Қаламгерге құрмет
02.12.2016
2032
0

Жуырда  Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында ҚР халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов атындағы  мемориалды кабинеттің ашылу салтанаты өтті.

Кешке  қазақтың белгілі ақын-жазу­шылары, танымал ғалымдар, қоғам қай­раткерлері, ЖОО-ның ғалымдары мен оқытушылары, студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды аталмыш  кітапхана  дирек­торының орынбасары А.Х.Жүсіпова құт­тықтау сөзбен ашты. Сондай-ақ, қалам­гердің қызы Жанат Нұршайықова  кітап­хана  ұжымына, жиналған көпшілікке алғысын білдірді.
Шара барысында филология ғылым­ы­ның докторы,  Нұрдәулет Ақыш, филология  ғылымының кандидаты, ақын,
Ә.Қайырбеков, Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің доценті, филология ғылымының кандидаты М.Тоқтағазин, жазушылар: Мыңбай Рәш, Уақап Қадыр­ханұлы, Ахметжан Ашири, Ә.Нұр­шайы­қ­овтың 60 жыл бірге жүрген досы, Шымкенттен келген Нұрмұхан Әжметов, Қай­сар Әлім, т.б. қаламгер  жайлы   естелік­ айтты.
Мемориалды кабинеттің ашылу салтанатынан кейін ҚР халық жазушысы
Ә.Нұршайықов атындағы «Адам және әлем» атты жыл сайын болатын шығарма­шылық байқаудың лауреаты Мадина Өмірбек кештің екінші бөлімін жүргізді. Кейін Жадыра Сейдештің  қаламгердің  күрес пен шығармашылыққа  толы ғұмыры жайында  дайындаған  бейнехабары көрсе­тілді.
(Ә.Нұршайықов туралы фильм «Жүрек жарды» (автор Жадыра Сейдеш, КТК, 2010), Әзілхан Нұршайықовтың жауын­герлердің қаны мен тері сіңген «Абай» кітабын майданнан алып келіп  авторы – М.Әуезовке табыс ету оқиғасы арада жарты ғасыр сала қайта қайталанғаны белгілі.  Бұл да соғыс, бұл да майдан,  тек бұл – Ауған соғысы.  Еш  жазушы ойлап таппа­ған, өмірдің бұралаң жолы айналдырып келіп, өзі құрастырған екі кітаптың, екі адамның тағдыры, қайталанған оқиға. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарын да» өрімдей, 18 жас­тағы жауынгерлер қолдан-қолға табыс­тап, жарысып оқығаны жайында жас та болса соғыс отын кешкен Ауған соғысының ардагері, «Қызыл жұлдыз» орденінің иеге­рі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универ­ситетінің түлегі Пірмашев Қожахмет әңгімеледі.
Алғаш рет 2012 жылы қаламгердің отбасы бастамасымен «100  кітап» жобасы аясында ҚР халық жазушысы Ә.Нұр­шайықовтың 90 жылдығына және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 80 жыл­дығына орай әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті шетел­дік­тердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасы Ә.Нұршайықов атындағы жыл сайын берілетін стипендияны тағайындау мақсатында ғаламтор арқылы студенттер мен жоғарғы сынып оқушылары арасында «Адам және әлем» атты әдеби шығармашылық байқау жариялады.
Содан бері бұл байқау аталған факуль­теттің жыл сайын өткізетін әдеби-мәдени дәстүріне айналып отыр. Алғашқы екі жылда сайыс тек жазушы Әзілхан Нұр­шайықовтың шығармаларына арналған болса, кейінгі жылдары байқауға еркін тақырыптағы прозалық көркем шығар­малар (әңгімелер), өлеңдер, көркем пуб­лицистикалық шығармалар (очерк, эссе) қабылданып келеді.
Байқау өткізілген 4  жылда барлығы 252 үміткер 425 шығармамен сайысқа түсті. Нәтижесінде әр жылдары жүйрік шыққан  жеңімпаздар диплом мен 1, 2 және 3-ші дәрежелі стипендияларға және ынталандыру сыйлықтарына, ардагер жазушының факсимилесі қойылған кітаптарымен  әл-Фараби атындағы Қазақ  Ұлттық  универ­си­тетінің Ғылыми Кеңесінде марапатталып отырды. Осы шараның қалай бас­тал­ғаны жөнінде бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды.
«Қазақ тілі қандай ғажап десеңші, шіркін! Ол тек қазақтардың қауымдасу құралы ғана емес. Сонымен бірге, ол – даналық тілі, адам ойының қайталанбас ғажап ой-өрнегі, жан сезімінің жар­қыраған інжу-маржаны. Қазақ тілінің даналығы мақал-мәтелдер мен Абайдан басталса, оның өзге сұлулығын ұлтының өзегін өртей қуантып, қызықтыра, қыз­ғанта паш еткен Әуезов пен Мүсірепов дер едім» деп ой толғайды қаламгер Әзілхан Нұршайықов. Әрі қарай әл-Фараби атын­дағы Қазақ Ұлттық университеті студент­тері Динара Қайролла, Лена Қыдыралина, Назерке Зияділдә жазушы шығарма­лары­нан үзінді оқып, ән-күймен көпшілікті сүйсіндірді.
«Тәрбие екі түрлі: «жұдырық және жүрек тәрбиесі. Жұдырықпен сіңірген тәрбие жүз жылда да жұқпайды. Жүрек тәрбиесі жүз жыл балталасаң да бұзыл­майды», – деп жазады жазушы. Ендеше, жүректен шық­қан туынды жүректерге жетіп, үлкендік пен кішіліктің, ізгілік пен сүйіс­пенші­ліктің, адалдық пен адам­дықтың, даналық пен даралықтың дәнін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетіні анық.
Бүгінгі ҚР Ұлттық кітапханасында ашылып отырған осы шағын  бөлме «Сүйікті қазақ халқы! Мен сенің ұлың болғанымды мәңгілік мақтаныш етемін» деген Әзілхан Нұршайықовтың  халқына деген шексіз махаббатының жаршысына айналып, аясына сөз өнерін қадірлейтін оқырмандарын жинай беретініне сенеміз.

Ж.Нұршайықова,
Г.Ә.Мұсаева,
Р.И.Дүйсенбаева,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ оқытушылары.  

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір