МЕН ЖАЙЛЫ ӨСЕКТЕ ЖОБА ЖОҚ…
13.01.2017
2541
0

Бағдат МҮБӘРАК

***
Балауса,
Балғын мінез,
Балдырған қыз,
Сен кетіп, бұл қалада қалдым жалғыз.
Кемеріне шығарып тастаса да,
Керемет сый күтеміз тағдырдан біз.

Қапқандай аңқамды кеп қыздың демі,
Жұпарың қандай ғажап күздің желі.
Көңілі салқын тартқан келіншектей,
Жағалаудан соғады сыздың лебі.

Қазан ұрды Балқашқа  қар жаумады,
Аққу арман адыра қалды-ау, бәрі.
Сыңары шағалаға айналған соң,
Байғұстың келмей жүр ғой самғауға әлі.

Кілкіп ап сүт сезімнің қаймағын біз,
Жолықпай баяғыдан қайда жүрміз?
Түнде куә болғаны аз болғандай,
Тереземнен қарайды Ай да күндіз.

Сұңғақ бой,
Сүйрік мүсін,
Сүмбіл бұрым,
Өзіне тартатындай Күннің нұрын.
Не деген табиғи бұл әдемілік,
Иіскегендей боламын қырдың гүлін.

Құсадан баса алмаушы ем қара жерді,
Құлпыртып жібердің ғой бар әлемді.
Өзегім де доғарды өртенуді,
Өмірім де өзгеріп сала берді.

От құшақ іздеген соң таңғы ызғардан,
Боласың ғашығыңды сәл қызғанған.
Сен де тоңып жүрсің-ау…
Қайтем енді,
Мен де оңып жүргем жоқ, жалғыз қарғам.

МҰҢ ШАҒУ
(Абайға)
Уа, һәкім, сен жайлы ода көп,
Мен жайлы өсекте жоба жоқ.
Алтыннан ардақты абызым,
Алаңда тұрсың ба, қола боп.

Түгенделмеген соң жоғымыз,
Арылмай қойды бір сорымыз.
Не деген жеңіл ед – тұзымыз,
Не деген ауыр ед – жолымыз?!

Осыдан бірнеше жыл бұрын,
Кеудемде өзгеше ед күмбірім.
Ал, бүгін бозторғай боздайды,
Ол кезде сайрайтын бұлбұлым.

Мінезден болдым-ау қара бет,
Шарт та шұрт кететін бар әдет.
Уайым мен ойлардан қажыдым,
Жынданып кетпесем жарар ед.

Көріне бермейді сұлбаң көп,
Әйтеуір қалада тұрған боп.
Құныңды қойшы ол, көк тиын,
Мұңыңды шағатын бір жан жоқ!

Адамға ұқсаған пішіні,
Ей, өңшең, қорқаудың күшігі!
Сендердің тәкаппарлығыңнан,
Ақынның мейірімді мүсіні.

Уа, һәкім, сен жайлы ода көп,
Мен жайлы өсекте жоба жоқ…

ПАТРИОТИЗМ
Отаным деп от кешкен,
Батырлар-ай, кеуделерін   оқ тескен.
Ұят-ай, ертең ел не дейді, мен жайлы,
Олай-бұлай боп кетсем.

Қасқалдақтай қанымды,
Бір жапырақ жанымды,
Қажет десең, құрбан етем барымды…
Әзір менен сұрай көрме ештеңе,
Әрең тауып жүрген кезде нанымды.

Патша келіп отырған да таққа алғаш,
Ей, менің де жанарымнан аққан жас.
Отан үшін қылша мойным үзілсін,
Қайда қалмай жатқан бас!

Ауызы аққа,
Ауы атқа жарымай,
Мына ұлтқа не күн туды а, Құдай?
Қай бұрышта қалдырасың мүрдемді,
Қазағым деп, күйзелетін жаным-ай.

ПӘК
Боялмаған – ерін,
Оянбаған – сезім.
Шықтың ғұмырындай,
Мөлдіреген кезің.

Қарғалдаққа – сыңар,
Қол жетпейтін – шынар.
Қарабасты деген,
Қалқам осы шығар.

Аққу мойын – білек,
Ауырмаған – жүрек.
Неткен мінсіз – мүсін,
Мінезі де – жібек.

Аспандағы – Айсың,
Соған ғана – сайсың.
Күндіз – сағынбайсың,
Түнде – жыламайсың.

Қай өлеңнің – бағы,
Қай сазгердің – әні?
Құралайдың – лағы,
Құлпынайдың – дәмі.

Ажары – атқан таңдай,
Сілекейі – балдай.
Тәкаппарсың қандай,
Тәп-тәттісің сондай.

Орындалмай қалған,
Адамнан көп – арман.
Өмір әттең – жалған,
Не білесің, қарғам?

***
Қорлығы өтті тағдырдың,
Қанатымды қаға-қаға талдырдым.
Тірлігімде шықпай қалса осы өлең,
Соны саған қалдырдым!

Мансапқордың ісін көріп ойландым:
Бізді соған тәуелді етіп қойған кім?
Ол өмірді он сегізде түсінген,
Мен өленге он сегізде тойғанмын!

Көсегем жоқ көгерген,
Дүние боқ артылмайды дөдеңнен.
Атақ алғың келмейді екен арсыз боп,
Біреу қарап тұрғаннан соң төбеңнен!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір