…Іні сөйлесе – еркіндігі
18.11.2016
1246
0

«Қағаздан жасалған кітаптың «дәурені бітеді» дейді. Билл Гейтс жазылған дүниенің бәрі компьютерге көшсе, қағаз жасау үшін оталатын ағаштарды сақтап қалар» едік деген пікір айтыпты. Дамыған елдердегі жаңалықтардан хабардар болып отыратын басқа да кәсіпкерлерден осындай ауандағы сөздерді естіп жатамыз. Кітапханаға келген студенттердің керекті беттерін телефон фотоаппаратына түсіріп алып, кетіп бара жатқанын көргенде «сол уақыт басталып кеткен жоқ па?» деп те қаласың. Ал шынында да, кітап атаулы электронды кеңістікте ғана өмір сүретін уақыт туса, ондай үрдісті белгілі бір өркениет бастайтын болар. Нақты білетініміз, ол өрке­ниет­тің иесі біз емес. Біз әлі кітапты қағаз­дан оқып болған жоқпыз. Ауыл-ауылдағы оқыр­мандарға кітап жеткізудің жүйесін жа­сай алмай келеміз. Біз жалпы кітап шы­ғаруды әлі үйрене алмай келе жатырмыз ғой…

Осындай мәселе төңірегінде толғанып, ел­дегі кітап басу ісіне алаңдап жүретін әр­бір адам арнайы барған бір шара 9-12 қа­раша күндері Астанадағы «Көрме» ор­талығында «Eurasian Book Fair-2016» атты Еу­разия халықаралық кітап көрме-жәр­мең­кесі деген атпен өтті. Мәдениет және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкім­дігі қолдау көрсеткен, «Фолиант» бас­пасы ұйымдастырған сол шараға ТМД-ның, Еуропа және Азияның 30-дан астам елінің баспа, кітап саудасы, ғылыми-ағар­тушылық және полиграфия ком­пания­ларының өкілдері бас қосады деп жос­пар­ланған еді. Расында да, барған адам ол­жалы болып, ой түйіп қайтатындай дең­гейде болды.
Бұндай шара авторлар мен ғалымдардан гөрі, баспагерлер үшін қажеттірек болса ке­рек. Қазіргі уақытта, нарық талабына сай, баспагер деген жазушы мен оқыр­ман­ның арасын жалғайтын делдал қызметін ат­қаруы тиіс. Оқырман сұранысына сай дүниелерді ұстағанға жағымды, жеңіл қа­ғаздарға басып, әдемі дизайнмен әрлеп әкел­ген шетелдік баспаларға қарап, адам қы­зығады. Неге жұрттың баспасындай бо­ла алмай жүргенімізді…
«Бұрын баспагер кітапты көшіру­ші­лер­дің қожайыны, кітап басушы, кітап сатушы ретінде ғана қабылданып, онша елен­бей­тін еді», – дейді Ян Парандовский. Ол кез­де шығарманы көшіріп сатып, одан түс­кен пайданы автормен бөліспей-ақ, қашып-пысып, шаруа істеп жүре береді екен. Кейін өзінің еңбегін заңдастырып, автормен келісім жасай отырып, әрекет еткенде баспа ісі гүлдене бастаған. Сөйтіп, кітап өндірісі, кітап саудасы деген ұғымдар қалыптасқан. Одан кейінгі уақытта автор шығармашылықпен, баспа сол автордың есімін жарнамалаумен, кітабын басумен, шығарып, сатумен, сөйтіп, ең соңында ав­­тордың жағдайын жасаумен айналысатын болған. Бұл енді бізге әлі жете алмай жат­қан нәрсе. Өйткені, біз о бастан осы ша­руаны қолға алмаппыз. Қанша бай ха­лық бол­сақ та, патша заманында тастан үй қа­лап, ішіне баспа мәшеңкесін әкеліп қоюды ой­ламаған екенбіз. «Қазақстан баспа­гер­лері мен полиграфистері» деген кітапта: «ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақ­станда қо­лөнер үлгісіндегі бірнеше баспа бөліктері пай­да бола бастайды. Шағын баспаханалар Орал, Петропавл, Қызыл­орда, Орал, Семей қалаларында ұйым­дас­ты­рыл­ды. Бұ­ларда қолмен жүргізілетін «Американка», «Ау­гусбург» сияқты ескі маши­налар пай­да­ланылды» деген дерек бар. Ал бұл кез­де бізден татар озып кеткен. Біз кітап-газетімізді Петербордан, одан қалса, солардан шығарып жатқанбыз. Кейін совет үкі­меті орнап, өз баспаларымыз ашыл­ған кезде бәрін үкімет басқа­ратын болды. Баспа ашқан да үкімет, кітапқа тапсырыс берген де үкімет, оны таратқан да, авторға қа­ламақы төлеген де үкімет. Сол бәрін үкі­меттен күтетін әдетіміз әлі қалмай ке­леді. Әдебиетте жүріп абырой жинаған қа­ламгерлер бір-бір баспа, журнал ашып алып, тендер аңдып күн кешіп жатыр.
Бірақ заман талабына сай дамуға көш­кен баспалар да бар. Соның біреуі осы ша­раны ұйымдастырған «Фолиант» бас­пасы. Бұл «Фолиант» – мемлекетпен де, оқыр­манмен де жұмыс істеуді әбден мең­герген, кітап шығаруға қызмет деп емес, кәсіп, яғни бизнес деп қарайтын аз бас­па­ның бірі («Аздың» ішіне балалар әде­биетін шығарып сатуды қолға алғаны үшін «Аруна» баспасын, өзгеше қағазбен кітаптар шығара бастағаны үшін «Мерекенің бас­па­сын» қосуға болатын шығар, басқа тал­пыныс үстіндегі, бірақ әр түрлі жағдайлар адым­дарын жаздырмай жатқан баспалардан кешірім сұраймын). Осы шараны ұйым­дастыру арқылы да «Фолиант» өзіне жар­нама жасады, кітаптарын сатты (ең көп кітап сатқан осы баспа болса керек), со­нымен қатар Қазақстандағы кітап өн­дірісіне серпін берді. Пайдалы бола отырып, пайда тапты.
Жәрмеңкеге барған соң, бір кітап болса да сатып алғың келеді. Бірақ қазақ тілінде соншалықты қызығып-құ­мар­та­тын кітап көре алмайсың. Эн­цик­­­­лопе­дия­лық кітаптар қызық­ты­рады, бірақ ол қым­бат. Содан соң мектеп оқушылары мен студенттерді лек-легімен әкеліп жат­қанын көріп, олар не алғысы келер екен деп ойға қаласың. Сондай кезде кітап саудасындағы сұраныс пен ұсы­ныстың бір-біріне сай еместігі бай­қа­ла­ды.
Бізде өзі қазір екі күрделі мәселе бар се­кілді. Біріншісі кітап оқымайтын адам­дар­дың  көбеюі. Екіншісі кітап оқитын­дарға ұсынатын лайықты кітаптың азаюы. Әсі­лінде, екінші мәселе қорқыныштырақ. Ал­да-жалда кітап оқымайтындар жаппай кі­тап оқуға көшсе, соларға не ұсына­ры­мызды білмей қалуымыз әбден мүмкін. Тіп­ті екінші мәселе біріншісін тудырып тұр­ған жоқ па екен деп те қаласың.
Соңғы он-он бес жылда бір орны тол­ған олқылық болса, ол ұлттық материалдық құн­дылықтар туралы анықтамалық-энциклопедиялық кітаптарды шы­ғар­ға­нымыз болар. Ұлттық дастархан, зергерлік бұйымдар, саятшылық, атбегілік, қару-жа­рақ, тағы сол секілді бұрын айтылып қа­на жүрген нәрселер енді суреттерімен, сыз­баларымен кітапқа түсіп, басылды. Кез кел­ген шебер соларға қарап, бұрынғыны қай­та жаңғырта алады. Қолынан іс келе­тін­дер әлі соларды заманға бейімдеп, са­ты­лымға шығарып, кәсіпке де айналдырар.
Осындай ұлттық материалдық құнды­лық­тар туралы кітаптарды көрмеге келген әрбір баспаның дерлік сөресінен табуға бо­лады екен. Әсіресе, Ұлттық музейдің бұры­шы көздің жауын алады.
Кейінгі кезде бизнес туралы да қазақша кі­таптар аздап пайда бола бастады. Өзі­міздің ішімізден авторлар шықты, сондай-ақ шетелдік авторларды да аудара баста­дық. Негізі қазір сұранысқа ие бірден бір та­қырып – осы бизнес, өзін-өзі жетілдіру та­қы­рыптар. Кітап көрме-жәр­мең­ке­сін­де шет елдерден келген баспалар осындай кітаптарды самсатып тастады-ау… Олармен бәсекелесудің ауылы алыс болып тұр.
Көрмеге қатысы жоқ болса да, айта ке­ту керек. Бізде кітап басу ісінде ерекше, тіп­ті артығымен дамып кеткен бір сала бар. Ол оқулық басу ісі. Үкімет жыл сайын жаңа оқулық шығарып, бұ­рын­ғысын «списаниеге» жіберіп, адам­дарға кітап іздетіп, әуреге салып жатады, әй­теуір. «Атамұра», «Мектеп», тағы бір екі-үш баспа бар-ау деймін, шекелері шылқып-ақ жатыр.
Көрмеге келген қазақстандық баспа­лар­дың барлығына жуығы көркем әдеби кітаптарды басумен шұғылданады екен. Сыр­ты қатты, зілдей, жылтыраған кітап­тар. Басқа елдерде жеңіл, сарғыш қағазбен, сырты жұмсақ, дизайны әдемі болып келетін форма баяғыда-ақ үйреншікті түрге айналса, біз қару ретінде пайдалануға болатын кітаптарды әлі шығарып жатырмыз. Мемлекеттік тапсырыстың нормасы сондай ма, жоқ әлде тапсырысқа солай енгізсе, ақша көп бөліне ме, кім білсін.
Бірінші рет өткізіліп тұрғандықтан бо­лар, кейбір жайттар ескерілмегендей кө­рінді. Мәселен, бірінші күні залдың ішін жаңғыртып, тойда қойылатын арзан әндер қойылып тұрды. Ескі қолжаз­ба­лар­дан бастап (Қызылордадағы Қорқыт ата университеті әкелген екен), су жаңа кітап­тарға дейін толып тұрған, зиялылар аралап жүрген әдемі залдың атмосферасын бұ­зып жібереді екен. Одан соң, бірінші күні тұрған кей баспаларды екінші күні із­деп, таба алмай жүрген адамдардарды көр­дік. Әрине, шетелдігі бар, өзіміздікі бар, баспалар мен баспаханалардың бәрін мәжбүрлеп ұстау мүмкін емес. Әркім әр түрлі себеппен, келісімді бұзып кетіп қалуы не келмей қоюы мүмкін. Бірақ маң­дайшаларына аттарын жазып қойған соң қаңырап бос тұраны көңілді құлазытады екен. Соның ішінде «Союз писатели Ка­зах­­стана» деген жазуы бар «ләпкенің» де бос тұрғанын көрдік. Келесі жолы әрбір бас­па осындай шараның маңызын түсініп, ба­рынша күшті дайындықпен келсе екен, жәр­меңке қызса екен дейтін тілек пайда бол­ды.
Астананың интеллектуалдық ой қаба­­тын түзген бір шоғыр зиялы қауым сол жер­де кезігіп, қауқылдасып жатты. Тұрсын Жұр­тбай бірінші күні құсни жазу­мен жа­зылған ескі қолжазбаларды оқып тұрған, екін­ші күні бір сөмке кітапты көте­ріп, сыртқа беттеп барады екен. Шәр­бану Бей­сенованың «Сүйінбике» атты кітабының тан­ыстырылымы болғанда да, біраз зиялылар келгенге ұқсайды. Күн сайын ашық көр­мемен қатар, әртүрлі кітаптар оқыр­ман­ға таныстырылып, тұсауы кесіліп жат­ты. Бәріне барудың сәті түскен жоқ. Әй­теуір, естігенімізді басқа­ларға айтып, көр­генімізді баяндап, «Көрме» орта­лы­ғында үлкен бір қазақы той болып жат­қан­дай көңіл күймен жүрдік. Ұйым­дас­тыр­ған­дарға, қатысқандарға, барып көр­­гендерге де мың алғыс!

Арман ӘЛМЕНБЕТ,
Л.Гумилев атындағы ЕНУ Қазақ әдебиеті кафедрасының магистранты.


Еуразия көрмесінде «Есіл ағады»

11-қарашада Астана қаласындағы Көрме залында ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбайдың «Есіл ағады» кітабының таныстырылымы өтті. Бұл кітапқа автордың әдебиет сыншылары тарапынан жақсы бағаланып, оқырманның көңілінен шыққан «Киікқашқан», «Жалғыз қарағай», «Қара орамал» (13 тілге аударылған) поэмалары мен жаңа өлеңдері енген. Еуразия халықаралық кітап жәрмеңкесі аясында өткен шараны ақын Серік Ақсұңқарұлы жүргізді. Шараға қатысқан Мекемтас Мырзахметов, Серік Негимов, Қасымхан Бегманов, Қойлыбай Асанов, Амангелді Кеңшілікұлы сынды қаламгерлер Ға­лым Жайлыбайдың шығармашылығы туралы пікірлерін айтып, ондағы ерек­шеліктерге тоқталды. Серік Ақсұңқарұлы «Әлемнің 99 пайызы кітап оқу­дан қол үзген шақта, халықаралық дәрежеде кітап көрмесін өткізу жақсы бастама. Ғалым өлеңдерінде Евтушенконың иірімдері бар, ол ұлттық бояуға бай һәм еуропашыл жаңа бағыттағы поэмалардың авторы», – десе, профессор Серік Негимов «қазақ поэзия­сын үлкен мұхитқа теңесек, Ғалымның өлеңі сол мұхитқа қосылған мөлдір бұлақ секілді» деп пікір білдірді.Қаламгер Мекемтас Мырзахметов: «Ет пен терінің арасындағы ақындар бар, ақындық сүйегіне біткен ақындар бар. Ғалым Жайлыбай болмысымен ақын» деп бағалады. Қасымхан Бегманов ақын досына жазған арнау өлеңін оқыса, халық арасына кең таралған «Есіл ағады» әнін композитор Ахмедия Есмұханов өзі орындады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір