Қағазбастылықтан арылмай
18.11.2016
3224
0

Мырзантай ЖАҚЫП,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті (of Associate Professor), филология ғылымының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығының директоры


Биыл егемен ел болып, аяғымызға нық тұрып келе жатқанымызға 25 жыл. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейтін тәмсілге жүгінетін мемлекетімізде осы уақыт аралығында жас ұрпаққа сапалы білім, тағылымды тәрбие беру жолында бірталай іс тындырылды.  Көп жағдайда әр түрлі сын-ескертулер жиі айтылып, жазылып жатқанына қарамастан, еліміздің Білім және ғылым министрлігінің жалпы үйлестіруімен отандық білім саласында атқарылып жатқан игі істер мен қол жеткізілген жетістіктер аз емес екенін айтуға тиіспіз. Біздіңше, Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңында білім беру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық тетіктер жеткілікті деңгейде қамтылған.

Аталған Заңның 8-бабында бі­лім беру саласындағы мем­ле­кет­тік кепілдіктер атап көр­се­тіл­ген. Яғни мемлекет аза­мат­та­ры­мыз­дың мектепалды, бас­тауыш, негізгі орта, жалпы ор­та білім, техникалық және кә­сіп­тік тегін білім алуын, сондай-ақ, әс­кери кон­курс­тық негізде тегін бі­лім алуын қамтамасыз етеді. Со­нымен бірге, мемлекет әлеу­меттік көмек­­ке мұқтаж аза­мат­та­ры­мыздың білім алуы ке­­зе­ңін­дегі қаржылай шығыс­тарын то­лық немесе ішінара өтейді.
Білім саласында таяу уақытта жү­зеге асырылуы тиіс маңызды іс-шаралар белгіленген басты құ­жаттардың бірі – Пре­зи­ден­тіміз­дің  2016 жылғы 1 наурыздағы №205 Жарлығымен бекітілген Қа­зақстан Республикасында бі­лім беруді және ғылымды дамы­ту­дың 2016-2019 жылдарға ар­-
­на­л­ған Мемлекеттік бағ­­­дар­ла­масы. Мем­лекеттік бағ­дарламада кел­тірілген мәлі­мет­терге сүйенсек, Дү­ниежүзілік экономикалық форумның 2015–2016 жылғы Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде Қазақ­стан әлемнің 140 елінің арасында 42 орынды ие­ленген. Білім беруді дамыту ин­дексі бойынша көш­басшы ел­дердің ондығына кіреді екенбіз. Өт­кен 2015 жылы даму деңгейі жо­ғары елдердің тобына еніп, әлем­нің 188 елінің арасында 56 орын­ды иеленіппіз.
Елбасы Жарлығымен бекі­тіл­ген Мемлекеттік бағдарлама мен Үкіметтің  жоспарында жазылған іс-шаралардың бірі – 2017–2019 жыл­дарда 5-сы­нып­тан бастап үш тілде оқытуды ке­зең-кезеңмен енгізу, 2016 жыл­ғы IV тоқсанда 5–11 сынып оқу­шы­лары үшін жазғы тілдік мек­теп­ті ұйым­дас­тыру мәселесін пы­сықтау, 2018 жылғы I тоқсанда өңір­лерде ағыл­шын тілінде оқы­татын сыныптар ашу көзделіп отыр.
Осы мәселе хақында қазір қо­ға­мымызда қызу пікірталас жү­ріп жатқаны белгілі. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым ми­нистрлігіне қарасты «Ақ­парат­тық-талдау орталығы» АҚ де­партаментінің директоры Елдос Нұрлановтың айтуынша, үс­тіміздегі жылы еліміздің бар­лық аймақтарын қамтыған әлеу­меттік зерттеу өткізілген. Оған
2 мың­нан астам жоғары сынып оқу­шылары мен олардың ата-ана­лары қатысқан.
Мақсатты топтың үш тілді бі­лім беруді енгізу жөніндегі пі­кі­рін білу ниетімен жүгізілген осы зерттеудің нәтижесі бойынша Қазақстанда ата-аналардың көп­шілігі (81%) балаларының ағыл­шын тілін білгенін қалайды екен. Сұралған оқушылардың тек 15 пайызы ағылшын тілін ер­кін меңгергенін айтқан. Ата-ана­лардың 34 пайызы ғана ба­ла­сының ағылшын тілін иге­руі­не жағ­дай туғызып, тілдік курс­тарға жі­беру мүмкіндігіне ие көрінеді. Ал 27 пайызы бұл мәсе­леде тек мек­тепке үміт артуға мәж­бүр. Осы жүргізілген сауална­мада ата-аналардың 66 пайызы үш тіл­ді білім беруді мектепке ен­гізуді қол­дайтындықтарын біл­дірген. Ал 25 пайызы кадрлар­дың дайын емес екенін алға тар­тып, қар­сы пікір білдірген.
Еліміздің білім жүйесіне қа­тыс­ты біраз талас тудыратын та­қырыптар аз емес. Қазіргі кезде көпшілікті толғандырып отыр­ған өзекті мәселенің бірі – ҰБТ-ны реформалауға байланыс­ты. Біздіңше, «Талапкер–2017» нау­қанын реттейтін ресми ереже­лер­ді ертерек әзірлеп қоюдың мек­тептер мен колледждердің түлек­тері үшін де, ата-аналар мен ұстаз­дар қауымы үшін де ерекше маңызы бар.
Биылғы 2016 жылдың мектеп түлектері ҰБТ тапсырар алдында бі­раз түсініспеушіліктер мен қо­лайсыздықтар туындағаны есі­мізде. Оның басты себебі ҚР Бі­лім және ғылым министрлігінің тестілеу жүргізілетін таңдау пәндері мен бейінді пәндер көр­сетілген мамандықтар тізбесіне өзгерістер енгізуі. Яғни мектеп бітірушілері үшін ҰБТ емтихандары басталуына санаулы-ақ күндер қалғанда біраз маман­дық­тардың таңдау пәндері өзге­ріп кеткен еді. Бұл туралы алдын-ала ешқандай ақпарат берілген де жоқ, ешкімге ескертілген де жоқ. Соның салдарынан көптеген талапкер өздері күні бұрын таң­дап қойған мамандықтарына тү­се алмай, басқа мамандықтарға құжат тапсыруға мәжбүр болды.
Жоғарыдағыдай жағдай 2017 жылы тағы да қайталанбауы үшін Білім  және  ғылым ми­нистр­­лігі мектептер мен кол­ледж­дерді бітірейін деп отырған талапкерлерге арналған қажетті ресми құжаттарды қазірден бастап дайындап, бекітіп қойғаны жөн болар еді.
Бізді ерекше толғандырып отыр­ған өзекті мәселенің бірі – жо­ғары білім мамандықтарының жік­теуішіне байланысты. Бұл де­геніміз – мамандықтардың тізі­мі. Алдымен мамандықтардың жік­теуіш-тізімі жасалып, бекі­ті­леді. Сосын сол жіктеуіш-тізімге сәй­кес әрбір мамандықтың мем­лекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, типтік оқу бағ­дарламалары түзіледі. Ары қарай осы аталған нормативтік-құқықтық құжаттардың негізінде әрбір мамандық және сол ма­ман­дықтардағы пәндер бойынша оқу­лықтар, оқу-әдістемелік және ғы­лыми-әдістемелік кешендер, ди­дактикалық материалдар әзір­ленеді.
Біз бұған дейін педагогика са­ласы бойынша кейін қосылған 6 білім мамандығын есептемегенде, осыған дейін барлығы 23 бі­лім мамандығы бойынша білім са­ласының мамандарын даярлап келдік. Басқа сөзбен айтқанда, мұғалімдеріміз мектептер мен кол­ледждерде тікелей осы 23 пе­да­гогикалық білім мамандығы бойынша сабақ жүргізіп келеді.
Енді біздің Білім және ғылым ми­нистрлігіміз жоғарыдағы 29 бі­лім мамандығын бір-бірімен бірік­тіріп, мынадай 8 білім беру ба­ғытына топтастырмақшы:
«6В011100– Педагогикалық ғылымдар. Педагогика және әдістеме»;
«6В011200 – Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту»;
«6В011300 – Дефектология»;
«6В011400 – Тілдер және әдебиет»;
«6В011500 – Гуманитарлық пәндер»;
«6В011600 – Математика және жа­ратылыстану»;
«6В011700 – Дене тәрбиесі жә­не бастауыш әскери дайын­дық»;
«6В011800 – Әлеуметтік педа­го­гика және өзін-өзі тану».
Осыған дейінгі 29 педаго­ги­ка­лық мамандық осы 8 білім са­ла­сы бағытының ішіне білім беру бағдарламалары (мамандық­тары) ретінде енгізіліп отыр. Мы­­­­салы, осыған дейін мектептер мен колледждер, жоғары оқу орын­дары үшін «5В011700 – Қа­зақ тілі мен әдебиеті», «5В011800 – Орыс тілі мен әдебиеті», «5В011900– Шетел тілі: екі шетел тілі», «5В012100 – Қазақ тілінде оқыт­пайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті», «5В012200 – Орыс тілінде оқытпайтын мек­теп­тердегі орыс тілі мен әдебиеті» ма­мандықтары бойынша өз алдына бөлек, дербес сала маманда­рын даярлау үшін мемлекеттік бі­лім гранттары бөлініп келсе, енді бұдан былай «6В011400 – Тіл­дер және әдебиет» деп аталатын жалпы білім бағыты бойынша ғана тегін оқуға мүмкіндік бо­лады.
Біздің түсінгеніміз, министр­лігіміздің жоспары бойынша бо­лашақта мектептер мен колледждерде жоғарыда аталған 8 білім беру бағдарламасы бойынша жоғары білім алған мұғалімдер жұмыс істейді және мектептер мен колледждерде осы 8 түрлі бағ­­­дар­ламаның  құрамына кіре­тін пәндер оқытылады. Егер ми­нистр­лігіміздің осы жіктеуіші бе­кітілетін болса, алдағы жыл­дар­дан бастап педагогикалық бі­лім саласына тек осы 8 бағыт бойынша ғана білім гранты бөлінеді деген сөз.
Иә, біз мына жағдайды өте жақ­сы түсініп отырмыз. Яғни Қа­зақстан Республикасы Пре­зи­дентінің 2016  жылғы 1 наурыз­да­ғы №205 Жарлығымен бекітіл­ген «Қа­зақстан Респуб­ликасында бі­лім беруді және ғылымды да­мы­тудың 2016-2019 жылдарға ар­налған мемлекеттік бағдар­ла­масында»: «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру құры­лымы ЮНЕСКО 2013 білім беру сыныптауышының Халық­ара­лық стандартына сәйкес кел­тірі­летін болады», – деп жазыл­ған.
Осыған байланысты еліміздің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтарының жаңа жіктеуішін ЮНЕСКО 2013 бі­лім беру сыныптауышының Ха­лықаралық стандартымен сәй­к­естендіру қолға алынып отыр.
Біз Интернеттен «ЮНЕСКО 2013  білім   беру   сыныптауы­шы­ның Халықаралық стандарты» деп аталатын орыс тіліндегі құ­жатты тауып, мұқият танысып шықтық. Осы құжаттың 6-шы бетінде ма­мандықтар жіктеуішін, яғни тізі­мін ЮНЕСКО 2013 білім беру сыныптауышының Халық­ар­а­лық стандартымен сәйкес­тендіру дегеніміз – мұны дәлме-дәл және сөз­бе-сөз көшіріп алу деген сөз емес екені, ондағы көр­сетілген ма­мандықтарды әрбір мемлекет өзі­нің ұлттық деңге­йінде осы ел­де оқытуға, білім беруге қолже­тімді салалар бойынша барын­ша толық, нақты қамтамасыз ету үшін сәйкес­тен­діре алатыны жа­зылған.
Жаңа жоба бойынша тек қана педагогикалық білім саласының мамандықтары ғана қысқартуға ұшырайын деп отырған жоқ. Барлық саладағы мамандықтар ма­мандар даярлаудың тиісті бі­лім бағдарламалары ретінде топ­тастырылып, біріктірілмек. Мә­селен, қазір біз гуманитарлық ғылымдардың «5В020500 – Филология» және «5В021000 – Шетел филологиясы» мамандықтары бойынша жоғары білімді мамандар даярлап жүрміз. Бұл маман­дық­тардың таңдау бойынша жә­не бейіндік пәндері – тиісінше қазақ (орыс) әдебиеті, қазақ (орыс) тілі және шет тілі. Осы ма­мандықтар «Тілдер» атты ғы­лым бағытының «6В023200 – Әде­биет және лингвистика» де­ген даярлау бағытына бірікті­ліп, тек қана «Филология» деп атал­мақшы. Ал «6В023100– Тіл­дер (Ана тілі, шет тілі)» мамандар даярлау бағыты ЮНЕСКО 2013 білім беру сыныптауышының Халықаралық стандартында көр­сетілсе де, біздің министрлік жа­саған жобаға білім беру бағ­дарламасы (мамандығы) ретінде енгізілмей отыр.
Білім және ғылым министр­лі­гіміз жасаған, алайда ресми түр­де жарияланбай, жан-жақты тал­қылауға ресми түрде ұсыныл­май отырған Қазақстан Респуб­ли­касының  Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандық­та­рының жаңа жіктеуіші тиісті уни­верситеттерде тамыз айынан бері талқыланып келеді.
Азамат ретінде де, ата-ана ре­тін­де де, ұстаз ретінде де бізді атал­ған жаңа жіктеуіштің жоба­сындағы «Білім» саласы бойынша қазіргі 29 мамандықтың бұ­лай­ша 8 педагогикалық білім беру бағытына біріктіріліп, мем­ле­кеттік грант санының елеулі түр­де қысқартылайын деп жатқа­ны ерекше алаңдатып отыр.
Егер педагогикалық маман­дық­тарға бөлінетін мемлекеттік бі­лім гранттары қысқаратын бол­са, онда балалар бақша­сын­дағы тәлім-тәрбие  жағдайы, мек­­теп­тер мен колледждердегі ба­ла­ларға білім беру деңгейі мен са­пасы құлдырайды. Яғни алда­ғы уақытта мектеп мен колледж­дер­дегі сағаттар саны азаяды, тиі­сінше мұғалімдеріміз қысқар­туға ұшырап, жұмыссыз қалуы мүмкін.
Әрине, біз жұртшылықты дүр­ліктіріп, жоқ жерден дау-да­май туғызғалы отырған жоқпыз. Алайда, мамандықтардың бұ­лай­ша біріктіріліп, қысқар­тылуы­на барынша байыппен қа­рауымыз керек және ойланып-тол­ғанып, өзара ақылдасып алып, қоғамдық пікірді мұқият зерт­теуден кейін ғана шешім қа­былдағанымыз жөн.
Біз жақында осы мәселеге бай­ланысты Білім және ғылым ми­нистрі Е.К.Сағадиев мыр­за­ның атына арнайы хат жазған бо­латынбыз. Онда министрліктің 2016 жылғы 2 маусымдағы №353 бұйрығымен ҚР Техникалық жә­не кәсіптік, жоғары және жо­ғары оқу орнынан кейінгі маман­дық­тар жіктеуішін қайта қарау бойынша Жұмыс тобының құрамы бекітілгендігі айтылыпты.
«Қазіргі қолданыстағы жік­теуіште бакалавриат, магистратура, резидентура және докторан­тура бойынша барлығы 598 ма­­мандық бар. Бұл тізімдегі ма­ман­дықтар саны еңбек нарығы мен қоғамның қажеттілігіне бай­ланысты жыл сайын артып ке­леді. Жан-жақты кеңейтілген не­­гізгі дайындық пен қажетті құ­зы­реттілікті меңгерген әмбе­бап ма­мандар даярлаудың маңыз­ды­лығын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Жаңа жіктеуіштің жобасынан көптеген мамандықтардың түсіп қалуы бұған дейін болған бағыт­тар бойынша мамандар даярлауға кедергі келтірмейді» делінген екен жауапта. Сол арқылы еңбек нарығында қажет болып отырған ма­мандарды даярлауды кеңірек қамтамасыз етуге мүмкіндік бе­рі­летін көрінеді.
Ерекше айта кететін бір нәрсе, ҚР Білім және ғылым министр­лі­гінің Қоғаммен байланыс бөлі­мі немесе Баспасөз орталығы ха­­лыққа білім және ғылым са­ла­сындағы соңғы жаңалықтарды және болайын деп жатқан өз­геріс­терді шұғыл түрде хабарлап, дер кезінде түсіндіріп отыруы қажет деп есептейміз.
Дәл қазіргі кезде жұртшы­лық­ты толғандырып отырған мә­се­лелердің ішінде ең маңызды­лары мыналар:
1) 2017 жылы мектеп бітіретін тү­лектер қорытынды емтихан мен ҰБТ-ны қалай тапсырады?
2) 2017 жылы ЖОО-да ҰБТ тап­­­сыратын мектеп түлектері үшін мамандықтардың таңдау пән­дері неге әлі күнге дейін то­лық анықталмай жатыр?
3) 2017 жылы қазіргі маман­дық­тар сол қалпында қалдырыла ма, әлде жаңа жіктеуіштің жобасына сәйкес қысқартыла ма?
Осындай тақырыптар төңіре­гін­дегі министрліктің жоспарлары мен атқарып жатқан іс-шара­ларын білім саласындағы осынау мемлекеттік уәкілетті органның Қо­ғаммен байланыс немесе Бас­пасөз орталығы жедел түрде ха­лық­қа жеткізіп отырғаны тиімді болар еді.
Айта берсек, білім және ғы­лым саласының ағымдағы өзекті мә­селелері аз емес. Алайда, белгі­лі бір ақпарат алу немесе мәлімет сұрау үшін министрлікке қоңы­рау соқсаңыз, ондағы қызмет­кер­лердің телефон тұтқасын көтеріп, жауап бере қоюы өте қиын.
Әрине, білім және ғылым ми­нистр­лігінің жауапты қызмет­кер­лері түк бітірмей, қол қусырып отыр деп біржақты теріс пікір айтудан да аулақпыз. Министрлік басшыларының да, қызмет­кер­лерінің де атқарып жатқан ағым­дағы жемісті жұмыстарын да жоқ­қа шығара алмаймыз.
Десек те, сол істеп жатқан жұ­мыс­тарыңызды және білім са­ла­сын­да жоспарланып отырған өз­герістерді жұртшылыққа дер ке­зінде хабарлап, қажет болса, тү­сіндіріп отырса, тіпті жақсы бо­лар еді.
Сондай-ақ, білім саласындағы нау­қаншылдық пен қағаз­бас­ты­лық – ұстаздар қауымын шарша­тып, тіпті қажытып жүрген не­гіз­гі мәселелердің бірі екенін ерек­ше айтқымыз келеді. Білім беру жүйесінде ең басты тұлға – білім алушы, яғни оқушы мен студент, одан кейінгі маңызды орында – білім беруші, яғни мұ­ғалім мен оқытушы тұруы тиіс. Басты мақсатымыз – жас ұрпаққа бі­лім берудің сапасын жақсарту бол­ғандықтан, барлық іс-әре­ке­тіміз озық елдердің тәжірибелерін үйрене және үздік әдістемелік тех­нологияларды жетілдіре отырып, ұл-қыздарымызға күн сайын жаңарып жатқан білімнің қай­нар көздерін ашуға бағыт­талуы тиіс.
Ал бізде, керісінше, оқушы мен студенттен, мұғалім мен оқы­­­тушыдан басқалардың бар­лы­ғы – бастық. Таусылмайтын тек­серушілерден аяқ алып жүре алмайсыз. Сондағы тексере­тін­де­рі – беріліп жатқан білімнің са­пасы емес, түрлерін өздері ойлап тапқан және таусылмайтын әр ­түрлі қағаздар.
Мектеп мұғалімдері мен жо­ғары оқу орындары оқытушы­ла­ры­ның тұрмыстық-әлеуметтік жағ­дайын жақсарту, жалақысын арттыру туралы мәселеге келгенде, ұстаздардың өздерінен басқа ешкім де сөз қозғағысы келмейді. Ал білім беру ісінен кішкентай ға­на кемшілікті байқап қалсақ, түймедейді түйедей етіп, педагог қызметкерлерді түгелдей жемқор, алаяқ, т.б. етіп көрсетуге дайын тұра­мыз.
Қазіргі қолданыстағы «Білім ту­ралы» Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның 2007 жылғы 27 шілдедегі №319 Заңының «Педагог қызмет­кер­дің мәртебесі» деп аталатын ар­найы 7-ші тарауы бар. Осы тарау­дың 50-ші  бабында: «Мем­ле­кет қоғамдағы педагог қыз­мет­кер­лердің ерекше мәртебесін та­ниды және кәсіптік қызметін жүзеге асыруы үшін жағдайлар жасайды», – деп жазылған. Арнайы заңнамамен бекітілген педагог қызметкерлердің қоғамдағы ерекше мәртебесін мойындау және соған сәйкес тиісті әлеу­мет­тік жағдай жасау жөніндегі осы талап іс жүзінде орындалып отыр ма?
Басқа жағын айтпай-ақ қоя­лық, тіпті Астанадағы мүйізі қа­­ра­ғайдай ұлттық универ­си­тет­тің қауымдастырылған профес­со­­рының ай сайын алатын жа­ла­қысы жүз мың теңгеден аспай­ды. Алайда, ректорат пен деканатта отыратын қызметкерлердің оқы­тушылар мен студенттер аудиторияда отыр ма, жоқ па деп сағат сайынғы тексерулері таусылмайды. Ақылы негізде білім алып жат­қан студенттердің оқу ақысы қай­да жұмсалып жатқанын еш­кім білмейді, оларға білім беріп жүрген оқытушы-профес­сор­лар­ға тиісті үстеме ақы төлеу деген атымен жоқ.
Қорыта айтқанда, жас ұрпақ­ты оқыту үдерісіндегі науқан­шыл­дық пен қағазбастылықты, түр­лі орынсыз тексерулерді жоюы­мыз керек. Ресми басқару орындары педагог қызметкердің әлеу­мет­тік мәртебесін сөз жүзін­де емес, нақты іс жүзінде  қамта­ма­сыз етуге тиіс. Министрлік өзінің жос­парларын  халыққа жедел түр­де  хабарлап, кез  келген  мәселе төңірегінде  көпшілікпен  ақылда­сып отыруы қажет. Олай етпесек, білім саласы мен жас ұрпақтың бо­лашағы  бұлыңғыр дей  бері­ңіз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір