БІЗ – АЗАТ ӘДЕБИЕТТІ ЖАСАУШЫЛАРМЫЗ
02.12.2016
1300
0

Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ,
ақын, ҚР мәдениет қайраткері


Тәуелсіздік – ұлт мүддесінің жеңісі.
Тәуелсіздік – азат әдебиеттің бастауы.
Құрметті жазушылар, қаламгерлер сіздерді Тәуел­­сіздіктің 25 жылдығы мерейтойымен құт­тық­тай­мын! Тәуелсіздік – азат әдебиеттің бастауы дедік. Егер ол – тәуелсіз әдебиеттің белгісі азат ой­дың ұлт ру­хының – оның тәуелсіз сезімінің бей­несін көр­сету болса, біз Қазақстан жазушылары сол азат әде­биетті жасаушылармыз. Әр қазақтың өзінің азат­тығын сезінуіне, тәуелсіздікті баға­ла­уына, сон­дай үлкен рухты болуына қызмет ету­ші­лерміз. Әл­­гінде ғана осындай құлшыныстағы жазу­шы­лар­дың бір парасын Кәдірбек Сегізбаев ағамыз атап өтті. Ол тізімдікті молайта түсуге болады. «Азат әде­биет» дегенде сондай құндылығы бар шығарма­лар­ды дәріптеуге, оны жазған авторларды атауға тиіс­піз.
Мен азаттықпен бірге Отанға оралған қазақпын. Ма­ған сөз берілгенде, ең алдымен, Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлының бастауымен оралған миллион қазақты айтамын. Ол миллион адамның оралуы ғана емес, миллион сағыныштың, миллион арманның, Отанын шексіз сүйген миллион жүректің оралуы; Отанына күшін беретін миллион білектің оралуы; Қаймағы бұзылмаған қазақ ті­лінің оралуы; Салиқалы салт-дәстүріміздің оралуы. Тек қазақ тілінде ғана сөйлейтін, тек қазақ ті­лін­де ғана тыңдайтын миллион рейтингтің оралуы; миллион электораттың оралуы. Бұл – қазақ әдебиетінің миллион оқырманы деген сөз. Қазақ ті­лінің миллион сақшысы деген сөз.
Әрине, осыншама сағынышпен, арманмен, ма­хаб­батпен оралған жұрттың бастауында соның бә­рін жан жүрегінен өткізетін ақын-жазушылар жүр­ді. Азаттықтың алғашқы айларында ғана қа­лам­гер інілерін ертіп Қазақстанға оралған Жақ­сы­лық Сәмитұлын айтамын. «Қаһарлы Алтай» көп том­дығы мен жаныңды баурайтын лирикалық хи­каяттары қандай еді ол кісінің! Қазір ол кісі ара­мыз­да жоқ. Бірақ қазақ әдебиетінде қомақты баға­лы дүние қалдырды. Тәуелсіздіктің 10 жылдығында азат әдебиетке жариялаған бас бәйгені «Көк­бөрі­лердің көзжасы» романы алды. Роман айтса, айт­қан­дай азаттықты шексіз жырлаған тәуелсіздік дас­таны еді. Соны жазған Тұрсынхан Зәкенұлы ол кезде отыздың ішінде ғана болатын. Қажығұмар Шаб­данұлының алты томдық «Қылмыс» романы да сол көшкен елдің теңінде келді. Роман бір кейіп­кердің, бір адамның басына жинақталған алты том­нан тұратын алып шығарма, қазақ тілінің, қа­зақ әдебиетінің қомақты қазынасы еді. Сол алыс­тан оралған ағайынның қаламынан туған жүздеген поэзиялық кітаптар, жүзге жуық прозалық шығар­малар бүгінгі қазақ әдебиетінің үлесінде. Алыстан оралған ағайынның азат елдің ән, өлең өнеріне де қосқан үлесі қомақты. Күн ертең елу жылдық ме­рей­тойы өткелі отырған марқұм Ермұрат Зейіп­ханұлының әр жанрдағы шығармасы ұлттың рухын байытқан дүниелер. Осында менің ауылдастарым Дүкен Мәсімхан, Бақытбек Бәміш, Ғалым Қали­бек­тер отыр. Бақытбектің сол жылдары жазылған бір шумақ өлең есіме түседі:
Берсең бер, бермесең қой азаматтық!
Әйтеуір арман жолын аман астық.
Қазақтың көк паспортын ала сал деп,
Кетемін ұрпағыма аманат қып.
Біз Қазақстанның азаматтығын алмай тұрып-ақ, өзімізді одан да биік сезіндік. Нағыз қаны та­сы­ған қазақ азаматы деп түсіндік.
Біз ұлттың бодан шағын көрдік. Сол бодан­дық­тан босап, тізесін қағып еңсесін көтерген, шалқая тұра келген сәтін көрдік. Азаттықтың алғашқы таңын көрдік. Азаттықтан асқан байлық, одан ас­қан қуаныш, одан асқан құндылық болмайды. Сол миллион адамдық көшпен бірге оралған көшпелі алтындай әдебиетіміз қазақ әдебиетіне құйған үл­кен өзен деп білеміз. Азаттығымыз мәңгі болсын. Тәуел­сіздіктің 25 жылдығы құтты болсын!

Тәңірімсің, Кең даласы қазақтың,
Қанымда тұр қасиетің құюлы.
Мені шексіз махаббатпен жараттың,
Сен үйреттің және шексіз сүюді.
Көзім көрді азаттығын ұлтымның –
Еңсе тіктеп көтергенін тізесін.
Қуанышы жүрек жарар бұл күннің,
Маған қандай күш бергенін білесің.
Отаным деп бұлқындым да ұмтылдым
Қайратты едім тепсе темір үзетін.
Сенде өтті ата-бабам еңселі
Таптым ізін – сан ғасырлық мұрасын.
Атамекен, құшақтадым мен сені
Құшақтауға жетіп тұрды құлашым.
Сүйген жарым маған арнап әр демін,
Маған ерді күйдіріп қос өкпесін.
Ұл-қыздарым менің асыл дәндерім,
Отанымда орман болып көктесін. («Асқар Жаку­линн­нің Монологы» атты өлеңінен).
Тәуелсіздік құтты болсын! Азаттық жыршылары жасымасын!
Қазақ тілі, қазақ елі жасасын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір