КҮЙ ҰРАН
13.01.2017
2981
1

Бір бейтаныс жас жігіт телефон шалып: «Аға, сіздің Байсерке күйші туралы мақалаңызды оқып, бір әңгіме жазып едім, қарап бересіз бе?» деді. «Электрондық поштама жібере ғой», – дедім. Оқып шығып едім, жаңа талап жігіттің «үйреншік» туындысы сияқты емес, кәдімгі төселген жазушының қаламынан туған сәтті әңгімені көріп, қуанып қалдым. Сұрастырсам, Талдықорғанда журналист болып істейді екен. Туып-өскен өңірі Сұлутөр аумағы болған соң, Байсерке бабамыздың өмірі қатты қызықтырса керек, қиялына от тұтатып, шабытын оятыпты. Мақаладағы нақты деректерден көркем туындыға арқау болатын әдемі сюжет құрап, ширақ алып шыққан. Сүйсіндім. Қаламына сәт тілеп, «Қазақ әдебиетіне» ұсынуды жөн көрдім.  Бір ғана айтарым: «Әдебиет деген киелі өнер. Үйретілмеген асау аттай тарпаң мінезі бар. Оған шындап беріліп, соңына шындап түспесең, жарым жолға да жеткізбей, лақтырып тастап кете береді. Анық ерттеп мінген болсаң, тақымың берік болсын, бір жалт бергенде түсіп қалма!» деймін. Алар асуларың мол болғай!..

Марал Ысқақбай.


Есболат АЙДАБОСЫН

Бұл шығарма қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісінің
100 жылдығына арналады.

Түн түңлігі түрілді. Ұлы дала ұй­қы­дан оянды.
Таң намазын оқи сала, атқа қонған Байсерке Қордайдан асып түскенде  Қопа мен Қозыбасының аралығынан күн сығалады. Шапа­ғына  ат кекілін аймалатып қарсы жүрді.  Жолай отырған Қасқараудың қабырғалы ауылдарынан қиыстай өткен.
Баяғыдай Шу  мен Іленің арасына тоғыз түнеп, әрбір таңды той-то­ма­лақпен қарсы алатын кез емес, бү­гін­де елдің көңілі алаң. Ақеділ ағайын­ның пейілі тарылып, ақ дастарханы жиылған жоқ-ау, қай ауылға барсаң да еркегі бата жаса деп бағланын сүйреп келеді, еркесі қолға су құямын деп құмғанға қарай жүгіреді. Құдды жиені келген наға­шыдай қамсыз, бейқам көрінер. Бірақ сол бейқам қазақтың көзі мұңлы, көкірегі зарлы. Сөзге тартсаң күдігін сезесің, жүзінен үрей көресің.  Атқа мінген азамат деп арызын айтады, бәтуә күтіп аузыңды бағады. Ал жапан дүзде жалғыз жорт­қан күйші кімге тірек, кімге пана?! Бұл шерткен күй шерменде жұрттың шерін тарқата алар ма?! Қарашекпен тіліп алған қара жердің қарыс сүйемінің болсын қарымтасы қайта ма?! Кесілген бас, төгілген қан мен жастың құнын кім даулар? Жылаған­ды  жұбататын, күйзелгенді қуан­та­тын күн қашан туады?
Байсерке көптен бері қыр соңы­нан қалмаған осы бір жауапсыз сауалдардан жасқанады. Топ ішінде сөй­лей қалса тағасыз тұлпардай та­сыр­қап, ойы жүйесінен жаңылып, сөзі соқпағынан адасады. Көңілді күпті қылған уайым-қайғының  дойыр қолы қысырақтың үйірін көрген айғырдай арқыраған сауықшыл кеуденің талабын тұсап, тақымдап алғалы қашан. Соңғы кездері ел аралауды сиретіп, үйкүшіктеніп кетті. Қарақияның басына шығып күй тартқанда Қасқажол мен Көкқаптал тіпті Ойжайлауда отырған қалың елді оятатын Байсеркенің бұлайша тұйықталуын ағайын-туыс сан-саққа жорып, аузы жеңіл қатындар сыпсыңдап сөз тарататын. Бірақ Байсерке ешбіріне мән бермеді. Бер­дібек пен Қожабек секілді шәкірттері келгенде ғана шешіліп сөйлеседі, одан басқа жұртпен қарым-қатынасқа құлықсыз, әңгімеге сараң. Бүгін де қасына жолдас ертпей жалғыз шық­ты, әрі ешбір ауылға соқпай төтесінен тартып келеді.
Ақтанаудың жол жорғасы жайлы, Байсеркені бесіктегі баладай тербе­теді. Бөркін көтеріп, тершіген маң­дайын таңғы самалға тосты. Шекеден ұрған салқын жел тамыр қуалап барып табаннан шықты, жан әлемі рахатқа бөленді. Аспан шайдай ашық екен, кепсерге ілінбей қалған көбік­тей болып жалғыз бұлт қалқып жүр. Адасқан бұлт емес, Байсеркенің өз бұлты. Көңілін мұң  шалып, көп ішін­де жалғызсыраған тұста немесе әр­уақ­танып атқа қонған заматта көгіне шығып бірге жортатын. Тәш­кеннің ұлы базарында қырғыз бен қоқанның қос күйшісі тайталасқа шақырғанда қасындағы қалың ағайыннан көрі төбесіндегі осы жалғыз бұлт медет беріп еді.
– Байсеркемен бақ таластырдық, – деген атақ үшін желпініп жеткен екеуіне:
– «Жетпіс бұтақ»* деген күйім бар, басқасына бармаймын, соны ғана тартамын. Таң намазын оқи сала отырғаннан, ақшам ауғанда тұрамын, тек бесін мен намаздігерде құлшылық қылуға мұрсат беріңдер деп шарт қойды. Бұл сөзді естіген жәрмеңкедегі үш атаның баласы араның ұясындай дуылдасып кетті. Қазақтың үлкендері «райыңнан қайтарсың» дегендей Байсеркеге жалтақтай қараса, қыр­ғыздар дарақылыққа балады, ал әр нәрседен ұпайы түгел шығатын өз­бек­тер қауымы дереу ақша тігіп, бәстесе кеткен. Ертеңіне Байсерке сақар таңнан базардың тап ортасына жайылған текемет үстіне жайғасты. Жалаңаш  денесіне түйе жүн  шек­пенін ғана киіп, белін шарт буынған. Тәш­кеннің  шыжыған жазында күні бойы күй тартқан домбырашы қазақты базаршыл қауым, бақалшы-сауда­гер­лерден бастап, қаланың әміріне дейін келіп көрді. Жердің бетін жалынымен шарпып, қылтиған көкті солдырып, қызыл мен жасылдың түсін оңдырып өткен шілденің күні құйтақандай күйшіні құлата алмаға­нына қапаланғандай қызара барып, құбыла бетке сіңгенде Байсерке де «Жетпіс бұтақтың» соңғы бұтағын сомдап шығарған. Тер басқан маң­дайын жеңімен сүрте бергенде, Бақ­тиярлап* әруақ шақырған ұлы жүз қазақтары көтеріп әкетті. Қаума­ла­ған жұрттың қолында кетіп бара жатып, көк жүзіндегі көбік бұлтты көзі шалды. «Күні бойы ешкімге көрінбестен көлеңке болдым, разы шығарсың, енді мен де кеттім» дегенді айтып қарауытқан аспанда түтілген жүндей ыдырап барады екен. Байсерке кеберсіген ернін икемге әрең кел­тіріп, «Жасаған Ием жар болғай» деді ешкімге естіртпестен.
Бүгін де сол ақша бұлт төбесіне қайта қоныпты. Ақтанаумен жорға салыстырғандай батыстан шығысқа қарай баяу қозғалады. Жылжыған сайын шоғыры бірде ұйлығысып, бірде шашырап мың құбылады. Ас­пандағы бұлттың қайнауы күйшінің де қанын қыздырып жібергендей  жан дүниесі буырқанып толқып кетті.
– Жүрісің суыт, жосықсыз жортып қайда барасың деп кінәлама! – деді бұлтқа қарата қамшысын шошайтып… – Біле білсең мен де сен секілді бүгін бармын, ертең жоқпын. Сен түйілсең су төгесің, мен түйілсем күй төгем. Сен қара жерге нәр бересің, мен қарайған жұртыма ән берем. Бірақ менен көрі сен бақыттысың! Сені толғайтын желің бар, ал мені қорғайтын ерім, қолдайтын елім қане? Сен үйіріңді табарсың-ау, ал мен өз үйімде бөтен болған бейбақ­пын. Төр иесі төрем жоқ, ел тізгіні басқада. Артыма қарасам бабаларым қамшысын білеулеп аттандап жатыр, алдыма қарасам балаларым есіктен кіргенді төрге оздырған. Қара­шаңыр­а­ғын қонағына билетіп, өздері құлша құлдыраңдаған. Ойым адасты,  төңі­ре­гімді тұман басты. Ішім жалын, сыртым от. Мұнымды біліп жат­қан, мұңымды тыңдап отқан еш­кім жоқ. Домбырам жырламайды, бүгінде тек жылайды. Домбырамның зарлы үнін естідің бе, ақша бұлт?! Сен естімесең тау естиді, тау естімесе тас естиді. Жазы даламның жыңғылы мен то­был­ғысы ұғар. Өзені өкіріп ағар, бетеге мен жусаны шайқалақтап, тербелер. Шанақтан шыққан әуенмен бірге олар да шулап шерленер. Менің күйімді іздегендер даладан табады. Сол даланың кәріқұлақ данасы, зерделі баласы барда менің өнерім өлмейді. Өнерімнің өлмегені менің де өлмегенім. Мен тірі болсам, ұлтым да аман болар! Бұл даланың да таңы атып, күні  шығар. Оны мен көрмес­пін, күйім көрер, сен көрерсің! Естідің бе ақша бұлт, менің күйім сенің суың секілді… Аңқасы кепкен жұртымның аузына тамған тамшы.  Бәйгеге түсер ердің қолындағы қамшы. Тек сауырға салынар сол қамшыны басқа сілте­месе болғаны… Мұнан басқа арман жоқ. Арманым осы ақша бұлт! Арманым осы! Арманым…
«Арманым» дегенді Байсерке әл­дене­ше мәрте қайталады. Ышқы­нып қатты айқайлап  жіберген  болу керек, Ақтанау иесінің дауысына елеңдеп құлақ қайшылады да, жауап қата пысқырынды. Ал Байсерке аттың  басын оқыс  тартқан. Көл­қамыс тұсындағы Қараш батырдың* зиратынан өтіп бара жатқанын жаңа аңғарды. Тіріден қашқанмен өліден аттап кету шариғатқа қайшы, салтқа қиянат. Атынан түсіп қабірге бет алды.
Жарықтық жорықтан қайтып ке­ле жатып, жан  тапсырған екен. Қай жерге барып жығылам, сонда қойың­дар деген өсиеті бойынша қандыкөйлек жолдастары  найзамен шұқып, қылышпен шауып қабірін тура көлдің қасынан қазыпты. Қа­зуын, қазғанмен көңілдеріне күдік байлан­ған. «Есіл ердің сүйегі су астында қалатын болды-ау», – деп алаңдаған. Құданың құдіреті, сол заманнан беріде Көлқамыстың суы көтеріл­меп­ті. Керісінше желінін тартып, іргесін аулақ салған.  Көктем сайын таудан ағатын тасқын да Қараштың зиратына келгенде қақ жарылады деседі. Сарышұнақ пен қосаяқтар мекен қылған қопалы жердің қамысы да қашып, жайдақтана бастапты. Бүгінде көкжал батыр жапан түзде дөңкиіп жалғыз жатыр.
Байсерке зираттың алқымына жүрелей отырғанда құбыла беттен соқ­қан Қордайдың желі сақалын саумалай жөнелген. Төрт құлақты көне моланың қуыс-тесіктері мен айналадағы қурай-шөптерге де тіл біткендей… Жел улеп, жарыса ыс­қы­рады. Бұқар мақамына салып құран оқып отырған күйшінің де көңілі тербеліп кетті. Өз  дауысын дедектетіп әлдеқайда әкетіп жатқан таудың  желі құлағына әлдене деп сыбырлайтын секілді. Бірде сыбырлайды, бірде кү­бірлейді, ызылдап ысқырады. Енді бірде гүрілдеген-дүбірлеген үн шы­ғара­ды, аттан салып ышқынады. Күйші әруаққа бата жасағанда даусына діріл жүгіріп, қолының қалты­рағанын сезді…
Келер сәтте қара домбырасын жалма-жан өңгеріп, құлақ күйін келтіріп жатты.
***
Байсеркенің әкесі Қылыштың көкірегі даңғыл, қолы епті еді. Қам­шы өріп, ер шабатын, етік тігетін, әшекей жасап,  қанжар соғатын. Сонымен бірге, сөйлей кетсе шешен, өт­кен-кеткенді көкейге тоқыған діл­марлығы тағы бар. Бала бойында­ғы бұлқынысты да алғаш байқаған әке­нің көреген көзі. Ырғайтының* бойы­нан әкелген бөренені шотпен шауып, шанағы бұлтиған шағын домбыра жасап берген. Бұл домбыра­ның керегеде ілулі тұрған кезі болмапты, қашан көрсең бала Байсерке­нің жотасында жауынгердің сада­­­ғын­дай салақтап жүретін. Ойыннан қолы босаған сәтте әкесі үйреткен қағыстарды қайталайды. Әрбір күй­дің басталуы мен шарықтау тұстарын тез жаттайтын. Балалар күй тартшы деп қолқалағанда бастапқыда соларды ғана шертіп жүрді. Арқандаулы аттай айналшықтағанға асау көңіл тояттамай кей кездері жанынан тармақ қосып, ауа жайылып кететін. Күй соқпағын танымас достары Байсеркенің ұзаққа сілтесіне таңдай қағып таңырқайды, ал өзі мұрын шүйіріп масаттанатын.
Бір күні киіз үйдің көлеңкесіне «дымбілмес көрермендерін» үйіріп қойып, азынатып отырғанда ешкінің аш ішегінен есілген домбыра ішегі үзіліп кетті. Жалма-жан етік жамап отырған әкесіне жүгіріп жетті. Бала­сының меселін қайтаруды білмейтін Қылыш тарамысы мен ілмек бізін қоя салып, домбыраға ішек тағуға кірісті. Ішек тағып жатып, Байсеркеден қандай күйді шерткенін сұраған. Байсерке жауап таба алмай күмілжіп қалды. Қылыш домбыраның құлақ күйін келтіріп болған соң, дегбірі кеткен ұлын арқасынан қағып дем берді. Жаутаңдай қараған Байсеркеге оқтаулы жанарын бір қадаған. Әке­нің осы бір үнсіз жазасы, сөзбен айтпай көзбен атқаны Байсеркенің есінен кетпейді. Содан беріде күйді бұзып тартуды доғарды. Әкесінен қалмай жүріп екі-үш күйді толықтай меңгерді. Артынша алқа топқа түсіп күйші бала атанған.
Сол бір сәт күні кешегідей әлі са­насында сайрап тұр. Байсеркенің беске  аяқ басқан кезі-тұғын. Сұлу­төр­дің бойында отырған Сырымбет ауылына сиыр сәскеде  жарау атқа мінген, жақсы киім киген оншақты кісі сау ете қалды. Сыйлы қонақтар көрінеді, жігіт-желең байдың қонақ үйінің қонысын жаңартып, көгалдау жерге апарып тікті. Баланың  тақымы тимеген, ауыздық ноқта  кимеген асау жаба­ғы сойылды. Күллі ауыл аяғынан тік тұрып, қызмет етті. Қазан­ның оты қайтқан кезде, жылқы етінің бұрқыраған иісі атырапқа жайылған. Сол иіс тау бөктерінде тобылғы садақпен торғай атып жүр­ген Байсерке мен оның достарын да тамаққа шақыра келді. Ойынның қызығына берілген қараборбай­лар­дың сілекейі шұбырып, қарындары шұрқырап сала берген. Жамыраған қозыдай барлығы етектегі ауылға жарыса жетті.  Астау толы етті тасып, қонақ үй мен қазан-ошақ арасында жасауылдай жосылған табақшылар балаларды алыстан жасқап, жанына жолатпайды.
– Әй, мыртық ары тұр, – дейді бірі кекетіп.
– Ей, қу мойын кеңірдегіңді соз­ба, бұл бас табақ, – деп екіншісі ұзын бойлы бақыр басты баланың тақы­райған шекесінен шертіп өтеді.
– Қайт, қайт, – деп мал қайырып жүргендей әкіреңдейді кейбірі.  Даяшылықты өздеріне дардай қызмет көретін секілді. Кеуделерін кереді, бөденеше жорғалап, кекілікше же­леді. Тек ет жасаған қатындар* ғана бала­лар­дың әрқайсысына бір-бір кесек ұстатып шығарып салған. Бірақ  бұған қарын тойып, көңіл жұбанбасы анық. Сіңірін малжаңдай шәйнап, сүйекті тамсана кемірген кетік тістер мен қозықарындар босаға аңдыды. Қонақтар да көп күттірмеді, жыл­тыңдап есіктен қарағыштап тұрған бұларды кезек-кезек шақырып алып, алақандарын толтыра ет асатты. Үлкендердің  сарқыты мен пейілде­ріне разы болған балалар ымырт үйіріле шанақтарын бір-бір сипап, үйді-үйіне қайтқан. Тек Байсерке төңіректеді де жүрді. Әлгінде төрде отырған қара­сақалдының қолынан ет асарға бара жатып сандыққа сүйеулі тұрған екі домбыраны көрген. Киім-киісі, бітім-тұлғалары бөлекше бұл топтың ас ішіп, аяқ босатуды ғана білетін қыдырымпаз мырзалар емес­тігін бала түйсігі аңғарған. Күтке­ніндей-ақ дастарханға бата жасалып бола бергенде қонақ үйде отырғандар әлденені қолқалағандай кеу-кеулеп кетті. Мезетте домбы­раның қоңыр үні ілесе шықты.
– Бас, бас… шаңтимесім шап…төкші бір… тарқатшы шерді деп көтермелеп, қолдаған жұрт ырду-дырду болып  жатқан сәтті пайдаланып Байсерке де есіктен еніп үлгерді. Әлгінде ет асатқан  қара сақалды кісі қақ төрде кереқарыс маңдайын жарқыратып жайнаң қағып отыр. Дабырласқан жұрт даусын естіртпеді. Шамасы әлдеқандай күйдің шығу тарихын баяндаған болу керек, күй шертілгенде ғана киіз үйдің іші ты­ныш­талған. Ел ұйып тыңдады. Әлеу­мет алғашқы күйдің әсерінен арылып болам дегенше қарасақал­дының оң қапталында отырған қырықтан жаңа асқан жігіт ағасы  домбырасын күңірентіп кетті. Адам түгіл, сегіз қанат еңселі үйдің сай-сүйегі сыр­қыра­ғандай күрсініп, керегелер жиырылып, уықтар шаңыраққа сұғына түскендей болды. Бір кезде күйші кілт тоқтаған, бірақ күй үзілмеді. Қа­расақалды іліп әкеткен екен. Екеуі домбыраны кезек шертеді. Бірі тоқтаған тұстан екіншісі килігеді. Кейде үзеңгі қағыстырған қос арғы­мақтай қатарласа шабады. Табалды­рық тұстағы керегеге сүйеніп тұрған Байсерке құлаққа жеткен алғашқы сарыннан-ақ жыланға арбалған торғайдың күйін кешкен. Сиқырлы әуен баланың қанын ойнатып, жүрегін бұлқынтып енді бірде көкке самғатып, тұңғиыққа құлатып әбден билеп-төстеп алған. Қос домбырашы­ның өнері баурағаны сонша, елді кимелей жылжып алға озып кетіпті. Бір есін жиғанда екі күйшінің қасына барып қалыпты. Жұрт жамырай  әлденені сөз қылып жатыр. Сол кезде ғана Байсерке  әңгіменің өзі туралы екенін шамалаған.
– Қылыштың жалғызы ғой, өзі­міз­дің Қылыштың, – дейді ауылдағы баскөтерер азаматтың бірі мұны елге таныстырып.
– Есімжан аузына түкіріп кетші, біздің ауылдан бір күйші шығар ма екен, – деп кемсеңдеді тоқсанға таянған Әбдез қарт.  – Бабасы жаһан­ды шарлаған мүйізді Өтеген, батыр­лық пен бектік қонған әулет. Әруақты жердің баласы, – деп көтермелеп қойды артынша…
– Әкесі шауып берген домбырасын сабалап отырғанын көргенмін, осыдан бірдеме шығады, – деп тағы бірі араласты сөзге.
Байсеркенің буын-буыны босап кетті. Өңі өрттей лаулап, албырап барады. Кейін шегініп көп арасынан сытылып шыққысы келіп еді, аяғы еркіне көнер  емес. Қозғалса  құла­йын деп тұр. Сол уақытта қара­са­қал­ды кісі қасына шақырды. Кіш­ке­не­ домбырасын асынып ал­ған ты­ғын­шықтай қара баланың бітіміне риза­шылықпен көз таста­ған.
– Атың кім айналайын? – деді.
– Байсерке..
– Әкеңнің аты кім?
– Қылыш.
– Домбыра тарта аласың ба?
– Аздап шертем… Әкем «Ақсақ құлан» мен «Ел айрылғанды» үйрет­кен.
– Кәне, шап!
Қарасақалдының ілтипаты дәтке қуат берді. Байсерке шарт жүгініп, отыра кетті. Арқасындағы қара домбырасын алдына алып, Кетбұғадан қалған сарынды білгенінше дың­ғыр­лат­ты. Өзінің шамалауынша бір-екі жерінде оңбай сүрінді. Соңғы қағы­сын жасаған бетте ұялғанынан құн­жиып отырып қалған. Тым-тырыс. Әлгінде бәйге көргендей қиқулап отырған жұрттың да үні өшкен. Тек Байсеркенің кішкене жүрегі, төсін тоқпақтап тулап жатыр. Ақырын ғана басын көтеріп, айналасына жасқана қарады. Қарасақалды күйші қол орамалымен тершіген мойнын сүртіп, арқасы қызған бақсыдай қо­палақтап отыр екен. Байсеркеге тө­ніп келіп  тікесінен  көтеріп, тізе­сіне мінгізген. Мейірленіп, маңда­йынан иіскеді.
– Әу,  жәмиғат! –  деген  дабырлас­қан жұртқа қарата. – Мына Саршаны білесіздер, – деп қасындағы серігінің тізесінен басты. – Алакөлдің арғы бетін жайлаған найман баласы болғанмен, екеуміздің өрісіміз бір, жан дүниеміз жақын. Кәсібіміз ұқсас, арман-мұратымыз ортақ. Мен елуді еңсердім, Сарша да қырыққа кеп қалды. Екеуміз оңаша қалғанда артымыздан бір қара ермеді деп алаң­даушы едік. Ел іші – өнер кеніші деген. Бар екен. Жал құйрықтан кенде емес екенбіз Сарша! Тәуба! Баланың бойынан ұшқын байқадым. Оны өшіріп алсақ бықсыған түтінге айналады, жандырып жіберсек күл боп кетеді. Сондықтан оны шоқ қылып, маздата білсек қана  қызуына жылынып, қызығын көреміз… Баланың бағы жаратқанның қолында, ал бабы Сарша екеуміздің мойында. Көңілім ауды, бердім батамды.
Жұрт жамырай әумин  десті. Қара­сақалды кісі ашық даусымен түнгі даланың туырлығын тілгілеп бата жасады. Ойын-сауық ары қарай жал­ғасты. Байсерке сол түні таңға дейін көз ілместен күй  тың­даған. Бала болып келіп, үйіне күйші болып қайт­қан.
***
Қараш батырдың басында тап болған сарын Байсеркені қозыкөш жерге дейін төңіректеп жүрді.  Күй туатын секілді. Төпелеп төге салатын бұрыннан әдетінде жоқ, көңіл толға­ғы ақ жауын секілді, кемі екі күнге созылады. Шалық қысқанда, шақ­ша­дай басына шартараптан ештеңені шақ көрмей шапқылап кететін сал-сері емес, күйшінің бабы күйгелек­тік­ті көтермейді. Жемсауы балға тол­ғанша әр гүлдің басын бір шалатын арадай, айналадағы әрбір құ­бы­лыстан үн іздеп, саз аулайды.  Әлгінде зират басында сарнап берген сарын қолына домбыра алғанда қожырап кетіп еді. Әрі-бері қол жүгіртіп көр­ген, көңіл пернесі қырсық биедей желінін тартқан күйі иімей қойған. Бастапқы бірер қағысты ғана жадыға тоқыды да жабырқау күйде атқа қон­ды. Содан Ақтанаудың басын тартқан жоқ. Иесінің ширығып отырғанын білгендей-ақ  жануар жол жорғасынан жаңылмай келеді. Тастақ  жерден мы­сық­ша жортып шашасын ұрғызбай өтеді,  сай-салаға келгенде қапталдай салып жол іздейді. Жалпы, жөн-жосықсыз үркіп, жалт бергіш ұшқа­лақ­тық Ақтанаудың бойында жоқ. Тебінсең жүреді, тежесең тоқтайды, бас бермей кетіп арандамайды. Ал шабысқа келгенде ауыздығымен алысып аласұрған талай тентек  жыл­қыға тезегін иіскетерлік қарымы бар. Осы бір бекзат мінезі үшін Байсерке Ақтанауды өзге қылқұйры­ғынан бөлектеу көреді. Кей кездері мұңын шағып, адамша сырласатыны бар.Қарашекпендердің қалашығына барып жүріп, казак-орыстардың ат ойынын да үйретіп қойған. Сұлутөр­дің бойында Ақтанау секілді ауыздық қаққанда аспанға секіретін, кісі бойындай бөренеден қарғып өтетін, жалдан тартса жата кететін, шаужайлап жіберсе биге салатын ақылды жылқы жоқ.  Үйде ақ бәйбішем бабымды тапса, түзде Ақтанауым жанымды сақтайды дейтін Байсерке ат туралы әңгіме бола қалғанда…Ақтанауға арнап күй де шығарды. «Ат ойнатқан» деп аталатын ойнақы күйді әсіресе желігі басылмаған жас­тар жақсы көреді.
Ақтанау жүрісін бәсеңдетіп, тоқтауға ыңғайланды. Сонда ғана Байсерке төңірекке көз қыдыртты. Қоңыртөбеден өтіп, Қозыбасыға* жетіпті. Ақылды жануар жер танып тұр екен. Байсерке аттан түсті.  Шу мен Іленің ортасында сапарлаған сайын осында аялдау ұлы ұстазы Есімнен калған ескі әдет. Есім күйші ары өткен, бері өткенде міндетті түрде Қозыбасының бөктерінде сапар намазын оқитын. Сол дәстүр қабырғасы сөгілмеген күйі Байсер­кенің бойына сіңді. Бірақ қарт күйшіден мұның сырын сұрамапты. Есім де айтайын демеген. Тек бақұл­дасар сәтте тілі күрмеліп жатып арман қып шерткен.
– Бүгіндікке Байсерке күзетсін, – деп көңілін сұрап барған жұрттың бәрін қайтарып жіберген Есім етқашты саусақтарымен шәкіртінің оң қолын қаусыра қысып едәуір отырған. Жасаураған жанарымен тұла бойын тергеп болған соң риза­шылықпен бас изеді. «Жақында» деген ишараны түсіне қойған Байсерке  ұстазының кеберсіген ерніне құлағын тосты.
– Бұл қазақтың алғаш ұран кө­тер­ген жері – Қозыбасы, – деген қыс­тыға үн қатып. Артынша жөтел қысқанына қарамастан жеделдете сыбырлады.
– Қозыбасының алдына қобы­зымды арқалап, домбырамды көтеріп сан мәрте бардым. Құрбандық шалып, қонай-түней жаттым. Бірақ бабалар мекені менімен сөйлеспей қой­ды. Қозыбасыға тіл бітірсем, күл­лі қазақ күңіренер күй туар еді, шіркін! Арманыма жете алмадым  деп барып тоқтады. Ауру меңдеген әлжуаз көкірегін әзер көтеріп ауыр күрсінді. Сол күрсіністен соң Есім қайтып тіл қатқан жоқ. Таңға жуық бала-шағасымен де үнсіз қоштасып, үзіліп кете барды. Елінің еркесі атан­ған Есім күйші өтті жалғаннан. Ал көкейіндегі арманы көрге бірге көмілген жоқ, Байсеркенің кеудесіне қонақтады.
Есім дүние салғалы биыл бір мүшелден асты. Байсерке содан бері Қозыбасының етегіне қанша мәрте намаз оқығаны, қанша мәрте бұл жерге ат шалдырғаны белгісіз. Әрбір өткен сайын Есімнің арманы есіне түсіп,ұстаз аманатын орындай алмағанына қапаланатын. Өткен түнде түсінде көрді. Есім бұның қолына қара домбырасын ұстатып:
– Байсерке бар! Бара ғой, қарағым! – деп елжіреді. Дауысы өңіндегідей саңқылдап тұр.
– Қайда барамын, ата?
– Қозыбасыға бар, бабалар ұран салып жатыр, – деді де ғайып болған.  Байсерке түн баласы көз ілген жоқ. Таң қылаң бере ешкімге жөнін айтпастан атқа қонған. Көңілі бастап­қыда бәйгеге шабар баладай алабұр­тып тұр еді, Қараш батырдың басына келгенде сабасына түсіп, сабырын тапты. Бірақ жүрегінің қағысы бүгін басқаша. Ат  жүрісімен  жарыса со­ғып, әлдебір ұлы дүрмектің дүбірін сездіретіндей.
Түндегі түсі мен тұла бойындағы құбылыстардың неден аян беріп, қайда жетелеп тұрғанын Байсерке біле алмады.
– А-а-а, Жаратқан Ием! Абырой бер! – деп күбірледі күй тартар кездегі әдетіне басып. Күн салып көкке бір, көлеңкесіне бір қарап уақыт шамалады. Бесін намазы кірмепті. Қордайдан аттанғанда Қозыбасыға қатын бесін­нің әлетінде жетемін деп шамалап еді, аты жүрдек болып сәл-пәл ертерек келгенге ұқсайды.  Ақтанаудың тізгінін жалына түйіп қоя берді де, шекпенін бір сілкіп жерге жайды. Домбырасының құлақ күйін келтіріп алып «қайсысын тартсам екен» дегендей сәл-пәл ойланып тұрды да, «Жекпе-жекті» жүйткіте жөнелген. Күймен бірге өткен күндердің қойнауына сүңгіді.
Құтмалдыда* құрылтай шақырып Орман манаптың қалың қырғызға хан сайланған шағы… Ақ киізге мініп, айтұяқтың* қанына қолын малып тұрып, қырғызды ел етемін, іргесін кеңейтемін, – деп серт берген деседі. Қоқан билігінен Бішкекті қайтара сала Қордайға қарап көзінен зәр шашып, аузынан от бүркіген.  Ала­тауды бөліскен ағайында да алашағым бар деген Орман ханның тепсінуі Жетісу жұртын орыс отар­шыл­дарының от қаруынан бетер тітіренткен. Әсіресе, Кекілік-сеңгір* маңындағы Қаракемерді* көрген сайын қырғыз манабының көзі қанталап, әруағы қозатын. Байсерке ол кезде жүгіріп жүрген бала еді. Орман хан екі мәрте қол бастап келіп меселі қайтты дегенді ауыл ақсақал­дарынан ара-тұра естіген. Екеуінде де ағайынды Шыңғысбай мен Бекеней дейтін Қыбырайдың* жігіттері  қырғыз қолын қапыда қалдырыпты.  Жандарын шүберекке түйген қос батыр шепті бұзып барып, Орман ханның жайқалып тұрған туын жы­ғыпты деседі. Дала заңы бойынша тудың жығылғаны – қолдың жеңіл­гені.  Оқыранған Орман хан ат басын кейін бұрған. Бірақ көксеген ниетінен қайтқан емес. Арада жыл аунамай Кекілік-сеңгірге кәрі бурадай селкіл­деп тағы келеді. Бұл жолы найзасы шошаңдаған нөкерін емес, балтыры жуан жалғыз балуанын ерткен. Дойырлығымен  танылған Қабан балуанын ортаға шығарып:
– Бозарып таң атып, қызарып күн батқанға дейін мұрсат беремін дейді. Қабанның жауырынын жерге тигізе алсаңдар қара жерге кіргенімше Қа­ра­кемерге көз алартпаймын деп ант-су ішіпті. Уәде – құдай аты. Бағлан жігіт­тер бірінен кейін бірі барғанмен қырғыздың түйе палуанынан айласын асыра алмай, қайраты жетпей қайтып жатады.  Ақыры, ымырт үйіріле Шыңғысбайдың ағасы Жан­жігіттің Күреңкей дейтін ұлы жекпе-жекке сұраныпты. Құдай­дың өзі қарас­қаны болар, құлжаның сақа­сын­дай кесек бітімді бозбала шөккен бурадай Қабанды мойнынан қыл­ғындырып құлатқан екен. Күрең­кейді Байсеркенің көзі көрді. Қара-торы нығыз адам болатын. Көп сөйле­мейтін. Талай мәрте табақтас, сапарлас болғанда ұшқалақтық танытып, атқажеңілдік көрсетпепті.  Осы жекпе-жектің мәнісін сұраған­дарға: «мен емес, оны жеңген әруақ қой», – деп қысқа қайырушы еді, жарықтық. Қабан балуан да: «Адам емес, қара қабыланмен айқастым, тамақтан бүріп ұстағанда кеңірдегімді жұлып ала жаздады», –  деп еңкілдепті деседі ел-жұрт. Қалай болғанда да, осы бір ұлт намысы сыналған алапат күрес туралы аңыз қазақ пен қыр­ғыз­ға кең тараған. Байсерке бертінде домбыраға салып, күй тілімен сөй­лет­ті.  «Жекпе-жек» күйі осылайша туып еді.


*Жетпіс бұтақ – Байсерке шығар­маларының ішіндегі ең  ұзақ, тізбекті күй.
*Бақтияр – Ұлы жүз ұраны.

*Қараш батыр (1715-1813 ж.ш.) – жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен батыр. Ұлы жүз Шапырашты руының Есқожа тармағынан. Қараштың  өкесі  Жарылғап — Қара­сай батырдың немересі. Қараштың батырлығымен қоса, қазақ-қырғыз арасына тату көршілік қарым-қа­тынас орнатып, ел бірлігін сақ­тау­дағы әділеттілігімен де аты шыққан. Зираты Алматы  облысы, Жамбыл ауданы,  Ақ­те­рек ауылынан оңтүс­тік­ке қарай 4 ша­қырым жерде.

Ырғайты – Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы өзен аты.

*Қордай аймағын мекендеген Дулат руында қонаққа тартылар та­бақты әйелдер жасайтын аймақтық дәстүр қалыптасқан.

Қозыбасы – Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы жердің аты. Жәнібек пен Керей сұлтандар қазақ хандығын құрған өңір.

Қозыбасы – Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы жердің аты. Жәнібек пен Керей сұлтандар қазақ хандығын құрған өңір.

(Жалғасы келесі санда).

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір