Орыстілді қандастарымыз ана тіліне неге шорқақ?
21.12.2016
2728
2

Бейбіт ИСХАН,

филология ғылымының кандидаты, доцент


Қазақ тілінің еліміздің мемле­кет­тік тілі мәртебесіне ие болуы қисынды және заңды шешім болатын. Осы жылдары ҚР-дың «Тіл­дер туралы заңы» және «Тіл­дер­ді қолдану мен дамыту туралы мемлекеттік бағдарлама» өмірге келді. Осы маңызды құжаттарға сәйкес ол еліміздің бүкіл аймағын­да, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылып, Тәуелсіз Қазақстанның мемлекет­тік басқару, заң шығару, сот ісін, іс қағаздарын жүргізу тіліне ай­налу­ға тиіс болды. Алайда, еліміз­дің «Тіл туралы Заңында» айқын көрсетілген қазақ тілінің мемле­кет­тік мәртебесі нақты өмірде ойда­ғыдай жүзеге аспай келе жат­қаны жасырын емес. Сондықтан да қазір қазақтілді қоғамды алаң­да­тып отырған маңызды мәсе­ле­лердің бірі – мемлекеттік тілдің қазіргі жай-күйі, болашағы. Өйт­кені, қазақ тілі – еліміздің мем­лекеттік тілі ғана емес, қазақ­тіл­ді қоғамның білім алатын, ғылымды игеретін құралы, ұлтымыздың сан ғасырлар бойы жинаған рухани-мәдени мұралары – ділі мен діні­нің, әдебиеті мен өнерінің, сана-сезімінің, дүниетанымының жиын­­тығы. Демек, барлық рухани құн­дылықтарымыздың іргетасы әрі тірегі. Тәуелсіздік алған кезеңнен бері тілімізді өркендету жолында қаншама маңызды қадамдар жасалды, бірақ қолға алған көптеген іс-шараларымыздың ойдағыдай орындалмауынан, ол қоғамдық өмірдің бірталай салаларына те­рең ене алмай жатыр. Талай мәселе күні бүгінге дейін өз шешімін әлі таба қойған жоқ. Бұны – ұлты­мыз­дың өткен ғасырларда басынан өткерген бодандық-тотали­тар­лық саясат пен солардың бү­гінге дейін сақталып отырған зара­рынан көріп жүрміз. Рас, сол заманда еліміздің мемлекеттік басқару орындарының тілі ғана орысша болып қойған жоқ, ЖОО-ларда гуманитарлық ғылымдар­дан басқа ғылымдардың пәні де орысша оқытылатын. Елге ең қажетті жоғары білімді мамандар мен кәсіп иелері орысша дайындалатын. Нақты (математика, физика, т.б.), жаратылыстану (химия, биология, т.б.), медицина секілді ғы­лым­дардың әдебиеттері көп­ші­лікке арналған шағын кітапша түрінде немесе мерзімді баспасөз беттерінде ғылыми-көпшілік мақала ретінде ғана басылатыны болмаса, қазақ тілінде зерттеліп жазылмайтын. Міне, содан ті­лі­міз­­дің қызмет ететін үлкен бір са­ласы әрі тілдің дамып-жетілуі­нің негізгі бір бағыты болып саналатын ғылым тілі дамымай қалды. Сан алуан ғылым саласының тер­мин­дері ғана қазақшаланбай қал­ған жоқ, тілдің қоғамдық қызме­ті­нің бір саласы – ғылыми стиль бойынша сөз саптау, сөйлем құру, ғылыми ой-пікірді мәтін ретінде жүйелі жеткізу де өз дәрежесінде қа­лып­таспады. Соны тәуелсіздік алып, өз алдымызға дербес ел болсақ та, күні бүгінге дейін ай­қын сезініп отырмыз. Бұған Ел­ба­сы­ның мына сөзі де нақты дәлел: «Ұлттық сана-сезім үшін этни­калық мәдениет пен тілді қорғап дамытатын қоғамдық институттар жүйесіне арқа сүйеу мейлінше маңызды. Мұның, әсіресе, білім беру жүйесі мен бұқаралық ақ­па­рат құралдарына қатысы бар. Біз білім беру жүйесінің «қазақ тілін қалыс қалдыру» ұстанымына құ­рылғанын көрдік, онда ең бір діл­гір де мұқтаж кәсіптер мен маман­дықтар бойынша қазақша білім ала алмайтын. Соның салдарынан ұлттың, әсіресе, қалаулы тобының тілді жан-жақты мең­геруге деген ынта-зейіні төмендеп кетті» (Тарих толқынында. А.: Жібек жолы, 2010 ж., 153-б). Демек, сол дәуірдің ұлттық ой-сана­мызға, тілімізге әкелген қасіретін ешқашан ұмы­туға болмайды. Нақты ғылымдар мен жаратылыстану, медицина пәндерін ағыл­шынша оқыту – бұрынғы қателігі­мізді тағы да қай­талауға апарады. Сондықтан да жас ұрпаққа орыс, ағылшын тілдерін әлемдік білім-ғылымды игерудің құралы ретінде ғана оқытып-үйретіп, ұлт өр­ке­ние­тінің өзегі болып саналатын ұлттық тілде білім беруге баса мән беруіміз қажет. Сонда ғана біз әлем­дік жаһандануға төтеп бере аламыз.
Тіліміздің мемлекеттік тіл ре­тін­де қоғамдық қатынастың бар­лық салаларында қолданылуына тілдік жағдай мен тілдік саясат ықпал етеді. Алайда, біздегі тілдік жағдай мен тілдік саясат сондай қолайлы жағдайды туғызып отыр ма? Керісінше, орысша тәрбие­лен­ген мемлекеттік қызметкерлер­дің түрлі іс-әрекетіне байланысты орыс тілі ресми тіл ретінде ауызекі сөйлеу тілінде ғана емес, саяси жиындар мен басқосуларда да, ғылыми конференциялар мен семинарларда да, мемлекеттік мекемелер мен құзырлы орындар­дың қызметінде де үстем қолданы­лып жүр. Тіпті, «қазақтардың басым көпшілігі орыс тілін жетік біледі» деген нақты анықталмаған тұжырымды желеу етушілер қазақ­тілді қоғамға да аса қажетті әрі мемлекеттік маңызы зор баяндамаларды қазақша бұқаралық ақпарат құралдарының (көбіне теледидар, радио бағдарламалары) өзінен, ең әуелі, тікелей орысша таратып, ара-тұра қазақша тү­сі­нік­теме (комментарий) беріп қана қойып, орыс тілін жетік білмейтін (біздің ойымша, олар жалпы қазақтілді қоғамның жартысына жуығын құрайды) қазақтардың құқығын бұзып келеді. Осындай-осындай себептерден, қазақтіл­ді­лердің өзі орыс тіліндегі баяндамаларды түсініп-тыңдауға мәжбүр болып, оны тереңірек меңгеруге еріксізден-еріксіз барып жүр. Бір қарағанда, бүкіл қазақстандық жастарға үш тілді бірдей меңгертіп, мектеп бітіртіп шығаруды межелеп отырған үкімет саясатына сәйкес, қазақтілділердің орыс тілін жетік меңгеруге ұмтылуы жақсы талпыныс секілді көрінуі әбден мүмкін, бірақ ол өз кезе­гінде өз ана тілінің мүмкіншілігіне кү­мәнмен қарап, сөйлеу тілін шала-шарпы меңгеруді ғана қана­ғат қылатындардың санын барған сайын арттырып келеді. Сол себептен еліміздің қоғамдық-әлеу­мет­тік күнделікті түрлі қарым-қатынасында қазақ тілінен гөрі орыс тілінің қызметі үстем болып отыр.
Тіліміздің жай-күйі тілге қа­тыс­ты заңдар мен заңнамаларға тікелей байланысты дегенімізбен, оның шын мәніндегі қолданы­сы­ның нақты көрінетін жері – мем­лекет­тік басқару орындары мен мемлекеттік мекемелер, заң шы­ғару органдары мен халықаралық қызмет (дипломатия), халыққа қызмет ету орындары. Бұл мәселе талайдан бері қазақ қоғамын қатты толғандырып келеді. Қазақ­тіл­ді қоғамның «мемлекеттік құ­зырлы орындарда мемлекеттік тілді еркін меңгергендер жұмыс істеуі керек» деген талап-тілегінің барған сайын күшейіп келе жат­қаны да соның салдары.

МАМАНДАРЫН ӨЗГЕ ТІЛДЕ ДАЙЫНДАЙТЫН ЕЛ БІЗ ҒАНА
Енді білім беру саласындағы қазақ тілі мәселелеріне тоқталсақ, бәрімізге белгілі, тіліміздің еліміз­дегі үстемдігін орнықтыру – орыс­тіл­ділер басым болып тұрған кез­де өте қиын шаруа. Олардың са­нын азайту керек-ақ. Біздіңше, оны жүзеге асырудың бір жолы бар сияқты.
Біздің пайымдауымызша, қа­зақ тілінің болашағы – қазақ тілін өзгелерге оқытып-үйретуде емес, қазақша оқытуда жатқан сияқты. Оның мәнісі мынада. Бір қарасаң, бәрі орынды секілді. Орыстіл­ді­лерге мемлекеттік тілді оқытып-үйретіп жүрміз. Екінші жағынан қарасаң, еткен еңбегіміз еш кетіп жатыр. Сосын осы орысша білім беретін түрлі деңгейлік оқу орын­да­рындағы қазақ тілі пәні мен тіл үйрету орталықтарының мемле­кет­тік тілді дамытуға ықпалы қан­шалықты болып жүр деген ойға қалып, осы бізден басқа жұрт­та мұндай мәселе бар ма, жоқ па деп зерттеп-зерделесек, өзін ұлттық мемлекет санайтын және жергілікті ұлт тіліне негізделген мемлекеттік тілі бар дербес (егемен) елдердің ешқайсысы өзіне қажетті мамандарды көрші ел тілі тұрмақ, халықаралық тіл саналып жүрген ағылшын тілінде де да­йындамайды екен.
Біз болсақ, Ресейдің мемлекет­тік тілінде мектепте білім беріп, ЖОО-да мамандар дайындап қана қоймай, содан соң оларды мемле­кеттік тілімізде жұмыс істете алмай әлек болып жүрміз. Бұл аздай-ақ, енді алдағы жылдардан бастап еліміздің жастарына математика, физика мен жаратылыстану пән­де­рін ағылшынша оқытпақшы болып отырмыз. Әлбетте, бұдан ел элитасының мемлекеттік тілді білмейтін, бірақ орысша, ағыл­шын­ша білетін балаларының қылы да қисаймайды.
Ал тіліміздің мемлекеттік мәр­­те­беге ие болуының арқасында қазақ тілінде білім алып жатқан жастардың жыл өткен сайын кө­бейіп келе жатқанына үміт артып, олардың алдында қазақ тілінің, қазақ ұлтының жарқын болашағы тұр деген үлкен сенімде едік. Енді сол үмітіміз бен сенімі­мізді «ағыл­шын тілі бақуатты өмірге жет­кізеді» деген сылтаумен өз қолы­мызбен тұншықтырмақ­шы­мыз. Бәлкім, бұл – қазақ тілін­де білім алатындардың болаша­ғы­на балта шабу мақсатында жа­салып жатыр ма екен?.. Әйтеуір алдағы жылдарда ЖОО-да жастарды ағылшын тілінде оқытып, жоғары білімді маман етіп дайындап шығаруды қолға алмақпыз. Олар­дың кімге, қай тілде қызмет ете­тінін бір Құдай біледі. Мүмкін, олар білім-біліктілікті ағылшын тілінде меңгеріп, ағылшынша мүл­тік­сіз сайрап, бірақ мемлекет­тік тілде әрең сөйлейтіндей дәре­же­де бітіріп шыққан кезде олардың қарауында жұмыс істейтін Қазақ­с­тан азаматтарының барлығы ағылшын тілді болып кетер!
Осындайда білікті мамандар ел тұрмысы үшін керек пе, әлде шетелдіктерге қызмет ету үшін керек пе деген ой келеді екен. Шынында да, аса керек болып жатса, санаулы жастарды «Болашақ» бағдарламасымен шетелдерге жі­бе­ріп оқытуға болады ғой. Солай етіп жатқан да сияқты едік. Әрине, егер ол жақтан оралып, мамандық алып келгендер өз ана тілін ұмы­тып қалмай, ел тірлігі үшін қызмет етіп жатса жақсы.
Біреулер «кәсіби орта және кәсіби жоғары білімді орысша да, ағылшынша да бере беру керек және ондай білім ошақтарында қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытып-үйретудің нәтижесі тамаша, оларды бітіріп, мемлекеттік тілде жұмыс істей алатындар шы­ғып жатыр» десе де, олардың ара­сынан мемлекеттік тілде қызмет етіп жүрген ешкімді таппай, теледидар арналарынан қазақша сөй­леп жүрген бірен-саран өзге ұлт өкілдерін алға тартып үлгі етер. Бұл дегеніңіз, өзімізді-өзіміз көпе-көрінеу алдау ғой! Оларға сол қа­зақ­шаны түрлі деңгейлік оқу орындарындағы қазақ тілі пәні­нің керемет оқулығы, үздік оқыту­шысы немесе ұстаз-педагогтардың жаңа технологияға негізделген «әде­мі» әдістемесі (методика) үй­рет­кен жоқ, өмір үйреткен. Олар­дың барлығы – қазақы ортада туып-өсіп, тіл меңгергендер. Он­дайлардың өзі де елімізде сонша­лықты көп емес. Осыдан ғой, елі­міздегі басқа ұлт өкілдері мен орыстілді қандастарымыз өздері­нің мемлекеттік тілден ма­құ­рым екенін осы пәннің оқулы­ғы­нан, әдістемесінен, мұғалім-оқыту­шыларынан көріп жүр­­ген­дері. Мәселен, жуырда рес­публикалық конференцияда өте үлкен бір «дөкей» орысша сөйлеп, орыс тілділердің қазақша білмейтінін қазақ тілі пәнінің оқытушы­ла­рынан көріп, жазғыра сөйледі. Шы­нында да, осыған мұғалім-оқытушылар немесе олардың әдістемесі кінәлі ме екен? Біздің ойымызша, бұл – мүлдем қате тү­сінік. Олар әл-қа­ді­рінше өз мін­деттерін адал атқарып жүр.
Енді осы мәселеге кереғар «та­за қазақи ауылда туып-өскен өзіміздің қаракөздердің орысшаны тез игеріп, сөйлеп кетулеріне не себеп, олар мектепте оқытылған орыс тілі пәні мен оның мұғалі­мінің арқасында орысша сөйлеп-жазуды үйреніп жатыр ма, әлде біз – қазақтар тіл үйренуге ерекше қабілеттіміз бе, олай болса, орыс­тіл­ді өз қандастарымыз «өз ана ті­лін» неге меңгеріп кете алмай жүр?» деген сияқты сұрақтар туындайды.
Бізге дәл қазіргі уақытта қа­зақша аздап шүлдірлейтіндерді емес, нағыз қазақтілділердің санын арттыру маңызды болып тұр емес пе?! Оның төте жолы – басты назарды орыстілділерге қазақ тілін оқытып-үйретуге емес, Қа­зақс­тан қоғамын қазақша оқыту­ға, демек, қазақ мектептері оқу­шыла­рын және орта, жоғары кәсіби білім беретін оқу орында­рының қазақ бөлімі сту­дент­те­рінің санын арттырып, оларға біліп-ғылымды, тәлім-тәрбиені қазақша беруге баса назар аударуда жатыр. Міне, сонда ғана қазақ­тілділер көбейеді. Бұл дегеніңіз, тілді тұ­тынушылардың саны артады деген сөз. Олардың саны артса, қа­зақ тіліндегі түрлі әде­биет­терге, газет-журналдарға, телерадио хабарларына, ғалам­тордың қазақ­ша ақпараттарына, т.б. ақпарат көздеріне деген сұра­ныс күшейіп, олардың таралымы, ақпараттары көбейеді. Қазақ ақын-жазушы­лары мен қазақ газет-журналдары оқыр­мандарға, қазақ театрлары мен телерадио арналары көрер­мен-тыңдар­ман­дарға, қазақ ғалам­торы тұтыну­шыларға қарық болады. Керісінше, тіл үйретуді қажет ететіндердің са­ны селдіреп, «оларға оны қалай үйретеміз, оқулық, оқу құрал­да­рының сапасын қалай арттырып, қазақ тілі пәні оқытушы­ларының білім-білік­тілігін қайтіп жетіл­діреміз» деген сияқты ұшы-қиыр­сыз маша­қаттан құтылып, халық қаражатын нағыз ділгір жерлеріне жұмсар едік! Әйтпесе, біз 20 жыл бойы «Қасқырдың мекені орман екен деп, соған қарата бас-көзге қара­май оқ боратқан орыстың аңқау мұ­жығындай» болып, бүкіл қажыр-қайратымыз бен қара­жа­ты­мызды орыстілділерге қазақ тілін оқытып-үйретуге жұмсап, солардан қайтсек еліміздің қазақ­тілді азаматтарын дайындап шы­ға­рамыз, ұлтымызға қайтіп мем­лекеттік тілде қызмет еткіземіз деп тыраштанып келдік. Кәне, нә­тиже?!

«ШАШ АЛ ДЕСЕ, БАС АЛУДЫҢ» КЕРІ
Ақпараттық-қатыстық тех­но­логияның (ІТ) шарықтап дамуы­ның арқасында небір электронды құрал-жабдықтарды пайдаланып, қандай да болсын тірлігімізді жең­ілдетуге қол жеткіземіз бе деп жүрсек, ол дәмеміздің жуыр маңда жүзеге аса қояр түрі жоқ. Бұрын қолжазбамыз, әрі кеткенде ма­шин­каға басылып, қол қойылған қағаздарымыз іске жарай беретін еді, қазір кез келген дүниемізді компьютермен теріп, үш дана етіп басып шығарумен қоймай, электронды нұсқасын да дискіге жазып ұсынатын болдық.
Бұл аздай-ақ қостілділік пен көптілділіктің кесірінен орысша, тіпті ағылшынша нұсқасын да үш дана етіп шығарып, небір құжаттар мен ақпар-мәліметтердің, есеп-қисаптардың астында қалдық. Соларды дайындауға кетіп жатқан есіл уақытты айтпағанда, қағаз-бояуға, энергияға кетіп жатқан шығынның еліміздің экономи­ка­лық дамуына әкеліп жатқан жалпы залалын ешкім ойлап жүрген жоқ сияқты.
Елімізде орныққан қостілділік пен көптілділік жағдаятқа (ситуа­ция­ға) байланысты қағазбастылық өстіп өршіп тұрғанда берілетін материалдары бірін-бірі онша қай­таламаса да, идеялық ұста­ны­мы бірдей «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда», «Алматы ақшамы» мен «Вечерний Алматы», «Айқын» мен «Литер» сияқты екі тілде жарық көретін газеттердің, екі тілдік материалдарды аралас­тырып беретін университеттік газет-журналдардың өркен жая беретіні сөзсіз.
Ал отандық телеарналарымыз екі тілде бірдей кезек-кезек хабар-ошар жүргізетіні аздай-ақ, олар­дың тек қазақ қоғамына ғана ар­налған-ау дейтін бағдарламала­ры да, тіпті тек қазақ тілінде ғана ха­бар беретін «Қазақстан» телеарнасы да осындай дертпен ауырып, концерттер мен думандарды (шоу­ларды) екі тілде қатар жүргізу­мен қоса, кейіпкерлері шұбар тілде сөйлейтін киносымақтар түсіріп, соларын орысша хабар тарату уа­қытында емес, қазақ қоғамына арналған уақытта көрсетуді әдетке айналдыра бастады.
Бұдан, ондай дүниелерді орыс­тіл­ділердің керек қылмай­тын­дығын ескерсек, тағы да қазақтілді қоғам ұтылып отыр. Осындай бағ­дар­ламалар мен киноларды дайындап, халыққа ұсынушылар, біздің ойымызша, осы әрекеттері­мен сол бағдарла­маларды, сол киноларды тамашалайтын қазақ­тілді қауымды біртіндеп орыс тіліне баулып, одан сайын орыс­тандыруды көздеп жүрсе керек, әлде әлдекімдерден сондай тапсырма алған ба екен?!
Қағазбастылықтың нағыз кө­кесі, кең етек жайған жері – білім ошақтары мен ғылыми мекемелер, жалпы, кез келген мемлекеттік мекемелер мен кеңселер. Әсіресе, мұғалімдер мен оқытушы-профес­сор­ларға жаның ашиды. Олар жо­ғары жақтың оқу үдерісін оң­тай­ландыруға «аса қажет» деген «жаңашылдық (инновациялық)» нұсқауларын басшылыққа алып, өзі жүргізетін сабаққа, өзі оқитын дәріске тиянақты дайындалып келіп, оқушы-студенттерге заманауи сапалы білім берудің орнына оқу-әдістемелік кешеннің қа­жетті-қажетсіз сан алуан құжат­тарын үш тілде жазып, қағазға басып шы­ғарумен қатар, олардың электронды нұсқаларын да сайт­тар­ға енгізіп, әуре-сарсаңмен күн­дерін өткізіп жүр. Ал ғылыми кадр­лар ҚР БҒМ ҒК тарапынан жа­рия­ланатын іргелі, қолданбалы, жаңашылдық ғылыми жобалар бай­қауларына үш тілде жоба әзір­леп, үлкен маша­қатты бастан кешуде.
Олардың осындай қағазбас­ты­лықпен дайындаған ғылыми жобалары байқаудан өтіп, орындала бастағанда түрлі ақпар-мәлімет, есеп-қисап беру деген тауқымет басталады. Сондай-ақ, ҚР БҒМ ҒК-нің талап-ережелері тек орыс тілінде, ол аз десеңіз, қазақ тілі немесе қазақ әдебиеті мәселелері туралы ғылыми жобалардың ке­зең­дік есептерінің рефераттары тек орыс тілінде қабылданады. Бұл енді, нағыз заң бұзушылық! Өйт­кені, «Кез келген құжат мемле­кеттік тілде дайындалса, орысшасы қажет емес» делініп, еліміздің «Тілдер туралы заңында», тағы басқа мемлекеттік тілге байланыс­ты қабылданған қаулы-қарар­ларда көрсетілген. Бұны орыстілді басшыларымыз белден басып, екі тілді құжат толтыруды талап етіп келе жатқандары қашан! Сөйтіп, біздің қазақстандық қоғам екіге жарылып тұр. Енді біздің елде «ағылшынтілді қоғам» пайда болып, олардың өз БАҚ, өз мәдени-әдеби орталықтары, өз оқу орындары қалыптасуы әбден мүмкін. Бізде ше, еліміздегі қазіргі тілдік жағдаят мемлекеттік іс жүргізуге қол байлау болып, қағаз­бас­ты­лық­қа ұрындырып, зор әлеу­мет­тік-экономикалық зиян әкелуде. Бұдан еліміздің ұлттық-тілдік сая­­саты өзгермейінше жуыр маңда құтыла алмайтынымыз анық.

ҚОҒАМНЫҢ ТҰТАСТЫҒЫ МЕН БЕРІКТІГІ ТІЛГЕ
БАЙЛАНЫСТЫ
Тереңірек үңіліп, кеңірек ой жүгіртетін болсақ, 25 жыл бойы еліміздің тұрмыс-тіршілігіне ен­дірілген жаңашылдықтың (рефор­ма­лардың) баршасы жақсы нәтиже берді дей алмасақ керек. Бәріне тоқталмай-ақ, тек білім беру саласына ғана енгізілген немесе ен­гізіл­гелі жатқан жаңашылдық­тардың талайы, әсіресе ағыл­шын­ша оқытып, ағылшын тілді мамандар дайындау мақ­са­тындағы реформамыз біздің «дәстүрлі, қалыптасқан ұлттық мұраттары­мыз­ға қабыспайтынын» жақсы аңғарамыз. Орыс тілінің үстемдігі де сол қалпында сақ­талып отыр. Тіпті орыс тілінің үстемдігі біздің елімізде жылдан-жылға күш алып бара жатқан сияқты. Сондықтан да қазақ жастарына орыс, ағыл­шын және т.б. шетел тілдерін әл­ем­дік білім-ғылымды игерудің құралы ретінде ғана барынша сапалы оқытып-үйретіп, ұлттық құндылықтардың ең асылы және солардың сақ­талуына негіз болатын ұлттық тілде білім-тәрбие беруге, ұлттық тілде оқытуға баса мән беруіміз қажет. Олай етпесек, жер бетінде ұлт болып сақталып қалуымыз неғайбыл. Бірақ бұны қаперге алмай, ел жастарына үш тілді қатар меңгертіп шығаруды қолға алып жатырмыз. Қазақ қо­ға­мының қазіргі тілдік жағдая­ты ұлт тұтастығы үшін үштілділік тұр­мақ, қостілділіктің өзі аса қауіпті екенін байқатады. Қостіл­діліктің бірден аңғарыла қоймай­тын, талай жылдар өте келе се­зі­летін зарары бар. Бұл зарар өзге бір тілді білім-ғылымды игерудің құралы ретінде оқып-үйренуден емес, негізінен, өзге тілде білім-тәрбие алудан болады. Осы ретте мынаған мән беруіміз қажет сияқты. Кез келген ұлттық мемлекет, ол бір­ұлтты (моноұлтты) немесе көп­теген ұлт өкілдерінен тұратын мемлекет болсын, әйтеуір бір тілді мемлекеттік тіл ретінде пайдаланып, өзінің әлеуметтік-эконо­ми­калық саясатын жүргізеді. Көбінесе ондай тілдің қызметін мемлекет құрушы жергілікті ұлттың тілі атқарады. Ұлттық тіл мемлекеттік тіл қызметін атқара отырып, мемлекеттік маңызды іс-шаралардың ұлттық мүдде тұрғысынан жүргізілуін қамтама­сыз етеді. Ұлттық мемлекет өзінің қоғамдық-әлеуметтік, яғни мем­лекеттік сан салалы қызметі жан-жақты бола түсуі үшін мемлекеттік тілді өз қамқорлығына алып, дамып өркендеуіне барынша қо­лайлы жағдай жасап бағады. Сөй­тіп, мемлекеттің тілдік саясаты ұлттық саясатпен етене астасып жатады. Сол себептен мемлекеттік тіл саясаты еш уақытта ұлт мәсе­ле­сінен тысқары бола алмайды. Ұлттық мүдде ескерілмей, ұлттық мем­лекеттің болуы да, дамуы да мүмкін емес.
Тілдік саясатын ұлттың ділі мен мүддесіне негіздеп жүргізетін елдер өзінің мемлекеттік тілі болып отырған ұлттық тілдің сан салалы қызметтік қолданысына кедергі келтіретін жағдайларға ешқашан жол бермейді. Егер мем­лекеттік тілмен қосамжар­ласып екінші бір тіл сол елде саяси-қо­ғам­дық қызмет атқарса, ондай мемлекеттегі қоғамның тұтастығы мен беріктігі осал деуге болады. Себебі, екінші тілдің сондай дәрежеге ие болуынан елде қос­тіл­ділік жағдай қалыптасып, мемлекеттік іс жүргізу әлсірейді. Бюрократизм басталып, қағаз­бастылық күшейеді.
Қолданыстағы екінші тіл бұ­рын­нан қызмет етіп келе жатқан бұқаралық ақпарат құралдары (СМИ) мен қазіргі заманғы ақ­парат­тық-қатыстық технологияларды (ИКТ) пайдалану арқылы өзін қолдап-жебейтін басқа мемлекеттің (осы тілді мемлекеттік тіл ретінде пайдаланып отырған мемлекеттің) тілдік (ұлттық) сая­са­тын жүзеге асырып, өз қызме­ті­нің маңызын арттыра түседі. Жер­гілікті ұлттық тілдің қолда­нылу аясын тарылтуға барлық мүмкін­шілігін, барлық әлеуетін мейлінше жұмсайды. Бір есептен, бұны тілдер (ұлттар) арасындағы тір­шілік үшін күрес десе де болады.
Адамзат тарихына назар ау­дар­сақ, бір тілдің қоғамдық-әлеу­мет­тік қызметінің зор қарқын алып, үстем тілге айналуына байланысты екінші бір тілдің, олар жергілікті ұлт тілі бола тұрса да, қолданыс аясы бірте-бірте тарылып, жойылып кеткенін немесе қолданушы-тұтынушылары жоқ «өлі тілдерге» айналғанын көруге болады. Ондай тілдер жүз-жүздеп саналады. Солардың жойылып өлі тілдерге айналуына, көп жағдайда, белгілі бір ұлттың өмір бақи тір­шілік етіп келе жатқан атамеке­нінде құрылған мемлекеттің ұс­тан­ған тілдік (ұлттық) саясаты се­беп болып жатады. Тілдің қол­да­ныстан шығуымен бірге бір­тіндеп ұлт та құриды. Алаш ар­дагері Ахмет Байтұрсынұлы: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жаз­ған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғал­май­ды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәр­сенің ең қуат­тысы – тіл. Сөзі жо­ғалған жұрт­тың өзі де жоға­ла­ды», – деп айтқанда осы мәселені ескерсе керек.
Кез келген тілдің «тірі организм» ретінде дамып жетілуі, өр­кен­деп кемелденуі тұрмыс-тір­шілік­тің барша саласында кең қолданатын тұтынушыларының көп болуымен тығыз байланысты. Ал тіл тұтынушыларының аз-көп болуы, біріншіден, ұлттың саны мен сапасына (қазақтілді, орыс­тіл­ді, т.б.), екіншіден, ұлт өмір сүріп отырған мемлекеттің тілдік саясатына байланысты.
Атам қазақ «Қос тіл – қос қа­натың» деген. Бұны кез келген са­налы адам мойындайды. Жеке тұлға үшін орыс тілін және т.б. тіл­дерді жетік білу – білім-ғылым­ды игеруге кең жол ашатыны ақи­қат. Солай болғанымен, әрбір адам­ның белгілі бір ұлттың немесе қоғамның мүшесі екенін де ұмытпау керек. Тілсіз қоғам болмайтыны сияқты, қоғамсыз жеке тұлға да өмір сүре алмайды. Сон­дық­тан әрбір жеке тұлға өзі нанын жеп, суын ішіп отырған қо­ға­­мына (ұлтына) адал қызмет етуі үшін соның тілін жетік біліп, сосын қай тілде болсын игерген білі­­мін сол қоғамның игілі­гіне ай­­налдыруы керек. Ал біз болсақ, орыс тілін жаппай игереміз деп жүріп өз ішімізден өзімізге өзгеше қоғам қалыптастырып алып, енді оларды елге мемлекеттік тілде қыз­­мет істете алмай, қор боп жүр­міз.
Бұл көп нәрсені аңғартады. Әлемнің өркениетті елдерінің тарихына және бүгінгісіне үңілсек, олар өзге бір тілді жаппай ұлт боп меңгеруге әсте ұмтылмаған. Олар­дың, тіпті іргемізде отырған орыс­тардың мектептерінде жас ұрпаққа қаншама тіл оқытылып-үйретілсе де, мектеп бітіру­ші­лерінің арасынан шетел тілдерін өте жақсы біліп шығатындары жалпы ұлттың 1%-ға жетер-жетпестейін ғана құ­райды екен. Солар ғана сол бі­лік­тілігін әрі қарай ұштау мақ­са­тында шетел тілдері, халықаралық қатынастар сияқты т.б. оқу орындарына түсіп, білімі мен білік­тілі­гін шыңдап, өзге тілде оқып-то­қығанын өз ана тіліне аударып, екі елдің саяси, мәдени, әдеби, эко­номикалық байланыстарына дә­некер болып, ұлт мүддесі үшін қызмет етеді екен. Байқап тұрсақ, біздегі орысша оқып, тәлім-тәбие көргендердің басым көпшілігі өзінің жеке басын күйттеп кеткен немесе Ресейдің қамын ойлап жүр деуге болады. Олар қазақ тілі, ұлт мүддесі деген секілді мәселелерге аса бас қатыра қоймайды. Сөйтіп, өзі қызмет етіп жүрген елінің мемлекеттік тілінде сөйлемей, сол іс-әрекетімен өзі отырған бұ­тағын өзі кескендей боп, елдігі­міз­дің қадірін кетіріп жүр. Мем­лекет­тік қандай дәрежедегі болсын қызметкердің мемлекеттік тілді білмеуінен, сондай-ақ біле тұра сөйлемеуінен өткен сорақы­лық болар ма екен?!

ПІКІРЛЕР2
Масғұт Нұрмағамбетов 07.01.2017 | 12:41

Мен туасала орысша оқып, Кеңес заманында елден алыс жерде орыс тілінде әскери қызметте болып, ал елге оралған соң қызметті тағы орыс тілінде жалғастырып пенсияға шыққан қарртардың бірімін. Биыл 72-ге келемін. 55 жастан бастап Қазақ тілі қоғамдарында ана тілімді оқып әлі толық меңгере алмай жатырмын. «Великий русски» деп жүріп, өз ана тілімнің құдіретін білмеппін. Орыс тілі — құрама тіл. Ожегов сөздігін талдап едім, 60 пайызы кірме:латыннан, гректен, түркі, француз, неміс тағы басқа тілдерден. Славян тілінен тағы тым бөлек. Ал, байлығы жағынан бір-ақ мысал: орыстарда «это дело ему по плечу» дейді, қазақтарда «ол іс оның қолынан келеді» дейді. Иықпен не бітіруге болады, ол дөрекі мүше, онымен не итеруге болады, не қап арқалауға ғана. Ал, қолда саусақтың түгелі бар, ол алақан да, жұдырық та. қолмен нан да пісіресің, қару да ұстайсың, жазу да жазасың. Сонда қай тіл көп мағыналы? Енді бір-ақ мәтел: «Тас пен атқанды аспен ат!», орыста ондай ұғым тіпті де жоқ. Қазақтың тілі ешқашан өлмейді, тек оны кеш түсінгендер қапыда қалады. Қазақ жастарын ұлт менталитетіне баулу үшін қазақтың астыртын мағынасы көп аллегориялық көп мағыналы афоризм, мәтелдердің сөздігі болса екен, шіркін. Кейде көне сөз тіркесін оқып қалып өзіміз мағынасын түсіне алмай жатамыз, жастар оны қалай түсінсін. Сондай сөздіктер дұрыс болар еді.

Қазақ 08.02.2017 | 15:08

Өте дұрыс, орын орнымен айтылған. Тілге кедергі келтіретін мәселелер толығымен қамтылған. Сіз сияқты қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын азаматтар көбейе берсін.Сізге, бала, немере, шөберелеріңіздің қызығын көруге алла несіп етсін.
Қазір қазақты, қазақ тілінің тұрғысынан үшке бөліп қарауға болады.
1.Қалада туып қалада өскен, орысша сөйлегенде орыстардың өзін шаң қаптыратан, қазақша екі ауыз сөзді білмейтін орыс тілді қазақтар. Бірен сараны болмаса оларға бәрібір,әке шешесін қарттар үйіне өткізетін, қарамай жалғыз тастап кететін, өз ана тіліне қарсы шығатын,көшеде қазақ қызын зорлап жатса да мыңқ етпейтін, рухы өлген топ.
2.Бұлар аздап қазақша сөйлейтін, бірақ қазақша өз ойын қазақша жеткізе алмайтын, орысша білгенін мақтан көретін, былайша айтқанда «Не балық емес не ет емес» екі ортадағы жалтақ топ.
3. Қазақтың мұңын мұңдап жоғын жоқтап, ел басына күн туса елін қорғап өлетін азаматтар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір