МӨЛДІР СЕЗІМ, НӘЗІК ЖАН ИЕСІ
02.12.2016
1700
0

Өзі «сахна шебері» атаған кейіпкері, марқұм Әшірәлі Кенжеұлын қастерлей еске алып, тебірене толғай мақала арнаған автор – көрнекті әдебиет және мәдениет қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әшекең – Әшірбек Сығай да бұл пәниден озған. Алдыңғысына сөз бағыштап, соңғысы «сөз қалдырған» кешегіміз тұлғалардың рухтары пейіште шалқысын.


Аңқылдаған, арсалаңдаған, ақкөңіл Әшірәлі Кенжеұлының арамыздан кеткеніне де тура он үш жыл толыпты-ау! Өтіп бара жат­қан тұрлаусыз да, тоқтаусыз уақыт жылдамдығына не дерсіз? 2001 жылдың 19 қыркүйегінде д­а­рынды сахна шебері осынау опа­сыз жалған дүниені елу бес жа­сында тастап жүре берген екен. Иә, небәрі елу бес-ақ жыл ғұмыр! Неткен өкінішті! Нағыз жан-жақты толысқан, кемелденген кезінде аққан жұлдыздай зу етіп бұл пәниден өте шыққан қайран Әшірәлінің кісілік кел­беті турасында үндемей қалу мүм­кін емес секілді. Еш адамға за­­­лалы жоқ, үлкен-кішіге ина­бат­ты, аузын ашса жүрегі көрі­нер­дей адал да әділ Әшірә­лінің адамгершілік, азаматтық қа­сиет­­терін ешкім де жоққа шы­ға­­ра алмас. Демі таза еді. Тәр­бие­­лі еді. Шамшыл емес, шы­н­шыл-тын. Жағымпаздық, жа­­рамсақтық, жағымсыз әдет­тер­­ден ада-тын. Өзгенің сәтсіз­ді­гіне дәл өзінікіндей күйінетін. Дұшпанына да (егер ол бар болса, бірақ олсыз өмір қайда?) дос­тық қолын созып, ынтық жү­­регін ұсынар мөлдір сезімді, нәзік жанды азаматыңыз осы Әшірәлі болар. Ол – Адам еді. Сосын да, үлкен Актер болды. Адал да арлы адамнан ғана ақ­берен әртіс шығарын өнегелі өмірімен де, жалынды өнерімен де дәлелдеп өткен осынау ғазиз жан туралы қанша тебірене айтып, толқи жазсаңыз да атқары­лар сырымыз бен жырымыз шексіз болмақ.
Бір оқу орнында, бір ұстаздан тә­лім алған, бүлдіршін бозбала шақ­ты бірге қызықтап, қара нан­ды қақ бөліп жеп, қара суды бір ыдыстан кезек ішіскен асыл дос ортамызда орның бөлек еді-ау! Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының қыркүйек айы ерік­сіз еске түседі. Өнер оқуына кел­ген өрімдей қыз-жігіттер қа­зіргі қазақ консерватория­сы­ның ал­дындағы көгалда «әйда» ауыл­­дағыдай асыр салып жат­тық. Құманның (Тастан­беков­тың) он екі тілді шағын сырнайшасы тынымсыз безек қағады. Қуақы Мұратжан Мұқажанов бол­са әзіл-оспақтың тиегін ағы­тып, күлдіргі шумақтарды судай сапыруда. Әлия, Қарлығаштар сызылта шырқаған халық әуен­дері де буынымызды босатып, көңілімізді ерітіп барады. Дауысы гүжілдеген сұлу да қара мұрт­ты, сұңғақ бойлы бір бозбала күлкісін тия алар емес. Күлкісі қан­дай сүйкімді еді. Әлсін-әл­сін қуана қол соғып, айнала­сын­дағыларға серпін беріп қоя­ды. Көнелеу ақшыл плашы мен сұрғылт түсті кепкасы есімде қал­ыпты. Әшірәлімен алғашқы таныстық осылай басталған-тын. Сөйтіп, осыдан қырық се­гіз жыл бұрын он төрт жет­кін­шек оқуға түскенбіз. Жартысы ұл, жартысы қыз, сол топтан се­гі­зіміз ғана кәсіби өнердің соңы­на түстік.
КСРО халық әртісі, КСРО Мем­­­лекеттік сыйлығының ие­гері, профессор Хадиша Бө­кеева­ның және К.С.Станис­лавс­кийдің кө­зін көріп, дәрісін тыңдаған шә­кірті В.Н.Беляковтың алғаш­қы тәр­биеленушілері, қазіргі Қа­зақ­станның халық әртісі Құ­ман Тастанбеков, еңбек сіңірген өнер иесі, профессор Рахилям Ма­шурова, Қазақстан Рес­пуб­ли­касының еңбек сіңірген қай­раткері, өнерді өлердей сүйген Ғай­никамал Байқошқарова… Иә, осы аралықта сол сегіз кісі­ден бесеу-ақ қалғанымызды өкі­­нішпен мойындамауымызға шара жоқ. Мезгілсіз сөнген шы­рақ­тай жалп етіп, беймезгіл ақ­қан жұлдыздай жалт етіп, дәл қы­рық тоғыз, яғни мүшел жас­тарында бұл пәниден өте шық­қан Ерсайын Дүйсенбинов пен Қарлығаш Қабижанованың, небәрі елу бес жасында бақилық болған Әшірәлі Кенжеұлының есімдерін еске бір алмай қалай ға­на сөз бастарсыз… Жуықта ра­дио толқынынан Ерсайын жай­лы арнайы хабар жүргіздік. Бұйыртса, Қарлығаш жөнінде де сыр қозғаудың сәті келер деп ой­лаймыз. Адасқан арландай өнер бағын сырттан торып, әр түр­лі себептермен сахнадан шет­­теп жүрген талантты өнерпаз Мұратжан Мұқажанов тағдыры­нан да біреу хабардар, біреу бей­хабар.
Жә, сонымен бүгінгі күнгі тол­ғаудың жөні басқа, ағайын! Ал­пыстың сегізіне толған ақ­бе­рен азамат жайлы жақ ашпау мүмкін де емес. Иә, Әшірәлі Кен­же­ұлы да жаңағы жоғары­дағы үркердей топтың ортан қол­дай біреуі, бірегейі еді. Са­бақ­тасы­мыз, замандасымыз, тұрғыла­сы­мыз, әріптесіміз, қысқасы, өзі­міздің Әшірәліміз, бүкіл сахна сүйер қауымның Әшірәлісі еді. Бұрындары үл­кенді-кішілі сах­на қайрат­кер­леріне қызмет көр­сету – зерттеу­шілік, сын­шы­лық парызымыз болса, қазір­гі қалпымызды сту­денттік жылдарымызда аядай бөлмеде ай­­­­­қа­са жатып, құшақ жазыспа­ған күндер мен түндерді бірге өт­кізіскен адал дос алдындағы борышымызды орындауымыз деп түсінеміз. Иә, солай. Ол екеу­міз бірге оқып едік. Өнер оқуын айтам. Институтты, Өнер инс­титутындағы қиқулы да қы­зықты заманымызды еске аламын. Ол кездері Құрманғазы атын­дағы қазақ консерваториясы Өнер институты деп аталатын. Таза музыка мамандарын даяр­лайтын оқу ордасының ті­келей атын өзгертіп жіберген де сол, қазақ өнеріндегі үркердей ғана талантты топтың бастарын қос­қан (шағын да болса) әйгілі театр факультеті болса керек. Сол шағын факультеттен шаңы­тып шығып, бүгінгі театрлары­мыз­дың шабыт отын тынымсыз үр­леген санаулы түлектер – ұлт­тық драма өнеріміздің айтулы қайраткерлері. Шүкір, сол кезгі титтей факультет, бұл күндері дербес өнер ордасына, Қазақтың Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясына айналған. Өріс кеңейген. Ауқым үлкейген. Әйтсе де, «Ашаршылықта жеген құйқаның ауыздан дәмі кетпес» деген мәтелдің мағынасына мән бермеуіміз жараспас.
Кішкене жылғалардан, ша­ғын көлшіктерден құралған алып мұхиттай шайқалған кең бай­тақ қазақ елінің шырайлы сах­на өнері оның ондаған-жүз­деген қайраткерлерімен өл­шен­бек, бедерленбек. Ұлттық өн­е­рі­мізге өзгеше белгі, өзіндік ру­­­ха­ни өрнек салып, халқы­мыз­дың эстетикалық ахуалының ке­мелденуіне отыз жылдан ас­там өлшеусіз үлес қосып келген Қазақстан Республикасының халық артисі Әшірәлі  Кенжеұлы да дәл сондай көпшілікке танымал, айтулы сахна шеберлері­міз­дің бірі болатын. Сонау шә­кірт кездерінен-ақ, ақ­­көңіл-адал­­дығымен, пәк аңғал­дығы­мен өз дос-жарандары арасында Атымтай жомарт­ты­ғы­мен ай­рық­ша беделге ие бол­ған абыройлы кісінің сахна тіршілі­гін­дегі де таза табиғаты оның шы­­­ғармашылық тұлғасы­нан да атой салып жатары заң­ды-тын. Ен далада еркін қыдыр­ған жү­зіңді аймалап сүйер ерке самалдай жаңға жайлы жуас мінез, бі­тімді бет-әлпет, келі­сім­ді кес­кін-келбет, арғы, ішкі жан сарайынан ақтарыла төгіл­ген әсем де барқыт, қоңыр үн төбе­сі­нен қанша қабат кірпіш­пен бас­тырып қойсаң да жатуы қиын қайратты, тым қайратты қалың қара шаш, баяғы бозбала кезінен бір өзгермей, танауының астында сұлап жатқан қияқтай сүйір­лене біткен сиқырлы да сұлу сәнді мұрт күні бүгінгідей жа­дымда. Ол мәңгі ұмытылмас та.
Бұл сырты ғой, сырты ғана сөз еткеніміз. Нәзік өнер ада­мы­ның ішіне үңілдік пе, кезінде. Әлем екен-ау, тұтас бір тұнып жат­қан әр түрлі… Сыр жатыпты-ау көкейінде сан алуан, әрқилы. Әрекет иесіне, сахнада тартыс т­уғызып, жоқ жерден күрес ашып, психологиялық мезеттер­де айтысып-арбасып, көзқарас, қимыл-қозғалыс, ым-и шарат­пен бүтін бір айқас алаңын көз алдыңа әкелер актерлер әулетіне тек сырттан қарап, аулақтан, алыстан назар тастар болсаңыз, ол ендеше, мамандық ерекшелі­гі­не, оның қат-қабат құпияла­ры­на пәлендей ден қоймағанды­ғы­ңыз. Сахна – сезімтал жан­­­­­­дар­дың мекені. Сергек жан­дардың өрісі. Ал сезім иелері секемшіл әрі сыр­шыл, сыншыл келеді. Әркез жү­ректері жыршыл, көкіректері күйге толы. Күйсандық дерсіз, сыр­сандық дерсіз бейнебір. Сә­кен ағам, Сейфуллин атам жыр­лаған сыр сандық есіңізде болар. Тек­ке жырламаған ғой, ақын оны! Әсіресе, ұлы шайыр Сей­фол­ланың Сәкені, босқа сөйлеп, қайран сөзін қор етер ме әрнеге. Сол сырсандық иесі де, сол күй сандықтың қожасы да актер бол­ған қашан да. Актердің ары – өнері. Осы орайда оны үш жағ­дай қинаған кезінде. Біріншісі, бая­ғыда «ә» деп ауылдан аттан­ған­да, Абай базарды мекендеген ел-жұрт ағайын-туыс, әке-ше­шеге «агроном болып оралармын» деген уәдесі бар-тын. Екін­шісі – сырлы сахнаның ке­ре­мет құпия машықтарын Ха­лық әртісі, Мемлекеттік сый­лықтың иегері, профессор Ха­­­­­диша Бөкеевадан оқып-үй­ренді. Ол кісі болса, өзімен қыз­мет­тес болып, бір шаңырақ са­тын­да қатар еңбек етіп келді. Кө­рермен қояр темірдей қатты та­лап тағы бар. Ауылға оралмады, уәде табан астынан бұзылды. Бүкіл ауылдастары агроном­дық­ты актерлікке айырбастап кет­кен жерлестеріне қалай қа­рай­ды?.. Қит еткен қадамын қа­дағалап отырмасына кім ке­піл? Оның үстіне актер өнерінің әліппесін оқытып үйреткен ұстазы қабаттаса, қанжығаласа, үзеңгілес үнемі өзімен қатар жүр­ді. Демек, сыншысы өкпе тұ­сын­да. Ал үшінші жағдайдың жөні мүлдем бөлек. Ол – көрер­мен алдында кешкісін берілер әр күнгі шығармашылық есеп еді. Ол өмір бойына жалғаса бе­рер айнымас әдет, өзгеше әлем-тін. Шәкірттік тұстағы сахна тала­бынан бертінгі академия­лық театр талғамы көш ілгері екендігі бұлтартпас шындық-ты. Сонау дипломдық қойы­лым­да Ж.Б.Мольердің «Сараң» комедиясында Гарпогонның «ит терісін басына қаптап» ойнаған талантты шәкірт-актер  Әшір­әлі­нің тамаша шеберлігі күні кешеге дейін жалғасын тауып жатты. Комиссия мүшелері жас өреннің ойын-өрнегін бір кісі­дей мойындасып, сонда-ақ, бір ауыздан ма­құлдасқан. Емтихан комис­сия­сының төрағасы, Халық ар­тисі Әзірбайжан Мәм­бетов жас  жігіт  беталысын тә­уір баға­ла­ған-тын. Кезінде
Х.Бөкее­ва­­ның өзін оқытқан Санкт-Петер­бург­тегі ақиық ак­тер, марқұм В.Меркурьев «Жа­рай­сың, Әші­рәлі» деп, сон­да-ақ оған жылы шы­рай көр­сеткен. Жайдары, ақ­жарқын, аңқылдақ адал жаратылысты жиырма үш жасар Әшірәлінің қайдағы бір сараң­дық­пен семіп қатқан, қы­тымыр да қатал жанды, қар­та­мыс адам­ның сахналық кескінін табиғи кейіп­тей алуы, сол кез­де­рі әлі тә­жірибе арттырып үл­гер­меген жас өрімге, әрине, оңай жүк бол­мағаны өз-өзінен белгілі.
Ол театр ұжымына сыйлы бол­ды. Сүйкімі, кісілігі, кішілігі зор еді. Өмірге, өнерге адал ниет­пен зер салды. Гастрольдер­ден шет қалып көрген жан емес-тін. Қа­зақ­станды тегіс аралады. Мәс­кеу, Өфе, Қазан, Тәшкен, Нө­кіс түгелдей адақталды. Тіп­ті, Парсы, Франция, Алмания жерлеріне де табаны тиді. Бәрі де сахнаның арқасы еді. Үлкенге іні, кішіге аға бола білген есіл Әшірә­лінің замандасы, тұрғы­ла­сы, әріптесі Әнуарға (Боран­баев­қа) деген пейілі алабөтен еді. Қайран Әнуар бір аяғынан айрылып, қос балдаққа тәуелді болып қалғанда Әшірәлі оны бір сәт те жалғызсыратқан емес. Жеңіл көлігіне салып алып, Әнуар қайда бастаса, оның сонда жүретінін талай рет бай­қа­ғанбыз. Аузынан әзілі үзілмей­тін, езуінен күлкісі кетпейтін Әнуардың әрқилы еркеліктеріне сабырмен қарап, шынайы дос­тықтың үлгісін көрсетуден тан­баған Әшірәлі парасатын бү­кіл ұжым жатқа білсе керек. Бер­тін­де денсаулығы кеміп, жасының егде тартуына байланысты, сахнадан сырттап, тіршілік хареке­тін­де жалғызілікті болып қалған Ха­диша апасының қас-қаба­ғы­нан да көзін алмаған адал шә­кірттің бірі Әшірәлі еді. Қаба­тын­да Хабиба, Шолпан, Би­кен­­дерге де ілтипат көрсетуді ұмыт­пайтын. Шәкірт кезінен ел­гезек мінезді, жақын тұтар ада­мына елжіреп тұрар Әшір­-
ә­лі­нің тура аузынан түсіп қал­ған­­дай Азамат баламызды көр­ген сайын «тәубә» дейміз. Шү­кір­ші­лік етеміз. Әшірәлінің өзі өлер­дей жақсы көріп өткен Айнұры мен Айжаны да қандай әсем қыз­дар болып өсті десеңіз­ші! Үшеуін де көзінің ағы мен қа­ра­сындай көруші еді ол. Не дер­сіз тағ­дырға? Олардың қызы­ғына тоймай кетті жалғаннан. Неме­ре­лі-шөберелі болып, шал­қып отыру бақытын тағдыр оған бұйырт­пады.
Азамат пен Айжанның көрер жарығы қоймаған болар. Қан­нен-қаперсіз жүрген Әшір­әлі­міз­дің табан астынан нілдей бұзылып шыға келгені бар емес пе? Бұған дейін өзара қиылыса қарасып, қол ұстасып жүрген парталас бойжеткенмен арадағы нәзік байланыстарды жақсы білетін бөлмелес жігіттер Әшір­әлінің бұл тосын қылығына таң қалыс­тық. Театрға таяуда ғана тұмсы­ғын тыққан үшінші курс сту­ден­­тінің ет пен тері аралы­ғын­дағы жай ғана желігі болар деп топ­шылағанбыз алғашқыда. Қа­те­лесіппіз. Кереку жағынан гаст­роль­дік сапардан оралған құр­­бымыз мүлдем өзгерген. Кө­бін­ше үнсіз. Артық ауыз сыр шаш­пас тұйық мінезге тап бол­ған. Арсың-гүрсін, ашық мі­нез­ді, айқын жүзді көпшіл досымыз секунд-сағат сайын біздерден алыс тартып бара жатқандай кө­рінді. Тобымыздан жырыла қа­шып, сегізінші ықшамауданға қатынайтын троллейбустарға (әй-шәй жоқ) тұра жүгіретін әдет тапты. Сөйтсек… Сөйтсек… аң­қылдақ досымыз Торғынның тұза­ғына әлдеқашан түсіп-ақ қал­ған екен. Сөйтіп, бір бой­дақ­қа кеміп шыға келдік. Үйлі-ба­ран­ды болып, көңілін демдеп алған асыл азамат, арқалы актер маң­дайымыздағы бірден-бір қа­ра шаңырақ М.Әуезов атындағы театр сахнасын ұзақ жылдар бойына шығармашылық думан­ға бөледі. Сахналық мехнаттың ащы теріне тұншыға малшынды. Өнер айдынында дәл өмір­дегідей өршелене малтыды. Өнер­ден басқа ойы жоқ-тын. Кейіпкерлерінің қуаныш-қай­ғыларына дәл өзінікіндей ысыт­па­лап өтті. Сахнадағы сенгіш­тігі, нанғыштығы қайталанбас мі­нез­дер еді. Аңғалдығы, адал­ды­ғы жөнінде мүлдем оқшау тұрар Әшірәлі болмысын жиі сөз етуіміз табиғи нәрсе. Амал қан­ша? Амал қайсы дейміз бә­рі­міз де мұңайып. Сөйтеміз де, шыңырау ой орманына үнсіз сүңгиміз әрдайым. Әрине, ой ой­ды қозғайды. Қиялды түртеді. Пенде біткенді пікірге, белгілі бір түйінге жүгіндіргендей болады. Көңілдің көк дөнені, сонау өзінің балалық бал дәуре­нін­де табанын тасқа талай тіл­­­­­гізіп, қара жолдың май топы­ра­ғын көкке көтеріп, ауыл шетін қою шаңға талай көмген жасөс­пірім Әшірәлінің туған жерін, төл мекенін еске салатындай. Сол ел-жұрттың бас көтерер ат­пал азаматтарына өтініш айт­қы­затындай.
Осы тұста Оңтүстік Қазақ­стан өлкесінің басшыларына, Са­рыағаш ауданының жетек­ші­леріне жеткізер сәлемдемеміз де жоқ емес секілді. Күлбілтелемей әңгіменің турасына көшсек, оның ұзын-ырғасы мынадай: «Құр­метті Әшірәлі Кенжеұлы­ның жерлестері! Оңтүстік елінің жаны дархан ақберен азаматтары! Өздеріңіздің жерлестеріңіз, есімі елге белгілі, Қазақстанның халық артисі, Мұхтар Әуезов атын­дағы академиялық драма теат­рының бел актері марқұм Әшірәлі Кенжеұлының дүние­ден өткеніне 2014 жылдың кү­зін­де (19 қыркүйек, 2001 жыл) он үш жыл толды. Жарық жал­ған­нан тым ерте кеткен талантты кісінің рухани мұраларымен ұрпақ мақтанар кез әлі алда. Аядай ғана ауылдан шығып, өзі­нің табиғи төл өнерімен алты алаш­қа аты мәлім болған жер­лестеріңізді Сіздер де зор мақ­таныш тұтатындарыңызды жақ­сы білеміз.
Жүзден аса сахналық бейнелер сомдап, көркем фильмдерге түсіп, ондаған таспаларды қа­зақ­шаға аударып, туған тілімізде шешен сөйлеткен шынайы су­рет­кердің отыз бес жылдық ерен еңбегін азсынуға ешкімнің де дәті жетпесі анық. Қозы Көрпеш, Абай, Шоқан, Демесін, Айтөре, Қайырбай сынды алуан мінезді жандардың кейпінде көрермен көңілін сан мәртебе жібіткен арқалы актердің есімін ел есінде қал­дыру – адамшылығымызға, әділ­дігімізге сын. Ол – өнер ада­мы. Әлбетте, оның ешкімге де материалдық жағынан көмек көрсетіп, (жол салдырып, үй тұр­ғызып дегендей) көзге түсе алмағаны рас, оның есесіне ол ел-жұртына рухани қуат, ұр­паққа тәлім-тәрбие, таусылмас тағылым тастап озды дүниеден. Осының бәрін ескере келе, біз­дердің, өнер қайраткерлерінің сіздерден сұрайтыны – Қа­зақ­станның халық әртісі, марқұм Әшірәлі Кенжеұлының туған топырағындағы (орталығы – Абай базар) бір мектепке немесе Мә­дениет үйіне және бала ке­зінде өзі екі санын шапаттап, та­лай шапқылап, шаңдатқан кө­шелердің біріне әйгілі жер­лестеріңіз, көрнекті актердің аты-жөнін беріп, оның есімін мәңгі есте қалдыру шарасына тікелей ұйытқы болсаңыздар екен. Қазақстан өнер қайрат­кер­лерінің көбі осы айтылған ұсынысқа оң қарайтынына титтей де күмәніміз жоқ».
Иә, талант тағдырлары қа­шан ­да ұқсас. Ол Римде де, Анго­ла­да да, Алматыда да бірдей. Талант жер талғамайды, ел таң­дамайды. Абай базарда туған Әшірәлі дарыны Алматы, Астана түгілі, Алмания, Алжир тұр­ғын­дары үшін де жәй нәрсе бол­мақ емес. Өйткені, өнер күші – жойқын да жасампаз. Ол – адам­зат біткенге ортақ һәм мәң­гілік.

Әшірбек СЫҒАЙ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір