БУЛГАКОВТЫҢ ӘКЕСІ ТАРАЗДА ТҰРҒАН
13.01.2017
1667
0

Бұл мақаланы жазуға театртанушы Жаңагүл Сұлтанованың «Еге­­мен Қазақстан» газетінде жа­рия­­ланған «Булгаковтың музей-үйі. «Қорқынышты пәтер» (24.08.2016) деген Мәскеуден жаз­ған мақаласы себеп болды. Орыстың бел­гілі жазушы-драматургі Михаил Булгаков көпшілікке «Иттің жү­регі» («Собачье сердце»), «Шебер және Маргарита», «Ақ гвардия» романдары және де көптеген қы­зықты әңгімелері мен тартымды пьесалары, «Минин және По­жар­ский», «Қара теңіз» опе­ра­лары­ның либреттосының авторы ре­тінде  кеңінен  танымал. Жазу­шы­ның біраз туындылары желі­сін­де бір­неше көркем фильмдер де түсірілген. Оның туған қаласы Киев­те, кейін еңбек еткен Мәс­кеу­де музей-үйлері бар. Қа­лам­гер­дің жазған дүние­лері шет тіл­деріне аударылып, көп тиражбен жарық көрген. Жазушының орыс әде­бие­ті­не қосқан зор үлесін оқырмандар соңғы кезге дейін мақтанышпен атап, мадақтап жатады. Сол Бу­лга­ковтың өгей әкесі дә­рі­гер Иван Пав­лович Воскресенский  тағдыр тау­қы­метімен, бізге белгісіз базбір се­бептермен Киевтен Қазақстанға жер аударылып, қазіргі Тараз қа­ласында біраз жылдар  еңбек ет­кені, оған киелі қазақ топырағы­ның бұйырғаны  жайлы біреу біл­се, біреу білмес. Түу сонау Ук­раи­на елінен шеттетіліп, тағ­дыр­дың тайғақ жолына кезіккен дә­рі­гер И.П.Воскресенскийдің Әу­­­­лие­ата өңіріндегі өмірі мен тағ­дыры жайлы тірнектеп жинаған мәліметтерді көпшілікпен бөлісуді жөн көрдік.

…Біздің Тараз қаласының қа­рақұлақ қариялары, медицина ардагерлері өткен жүзжылдықтың 40-60 жылдары облыстық ауру­хана­да Иван Павлович Воскресенский деген білгір, білікті дәрі­гер-терапевт болғанын еске алады. Ол бірер жыл участкелік дәрігер болып қызмет етіп, кейін зейнет­кер­лікке шыққанша терапия бө­лімінің меңгерушісі болып сол ем­деу орнында абыроймен қызмет етіп­ті. Ол туралы естеліктерді «Жам­был облысының медицинасы: кеше және бүгін» (Алматы, «Қа­зАқпарат», 2009, 384 бет) деген кі­тап-монография дайындау ба­ры­сында там-тұмдап тірнектеп жи­нап, ғаламтор-интернет ар­қы­лы да біраз мәліметтер іздедік. Бі­рақ дәрігер И.П.Воскресенский  жазу­шы М.Булгаковтың өгей  әке­сі еке­нін ол кезде білмеген едік.
Бір жолы Тараз мемлекеттік пе­дагогикалық институтының ға­лым-профессоры, филолог Апутан Ғапарұлы Шуканов  телефон шалып, біздің «Жамбыл облы­сы­ның медицинасы» атты кітаптан дә­рігер Иван Павлович Воск­ре­сенс­кийдің  есімі бірнеше жерде кел­тірілгені жайлы айта келе, ол әй­гілі орыс жазушысы Михаил Афанасьевич Булгаковтың өгей әкесі (отчимы) екенін хабардар етті. Міне, біз күтпеген қызық факт! Сөйтіп, Апутан ағамыз дәрі­гер И.П.Воскресенский жайлы тереңірек іздену керектігі жайлы ой қозғады.
Тарихқа тереңірек үңілсең не­шебір күтпеген оқыс оқиғаларға, тың мәліметтерге кез боласың. Әу­лиеата өңірінде кезінде кім бол­маған, кімдер тоқтамаған, кім­дер еңбек етпеген?! Қазан революциясына дейін бұл қалада әлемге әйгілі ғалым-академик, гельминтология ғылымының не­гізін қалаған мал дәрігері, паразитолог, Социалистік Еңбек Ері  К.И.Скрябин алғаш еңбек жолын бастап, зерттеу ісі мен ғылым жолына осында түскен. Белгілі әс­кери қолбасшы, мемлекет қайрат­кері Михаил Фрунзенің әкесі Ва­силий Меркіде медицина фельд­шері болып еңбек етіп, жер­гілікті  елдің денсаулығын сақтау­ға атсалысып, сол жерде дүние сал­ғанын, сол жердегі ескі бейітте жерленгені белгілі.  Көрнекті орыс жазушысы Галина Серебрякова және күміс көмей польяк әншісі Анна Герман  біраз жыл Таразда тұр­ған. Немістің белгілі суретшісі Брюм­мель де осында біраз жыл тұрып, творчествосына серік еткен. Қазақ  халқының белгілі біраз қайраткерлері де Әулиеата жерінде айдауда болған…
Болашақ жазушы Михаил Бул­гаков 1909 жылы Киев медицина университетіне оқуға түседі. Бірақ кенеттен басталған Дүние­жүзілік соғыс оны қысқа мерзімде 1916 жылы тәмамдауға мәж­бүр етеді. Сондықтан сол жер­дегі қала­лық әскери госпита­ль­да еңбек жолын бастап, жа­ра­қат­танған әскерлерді емдеуге қол­­ғабыс етеді. Бірер уақыттан кейін Смоленск губерниясының түк­піріндегі Никольск деревня­сын­дағы шағын емханаға қызмет­ке жіберіледі.  Жас дәрігер Ми­хаил Афанасьевич күн демей, түн демей тәжірибе жинап, жергілікті ха­лыққа аянбай еңбек етеді. Кейі­нірек Вязьма қаласының ауруханасына ауысады. Осы жылдары ол дәрігерлікпен қатар газет-жур­нал­дарға мезгіл-мезгіл мақалалар жа­зып, ел көзіне түсе бастайды. 1920 жылдан бастап ол дәрігер­лік­тен мүлдем қол үзіп, алғашқы жы­лы Владикавказда, кейін Мәс­кеу­ге келіп таза шығармашы­лық­пен айналысады.
Бізге жеткен мәліметтер бо­йынша, Киевте тұратын Булгаков­тар­дың отбасының достары көп болатын. Солардың бірі – дәрігер Иван Павлович Воскресенский еді. Ол 1906 жылдан бастап отағасы Афанасий Ивановичтің емдеуші  дәрігері бола жүріп, көпбалалы Бул­гаковтар отбасына жақын кісі бо­лып, бірер жылдан соң мүлдем сіңіп кетті. Тіпті, жастық леппен мор­фийге әуестеніп, келе-келе оған тәуелді бола бастаған жас дәрі­гер Михаил Булгаковты 1917 жы­лы есірткі-нашақорлықтан ем­деп, қатарға қосқан да И.П.Воскресенский болатын.
«Дәрігер Иван Павлович Вос­к­ре­сенский, орыс дәрігерлері ара­сын­да сирек кездестін жақсы қа­сиет­тердің бірі – кедей от­басын­дағы науқасқа шақырумен келгенде ақ­ша алудың орнына керекті дәрі-дәрмектерге өзі тиын-тебен беріп, қамқорлық жасайтын, бұрынырақ Маньчжурияда әскери дәрігер бол­ған жан болатын… Дәрігер Воскресенский жақын, өз адамымыз еді», –  деп жазады зерттеуші Лидия Яновская дәрігер И.Вос­-
к­ре­сенский жайлы. Болашақ жазу­шы­ның әкесі Афанасий Иванович қай­тыс болғаннан кейін жеті баласы бар  анасы Варвара Михайловна біраз қиындықтарға ұшы­рап, 1918 жылы отыз жастағы Иван Павлович Воскресенскийге тұр­мысқа шығады.
«Иван Павлович өте сабырлы, па­расатты кісі еді. Ол Варвара Ми­хайловнаны және біздің барлық от­басымызды сыйлайтын. Ол көп сөйлемейтін, бірақ кішіпейіл, жұм­сақ мінезді, ішкі дүниесі бай, пейі­лі кең сұңғақ бойлы, қағілез жан болатын… Науқас кісінің ша­ғымын жинап, мән-жайды анық­тап, тамағын зерттеп, өкпе­сін тыңдайтын. Өзімен бірге әр­дайым ойыншық, конфеттер ала келетін. Ол  кедейшілік, ашаршы­лық, басқа да қиындықтар мол жыл­дар еді…  Біз оны жатырқамай, Че­­ховпен салыстыратын бо­ла­тынбыз», – деп жазады Т.Л.Ка­вецкая.  Ал И.В.Кон­­­чаковская: «Тұп-тура Чехов. Сондықтан да көпшілік оны «чеховский доктор», – деп атай­тын дейді. Булгаковтар отбасы өгей әкелеріне құрметпен қа­рай­тын. Оған мысал келтірер бол­­сақ, аға­йындылардың бірі Ни­ко­лай Афанасьевич (жазушы Ми­хаилдің туған інісі) Воскресенс­кийге  1922 жылы жазған хатында: «С Вашим образом у меня связаны самые лучшие, самые светлые воспоминания как о человеке, прино­сив­шем нашему семейству утешение и хорошие идеи доброго рус­ско­го сердца и примеры безуко­риз­ненного воспитания. На словах мне трудно выразить мою глу­бокую благодарность за все то, что Вы сделали маме в нашей тру­дной жизни, нашей семье и мне на заре моей учебной жизни», –деп ағынан жарылады.
Киев қаласында  дүниеге ке­ліп, сон­да дәрігер болып еңбек етіп жүр­ген Иван Павлович Воск­ре­сенскийді тағдыр қалай ту шалғай жатқан Қазақстанға, оның Әу­лиеа­та шаһарына  айдап келгені, оған не себеп болғаны бізге беймә­лім. Мүмкін, ол сол кездегі Кеңес­тік сайқал саясаттың құрбаны бол­ғандардың бірі болған шығар. Мы­салы, сол кезеңде атышулы жазу­шы А.И.Солженицын 1950-ші жылдары Мойынқұмдағы Көк­теректе мектеп мұғалімі болып, мәскеулік хирург Е.И.Восковская, ле­нинградтық профессор,  дәрі­гер-лаборант А.М.Рапопорт (оның қан құрамы­нан алкоголь мөлшерін анықтай­тын тәсілі көпшілкке бел­гілі) Әулиеата қалалық ауруха­насында біраз жыл еңбек еткендері кешегі тарихтан белгілі емес пе?
– 1950-ші  жылдарының ба­сын­­да қазіргі Жамбыл облыстық ауру­ханада Иван Павлович Воскресенский деген жасы біразға келген мос­қал, бойшаң, бет кел­беті келіс­кен, сымбатты дәрігер-терапевт ең­бек етті. Қойған мұрт-сақалы өзі­не жарасып, көркін ашып, тар­тым­ды, көрікті етіп көр­сететін.  Бі­раз жыл терапия бөлімшесін бас­қарды. Сырт пошымы, бет-бей­несі кітаптан көріп жүрген жазу­шы-дәрігер Антон Чеховқа қатты ұқ­сайтын. Оны көпшілік білім­ділігіне, білгір­лігіне қарап қатты сый­лайтын. Бір байқағаным, ол ашы­лып, өзі туралы, саясат туралы әңгіме қозға­майтын. Әңгімесі сыпайы, сал­мақты – жалпы ме­дици­на та­­қы­рыбы, клиникалық тә­жі­рибесі жайлы болатын. «Көп оқы­ған, білімі терең, өз ісінің ше­бер маманы», – деп әріптестерім, ауру­лар сыртынан мақтап жүретін. Шын мәнінде ол өте зиялы, таза аристократ еді. Зейнетке шыққан­нан кейін де ол Жамбылда тұрып қал­ды. Кейінірек қартайған ша­ғын­да  ол тоқпан жілік саркома­сын­­мен (сүйек рагі) науқастанып, бір­неше рет ауруханаға жатып, ем-дом алып жүрді. Тіпті, бас дәрі­геріміз үйіне барып ем жасайтын арнайы медбике тағайындағанын да білеміз. Ақыры сол обыр-рактан дүние салып, қалалық ескі зиратқа жерленгені есімде. Бірақ ол қай жылы екені есімде қалмапты, уа­қыт деген тоқтаусыз өтіп жатыр ғой… Оның үстіне жасым да келіп қалды, – дейді облыстық ауруханада көп жылдар еңбек еткен белгілі  дәрігер-хирург, бұл күндері жасы 90-ға келген еңбек ардагері, республикамыздың еңбек сіңірген дәрігері   Евгения Львовна Конс­тантинова.
– Облыстық «Знамя тру­да» (20.09.2014) газетінде жарияланған дәрігер Воскресенский туралы жазылған мақалаңызды оқып, ри­за болып қалдық, рахмет, доктор. Менің шешем Любовь Федоровнаны сіз зерттеп жүрген дәрігер П.И.Воскресенскийде ертеректе ем­деліпті. Оны өзі «бір өлімнен ме­ні сақтап қалап еді» деп есіне түсіріп жатыр. Біздің есімізде қал­ғаны, 2-3 жастағы баламыз ғой, әлгі әдемі сақалды доктор бізге кел­генде «Ленин ата келді» деп ерек­ше қуанып, жүгіріп алдынан шығатынбыз. Жылы шырайлы, мейрімді дәрігер біздің қолымызға бір-екі конфеттен ұстатып, жылы, шипалы алақанымен басымыздан си­пайтын. Аурухана мұрағаттар­дын­да, музейінде Михаил Булга­ков­тың әкесі  дәрігер П.И.Воскре­сенс­кий жайлы материалдар жоқ па екен? Қай жерде жерленгенін білуге бола ма? – деп телефон шал­ды республикалық «Караван» га­зетінің облыстағы тілшісі журналист Галина Выборнова.
Бірер күннен кейін менің әлгі орыс тілінде жазылған мақалам ғаламторда жарияланып, түу сонау Киев қаласындағы жазушы М.Бул­гаковтың музей-үйінен  сұра­ныс түсті. Жерлес жазушысы­ның әр қадамын, әр атқарған ісін зерттеп, қадағалап, қолға іліккен материалдарды тірнектеп жиып жатқан елдің азаматтары қандай керемет, шіркін! Жүрегің жылып, еріксіз бас иесің…
Михаил Булгаковтың өмірін зерт­теген жазушы Виктор Некрасов 1965 жылы жазған мемуарында былай деп қалам тартады: «Киев­тегі Андреев беткейіндегі №13 үйде бұрындары Булгаковтар тұр­ған үйде архитектор  В.П.Лис­тов­ниченконың  қызы Булгаков­тар­дың отбасы мен балалары есін­де екенін айта келе, «Мишка Бул­гаков… сонда қолынан еш іс кел­мейтін дәрігер-венеролог қазір бел­гілі орыс жазушысы ма?» деп қат­ты таңғалды. «…Шешесі күйеуі қай­тыс болғаннан кейін балалары­нан бөлектеніп, Андрей шіркеуіне қарсы үйде тұратын дәрігерге қо­сыл­ды. Ол өте салиқалы, зиялы, адами қасиеті жоғары кісі болатын. Ол таяуда Алматыда жасы келіп, сүйек рагынан ақтық са­парға аттаныпты (біздің ойымызша автор немесе еске алушы Әулие­ата мен Алматыны шатас­тырған болу керек – С.О.)».
Көрнекті орыс жазушысы Михаил Булгаковтың өгей әкесі дәрі­гер Иван Павлович Воскресенский  өмірінің соңғы кезеңі біздің Әу­лиеатада өтіп, мәңгілік тыныш­тық­ты қазақ топырағынан тапқа­ны жайлы біз білетін сыр әзірше осын­дай.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина ғылымының  докторы, профессор.

Тараз қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір