Ойыннан ой іздеу
25.11.2016
3492
2

Спорт дегенде көз алдыңа батыр тұлғалы кісі елестейтіні бар. Иә, расында да бүгіндері Әлем спортында ойдан гөрі күш пен алғырлыққа негізделген ойын түрі көбейген екен. Бұның себебін әлділердің әлсіздерді жаншып, әркез тұқыртуға дайын жүретін тосын мінезден іздеген жөн секілді. Дегенмен де, шахматтан Әлемнің 13-ші чемпионы Гарри Каспаров бір мерейтойда сөз сөйлеп тұрып: «Темір – материя. Ол сынады. Ал ой өзгеріссіз қалады», –
деген сөзін естіген біраз шенеунік орнынан бір тұрып, бір отырған екен. «Қазақ та спорт, оның ішінде интеллектуалды спорттан құралақан емес қой» деген ойдың келуі мұң екен, «Дөңгелек үстел» әзірлеуге деген құштарлық оянды. 


– Бүгіндері спорт дегеніміз не және оның мән-маңызы, қажеттілігі мен дамуы жөнінде айта кетсеңіз­дер?..
Дәурен КӨБЕЙҰЛЫ,
спорт шолушысы:
– Жалпы, спорт өте керемет нәрсе ғой. Ол белгілі ереже немесе дәстүрге сай көбінесе жарыс күйін­де өтетін әрекет. Спорт жалпы алғанда физикалық мығым­дылықпен қатар, ақыл-ойдың қа­лыпты қызметіне тікелей байланысты дүние. Адам баласы спортпен денсаулығын жақсартып және моральдік жағынан күшею үшін шұғылданады. Мәселен, спорттың даму тарихына зер салсақ, қоғамдағы өзгерістермен қоса, спорттың мән-мағынасын да түсінуге болады. Қытай жерінде біздің дәуірден 4000 жыл бұрын қазіргі спорт мағынасына жақын әрекеттің болғанын айқындайтын заттар мен құрылыстар бар. Гимнастика ежелгі Қытайдағы кең тараған спорт түрі болыпты-мыс. Перғауындар мазарларындағы бейнелер мен заттар бірнеше ға­сырлар бұрын да спорттың әр ­тү­рі болғандығынан хабардар етеді, оның ішінде жүзу мен балық аулауды айта кетуге болады. Ежел­гі парсы елінде поло және рыцарлар­дың найзаласу жары­сының негізі қаланған-ды. Ежелгі Грекияның өзінде алуан түрлі спорт болған. Ең дамыған түрлеріне күрес, жүгіру, диск лақтыру және арба жарысын жатқызсақ болады. Осы тізімге қарағанда Ежелгі Грекияда (жалғыз онда ғана емес, т.б. жерлерде) әскери мәдениет пен әскери өнер спортқа тікелей қатысты болған. Сол жерде әр төрт жыл сайын Пелопонессе маңында Оли­м­пиада ойындары өтіп  тұрған. Осы күндері адамзаттың даму деңгейіне сәйкес, әсіресе, БАҚ пен байланыс жүйелерінің пайда болуымен спортпен шұғылда­на­тындардың да саны арта түсті.
– Спорт пен патриотизм егіз бе?
Қанат МАҚАШЕВ,
жеңіл атлетикадан спорт шебері:
– Егіз! Себебі, сен елжанды аза­мат болмасаң, онда жеңіске же­те алмайсың. Есіңізде болсын, кез келген адам Отаны үшін барын беруі керек. Совет кезінде біз патриот болдық. Қазақты, қазақтың жерін сүйдік. Сөйтіп, жарыс сайын жанымызды салып, ар үшін арпалыстық. Бүгіндері қазақ спор­ты қарқынды дамып келеді. Мысалы, Өзбекстан мен Қырғызс­тан спортшыларымен салыстыр­ғанда көш ілгеріміз. Бірақ бір өкініштісі сол, сырттан әкесінің құнын төлеп спортшыларды алдыратын «ауру» таптық. Сонда: «Қазақ не істейді? Қайда барады?» – деген сұрақ туады. Жалпылдап солардың қас-қабағына қараймыз. Сөйтіп, өзімізді-өзіміз біреудің алдында тәуелді етіп қоямыз. Егер тарихқа көз жүгіртсек, егемендік алғалы Қазақстанға қанша спортшы әкелінді және оның қаншасы қазір елімізде қалды? Санаулы. Иә, бірі әлем біріншілігінен, бірі Олимпиададан жүлде алып берген де шығар. Ал қазір солар қайда, ал олардың ізін басқан спортшыларымыз ше? Кейде кәсіби маманды емес, әуесқойды тапқанымызға мәзбіз. Шетелде бәсеке мықты болғандықтан, көбісі шыдас бермей, басқа елге көшіп жатады. Сондай бір «үшінші сорттыларға» жалынып-жалпайғанға әбден әдеттенгенбіз. Осындайда қазақ­тың данышпандығына қайран қаласың. Жазба әдебиеті аз сақ­тал­са да, халқымызда ауыз әде­биеті өте мықты дамыған ғой. Үлкен ой, идея бір ғана мақал-мә­телге сыйып кетеді. «Тауық сойса да, қасапшы сойсын» деген ғой бабаларымыз. Өйткені, әр сала­ның өз маманы бар. Мысалы, мен спортқа 5 сыныпта оқып жүр­генім­де келдім. Міне, содан бері бұл сала өмірімнің бір бөлшегіне айналып кеткен. Яғни мен – спортшымын. Ал спортшы деген Ұлы есім. Сондықтан, мен журналист, я құрылысшы, я бизнесмен бола алмаймын.
Дәурен КӨБЕЙҰЛЫ:
– Қақаң дұрыс айтады. Бүгін­дері спортта толып жатқан проблемалар бар. Бір қарағанда бәрі жақсы, бәрі дұрыс секілді көрін­ге­­німен, шешілмеген мәселе шаш-етектен. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кезінде: «Ауыл­­ға көңіл бөліңдер!», – деп тап­сырма берді. Арты науқанға айналды да кетті. Биліктегілердің барлығы жапа-тармағай ауылдарға жүгірді де, шалғай жерлердегі жағ­дай біраз дұрысталғандай көрінді. «Ауыл жылы» бітіп еді, барлығы қайта жайында қалды. Неге сол жалғасын тауып, бақыланбайды? Себебі, оны тәптіштеп тексеріп жатқан адам жоқ. Бұдан бөлек, неше жылдан бері қазақ тілінің мәселесін шеше алмай жүрміз. «Қазақша сөйлемейді» деп бір-бірі­мізді айыптаймыз. Ал өз ісі­мізге, сөзімізге мән беру жоқ. Совет Одағының енді тарап жат­қан тұсында Кишинев (Молдова) қаласында тұратын досымның үйіне бардым. Ауылда тұратын әкесінің үйіне қонаққа шақырды. Сыныптастары келіп, сәкіде әңгімелесіп отырсақ, әлгі үшеуі бір-бірімен тек молдован тілінде сөйлеседі. Мен отырмын көзім бақырайып түк түсінбей. «Орысша сөйлеңдерші, мен де араласайын» десем, досым: «Садық, кешір, мен молдован бауырыммен өзге тілде сөйлесе алмаймын», – дейді. Міне, біздің елмен салыстыруға да келмейтін, кішкентай ғана мем­лекеттің ұстанымы осындай. Кей­де осы жағдайға жетуіміз масық­қа­нымыздың да кесірі ме екен деп ойлаймын. Бірақ қазір жағдай біртіндеп түзеліп келе жатыр, тү­зе­леді де. Тек болатын істің тезірек орын алғанын, мәселенің жыл­да­мырақ шешілгенін қалап тұра­мыз.
Қанат МАҚАШЕВ:
– Спорт  жастардың қолында. Бәрі айналып келгенде сапалы кадрге тіреледі. Елімізде жастарды қолдауға арналған «Дипломмен ауылға», «Болашақ» деген секілді бағдарламалар көп. Бірақ олардың нақты жіберілетін, өңірі, аймағы көрсетілмеген. «Көш жүре түзеле­ді» дейміз ғой. Мысалы, әр маман­дық бойынша жоғары оқу орындары облыстарға сұрау жіберілсе деп ойлаймын. «Лондонда Қазақс­тан 12 орын алып, Әлемді дүр сіл­кіндірді», – дедік. Егер соның бәріне ой көзімен қарасақ, сол алтындарға біз қалай қол жеткізік? Екі Қытай, бір Ресей спортшысы, өзге жүлделерде де солардың үлесі бар. Егер соның бәрін алып таста­сақ, біз қай сатыда тұрушы едік?! Таңғаламын. Бізде ағылшын тілін білетін маман қазақ тілін біле­тін­нен әлдеқайда жоғары тұрады. Осының өзінен-ақ басшылықтың қазақ спортшыларына деген көз­қарасын байқауға болады.
– Мынандай бір сұрақ қойғым келіп тұр. Негізінен, спорт маңызы жағынан өз ішінде екіге бөлінеді ек­­ен. Біріншісі, күш-қуатты қажет ете­­тіні, екіншісі ақыл-ойға баса на­зар аударатыны. Осы ретте, қа­зақ­та интеллектуалды спорт қан­ша­лықты дамыған?  
Дәурен КӨБЕЙҰЛЫ:
– Сіз айтып өткен интеллектуалды спорттың бірі – дойбы. Ол спорттың дамуы бұдан бірнеше ғасыр бұрын басталды. Көшпенді бабаларымыз (сақ дәуіріндегі) «шатран» деген ойынды білген екен. Әуелгі кезде оны ойнауға тыйым салғанына қарамастан қа­зақ даласына тез тарап кетіпті. Сауда керуендерінің қазақ даласына келуіне байланысты бізде бұл ойын халықтың сүйікті ойын­да­рының біріне айналған. Қазақ­с­тан­ның Шығысында бұл ойынды «дойбы» десе, Батыс аймақтарда «шатраш» деп атайды. Қазақтың «екі жеп биге шығу» деген сөзі бұл ойынның ежелден келе жатқан­дығының, оның ұлттық ойынымыз екенінің бір белгісі. Қазақ­-
с­танның бірінші чемпионаты 1935 жылы өтіп, оған 12 ойыншы қаты­сыпты. Бір ерекшелігі, алғашқы чемпион ұлы Абай немересі, се­мейлік Әрхам Кәкітайұлы Ысқа­қов (бұрынғы деректерде Әкрам) болғандығында. Әрхам Кәкітай­ұлы екінші рет 1949 жылғы өткен республика біріншілігінде чемпион болған. Бұл кісі сонымен бірге тоғыз құмалақты да жақсы ойна­ған, бірнеше рет ел біріншілі­гіне қатысқан. Абайдың мұра­жайында ұлы ақын ойнаған дойбы тақтасы мен тастары сақталған. Қазақтан бірінші болып дойбыдан спорт шеберлігіне кандидат болған – Шәкір Әлімбайұлы Жамбыршин. 1931 жылы Мәскеу қаласының біріншілігінің қола жүлдегері, 1969-1975 жылдары Республика дой­бы федерациясының прези­денті, екі рет Қызыл Ту орденді, КСРО Министрлер Кеңесінің лауреаты. Бұл кісі соғыс алдында өткен Мәскеу қаласының бірін­шілік­терінде сол кезде Мәскеуде студент болған кезінде ойнап орындаса керек. Бұл нәтиже сол кездегі өте үлкен жетістік, себебі, ше­берлер мен кандидаттар ол кезде саусақпен санарлықтай бол­ған. Содан былай қазақ дойбы­шыла­рының спорттық жетістіктері бірте-бірте өсе бастады. Қазақтан дойбы, шахмат және тоғыз құма­лақ жайлы алғашқы үйрену кіта­бын жазған Талапбек Сұлтан­бекұлы. Ол «Дойбы ойыны», «Шах­мат ойнай білесің бе?», «Шах­мат, дойбы, тоғыз құмалақ» сынды кітаптардың авторы. Қазақ жігіттері арасынан тұңғыш дойбыдан спорт шебері болған – Бақ Қуанышбайұлы Иманәлиев. Бақ Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қамбаш ауылының тумасы. Жастайынан көзі көрмей қалған жігіт тағдырдың тәлкегіне көнбей білім алып дойбы үйірмесіне қатысып, әуелі әздер арасындағы, сосын сау көзділер арасындағы жарыстарда озып 1984 жылы алғаш рет КСРО финалына қатысқан бірінші қазақ жігіті. Қазақстанның өзінің дойбыдан спорт шебері көпке дейін болмады. Себебі, дойбыдан спорт шеберінің нормасын орындау алынбайтын қамалдай болды. Республика чемпионы болу аздық етті. Мысалы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы болған көкшетаулық Қайырлы Әбдірайы­мовтың өзі спорт шебері нормасын орындауға жете алмады. Спорт шеберінің нормасын орындау шар­ты өте қиын болды. Жарысқа кем дегенде 7 спорт шебері қатыс­қан жағдайда, кем дегенде 70 па­йыз ұпай жинау қажет болды. Сонымен бірге, арнаулы одақтық сарапшылар комиссиясы партия­лар­дың сапасын тексеріп ойын шеберлігі тиісті деңгейде деген жағдайда ғана спорт шебері деген атақ берілетін. Міне, осы атаққа, мұндай шоқтығы биік көрсеткішке 1982 жылы Бақ Иманалиев қол жеткізді. Ол 30 жасында «Буревестник» ерікті спорт қоғамының одақтық біріншілігінде қазақтар арасында тұңғыш рет спорт мас­терінің нормасын артығымен орындап тұңғыш дойбыдан спорт шебері атанды. Бақ Қуанышбай­ұлының бұл жетістігінің ерек­ше­лігі – көздері сау ойыншылармен болған жарыста жеңуі еді. Көзі сау гроссмейстерлер мен мастер­лер­дің өздері жарыстарға чемодандары толған дойбы теория­сының кітаптарын арқалап жү­­ре­тін, әр дойбышыға қарсы оның партияларын талдап дайындалатын, спорттың осы түрімен кәсіби айналысып жүргендер еді. Тео­рия­лық жаңалықтарды Бақ арнаулы дойбы әдебиетінен өз бетінше оқи алмады. Дойбы Мек­кесі саналатын Мәскеу, Ленинград, Одесса сияқты орталық­тардан жырақ тұрғандықтан мықты гроссмейстерлермен кез­десіп тұруға еш мүмкіндігі болмады. Міне, осындай жағдайда бір ғана өзінің таланты мен ерекше есте сақтау қабілетіне сүйеніп ойнады. Ол осы атағын кейінгі жарыстарда одақ­тың ең мықты спорт шеберлері мен гроссмейс­терлерімен жарыс­тарда бірнеше рет дәлелдеп көр­сетті. Мен бұны неге айтып отыр­мын?! Себебі, қазақ спортының, оның ішінде интеллектуалды спорттың тарихын білгенде ғана өзімізге деген қызығушылық арта түседі. Бізге бәрі Батыстан келіп, қазақ аспаннан аяғы салбырап түсе қалғандай көреміз.
Қанат МАҚАШЕВ:
– 2010 жылы Санкт-Петер­бургте өткен дойбыдан әлем бірін­шілігінде төрт бірдей қазақ өз жасындағы біріншілікте жеңіске жетіп, әлем чемпиондары атанды. Ақтөбелік 15 жасар дойбышылар Мират Жекеев пен оралдық  Алтынай Жұмагелдиева қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпиондары, ал Ресейде тұратын қандаста­рымыз Жанна және Мәжит Саршаевтар (Астрахань) өз құрдастары арасында әлем чемпионы атанды. Арада бір жыл өткен соң Мират Жекеев Азия біріншілігінде чемпион болып алғаш рет қазақтан бірінші болып халықаралық гроссмейстер атағын алды. 2013 жылы тағы бір жерлесіміз ақтөбе­лік Ахмет Бәшімов халықаралық гроссмейстер атағына қол жет­кізді.
Дәкеңнің қазақ интеллектуалды спортының тарихын білуге қатысты ойына толықтай қосыла­мын. Спорт үшін ең қауіпті нәрсе – нигилизм. Себебі, ол Отаны үшін емес ақша, байлық үшін жеңіске жеткісі келеді. Ал тарихты білмеген адам қалайша өз елінің патриоты бола алады?!
Айталық, көптеген ойындар негізі ерте заманда ойлап табыл­ған, дойбы да соның қатарынан. Дойбы типтес ойындар ежелгі Мысырда кең тараған.
Шахмат пен дойбының ұқсас­ты­ғын бұл екі ойынды ойнамаған адам да байқай алатын шығар. Екі ойында да тақта мен тор қолда­нылады, қара және ақ болып бөлі­неді және кезекпен жүріп отырады. Дойбының қазіргі түрін 12 ғасырларда француздар ойлап тапқан. Ойлап тапқанда қалай, олар шахмат пен мысырлық Алькерк деп аталатын ойынын қосып дойбы ойынын шығарған. Дой­быдағы тастардың жүрісі, яғни диагональ бойынша жүреді, бұл шахматтағы «патшайымның» (ферзя) жүрісінен алынған. Сон­дықтан да Англияның кейбір жерлерінде дойбыны «draughts», яғни шахматтағы патшайымның жүрісі деп атайды…
– Дойбы ойынының зерттеушісі Гарольд Мюррейдің айтуынша «дой­бы ойыны әлемде басқа ойын­дарға қарағанда өте жәй тараған» екен. Бұдан шығатын қорытынды, спортта алдыға бірінші ой емес, күш озады деуге негіз бар ма?
Дәурен КӨБЕЙҰЛЫ:
– Меніңше, күш пен ой қатар жүруге тиіс. Спортшы сонда ғана үлкен жетістіктерге жетеді. Мәсе­лен, бір қарағанда бокс беттен былшылдатып ұра беретін спорт түрі секілді көрінгенімен, өте ақылды әрі алғыр болмасаң ұтыла бересің, ұтыла бересің. Әли, Фрей­зер, Форман, Шулц, Тайсон, Мейвезер, Головкин, Пакьяо, Дзюлар өте ақылды боксшылар ғой. Ақылды болмаса ол Әлем чемпионы атанбас еді ғой.
– Қазақтың ұлттық спорт түрі жөнінде не айтар едіңіздер? Атам қазақ сөз бен істі қатар алып жүрген ғой…
– Мен былай ойлаймын… Қа­зір Храпатый, Илин, Зайчиков, Жаппарқұл, Рахимов, Өтешов секілді зілтеміршілердің шығуы тегін емес. Себебі, қазақ топы­ра­ғынан қаншама  білекті де жүректі батырлар шыққан. Ал интеллектуалды спортқа келер болсақ, асық ату – ертеден келе жатқан қазақтың ұлттық ойын­дарының бірі. Ұлттық ойындар көбінесе әр халықтың әлеу­мет­тік-экономи­калық жағдай­ларына, шаруа­шылық мүм­кін­шіліктеріне байланысты қалыптасқан  ғой. Қазақ халқының ұлттық ойын­дары­ның көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Шаруа­шы­лығы мал шаруашылығына негіздел­ген­діктен қазақ халқының ұлттық ойындары да осыған  икемделген. Әсіресе, қойды көп  өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді. Сондықтан асық ойындары ұлт ойындарының ішіндегі арыдан келе жатқан көнелерінің бірі болып  табылады. Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды  дәл­дікке, ептілікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді. Одан кейін  көкпар…
– Көкпарды интеллектуалдық спорт түріне жатқыза аласыз ба?
– Әрине! Өйткені, бұнда тек күш қана емес, ойлылық та басым болады. Яғни бұнда жылдамдық пен логика үлкен роль ойнайды. Көкпар – қазақтың ұлттық ат спор­ты ойындарының бірі. Дәс­түр­лі қазақ қоғамында көк­парға жасқа толған серкенің семізі таңдалған. Семіз серке терісі жыртылмайды. Бұл жарыста салт аттыларға оңай тимейді. Өйткені, салмағы 30-40 кг немесе 50-60 кг болатын бассыз серкені (ешкі) спортшылар жерден көтерулері немесе қарсылас команда ойыншысынан тартып алып «мәре салым» қарсыласының қазандығына салулары керек. Қарсылас коман­даның ойыншысынан серкені тартып алуға, басқа ойыншыға беруге рұқсат етіледі. Серкені қан­жығаға байлап алуға, қарсылас командалардың аттарын аяғынан ұшырып түсіруге, оларды шық­пыр­туға, үркітуге, атты екі аяққа көтеруге тыйым салынады. Көк­пар жігіт­тердің күш-жігерін, төзім­­ділігін, батылдығы мен еп­тілігін, ат үстінде мығым отыруын және ойлануды қалыптас­тырады. Сонымен қатар, көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт.
Қанат МАҚАШЕВ:
– Ұлттық спортымыздың iшiндегi шоқтығы биiк, қалыпта­сып орныққан спорт түрi, бұл – тоғыз­құмалақ. Міне, нағыз интел­лектуалдық спорт деп осыны айт. Бұл спорт түрi – әлемдiк мә­дениеттiң озық үлгiлерiмен бой теңестiре алатын, қазақ халқының ежелден келе жатқан рухани, логикалық ойлау өнерi. Жарыс командалық болып келеді. Команда құрамы 2 ер, 2 әйел. Жарыс Қазақстан Спорт істері жөніндегі комитет бекіткен қолданыстағы жарыс ережелері бойынша өткізіледі. Команда жеребе тарту бойынша 2 кіші топқа бөлінеді. 1 орын алған команда өз кіші тобында финалдық топ құрып, 1- 2 орындар үшін ойнайды, 3-4 орын алғандар 5-8 орындарға және т.б. ойнайды. Кіші топтағы ойын нәтижелері финалда есепке алынады. Топшалардағы және финал­дағы ойындар айналу жүйесі бойынша бір айналымда өткі­зіледі. Жеңімпаз команда жинал­ған ұпай саны бойынша анық­талады, жеңісі үшін – 2 ұпай, тепе-тең үшін – 1, жеңіліс үшін – 0 ұпай.
– Қанат аға, осы орайда ойын және оның мән-маңызы туралы айта кетсеңіз…
– Ойын – баланың білім-білік дағдысын қалыптастыратын  тәр­бие құралы. Балабақша балалары болашақ иесі болғандықтан дү­ние­жүзілік мәдениетті танитын, өзінің төл мәдениетін білетін, сыйлайтын, рухани дүниесі бай, саналы ойлайтын деңгейі жоғары білікті болуы міндетті. Ата-ба­бала­рымыздың ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесін, мәдение­тін жасөспірімдер бойында саналы сіңіріп, қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, мінез-құлқын, өмірге деген көзқарасын, бағытын дұрыс қалыптастыру тәрбиеге байланысты. Мектепке дейінгі мекемелерде адамгершілік тәр­биесі тәрбиелеу және білім беру үрдісінде әр түрлі іс-әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Олармен ойынның әр түрін ұйымдас­тыра отырып, бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, достық, жолдастық сезімдерді тәрбиелеуге болады. Ал балаларды қоршаған ортамен таныстыру, тіл дамыту, табиғатпен таныстыру, бейнелеу өнері сабақтарында өлі-тірі табиғатқа деген сүйіспеншілік, үлкендердің еңбегіне қызығу мен сыйластық сияқты адамгершілік сапалары қалыптастырылады. Қазақ ауыз әдебиетіндегі, әсіресе, балалар фольклорын дамытушы негізгі бір сала – балалар ойыны. Ойын – балалар өмірінің нәрі, яғни оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғы шарты және халық­тың салтын үйренуде, табиғат құбылысын тануда олардың көру, есту, сезу қабілеттерін, зейінділік пен тапқырлықтарын дамытады. «Адам өркениетке бейім болуы үшін балалық шақты бастан кешуі міндетті, егер ойын мен қызыққа толы балалық шақ болмаса, ол мәңгілік жабайы болып қалған болар еді» деп К.Чуковский бала денесінің дамуы мен ой-дүниесінің өркен жаюы ойынға тікелей тәуелді екендігін атап көрсеткен. Қазақ халқының жылдар бойы атадан балаға жалғасып, қалып­тасқан ұлттық дәстүрі, әдет-ғұрпы, тәрбие мектебі бар. Барша­мызға белгілі, ойын арқылы баланың дене құрылысы жетіліп, өзі жасаған қимылына сенімі артады. Баланың бойында ойлау, тапқырлық, ұйымдастырушылық, шыдамдылық, белсенділік қасиеттер қалыптасады. Ойын дегеніміз – жаттығу, ол арқылы бала өмірге әзірленеді. Ойын – мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті. Сұлтанмахмұт Торайғыров «Балалықтың қанына ойын азық» деп бекер айтпаған. Өйткені, ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады. Ойын мазмұны мен түріне қарай: мазмұнды-бейнелі, қимыл-қоз­ғалыс, дидактикалық, құрылыс, кейіптендіру ойындары болып бөлінеді. Мазмұнды-бейнелі ойында балалар ойын мазмұнын түсінікті етіп жеткізуге тырысады, оған қажетті құрал-жабдықтарды табуға талпынады, оларды дайындау үшін еңбектенеді, ал еңбек ұжымдық іс-әрекетке біріктіреді және шығармашылық іс-әрекетке бағдарлайды, балалардың өзара қарым-қатынасын реттеп, олар­дың бойында адамгершілік сапаларды қалыптастырады. Бала алған рөлдеріне сай кейіпкердің киімін киіп, қимылын, дауыс ырғағын мәнерлі жеткізуге тырысады, көркемдік сабақтардан (ән-саз, бейнелеу өнері сабақтары) алған білімдерін пайдаланады, қуыршақты ұйықтату үшін бесік жырын айтып әлдилейді, бейнелеу өнері сабақтарында жасаған ыдыс, үй жиһаздарын, қағаздан құрастырған заттарды ойын құ­ралы ретінде пайдаланады. Мазм­ұнды-бейнелі ойынның ерек­шелігі: оны балалардың өздері жасауында, ал ойын қызметі ай­қын өнерпаздық және шығар­машылық сипатта болады. Бұл ойындар қысқа да, ұзақ та болуы мүмкін. Құрылыс ойынында бала сызық бойына әдемі үй құрылысын жасап, оның бояуларының бір-бірімен келісімді болуын қадаға­лайды. Құрылыс материалдарын пішіні, түсі бойынша симметриялы орналастырып, оларды көлемі (кең, тар), биіктігі (биік, аласа) бойын­ша салыстырады. Ойын барысында шығармашылық танытып, жаңа мазмұн ойластырып, белсенділік көрсетеді. Өзінің және жолдастарының тұрғызған құрылыстарының сапасына баға береді. Дидактикалық ойын барысында есту, көру, сезіну, қабылдау сияқты үрдістері дамып, балалар музыкалық ойыншықтар мен әр түрлі саздық аспаптардың дыбыс шығару ерекшелігін ажыратуға, заттарды пішініне, түсіне, көле­міне қарай іріктеуге, әр түрлі қимыл­дарды орындауға үйренеді. Ауызша ойналатын дидактикалық ойындарда сұрақ, өтініш, келісімді білдіретін дауыс ырғақтарына еліктеу қабілеттері жетіледі. Ертегі немесе әңгіменің мазмұны бойынша бөлек-бөлек суреттерді пайдаланғанда оларды белгілі бір тәртіппен жинау үшін байқа­ғыштық пен тапқырлық көрсетеді. Қимыл-қозғалыс ойынында балалар санамақтар, өлеңдер, тақ­пақ­тар қолданады. Бұндай ойындарда балалардың ептілігі, қимылдың әдемілігі дамып қалыптасады, кеңістікті, уақытты бағдарлауға үйренеді, батылдық, тапқырлық, қайраттылық, достық, жолдастық көмек, тәртіптілік, ойын ережесіне бағына білу сияқты адамгершілік сапалар тәрбиеленеді. Бала өмір құбылыстарына, адамдарға, жан­уар­ларға деген ынтасын, қоғамдық мәні бар іс-әрекетке деген құштар­лығын ойын арқылы қанағат­тандыратындықтан, ойынның қай түрі болсын балалардың адам­гершілік тәрбиесінің дамуында маңызды роль атқарады. Жас ба­ла­ның өмірді тануы, еңбекке қа­тынасы, психологиялық ерек­ше­лік­тері осы ойын үстінде қа­лып­тасады.
Дәурен КӨБЕЙҰЛЫ:
– Негізінен қазақтың ұлттық ойындарын үш топқа бөліп қарас­тырып, бірінші топқа: «санамақ, тәй-тәй, айгөлек, соқыр теке, қуыр­маш, алақан соқпақ, ақ се­рек-көк серек», т.б. ойындарын, ал одан кейінгі топқа: «тақия тас­тамақ, тартыс, сиқырлы қоржын, бәйге, көкпар, асық, хан талапай, теңге алу, қыз қуу, орамал таста­мақ, ақсүйек, күрес», т.б. ойындарын жатқызуға болады. Мұндай ойындар баланы тез ойлауға, тап­қырлыққа баулып, жаңа тақы­рып­тарды жылдам меңгеруге ықпал етеді, сөз тіркесіне, ұйқас­тыруға дағдыландырады. Ұлттық ойындар – ата-бабамыздан бізге жеткен, өткен мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз, сондықтан оны күнделікті оқу-тәрбие үрдісінде пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеу­ге пайдасы орасан зор екендігі сөзсіз. Ұлттық ойын­дардың адамға тигізетін пайдасын халық ертеден-ақ білген. Алғашқы қауымдық құрылыс, ертедегі тайпалардың одаққа біріккен дәуірлері ұлт ойындарының едәуір дамыған кезеңі болды. Көшпелі өмір кешіп, мал баққан тайпалардың көзін ашқаннан көрген театры да, өнері де, көңіл көтерер қызығы да осы ұлт ойындары еді.
– Яғни Жансая Әбдімәлік се­кілді феноменнің шығуы заңдылық дейсіз ғой?..
– Кез келген Ұлы жаңалықты тарих пен халықтың болмысынан іздеу керек. Себебі, Асан баба­мыздың: «Ой түбінде жатқан сөз»  деген ойлы теңеуін әлі ешкім айта алған жоқ. Сондықтан спорт та ақыл-парасатты қажет етеді!..
– Сұхбаттарыңызға рахмет!

Әзірлеген Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 04.02.2020 | 23:20

Мам молодец мен понравился 👍👍👍✔

Аноним 04.02.2020 | 23:21

Мммолодец мен понравился 👍👍👍✔

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір