Сенің атың – көктем…
18.11.2016
1400
0

Асылан Тілеген

ОРАЛМАН
Айдан оралдым, Күннен оралдым,
Орала алмадым жылдардан.
Жалғыз бас жортқан түннен оралдым,
Сәттен оралдым жым болған.
Өлеңге ғашық кезден оралдым,
Өмірді сүйер емен тек.
Жетімдей жадау сөзбен оралдым,
Жалынын кеткен жел өртеп.
Зар күйім шерткен шақтан оралдым,
Орала алмадым шат күннен.
Бағымды іздеген бақтан оралдым,
Үңгір-үмітке баттым мен.
Дұғалы күннен, кештен оралдым,
Еспен оралдым адасқан.
Жарыммен кеттім. Доспен оралдым,
Көшпен оралдым әні асқан.
Қағанатыммен қайрала жүрмін,
Оқтай ғұмырлы орамым.
Құдайым білер… қайда қалдырдым,
Оралмас күннің обалын.
Қайтқан қиырдан жоғала алмаймын,
Оралмас күннен жат іргем.
Орала алмадым, орала алмаймын,
Жүректі сүйген сәтімнен.

МАҒАН
Жаныңды жасын өрт етті,
Көзіңде моншақ мөлт етті.
Сабырыңды алған сәтінде,
Сүлдеңде сол маң солқ етті.
Ағайын келіп жаныңның
жарасын таңып, ол кетті.
Тағы жұрт қымтап қабірді,
жаны ашынғансып, ол кетті.
Таныс та біліс тамыр ма?!
Қалғанын айтып, ол кетті.
Қала да, көше, ауыл да,
Ар жағын айтып, ол кетті.
Сәуір де сақтық үшін ғой,
Желімен жібек тербетті.
Көктем де – көрген түсіңдей.
Түртіп оятып, ол кетті.
Құдайдың осы кеңдігі-ау,
Жарылқап сендей нәйісті.
Дүбірінен достың жер мынау,
Беліңдей ғана қайысты.
Өмірдей дойыр өретін,
Жүрсе де жолды қате айтып,
Қайран дос қайтып беретін,
Қайқиған белді қатайтып.
Көктемдей көңіл іздеулі,
Жаңқадай ғана жалын бар.
Жанына оның күз келді,
Жаңбырын ішіп алыңдар…

СӘТ
Неге ертерек кетіп қалдың,
Көктем-ау?
Жан сүйетін жалғыздарды жоғалтып,
Тумысымнан тірлігім бе жоқ қарау?

Үндемей-ақ,
Гүлдемей-ақ сен кеттің,
Мынау алып жер-бесікке жыр айтып,
Сәби жалғыздығымды тербеттім.

Жолдасы өлген жолаушыдай жердегі,
Өкірсемші…
Жаңбыр жауды қалаға,
«Сенің атың – көктем» дедім – сенбеді.

Сенен өзге болар жанға кім дауа?
Жерге түскен жапырақты көтердім,
Саған ұқсап кете алмады бұл қала.

Мына күз бе жұрт айтатын тамаша?
Еркелетіп қойған аты – қыркүйек,
Қар мен қара жамылғаны – қараша.

Сүйгісі кеп маңдайымды, бетімді,
Шәлі оранып қыс рөлін ойнаған,
Сап-сары қыз – актриса секілді.

…Неге ертерек кетіп қалдың, Көктемім…

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір