Тәжиеваға тағзым
18.11.2016
1323
0

Оңтүстіктің топырағында туып-өскесін бе екен, қазақ сөзіне олжа салған екі апамды – Тұрсынай Оразбаева мен Орынкүл Тәжиеваны жастау кезімізден біліп өстік. Әрине, біраз жылдар апаларымның жанында жүріп өнегесін алдық та…

Біз қазақтың көрнекті қалам­гері Орынкүл Орманқызы Тә­жиева­мен өткен жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап жақын араластық, сырластық, сыйластық.
Тәжиева тағдыры тағдырдың қиын соқпақтарын басып өткен тағ­дыр. Болашақ қаламгердің маң­дайына жазылған жазу сол шы­ғар, бәлкім…
«Өмірге келдім еңбектеп,
Шалқалап әкем шықты үйден.
Жетімдік тағдыр жетектеп,
Қабағын жаба түксиген», –
деп Қасым ақын жырлаған же­тім­дік тағдыр, өмірге іңгәлап есік аш­қанына үш күн болған сәбидің маңдайына жазылды. Қуғын-сүр­гін жылдары қудаланып, реп­рессияның құрбанына айналған әке, Ұлы Отан соғысынан оралмай қалған әке өлімі, бауырына са­лып алған Тәжі ақсақалдың ота­ғасының артынан Жығагүл әже­нің о дүниеге аттанып кете баруы… бәрі-бәрі Орынкүл апаны мұңға бейім қылып өсіріпті.
Жазушының әкесі кешегі Алаш қайраткерлерінің өнегесін көр­ген қайраткер азамат болыпты. Орман Ақбердиев заманында мәдени-ағартудың үлкен ор­та­лықтарының бірі болған Таш­кент­тегі Орта Азия қызыл ком­му­­­нистік университетін (САКУ) заң мамандығы бойынша бітірген зиялы азамат болыпты. Бір мезгіл Оңтүстік Қазақстан облысында ағартушылықпен айналысыпты да, Өзбекстанның мемлекеттік аппаратында заң қызметкері бо­ла жүріп, Өзбекстандағы бел­гілі облыстың Атқару комитетінің тө­рағасына дейін көтеріліпті. Сол тұстағы қазақ интелли­ген­ция­сының өкілдері Ғани Мұрат­баев, Сұлтанбек Қожанов, Бей­сем­бай Кенжебаев, Лениншіл Рүс­темовтермен жақсы байла­ныс­та болыпты.
Тәжиева алғаш дәрігер болу­­­ды армандады. Дәрігерлік оқуды тәмамдап, ол арманына жет­ті де. Дәрігер бола жүріп, әде­биет әлеміне құлаш ұрған бола­шақ қаламгер әдебиеттің әр жан­рында поэзияда, прозада, дра­матургияда қалам тартып, Оң­түстік оқырмандарына мық­тап танылған Тәжиеваның қа­зақ әдебиетінің классиктерінің бірі, қазақтың әйгілі ақыны Әб­діл­да Тәжібаевтың талантын та­нып, сәт сапар жазуы тегіннен те­гін дейсіз бе. Екінің біріне бұйыра бермейтін бұндай бақыт талантты қызды Алматыға әкел­ді. Алматыға келіп, Қазақ мем­ле­кеттік университетінің журналистика бөліміне оқуға түсіп, кешегі ұлы Бейсекеңдерден – Бей­сембай Кенжебаев бастаған ұлы ұстаздардың алдынан өтіп, мектебін көріпті. Олардың қа­тарында Хангелді Сүйіншәлиев, Зей­нолла Қабдолов, Белгібай Шалабаев, Лениншіл Рүстемов, Тауман Амандосов, Сұлтанғали Са­дырбаев, Темірбек Қожакеев секілді әдебиеттің, журналис­ти­каның білгірлері болыпты.
Университетте Орысбай ағам­мен (Әбділдаұлын айтамын) бір­ге отыз ұлдың ортасында жал­ғыз менің Орынкүл апам оқыпты. Сол Орысбай аға «Лениншіл жас­та» «Отыз ұл және Орынкүл» де­ген эссе жазып, содан кейін «Ле­ниншіл жас» пен Орысбай ағам ұрандатқан «Отыз ұл және Орын­күл» деген ақжолтай атау аңыз­ға айналып кете барыпты.
Тағдырдың жазуымен Ақбер­диев емес нағашы атасы Тәжі ақсақалдың есімімен Орынкүл Тә­жиева болып танылған, Тә­жие­ва болып қалыптасқан, Тә­жиева болып тұлғаға айналған, Тә­жиева болып аңыз болған, Тә­жиева болып өмірден өткен қа­ламгердің бізге қалдырған рухани мұрасы қазақ сөзіне олжа бо­лып қосылған дүниелер.
Біз сол Сіздің бізге қалдырған рухани мұраларыңызды әр сәт оқы­ған сайын Өзіңізді еске алып, жү­регімізді сағыныштың мұңды са­зы тербейді.

Қызжібек БӘКІР.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір