Әдебиет қатары – көркемдік тұрақтылық
13.01.2017
1679
0

Әдебиеттің алтын қоржынына түсті деп кезінде есептелген кей шығармалар қазір ұмыт қалғанын ойласақ, құндылықты таңдау қиын шаруа  ма дейсің. Уақыт өткен сайын асыл мен жақұттардың жарқырай түсетіні, ал темірді тот басатыны секілді әдебиетте те сұрыпталу процесінің жүруі заңдылық еді.  Әйтсе де, «Қарға баласын әппағым»  дегені секілді әркім өз қаламынан туған шығармаларын жаман деуге қимайтыны тағы бар. Осы орайда  кезінде атағы кеңге жайылған жазушылардың  көбінің уақыт  өткен сайын  есімдері аталмай,  ұмыт  қалатыны неліктен?   Шығармашылық  иесінің қадірі,  шын таланттарды танып, оларды іздеу дегенді біз қалай түсінеміз деген сауалдарымызға  әдебиетшілер қалай қарайтынына көз жеткізіп көрелік.


Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ,
жазушы-драматург, филология ғылымының докторы

Шығармашылық дегеніміз – имандылық, ақиқат пен әділетті іздеуден жалықпайтын мәңгілік аңсар

Уақыт әділ төреші дейміз. Ме­нің­ше осы – әділ сөз. Сондықтан ке­зінде атақтары дүркіреп шыққан көп жазушылардың заман өте келе ұмы­тылып қалуы заңдылық. Демек, жүзден жүйрік, мыңнан тұл­пар шыққандардың аттары ғана ұлт­тық, қала берді әлемдік әдебиет та­рихында қала алады.
Суреткерлер қай заманда да Құ­дайды, ақиқатты, әділетті тану­ға ұмтылған. Адам бұ дүниеге қан­дай миссиямен келген, оның өзі өмір сүріп отырған қоғаммен қа­рым-қатынасы қалай болуы керек, о дүние деген екі аяқты пенделердің ойдан шығарған мифі, аңызы ма, әлде ол да бұ дүние секілді адам ба­­ласы мәңгі өмір сүретін реалды әлем бе, бақытты болу үшін, Құ­дай­ға жағу үшін не істеу керек – мі­не, осы мәңгілік сұрақтарға өнер де, – оның ішінде, әрине, көркем әде­биет те, – философия да, яғни ғы­лым да, дін де жауап іздейді. Не­гізі Уильям Шекспирдің «Гамлеті», Л.М.Толстойдың «Соғыс және бей­бітшілігі», «Арылуы», А.П.Че­хов­тың «Шағаласы» мен «Ваня ағайы», М.Әуезовтің «Қаралы сұлуы» мен «Абай жолы», В.Распу­тин­нің «Матерамен қоштасуы» – бәрі-бәрі негізінен адамзат өмірінің осы бір ең көкейтесті, ұлы сауалдарына жауап іздеуден басқа ештеңе емес. Негізі өзіңді таныған кезден бас­тап, әлемді де тани бастайсың ғой. Әрине, ұлы тіршіліктің проблемалары жоғарыда біз тізімдеп өткен үш-төрт сұрақпен шектелмесі анық, бірақ қалған сауалдардың бәрі негізінен осылардың аясынан өрбиді.
Ал енді өзіңіз топшылай бе­рі­ңіз, салмағы кез келген кісінің ең­сесін езіп жіберердей әлгіндей зіл-батпан сауалдарға жауап беру жаз­ғыштардың екісінің бірінің қо­лынан келе қояр ма екен? Әрине, кел­мейді. Сондықтан кезінде өнер­пазды кәсіби шеберлігіне қа­рап емес, оның қоғамда алатын әлеуметтік орнына қарай бағалап үй­ренген конъюнктурашыл әде­биет сыншыларымен ресми билік өкілдерінің қолпаштауымен қилы-қилы сый-сияпаттарға бөленіп, атақтары жер жарып тұрған қалам­гер­лердің көпшілігі арадағы жылдардан кейін мүлде ұмыт болып жа­тса, оған ешқандай таңданудың қа­жеті жоқ. Табиғатта да, қоғамдық өмірде де осындай сұрыпталу, тазару үнемі толассыз жүріп отырады. Сөйтіп, Жаратушы пенделердің екіжүзділігін, есепқойлығын жоқ­қа шығарып, өзінің абсолюттік ақи­қат пен әділетке ғана жүгінетін ұлы заңының әрқашан бәрінен үстем болып отыратынын тағы бір қай­та дәлелдейді. Бірақ ұмытшақ екіаяқ­тылар осыдан сабақ алып, тү­зеле қояды деп тағы да иегіңіз қы­шымасын, көн қатса қалпына ба­рады демекші, пенделер осыдан кейін де бейне бұл екі арада ештеңе бол­мағандай өздерінің бәз-баяғы ай­лалы әрекеттерін жалғастыра бе­­реді. Сондықтан қоғамда осын­дай­­ларға тойтарыс беріп, оларды тәу­­бесіне түсіріп отыратын
В.Г.Бе­­линский, Н.Добролюбов, А.Бай­тұр­сынұлы секілді көркем­өнер сын­шылары ауадай қажет-ақ. Бі­рақ өкінішке қарай Алла-Таға­ла­ның мұндай сүйікті құлдары өмір­де тым сирек кездеседі емес пе.
Талантты өнерпаздарды – Л.Н.Толстой айтпақшы, әдетте олар қарапайым келеді, – тек әді­летті қоғам мен иманды адамдар ға­на іздейді, солар ғана олардың шы­найы бағасын, нарқы мен пар­қын біледі. Ал обал, сауап деген­дер­дің иісі мұрнына да бармайтын ор­таға олардың барынан жоғы жақ­сырақ,  өйткені шығармашылық деге­німіз – ең алдымен иман­ды­лық, ақиқат пен әділетті іздеуден еш­қашан жалықпайтын мәңгілік аңсар. Пысықай конъюнктурашыл ор­таға оның не керегі бар?!
Әлімсақтан солай емес пе, жақ­сыны – жақсы ғана, тектіні – текті ға­на іздейді. Есімізге түсірейікші, қай­тыс болғаннан кейін Абайды ең ал­дымен жоқтаған Әлихан Бөкей­хан мен Ахмет Байтұрсынов емес пе еді, ал қалған қалың қазақтың көп­шілігі жүз жылда, тіпті мың жылда бір-ақ туатын өз ортасынан озып туған осы бір кемеңгердің бұ дү­ниеден өткенін білген де жоқ, біл­гісі келген де жоқ еді ғой.


Бекен ЫБЫРАЙЫМ,
сыншы, филология ғылымының
докторы

Көп жылдардан кейін мақталған шығар­ма­лардың 10 пайызы ғана қалады екен

Қай заманда да қоғамның, мем­­­лекеттің жағдайына байланыс­ты өзіндік қажеттіліктері бар. Бұл қажеттілік объективті тарихи-мә­дени, рухани-әлеуметтік дамудан, ағыстардан туындап отыр ма? Әлде үстем топтардың тізе бүктірмей қоймайтын темір тізгіні ме немесе аңқауды айдалаға адастыратын айлакер, алдамшы айтағы ма? Немесе жебірлердің өз жалмауыз пи­ғылын жасырып-жабу үшін жа­саған айла-шарғыларының тізбегі мен жүйесі ме? Осы сауалдарға мән бер­мейінше, шығармашылық процесс пен жалпы әдеби процесс ерек­шелігін жете түсіне алмаймыз.
Әдебиетке, сол әдебиеттің нақ­ты мысалы – көркем шығармаға осы факторлардың қайсысы нақты, пәр­менді әсер етті? Міне, осыны анық­тау – зәрулік. Мәселен, Ж.Ба­ла­сағұнның «Құтты білік», А.Иас­сауидің «Диуани хикмет», Ж.Оғ­діл­мішұлының Шыңғыс хан ту­­­­ра­лы романының жазылуына кім­­нің, ненің шарапаты тиді? Не­ме­­се әдебиет тарихына есімдері ал­­тын әріптермен жазылған клас­сиктердің шығармаларының  дү­ниеге келуінде қандай сыр-құ­пия­лар бар?
Тегінде негізгі рухани-көркем­дік талаптар қажеттіліктерге бай­ла­нысты туындайды және қалып­та­сады. Мәселен, хандардың ке­зін­де жыраулардың не айтқаны, қа­лай толғағаны біршама белгілі. Одан кейінгі ғасырларда суырып-салма ақындардың өнері шарық­та­ғаны, жазба әдебиеттің отаршыл­дық жағдайында бойын еркін түзеп, кең өрістеуіне мүмкіндіктің шек­телгені, тарихи-қоғамдық, сая­си-әлеуметтік қысымдар бол­ғаны мәлім.
Ол кездегі тыңдарман мен қа­зіргі оқырман талабының арасында айырмашылық көп. Немесе
XX ғасырдың басындағы, 1920-1930 жыл­дардағы әдебиет пен қазіргі әде­­биеттің ахуалын салыс­тырған­да, сабақтастықтармен қатар айыр­машылықтардың да бар екенін көр­­меу мүмкін емес. Әсіресе, Кеңес өкі­­меті кезіндегі идеологиялық қы­сымдарға орай қаламгер атау­лыға қойылған шарт-талаптар көпке мәлім. Сол кезде «саясилан­ды­рылған» әдебиет белгілі бір дәрежеде биліктің талабына жауап бер­генімен, талғампаз оқыр­ман­ның көңілінен шықпағаны және рас. Немесе 1940-1950 жылдарда кеңі­нен мақталған қаламгерлердің көп­шілігі қазір ұмыт қалды.
Неге? Біріншіден, бүгінгі оқыр­ман­ның іздегені, талап-талғамы бас­қа. Екіншіден, шеберлік  дең­ге­йі көңілден шыға бермеді. Үшіншіден, сол кездің ұранына бейімделіп, сол дәуірдің талаптарына қайтсе де жауап беру үшін жанталасқан ­туындылар бүгінгі күн үшін бәлен­дей қызықсыз. Ондай шығарма­лардың белгілі бір кезеңдік, өтпелі, уақыт­ша ғана мәні болатыны аян. Ал 1920 жылдардағы Мағжанның, Бер­нияздың, Б.Майлин мен
М.Әуе­зов­тің, 1940-50-ші жылдары жазылған Қасымның шығармалары оқырмандарын әлі күнге дейін жо­ғалт­қан жоқ. ХІХ ғасырдағы Абай­дың, Дулаттың, Махамбеттің шы­ғар­малары да тыңдарман мен оқыр­­мандардың көңілінен шы­ғатыны шәксіз. Мұны еске алып отыр­ғанымыз – тілемсектеніп, мақ­тау дәметуден, марапат күтуден шаршамайтын бақайесеп автор­ларының «шығармаларын» бүгін ешкім іздемейді. Сұрамсақтанып ал­ған сыйлығын, жең ұшынан жал­ғасып алған ордендер мен ата­ғын малданатындардың, ұялмай-қы­зармай соған жол беріп көпірген көн беттердің күні уақытша екенін тарих талай-талай дәлелдеген.
Көзге түскісі келіп, «проб­ле­ма­лық» туындылар ұсынған немесе бел­гілі бір кезеңде көкейтесті мә­се­лелер мен оқиғалардың жалына жар­масқанда, алдымен аңдитыны – атақ екенін ішіне жасырған уа­қыт­ша «атақтыларды» да талғампаз оқырман таниды. Қазіргі оқырман сауатты, қыруар ақпараттан мағлұм­дар, ақ пен қараны салысты­рып, ажырата біледі.
Шын талант иелерін талғампаз оқыр­мандар мен шынайы әдебиет­ші­лер ғана іздейді. Қай заманда да биліктің сөзін сөйлейтін, шынды­ғын жасыратын, өтірігін асыратын жалпош, жағымпаз әдебиет «жасалады». Бірақ көптің сөзін сөйлеп, мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын адам тағдыры туралы толғайтын туындылардың қадірі қашан да айрықша. Ал мұндай шығармалар қай кезде де көп емес.
Шетел және орыс әдебиетінің ең үздік деген шығармаларын қай­тадан қарап шыққанда, көзге анық байқалатын бір сипат – біздің әде­биетімізде сауатты көпсөзділік пен қу бөспелікке ұласатын керексіз айт­қыштық тым белең алып кеткен. Оқымасаң, ештеңең кетпейтін шы­ғармалар өте көп.
Проза туындыларының да, поэ­зия шығармаларының да жарық кө­ріп жатқаны аз емес. Қарап отыр­саңыз, шеберлік жағынан бә­лен­дей көзге ұрып тұрған кемшілік те жоқ. Сонымен бірге, елең еткі­зе­тіндей жаңалығы да жоқ. Ал жа­ңа­лық дегенде, проблеманың жа­ңа­лы­ғынан гөрі қадірлісін – көркемдік бояу­лардың, көркемдік ойлаудың, байыптаудың жаңалы­ғын айтсақ керек. Жаңалықты көп жағдайда жа­дағай түсінетініміз бар.
Танылмай қалған талант жоқ. Ендігі гәп те, міндет те – дарындар арқылы қалыптасқан құбылыс пен ерекшеліктердің тарихи-мәдени маңызын таразылау. Жасырмай, жасқанбай әділ бағасын айта ал­масақ, өзімізді-өзіміз алдап, күм­пиіп көпіре бергенімізден нәтиже шығуы неғайбыл.
Шығарманы түсіну – бағалау мә­дениетімен сабақтасады. Ал шы­ғарманы бағалау мәдениеті де­геніміз, түптеп келгенде, жалпы ұлттық рухани мәдениетіміздің дең­гейін көрсетеді. Бізде осы жағы­нан келгенде айтарлықтай кемші­лік­тер аз емес. Мәселен, басқаны айт­пағанда, Абайдың, Махамбет­тің, Қашағанның, Сүйінбай мен Бақтыбайдың, Жамбылдың, Бер­нияздың, Мағжанның ақын­дық шеберлігін, ауыз әдебиетіндегі жә­не халықтың рухани өміріндегі, рухани дамуындағы алатын орнын, сіңірген қызметін оның ақын­дық шеберлігін көрсететін нақ­ты шығармалардан мысалдар кел­тіре отырып анықтау, байыптау, нақты дәлелдеу, сол арқылы өзіміздің кім екенімізді, қандай еке­німізді байсалды байыптау жет­пейді.
Бұл тарапта жеке адамдардың ынта-жігері арагідік байқалып жат­қанымен, шығармаларды іздеу мен зерттеуге мемлекеттік  деңгейде ойдағыдай көңіл аударылып жат­қан жоқ. Әрине, талантты тануға және іздеуге үнемі мұрша да бола бермейді. Бұл – жалғыз бізде емес, барлық елдердің тәжірибесінде орын алып келе жатқан факт. Дегенмен, мәдениетті елдер өзінің асылын әлпештегенімен, жасығын жария ете бермейді ғой, осы орайда қазақ әдебиетінің шет тілдерге аударылып жатқан шығарма­лары­ның ішінде жақсылары мен жасық­тары аралас екенін жасырудың қажеті жоқ.
Ал таланттарды іздеу дегенге кел­сек, шын таланттар іздеусіз, жоқ­таусыз қалмайды. Әрине, дер кезінде қолдаған жақсы-ақ, алайда қым-қуыт заман қайшы­лық­тар­ы­мен күресуге дәрмені жетпей, дір­дек­теген адам шіркіннің пендеге айналғанын білдірмеуге жанталасатын далбасасы ең алдымен оның өзін тұсайтыны өкінішті.
Қайдан оқығаным есімде жоқ, бәленбай жылдан кейін мақталған шы­ғармалардың 10 пайызы ғана қа­лады екен. Арада топырлап өт­кен түгенбай жылдар сол 10 пайыз­дың тағы қаншасын тозаңға тоғы­татынын еске алсаңыз… Осы қар­қынмен кете берсе, үшінші мың­жылдықта адамзаттың өмір сүруі екіталай. Өзімшілдігі өз тү­біне жетеді. Сонда!..
Сонда адамзатты кім іздейді?

Әзірлеген
Гүлім Нұрланқызы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір