Қазақ романсының патшасы
13.01.2017
1985
0

Әнге сүйсінбейтін, ыңылдап ән салмайтын адам бар ма, сірә! Әй, жоқ шығар. Себебі, адам ішкі дүниесімен өмір ыңғайына, жүрегінің ырғағына еріп, бар болмысымен өмір ағысының мейіріміне бөленеді.

Бұл – табиғат заңы. Адам одан тыс бола ал­майды. Айнала дүние әніне бөленіп жү­ре­­ді. Жел ән салады, бақ ішінде жапырақ ән салады, терекке қонған әнші құс бұл­бұл­дың әнін рахаттана ұзақ отырып тың­дайсың. Аспанды бұлт бүркеп, сәл күн кө­­зін көлегейлесе, сіркірегеп жаңбыр ән са­лып өтеді. Жайықтың толқыны да ән са­лып, жағаға соғып жатыр.
Бір жылы іссапармен Ақтауға бардым.Теңіз суына шомылдым. Рахат! Теңіз шал­қып жатыр. Теңіз тереңінен ызылдаған бір тылсым үн естіледі.
Ұзақ тыңдадым. Каспий ән салып жатыр. Ғажап!
Теңіз толқыны жағаға бір ырғақпен со­ғады екен. Сегіз толқын жай ғана соғады, ал тоғызыншы толқын жарға «гүрс» етеді де, аспанға жаңбырын шашады, қай­раң­жағаға да алғы сегіз толқындай емес, то­ғызын­шы толқын құрлыққа ұмты­лып, біраз жерді жуып өтеді. Ақтаулықтар мұны жақ­сы біледі. Мен әдейі толқын санауға кіріс­тім. Жағаға жақындадым да, әрбір жай соқ­қан сегіз толқынның келген жеріне дейін барып тұрдым. Шынында да, сегіз тол­қын аяғыма тиіп, кейін лықсыды да, то­ғызыншы толқын балтырыма дейін жуып өтті. Теңіз ырғағынан жаңылмайды екен. Осындай табиғаттың ғажабын өз кө­­зіммен көрдім. Естіліп тұрған шыңыл­да­ған үн теңіздің әні де, ал тоғызыншы тол­қын әннің қайырмасы екен-ау деген тоқ­тамға келдім. Ән де осылай емес пе еді? Бір ырғақпен бірдей айтылып келеді де, қайырмасында биік диапазонымен шыр­қай жөнеледі.
Міне, табиғаттың әншілігі! Біз ән мұ­хи­тында жүрміз. Оны тек сезе білу керек.Өзіміздің үндемей әнмен тербеліп жүре­ті­німізді сезінуіміз жөн.
Осындай табиғаттың туындысына ұқ­сап, композитордың әндері де адам көңіл күйіне үндесе кететінін қараңыз. Жет­пі­сін­ші жылдардың бір жаймашуақ күнінде ра­дио тыңдап отыр едім.Концерт беріліп жатты. Бір кезде жүрегімді суырып алардай ғажап ән естілді. Есім кете тыңдадым. Са­зы да, сөзі де керемет! «Не құдірет», – де­дім ішімнен – Бұл не ғажап музыка! Ән жа­нымды тербетіп алып барады. Көзіме мөл­діреп жас келді. Әнді біткенше тыңдап, мұң­ға баттым.
Ән бітісімен, іле диктор даусы ес­тіл­ді:
– Сіздердің тыңдағандарыңыз ком­пози­тор Ілия Жақановтың «Жан жолдас» әні, сөзі Сәкен Сейфуллиндікі.
Басқа беріліп жатқан әндерге құлақ ас­пастан, Сәкеннің кітабынан «Қоштасқан жер» деген өлеңді тауып алдым.
Жан жолдас, ұмытылмас қоштасқан жер,
Сөздерің емес тіпті естен кетер.
Көзіңе жас кеп толды, сұрың қашып,
Мен келіп «Қош, – дегенде, – қолыңды бер!».
Дегенде: Мені ұмытпа, жан жолдасым!
Сүйенді төсіме кеп сенің басың.
Сүюге ерінге-ерін тиген шақта,
Бетіме тамды-ау аққан ыстық жасың.
«Қош, қалқам!» деп құшақтап қайғырғаның,
Мөлдіреп жасың төгіп айрылғаның.
Өлгенше естен кетпес көзің сүртіп,
Майысып, маған қарап қайырылғаның.
Керемет! Әні мен сөзі қалай үндескен.Ға­шықтардың аласапыран замандағы қош­тасу сөзі. Мұндай күй кімнің басынан өтпеді дейсіз.Менің де мұңым сияқты. Со­дан бері Ілия Жақанов әндеріне елең­деумен жүрдім.
1974 жылы қаңтар айында жаңа ықшам ау­данында салынған көпқабатты жаңа пә­терге қолым жетті. Бұрыннан сол аудан­да­ғы салынған үйлердің бірінде тұратын Гурьев педагогика институтының математика пәнінің оқытушысы Асылбек атты дос-інім ерулікке шақырды. Жұбайымыз екеуміз қонаққа бардық. Дастарқан ба­сын­­да басқа да жолдастары бар екен. Үй ие­сі Асылбек әнші, өнерпаз адам еді. Жақ­сы даусы бар болатын.
Қонақтық орталап келгенде:
– Сіздер Ілия Жақанов деген компо­зи­тор­дың әндерін естідіңіздер ме? Ілияның та­маша әндері шықты. Қазір теледидар мен радиода сол әндер әлсін-әлі шыр­қалу­да. Мен оларды магнитофонға жазып алып, үйреніп жүрмін. Өздеріңіз бағасын бе­рер­сіздер, – деді де домбырасын қолына ал­ды.
Асылбектің бұрын да халық әндерін ай­татынын білетін едік. Ал мына әндерге ау­зымызды ашып қалдық.
Екі рет қайталанып айтылғаннан кейін, бәріміз де қосылып кеттік. Себебі ән сөздерін машинкаға басып көбейтіп қой­ған екен. Әрбіреуімізге ән текстерін бер­ді. «Жайлаукөл кештері», «Әсел», «Асылым» деген әндер екен.
Асылбектің үйіндегі сол кеш Ілия Жа­қановтың ән кешіне айналып кетті. Ілия­ның әндері жүрек тербеді, оның әндеріне ға­шық болдық. Сөзі де, сазы да жаулап ал­д­ы. Кейде жаңадан туған әндерді тың­дар­ман­дардың қабылдауы қиын болатыны бар ғой. Ал мына әндер бірден өздері жан-дү­ниемізге ене баурады. Асылбек келесі бас­қосуларда:
– «Ілияның «Әселінен» бастайық», – деп, жаңа үйренген әндерді бірінен соң бі­рін кеп төгетін болдық.
Бойлай сөйтіп, халық әндерімен «үзі­ліс» жасап аламыз да, Ілия әндерінің тұт­қы­нына қайта түсеміз.
Шіркін, жастық-ай!
Ілия әндерінің бір ғажабы сол – шалқи кеудеңді кере айтқанда, қазақтың кең да­ла­сының өзіне қанат бітіргендей болады.
Самалы жұпар жазғы бір кеште,
Ойласам болды Ыстық көл жақты.
Айтылған сырлар түседі еске,
Оятқан сонда ақ махаббатты.
Бұл тек біз емес, бүкіл қазақ елін билеген «Әсел» әні. Шыңғыс Айтматовтың ро­мантикалық прозасынан жібектей есі­ліп шыққан сырлы әуез. Осы әнге Ілияның өзі  жазған сөзі қандай! Сезіміңді бау­рай­ды-ау! Мұнда сағыныш, арман, мөлдір сезім, ің­кәрлік бар болмысыңды құндақ­тап, бе­сікке бөлеп тербеткендей. Бұған қайыр­ма­ның қисындала жалғаса келіп, жүйеңді бал­қытып, елітетінін қайтерсің.
Тулайды жүрек,
Толқындай шалқып.
Аңсайды жүрек,
Өзіне тартып.
Сағынтқан әнім,
Әселім жаным!
Бұл әндер біздің алтын күндеріміздің бір сәулелі шағы. Қандай жақсы сәттерді бас­тан кешкенбіз. Әлі күнге дейін Ілия әндерімен тыныстап келеміз.
Асылбектің үйінде сөзінің де авторы Ілия­ның өзі екенін білгенде:
– «Бұл қазақ өнеріндегі ерекше құбы­лыс, феномендік», – деп бағалаған едік.
Бірақ біз, әрине, Әсел деген Ілияның өзі­нің сүйген қызы болар деп ойладық. Кейін білдік, «Әсел» де, «Асылым» да Шың­ғыс Айтматовтың шығармасындағы кейіп­керлердің махаббат сезіміне арналған Ілия шығарған әндер екен.
Біраз күндерден кейін Асылбек «Да­нияр­дың әнін», «Жәмиланың әнін» айтып, бізді Ілияның жаңа әндерімен тағы да тербетті.
Бұл әндер де Шыңғыс шығармалары кейіп­керлеріне арналған романстар екенін біл­дік.
Иә, алпысыншы жылдардың бас ке­зін­де Ш.Айтматовтың «Тау мен дала хикаяла­ры» деген повестер жинағын табына оқы­ға­нымды есіме түсіріп, қайта-қайта шол­­дым. Қазір де қайта- қайта «Жәмила», «Қы­­зыл орамалды шырайлым менің», «Құс жолы», «Алғашқы ұстаз», «Бетпе-бет» деген өлмес дүниелерді қиял дүние­сі­нен өткіземін.
Міне, бүгін Ілия Жақановтың «Таңға­жайып махаббат» атты лирикалық эссесін оқып отырып, рахатқа бөлендім:
– Ой, шіркін-ай, Шыңғыс пен Ілияның бір-бірін тылсым табиғаттың табыстыруы әуелден, шығармалар тумастан бұрын, бір-біріне арналып дүниеге келгендей болды-ау!.
Қазақ пен қырғыз халықтарының дос­тық діңгектерінің бір тармағы Шыңғыс пен Ілияның достықтарындай сияқты. Олар бір-бірімен рухани шырмалып, шие­леніскен екен демеске шара жоқ.
Шыңғыс пен Ілия – екі алып, бірі – Қыр­ғыз  халқының, бірі – Қазақ  халқының пер­зенті екі үлкен республиканы шекарасыз бітістірген жандар.
Қырғыз ақыны Соонорбай Жусуевтің «Қыр­ғыз озса – ол қазақтың озғаны, қазақ жеңсе – ол қырғыздың жеңгені», – деген тап­қырлықпен айтылған сөздері осы екі алып­тың достығына арналғандай.
Кейініректе туған керемет «Қош, Гүл­са­ры» повесін баурай шығарылған «Би­бі­жан» әні де повесть кейіпкерлерінің таң­ғажайып махаббаттарын автордың жү­ре­гімен сезінгеннен туған ән.
Ілияның «Таңғажайып махаббат» атты ли­рикалық эссесінің  лиризмі, ән туғызған хикаяларын баяндауы әр оқырманның жүрегін емірентіп, махаббат жайлауын гүл­дендіргендей.
Бұл әндердің бәрі романс стилінде жа­зыл­ған. Әр әннің қасиеті сондай – айту­шы­ның жүрек шыңырауынан шығып, тың­дар­манның жүрегіне кәусардай, зәмзәм суындай құйылады.
Әңгімеміздің басында Каспий теңізінің тол­қыны туралы айтып едік. Ілияның ән­дері де шалқыған теңіз. Сол теңіздің ыр­ғағы сегіз рет толқып келіп, тоғызыншы тол­қыны биікке әуелетіп, көңіліңді ша­рықтатып жібергендей.
Ой, шіркін, романс осындай болады екен!
«Ілия – романс патшасы емес пе?» деп қа­ламын да, осы сұрағыма өзім сенімді түр­де жауап беремін:
«Иә, Ілия – қазақ романсының патшасы!».

Қадыр Жүсіп,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау
мемлекеттік университетінің профессоры.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір