Кітап саудасын жүйелеу керек
02.12.2016
1120
0

Кәдірбек Сегізбаев,
жазушы


– Құрметті қаламдастар!
Ең алдымен бәріңізді ең ұлық ме­рекеміз – Тәуелсіздігіміздің 25 жыл­­дығымен шын жүректен құт­тықтаймын! Сіздер мен біздер өте бақытты ұрпақпыз. Өйткені, біз бабаларымыздың, одан бергі Алаш арыс­тары армандап өткен, тіпті, осын­ау қуанышты сәтті көре алмай кеткен ағаларымыз бен заман­дас­тарымызға қарағанда көк бай­ра­ғымызды желбіретіп тәуелсіз ел, тұғырлы мемлекет болғанымыздың ширек ғасырлық ғұмырына куә болып келе жатырмыз. Рас, өтпелі ке­зеңнің біраз ауыртпалығын көр­ген шығармыз. Әдебиет атты хал­қымыздың рухани қазынасын ор­тайтып та алған болармыз. Кемі 30 мыңмен тарайтын кітаптарымыз­дың баспадан жарық көре қалса, та­ралымы 2 мыңнан аспайтын күн­ге жеттік. Әдеби газет-жур­нал­да­ры да «шықпа-жаным шықпаның күйін кешіп қалды. Мұның бәріне нарықтық экономика, әдебиетке, өнер­ге деген мемлекеттік қам­қор­лық­тың азайғаны себепші екені сөз­сіз. Содан да болар, жетім бала­ның күйін кешіп кеткен қаламгер атаулының кітабы шықса, қал­та­сын толтыра қаламақы алатын кеңес­тік кезеңді жиі еске алатынымыз… Ең алдымен кітапты шығару. Оны тарату жүйесі бұзылды. Бұрын Қа­зақ Тұтынушылар одағы, Қа­зақ­кітап, «Союзпечать» мекемелері шы­ғатын кітаптар каталогі бойынша әр облыс, әр ауданнан тапсырыс жинап, сол бойынша кітап таралымын белгілейтін. Таралым саны кө­бейген сайын өнімнің өзіндік құ­ны төмендеп, кітап бағасы арзан­дайтын. Көп таралымнан түсер пайда да молайып, қаламгерге тиетін үлес те көбейетін. Жазушылар одағы бастамашы болып, кі­тап­ханаларға тарайтын, сатылымға тү­сетін кітаптар саудасын жүйелеп отыратын бір орталық керек сияқ­ты. Қазір бас­па көп. Олар да қар­жысын құйған кез келгеннің кі­тап­тарын шығара беруге мәжбүр. Со­дан да «шөп те өлең, шөңге де өлең» дейтін заман туды. Оларды «Неге шығардың?» деп ешкім де айта алмайды. Бұл – нарықтың за­маны. Менің айтып отырғаным, Жазу­шылар одағы мүшелерінің жанр­лық кеңестерінің сараптауынан өткен көркем әдебиетті тарату, оның саудасын жолға қою. Бәлкім, бұны айтылып жүрген «Әдебиетті қолдау қорын» ұйымдастырып, соған жүктеген дұрыс болар. Қазір эко­номикамыздың ілгері басуының әсері болса керек, айта-айта жауыр бол­ған, қаламақыны көтеру мәсе­ле­сі де сөз бола бастады. Қазақ жақ­сылықты күтіп үй­ренген жұртпыз ғой. Күтеміз де.
Сөйтіп, нарықтық кезеңдегі, яғни тәуелсіздік жылдарындағы әде­­биетіміздің халі қалай? Шүкір дей­міз, әдебиетіміз біраз тоқыра­ға­нымен, тоқтаған жоқ. Қиындық бар екен деп, жазуын тоқтатқан жазу­шы – жазушы емес, еңбегімнің өнбегі жоқ деп қағаз-қаламын жинап қойған ақын – ақын емес. Жа­зылып жатыр, жұртқа жетпегенмен, кітаптар шығып жатыр.
Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұ­маділов ағаларымыз романнан соң романдарын туындатып жүр. Сек­сеннің сеңгірін бағындырған Шериаздан Елеукенов ағамыз ғылыми еңбектерімен қоса романдарын ұсынды. Медеу Сәрсекенің деректі про­залары «Тамаша адамдар өм­і­рі­нен» сериясымен Мәскеуден де жа­рық көрді. Замандастарымыздан Төлен Әбдік, Қажығали Мұхам­бет­­­қалиұлы, Қойшығара Салғара­ұлы, Тынымбай Нұрмағамбетовтың шығармалары көптеп жариялануда. Биылғы жылы Мемлекеттік сый­лықтың иегері атануға санаулы күн­дер қалған Бексұлтан Нұр­же­кенің «Әй, дүние-ай» романы ав­тор­дың ғана емес, әдебиетіміздің қо­мақты табысы болды дер едім.
Ізбасар іні-қарындастарымыз, ақын-жазушылар: Рахымжан Отарбаев, Ұлықбек Есдәулет, Жәркен Бөдеш, Иран-Ғайып, Ғалым Жайлыбай, Тұрысбек Сәукетай, Не­сіп­бек Айтов, Несіпбек Дәутаев, Күләш Ахметова, Шәрбану Бейсенова, Жұмабай Шаштайұлы, Асқар Алтай, Әлібек Асқаров, Әділбек Ыбырайымұлы, Айгүл Кемелбаева, Қуаныш Жиенбаев, т.б.-лардың, әлі 25 пен 35-тің арасындағы жас қа­лам­гердің аяқ алыстарына қа­рап, қазақ әдебиетінің ертеңгі сер­пінді қадамын көзге елестетемін.
Ал аса қарымды прозашы Дулат Исабеков досымызды қазақ драматургиясын шет елдерге танытып жүрген мақтанышымыз деген дұрыс болар.
Бұрын шығармаларымыз тек орыс тіліне аударылып, бағы жан­ған бірлі-жарымы ғана аудармадан басқа тілге аударылатын. Қазір Құ­дайға шүкір, Колумбия универ­си­тетімен бірлесіп жарық көрген екі кітап қазақ әдебиетінің қарым­ды қаламгерлерін мұхиттың арғы жағына таныстырған құптарлық қа­дам болды. Әрі қарай жалғасты бол­ғай. Қазір біраз ақын-жаз­­у­шы­ларымыздың кітаптары ағылшын, қытай, түрік тіліне аударыла бастады. Бәрекелді дейміз! Алайда, кім­нің еңбегі қай тілге аударылады дей­тін мәселені кімдердің, қалай ше­шетіні жұмбақ болып қалып отыр. Шамасы, бұл мәселе Одақ­тағы жанрлық кеңеске салынса, талас-тартыс болып кетер деген қауіп­тен осындай шешілсе керек. Өзге тілге аударылып жатқан аза­мат­тардың «мынау дұрыс болмап­ты-ау» дейтін біреуі жоқ, алайда жария шешім өміршең болмақ деп ойлаймын.
Алматы облысының әкімі Аман­дық Баталов біраз белгілі ақын-жазушының кітаптарын ағыл­шыншаға, орысшаға аудартып шы­ғаруға демеуші болыпты, өңір жазушыларының кітаптарын шы­ғаруға да сүйеуші болып жүр. Тіпті, жас қалам­герлерге баспана алып беруде де ол кісі үлгі көрсетуде. Әт­тең, басқа әкімдерге де осынау жақ­сы қасиет жұғысты болса ғой.
Қазір еліміз өркенді, дамыған 50 мемлекеттің қатарында. Қуа­нар­лық жағдай. Ел аман, жұрт ты­ныш болса, Тәуелсіздіктің 50, 100 жыл­дықтары да тойланар. Алла со­ған жеткізгей! Рахмет!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір