Ағайыншылай келіп ек
18.11.2016
1496
0

Шәрбану Құмарова

Бойжеткен қыз қайтеді енді, жігіт қарайды («Қыз қарайды» деу, бозбалаға тән болса да). Әскенге ешқандай жігіт ұнамайды. Ұнамайтын себебі – олар кездесе қалса, алдымен: «Папаң дүмді қызметте ме? Квартираң бар ма?», – деген сықылды ішпыстырар пасық сұрақты жау­дырады кеп. Міне, қасында тағы бі­реусі… бойшаң, бұйра шаш, сүліктің көзі­нен өткендей, қараторының сүй­кім­дісі. «Менің сүйіктім болсашы, ей!» деп әнде­терліктей-ақ. Әттең, Әскен-Асяда папа жоғы, үй шаруасындағы жалғыз мамасымен екі бөлмелі пәтерде тұрып жатқандығы тілін күрмеуде. Ашылса, ана Нурик шоршып жөнемей қайтсын. Әл-әзірге сыр білдірмек емес, қол ұстасады,  көше қыды­рады. Он жетідегі қызға қол ұстасу – қосылу есепті. Сондықтан:
– Екеуміз неге қосылмаймыз… – деге­ні. Нурик ажырая қарап:
–  Бұндайды жігіт айтпай ма алдымен? – Уысындағы қыздың ыстық қолын босатып, құдды аяғына жылан оралғандай ыршып түскені.
Бітті. Көп тосты, бірақ ол қарасын батырды. Мамасы Айжанға жылап: «Нурик менен кетіп қалды», – деді. Ол жүзі шаңыта:
– Жабысып қалады деп пе ең? Қайта бүлдіріп кетпегеніне шүкір!
– Не, сонда мен өне бойы жалғыз жүрем бе? Жасым келді емес пе…
– Өне бойы мен де жалғыз өсірдім сені. Әкең тастап кеткелі сорлы басым, не көрмедім. Тегі оның Кегендегі туыстарынан да қол үздім.
«Қол үздірген өзіңіз емес пе, мама-ау, келсе жақтырмай…» дегісі келді Асяның.  Дей алмады. Әкесі Мейірманнан Айжан­ның қалай ажырағанын, оның жалғыз шаба­данын ұстап, есіктен қантү­нере шығып бара жатқанын Әскен көз алдына елестеткен.
…Папасы шаруамен үйде жоқ болатын. Шұбырып кенет келген қайныларын, яғни күйеуінің бауырларын Айжан жақ­тыра қоймады. Кіржиіп шайын берді де:
–  Ұзаққа келдіңдер ме? Мен онда қазан асайын, – деді.
Үлкен қайны-келіндері буына:
– Әй, жеңеше, осыны сұрамай-ақ қазаныңды көтере бермеймісің, әлде қазаның төңкеріліп қалған ба? – Қатты айтқаны сондайлық, келіншегі ыңғайсыз­дана:
–  Абысыным, көпке келмесек те, бірер күнге келдік, өз үйіміз деп келдік. Жақтыр­ма­саң, қонақ үйге-ақ баралық, – деді жұқалай.
–  Е, әншейін… үй тар ғой, небәрі екі бөлме, өткен айда ғана кенже қайным науқас баласын әкеп, дәрігерге қаратпады емес пе?
–  Дәрігерге қаратуға келсе, туған аға­сының шаңырағына келді, бөтені ме еді? – Нұрдәулеттің өңі өзгере әйеліне: – Тұр, жинал. Бөпеңді ора, ана үлкені қайда, балконда ма?
Шайды шала-пұла ішісімен Әскеннің немере ағасы, бір жағы кіші әкесі де, бала-шаға, әйелі інісімен сыртқа шыға жөнеген. Айжан сазарған бойында, ал Әскен олардың соңдарынан жүгіре, еңірей жылап: «Аға, тәте, кетпеңіздерші…», – дегенде құлындағы даусы шырқыраған.
Көршісі Сақып:
–  Не болды? Қайныларың кенет неге кетті? – деді. – Құдай-ау, тап осындай менің ағылып-төгіліп кеп жатқан қонақта­рым боса ғой…
Көздері боталай, әкесінің қолынан тартыншақтай «бармаймын» дегендей тырмысқан немере інісінің кейпі әлі көз алдында. Мамасын иттің етінен жек көріп кетті.
Әкесін сағынып бір кеткенде Әскеннің еңірей жылайтыны – әдеті. Айжан түсі­неді, уатады, өзі де аңсайды, қолдан келер қайыр жоғына өкінгені сондай, бір тоста­ған у тотияынды жұтып салардай.
Қыз оқуын да бітірді, қызметке де орналасты. Жас болса айхай жиырма-бестен асты. Өмірі – сұрқия. Есіл-дерті көлденең біреу-міреу кездесе кетсе, етегінен ұстап осы үйден таяр еді. Әкесі Мейірманды іздеп Кегенге де бармақшы. Ол сонда, сөзсіз. Бір ретінде хат алған. Тап-тақыр Кегенде не қызық? Шоқиған-шоқиған жатаған үйлері болмаса. Шаң үйіріп әрлі-берлі зулаған көліктер болмаса. Албыраған ақша жүзіне де ішқұсалық таңбасы ізін сала: күлбеттеніп келе ме…
«Енді маған кім қарайды?».
Екі иығына екі кісі мінгендей ақсұр, жалпақ бет, бітік көз Көбейді тағдыры кезіктірді. Түлкібастың жігіті екен, «бой­дақ­пын» дегеніне не сенерін, не сенбесін біле алмай даң. «Құрысыншы!» деді де қосылуға келісімін бере, әдептілік сақтай, анасымен таныстыруға бел шешкен.
– Кімі бар екен? Үйі ше?
– Не, үйі жоқ болса ше, үйі жоқ екен деп мен оған тимеуім керек пе? – Асяның да тілі ұзын, баяғы момақан, бұйығы қыз бала жоқ бүгінде.
– Әкел! Көрелік. Егер де болтун біреу болса…
– Болтун болмақ түгілі, «шортуың» болса дағы… мен оны ұнатамын.
Мейірман әкесінің қатты «боқтаған­дағы» сөзі – «Шорту!» еді. Күліп алды. Шешесі де жымың ете: «Алдын ала айт, дастарқан әзірлеп қояйын».
*  *  *
«Түлкібастан шұбыратын шығар по­йызбен…» дегені айна-қатесіз келген. Амалы жоқ, бірақ Көбей көргенді жігіт екен, ас-әзірден соң туыстарын қонақ үйге апарып қондырады: «Үй тар, кішкене бала бар…».
Бұ жағынан Айжанның көңілінен шыққандай. Іші жылып: «Дастарқаннан еш тарылмаймын ғой, әттең үйдің тарлығы…», – деп қояды.
–  Мама, қам жемеңіз, үйді кеңейтеміз ғой… Өзі табыскер жігіт, бір емес, екі жерде қызметте. «Бизнес ашамыз  Ася екеуміз!», – деп қопаңдап қоятыны тағы бар. Ал қызық болғанда кішкене сәбидің аты – Мейірман!  Ася әдейі «Әкемнің өзі бол­маса-дағы, көзі болсын!» деп есімін солай қойған.
Жеделхат та салды: «Әке, өмірге Мейір­ман Көбеев келді!», – деп.
«Көбеевтер көбейе берсін…». Әкесі іле-шала қуанышы қойнына сыймай телеграмма салған-ды. Және де «келіңдер» депті.
Расы, баруға да даярланды. Айжан қабағын шытты, «менен тағы да алыстамақ па?». «Тастап кеткенімен қоймай, бауыр басып, мейірімімді толқытқан балаларымды өзіне қарай тартпақшы ма? Мейір­манның бұл қай қылығы…».
Алдымен үшеуі Түлкібасқа барып, аунап-қунап қайтқан. Бір қап алманы қоса арқалап. Түлкібастың алмасын айт! Алматының  да апорты керім еді. Қытай­дың тас алмасы қаптап, исі бұрқыраған, қос жұдырықтай-жұдырықтай апорт бүгінде көзден бұл-бұл ұшқан. Әйтеуір көршілері қарқ!
«…Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ» дегендей, жұбайлар өмірі осылай өте берер ме еді, егер де Айжан тағы жынданбаса: «Еке­уіңнің сыңқылдаса, төсекті сықырла­та таңға  күлгендерің, баланың  жыла­ға­нына да қарамай…», – дегенді шығарды.
–  Мама, онда тұрған не бар, біз жаспыз, екеуміз де қызметте емеспіз бе? Сағынысып қаламыз. Бала өзіңіздің бауырыңызда емес пе, осылай келіспеп пе ек?!
–  Зарлаулық баланы мен қашанғы жұбатам, тұрып емізбеймісің?
– Емізік-бөтелке қасыңда ғой… – Әскен де шарт кетті. Көбей қып-қызыл бола шайын ішпестен далаға ұмтылған.
«Тағы сол көрініс…» деп ойлаған Әскен. Иә, әкесінің шайды шала-пұла іше шабаданын көтеріп үйден шығып бара жатқаны…
Көп кешікпей, бұлар бөлек шықты. Пәтер жалдап, әрине. Айжанға аядай екі бөлме оңаша тиді, тек баланың жұпар иісі танауына келе бергені… «Қайда көшті, адрестерін де айтпай, әлгі Мейірман жылады-ау!». Сәби даусы шырылдағандай. Жан-жағына қарады. «Қашанғы шыдасын, келіп қалар…» деумен ұзақ күнді батыра алмады. Таңды атыра алмады. «Сыңқылдасып күлсе, несі бар-ау! Өздері де жас болмап па еді. Қызу құшақтары айқасып Мейірман екеуі құшырларын баса алмай…». Осы кезде үшкір кездік тап жүрегінің тұсынан ұрғандай…
Есін жиғанда, үстелдегі ыдыс-аяқ тола дастарқанды қоса сүйретіпті… Күл-парша.
* * *
…Біршама уақыт өте әке Мейірман кейінгі әйелінен туған Гүлжамалды ерте, бір қойды сойып, қапқа салып Алматыға келмей ме. Білетін баяғы мекен-жай. Есігінің қоңырауын басты кеп, басты кеп. Тоқпақтады. Тоқпақты естіп көршісі Сақып басын қылтитты. «Ешкім жоқ, бәлнесте…».
–  Балалар ше? Бөлек тұрушы ма еді? – «Ойбу, сен екенсің ғой, Мейірман, кәне, кір-кір үйге!» – Сақып есігін айқара ашты.
–  Бірге-ақ тұратын. Аяқасты бүлінді де, қыз-күйеу көшті. Баланы ала.
«Әй, қу мінез! Ақыры сыйыспаған екен ғой, қисық ағаш түзелмес».
–  Енді балаларыма хабар бер, Сақып. Осы үйді есіңде ме, сенің марқұм күйеуің екеуміз бірге алып едік қой, бір мекемеден. Ол кезде мекемелер қызметкерлеріне деп үй тұрғызушы еді ғой, – Күлкі шуағы онсыз дағы нұрлы жүзіне жайыла жігіт ағасы әлденені есіне алғандай жымиды.
–  Не ауру, – деп сұрады. «Есінен танды, киімдерін дал-дал қып балконға жүгіріп шығатын болды сенің атыңды атап», – дегенді естігесін, Мейірманның өңіне сұсты бұлт қонақтағандай:
–  Шайыңа рахмет, етті қайда қояйық, қыс қой, балконда тұра тұрсын.
–  Мен Әскеннің жұмыс орнына хабарлайын, жаңа ғана қызметі көтеріліп, көңілдері де шалқып келе жатыр еді. Бәрінен әлгі тентектің қылығы шығып, әкем-ау, сенің аузыңнан түскендей, аты да…
–  Иә, Гүлжамалды інісімен таныстырайын деп ертіп әкеліп ем… қап, шорту, мына жынды қатынның қорлығы-ай…
Асып-сасып, алақ-жұлақ келген Әскен мен Көбей сәл-пәл аңырайыса қап, «Папа!»,«Көке!» десіп, Мейірманды бас сала, қол тоқпақтай шағын бойлы әкелерін құшақтарына алсын…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір