Бабалар мұрасы – әділ билік
18.11.2016
8359
0

Ахмет Байтұрсыновтың: «Әділ билердің қолында билік қазақтың неше түрлі дертін жазатын жақсы дәрі еді», – дейтін сөзі бар. Шынында да, билер  институты өз дәуірінде халық өмірінің та­мыр­­шысы іспеттес  еді. Қазақ қоғамын түрлі қатер­ден сақтап, елдің ішкі тәртібі мен сыртқы салмағын саралап отыр­ған кешегі билер өнегесі бүгінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Алайда, сол би-шешендеріміздің тарихтағы орны мен маңызын әлі күнге дейін дұрыс дәріптеп, жастар жадына тоқыта алмай жүргеніміз көңіл қынжыл­­тары сөзсіз. Әділ билігі арқылы әділетті қоғам құра білген қазақ билерінің тағылымды ұстанымы турасында «Дөңгелек үстел» ұйым­дастырған себебіміз де сондықтан болатын.

– Билер соты – кезінде мем­ле­кеттік биліктің атқарушы, заң шығарушы, билік айтып ел бас­қарушы қызметтеріне аралас­ты. Со­нымен қатар ел болашағын кү­нілгері болжауда көрегендік та­нытып, ұлттық идеология, ел бір­лігі мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Даналық нақыл сөз­­дері арқылы халыққа түзу б­а­ғыт бере білді. Осындай көре­ген­дік пен сұңғылалық қасиет­тері бүгінгі қазақ соттарының, жалпы заң мамандарының бойына дарыды деп айта аласыз ба?

Арықбай АҒЫБАЕВ,
заң ғы­лымының докторы,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың профессоры:
– Қазақтың ежелгі әдет-ғұрып заңы бойынша сот ісін жүр­гізу негізінен мойнына алу, ант ішу жолдарымен іске асы­рылған. О баста қазақтарда қылмыс деген сөз жоқ еді. Сон­дықтан қылмыс жасаған адам­ды жаман іс жасады, пері соққан деп атады. Күндіз істелген қыл­мыстан, түн мезгілінде жасалған қыл­мыстың жауапкершілігі ауыр болған. Әрбір жасы он беске толған тәртіп бұзушы істеген ісіне қарай жауапқа тартылып отырған. Тек есі дұрыс еместер мен екіқабат әйелдер және де құл мен күң болғандар қылмыс субъектісі ретінде қаралмаған.
Ең ауыр қылмыс ретінде – кі­сі өлтіру, зинақорлық, біреудің отбасына бүлік салу, діннен безу, ата-анасын ұрып-соғу, би­лік­ке қарсы керте келу сияқ­ты істер танылған. Жаза түр­лері де істеген қылмысына қа­рай – өлім жазасы, тас борату, мас­қаралау, дүрелеу, кешірім сұ­рату, аяғына жығылу деген сияқ­ты түрлерге бөлінген. Жа­за­лау жұрт алдында жүзеге асы­рылған. Ал ұрлық деген нәрсе қа­зақтар арасында болмаған. Сон­дықтан болса керек, бір кез­дері есік бекіту, құлып салу деген түсінік қазақ үшін жат кө­рі­не­тін. «Тура биде туған жоқ» де­мекші, кезіндегі қазақ билері өзіне тапсырылған дауларды әділ шешуді азаматтық парызы, адам­гершілік борышы санайтын. Ал бүгінгі қазақ сот­та­ры­ның қандай ұстаныммен шешім шығаратынын, қандай негізге сүйенетінін бір сөзбен жеткізу мүм­кін емес. Ол ең алдымен әр адам­ның кісілік келбетіне, әр ма­манның біліктілігі мен өз ісі­не адалдығына байланысты. Шешім шығарудағы туралық, суырыпсалма шешендік, тілінің шұрайы мен ойының көркемдігі жағынан қазіргі заң мамандары кереметтей көзге түсе алады дей алмаймын.

Әсем САДИЕВА, заңгер:
– Біздің құқықтық мем­ле­ке­тіміздің билік құрылымы өзара тәуелсіз, бір-біріне бағынбайтын үш жүйеден тұрады. Ол – заң шығарушы, атқарушы органдар және сот билігі. Аталған әр жүйе мамандарының басты талабы мен ұстанымы – құқықтық мем­­лекет құру, адам құнды­лық­тарын сақтау. Алайда, бүгінгі қ­а­зақ қоғамының құқықтық сауат­тылығы әлі де болса орташа деңгейде. Әлі де болса бізде заң­ды жан-жақты, нақты түсі­не­тін азаматтық қоғам орнай қой­ған жоқ. Мұның басты себебі – қарапайым халықтың заң тұр­ғы­сындағы құқықтық-норма­тив­ті актілерге қол жеткізе алмауы. Оның халыққа түсінікті тілде түсіндірілмеуі. Азаматтық қоғам орнату үшін құқықтық сауат­тылық жоғары деңгейде болуы қажет және мамандарды дайын­дау мен сол мамандардың қыз­метін азаматтарға ұсыну қол­же­тімді түрде болуы тиіс. Қа­зіргі таң­да соттардың, заң маман­да­рының толыққанды азаматтық қоғамның сұра­ныс­тарын қа­на­ғаттандыратын қа­сиеттері мен мүмкіншіліктері жет­кіліксіз. Азаматтық қоғам, ха­лықтың бар­лық қажеттілік­терін қана­ғат­тандыра білетін құ­қықтық мем­лекет құру аз уа­қытта жүзеге аса қалатын шаруа емес.

– Қазақ билері өз зама­ны­ның дәстүрлі құқықтары мен әдет-ғұрып ережелерін заң тұр­ғы­сынан реттеп, заман ағымына қа­рай жаңартып отыратын, ере­же-қа­ғи­даларды ел мүддесіне сай икемдеп құқықтық қолданысқа ен­гізетін сұңғыла да білікті заң­герлер бола білді. «Заманына қа­рай – заңы, орманына қарай – аңы болады» дейтін қазақтың бү­гінгі заңы бұ­рынғы заңынан бас­қа, әрине. Қазақтың бүгінгі заң­дарының арқа сүйейтін негізі не нәрсе?

Арықбай АҒЫБАЕВ:
– Бүгінгі қазақ бұрынғы қа­зақ­тан басқа. Бүгінгі қоғам да, заң да заман ағымына қарай өз­герді, әрине. Бұрын әдет-ғұрпы мен шариғат қағидаларын ұс­та­на отырып бейбіт тіршілік кешкен бабаларымыз өте таза еді. Олар үшін ғұрыптан аттау, ша­ри­ғатқа қайшы қылық жасау мас­қара саналатын. Оларды кө­біне өрескел әрекеттен сақтай­тын өзге соттан бұрын өз ішін­де­гі ар соты, ішкі ұяты бо­ла­тын. Сонымен қатар, «жұрт  не дейді?» деп өз-өзін тоқтататын.
Шариғат заңы бойынша ұр­лық дегеніміз біреудің затын біл­дірмей алу. Орыс зерттеушісі В.Радлов өзінің 1884 жылғы «Сі­бір хақында» деген еңбегінде қа­зақтар арасында бірде-бір рет ұрлық болмағанын таңданыспен жазады. Бұл бәле қазақтарда Ре­­сей империясына қосыл­ған­нан кейін пайда болған. Қазақ қо­ғамы көбіне шариғат заңда­ры­на арқа сүйеген. Ал шариғат заңы бойынша діннен безгендер өл­тірілген. Осы ережелердің бар­лығы дерлік қазақтың «Жеті жарғысында» көрсетілген.
Әйел құқығына қазақ әдеп-ғұр­пындағы заң ережелерінде ерек­ше мән берілген. Әйел – оша­­ғының ұйытқысы, есіктің тұт­­қасы. Ұрпақ жалғастырудың қайнар көзі, мейірімділіктің кәу­сар бұлағы, ұлттық тәрбиенің бастаушысы болып саналған. Же­ті атаға дейін қыз берісіп, қыз алыспаған, бабаларымыз қан тазалығына ерекше мән бер­­ген. Бұл қасиет басқа халық­тар­­да  кездеспейді, тек қазақ­тар­ға ғана тән.
Ұрпақ болашағы мен әйел тағ­дырына селқос қарамаған қа­зақ қоғамында жетім бала, же­сір әйел жоқтың қасы еді. Қа­зақ әдеп-ғұрып заңдарында ері қайтыс болған жағдайда, ке­ліннің өзге ру өкіліне тұрмысқа шығуына рұқсат берілмеген. Осыған орай әмеңгерлік институты өріс алған.
Қазақтың әдеп-ғұрып нормаларында көптеген дәстүрлер де баршылық. Мысалы, жылу сұ­рау, сүйінші сұрау, көрімдік сұ­рау, сарқыт сұрау, кешірім сұ­рау, асық сұрау, жол сұрау, бата сұрау, қарыз сұрау және тағы бас­қалары. Мұндай  дәстүрлердің әрқайсының өзіндік ерекшелігі болған. Атақонысында еркін кө­шіп-қонып күн кешкен ба­ба­ла­рымыз ел ішіндегі түрлі мә­селелерді осындай ұлттық мә­дениет пен әдет-ғұрып, дәстүр ере­желеріне сүйене отырып рет­теген.

Әсем САДИЕВА:
– Әлбетте, қазіргі заманғы заңымыз бұрынғы заман заңы­нан ерекше. Заман өзгерген сайын оған сай заң да өзгереді. Бұл  бір-бірімен тығыз бай­ла­ныс­­ты ажыратылмас үдеріс. За­­манның дамуымен бірге заң мен қоғамның құқықтық ретте­луі де өзгеріп отырады. Заңның арқа сүйер негізі де заман ағы­мы­на, халық қажеттілігіне орай ауысып тұрады. Бүгінгі қазақ қоға­мының арқа сүйер негізі – адам құн­дылықтары және оның құ­қық­тары мен міндеттері болып табылады. Ата заңымызда мем­ле­кетіміз үшін адам құнды­лық­тары ең басты орында тұр. Қа­зақстан адамгершіл саясат ұс­танушы ел болғандықтан адам­ның ең басты әлеуметтік және азаматтық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды заң негізі етіп алған. Осыған орай Қа­зақстан Республикасы, 1966 жыл­дың 16 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы  қабылда­ған «Азаматтық  және әлеуметтік құқықтары туралы» халық­ара­лық Пактіне, «Адам құқықтары мен негізгі бостандықтары» туралы Еуропа конвенциясына қол қойды.

– Билер институтының адам тағдырын шешудегі көрегендігі кезінде поляк ғалымын таң­ғал­дырған екен. «Еңлік-Кебектегі» билер тартысы көне гректердің дебаттарынан бір кем емес еке­нін қазақ ғалымдары да жазған еді. Жалпы, Әуезов шығар­ма­ларында қазақ билерінің билік айтудағы көрегендік тұлғасы мен суырыпсалма шешендігі жақсы суреттелген. Алайда, осы керемет ерек­­шелігімізді дұрыс дәріптеп, өзге­лер­ге таныта алмай отырған се­кіл­діміз.

Арықбай АҒЫБАЕВ:
– Тарихымыздағы билер институты – шынында да терең зерттеуді, дұрыс насихатты талап ететін тақырып. Ағаларына атқосшы болып барған Қаз дауысты Қазыбек бидің бала кү­нінде, жоңғар ханы Қалден Серен­ді сөзден жеңіп, малын алып  қайтқаны секілді дүниелер шынында да ұлт рухын көтеретін өнегелі істер.
Қазақ даласындағы әді­лет­ті дәс­түрлік салт-сананы адам­гер­шілік қағидаларымен бас­шы­лыққа алған әділ билер әр заманда халқымыздың бірлігін, елі­міздің тыныштығын нығай­ту­ға едәуір үлес қосты. Өйткені, қоғамдағы билер сотының абыройы асқақ, беделі бекем еді. Қа­зақ елінің ынтымағы мен та­ту­лығын, біртұтастығын сақ­тау­д­а атқарған билердің еңбегі ауқымды зерттеу мен кең насихатты талап ететін тақырып. Кезінде қазақ даласын билеген хандар күнделікті тіршілікте, мемлекеттің даму, өркендеу саласында үнемі билердің қыз­ме­тіне арқа сүйеп, көмегіне  жүгі­ніп отырған. Осыншама кең даланы сыртқы жаудан қорғауда би­лердің ұлағатты өсиеттері мен нақыл сөздері заң ретінде қа­былданып, мүлтіксіз орындал­ған. Ел ішінде түрме, колония атаулы болмаса  да тәртіпті қо­ғам орнатып, оның қауіпсіздігін сақ­тау осылай жүзеге асқан. Өткен жылы қазақ тарихындағы Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесін мемлекеттік деңгейде атап өттік. Сол қазақ хандығы дәуіріндегі билердің атқарған қыз­меті мен дипломатиялық сая­саты, қара қылды қақ жарған ақ-әділ шешімдері бүгінгі ұр­пақ­қа үлгі.
Қазақ даласындағы билердің ұла­ғат тұтқаны, өнеге алғаны – Май­қы би еді. Бұл кісі бүкіл қа­зақ атаулыны билер арқылы бас­қарып, билік үстінде әділдік ор­натқан. Майқы би әр уәлаят­тың, әр рудың, әр ұлыстың өз­дерінен шыққан, сөзі тұшымды, ойы орамды адамдарды тыңда­ған.
Еттің бәрі қазы болмас,
Иттің бәрі тазы болмас.
Өзі қатты сараңдардың
Ешкімге айтар назы болмас, –
деген секілді ел арасында Май­қы биден қалған нақыл сөздер аз емес.
Қазақ елінің атақты үш
биі – Төле, Қазыбек, Әйтекелер Май­қы биді үлгі тұтқан, оның ұтым­ды шешімдерін, озық ойла­рын, дәстүрлі ұстанымын жал­ғастырған.
Бірде Төле биге дау айтып төрт адам келген екен. Екі жақ­тың дауы балаға байланысты кө­рінеді. Дау қуған екі адам, «ба­ла­мызды бесікте жатқанда, бір жасқа келгенде бесігімен ұрлат­тық, соны, міне, 7 жылдан кейін та­ныдық», – десе, екін­шілері бұ­лар­дікі жала, өзімнің-ақ қа­ғанатымды қарс айырып шық­қан балам, туғанына жеті жыл болғанын жұрт біледі, – деп шырылдапты. Төле би көп ойланбастан:
– Екеуіңіз де менің  айтқа­ны­ма көнесіздер ғой, – деп сұрапты.
– Иә, көнеміз, – депті дау айту­шы­­лар. Екі ана да егіліп тұр дей­­ді. Сонда Төле баланы ша­қыр­тыпты да, есік жанындағы жасауылға: – Мына баланы қа­зір қылышпен шауып екіге бө­ліп береміз, – депті. Сол уақытта Жәлел деген әйел безбүйрек­те­ніп: «Би не айтса, соған көндім», – деген екен. Ал Гүлғаныс деген әйел болса: «Ағатай, билігіңізге құл­дық. Балам қайда жүрсе де аман болсын, тек шаба көр­меңіз», – деп зар еңірепті.
– Болды, бала Гүлғаныстікі. Ала бер балаңды, – деп Төле би ор­нынан тұрып жүре беріпті. Төле бидің дауды шешудегі бір ғана осы амал-айласы қандай керемет десеңізші.
Төле би өлді дегенде, Қазыбек би: «Төле өлді дегенше дүниедегі әділет өлді десеңші. Бүтін би­лікке Төле жеткен, бүтін хан­дық­қа Есім жеткен, бұл екеуіне кім жеткен», – деген екен. Әри­не, біз­ді бүгінгі күнге жет­кіз­ген ба­баларымыздың әділ билігі, ел қа­мын ойлаған оңтайлы істері.

Әсем САДИЕВА:
– Қазақ билерінің суырыпсалма шешендігі халқымыздың ерекше қасиеттерінің бірі екені рас. Алайда, бұл ерекшелігімізді тек өткен күнге қалдырып, тарих беттері мен әдебиет жазбаларында ғана кездесетін мұраға айналдырып алғандаймыз. Қа­зақ табиғатына тән сол дара­лы­ғымызды одан әрі жетілдіріп, жас­тар бойына сіңіру, билерден қал­ған ұлағатты сөздерді дәріп­теу, билердің мемлекеттің ішкі, сыртқа саясатындағы ролін әлем алдында дәлелдеп көрсету ке­зек күттірмейтін мәселе деп ой­лаймын.

– Адам өмірін ең басты құн­ды­лық санайтын қазақ халқы үшін бүгінгі күнгі заң жүзінде адам тағдырын шешудегі қатаң сұ­рыптаулар мен анықтаулар кей­­де өте әділетсіз болып көрі­неді. Әрине, шешім шығарудың қиын­дығын қазақ билері де жақсы түсініп, адам тағдыры мен оның жан дүниесін ескере отырып ке­сім айтқан. Ал бүгінгі сот жүйе­сін­де осы мәселелер есепке алына ма?

Арықбай АҒЫБАЕВ:
– Билік бөлінбеген заманда би­лердің атқарған істері, жүр­гізген ақ-әділ саясаты ел ішін ай­рандай ұйытып отырды. «Ай­тылған сөз – атылған оқпен тең» саналатын заман болды. Ал қа­зір заман басқа. Біз жеке, дербес мемлекет ретінде өмір сүрудеміз. Биліктің – заң шығару ісінде сот және атқарушы тармақтары бар. Әрқайсысы өз құзыретін іске асырады. Бірақ осылардың ішін­дегі ең құндысы – сот би­лі­гі. Мемлекет  атынан әділ ше­шім, би­лік айту сотқа сеніп тап­сы­рылған. Осыған орай елі­міздің судьялары ел тарихын, бұрынғы өткен атақты билердің ұстаным­дарын жақсы білуі керек. Ол үшін барлық заң оқу орындарында «Қазақ билері», «әдет-ғұрып, салт-сана», «Әді­лет­тілік не­гіздері» атты арнайы курстық сабақ оқытылғаны жөн болар еді.
Сондай-ақ, орта мектептегі Қ­азақстан тарихы пәнінің біраз бө­лігі қазақтың әдеп-ғұрып ережелеріне, дәстүрлеріне арналуы қажет деп ойлаймын. Қа­зіргі жазушыларымыздың да әдеби шығармалары қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрпы, салт-са­насына, тағылымы мол өмір сал­ты мен ережелеріне арналса өте керемет болар еді. Жалпы, тәуелсіз мемлекеттің әрбір аза­ма­ты қазақтың әдеп-ғұрып заң­дарын құрметпен сақтап, керекті қағидаларын мемлекеттің өр­кен­деуі, дамуы үшін пайдалануы қажет.

Әсем САДИЕВА:
– Тәуелсіз еліміздің сот жүйе­сінде адам өмірі мен бос­тандығы ең басты құндылық са­налады. Сот алқасы шешім шы­ғарар алдында заңды жеңіл­дету жағдайларын толығымен ескереді және сот төресі объек­тивті тұрғыда ішкі жан дүниесі мен ұстанымына сүйене отырып ше­шім шығарады. Қазіргі Заң нор­маларында адамның ішкі жан дүниесі ескерілмейді дей ал­маймын. Мәселен, адамның құқық бұзушылығы мәжбүрлі түрде жасалмағаны немесе өзін-өзі қоғау мақсатында жүзеге ас­қаны секілді жайттар міндетті түрде ескеріледі. Алайда, шын­дығына келгенде, сот шешім­дерін шығару әр тұлғаның жеке басы мен нақты жағдайды еске­ріп емес, құрғақ заң негізінде, барлық құқық бұзушылықтар әрекеттерді бір желі астында қа­растыру арқылы іске асатын болған. Яғни бүгінгі сот жүйе­сінде есепке тек нақты фактілер алына отырып, заң нормасы төңі­регінде іс қарастырылады.

Дайындаған
Айнара АШАН.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір