы көшпелілердің аяусыз соққысына тап болады. Талай соғыстарды бастан өткерген Сақ сарбаздарының бірі Александр патшаның оққағарларының қапысын тауып, патшаға таяп келіп, оған найза лақтырыпты. Лақтырған найза Македон­скийдің басындағы қос мүйізді дулығасына тиіпті. Сақ сарба­ының мұндай көзсіз ерлігін көрген үзенгілес достары «ойбай, сен не істедің, Құдайдың баласына қарап найза лақтыр­ғаның не, енді өміріміздің ақы­рына дейін сені де, біздерді де Құдай аяусыз қырғынға ұшыра­тады» деп қорықса керек. Қос мүйізді дулығаның астынан аққан қанды көрген әлгі Сақ сарбазы өзінің аңқау қарулас достарына: «әне, қараңдар, оның да маңдайынан қан шық­ты,  демек ол да құрбандыққа шалынатын қарапайым құлдай, ол құдайдың баласы емес, ол да адам баласы», – деп айқай сал­ған екен дейді. Ал Александр патшаны оққағарларының арқа­сын­да, Сақ сарбаздарының құрсауынан әзер шығып көш­пелілердің ұлы даласынан армиясының Сагдиана айма­ғының астанасы Маракандқа кейін шегіндіргені тарихта жазылған. Сөйтіп, ұлы Ескендір Зұлқарнайынның «қарапайым адам баласы екендігін күллі заманға дәлелдеген»  біздің ата-бабаларымыздың тегі – ұлы даланы билеген көшпелілер екен.
Белгілі шығыстанушы орыс ғалымы Н.Я.Бичуриннің зертте­лерінде: «Көшпелі тайпалардан (скифтерден, сақтар­дан, массагеттерден, үйсіндерден, ғұңдар­дан) қорғану үшін қытайлықтар Ұлы Қытай қорғанын салдыр­ған.
Бұл бүкіл әлемдік деңгейдегі адамзат баласынан біздің зама­ны­мызға дейінгі IV–III ғасыр­лардан қалған үлкен құрылыс болып есептеледі. Ұлы Қытай қорғанының ұзындығы 6 мың километр, биіктігі 10 метр, қабырғасының қалыңдығы (ені) 6 метр болып, осы құрылысқа қытай мемлекетінің ғасырлар бойы бөлінген қаржысы мен жүз мыңдаған халқының күші сарп етілген» деген деректер жазыл­ған.
Қазақ Совет Энциклопедиясында: Қазақ ұлты түрік тіл­де­рінің солтүстік батысындағы «қып­шақ тілдері» тобына жататын «қазақ тілінде» сөйлейді. Дін жолын ұстаған Қазақтар ислам дінінің сунниттік ереже­лерін қабылдаған. Ислам дінін қабылданғанға дейін шаман дінінің негізі болған тәңірге, аруаққа сену нанымдары орын алды. Қазақ халқы түс-реңі жа­ғынан европалық нәсіл (ақ) мен моңғол (сары) нәсілінің оңтүс­тік-сібір антропологиялық ти­піне жатады. Өз алдына біртұтас халық болып қалып­тас­қанға дейінгі этникалық тарихы аса күрделі. Байтақ даланы қо­ныстаған әр түрлі тайпалар Қазақстан жерінде көне тас дәуірінде-ақ көріне бастаған. Бұған айғақ болатын ежелгі тас дәуіріндегі адамның тұрақтары Қаратау, Бетпақдала, Орталық, Шығыс Қазақстан өлкелерінде, Балқаш көлі төңірегінде кезде­седі. Қазақстанның неолит, қола дәуірінен қалған ескерткіш мұралары орасан бай, алғашқы аталық тайпалардың көбейіп, өркендей бастағанын және ол тайпалардың көршілес Сібір, Орта Азия, Орал, Еділ, бойы, Орталық Азия халықтарымен тығыз байланыста болғанын растайтын дәлелдер көп. Б.э.б. VII ғ. бастап Қазақстан терри­ториясындағы ежелгі тайпалар көшпелі тұрмысқа ауысып, олардың бірнеше тайпалық бірлестіктері құрыла бастады. Солардың ең ірілерінің бірі – сақтар. Олар Сыр бойы, Қаратау, Талас өлкесінен бастап Тянь-Шань тауларына дейінгі оң­түс­тік шығыстағы беткейді мекен­деді. Арал теңізі мен Сыр­дария­ның сағасын, Аму­дарияның арнасын мекендеген тайпалар массагет одағына бірікті. Б.з. басында массагеттер сақтармен мүлдем сіңісіп кетті. Б.з.б. (III-I ғасырда, б.з. басын­дағы I-V ғасырда) қазіргі Қазақ­стан жерінің оңтүстігінде, Сырдария, Талас, Шу өзендерінің бойында, Жетісуда, Шығыс және Орталық Қазақстанда ежелгі сақ тайпаларының негі­зін­де өркендеп, жаңадан бірлес­кен тайпалар одағы көріне бастады. Олардың ішінде қуатты мемлекетке айналып, тарихта, мәдениетте, өнерде белгілі із қалдырғандары – ғұндар, үйсін­дер, қаңлылар. Олар б.з. V ғасы­рында өмір сүріп, көп елдермен қарым-қатынас жасады. Көп заманғы бұл этникалық процесс б.з.б. жүз жылдың бірінші жартысынан бастап, б.з. V-VI ғасы­рын­да толық қалыптасып үлгер­ді», – дейді еліміздің тарих­шылары.

Ақмола облысы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір