Жүрекке жететін әндер
18.11.2016
1854
0

Аманкелді СҰЛТАНҒАЛИ


Аманкелді СҰЛТАНҒАЛИ – өмірдің жеті белесін бағындырған қария. Алыстағы Атыраудан ел ордасы Астанаға жиі келіп тұрады. Себебі, Астана – күллі қазақ үшін қадірлі, ұзақ көрмесең сағынышқа бөлейтін қала деп санайды…

– Елордамызға жиі келесіз. Аста­на сіз үшін несімен ерекше?
– Астана – жалғыз маған ғана емес, иісі қазаққа, барлық қазақ­стан­дыққа әрі ыстық, әрі қадірлі, әрі қымбат қала ғой. Қазір әлем жұрт­шылығы да қызығып, Елор­да­мызды көбірек біле бастады десем, артық айтқаным емес. Өзім Атырауда тұрсам да, елор­да­ның мәртебесі өскеніне елмен бірге қуанып отыратын жанның бірі­мін.
Астананың жыл сайынғы өсу, өркендеу тарихымен таныспыз. Бас­пасөзден оқып, теледидардан кө­ріп жүрміз. Барлық жетістігіне, бой көтерген әрбір сәулетті ғи­ма­ра­тына көз салсақ, Ел­басымыз Нұрекеңнің қол­таң­басы көрініп тұрады. Соған қуан­ған халық алдағы табыстарына да ті­лекші болып отырады. Қазақ­стан­ның астанасы осылай көр­кейе берсе екен, сонымен бірге елі­міздің қалалары мен ауыл-ау­дан­дары да өркендеп, халқы­мыз­дың жағдайы жақсара берсін деген тілегіміз бар.
– Бұл қаланы бірінші рет қа­шан көріп едіңіз?
– Алғаш рет 1973 жылы Цели­ног­рад кезінде іссапармен келіп едім. Сол кезде бүкілодақтық гео­логия симпозимумы өтті. Гео­логия мамандары, ғалымдар бас қосқан жиын болды. Кеңестер ода­ғына қарасты Балтық жаға­лауы, Кавказ бойындағы респуб­ликалардан делегаттар келді. Аты­раудан Серік Айталиев екеу­міз келіп қатыстық. Ол кезде гео­фи­зика мекемесінде бас эко­но­­мист-бухгалтер болып қызмет істей­тінмін. Сонда қала ор­та­лығындағы бір қонақ үйде тұр­ғанбыз. Ал енді 2005 жылы кел­генімде қала мүлдем өзгеріп ке­­тіпті. Бұрынғы өзіміз тұрған қо­нақ үйді таба алмай қалдым. Өйткені, бұрынғы ғимараттардың барлығы жаңартылған, неше түр­лі жаңа үйлер салынған екен. Це­линоград кезінде кәдімгі облыс орталықтарының бірі болатын. Ол кезде әуежайы да шағын еді.
Бүгінгі таңда Астана әлемге та­нылды. Дүниежүзіндегі 30 қа­ла­ның бірі болып аталды. Бейбіт­ші­лік қаласы деген жүлдеге ие бол­ды.
Өнер әлемінде Астанаға ар­нал­ған шығармалар жыл сайын кө­бейіп келеді. Небір тамаша ән­дерді естіп жүрміз.
– Білуімізше, халықтық өлең-жырға кенде емес жансыз. Бүгінгі қа­зақ әні мен күйі туралы не айтасыз?
– Қазақтың ән мен күйі қар­қын­ды даму үстінде. Халық ком­по­зиторларының күйлері мен ән­дері оркестрлерде жоғары дең­гейде орындалып жүр. Жаңа ән­дер жазуға талпынып жүрген жас­тар да аз емес. Біз бұған қуа­на­мыз. Бірақ бізге керегі – халық­тық дәстүрдің сақталғаны, ұлт­тық өнердің өз бояуын жой­­­мағаны. Өнер иесінің жан-дүниесінен туын­дап, қазақ халқының жүре­гі­не жететін әндер мәңгілік шы­ғар­ма болатыны сөзсіз. Біз ха­лық­тық дәстүрлі әндерге бас ие­міз.
– Бірақ бүгінгі күні «жылты­рақ» әндер де сахнаға шығып жүр ғой?
– Оған ештеңе істей ал­май­сың. Ол да заманның бір ағымы шы­ғар. Сөзі жұтаң, тек билеуге ар­­налған әндерді естіп жүрміз. Ха­­лық түптің түбінде ақ пен қа­ра­ны айырады. Ондай әндер ха­лық көңілінде қалмайды. Өтпелі кезеңнің  уақытша «әлаулайлары» ғой. Бәріне уақыт – сыншы.
– Аздап ән жазатын да өнеріңіз бар екен. Өнерге бала кезден әуес пе едіңіз?
– Туған жерім Тайсойған, Қы­­зылқоға ауданы. Өнерлі жандар көп шыққан өңір. Жас кезімде Құлсары аудандық оркестрде өнер көрсеттім. Сол оркестрдің құ­­­ра­мында бүгінде ел білетін өнер иесі Айтқали Жайымов та бол­­ды. Жас кезінен-ақ үлкен да­рын иесі болатыны байқалып тұр­а­тын. Ел тілегі қабыл болғаны ғой, бүгінде ол Алла берген да­рын­­ның арқасында танымал ком­­позитор атанды, шығар­ма­лары Қазақстанда да, шетелде де орындалып жүр. Еліміздегі ең үз­дік дирижердің бірі.
Өзімнің шығармашылығыма кел­­сем, үлкен дүниелерді тындырып тастадым деп айта алмаймын. Біраз әндерімді жинақтап кі­­тап етіп шығардым. Бірінші кі­­та­быма 20 әнім, екінші жи­на­ғыма 30 әнім енді. Қазір үшінші кі­­тапқа 15 ән дайындап қой­дым.
Соңғы кезде  екі ән шығардым, оның бірі Әбіш Кекілбайұлына арналған «Кемеңгер» әні. Өлеңді «Қа­­зақ әдебиеті» газетінен оқы­дым, сонда алғашқы шумақ­та­ғы:
«Бұлақ еді бір кезде бастау алған,
Маңғыстаудың
қатпарлы қыратынан…», –
деген сөздер мені тебірентіп жі­бер­ді. Қай адам да сондай киелі жер­ден бастау алмаса, ұлы болып шық­пайды ғой. Әннің сөзі Әбіш­ке жарасымды келісті болып тұрғанын байқадым.
Екінші ән «Мейірімді жан еді» деп аталады, ол Фариза Оң­ғар­сыноваға арналған. Жас кезі­міз­де Әбішпен де, Фаризамен де дәм­дес, пікірлес болғанбыз. Елі­міз­дің ең қадірлі азаматы, қалам­гер­лері болды. Енді олардың мәң­­гілік шығармашылық жолы басталды. Осы екі әннің де нотасын жас композитор Нұрлан Бе­ке­нов оркестрге түсірді. Астана мем­лекеттік филармониясының қа­зақ ұлт-аспаптар оркестріне лайықтап, дайындау үстінде.
– Көпті көрген қариясыз ғой. Бү­гінгінің жастарына не айтар едіңіз?
– Бүгінгі жастарға қарап қы­зы­­ғамын, жетістіктеріне қуа­на­мын. Осындай сәулетті, берекелі за­­­манда өмір сүру – баянды ба­қыт. Сол бақытты қадірлей білсе екен деймін. Өзінің қазақ екенін мақ­тан тұтып, ұлттық қадір-қа­сиетімізді арттыра түсуге үлес­терін қосса, аға ұрпақ та оларға дән риза.
Елге, халыққа қызмет жасайтын азамат болу – әрбір адамның ел алдындағы перзенттік парызы. Ал білім мен ғылым жолында өзін шыңдай берсе, өнер жолында үлес қосып жатса, тіптен ға­ни­бет! Алладан тілейтінім – жас­тар­дың бойларына намыс, жү­рек­теріне жылылық берсін. Қа­зақ елінің өркендеу жолында аян­бай еңбек етсе, ондай жастарымызбен бәріміз де мақтана ала­мыз.
– Айтқаныңыз келсін, әңгі­меңіз­ге рахмет!

Әңгімелескен А.Бәймен.
АСТАНА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір