Су – нәр, су – тілсіз жау
25.11.2016
3348
0

Халық арасында табиғаттың тосын құбылыстары жайлы оның ішінде «топан су» туралы көптеген аңыз-әңгімелер мен қарама-қайшы пікірлер айтылады. Мәселен, сан ғасырлар бұрын болған жойқын су апаттары қайталануы мүмкін деген болжамдарды ара-тұра естіп жатамыз. Дүниежүзінің әр түкпірінде, сондай-ақ, өз еліміздің кейбір аймақтарында орын алған су басулар әлгі түсініктерді растай түсетіндей әсер қалдырады. Тосын құбылыстардың болуын Табиғаттың Адамзатқа қаһарланғанының белгісі деп те түсіндіретіндер бар. Ал ғалымдар бұл апаттарды ғаламдық жылынумен байланыстырады. Жалпы, дүние жүзіндегі су ресурстарын қорғау, ауыз судың сапасын арттыру, тосыннан болатын құбылыстардың алдын алу мәселелері бүкіләлемдік проблемаға айналғандай. Осы орайда мамандарға соңғы уақыттағы су тасқындарының жиілеуінің себебі неде? Әлемді бұрын басқан Топансу қайталанады деген болжамдар қаншалықты рас? Суға қатысты табиғи апаттарды болдырмау үшін елімізде жасалатын сақтық шараларынан бөлек, әлемдік деңгейдегі қауіпсіздікті ұйымдастыру үшін не істеуіміз керек деген сауалдарды жолдаған едік.


Дәулет Қалибекұлы,
география ғылымының кандидаты  

Су – жойқын күш

Жер шарында  халық  саны­ның өсуі күрделі, әрі шешімі қиын проб­лемаларды тудыратыны сөз­сіз. Солардың ішінде аса маңыз­ды­сы – су проблемасы, су сапасы. Өткен ғасырда планета тұр­ғын­да­рының саны шамамен төрт есе, ал суды пайдалану жеті есе өскен. БҰҰ-ның бас хатшысы Бүкілә­лем­дік су күніне 22.03.2009 ж. орай  жолдауында «Су – тең­де­сі жоқ байлық» деген болатын. БҰҰ-ның құрамына енетін Бү­кілә­лемдік Метеорологиялық ме­кемесі құжаттарының тақы­рып­тарының «Әлемдегі су қоры: ол баршаға жеткілікті ме?..», «Су – өмір мен ажалдың басты себеп­те­рінің бірі», «Су ресурстары ке­міп бара жатқан әлем…», т.с.с. бо­­лып келуі су мәселесі бү­кіл­әлем­­дік проблема екендігін көр­сетеді. Жер шарының қайсыбір ауданында немесе қандай да бір мемлекетте өркениет деңгейі жоғары болса, онда су көп пайдаланылады деген сөз. Суды пайдалану сол елдің өсу деңгейінің көрсеткіші деуге де болады.
Ал судың әкелетін қасіреттері ше? Олар: апаттық жағдайды ор­нататын судың тасуы, сел тас­қындарының адамдардың өмі­рі­не қауіп туғызуы, ғимараттарды қи­ратуы, егістік алқаптарды жа­рам­сыз етуі, т.с.с. Яғни су нысан­да­рының, өзендер мен суқой­ма­ла­рының қандай қауіп-қатерді бойына жасырып отыратыны бел­гісіз. Су басу – табиғаттың ең шы­ғыны көп құбылысқа жатады. Соңғы жылдары осындай төтен­ше құбылыстар планетамызда жиілеп кетті. Мысалы, жақын­да­ғы Амур өзеніндегі су тасуын алайық. Шілденің аяғында бас­талған жаңбыр тамыз айы бойы күнде дерлік жауды. Соның нә­ти­­жесінде өзен жайылмасы (өзен­­ге жақын орналасқан ойық аудан) 4-5 м. тереңдікте суға толды, су өзен бойымен 30-50 км.-ге жайылды. Қаншама елді ме­кен­дерді, жолдарды, егістік алқапты су а­лып кетті, адам өміріне қауіп төн­дірді. Немесе осыдан екі-үш жыл бұрын суының тасуынан апат­тық жағдай орын алған өзі­міздің  Жайық өзенінің еліміздің эко­номикасына біршама зиян кел­тіргенін айтуға болады.
Соңғы кезеңде су тасқындары және көктемгі қар мен жаңбыр суы­ның тасуы бұрынғыға қар­а­ған­да қауіптірек байқалуда. Се­бебі, біріншіден, бұл жағдай кли­­маттың біржақты жылынуымен түсіндіріледі, екіншіден, біз өзіміз кінәліміз… Себебі, су ны­сан­­дары­на жақын қоныс­танамыз (су ны­сандарының бірнеше жылда қай­­таланып отыратын деңгей­лері­нің экстремальді мәндерін ескермейміз), үшіншіден, әр жыл сайын Жер бетінде жүздеген жаңа су бөгендері салынады, се­бебі, олар адамзаттың өмір сүруі үшін аса қажет. Бірақ көптеген гид­ротехникалық ғимараттар қа­жетті беріктілікпен салынбайды немесе көбісінің әбден тозығы жеткен, ал оларды уақтылы жөн­деуге немқұрайлы қараймыз. Оның арты неге әкеліп соқтыра­тыны белгілі, алысқа бармай-ақ, соңғы жағдай – Қызылағаш трагедиясын айтуға болады. Қазіргі кезде 20%-дай бөгеттегі апаттар гидрологиялық есептеулердің дұрыс жүргізілмегендігінен болып отыр. Өткен ғасырдың ба­сын­да Жер шарындағы өзендер­дің қайта жаңарып отыру пе­рио­ды (яғни өзеннің бастауынан теңізге құяр жеріне дейін ағу уақыты) 16,5 тәулік деп саналды. Ал жыл сайын әлемде өзендердің бойында бірнеше жүз жасанды суқой­малары салынады. Олар өз кезе­гінде судың ағысын төмендетіп, бұл көрсеткіш 2-25 тәулік шамасында деп жорамалданады, сондықтан сумен тасылатын майда бөлшек тау жыныстары­ның, тұздардың арна түбінде шө­гуі қарқынды жүруде. Сол се­бепті, өзендер таязданып кеткен, үл­кен өзендерде кеме қатынас­тары тоқтатылған. Көктемгі су тасу кезінде мұндай бітелген өзен ар­насына су сыймай елді мекен­дер­ді, жолдарды шайып кетіп жа­тыр.
Ал таулы аймақтарда сел жү­ру қаупі жоғары. Селтанушы ға­лымдардың пікірінше, бұрынғы тұр­ғызылған селден қорғау жүйе­ле­рінің климаттың жылдам өз­геруі жағдайында сенімділігі тө­мен болып қалып отыр. Оның мы­салы ретінде былтырғы Алматы қаласының Наурызбай ауда­нын­да болған селді айтсақ та же­терлік. Мұндай әлемнің әр түп­кірінде болып жатқан «үлкен» су­дың апаттық жағдайларын жаңалықтардан көп еститін бол­дық. Сондықтан судан болатын гидрометеорологиялық қауіпті құбылыстардан қорғану немесе болдырмау бүкіл әлемдік мәселе болып табылады.
Жоғарыда айтылғандардың бә­рінен туындайтыны, су ресурс­тарына, судың жыл ішінде таралуына, су нысандары режиміне жә­не экстремальді гидрология­лық сипаттамаларына антро­по­ген­дік факторлардың тигізіп отыр­ған әсерін дұрыс бағалау бо­лып табылады.
Суды, су нысандарын, су қор­ларын және су проблемаларын Гидрология ғылымы зерттейді. Гид­ролог-практиктер өзендер мен көлдерде үздіксіз тұрақты ба­қылаулар жүргізеді. Гидролог-ға­лымдар су нысандарының мі­незін – режимін (тәртібін) бас­қа­ратын гидрологиялық про­­цес­терді оқи­ды. Суды қолдану мақсаттарына қа­рай әр түрлі гидротехникалық ғи­мараттарды жобалауды, күр­де­лі гидрологиялық есептеулерді жүр­гізеді. Кез келген көпір, жол ас­ты­нан (үстінен) өткізілетін құ­быр­лар, электр жеткізу желілері­нің бағаналары, қорғаныс дамбалар – барлығы гидрологиялық есеп­теулерді қажет етеді.
Келешекте еліміздің су қауіп­сіз­дігі мәселелерін шеше алатын бі­лікті гидролог-мамандарды дайын­дау – бүгінгі күннің басты та­лабы.


Айнұр Мусина,
география ғылымының кандидаты   

Су басудың алдын алу – өте өзекті мәселе

Сумен байланысты апаттар ту­ралы сөз қозғаған кезде, су ны­сандарының орналасқан жерін анық­тау маңызды. Сол себептен жа­зық жерлер мен таулы ай­мақ­тарда байқалатын құбы­лыс­тар­дың табиғаты, қалыптасу, жүріп өту ерекшеліктері, салдары әр түр­лі. Таулы аудандарда болатын су тасқындарына ауа темпера­тура­сының жоғарылауы мен мұз бен қардың шамадан тыс еруі, үз­діксіз нөсер жауындар ықпал етсе, жазық аудандардағы жыл сайын байқалатын қыс бойы жи­нақталған қардың көктемде кенеттен күн жылынуына байланысты күрт еруінен, теңіздер мен мұхит жағалауындағы жел қума құбылыстары орын алған жағ­дай­да байқалуы мүмкін. Әр уа­қыт­та, әр аймақта көрініс беретін бұл құбылыстардың орын алуы климаттық факторларға да тәуел­ді. Әйтсе де, жер бедері, көм­керу­ші тау жыныстары мен антро­по­ген­дік факторлардың ықпалын да жоққа шығара алмаймыз. Соңғы кездерде климаттық өзге­ріс­тердің әсерінен болып жатқан су басу­лар­дың алдын алу шараларын қа­растыру әлем бойынша өзекті мә­селеге айналып, ғалым­дар түр­лі зерттеулер жүргізуде. Ал осы аталған табиғаттың тосын құ­былыстарының жиілеуіне адам­дардың шаруашылық іс-әре­кеті басты себептердің бірі екен­дігі баршаға мәлім.
Біз кез келген құбылысты бол­жай алмауымыз мүмкін. Бі­рақ оның алдын алу шараларын жасау арқылы үлкен шығын­дар­дан сақтануымызға болады. Әр­бір су нысанының өзіндік ерек­ше­ліктеріне байланысты жа­­­сал­­ған болжам екіншісіне сай ке­ле бермейді. Кез келген апатты құ­былыстың қалыптасу ерек­ше­ліктері мен олардың туындауына ықпал етуші факторлар ғылыми тұрғыда өз тұжырымдамасын тап­қан. Сол себептен де біз мұн­дай құбылыстардың байқалуын үнемі табиғаттың адамзатқа қаһар­ланғанының белгісі деп ай­та алмаймыз. Сондықтан да қа­зіргі кездегі жиі су басулар мен су тасқындарының негізгі се­беп­тері жоғарыда айтылғандай, кли­маттық және антропогендік фак­торларға тәуелді.
Әрине, әлемдік деңгейдегі қауіпсіздікті ұйымдастыру бір-екі күнде шешілетін мәселе емес. Ол тыңғылықты жұмысты және көлемді дайындықты қажет етеді. Мұндай қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру барысында ғылыми негізделген тұжырымдамалар мен дәлелдемелерге сүйенге­ні­міз аб­зал. Сол себептен де апатты құбылыстардың орын алуына септігін тигізіп жатқан ҒТР сал­да­рымен күресе алатын ҒТР-2 қажет. Оның жетістіктері осы кезде орын алып жатқан апатты құ­былыстардың алдын алуға, оның зиянды салдарын төмен­дету­ге немесе тіптен болдырмауға бағытталуы тиіс. Осы орайда, елі­міздегі әрбір азамат эколо­гия­лық сауатын дамыту арқылы қор­шаған ортаны сақтай отырып, өз қауіпсіздігін қамтамасыз ете ала­ды деп ойлаймын.

Бетті әзірлеген Гүлім СЫДЫҚОВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір