Арманда кеткен ару
13.01.2017
2621
0

Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ


Арал өңірінде күй мен жыр жақайымдарға (ру аты) түстенген, үрім бұтағы бәйімбеттерге (тайпаның аты) конған деген аңыз-әңгіме бабалардан аталарға, олардан балаларына, одан немере-шөбере-шөпшектеріне дейін үзіліссіз айтылып келеді. Халық бекер айтпайды ғой, жыршы-жыраулар мен күйшілердің басым дені шынында бәйімбеттерден толқын-толқынымен шыққан. Дегенде олардың есімдері де, өнері де уақытында қағазға түспеген-діктен ұмыт болған. Бір ғажабы, Арал жыршы-жырауларының біразы Сырдарияның аяғында ертеде ел қоныстанған алақандай ғана Мырзас деген жерден шыққан. Сол ұзандардың бастауында ұлы жырау Жақайымның бәйімбетінен Еспенбет тұр. Заманында Арал аймағынан шыққан жыршы-жыраулардың сейісі болған атақты ақтангер ақын Нұртуғанның арғы атасы – осы Еспенбет Дәулетиярұлы (шамамен 1827-1870 жылдар аралығында ғұмыр кешкен деп айтады). Артында ұрпақ қалмай және жанашыр жоқ-таушысы болмай арманда кеткен ұлы ұзан.


Еспенбет заманында «қа­ді­рім­ді балық білер, балық білмесе ха­лық білер» деп нақыл айтқан қа­рақалпақ шайыры Бердақпен наз-наласы орайлас дос болыпты. «Мен – қазақ Еспенбетпін, сен – қарақалпақ Бердақсың, қа­зақ­қа келген қонақсың. Ме­ні­мен құрдассың, бірақ айтар сөзге кел­генде шорқақсың» деп бір орай­да қалжыңдаған әзілі бізге жет­кен. Анасынан ақын болып жа­ратылған Еспенбет өлең-жыр­ды қас пен көздің арасында түй­дек-түйдегімен төгіп-төгіп жі­бе­ре­ді екен. Заманында Қашағанмен ай­тысып жеңген көрінеді. Төрт­қара­да (ру аты) «Сексеннің жор­ғасы» (бір тайпа ел) атанған Шегір жырауды да ұтып кеткен. Айт­қанын айтқандай қағазға түсі­ріп отырмағасын кейбір қадау-қадау үзіктері болмаса, айтыстарының дені алаңсыз ұмыт болған. Ес­пен­бет арғы дәуірде өткен ғой, ал кейін бергі советтік дәуірде ғұ­мыр кешкен Жаңаберген Бітім­бай­ұлы (1889-1946), Жәмет Сайымбайұлы (1895-1967), Дәрі­құл Өмірқұлұлы (1908-1956) және басқа да таңдайы тесілген кере­мет­теріміз болған. Солардың бірде-бірінің тірі дауыстарын ра­диоға жа­зып алу ескерілмеген. Біздің бір осалдығымыз, осындайды уа­қытында ескере бер­мей­тін аң­ғырт­пыз. Бұл атадан балаға жал­ғасып келе жатқан қасие­тіміз.
Еспенбеттің жыр-киесі жан де­генде жалғыз қызы Қадишаға да­рыған. Жасынан күйді де күм­бірлетіп, жырды да күңірентіп өс­кен, ажарына  ақылы сай, ал­ғыр да зерделі болып бойжеткен. Бі­рақ басы байлаулы, аяғы тұ­сау­лы. Бес Бәйімбеттің бір баласы Ан­дағұлда (бір тайпа ел) боқан Ті­леу­құл атамыз (Сүйеуқұл­дың әкесі) Қадишаны баласы Қа­мит­қа атастырып, Дәулетиярмен бе­сік құда болыпты. Еспенбет әке­сінің ұйғарымына қарсы шы­ға алмаған. Еркін өскен Қадиша қыз салтанатын құрған аз күндік дәуірінде Қамитты менсінбеген. Бұл махаббат деген сүйіспен­ші­лік­тің сиқыр күшін қойсаңшы. Бір күндері бәйімбеттер еліне бір арда топ қасқалар мен жайсаңдар, сал-серілер ошарылады. Солар­дың қатарында Қажы-Тархан жа­­­ғынан (Аштархан) бір шеркеш жі­гіт те ел аралап, қыз таңдап жү­реді екен. Сол серінің көңілі Қа­дишаға ауады, қыз да кетәрі бол­майды.
Сонымен ғашық-машықтың ақыры, қыз Қадиша неде болса тәуе­кел, бағымнан көрермін деп бір түнде ұзақ жол, беймәлім са­пар­ға бел буады. Бәрекелді! Қа­жы-Тархан қайда, Мырзас қай­да…
Иә, сонымен жігіт қызды алып қашады. Алайда, қыр­сы­ғы­на қарай махаббат жорығының жүрімі ұзаққа бармайды. Сал-се­рі­лермен бірге түнделетіп жасырын шығып кеткесін ұлы жолда қалың тұман түседі. Содан олар ты­ғыз тұман арасында бірнеше күн адасып жүріп алады. Әбден сусіңді болып шаршап-шалдық­қан­да күн көзі ашылып, тұман ыды­рап сейіледі. Сөйтіп, бұл бір қисыны кеткен іс болған. Қос ға­шықты бастап шыққан серілер Мыр­застан алыс ұзап кеткенімен со­қыр тұман арасында бір атырапты айналып жүре беріпті.
Ел емес пе, қалың малын өт­кі­зіп қойған құда жағы қыз кетіп қа­лыпты деп қарап отыра ма, қу­ғыншыларын шығарады. Бәйім­беттің андыздаған сойыл со­ғарлары тастай түйіліп атқа қо­нады. Олар ғашықтарды қуып жет­кен жерде екіге жарылған. Қа­дишаның зарына жандары ашып құлақ асқандары обалына қалмайық, аман-есенінде еркіне жіберейік десе; басқасы біз қоя бергенмен соңыра бәрібір өтірігіміз мәлім болады. Қуып шық­пауымыз керек еді, қуып шық­қан екенбіз, салбырап қалай бос қайтамыз…– деп көнбеген. Содан амал жоқ, шеркеш жігітін басы аман еліне шығарып салып, аттандырып жібереді. Қызды жылатып, еңіретіп кері алып қай­тады.
Тілеуқұл атамыз тілі ащы бол­ғанмен аршыл, ақылды тентек екен. Намыстан жарылардай болып жынына мініп алған жа­рықтық қыздың аяғы жерге тиі­сімен «бүгіннен қалдырмай ұзат­сын» деп, ауылдың шаңын қа­ға­ды. Ендігісі – еріксіз ұзату. Ке­ліннің бетін ашып болуына: «Кә­не, қашақты алдыма алып ке­ліңдерші, көрейін» деп ақыр­ған. Алдына алып келеді. Иіліп сәлем берген Қадишаның албы­ра­ған сұлу жүзіне жанарын суық қадап: «Мынау басқа ғой! Менің ке­лінім үрдің қызындай еді. Бұл ме­нің келінім емес. Алып кетің­дер!» деп теріс айналыпты.
Ал ақиқатында Қадиша нағыз үр­дің қызындай сұлу болған. Ата­сының әлгі сөзі келініне көңі­лі қатты қалғандықтан айт­қан қиқарлығы деседі. Мүмкін. Ал шынтуайтында Тілеуқұл атамыз баласын менсінбей жерге қаратып кеткен қыздың азарын ке­шіре алмай кек тұтқан. Содан Қа­диша сол беті ашылған күннен бас­тап ашулы атасының қаһа­рына ұшырайды. Сыртқа отауынан аттап бастырмаған, домбыра тартқызбаған, ән мен жырға тыйым салған. Тек бес уақыт нама­зын ғана қаза қалдырмаған. Содан Қадиша ішқұса болған. Оның аяғы махаббат дертіне шалдыққан аяулы жан ішқұса­лық­тан бала көтермейтін сұм­дық­қа ұшыраған. Қамит пайымды жігіт болса керек, келіншегінің зарлы-мұңды жа­нын сол ғана түсінген. Қади­шаның «әнтек» қадамын кешір­ген. Әкесі ауылда жоқта қатар құр­быларының қолқалауымен ке­ліншегін түне­мелік алыс оңа­шаға алып кетіп, әбден құмарлары қанғанша жырлатады екен. Дегенде Қадиша көкірегінде булы­ғып, күйдіріп-жандырған қызыл жел­ді сыртқа шығарып, бойы жеңіл­деп, бір сергіп қалатыны бол­маса, сүле­соқ сырқаттан арыла алмайды.
Содан күндердің бір күнінде ата­сы дүние жарықтан баз кеш­келі төсек тартып жатып қал­ға­сын келінін алдына шақыртып алып, домбырасын серік етуіне ұлық­сат етіп, батасын береді. Бі­рақ бәрі де енді кеш еді. Және: «Мен өлгенде жоқтайсың ба?» деп­ті. Қадиша іркілместен: «Жоқ­таймын!» дейді. Сонда, ата­сы: «Не деп жоқтайсың?» деген екен. Келіні тағы да іркілмей: «Ал­ла аузыма нені салса, соны ай­тамын, басқа не деуші едім» деп­ті қатуланып. Атасы: «Олай бол­са, жоқтауыңды осы қазір бас­та, біле кетейін» десе керек.
Неше жыл қысастықтан қор­ланып жүрген Қадиша неден тай­сын, атасының қарсы алдына оты­рып алып, қоңыр домбырасын бабына келтіріп, өзі шығарды ма, кім білген, бір күйді ышқын­тып зарлатты дейді. Содан кейін, Қадиша-мұңлық күй тартып отыр­ғанда ойланып алған да бо­лар, көкірегінде қордаланған за­пыран зарын ақтарыла толғап бір берген. «Жоқтауын» бір Алла деп бастап, ата-баба аруағына сыйы­нып, алапат екпінмен төккен дейді жосылтып. Ақ тілеулі екі жас­тың махаббат отын өшіріп, аң­саған арманын тұншықтыр­ға­нын, келін болып түскесін де райы­нан қайтпай, ащы тілін тарт­пай, орайын келтіріп кеке­тіп-мұқатып жас жанын жәбір­ле­генін, ән салдырмай, домбыра тарт­қызбай, жыр айтқызбай өмі­рін өксіткенін, ғашықтарды Ал­ла­ның да қолдайтынын, ал бұл кісінің ақылын ашуға жеңдіріп құдайына қарсы шыққанын, атақты Еспенбет жыраудың үкі­леген жалғызын келін тұтпай кел­сапқа айналдырып қорлық бер­­генін, ақырында қайғыдан қан жұтып ауру тапқанын айтып-айтып келіп, енді аққа мойныңды бұрып, соңыра Алланың алдына барғаныңда, ей, Тілеуқұл, не деп жауап бересің?! – деп, атасын нө­серлеткен сұрақтың астына алып, сұңқылдап боздап аңы­ры­ғанда, жиналып қалған жұрт те­гісінен Мырзастың аспанын күңіренткен.
Сонда дейді-ау, пендешілік­пен ашындырып тілін шығарған келінінің топандатқан кекті сөзі атамыздың өңменінен өтіп кеткен болса керек: «Болды! Болды! Тоқтат! Тарт тіліңді! Өшір үніңді! Мы­на тілі кесілгірді алып кетің­дер!» деп, өзі де еңкілдеп жылап жіберген көрінеді, иманды бол­ғыр.
Сондағы сол оқиға елден елге жет­кен.
Ішқұсалықтан не сау емес, не ауру емес, біртүрлі ілеге тап бол­ған Қадишаның жүрімі де көп ұза­маған. Атасының артынан қыр­шын кеткен. Өкінішке қарай Қа­дишаның сондағы «жоқтау» зары ешкімнің есінде қалмапты. Әкесі Еспенбет жыраудың да, өзі­нің де қайда жатқаны белгісіз. Не айтатыны бар. Ұлы жүздің ақын қызы Ұлбике мен Кіші жүз­дің ақын қызы Қадиша екеуі қа­лай тағдырлас болған десеңші?! Ол да, бұл да Тәңірден дарыған асыл қазынасының қызығын кө­ре алмай көктей солған.
Апам марқұм Қадишаның «Шер­кештің ердім жанына, Мыр­застың шықтым басына» деп басталатын толғауының есін­де қалған үзік-үзігін талай ай­тып берген-ді. Ең болмаса со­ны қағазға түсіріп алсамшы. Не нәрсені де дер уақытында ескермей, кейін болары болғасын бар­мақ тістеп өкінетініміз қаны­мыз­да бар ғой. Әттең…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір