Тарих тереңіне бойлаған
02.12.2016
2123
0

(Исатай Исабаев шығар­ма­шылығындағы ұлттық құнды­лықтар)

Кәсіби графика шебері Исатай Исабаевтың туғанына 80 жыл толуына орай суретшінің «Жанымды сыйладым халқыма» атты ретроспективті көрмесі қазан айының ортасында Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында көрермен назарына ұсынылды. Автор шығар­машылығына арқау еткен әдет-ғұрып пен наным-сенім – ұлттық өнердегі басты құндылықтардың бірі. Көрмеге суретшінің батырлар эпосы, лирикалық-эпостық поэмалар және қазақ ақын-жазу­шылары Дулат Бабатайұлы, Абай Құнанбаев, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Хамза Есенжанов және тағы басқалардың құнды еңбек­теріне жазылған тақырыптық иллюстрациялары және өзге де 80-нен астам кескіндемелік және графикалық жұмыстары қойылды.

Бейнелеу өнерінде жемісті еңбек еткен дарынды қылқалам шебері Исатай Исабаев туындылары қазақ бейнелеу өнерінің өшпес мұрасы. Өнер жолын мектеп қабырғасынан бастаған ол онжылдықты бітіргеннен кейін Мәскеу полиграфиялық иститутына оқуға түсіп, оқуын 1965 жылы тәмамдайды.
Үлкен өнер жолына қадам басқан шебер графика саласында шартты сызықты терең меңгере отырып, ұлттық өнерге үн қосып, халықтың өмір тіршілігін, салт-дәстүрлерін тереңінен бейне­лейді. Отыз алты жыл баспа жүйесінде еңбек еткен мерейтой иесі «Жазушы», «Өнер», «Жалын» баспаларында бас суретші, Сәулет-құрылыс институтында аға оқытушы, Қазақстан Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетте бас суретші қызме­тін атқарады.
Шебер безендірген «Қазақ эпосы», «Қазақ тұрмыс салты» топтамасы мен «Жырау», «Жек­пе-жек», «Қыз қуу», «Айтыс» се­кілді шығармаларды көркемдеуі казақ оқыр­манына етене таныс.
1967-1970 жылдары автордың Абай Құнанбаев пен Мұхтар Әуезов шығармаларының желісі бойынша жасаған топтама туындылары айырықша көзге түседі. Абай поэмасының желісінде суреттелген автолитографиялары терең психологиялық толға­ныс­тары суретші танымының нәзік­ті­гін ерекшелеген. Қылқалам ше­берінің осы жылдардағы жаңа формаларды іздеу үстіндегі талпыныстары «Қазақ халқының тұрмысы» атты офорт техника­сындағы суреттерімен толыға түседі. Композициялық мазмұн мен идеялық  тәсілдердің рит­ми­калық үйлесімділігі, қанық бояудың байлығы бір-бірімен үндестік тауып, ерекше әсерге бөлейтін туындылар бір көрген­нен-ақ өзіне елітіп әкетеді.
«Халық эпостарының желісі бойынша» атты туындыларының сю­жет құрылымы эпостық жыр­ларға тән негізгі ерекшеліктерді сипаттауға бағытталған. Топта­маның бірінші көрінісін сурет­тейтін «Жырау» парағы  алғашқы бастама ретінде қабылданады. Шығарма желісі жыраудың ха­лыққа насихат айтып, әңгіме қозғауынан бастау алады. Жырау демекші, жырау – өз жанынан жыр шығарып айтатын және эпикалық  дастандар мен толғау­ларды орындайтын халық поэ­зиясының өкілі. Дәстүрлі қазақ қоғамында жыраулар халық арасында қоғамдық пікір қалыптас­тыратын қайраткер ролін атқа­рады. Жырау өз толғаула­рында замана туралы философиялық көзқарастарды, адамгершілік құндылықтар мен эстетикалық ойларды, қоғамдық әлеуметтік елеулі мә­селелерді көтереді. Яғни суретші жырау тұлғасын шығар­мада шартты сызықтардың тілі­мен астарлай отырып, тақырып аясын барынша кеңейте түскен. Композиция орталық бөлікке топтастырыла ұйымдастырылып, тепе-теңдікте шешілсе, артқы пландағы тау силуэтімен оң жақ бөлікте орналасқан киіз үй көрі­нісі қазақ сахарасындағы тыныс тіршіліктен хабар береді. Ал сол жақ бөліктегі баспалдақ-саты – композицияда қосалқы роль атқарса да, үлкен маңызға ие деталь. Өйткені, баспалдақ-саты төменгі кеңістік пен жоғарғы кеңістікті біріктіруші ретінде көрініс тауып, сол арқылы туын­дыдағы жырау образы ашылады. Бұл өткен тарих пен болашақты болжау тек жырауларға тән қасиет екенін дәлелдей түседі. Мұны автордың шеберлігі деп қараған дұрыс. Себебі, суретші жырау мен баспалдақ-саты функциясын композицияда мүмкін­дігінше сәйкестендіре шешім жасаған. Жыраудың жырларын бар ықы­ла­сымен тыңдаған көп­ші­лік кәрі-жасына дейін ден қойып, құрмет тұта назар аударуда. Деген­мен бұл насихатты мен­сін­бей, атүсті қараған көзқарас­тарды да кезіктіруге болады. Негізінен қарияның қабақ шыта қарағаны мен оның атына мінгес­кен бала жыраудың әңгімесіне бар зейінімен қызығу­шылық та­нытуы образды аша түскен. Шығарманың әсерлі жеткі­зіл­генін автор кіш­кене баланың ілтипаты арқылы көрсетеді. Мұн­да жырау алып тұлғалы ба­тырдың дүниеге келуі туралы болжамдарға тоқталып жатыр ма, әлде өткен тарихтан сыр шер­тетін қисса, дастандар желі­сін жырлауда ма, мүмкін батыр­дың болашақ ерліктері жайлы сыр шертуде ме, әйтеуір, атасымен атқа мінгескен кішкен­тай бала­ның бар назарын өзіне аудар­ған.
Кеңістіктегі қоюланған қара бұлттардың көрінісінен жырау­дың толғауындағы шиеленістер мен қарама-қайшы қатынастар нақты бейнеленеді. Туындыға бірден көз салғанымызда жұрт­шы­лықтың басым көпшілігі: ана­­лар қауымы, әсіресе, жас нә­ресте әлпештеген әжелер бар зе­йін­дерін сала құлақ түріп тың­дауда. Біз бұдан сол қоғам­дағы аналар­дың ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлгенін аңғара­мыз.
Бұл жағынан бір суретшінің ішкі жан дүниесін, рухани бай­лығын, шебер суретшілік болмысын ашатын шығарма болса, екінші жағынан тарихи, мәдени, философиялық дүниетанымнан сыр шертетін еңбек болып саналады. Кезінде осы туындыға бай­ланысты өнертанушы Құдай­берген Болатбаев өз пікірінде «Исабаевтың белгілі эпостарға арналған туындыларынан, өзін­дік қолтаңбасының өзгешелігінен өшпес өрнегін көруге болады. Дара сызықтардың дербестігін сақтап, таза күйде пайдалануы өмірді қазақ эпосы арқылы қа­был­дауы, алдына мақсат қоя отырып, мұратқа жетуі, өнердің өзе­гін дөп басып тануы», – дейді.
«Батырдың тууы» атты шы­ғар­мада дүние есігін ашқан жас нәрестенің өмірге келуіне бүкіл халық болып қуанысып жатқан сюжеттен әңгіме тақырыбы өрбиді. Туынды композициясын екі бөлікке бөліп қарастырамыз. Сол жақ бөлікте әлеуетті отбасында жарық дүниеге келген жас сәбиді аялаған сабырлы ана мен ата бейнесі көзге түседі. Киіз үйдің ішкі бір бөлігін ала отырып, көшпелі қазақ даласын­дағы киіз үй көрінісін шебер бейнелеген. бағалы ұлттық бұйымдары­мыздың әсем­дігімен ерекшелеп, қарама-қай­шы түстерде – ақ және қара дақтар мен нәзік сы­зықтар иірімінде баяндалған туынды сюжеті киіз үй ішіне жан берсе, екінші жағы­нан, осы от­басының дәулетті, бай жандар екенін дәлелдейді. Қос қария – ата мен әженің отыр­ған орындық­тары­ның тақ тәрізді орналасуы бұл әулеттің әлеу­меттік ортадағы алатын ор­нының жоғарғы дәре­жеде екенін көр­сетеді. Ата образы бейнеле­уінің өзінде-ақ көрген жанды бірден тәнті ететіні сөзсіз. Өйт­кені атаның отырысы, киген киімі, қолына ұстаған асатаяғы мен жас нәрес­теге үлкен үмітпен қараған көз­қарасынан асыл текті, данагөй қария екенін бірден байқай аласыз. Ал ана бейнесінде суретші оның  жас нәрестені қап­сыра құшақ­тап, халық басынан өтер күн­дер­дің ыстығы мен суы­ғына төзетін, қайсар ұлдың кіш­кентай бей­не­сіне үміт артып мейір­лене, сүйсіне қара­ған ана махаббатының шынайы болымысын өз мәресіне жеткізе суреттеген.
Туындыға терең үңіле қара­ғаныңызда шымылдықтың ар жағынан бесік көзге бірден көрі­неді. Қазақ бесікті қасиетті, киелі, құтты мүлік есептесе, мұн­да суретші бесікті шы­мыл­дық астына орналастырып, оның өзіндік құпиясы мен сырын жасырғандай. Сол жақ бө­ліктегі композиция желісі дина­микалық қозғалыстарға толы. Жас нәрес­тенің дүниеге келгеніне қуанған жұртшылық абыр-са­быр, барын елдің ертеңі болатын жас батырға арнап, бір-бірімен қуаныштарын бөлісуде. Суретші кейіпкерлердің қимыл-қозға­лысына ерекше кө­ңіл бөлген, әсіресе, жеңіл қимыл­мен алға қарай жүгірген сәби­лер­дің ақ көңілі, елім, жерім деген батыр­дың дүние есігін ашқанын сезіне қуанысып жүгіргендей. Автор оң жақ бөліктегі есікті ай­рықша же­ңіл сызықтар тізбегімен өрнек­тейді.
Суретшінің халық ертегілері­нен және эпостық жырлардан бастау алатын шығармашылық жолы – мәңгі жалғасқан ұрпақ сабақтастығы. «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қамбар Батыр», «Ер Тарғын» туралы батырлар жыры мен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Мұңлық- Зарлық» лирикалық жырларына безен­дірулер жасаған. Шығармалар желісі өте салмақты көріністер мен пластикалық формаларға толы бейнеленген.
Исатай Исабаевтың офорт техникасында жасалған туындылары бес топтамадан құралады: «Шопан», «Алтыбақан», «Қонақ», «Көкпар», «Шеберлер» атты еңбектері өзіндік қолтаңбасымен көзге түседі. Яғни суретшінің өнер жолына Пикассоның әсері мықты болған. Себебі, оның «Көк­пар», «Шеберлер» атты туындыларынан Пикассоға елікте­гендігі анық байқалады.
Танымал графика шебері түрлі халқаралық көрмелерде қазақ өнерінің құдіретін таныта білді. Оның туындылары Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемле­кеттік өнер музейінде және Қазақстан, Ресей, Италия, АҚШ, Австрия, Польша, Венгрия, Югославия, Чехословакия, Жапония және өзге елдердің жеке жинақтарында сақтаулы.
Исабаевтың түрлі тарихи кезеңдерден мағлұмат беретін шоқ­тығы биік, терең ойлы шы­ғармалары жас ұрпақты отан­сүйгіштікке тәрбиелеп, адам­гер­шілікке, эстетикалық талғамның көркеюіне өзіндік үлесін тигізері хақ. Сондықтан суретші-гра­фик­ті жеке дара тұлға ретінде қа­рап, оның шығармаларын әлі де тереңірек зерттеу уақыт ен­ші­сіндегі іс деп білеміз.

Батиза ӘДИ,
Ә.Қастеев атындағы
МӨМ-нің кіші ғылыми қызметкері, өнертанушы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір