КҮРЕҢБЕЛ МЕНІҢ ЕСІМДЕ, КӨКЕ…
21.12.2016
2178
0

Көке, біріміз – Күреңбел, біріміз – Ұлы­таудың бөктерінде шыр етіп дүниеге кел­ген­нен-ақ «Сен, Нұрғали, кіндіктен жалғыз бо­ласың, ал сен, Жұмат, ата-анадан жастай же­тім қаласың», – деп мүсіркеп, Тәңірдің өзі өнер дейтін бақыттың бір түйір дәнін екеуміздің таңдайымызға салған ғой.

Егер де сол құдірет дәні менің тіліме түс­кен болса тәп-тәуір ақын, не жазушы болар ма едім, қайдам… Бірақ Тәңірім таңдайыма ға­на салған соң амалым не, кезінде, сірә дұ­рыс таңдай алмаған болуым керек, тілге, сөзге ке­лгенде сіздей емес, шорқақпын. Оны өзіңіз де білесіз,
Мұны айтып отырғаным, Тәңірдің сол түйір дәнінің жүрекке қарай жол тартқан нә­зік өскіні сіздің күміс көмейіңізбен қоса жез таңдайыңызға, қаймағы қалың қазақы ті­ліңізге де дарып, құнарлы нәр берген. Оған сіздің мақалдап, мәтелдеп, әр сөзіңізді әрлеп, теңеулерді төбесінен дәл түсіріп, айшықтап сөйлейтін тіл байлығыңыз куә. Адамның жан дауасы болған әдемі даусымен қоса әнші­лердің айтар сөзге келгенде ағып тұратын «ұста­лығы» үшін де атам қазақ өзінің сүйікті сал-серілерін «күміс көмей, жез таңдай» деп ата­ған ғой. Мен де сізді дәл солай бағалаймын, көке.
Сіздің осы қазақ тілін қастерлейтін құр­мет-талғамыңызды осынау әншілік өнер жо­­­­­лында тек сахнада ғана емес, отбасымызбен аралас-құралас болып, жақындаса келе бірде өзіңізді «Көке» деп атағанда елең етіп:
– Әй, бауырым, мына сөзің не деген әдемі, на­ғыз қазақы лебіздің өзі ғой. Әйтпесе, жасы кішінің бәрі маған ағалап тұрады, ал аға­ла­ған­ның артында жағалайтыны да бар ғой, – деп күлгеніңізден байқағам.
– Менің туған жерімде көрген жасы үлкен­дердің бәрін әйел болсын, ер болсын, «Кө­ке» деп атайтын әдемі әдетіміз бар. Сіз ме­нен білдей сегіз жас үлкенсіз, сондықтан сіз­ді «Нұраға» дейін десем, бұл атау тек Нұр­ғиса Тілендиевке ғана тиесілі, соған ғана жа­­расымды. Ал «Нұреке» десем, бұл жалпы қа­зақ­тық жадағай сыйластық болып шығады. Сон­дықтан өзіңізді жаныма жақын тартып, «Көке» дегенге өзімнің де көңілім көншіп қа­л­атын сияқты, – деген едім сонда.
– Онда келістік, қазақтың бір әні бар ғой, есіңде ме, қайырмасы:
Бұлбұл құсым-ай,
Болса болсын-ай, –
Дей салшы, көңіл үшін-ай, –
деп келеді. Ендеше солай «болса болсын-ай», – деп мені иығымнан қағып еркелеткенсіз.
Сөйтіп сіз маған «Көке» болғансыз, есіңіз­де ме, көке?
Ал сізбен Алматыда алғаш танысқаным тап күні бүгінгідей, әлі есімде. Мен 1965 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік кон­сер­ваторияның дайындық курсына Қа­зақ­стан­ның халық әртісі, Глинка атындағы халық­ара­лық конкурстың лауреаты Мұрат Мұ­са­баевтың шеберханасына оқуға түстім. Ме­нен кейін қарындасым Зура Алматы шет тіл­дер институтының ағылшын тілі бөліміне түс­ті. Екеуміз де жатақханадамыз. Жанымыз жай­дары болғанымен, жағдайымыз мәз емес, әри­не. Бір тәуірі, әйтеуір, Алматыда анда-сан­да барып шәй ішіп тұратын жақынымыз – руы жағынан маған нағашы болып келетін Қуаныш Бекжанова мен сол кездің өзінде эфирден танымал болып қалған жездем Құ­сыман Игісіновтің үйі бар. Екеуі де Қазақ ра­диосында қызмет істейді. Жалғыз мен ғана емес, онда бәрі дерлік бөрі құрсақ жүретін сту­денттердің көбі тамыр-таныс, алыс-жа­қын туысты жағалап, оқи жүріп жұмыс істей­тін орын тауып, күн көретін-ді. «Маған да сон­дай бір жұмыс тауып берші» деп жездем Құсы­манға қолқа салдым. Ол маған қарап:
– Жарайды, сен Нұрғали Нүсіпжановты та­нисың ба? – деді.
– Қайдан танимын? Әндерін мектепте жүр­генде радиодан естіп, қазір өзін теле­дидар­дан көріп жүрміз ғой. Бірақ өзін өмірі көрген ад­амым емес.
– Ендеше мен сол Нұрекеңе айтып кө­рейін. Өзінің кісілігі бар жақсы жігіт, музыка ре­дакциясында бөлім меңгерушісі. Сен ертең сағат онда сол радиоға кел, – деді жездем.
Ертеңіне айтқан уақытында бардым. Ол кезд­е теледидар мен радио қазіргі теледидар ғи­маратында бірге отырады. Алдымнан шық­қан жездем:
– Нұрекеңмен келістім, «келсін» деді, ар жа­ғын өзің білер, жүр, – деп мені үлкен ғи­ма­рат­тың оң жақ қанатындағы үшінші қабаттың бір бөлмесіне алып кірді. Кеңседе қарама-қарсы екі адам отыр. Көксандықтан көріп жүр­ген өзіңіздің жылы жүзіңізді бірден таныдым. Сіздің қарсы алдыңыздағы шалқайып, түйедей болып түксиіп отырған адамды та­нығам жоқ. Өздеріңізбен жездем қол алысып, амандасып болған соң.
– Кешегі айтқан Жұматай деген жігітім – осы. Күні ертең болайын деп тұрған бала, – деп мені таныстырды да. «Ал мен кеттім» деп өзі шығып кетті. Мен үлкен адамдардың ал­дында не дерімді білмей состиып тұрып қал­сам керек, сонда сіз орныңыздан тұрып ке­ліп, менің қолымды алып, стол қасындағы орын­дықты нұсқап:
– Қысылма, отыра ғой, – дедіңіз. Сонан соң әлгі дәу кісіге қарап:
– Міне, Қазақ радиосы музыка ре­дак­циясының бас редакторы Зәмзапшәріп Тар­ғақов ағамыз отыр, танысып қой, – деп мені Зә­кеңмен таныстырып едіңіз.
Есіңізде ме, Көке, екеуміз алғаш рет Ал­ма­тыда осылай танысқанбыз. Сонда сіз мені «музыка редакторы» деген қызметке алған­сыз. Бұл 1968 жылдың маусым айы болатын. Мен сіздің жасы үлкен қызметкер әрі атағыңыз жер жарып тұрған әнші бола тұра маған көр­сет­кен кішіпейілдігіңізге қайран қалғам. Оның артында, әрине, адамның ішкі мәде­ниеті жатыр ғой.
Па, шіркін, заман-ай десеңізші! Сол 70 жылдар жастығымыздың жайнаң қаққан ең жақсы жылдар екен ғой. Есіңізде ме, сол 1970 жылы Алматы қаласында алты жыл бойы салынған бірінші класты Республикалық Радио үйі – қазақ ақпаратының алыбы, Алматыда қазіргі отырған қара шаңырағы пайдалануға берілді. Біз осы жаңа үйге көштік. Оның бірінші қабатынан Чехословакия мен Венгриядан алынған, дыбысты микшермен жазатын су жаңа арнайы жаңа техникамен жабдықталған, кең де биік үлкен концерттік студия ашылды.
Қазақ радиосының бұрынғы эстрадалық шағын ұжымы енді эстрадалық-симфония­лық болып үлкен оркестрге айналды. Әнші­лердің арнайы штаты кеңейтілді. Жас жағы­нан ересек Рашид Мұсабаев, Суат Әбусейітов, Лаки Кесоғлының қатарына жаңадан жас әншілер келді. Онда сіз Қазақ радиосының музыка редакциясын басқардыңыз. Бәрі алдымен сіздің алдыңызға келеді. Әсіресе, артына қайырып тастаған ұзын шашы желкесін жапқан, кербез жүретін композитор Әблахат Еспаев пен сол кісі қатарлас ақын Нұрсұлтан Әлімқұловтың жұбы жазылмайды. Ескендір мен Әсет екеуі әндерінің сөзін тек осы Нұрекеңе жаздырады. Ән мәтінін жазуға келгенде Оспанхан аға мен осы Нүрекең және Бәкір Тәжібаев ағадай хас шеберлерді, шынымды айтсам, әлі күнге көргем жоқ.
Ал сіздің есігіңізден кісі кетпейді, себебі оркестрмен ән жазу үшін алдымен сіздің рұқсатыңыз керек. Ескендір екеуіңіздің ата­ғыңыз онда дүркіреп тұрған кез. Көп ән­дер­іңізді өзіңіз де сол студияда жаздыңыз. Әблахат ағаның өтінішімен, сіздің қол­дауыңыз­бен менің де халыққа кең тарап, жұрт­тың жүрегін жылытқан «Сағыныш екен бала кез» әнім сол студияда жазылды.
Сөйтіп, Қазақ радиосы өнердің нағыз ордасына айналған. Радио үйінің астыңғы қабатында концерттік студиядан естілген оркестр әуені күні бойы есіп тұрады.
…Жадыраған жаз айының жайма-шуақ кештерінде концерттік студиядан шыққан Венера Кармысова, Алакөлдің ақ сазанындай әдемі, күлкісі Алатаудың ақ бұлағындай сыңғырлағап, нағыз күміс көмей әнші Зейнеп Қойшыбаева, кең тынысты Люция Төлешова, ұйғыр қызы Гүлвира Разиева сынды көздің жауын алардай қызылды-жасыл боп сол кездің сәні балтырын көрсете қысқа етекпен киінген әнші келіншектер қаздай тізіліп, мамырлай басып Бейбітшілік көшесінің бойымен Абай даңғылына қарай түсіп бара жатады. Олардың соңынан қос құрбы Бибінұр Қайрақбаева мен Шәмшия Тайырова бастаған радионың сылқым қыз-ке­лін­шектері ілеседі. Бұл өзі көз қимайтындай ға­жап бір көрініс болатын. Солардың арасында өмірі жан адамға «әй» деп дауыс көтеріп көрмеген биязы мінезіңізге тұрған тұрыс, жүрген жүріс, жымия күлген күлкіңіздің өзі бек жарасып тұрған нағыз «интеллигент», зиялы қалпыңызда сіз жүресіз сып-сыпайы болып. Ескендір екеуіңіздің қасында бұйра шашым дудырап мен де жүремін өзімше болып.
Айтпақшы, сол Зейнеп екеуіміз консерваторияны бірге бітіргенбіз. Сіздің әншілігіңіз дегенде ол «па, шіркін, екі Нұрғали енді туар ма екен» деп ішкен асын жерге қоятын. Қазақтың қайран Зейнебі-ай десеңізші!
Зейнеп дегеннен есіме түсіп отыр, 1980 жылы болуы керек, сіздің ұйымдастыруыңыз­бен өзіңіз және Зейнеп, биші Ғалия Тоқ­тар­баева мен күйші Рахым Тәжібаев – бесеуіміз Қазақ радиосының квартетімен бір ай бойы Са­рыарқаның Жезқазғаннан бастап Қа­рағанды мен Семейді қосып үш бірдей облы­сын өнер сапарымен аралап шықтық. Сіз дегенде айналайын халықтың ықыласы бөлек қой, көке. Халық әндерінен бастап Нұрғиса мен Шәмші, Әсет сынды қазақ компози­тор­ларының әсем туындыларын асықпай, аб­дыра­май, әр әнді өз бабымен жан дүниені бал­бырата шырқағанда халық шіркін сахнадан жібермей, қайта-қайта қол соғып, керемет қошемет көрсетер еді. Сізбен бірге ел ара­лаған сол кездер өмірімнің ең бақытты шақ­тары екенін енді біліп жүрмін.
Сол сапарда бес жасар қызым Қорланды өзіммен бірге ала жүргенмін. Өзінде қыз жоқ, тек екі ұлы ғана болған соң Зейнеп Қорланды қатты еркелетіп, түнде қойнына алып жататын. Кешкі концерттен кейін халықтың құр­меті банкетпен жалғасатыны белгілі ғой. Қаз­ақтың күн сайынғы осы кең пейілі мен мол дастарханына періште жүрек сәбидің сеніп кеткені соншалық, бірде әлдебір жағдаймен банкет болмай қалғанда кешкі астың үстінде қызым Қорлан жан-жағына бір қарап алып, таңдайы тақылдап «бүгін не, банкет болмай ма, сонда?», – деп бәрімізді бір күлдіргені бар.
Қазақ радиосындағы сол шуақты күн­деріміз жетпісінші жылдардың ортасынан бастап Құрманғазы атындағы халық аспап­тарының академиялық оркестрінде жалғас­ты. Сіз онда жетекші жеке әнші болдыңыз. Мұнда да екеуміз ағалы-інілі адамдардай қол ұстасып қатар жүрдік. Елге танымал әншілер Майя Әбдірахманова мен Жұмағаным Рахимова да сол оркестрімен ән салды. Осы қа­сиетті ұжыммен ол кезде жарты әлемді жал­ғыз өзі тіреп тұрған Кеңестер Одағының бар­лық ұлттық республикаларымен қоса социалистік шет елдер көрермендерін қазақ дейтін халықтың інжу-маржандарымен айызын қандыра мейлінше сусындаттық десем, қателеспеймін.
Ал Құрманғазы оркестрінің Қазақстанда облыс орталықтары мен ірі қалаларын былай қойғанда, табаны тимеген ауық-аймақ, елді мекендері, сірә, болмаған шығар. Бірде Ақ­тауға барып, Еуразияның ырыс қазаны бол­ған қарт Каспийдің төсінде ақ кемемен жүзіп ән салғанымыз есіңізде ме, көке. Көк теңіз бен ақ көбік асау толқын, әсіресе, мұндайды бұрын көрмеген өнер адамын ерекше толқытып, шалқарының өзі жаныңа ерекше шабыт сыйлайды екен.
Қайсыбірін айтайын, осы жуырда сіз екеуіміз тағы бір жолығып, Қабанбай мен Панфилов көшесінің қиылысында тұрған Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына келе жатқанбыз. Кенет кешегі жауыннан кейін ағаш басында «мені көрдің бе» дегендей қып-қызыл болып ерекше мөл­дірей қалған көп жеміс көзіме оттай басылды. Аңғал басым абайсызда: «Ой, мынау боярышник қой!», – деп қол соза бергенім сол еді, сіз мені тоқтатып:
– Бауырым, – дедіңіз нығырлай сөйлеп, – бұл жемісті қазақ атам долана деп атаған. Кезінде Дінмұхамед Ахметұлының арнайы тапсырмасымен осы жеміс ағаш Алматы қаласының біраз көшелерінің бойына әдейі отырғызылған. Қазір менің ауылымда бұдан он жыл бұрынғы Алматы облысының әкімі Серік Әбікенұлынан сұрап алған он гектар саябағым бар. Онда мың жарым түп сая теректермен қоса 600 түп сан алуан жеміс ағаш­тары мәуелеп өсіп тұр. Солардың арасында осы долана да бар. Жарықтық, бұл жеміс менің ауылымды ежелден жерсініп кеткен. Сон­дықтан біздің ауыл «Доланалы» деп атал­ған, ұмытып қалдың ба? Ана бір жылы өзің де барып едің ғой, – дедіңіз.
«Ұялған тек тұрмас» дегеннің кебімен»:
– «Иә, Күреңбел ғой, бардым ғой, барғанда қандай! Отбасымызбен барып, аунап-қунап он күн қонақтап қайттық қой», – деп жылпылдатып жатырмын.
Көке, Күреңбелді, сіздің Доланалы деп аталған ауылыңызды, өзі қолынан дәм татқан шүйкедей ғана, аппақ, айналайын анаңызды қала берді сіздің тәбетімізді еріксіз тарттырып, еттің өзін қазақы қиялап, әдемі турайтын ерекше өнеріңізге дейін қалай ұмы­тайын?!
Күреңбелдің өзі де кейде менің Ұлы­тауым­ның бөктеріндегі көк белестерге ұқсайтын, биік жоталы жер. Екеуіміз де та­би­ғат дейтін ана­ның осы алақанында өстік. Өнер, дауыс деген аяулы құдірет Тәңірдің өзі есіркеп екеуімізге де осы туған жердің топырағынан дарытқан. Біздің жүріс-тұрысымыз бен бар болмысымыз да, өмірге көзқарасымыз бен биязы мі­незіміз де қоян­ның көжегіндей бір-бірімізден айнымай қалғандай ұқсас болып көрінеді маған. Сіз әңгімені көбіне ақырын ғана «ме­нің әкем айтатын еді» деп бастайсыз. Мектеп бітір­геннен кейін екі жыл бойы қой бағып жүр­генде: «Күн бұзылатын түрі бар», – десем, әкем: «Күн қайтер дейсің, ашылар, адам бұ­зыл­­­масын де, балам», – деп айтатын еді де­ген­сіз бірде. Сіздің сол баяғыдан бұзылмаған қал­пыңызда сексенге сергек жеткен осы күніңіздің бәрін де сол әкенің сөзі, ананың ақ сүті, Күреңбелдің сабырлы көркем кейпі жат­қаны сөзсіз. Жасай беріңіз! Күреңбел ме­нің есімде, көке…

Жұмат Әмзеұлы Махамбет,
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық
Өнер академиясының профессоры,
Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір