Аңсағаным – Алматы!
02.12.2016
1643
0

Ермұрат Зейіпхан


***
Өртейдi, мазалайды,
Өзiме-өзiм кескен жаза-қайғы.
Арғы беттiң көгiнен жұлдыз ақса,
Бергi беттiң көңiлi азалайды.

«Сұм өмiр абақты…» деп жадап талып,
Алматы да жүргенде далақ қағып.
Әке-шешем жолымды күте-күте,
Кетiптi ғарыш жаққа қанат қағып…

Мен жеткенде,
Бейiттер жайдақтанған,
Дала шөбi қаумалап – жайлап та алған.
Қайтейiн, Ата-Анамды өзi туған
Топырақ мәңгiлiкке байлап қалған.

Жұрт айтты: – дала безер бала кептi,
Жұрт айтты: – дала безер бала кеттi.
«Сұм өмiр абақты ғой…» кiм сенедi?!
Тек, мәңгi өкiнiшiн ала кеттi.

***
Жұлмаланып қу тiрлiктiң қолымен,
Бөзге айналдым айрылған өңiнен.
Сәби болғам, бозбала да,
Болғам дүр,
Оралмасқа  жiбердiм ғой оны мен.

Қанда иiсi жоқ нәсiп терiп кәсiптен,
Көз қып жүрмiн көппен асып-тасып тең.
Өкiнiштен өзекте өрт, жанда   дерт,
Сұр жыланды бауырыма басып мен.

Менсiз  өтпес той-думандар, ол бiрақ,
Менiкi емес,
Үйге оралам қалжырап…
Қалталының қас-қабағын бақтырған,
Бұ тағдырдың,
Бұ қалжыңы – «қалжың-ақ».

Маңдайымда –
пысық болып тумағам,
(Ненi бiлiп, ұғар дейсiң қу балаң…)
Бiр тәттi әуен келдi мiне ғарыштан.
Сендерге емес, о, жарандар,
Бұл – маған!

СОПЫЛЫҚ
Аллаһұ
Аллаһұ,
Аллаһұлап –
Көңiлiң ақиқатпен тойынады.
«Фана» мен «Мағрипат» –  қанда тулап,
Дүние қайшы кезi жойылады.

Шек келтiрер ұстаздың жолына кiм,
Мың алғыс, тура жолы үшiн – Жарға!
Шыр айналып билейдi Конияның
Дәруiшi, Румидай мүсiндi ол да.

Аллаһұ
Аллаһұ,
Аллаһұлап –
Пәкiстанның Лахоры дүр сiлкiндi,
Жамағат, дамбор, табло – мә-мақұлдап,
Зiкiр-әннен ғаламат тылсым тұрды.

Сахына, алаңдары Марокконың,
Сопылық ғазал-саздың ұйығындай.
Күйге енген шағым едi ерек менiң,
Шырқ үйiрiлдiм Кербала құйынындай…

Орта ғасыр
Фараби тағылымдап –
«Қайырымды қаланың тұрғындарын…» –
Кеткенiмен, түсiнбей әлi дымға,
Ары тарт та, берi тарт бұл  құлдарың.

***
Қаңтар туған жанымды оттай көр де,
Тоқтай көрме жүрегiм –
Тоқтай көрме.
Iңiр реңдес тәнiмдi тастамағын,
Менен басқа жоқтай көк,
Жоқтай жерде.

Бүлкiлдетiп Ананың әз құрсағын,
Өмiр деп дүрсiл қаққан сол бiр сарын –
Мың құбылған дүние,
Дүр жалғанмен
Тiнi бiр – бағы өртеп, тоңдырса мұң.

Тiрлiктi бөлеп ызғар, мол жалынға,
Жүрегiң – күн секiлдi,
Ол – жану да.
Кеудемнiң оң жағы емес, ортасы емес,
Сыр бар-ау, орныққаны сол жағында.

Сен менi
Бiр бұйырған бақтай көр де –
Тоқтай көрме, жүрегiм,
Тоқтай көрме.

***
Тегi кәусар бұлақтан болса-дағы,
Тамырынан у ататын,
Тегi тентек, жын атқан болса-дағы,
Кем-кетiгiн уататын.

Жаны дауыл – жыр отпан болса-дағы,
Ет жүрегiн жылататын,
Атқылаған дүр оқпан болса-дағы,
Құлагерiн құлататын,
Заманда, заман, заманда –
Шексiз әлем,
Көктегi киелi тұрақтан болса-дағы,
Нұрын төгiп Тәңiрiм
Алабөтен ұнатқан болса-дағы,
Кiмге соңғы,
Кiмде оңды бұл ақ таң –
Кiм бiледi…

***
Астананың аспанында бұлттар,
Бұлттарда қилы-қилы ғұрып бар –
Таулы жерде –
Бұлқан-талқан бүлiнсе,
Жазықтарда –
Маң-маң басқан ұлықтар.
Алатаудың асқарында бұлттар,
Бар назарын Алматыға бұрып бар –
Төнiп келiп төпелейдi, төгедi,
Ағыл-тегiл аспан болар бұрқ-сарқ!

Дидарғайып,
Ғайып болар бұлттар,
Дамылдаған тұнық тамшы, тынып қар.
Будақтанып, шумақтанып, қаттанып,
Бiрде бүркiп, бiрде бәрiн ұрттар.

Бұлттарда –
Құйын қылық, құлық бар,
Жолаушыны тұмандатып құрықтар.
Кей өңiрдi –
Айналсоқтап, кетпейдi –
Кей өңiрге –
Жоламайды қылып дал.

Бұлттарда сондай-сондай  ғұрып бар.

***
«Өмiр» «бар» деген жоқ онда,
«Мәңгiлiк» деген ғана бар.
Тарау-тарау таратылмаған жол онда,
Кәрi кетiп, жатпайды келiп балалар.

О жақ солай,
Көз қарықпас жарық дүр,
Жан атаулы кететұғын бiрiгiп,
Ала-құла ат тағылмас, анық бұл,
Еңбек ету жоқ және өлiп-тiрiлiп.
Онда солай,
Жосылмайсың далаға,
Қызылтанау тасынбайсың үйге де,
«Мәңгi» сөзi мағыз болған санаға,
Эдембағы болмағансын дүние де.

О дүние – дүние емес,
Ол – рух.
Бәлкiм, ауа – тiрiлердiң тынысы,
Адалдықпен жұта алмаса болдырып,
Адал жұтса – күш-қуаты, ырысы.

Дұрыс! ауа –
Кеулеп кiрiп жан iшiн,
Бәрiнiң де бiр екенiн бiлдiрер,
Өзiмiз ғой жанды жалдап тән үшiн,
Бәрi-бәрiн бүлдiрер.

1991 ЖЫЛ. ҚАЗАН
Сайыс салған санаммен,
Тамам-ақыр  сағыныштың мандаты.
Осындай бiр қоңыр күзде келiп едiм саған мен –
Аңсағаным – Алматы!

Тентектеу жел,
Телiм-телiм жапырақ.
Қайда барсаң қарсы алатын кезектер…
Әлi есiмде – сары алтындай атырап,
Әлi есiмде –
Үмiттенген, күдiктенген мезеттер.

Балкондардан  ұлып барақ,
Сезедi ол – иесiне алмағайып жетсе кез.
Бiздер жаққа суық арап,
Барады әне көкше көз.

Актер болу –
Актер-көктер… қарманбақ,
Есiм ағам қырып-жонды Күнестiң бұл олағын,
Төрт жыл бойы жүрiппiн ғой армандап –
Бiр көруге  iргедегi
Жазушылар одағын.

Көңiл кейде мұңаяр,
Бәрi бұлдыр, көзiңе жас тұнғандай.
Алатаудың нәрлi суы сәл жұмсартқан «раял»
Бойға тарап, буырқанған күн қандай…

Ғашығым-ай, Алматы!
Осындай бiр қоңыр күзде келiп едiм мен саған…

ХИЖРАНЫҢ  1430 ЖЫЛЫ

Қағба –
Дүниенiң бетiндегi қара мең…
Физули.
Басқы тауық шақырмайтын шаһарда,
Сағатымның қоңырауы оятты.
Ас-суменен әзiрленген жатарда,
Тән табады тоятты.
Түнi қысқа,
Тамыз бен қыркүйектiң,
Iшiп-жеуден бас тартасың ұзақ күн.
Пәнидегi бұл қалауы жүректiң,
Бақидағы кеңдiгi үшiн тұзақтың.

Дастарқанда бал құрмасы Иранның,
Күн батады,
Алабұртар кеуiлiң.
Тiлеу тiлеп Жаратқанға иландың,
Бер тағы деп таңның алакеуiмiн.

Тiрлiк сертi –
Тасынам да басылам.
Бәрi Алланың қолында екен, бұл анық!
Ұлдарымның сипап қоям басынан,
Қағбаны сипағандай қуанып.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір