Ұлттық мойынсынбау қозғалысы және жазушылар
16.12.2016
4181
0

Желтоқсан көтерілісінің тірі куәгерлерінің қатары селдіремеген қалпы арамызда тірі жүргенін шүкіршілік етсек те, сол уақыттағы мінез-құлқымыздағы өзгеріске бойлап, оны бүкіл жұртқа талдап-түсіндірген пенде некен-саяқ. Қазақстан Жазушылар одағының жанынан құрылған праволық комиссияның атқарған ісіне үңілген уақытта көтеріліс басылып-жаншылғаннан кейінгі ахуалдың түп-төркініндегі бастамалар мен ұлттық тұтастыққа түрткі болатын тетіктерді ескергенімізге өкінесің. Өкінгеннен не пайда?
Желтоқсан оқиғасын тексеруге байланысты 1986-89 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы жанынан құрылған праволық комиссияның 1987-1991 жылдар аралығындағы төрағасы, жазушы Тұрсын Жұртбаймен сұхбаттасқан уақытта осы ойға еріксіз беріледі екенсіз. Кейбір пікірлердің астары әлі де ашылмағандықтан да, сол қалпында ұсынуды дұрыс санадық. Өйткені, онда айтылған жайлардың дені сол кездегі қоғамдық психология мен пікірлердің барынша қанық та ащы шындығы болатын…


Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
жазушы

– Бүгінгі таңда Желтоқсан туралы айтқысы немесе жазғысы келетіндердің қатары көп-ақ. Сол Жел­тоқсан көтерілісінде «мен мынандай ерлік жасап едім» деген­дер­дің сөзінің ақ-қарасын қалай елеп-екшейсіз?
– Ұлттың рухани тұтастығы мен мақсат-мүдде бірлігін таныт­қан ұлы қозғалыстың бірі – Жел­тоқ­сан оқиғасы. Дәл осы күнде – 1986 жылдың желтоқсанының 17-18 жұл­дыздарында қазақ елінің азат­тық рухы барынша буырқанып, ұлттық намысы шамырқана оянды. Мұндай өзара түсінушілік пен іштей ұғынысуға жеткен ұлтты тізе бүктіру мүмкін емес еді. Менің пайымдауымша, егер де қазақ елі 1986 жылғы 17-18 желтоқсан күн­де­ріндегі рухани түсіністігі мен Ұлт­тық  Бірлік нысанасын қанында суытпай, сол ынтымақтастықты қалпында сақтап қалған жағдайда, онда тәуелсіз мемлекетіміздің ішін­дегі бүгінгі алауыздыққа жол берілмес еді, бейбастақтық пен бей­пілдікке, қомағайлыққа, қор­қау­лыққа жол берілмес еді деп ойлаймын.
Өкінішке қарай, сол бір қа­сиет­ті сезім мен оянған рухтың қа­дір-қасиетіне жетпедік. Рухы­мыз­дың ұйтқысы ыдырап, «бас-басына би болуға» құштар, «өзінде бармен көзге ұрғысы келген», «күн­шілдігін қоздырып, өзгеден артылам» деген қазақы дарақылық пен дақпырттың, өзінен бұрынғының, дәлірек айтсақ, өзінен басқаның бәріне «ит көрген ешкі көзденіп қарап», тарихты, оның ішінде Жел­тоқ­сан оқиғасын өзінен бастағысы келген және осы ұлы оқиғаны өзінің мүддесі мен пиғылына орай­ластырғысы және сол арқылы өзі­нің сол күндердегі қитұрқы әре­кет­терін жасырғысы келген жа­ма­­ғайындарымыздың қақпа­қылында кетті. Менің өз жеке басым осы бір сумақай, сұғанақ саясаткер­сы­мақ­тардың және ұлт­жанды­сы­мақ­тар­дың (оларда толық сүю және толық жеккөрініш сезімі бар деп айта ал­маймын) желтоқсан күн­де­рін­де сы­ғырая қалған көзінің сұ­ғынан-ақ байқап, тітіркене қалсам да, дәл мұндай бүкілхалық­тық көзбояу­шы­лық  жасайды деп қауіп­тенгенім жоқ. Өйткені, жаппай ұлттық қарсылық пен мойынсынбау рухы тұтанып тұрған сәтте олар өзінің жеке басының мүддесін күйт­теп, қандай да бір қылығымен көзге түсудің қамын қарастырып жүрді. Олардың қанжығаларына Желтоқ­сан оқиғасы ілікті. Желтоқсан оқиғасы жеке басына бедел мен мәртебе әкелетін зиянсыз шақ туғанда жалдары күдірейіп шыға келді. «Жазықсыз жазалылар» пайда болды. Ақыры амалын та­уып қаһарман боп халықтың қадірін «сауып жүр» (Абай). Енді оларға ешқандай бөгеттің болуы мүмкін емес және беттерінің бояуы­ның қалыңдығы сондай, оны шайып кетіре алмайсың.
Бетінен жарылқасын! Тек қиянатқа қыстығасың.
1986  жылдың 17 желтоқсанынан бастап 1989 жылдың наурызына дейінгі аралықтағы екі жарым жылғы жанығу мен жабығу, буыр­қану мен булығу, астыртын арбасу­лар және соған қатысушылар мен қарсы болғандар есімізде. Жаңағы «қаһармандардың» арасынан сол кезде «үндемес пен саққұлақ» атан­ған, тіпті «жазалау саясатының тұғырын» қалаған пенделерді көріп түршігіп кеттім. Олардың  қарға­нып сөйлеп, шабыттана Колбинге қарғыс жаудырғаны сондай, соның ішінде жүрген өздерін ұмытып ке­тіпті. Ал шын мәнінде, дәл сол екі жарым жылда ұлттық қарсыласу мен мойынсынбауға, Желтоқсан оқиғасына ұлттық-идеологиялық, әлеуметтік, заңдық астар беріп, белгілі бір дәрежеде қоғамдық қоз­ға­лыс пен көзқарасты қалып­тас­тырып, астыртын әрекет деп баға­лау­ға да болатын адамдардың, ке­шіріңіздер, нағыз азаматтардың есімін көре алмадым. Еріксіз сол бір күндердегі хаттамалар мен құжаттарға, құпия дәптерлерге көз салдым. Ақыры ойлана келіп, сол бір азаматтардың іс-қимылынан хабардар етіп, мағлұмат беруді өзім­нің парызым деп есептедім. Оларды ұмытуға болмайды. Әлгі екі жарым жылдың ішінде жария етіл­меген ұлттық қозғалысқа рухани демеулік жасаған да сол «ұмы­тыл­ғандар» еді. Олар  ұлттық тұтастыққа ұмтылды. Қардың кө­бе­сін сөккен көктемгі қызыл су сияқ­ты олар да отаршыл биліктің, қоғамның көбесін астыртын сөгіп еді. «Қарғыс алғандардың» қата­рын­­да сол адам­дардың есімдері жүр­генде үнсіз қалуға арым шыдамады. Ең басты қынжылысым – қалай  ғана арандалып, адасып қалдық екен деген сауалға жауап та­ба алмадым. Оған тікелей біздің де табансыз­дығымыз кінәлі  деген  мойынсынумен  сөзімді бастағым келеді.

– 1986 жылдың 16 желтоқсанынан бастап тәуелсіздік алған кезеңге дейінгі уақытта қазақтың болмысы, мінезі, ру­ха­ни тұтастығы, әсіресе қазақ жастары­ның бейнесі қалай өзгерді?
– Бұл аралықта ұлттық мойын­сынбау қозғалысы жаппай тұтанды, ол қа­зақ ұлтының барлық буынын қам­тыды. Кейіннен, «мәң­гүрттер» деп ысы­рып тастаған қазақ­ша біл­мейтін қа­ланың қазақтары мен жас­өспі­рім­дерінің ара­сында бұл қозғалыс тіпті ерекше на­мысты қарқынмен, ұйым­дасқан түр­де жүрді. Олардың рухы жоғары іс-қи­мыл­дары мақсатты арнамен дамыды. Мек­теп оқушы­ла­рынан жасақталған ұлт­тық жасақ­тардың жетекшілерінің бі­разының аты-жөндерін ескі дәптерден оқып, олардың атын әзер ажыраттым. Ал оларға қаланың мектептерін бұрын бі­тіріп кеткен, Мәскеу мен Ленинградта, Новосибирскіде, Қазанда оқитын ас­пиранттар мен студенттер кеңес беріп отыр­ды. Осы жылдардағы жастардың сол рухын біз кейіннен өз қолымызбен өзі­міз тұншықтырдық, «мәңгүрт» деген мөр бастық, сөйтіп, олардың оянған ру­хын қорлап, ниги­листік пиғылға итер­­ме­ледік. Ұлтының мінезін терең түсін­ген бигелдиндер ол істі ары қарай жал­ғас­тырды, ал көңілі қалған масандар мас­сондарға бет бұрды. Сөйтіп, аса бі­лім­ді ұрпақ­тың арасына жік салдық. Ол жікті салғандар да «жаңағы жолбикелер» еді. Өйткені, зиялы қауым­ның ор­тасынан шыққан қалалық жастар қа­сиетті ұлттық сезімін еш­кім­ге қор­латпайтын. Ал бұл мінез «қазақшыл қа­зақбайларға» жақпады. Әнуар Әлім­жанов марқұм осыны өте терең сезініп: «Мен қазір рушылдық­тан қорық­пайтын болдым. Қазақ үшін ең қорқы­ныштысы – қала мен дала тәрбиесін алған жас­тар­дың екіге жіктеліп кету қаупі туып ке­леді. Бұл – рушылдықтан да қатерлі ба­ғыт. Соны қазір ойластыру қажет. Кейін кеш болады», – деп күйін­генде, шындығын айтайын, менің өз басым бұл пікірді қабылдай қоймап едім. Күл­ген болатынмын. «Күлме сен бұған!», – де­ген Ән-ағаң басын төмен салып. Мі­не, енді соған күле жеткені­міз­ге кө­зім жетті. Шындығын­да да, желтоқ­сан тұ­сында ауылдан гөрі қала, оның ішін­де қала жастары көп қуғын көрді және күресе білді. Ал студенттер мен қала жұ­­мысшыларын жазалаушы жүйе тұ­қыртып тастаған еді.
– Қалай тұқыртты?
– Сол бейуақ шақта империялық-отар­шыл өктем жүйе мен өкімет өзі­нің зәндемі пиғылын – жаппай жазалау саясатын жүргізу арқылы ба­рын­ша әш­керелеп алды. Бұл ретте ол жүйе – жа­залаудың патшалық, ресейлік, ағыл­шын­дық, испандық, порту­гал­дық, бе­льгиялық, кеңестік тәсіл­дері­нің бар­лығын қолданды. Шабына от түскен им­периялық шовинизм де шаптыға ша­бынып, мысық тілеумен жүрген ұлы ұлт өкілдері ұрғашы арыстанның ашуы­мен бет тырнауға көшті. Әсіресе, мұ­жық­тық можан­топайлық түйсіктен арыл­маған есер «естілер» ерекше арқа­ланып, қолына темір шыбығын (арматура) ұстап шыға келді. Сөйтіп, өшпен­діліктің отын көседі, ұлттық рухты Жанна д,Арк, Галилейлерді жойғандай, өр­теп жіберуге тырысты. Ерекше им­пе­рия­­­лық қамқорлыққа және құқыққа ие екендігіне масаттанған «интернацио­налист-пролетарлар» Колбиннің, сол арқылы «коммунистік-колонизатор­лық» (С.Сәдуақасұлы) диктатураның әр­бір емеурінін ыммен түсініп, ара­н­датудың шегіне жетті. Мысалы, Колбин әр жердегі кездесулерінде қазақ­тың бейіт­ті ерекше қастерлей­тінін, әр ауыл мен қаланың шетіндегі төбелер­дегі зи­раттарды көріп, қан­шама кірпіш пен мәр­мәрдің кеткеніне қынжылғанын ау­зына алуы мұң екен, Кеңсайдағы зи­рат талқандалды. Демек, импе­риялық қас­тандықты пролетариат қауымы ұмыт­­паған болып шықты. Ақыры, им­пе­рия қашан ыдырап біткенше, бес жылдың ішінде қастаншықпағыр әре­кетін жүзеге асы­рып тынды, яғни жел­тоқсан тұ­сында ұлттық рухани тұтастық пен түсіну­шілікке жетіп, бір-бірінің бауырын жылытқан бауырластарды жік-жікке бөліп, туыстық сезімдерін суытып үлгерді. Тәуелсіздік алған кезде ұлт­тың ішкі құрылымы жік-жікке бө­лініп, аражігі ашылып қалып еді. Оған арандату, қорқыту, таққа тарту, атақ беру, сыбаға үлестіру, пәтер, омы­рауға тағатын темір-терсек арқылы дәнік­тіріп, «идіріп тартып» отырды. Ұлттық тұ­тастық пен күрескерлік рухты ыдыратты, ұлттардың арасына жік түсірді.
– Сіз айтып отырған «жік» қоғамды қа­­лай өзгертті? Және ол 1986 жылғы кө­­­те­рілістен соң, бес жылдан кейін тәуел­­­­сіздігін жариялаған Қазақстан Рес­пуб­ликасының ішкі-сыртқы саясаты мен экономикасына, дербестік бағытына, ұлттық дамуына қандай кесірін тигізді?
– Бірінші: қазақстандық  ұлттар­дың арасына жік салып, оны көрін­бейтін ең қасиетті сезімге – ұлттық намысқа не­гіз­делген белгімен бөлді. Республика хал­қы: қазақтар және қазақ еместер боп екіге ажыратылды да, жер­гілікті ұлт қауіп пен қатердің ошағы, ұлтшыл­дық­тың ұясы ретінде нысанаға алынып, өзге ұлыстардан оқшау қо­йылды. Өз же­рінде өмір сүргені үшін жексұрын етіп көрсетілді. Аса қуатты ұлы держа­ва­лық қысым мен насихаттың барысында «жергілік­ті емес ұлттардың» ресми емес, бірақ «коммунистік-коло­ни­за­тор­лық» пи­ғылдың ықпалын­дағы қа­зақ ұлтына қарсы саяси күш қалып­тасты. Олар­ды партия не қозғалыс деп те баға­лауға болар еді. Қарусыз да емес еді. «Қару­сыздану» жөніндегі пәрмен мен «қару­сыздандыру науқаны» тек қана қазақ­тарға ғана қолданылды. Ал ка­зак­­тардың сол кездің өзінде-ақ бес қаруы бойында болатын. Бұл науқан­ның күш­тілігі сондай, өзінің ықпа­лына қа­зақ­қа қандас ұлттарды да қосып алуға ұм­тылды. Жасыратын несі бар, сол тұс­та ұйғыр ағайындардың кейбір есерлеу өкіл­дері Жетісуды иемденіп шыға кел­гені анық еді. Кә­біров сияқтыларды бы­лай қойғанда, топтасып жиын өт­кізген зиялылардың пікірлері бас­па­сөз­дерде және теледидар мен радио ар­­қылы кәдімгідей белең алды. Солар­дың қа­тарында менің ең жақын досым, ұйғырдың ұлы композиторы Құддыс Қожа­мия­ровтың да шаң беріп қалғаны бар. Құддыс акамыз менің осы туралы пікірімнен кейін Орталық Партия коми­тетіне барып, менен түсінік алуын та­лап еткенін, бұл «түсінісудің» жарты жыл­ға  созылғанын Орталық комитеттің хат­шысы Өзбекәлі Жәні­беков жақсы бі­летін. Көзі тірілерден сол кездегі кеңес­ші Сейіт Қасқабасов, «Қазақ әде­биетінің» сол кездегі Бас редакторы Тө­лен Әбдіков, ұйғыр баспасөзі жөнін­дегі нұсқаушы ұмыта қоймаған шығар деп ойлаймын. Тек татар мәдени ор­талығының жетекшісі ғана қазақ ұлтының мүдделі мәселе­лерін шешуге шақыр­ған еді. Сол жылдары аз ұлттардың мұң-мұқтажы қа­­­­­зақ­тың мойнына жүктелді. Бұл нау­қан­ның салдарынан Қазақстанда әуе­ліде славян тектілер­дің, кейіннен орыс емес­тердің  қауымдастықтары құры­лып, ақыры Қазақстан тәуел­сіздік алған тұс­та өзінің айтқанына көнді­ретіндей ты­ғыз топтасқан саяси-әлеуметтік қоз­ғалысқа айналды. Қазіргі неше түрлі бірлестіктердің негізін «ком­мунистік-ко­лониза­тор­лық» Кеңес өкіметі осылай қалап кетті. Бұл күш қазір мемлекеттік-ұлт­тық саясаты­мыз­дың бағыт-бағда­ры­ның негізгі беталысын анықтап бе­ре­тін, өз деге­нін істеткізетін, дербес сая­си-эконо­ми­калық саясат жүргізе ала­тын, өзі­мен есептесуге мәжбүр ете­тін «қа­зақс­тандық легионның» мін­детін атқарып отыр. Ал бұлардың идео­логиясын қалыптастырып отыр­ған – им­пе­риялық, ұлы державалық пиғыл­дан бас тартпай отырған ресей­лік партиялар мен қозғалыстар. Қазақ­с­тан мен Ре­сейдің арасындағы саяси-эконо­ми­калық байланысты реттеп, қақ­пайлап жүрген де сол күш. Олармен қа­зір есеп­тес­песке ешқандай ла­жың жоқ. Ал мұның негізі сол «Желтоқсан оқиғасы­ның» тұсында қаланды.
Екінші: ұлттық тұтастық нысана­сы­на жарықшақ түсіріп, ортақ мүддені бөлшектеп, әрбір тұлғаның арасына сы­на қақты, жасанды кө­сем­дерді сах­наға шығарды, қазақтың ең нәзік, тал­малы тұсы – жүздік «жалған намысты» оятты және оны өте әккі­лікпен пайдаланды. Жеке тұлғаларды жазалау мен жарылқау барысында олардың ара­сындағы пендешілік кілти­пандарды идео­логиялық қа­рама-қайшылық пен қа­рама-қарсы­лық дәрежесіне дейін кө­терді. Олар бір-бірін әшкерелу арқылы топ пен тобыр­дың арасына сызат түсірді. Ақырында, бұл шиеленіске Колбиннің және қауіпсіздік комитетінің ар­а­ласуы­ның қажеті де болмай қалды. Бұл екі күш те жоғарыдағы «орыс емес легион­ның» қолдауына жүгінді. Ал олар болса екі қошқарды кезек-кезек қолдап, әлсін-әлі екеуін де дәметтіре отырып, әбден сілікпелерін шығарды. Шын­ды­ғында оларға бұл «екі қош­қар­дың еш­қайсысы да» қажет емес болатын. Кейін екеуінен де бас тартып, бет-беттеріне жіберді. Бұған коммунистік идеология мен қауіп­сіздік комитетінің жіпсіте аран­датуы, ұлыдержавалық пиғыл ше­шуші қызмет атқарды. «Жансыздың» күні осы кезде туды. Бара-бара «қазақы күрес» қамшы салдырмай, өз бетімен сумаңдай жөнелді. Соның екі дәйегін келтіре кетейін.
а/. Қазақ ұлтын бүкілодақтық (бү­кіл­державалық деп түсініңіз) деңгейде жек­көрінішті көрсетіп алғаннан кейін (әс­кер қатарындағы жастардың азап пен қорлығын былай қойғанда, Қазақ­стан­нан тыс жердегі, әсіресе Ре­сейдегі кәсіпорындардың дирек­торының өз­дері қазақстандық кеңес өкілдерін қа­былдамай, тапсырысты орындаудан бас тартып, сарсаңға салғанын, кем­сіт­кені­н еске алыңыз­дар), Қазақ­стандағы «орыс еместерді» қазақтардан бөліп алған соң, енді ұлтты, яғни қазақтарды қа­зақтарға жазалатты. Ол үшін жүздік жа­залау жүйесін ойлап тапты. Жа­зық­ты-жазықсыз тұлға­лардың жүздік, ру­лық белгісі арқылы «жазалау шарасын» жүргізді. Әуелі «Оңтүстік об­лыс­тар­дағы оңшылдар» әшкереленді, демек Ұлы жүзді жаппай қаралау науқаны басталды да, соңынан өзге екеуінің құй­ры­ғы­на шала байланды. Өкінішке қарай, қазір осындай айыппен қудалау көрген адамдардың біразы сол рушыл­дық денгейден аса алмай қалды. Оларды түрмеден азат еткен де, арашалап ал­ған да «жүздік намыс» деп түсінді. Шын­дығында, ол жалпы ұлттық рух пен қозғалыстың нәтижесі еді. Әуеліде ұлттық сезімі бетіне шыға жаздаған жан­дар, міне, осы кезде белсеніп шыға кел­ді. Олардың дәл қазіргі көңілдері пәс. Өйткені, арандап қалғандарын ар­тынан түсінді. Мен екі топтың да атын айтып жатпаймын, олар менсіз де жұртқа жария. Асанбай Асқаровтың тер­геу ісін еске салсақ жетіп жатыр.
б/. Тұлғаларды мемлекеттік тұр­ғы­дан ресми түрде қудалау және оны қа­зақ­тың өз қолымен жүзеге асыру сая­са­ты жүргізілді. Солардың арасында Ол­­­­жасқа қарсы арандату әрекеті ерекше көзге түсті. «Жүзіне қарап жазалау» да, «кә­нігі қарсылас­тарын қайрау» да, «орыс еместердің қарсылық симптомы» да нәтижесін бермеген соң тікелей ас­тыр­тын аран­датуға көшті. КСРО Ж­оғар­ғы Кеңесіне депутаттыққа ұсыныл­ған кезде Олжас­қа қазақ өкілі Қайыр­лы­ны қар­сы қойды. Жұмысшы табына астыртын үндеу үлестіріп, оны қала­дағы әр үйдің сыртқы есігіне жапсырды. Қазақ жұмысшыларына тараттырды. Ол үн­деуді жазған адам, өкіні­шке қарай, жазушы қауымынан еді. Қарсы үгіт жүргізгендердің арасында қалам­дас­тарымыздың болуы ресми өкіл ретінде маған да ауыр тиді. Үндеу таратушылармен сөйлес­кенімізде олар­дың дені жұ­мыс­шылар боп шықты. Ал олардың соңында Колбин­нің жансыздары қа­рауылдап жүрді. Әрине, қарсы әрекет те болмай қалған жоқ. Бірақ ол мойын­сынбау дәреже­сінде ғана болды. Сөй­тіп, «Желтоқсан оқиғасы» құр жаңғы­рық­қа айналды да, оның басты себептері ысырылып қалып, партия­лық, кеңе­с­тік, ха­лықтық топтар мен тұлға­лар­дың ара­сындағы есеп айырысу майданына айналды. Онсыз да әзер-әзер дәнекер­лен­ген ұлттық бірлік қаусап сала берді.
Үшінші: осындай биік, лауазымды деңгейдегі жекпе-жектер қызған кезде оған ұлттың ішіндегі әлеуметтік топ­тар­ды байқатпай іліктіріп жіберді. Тіл, ұлт­­тық мектеп деген мәселені көтере жү­ріп Колбиннің өзі және өзге де «қазақ емес» дәбірлер қазақша білмейтін қа­зақ­тарды, қалада өскен жастарды сұқ сау­сағымен көрсетіп, оларды мазақтың құралына айналдырды, соған еліккен «қазақы тіл­ділер» ақыры оларға «мәң­гүрт» деген лақап ат тақты. Ал байыбына барсақ, тура сол кезде әлгі «орыстіл­ділер» қазақшаға ден қойып, тіпті Мәс­кеуде, Ленинградта оқып жүрген «мәң­гүрт­тердің» өзі өзара қазақша сөй­лесуге «ант» беріскен еді. Ұлттық қоз­ға­лыс­тың түбірлі тәуелсіздікке бет алуы­на, адам құқықтары жөніндегі қоз­ға­лыс­тардың дамуына, шет елдегі жә­не КСРО-дағы алдыңғы қатарлы ұлт­­тық идеяларды Қазақстанға әкелуге, Ре­сейдегі түрмеде отырған желтоқ­сан­шы­ларды қарамағына алуға, «Жел­тоқ­сан оқиғасының» барлық зардабы мен жазалау ауқымын Біріккен Ұлттар Ұйы­­мы­ның назарына іліктіруге дейін ат­са­лысқан «орыстілді қазақтарды» өзі­міз сыртқа тептік. Олардың көңілін қатты қалдырдық. Ең соңында олар, «Бутя», «Астана-моторс», «Әлемсис­тем» болып Қа­зақстанға қайтып оралды. Біз бұ­лар­ды ұлттық қозғалы­сы­мыз­ға дұ­рыс­тап пайдалана алма­дық. Ал ауылдан кел­ген­дердің белгілі бір орта тауып, саяси көзқарасқа ие болуына уақыт қажет еді. Олар байыбына бармастан көңіл-күй ауа­нымен төртінші топтың жетегінде кет­­ті. Олардың жа­зығы да жоқ. Ал жаңа­­ғы «қалалық қазақша білмейтін мәң­гүрт­тер» сол кезде Мәс­кеуден, Ленинградтан, Ново­сибирскіден, Киевтен, Харьковтен, Қазаннан, Владивос­ток­тан, Омбыдан, Орынбордан, Ри­га­дан, Вильнюстен Алматыға арнайы келіп, қозғалыстың бағыт-бағ­дары, оның түпкі нәтижесі мен күрес жолдары туралы пікір алысулар ұйым­дас­тырып жүрді. Саяси науқандарға қа­тысты. Қарағанды мен Павлодарға, Петропавлға, Ақтөбеге, Өске­менге барып, кәдімгідей саяси іс-қимылдар ұйымдастырды. Ал өзіне қарап тон пі­шіп, өзінің орыс тілді қаншыл баласын естен шығарған зиялылар оларға қор­лайтын «ат» тауып берді. Біз, яғни ұлты­мыз үлкен рухани күшті сырт­таты­п алдық. Бұл жөніндегі ыдырату саясаты да толы­ғымен жүзеге асты. Сол кездегі «Азамат­тың» тірегі де солар болып қал­ды. Олардың енді қайтып ұлттық идеяға бас ұруы өте қиын.
Төртінші: алдыңғы үш себептің әрқайсысының шалығы тиген ерекше топ қалыптасты да, оқиғаның қатері азайып, абыройы көтеріле бастағанда көл­денеңнен қосылды да, бірден ой­қас­тап шыға келді. Бұлар ештеңеден аянбады. Оңға да, солға да таяқ сер­меді. Ал ең қиын кезде, яғни 1986 жыл­дың 17 жел­тоқсанынан бастап, 1989 жылдың наурызына дейін басын бәйгеге тігіп ұлт­тық қозғалысқа ара­ласқан, түр­ме­дегілерді босатуға барынша күш жұм­саған, жазалау саяса­тының тоқта­ты­луы­на үлес қо­­сып, мәселені ашық түрде қоюға алып келген адамдар, нағында, ұлт­жанды азаматтар ысырылып қала берді. Олар өзінің азаматтық парызы мен бо­рышының өтелгенін медет тұт­ты. Жа­лаң­бас белсенді топтың есерлігі әуелгі байыпты ұлттық мүддені ұмыт­тырып жі­берді. Өзгені былай қой­ғанда, сол Жел­тоқсан оқиғасына қа­тысып, жазаға тартылған ұлан­дардың өздерінің де арасына жарық­шақ түсті. Әуелгі мақсат-мүддеден ауытқып, «мінезі ақы­лының сауытына сыймай», жалған дақпырт пен ұранның, пендешілік кілтипан мен кикілжіңнің жетегіне ілесіп, шектеулі шеңберде қалып қойды. Соның нәтиже­сінде, ұлттың ұйытқысы болатын ұлы қоз­ғалыс саяси жалғасын таппай, соңы дақпырт даңғазаға ұласты. Соңында, желтоқсан оқиғасы ту­ралы құрылған мемлекеттік комиссия істің бағытын басқа жаққа бұрып жіберді. Барлық күш пен қуат тек құ­қықтық ақтауға және қылмыс­тылар­ды іздеуге бағыт­талды. Оқиғаға қаты­сып, жазаға тар­тылғандар мен сот­тал­­ған­дарды ақтау – қозғалы­с­тың іс-әрекетінің бір ғана саласы болатын. Өйткені, жел­тоқ­саншылар, сотталып, жер аударылып, соңынан бүкіл ғұ­мырын өзін-өзі ақ­тап алу үшін алаңға шық­пағаны анық.
Олар белгілі бір ұлттық-саяси талап қойды. Ақтала  жүріп, сол  талап­тарының орындалуы үшін күрестерін жал­ғас­тыра беруі тиіс еді. Қашан ұлттық та­лап­тары орын­далғанша тағы да азап тартуға әзір болатындай ыңғай таныт­қан болатын. Мұның бәрі де бүркеме­леніп, «қараңғы бөлмедегі қара мысық­ты іздеуге» жұмыла кірісті де кетті. Же­ке-жеке бөлшектенген мүдделердің нә­тижесінде қозғалыс­тың рухы өшіп, айғай мен ұран ғана қалды. Егер де Қа­зақстан тәуелсіздік алмаса, дәл бүгінгі күндері ол рухтың қандай дәрежеде жаң­ғырығып жететініне менің көзім жетпейді. Сөй­тіп, Жел­тоқсан оқиғасын тудыр­ған қоғамның қозғаушы күші мен оған қатысу­шы­лардың рухын жаныштап, тұтастығын ыдыратқан дә­бір­лік құрылымға айналды. Мұндай «қарсы жазалау әрекетінің» томырық қимы­лының сойқандығы сондай, Жел­тоқсан оқиғасына қатысқандар­дың ішіндегі саяси қайраткерлік қабілеті бар және алаңға саналы түр­де, белгілі бір мақсат-мүдде ұста­нып, компартия мен Кеңес өкі­м­етіне саяси және ұлттық талап қой­ған қай­рат­керлерді әлгі қозғалыстың құ­ра­­мы­нан желкелеп жүріп қуып шық­ты.
– Қуғаны қалай? Оған нақты дәлел бар ма?
– Оған мен ғана емес, он мыңдаған адам куә. Дәйек келтірейін.
1991 жылы Ұзынағаштың оңтүстік ба­тысындағы балалардың жазғы демалыс саяжайында Желтоқсан оқиға­сының бес жылдығына орай Қазақс­тан мен Қырғызстан жастарының кездесуі өтті. Екі елдің Елбасылары қатысты. Ком­му­нис­тік партия мен Кеңес өкіметіне (ол кезде КСРО әлі тараған жоқ болатын) саяси-аза­мат­тық, мемлекттік, экономикалық, ұлт­тық мәні бар мә­селелер қойып:
Желтоқсан оқиғасын тудырған не­гізгі себептердің әлі де жойыл­маған­ды­ғын;
Қайта ол себептердің бұрын­ғыдан да тереңдеп кеткендігін;
«Желтоқсаншылардың» атын пай­даланған жаңа «келісім­паз­дар­дың» им­периялық-коло­низа­торлық-ком­му­нистік өктемдіктің жетегінде қа­лып, алаң­ға шыққан ереуілшілердің негізгі мақ­сатын бұрмалап, мүлдем басқа ба­ғытқа түсіріп жібергендігін;
Ұлттық мүдделі мәселелердің (жер, тіл, экономикалық тәуелсіздік, т.б) тез әрі түбегейлі түрде шешілуін;
«Құйын» әскери-әкімшілік жазалау операциясына қатысқан барлық лауазым иелерінің заңды түрде жауап­қа тартылуын, кінәлілердің үстінен қыл­мыстық іс қозғалуын;
КПСС орталық комитеті мен Қа­зақ­­стан КП Орталық комитетінің, оның ішінде желтоқсаншыларды жазалауға бұйрық берген Горбачев пен Колбиннің «қазақ  ұлтшылдығы» деген анықтамасы үшін жария түрде қазақ елінен кешірім сұрауын;
Желтоқсан оқиғасын жазалауға қа­тысқан әскерилер мен жасақ­тардың және оқиға құрбандарының толық тізімінің жариялануын;
1986-1989 жылдардың арасында әкімшілік қысымға ұшыраған, жер ау­дарылған, қуғынға түскен, түрмеге отыр­ған адамдардың барлығын саяси қудаланушылар деп жариялап, олар­дың азаматтық құқын толықтай ақ­тап, бұрынғы қызметтеріне қайта алынып, сол сүргінде өткен мерзім­деріндегі ең­бе­кақыларының өтелуін талап етіп жүр­ген Хасен Қожахмет бастаған жел­тоқсаншылар әлгі жиналысқа ша­қырыл­мады.
Жасыратын ештеңесі жоқ, «Жел­тоқ­сан оқиғасына» байланысты тергеуге алынғандар мен сотталғандар­дың дені алаңға: «Ойбай, қазақ жас­­та­ры алаңға жиналып жатыр екен! Біз де барайық!»,  – дегеннің желеуімен ереуілді тосыннан естіп, тұтқиылдан барғандар. Көпшілігі жеке-дара жүрген, әр тұстан бас қосып келген жұмысшы жастар. Ал сап түзеп келіп, сап түзеп қайтқан студенттердің арасынан қолға түскендер некен-саяқ. Олар кейіннен барып «қақпанға түсті». Сонда «Жел­тоқсан оқиғасы» тобырдың топыры болғаны ма? Алаңға тиген ең бірінші өкше кімдікі, ең бірінші шеру қайдан келді? Әуелгі идея кімдікі? Ондай қозғаушы күш бар еді. Ол – ғасырлар бойы көмейге жиналған өксік пен ұлт­тық намыстың кекті түйіні еді. Сон­дық­тан жаңадан ғана түрмеден босатылған олар өздерінің арыз-армандарын Елбасыларына (ол кезде бірінші хатшылар) жет­кізу үшін амалын тауып Ұзына­ғашқа барған кезде оларды алаңға жуытпады. Сол аудан­ның кезекті хатшысы алдыңғы қатарда отырған кеуделері сусылдап орден-медальға толған ақсақалдарға кәдімгідей жекіп сөйлеп, ым қағып еді, ішінен бір жарғақбас, сумақай шал (олай демеске амалым жоқ) «желтоқ­саншы­ларға» жетіп барып:
– Кетіңдер, қаңғыбастар! Өңкей сот­талған бұзықтар! Сендердің қан­да­рың бұзылған! Бұл – Желтоқсан көтері­лісіне қатысқандардың жиылысы! Біз­­дің жиылысымыз. Жер біздікі. Біз сен­дерді жерімізге шақыр­ғанымыз жоқ. Қайда тусаңдар – сонда кетіңдер. Әйт­песе Алма­тыларыңа барыңдар! Бұзық­тар! – деді қақ­шаңдап.
– Ақсақал! Бұл әлі сіздің жеріңіз емес. Империяның жері. Егер Қазақс­тан тәуелсіздік алса – сонда ғана сіздің жеріңіз болады! – деді Хасен Қожахмет қатқыл үнмен.
Орденді ақсақалдар өре түрегеліп: «Жойылсын! Кетсін бұзықтар!», – деп ай­ғайға басты. Әлгі арандатушы хатшы қос мықынын таянып, ризалық­пен қа­рап тұрды. Іле әскер келді. Әскер сүйе­мелдеген данқ пен дақпырт келді де, жел­тоқсанға қатысқан қай­рат­керлерсіз-ақ, «Әйгілі Желтоқсан оқиға­сының сабақтары мен саңлақ­тары туралы» салтанатты мәжіліс бас­талып кетті.
Сөйлеушілер – марапатталып үй­рен­ген «желтоқсаншылар» еді. Ал қор­шау­дың сыртына ығыстырылған­дар жә­бір-жапа шеккен нағыз желтоқ­сан­шылардың өздері болатын. Онда бұлар­дың саптары түзу, қатары мол, сөздері ширақ, ұйымшыл еді. Кейін олар да екіге бөлініп кетті. Сол күні желтоқсан оқи­ғасының қозғаушы күші мен тұтас­тықтың рухының күлтөбеге көмілгенін түсіндім. Түсін­дім де осы қозғалысқа байланысты өзіме тапсырылған белгілі бір міндетті одан әрі жалғастырудан бас тартуға бел будым. Өйткені, өз мін­де­тімді, азаматтық парызымды өтедім деп есептедім. Желіккен желөкпелерге ілес­кім келмеді, ал екінші топқа қо­сылуға мо­ральдық құқым жоқ еді. Се­бебі: мен 17-18 желтоқсан күндері алаңға шыққан жоқ едім.
– Желтоқсан оқиғасының саяси ба­ғыт алуына және жәбір-жапа көр­гендер мен қаза тапқандардың есімін анықтауға басын бәйгеге тігіп жүріп, жеке басы мен үй-ішінің  қамын  ысырып тастап, тәуе­кел­ге барған азаматтар  кім­дер еді? Желтоқсан оқиға­сының се­беп-салдарын тергеп-тек­серуде Жазушылар  одағының  ролі қандай болды?
– Өкінішке қарай, олардың есімі ес­керусіз қалып барады. Сол кезде өзі­міздің іс-әрекетіміз туралы ешкім­ге тіс жарып айтпауға келісіп едік. Олар сол уәдесінде тұрды. Белгілі бір дәрежеде менің де тікелей қатысым бол­ғандық­тан, бұл азаматтардың ұлт мүддесі мен намысы үшін жасаған еңбектеріне рахмет айта отырып, оны қалың қауым­ға жария етуді парызым деп есептедім. Екіншіден: істің мән-жайын толық біл­мегендіктен де, сол кезде лауазымды қыз­метте болған, бірақ Желтоқсан оқи­ға­сының саяси астар алуына барын­ша көмек көрсет­кен адамдар «қар­ғысқа ұшырағандар­дың» тізімінде жүр екен. Бұл – тарихи әділетсіздік. Сондық­тан ­да сол бір аласапыран күндердегі құ­жаттар мен хаттарды алдыма ала отырып, біраз түйткілді мәселенің сырын суыртпақ­тай кетсем, еш сөкеттігі жоқ қой деп ой­лаймын.
Жасыратын түгі де жоқ, тура сол кез­де өкімет пен партияның жүргізіп отыр­ған саясатына дербес қоғамдық пікірді қалыптастыратын бірден-бір зиялы күш – жазушылар қауымы болды. Композиторлар да, артистер де, суретшілер де, ғалымдар да Орта­лық партия комитетінің нұсқаулары мен қаулы-қарарларын дәл Жазушылар ода­ғындағыдай дәрежеде тал­қылап, тойтарыс беріп, түзету жасай алған жоқ. Бұл – ақиқат. Ал Желтоқсан оқиғасы осы ­жазушылардың ой-өріс пайымынан ұшқын алып, зиялылар арқылы жас­тардың арасына тарап, белгілі бір дәрежеде ұлттық ойлау жүйесін қа­лыптастырды.
Желтоқсан оқиғасы өзінен-өзі пай­да болған жоқ. Ол сонау «Алашорда» қоз­ғалысынан басталып, 1921-1922 және 1927-1929 жылдардағы саяси- ме­лекеттік пікір таластарының идеясын ұстанып, бірде «Үлкен Түркістан», бірде «Жас тұлпар», бірде «Талап», бірде «ЕСЕП», бірде «ҚҰҚ», «Жас қазақ» іс­пет­ті ұйымдар арқылы сүзіліп келген ұлттық астыртын, жартылай астыртын немесе мәдени үгіт-насихат тәсілін пай­даланып ашық жұмыс істелген қоз­ғалыстың заңды жалғасы болатын. Ал ондай көзқарас пен көңіл-күй тек қана Жазушылар ода­ғынан тамыр тартып отырды. Әсіресе, 1986 жылғы 17-18 жел­тоқсан күнгі жастардың ереуілінен ке­йін ол салмақ дерліктей қаламгер­лердің мойнына түсті. 17-18 желтоқсан күні жастар шеруі одақтың үйінің алдына арнайы тоқтап: «Жазушы ағалар, қай­дасың­дар! Еліңнің намысы үшін аттанып барамыз. Бізге қор­ған бо­лың­дар!»  деп айғайлаған үні әркім­нің есінде шығар. Одақтың үйінің есігі жа­бық болатын. Терезеден қарап, үнсіз жы­лап тұрған қаламгер­лер­дің талайын көр­дік қой. Соның ішінде Әбіш Кекіл­баевтың бұйра шашы ұйпаланып, көзі жасаурап, ішінен егіліп сыртқа қарап тұрған бейнесі көз алдымда қалыпты. Сонда жастар жазушыларды ұлт ұстазы деп түсініп, кәдімгідей демеу тұтты, өз­дерін жа­зықсыз жапа шектірмей­ті­ніне сенді.
Кәміл сенді.
Жастардың сол сенімін ақтау – әр жазушының көкейкесті арманы, парызы, міндеті еді. Оған оқиға өткеннен кейін­гі он күннен соңғы Колбинмен өт­кен кездесуде сөз сөйлеген Жұбан Мол­дағалиев, Сафуан Шаймерденов, Дмитрий Снегин, Қалмұқан Исабаевтар нысаналық негіз қалады. Олар им­периялық  жазалау саясаты мен өктем­дік пиғылына тойтарыс берді. Ешқандай қарсылыққа жолық­пай, ойындағысын істеп әдеттенген жазалау құрылымы ашық қоғамдық қарсылыққа жолықты. Олар сонда жаппай жапыра жаныштаудан бас тартып, сескеніп қалды. Күн­дер­дің күнінде жауап беруге тиіс екен­дігін түсінді. Енді айла мен аярлық ар­­қылы ғана қимылдауға болатынына көзі жетті. Колбиннің өзі абдырап қал­ды. Менің пайымдауымша, ол өзінің бұл орында ұзақ отырмасын сол күні-ақ білді. Білді де әр түрлі жалтақтық пен ал­дарқатуға көшті. Өрекпіген екпіні басылып, әуселесі басылды. Бұл – үлкен рухани жеңіс еді. Одақтағы бұл рухты өзге өнер саласындағы зиялылар да қостады. Сол нысананы ұстана отырып, қал-қадерінше тойтарыс берді. Сөйтіп, Жазушылар одағы рухани қарсылық пен ұлттық қозғалыс­тың бірден-бір ұйт­қы­сы­на айналды. Шерхан Мұрта­заның: «Алаң­нан әскерді әкетіңдер!», С.Берді­құлов­тың «Талай сұқ саусақты көргенбіз. Шо­­шайт­паңыз!», Досқан Жол­жақ­сы­нов­тың: «Жазалауды тоқта­тыңыздар!», Олжас Сүлейменовтің: «Хатшылық – Қазақстанның ұста­ма­лы дертіне айналды!» деген қанатты сөз­дерін әр адам бір-біріне сүйіне, егіле отырып айтып жүр­ді. Егер де Олжас Сүлей­менов Кол­бинді кездесуге ша­қы­рып, оны көндіріп, Жазушылар  одағына алып келмегенде, мұн­дай ашық пікір­лердің дәл сол кезде ай­тылуы мүмкін емес еді. Жекелеген пі­кір иелерін «үн­деместер» үнін шығар­мастан үнін өші­рер еді. Ал мынау үл­кен қо­ғамдық пікір туғызды. Ресми көз­қарастың қалып­тасуына негіз қалады. Сонымен қатар, ұлтшыл­дық­тың негізін ру­шыл­дықтан, жүзшілдік­тен, ләпбай­шылдықтан, қазақтың ұлттық сана­сының оянуынан, оқы­ған­дарының с­анының көбеюі­нен, жатақханадағы ин­­терна­цио­наль­дық тәрбиенің жүр­гізілме­уінен, та­ри­хи шығармалар­дың көп жариялануынан іздегендер де болды және идеоло­гиялық жазалаулар мен шаралар осы бағытта біразға дейін жүргізілді. Соның ішінде: «Соңғы кезде қазақтың ұлттық өнері қатты дамып, ескі дәс­түр­лері қайта жан­данып, айтыс, ұл­т­тық оркестр, көр­кемөнерпаздар үйір­месі, түрлі ойындар теледидардан жиі көр­сетілетін болды. Бұл – ұлтшыл­дық­ты тудыратын қатерлі бағыт еді. Мен бұл оқиғаны іштей күтіп жүрге­мін. Міне, бүгін соның кесірін тартып отырмыз» деген мазмұнда «сәуегейлік» жа­сап сөй­леген орыстың мықты қалам­гері Иван Шеголихин кейін Тәуелсіз Қазақстан­ның халық жазушысы атанып, тұңғыш орденін тағып, ұлтаралық жарастыққа сіңірген еңбегі үшін марапатқа ие болды. Мұндай пікірді қа­зақтар да, орыстар да, ұйғыр­лар да, украиндар да, еврейлер де айтты. Бұл пәлендей айып-шамы жоқ шындық. Мен сол кезде әрбір сөз сөйлеушінің ұлт­тық тегіне ерекше мән берілген­діктен тіл­ге тиек етіп отырмын. Оның ішінде дер­бес ойлау жүйесі мен дербестігі қа­лып­тасқан тұлғаларды ғана меңзеп отыр­мын.
Дегенмен де, ешкім ресми түрде мойындамаса да, ұлттық рухани мойын­сынбау қозғалысының мәйегі ұйығаны және оның Жазушылар ода­ғында қа­лыптасқаны өмірлік шын­дыққа айналды. Мұны Орталық комитеттен бастап мектеп оқушыла­рына дейін білді. Астанадағы №12 мектептің оқушы­ла­рынан келген хат соны толық дәлел­дей­ді. Өздерінше балалық қиялмен астар берген «ДОС», «Әруақ», «ҚҰРАН», «НАЗАР», «НАЙ­МАН», «Шейіт», «СӘЛЕМ», (асты сызылған атаулар әр сөздің бас әр­пінен құралған аббревиатура) атты жа­сақтары болды, кейіннен өкінішке қарай, бұл аула­лық, маһалалық топтың жырғасына айналып кетті. Бұлардың түпкі ниетін бұрмалау үшін Колбин­нің өзі: «Мектептерде де руға бөлініп, топ құ­рып жатыр екен!», – деп  жар салды. Мар­құм Сағат Әшімбаев соған кәдім­гідей сеніп, қатты назаланып жүретін. Ал осыларға қарсы «МАМБЕТ» (Межнациональная ассосация мстителей и боевиков европейских трудящихся) атты қалалық қосын ұйым­дасты­рылды. Сонда «Мәмбетті» кім ойлап тапты? Үгіт-насихаттың күш­тілігі сон­дай, бір-екі жылдан кейін қала мен ауыл балаларының арасындағы жек­көрі­ніш­тің ұранына айналып, мүл­дем басқа мағына қалыптастырып жі­берді. Сол бір көзінен ұшқын ата әрі қым­сына Жазушылар одағына кірген жасөс­пірімдер қазір қайда екен деші?
Қалай да Жазушылар одағын тұ­қыр­тып ұстау үшін барлық империя­лық айла-амал мен аярлықтың тәсіл­дері қол­данылды. Ең соңында бұ­рын­­нан жа­рықшақ түскен тұлғалар­дың ара­сын­дағы топтық жіктеулерді іске қосты. Мі­не, соңғы «жүріс» өзінің нәтижесін бер­ді. Ең алдымен Жазушылар ода­ғын­дағы бірінші хатшыға және оның жақ­тастарына қамшы үйірілді. Әбіш орнынан ауыстырылды. Олжастың елу жас­қа толуына орай суретін басқаны үшін «Жұлдыз» журналының сол кез­дегі редакторы Бекежан Тілегенов қы­сымға алынды. Онда жарияланған шы­­ғармалардың ұлтшылдық, рушыл­дық бағыттары әшкереленді. Орталық комитеттің Желтоқсан оқиғасының себептерін ашатын және баға беретін пленумында жасалуға тиісті баяндама да дайындалды. «Ұлтшылдық сезімді оят­қан жазу­шылардың тізіміне марқұм Ілияс Есенберлин де ілінді, тіпті, ол ту­ралы сыни мақала «Қазақ әдебиеті» га­зе­тінде жарияланып та кетті. «Ұлтшыл­дық сезімді оятқан» жазушылар ті­зімі­нің қатарында Бексұлтан Нұр­жекеев, Софы Сматаев, Сәтімжан Санбаев және «жас алашордашы» Тұрсын Жұртбаев бар еді (қалған екі жазу­шының есімі дәл қазір нақты есіме түспей тұр). 1987 жыл­дың мамыр айына дейін өзара үнсіз әрі бөлінусіз томаға-тұйық күн кешкен тұлғалар бірте-бірте жанданып, үйрен­ген әде­тіне көшті. Өзінің жеке басы дау-дамайға түсіп, пәле-жалаға ұры­нып, қуғынға ұшырап жүргеніне қара­мас­тан Олжас Сүлейменов 1987 жылдың қаңтар айында мені шақы­рып алды да, көмекшісі Сүният Бә­кеновке: «Түрмеге отырғандар мен олардың ата-анасына кел­ген телеграммаларды Тұрсынға көр­сет. Сайынмен ақыл­дасыңдар», – деді. Же­делхаттардың ұзын саны елуден аса­ды екен. Мен дағдарып қалдым. «Ой­ласың­дар. Амалын табыңдар, қалайда көмекте­сейік! Жасыма!», – деді Олжас Сүлейменов.
Жазушылар одағының ішіндегі ұлт­тық рухани мойынсынбау мен ішкі қо­ғамдық қарсы пікірдің қалайда бір арна тауып сыртқа шығатыны анық еді. Тек сол арнаны бұрып жі­бере­тін кіш­кене ғана түрткі керек-тін. Ол күш пі­сіп-жетіліп келе жатқан. Бірақ та сол «түрт­кінің» маған түсетіні үш ұйықта­сам түсіме кірмеген шаруа. Зады, Ол­же­кеңе менің «Алашорда» туралы зерт­теулерімнің жай-жапсары мәлім бол­са керек және «Алаштың ала бай­рағы» деген сөз үшін өзім жақсы танитын үл­кенді-кішілі екі адамның көр­сетуі бойынша жүргізілген Ор­талық ко­ми­теттің тексеруі әсер етсе керек. Оның үс­тіне 15 беттік «Солшыл жас ұлтшыл­дан сақта­найық!» деген арыздың да әсері тиген сияқ­ты. Сол арыз жөніндегі әңгімелесуде мен өзімнің «алашор­да­шыл­ды­ғым­ның» мән-маңызын және Олжастың атын сатып Мәскеуде өсек таратып жүрген достарының сумақай­лы­ғын ашық айтқандығым да жанына жа­қын тартуға себепкер болды ғой деп ой­лаймын. Мәселе – менің жеке басым туралы емес, ең үлкен мәселе – ұлттық қозғалыстың ұйтқысы бо­ларлық бола­шақ комиссияның жұмысының басталуында еді. Еріксіз ойла­насың және тәуе­келге бекінуің керек. Сүният аға­мыз жұбатып арқам­нан қақты.
Істі қалай бастаймыз? Кімге барамыз? Қайдан жөнін сұраймыз? Әкім­ші­лік пен заң орындарының қол­дауынсыз не бітеді? Оның үстіне іс-әрекетімізді қа­лай құпия ұстаймыз? Кім бізді тың­дайды және мен оларға кіммін? Тіпті, жа­зушылардың өзі көзге іле ме? Деге­н­мен де, әлдебір ойлар келді. Бұған Мәс­кеуден, Ленинградтан, Ново­си­бир­скі­ден, Қазан­нан, Балтық бойынан келген студенттер мен аспиранттардың пікірін тыңдай жүріп, «праволық ко­мис­сия» деген тіркеске тоқталдық. Ке­­­­зек­ті кездесуде Олжас: «Істі жүр­гізу­дің амалын және қолдаушы­ларды сөзсіз табамыз. Мен Мәскеуден қай­тып келгенше жай-жапсарды анықтап қойын­дар», – деді. Бұл кезде Әкім Тарази Одаққа үшін­ші хатшы болып келді. Сөй­тіп, жеделхаттармен қоса өзге де жай­лардың жөнін білуге кірістік.
Алайда, мұның барлығы менің мүм­кіндігімнен тыс міндеттер еді. Ой­лана келіп тапқанымыз: Қауіпсіздік ко­митетінің қызметкерлерін Одаққа кез­десуге шақыру, шындықты солармен анықтап білу болды. Ал ол үшін жел­тоқ­саннан басқа өзге де маңызды се­бептерді табу қажеттігі туды. Ақыры Олжас Сүлейменов КСРО Жазушылар одағының жанынан праволық комиссия құрылғанын, енді Қазақстан Жазу­шылар одағының жанынан соның бө­лімшесінің құ­рылуы заңды екенін тілге тиек етіп: «Ресми жағын өзім мойныма аламын», – деді. Ол кезде Колиниченко бас­­татқан тер­геушілер Алматыны тіміс­­кілеп жүрген еді. Солардың екпі­ні­мен КСРО Жазушылар одағындағы пра­волық ко­миссияның төрағасы, бел­гілі де беделді журналистің бірі Ал­ма­тыға келе қалып, сол комис­сияның аты­нан қандай да болсын іс-әрекетпен шұ­ғылдануыма кепілдік берді. Істі орай­ластырған Олжекеңнің өзі еді. Одақ­та бұл іспен Сайын Мұратбеков пен Әкім Тарази шұғыл­дануға тиіс бол­ды.
Қазақ ұлтының рухани тарихында тұт­қырланып қалған көкейкесті мәсе­лелер өте көп еді. Тек қана жел­тоқ­сан оқиғасымен шектеліп қалу – қоғамдық қозғалыстың шеңберін тым тарылтып жіберетін әрі бірден түпкі мақсат ашылып қалса, онда ойлаған істің басталмай жатып сөнуі сөзсіз. Айла, амал, әдіс, қалқан қажет еді. Сол тұста Балтық бойындағы елдер­дің, Украинаның, По­льшаның, Та­тарстанның ішіндегі ұлт­тық қозға­лыс­тардың жасырын бағдар­ла­­малары «ғайыптан» қолыма түсті. Неге екенін білмеймін, шет елде басылып шығатын Гандидің саяси жолын, яғни «бейбіт мойынсынбау» саясатын насихаттайтын бір газет пәтеріме келіп тұрды. Соларды іріктей отырып жоспар жа­салып, Одақтың екінші хатшысы Сайын Мұратбеков пен хатшы Әкім Та­разидің назарына ұсындық. Ондағы ба­ғыттың қысқаша мазмұны былай:
1. Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туға­нына 90 жыл толуына орай жазу­шы­ны саяси тұрғыдан толықтай ақ­тау. 1932 жылғы 10 маусымдағы «Социалды Қа­зақстан» мен «Ка­захс­танская правда» га­зеттерінде жария­ланған және 1953 жы­лы «Литературная газетаға» жолда­ған ашық хатта­рын­дағы өз шығарма­лары­нан бас тарту туралы пікірлерінің саяси-идео­логиялық қысыммен жазыл­ған­дығын ескеріп, оның күшін танымау туралы мәселе қою, шығармаларын­дағы зорлап енгізілген тараулар мен өз­гер­тулерді әуелгі қалпына келтіру ту­ралы арнайы топ құру. 1930-1932 жыл­дардағы түрмедегі тергеу ісімен танысу және азаматтық ақтау. Бұған қоса 1947-1953 жылдардың  арасында  қабылданған Кенесары қозғалысы, «Абайдың ақын­дық мектебі», «Зар за­ман әдебиеті», «Қа­зақстанның тарихы мен әдебиеті жә­не тілі туралы» қаулылардың кү­ші­­нің жойылуы, 1932-1933, 1951-1953 жыл­дары айтылу­ға тыйым салынған қа­зақтың 300 әнінің сөзі туралы жар­лық­тың пәрме­нін жою туралы Орталық Ко­митеттің алдына арнайы мәселе қою.
2. Репрессияға ұшыраған жазушылар мен олардың тыйым салынған шы­ғар­м­аларының тағдырын қайта қарау. Неміс, ұйғыр, корей халықының ұлттық мұрағаттарын жариялау, 1937-1953 жыл­дардың аралығында ресми мемлекеттік құрметті атақтарынан айырылған мә­дениет қайраткерлері мен қаламгер­дің атақтарын қайырып беру, өтемін төлеу, «Кенесары – Наурызбай», «Едіге», «Ер Сайын», «Шора батыр» жырларын, Ду­лат, Нысанбай, Шортанбай, Ғұмар Қа­раш, Нарманбет, Мұрын, Машһүр Жү­сіп, Көк­бай, т.б. ақындардың шығар­ма­­шы­лық мұра­ларын қайта қарап, ба­ғалау.
3. «Алаш» партиясы мен «Алаш­орда» үкіметіне қайтадан тарихи баға беру. Әли­хан Бөкейханов, Ахмет Бай­тұр­сынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұ­мабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Досмұхамедов, Жаһанша Досмұ­хамедов, Халел Ғаб­басов, Телжан Шонанов, Смағұл Сәдуақасов, Шә­ке­рім Құдайбердіұлы іс­пет­ті қоғам және мәдениет қайрат­кер­лерінің шығарма­шылық қызметіне жаңаша баға беру. «Қазақ», «Сарыарқа», «Ақ жол», «Шолпан», «Сана», «Таң», «Абай» іспетті мерзімдік басылымдар жө­ніндегі шектеуді алып тастау.
4. Жазушылардың  авторлық құқын және көркемдік нысанасын (идея, та­қырып, көркемдік тәсіл, оқиға құры­лы­мы, т.б.) қорғау және қалам­герлерге келіп түскен азамат­тар­дың түрліше арыз-ті­лек­терін, өті­нішін қарап, заңдық тұр­ғы­дан, олар­дың мүддесін қорғауға атсалысу.
5. Құқықтық мемлекет және жеке адам­ның азаматтық құқы туралы пікір, талқылау ұйымдастыру.
Бұл жоспар 1987 жылдың қаза­нын­да жасалынды. Қазір тәуекелсіз атқары­ла­тын бұл мәселелердің бар­лығы да ол кез­де асқан байып­ты­лық­ты, тия­нақ­ты­лықты және тәуекелді қажет ететін, бір­неше ұрпақтың өзе­гін өртеп, күйінді еткен көкейкесті түйткілдер болатын. Соның ішінде желтоқсан оқиғасына қа­тысты негізгі іс-әрекетті «қа­лам­гер­лерге келіп түскен азаматтардың түр­ліше арыз-тілектерін, өтінішін қарап, зан­дық тұрғыдан олардың мүддесін қор­ғауға атсалысу» және «құқықтық мем­лекет және жеке адамның азаматтық құқы туралы пікір алысуды, талқылауды ұйымдастыру» деген сөздердің аста­рына сыйғыздық. Бағдар мақұлданды. Енді сенімді, алымды да шалымды жә­не заңды, тарихты, саяси хал-ахуалды жетік білетін қаламгерлерден праволық ко­миссияның мүшелерін құру қажет бол­ды. Салиқалы, беделді жетекші керек екенін түсініп, оған академик, заң­гер Салық Зиманов ағамызға хат­шы­лар­дың ұсынысымен хабарласып едім, ол кісі уақыт тапшы­лығын айтып, сыпайы ғана бас тартты, сөйтіп, бұл жүк менің мойнымда қалып қойды. Әуе­ліде тізім саны көп еді, істің түп тамыры ашыла бастаған­да біраз әріптестеріміз бен ағайын­дарымыз сытылып кетті. Өздері тілек білдіргендер де болды. Ал қан­дай да бір тәуекел мен қауіп-қатерге қара­мастан праволық комиссияның жұмысына белсене және сеніммен ара­ласқан Ғалым Ахмедовтің, Сафуан Шай­мерденовтің, Қалмұқан Иса­баев­тың, Евгений Гусляровтың, Константин Эр­лихтың, Смағұл Елубаевтың, Сәбет­қа­зы Ақатаевтың, Ахметжан Аширов­тың, Хан Диннің, Қойшығара Сал­ғарин­нің, Қанапия Бекетаевтың, Ілия Жақановтың, Жәнібек Кәр­ме­нов­тің, Армиял Тасымбековтың, Бейбіт Қой­шыбаевтың, Марат Тоқаш­баевтың, Қа­жы­тай Ілиясовтің, заңгер-жазушы Мөр­тай Қосшы­ғұлов­тың, Ком­мунар Та­беевтің, авторлық құ­қық­ты қорғау агент­тігінің кеңесшісі Нұрғайша Са­қы­пованың, адвокат Сәуле Сыз­ды­қова­ның және сол кез­дегі республика­лық про­курату­раның бөлім бастығының орын­басары, Ма­қ­сұт Сұлтанұлы Нәрікбаев пен мар­құм, жоғары соттың мүшесі Қа­зықан Тоқтыбайұлы Кенжебаевтың есім­дерін ерекше ілтипатты құрметпен еске алып, айрықша атап өткім келеді. Өйткені, дәл осы азаматтардың табанды қызметтерінің  нәтижесінде  Жел­тоқ­сан оқиғасына саяси баға беріп, қоғам­ның демократиялық бағыт алуына және  жоғарыда  көр­се­тілген  бағ­дарлы мақ­сат­тардың ше­шілуіне, ақтан­дық­тардың жойылуына белгілі бір дәрежеде ықпал жа­­салды.

– Өзіңіз айтып отырғандай, 1986-1991 жылдар аралығында үлкен лауазымды міндеттер атқарған тұлғалардың Жел­­­тоқсан оқиғасын әділ тергеп-тек­серу үшін жасаған қандай да бір ықпалы болды ма?
– Қазіргі кезде сол бір аласапыран жыл­­­дары аса үлкен лауазымды қызметте отырған адамды жаппай кінәлап, қара тізімге қосу етек алып барады. Алайда, со­лардың арасында елі үшін қабырғасы қайысқан, қа­лай да халқының тізесі бү­­гілмес үшін қал-қадерінше көмекте­сіп, жана­шырлық жасаған адамдар бол­­ды. Олар бізге жөн-жоба нұсқады. Ақиқ­ат үшін сол кісілердің атын айту – парызым. Өйткені, сол бір зауалды күндері коммунистік партияның жазалау саясатына ашық қарсы шығу мүмкін емес еді және ондай тәуекелге барған адам­ды кездестірген жоқпыз. Ал әр түр­лі жарлықтарға қол қойып, реті кел­генде істің иінін келтірген лауазымдылар бол­ды. Егер де жаппай ләпбайшыл­дық орын алған жағдайда, сот­­­талған­дардың алды бір жылдан кейін еркіндікке шы­ғуы тіптен мүм­кін емес-тін. Сонымен қа­тар, төтенше тергеу тобын республика про­куро­ры­ның орынбасары
А.Д.­Мы­зников тікелей басқарды. Ал оған бас про­ку­рор­­дың да, жоғары соттың төраға­сы­ның да үкімі жүр­мейтін. Жазалау үкімін жо­ғары соттың қылмысты істер жөнін­дегі коллегия­сия­ның тө­ра­ғасы Е.Грабар­никтің ті­ке­лей нұс­қауы­мен шығарды. Бұл «екі­лікке» Колбин мен Мирошник­тің, Кня­зевтің жарлығынан басқа еш­кімнің де сөзі өтпейтін. Мәжбүрлікпен қол қойған­дар да болды. Бәріне кепілдік бере алмаймын. Соның ішінде бүгіндері «қара тізімге» ілінген, анда-санда аты ата­лып қалатын сол кездегі жоғары сот­тың төрағасы Тамас Айтмұхамедов­ті, сондай-ақ, коллегия мүшесі мар­құм Қа­зықан Тоқтыбайұлы Кенже­баев­ты, бұған қоса Мақсұт Нәрікбаевты, орта­лық пар­тия комитетінде істеген Сабыр Қа­сымовты бөле-жара атар едім. Жо­ғары сот­­тың төрағасының өзі кеңсесіне ша­қы­­рып алып, желтоқсан­шы­лар мен «Ала­­шордашыларды» қа­лай ақтаудың жо­лын емеурінмен түсіндірді. Қ.Кенжебаев пен М.Нәрік­баев  жоғарыға жа­зылған хаттың заңдық негіздерін қа­ғаз­ға түсірді. Ал  С.Қасымов соны пар­­тия­­лық тұрғыдан орайластырып, хатшылардың на­зарына іліктірді. Әрине, біз оны іші­міз­­ден білдік. Бұл жігіттер өздерінің биік мансабынан айырылып қалу қау­піне қарамастан белгілі бір дәрежеде тәуе­кел­ге барды. «Сыртымен» «оқшан­тай­­дағы патрон» боп көрінгенімен, іші­­нен ұлттық намысты қатты ұстанды. Әсіресе, орталық комитеттегі кадр мә­се­лесімен айна­лысқан, жұрттан пікір жи­­нақтап, оны ұлт мүддесіне қарай бейім­­деп, кейбір шовинистік пиғылдағы ірі қызмет­керлердің бетін қайырудың, ре­­ті келсе жолын кесудің айла-амалын нұс­­қап, бізге іш тарта қараған Сабыр Қа­сы­мов­тың қолдауы кәдімгідей ар­қа­лан­дыр­ды.
Шовинист секретарлар мен де­путаттардың атын айта кетуге де бо­лар еді, бірақ оның дәл қазір ша­ғым­ды уа­қыты келген жоқ. Оның үстіне бұл аза­маттардың қазір қай салада қызметте жүргенін білмеймін, бірақ та «қазақ ұлт­шылдығы» деген қастаншықпағыр сөз­ді ресми түрде алып тастауға үлкен ең­бек сіңірді. Орталық комитеттегі жа­залау ба­ғытын ұстағандардың әптігін ба­сып, басқаша көзқарас қалып­тас­тыру­ға ықпалы тиді. Өз басым ол аза­мат­пен бір-ақ рет жүздестім, үш-төрт рет ­телефон арқылы хабарластым. Егер де бұл пікір алысудың сақтықпен жүр­гізілгендігін ескерсек, жоғары­да­ғы аза­маттардың есімін Желтоқсан оқиға­сына қатысқандарды ақтап алу қоз­ғалысының ұйытқыларының бірі болды деп айтуға толық болады. Өйткені, мем­лекеттік құрылымдағы адамдардың қол­­дауынсыз және істің ыңғайынсыз еш­қандай әрекеттің жүзеге аспасы бел­гілі. Ал бұлардан өзге адамдардың есі­мін мен білмей­мін. Ондай азаматтардың саны көп екені анық. Бізді бұл адамдармен байланыстырған және сеніміне кір­­гізген Олжас Сүлейменов еді. Сон­дық­­­тан да пікірімізді ашық айтуға мүм­­­кіндік алдық. Егер де коммунис­тік пар­­тия мен Кеңес өкіметінің күші әлсі­ре­­мей, қаһарына мініп тұра берген күн­­нің өзінде де бұл азаматтар түптің-тү­­бінде қозғалыстың бар шындығын ай­тып беретіндей тәуе­келге барар еді деп есептеймін. Әй­теуір, маған солай кө­рінді. Қателесуім де мүмкін, кім біл­сін.
Дүбірлі де дүрлікпелі, дүдәмал да дүр­дараз шақ туып, республикадағы сая­си және ұлтаралық қарым-қатынас шие­ленісіп кетті. Оның біраз кілти­па­нын жоғарыда айттым. Жазушылар әр­бір пікір таласына белсене қатысып, қау­лаған өрттің алдынан «шолақ өрт» қойып, қарсылық әрекеттер жасады. Бе­тін тойтарды. Әсіресе, әр түрлі ұлт­тық автономиялар туралы ұсыныс­тар­дың бетін қайтарып, территория­лық тұтас­тықты сақтап қалды. Егер де ондай әре­кеттерге жол берілгенде (ол мүм­­­кін еді), бүгін Қарабақтың кебін кеш­­­­песімізге ешкім де кепілдік бере ал­­­мас еді. Сөйте жүріп тәжірибе жинақ­та­дық.
Зады, біздің ұлттық ділімізде өте тө­­зімсіз бір мінез бар. Ол бір тұлғаның пікіріне екінші тұлғаның төзіммен, түсіністікпен қарай алмауы және соны­мен азаматтық тұрғыдан есептесе біл­меуі. «Досыңа достық – қарыз іс, дұш­паныңа әділ бол» деген  Абайдың өсиетін сақтай бермейтініміз. Сол кездегі Ол­жастың іс-әрекетін тілге тиек етсем-ақ болды, қабағы түйіліп кететін, «Жә, оны қойшы. Басқа әң­гіме айт», – дейтін аға­ларды да, несіне бәлденетінін, не­сіне менсінбейтінін өзі де білмейтін әл­­декімсымақтарды да жиі кездестірдім. Шынын айтайын, егер де  Олжастың сол кездегі үш үлкен әрекеті болмаса, рес­пуб­ли­ка­мыздағы саяси ахуалдың қан­дай боларын болжап білу қиын еді. Со­ның бірі – осы праволық комиссия­ның жұмыс барысы болатын. Ол тұста Олжекеңнің жеке басы қудалауға түсті де, Желтоқсан оқиғасына байланысты түр­меге түскендер мен қудаланған­дар­дың ісі кейінге ысырыла берді. Бірақ та ол негізгі үш бағытта жұмысты жүр­гізуге нұсқау берді:
Бірінші: «Алашорда» қайраткер­лері туралы деректерді барынша жинақтап, саяси-әдеби, идеология­лық тұрғыдан тия­­нақтап, байсалды, пайымды тұжы­рым жасаңдар. Аға жазушылар мен ардагерлерге хат дайындатындар. Колбинмен, Назарбаевпен, Нұрқаділовпен жазушылардың кездесуі өткен кезде «Алаш» мәселесін көтеріп сөйлейтін қа­ламгерлерді дайындаңдар. Елден хат ұйымдас­ты­рыңдар.
Екінші: Желтоқсан оқиғасы туралы бар­­лық деректі жинастырыңдар. Кім қай түрмеде жатыр? Қандай айып та­ғыл­ды? Олардың әке-шешесімен, ту­ған-туыс­қандарымен хабарла­сың­дар. Жо­ғары сотқа кассациялық арыз жазсын. Оқи­ғаға қатысқандардың куәлік сөз­де­рін жиыңдар. Ал облыс­тағы мекемелерге хат жолдаңдар. Ол рухани сүйеніш бо­­лады әрі қатал үкім кесуге, жұмыстан шы­­ғаруға еркіндік бермеуі мүмкін. Жазу­шылардан сескенеді, Жазушылар ода­ғын сыйлайды. Ең бас­тысы, Желтоқ­сан оқиғасына саяси баға беру және оның империялық-отарлық өктем­дік­тен туғандығы туралы түйінді тұжырым әзір­леңдер әрі ол ұзақ мер­зім­ге арнал­ған азаматтық қозғалыс жоспары болсын. Мәскеуде сондай пікір өріс­теп ке­­леді. Біз де кеш қалмайық.
Үшінші: жеке мәселелерді қозғай бе­ріңдер. Сол арқылы тәжірибе жинақ­тайсыңдар. Жазушылардың пі­кірін ұйым­­дастыр. Репрессияға ұшы­раған жазу­шылар мен жария­лануға рұқсат етіл­­м­еген шығармаларды ақтап алу ту­ра­­лы батыл мәселе қойың­дар, – деп нақ­ты тапсырма жүктеді.
Бұл үш мәселені талқылауда жо­ға­рыдағы аты аталған праволық ко­мис­сия­­ның мүшелері мен кеңес­шілері бел­­­сене қатысты. Сақтық  үшін олармен же­­ке-жеке әңгімелестік, әркім өз ың­ғайы бойынша іске кірісті. «Алашорда» ісі туралы Олжас жоғары соттың төра­ғасы Тамас Айтмұха­медовпен сөйлесті. Ол тергеу ісін КГБ-дан алдырып, колле­гия мүшесі Қазықан Кенжебаев  арқылы маған таныстырды. Үш күн таңертеңгі сағат оннан бастап кешкі төртке дейін марқұм Қазықан Тоқтыбайұлының бөл­­месінде отырып «Алашорданың» тер­геу ісімен таныстым.
Олардың әдеби, тарихи мұралары туралы бар­лық мағлұматты Қазықанға айтып, түсіндіріп бердім. Ол құпия түр­де «Алаш» партиясы мен оның қайрат­кер­лерінің  ақталуының заң­дық құқық­тары мен тұжырымдары туралы ауызша айтып берді. Жасырып қайтейін, мұн­дай сенімге оның өзімен және әйелі, ад­­вокат Гүлнар Сейітбек­қызымен қа­тар­лас оқыған жайттар да негіз қа­ла­ды. Ақылға сала келіп, ал­дымен Шә­кәрім Құдайбердіұлын ақтап алуға ты­рыстық. Немересі Кә­мила Қапыр­қызы­ның (хатты ВААП-тың қазақ бө­лім­шесінің заң кеңесшісі Нұрғайша Са­қыпова жазды) және Семей облысы Абай аудандық партия комитетінің бі­рінші хатшысы Хафиз Матаевтың қо­лы қо­йылған хаттар түсірдік. Орталық ко­митеттің секретары Өзбекәлі Жә­ні­бековке қатынас жолдадық. Істің барысын анықтай келгенде Шәкәрімнің шы­ғармаларына ешқандай тыйым са­лын­бапты. Тек Абзал Қарасартовтың ары­зының негізінде уақытша тоқ­та­тыл­ған екен. Әрине, іле-шала арыз да жет­ті. Сөй­тіп, сеңнің алғашқы көбесі сө­гіліп, Орталық комитет арнайы қаулы қа­былдады. Бұған Өзбекәлі ағамыз­дың ық­палы көп тиді. Істің соңы жақ­сы­лық­қа бет алды.
Ал «Алашорда» қайраткерлері тура­лы қаулының кешігіп шығуына кейбір аға жазушылардың  жүрексінуі, сол кез­дегі пленумдар мен кездесулерде сөй­леу­ден бас тартулары себеп болды. Мұх­тар Әуезовтің 90 жасқа толуына бай­ланысты жасаған Олжас­тың  баянда­масында шет жағасы айтылды. Бірақ та баса көрсетуге бюро­ның тыйымы кедергі болды. Бірақ со­ған қарамастан жұртшы­лық­қа ой салатындай пікір айтылды. Тек сол бір қасиетті толқынның тәр­бие­сін көрген зиялы да аяулы дегдар Ғалым Ахмедов ағамыз барынша ақыл-кеңес беріп, қолдап, тиісті түсінік-нұсқау жа­са­ды. Телжан Шонанұлы туралы өмір­баяндық құжат дайындады. Сондай-ақ, қа­зақтың 300 әні­нің сөзіне шек қойған жар­л­ықты табу және ол әндердің сөзін қалпына келтіру жұмысы Ілия Жақанов пен марқұм Жәнібек Кәрменовке тапсырылды. Жәнібек сол бұйрықтың түпнұсқа­сын тапты. Кейін өзі құрас­тыр­ған екі томдық «Қазақ әндерінің ан­тологиясында» бұл қателердің біра­зын түзе­тіп, түсініктемелер жазды. Әт­­тең, Жәнібектің Ахмет Бай­тұр­сы­нов­тың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Мағ­жан Жұмабаевтың әндері туралы зерттеуі жазылмай қалды. Ал Ілия Жа­қанов әндердің тарихына зерделей үңіліп, бір жыл бойы архивте отырып кі­тап жазып бітірді. Реті келгенде айта ке­тейін, өкінішке қарай, жөні де келіп, зерт­теу бағыты да бір ізге түскен осы 300  ән­нің тарихы мен тағдыры туралы мә­селе қорытылмай, мемлекеттік дәрежеде шешімін таппай қалды. Қазір бұған ешқандай бөгет жоқ, алайда қай сөз қай әндікі, осыны тия­нақтау, тұжырымдау жағы қолға алынбай, игі бастама қоры­тын­дылан­бай, ізі суып кетті. Бұл да ен­жарлы­ғымы­з­дың бір белгісі. Әлі де кеш емес. Түбі әр ән сөзін, өзінің иесін табуға тиіс. Әсіресе, ертеректегі опера­дағы әндердің түпкі тағдыры көмескі. Енді елу жылдан соң «Сармойынның» әуенін жазған Евгений Брусиловский деп дүниежүзілік анықтамада жүр­ме­сіне кім кепілдік береді. Ал зәру іске үлесін қосқан жоғарыдағы екі азамат та елінің бір намысын дер кезінде қорғап берді деп есептеймін.
Мұның барлығы жеке-жеке тапсырма атқарып жүрген праволық ко­мис­сияның мүшелеріне күш-қуат, се­нім бітірді. Әлі есімде, 1988 жылы 13 қаң­тар күні  Олжас Сүлейменов Орта­лық ко­митетке барып келді де: «Ал енді іске ті­келей кірісеміз. Мен КГБ-ның төра­ға­сының орынбасары генерал Әбді­рах­ма­новты және тиісті бөлімдердің бас­тық­тары 7 полковник­ті праволық ко­­­миссияның мүшелері­мен кездесуге ша­қырдым. Олар репрессия мен жел­тоқ­сан оқиғасы ту­ра­лы сұрақтарға жауап береді. Дайын­далыңдар» –деді. Генерал Әб­ді­ра­хманов хабарлама жасады. Жазу­шылардың ішінен Сафуан Шаймерденов, Қалмұқан Исабаев, Қасым Қайсенов, Әлжаппар Әбішев өте ш­а­ғым­ды сауалдар қойды. Сонда тұңғыш рет Желтоқсан оқиғасына байланысты 105 адам сотталды, 2 адам өлді, 2400 адам қамалды, 355 адам жараланды де­­лінген дерек айтылды. Әрине, бұл то­лық емес әрі нақтыланбаған мәлімет­тер екені ескертілді. Сол әңгімеде Мағ­жанды кім көрсеткені және оны ақтауға қар­сы болған бір кездегі Жазушылар ода­ғының хатшысының аты да аталды. Қауіп­сіздік комитеті жазушылар­дың праволық комиссиясының жұ­мы­сына көмектесетіні, арнайы кең­есші бөліп беретіні туралы уәде берді. Бұл кездесу­дің біз үшін мәні ерекше болды. Енді жасқанатын ештеңе қалмады.
– Демек, бұдан арғы уақытта біраз шаралар жасалып, қоғамдық пікір қа­лыптасып, деректер жинастырылып, құқықтық комиссияның іс-жоспары да нақтыланып қалған болды ғой?
– Иә, дұрыс айтасың. Ендігі мәселе, тұ­жырымдалған пікірлерді жинақтап, тиісті ресми мекемелерге жолдау, батыл  әрекетке кірісу міндеті еді. Сонда ғана ба­рып мәжілісхатты жүргізу мүмкін деп шештік. Бұл ашық түрде қимылдаудың бел­гісі еді. Енді жасырып  әрекеттенудің қа­жеттігі жоқ болатын. Пікірім шашы­ран­ды шық­пас үшін 1987-1989 жыл­дар­дың арасында жүргізілген жұмыстарды ба­ғыт-бағдары бойынша жүйелеп айта кетейін:
Бірінші: жаппай жазалау саясаты, ұлттық белгісіне қарап тергеу жүргізу, қызметтен қудалау, басшыларды ұлттық те­гіне қарай қою, жалпы құ­қық­тық не­гіздердің бұзылуы туралы жазу­шы­лар­дың атына келіп түскен жекелеген арыз­дарды тексеріп, қорытындыларын бас­пасөз бетінде жариялап отыруды мақ­сат тұттық. Бұл ретте марқұм Қана­пия Бекетаев көп еңбек сіңірді. Әсіресе, жазықсыз сотталғандар мен әкімшілік қысым көргендер туралы бес-алты ма­қала жариялап, жоғары соттың үкімін қай­та қаратқан «Күрті ісі» мен көп балалы аналар туралы мақаласы нақты нә­тижелер берді. Бұдан кейін құқықтық ко­миссияға келушілердің саны кө­бейді. Оларға тиісті көмек көрсетілді. Олжас Сүлейменов өзінің атынан түрлі баспал­дақ­тағы мекемелерге хат жазуға рұқсат бер­ді. Комиссияның жұмыстары мен арыз­дардың нәтижесі туралы хатта­ма­лардың жұмыстағы сейфтен жоғалып кетуіне байланысты нақты деректерді кел­тіре алмай отырмын. Оның ішінде Мұх­тар Әуезов­тің сотталуы мен қуда­лануына қатысты құжаттар да бар еді. Тек «құпия дәптердегі» мына адамдар­дың атын атай аламын. Олар: Күртіден Шектібаев Кәрімбек, Тілеубай Үсенбаев, Келісбек Нүрпейісов, Боранбаев Бейсахмет. Қанапия Бекетаев марқұм бұл істі ақтауда үлкен еңбек сіңірді. Мар­­құм Қасым Тоғызақовтың мұра­гер­лік мәселесі шешілді. Алпыс жылдық өмірінің отыз жылын түрмеде өткізген Шы­ғыс Түркістандағы қазақ әде­бие­тінің классигі Қажығұмар Шабданұлы­ның тағдыры туралы хат ҚХР-дың мемлекет басшысы ЖаңЗы-минге, Жазу­­шылар одағына келген өкілдерге, Қа­­зақс­танның орталық комитетіне, Гор­бачев пен КСРО жоғары кеңесіне жолданды. Өкінішке қарай ресми мекемелер қолдамады. Бірақ та Шабдан­ұлы­ның тағдыры мен шығармалары туралы мағлұматты қазақстандықтар білді. Кейін­нен шығармалары ішінара жария­ланды. Асанбай Асқаровтың тергеу ісі­нің мән-жайы қазір көп­ші­лік­ке мә­лім. Бұл тек қана Асқаровқа, Арғын­баев­­қа, Ақмырзаевқа, Алтунинге, Бек­­жановқа, Көмекбаевқа қарсы қоз­ғалған жазалау әрекеті емес, сол арқылы бү­кіл қазақ халқына қол­данылатын қорлаудың басы болуға тиісті еді. Егер де бұл топтың «қыл­мысы әшкереленсе», онда келесі кезекте Дінмұхамед Ах­ме­т­ұлы­ның тұр­ғаны анық, «екінші Рашидов» боп шыға келері сөзсіз еді. Сол рет­те Жам­был облысының Мерке ауы­лын­­дағы Есенин көшесі, № 2 үйде  тұра­тын Байдәулет Дауылбаев бас­тат­қан Қойлыбай Қабатаев, Қайсарбай Ыдырысов, Әліпбай Беріков іспетті ардагерлер комиссияға келді. Әкім Таразидің бөл­месінде шағын кеңес құрып, топ мү­ше­лерін белгіледік. К.Та­беев­ті сот ісі­не қатысуға, оның есебін жариялап тұру­­ға міндеттедік. Калинишенко, Клеп­­цов, Романцев іспетті тергеу­ші­лер­­дің арандату, ұрып-соғу, камераға қа­нішер қыл­мыс­тыларды жіберу сияқ­ты әрекет­теріне тыйым салу жөніндегі хатты Қырғызс­танның  жоғары сотының атына жолдадық. Ақыры әлгі арда­гер­лердің «Әділет» тобы түпкі мақсатына жет­ті. Қазақ баспасөздерінде соттан есеп­тер жариялана бастады. Тал­ды­қорған облысы Панфилов ауданындағы «Үшарал» колхозынан жолдаған Құл­баев  Ақбаланың арызын жазушы Қой­шығара Салғарин  тексеріп, партия ұйы­мының хатшысы Қожақанов  Жұма­ғалидан шағымға орай, ол кісіні бухгал­терияға қайтадан орналастыру туралы уәде берген жауабы келді. Мұндай жайлар өте көп еді, оның барлығын тізбелеп жатудың реті жоқ. Жазушылар бұл тұста барынша азаматтық белсенділік танытты.
Екінші: Ахмет Байтұрсынов, Мір­жақып Дулатов, Мағжан Жұ­мабаев, Жү­сіп­бек  Аймауытов туралы тиянақты тұжырымдар дайындалып, орталық ко­митетке ұсынылды. Олар мұны қол­дап, арнайы комиссия құр­ды. Ал жоғары сот­тың төрағасы Тамас Айтмұхамедов пен коллегия мүшесі Қазыхан Кенжебаев бұл мәселенің заңдық ақталуын ше­шуге дайын тұрған еді. Бір айға же­тер-жетпес уақыттың ішінде ақтау туралы үкімнің әзірленіп бітуі де соны бай­­қатады. Керісінше, сарапшы ғалым­дар бұл қорытындыға келу үшін екі-үш ай уақыт жұмсады.
Үшінші: Желтоқсан оқиғасына қа­тысты нақты деректер жинақталып, пікір қорытуға негіз қалады. Барлық м­ә­ліметтер анықталды. Түрмеде жат­қан­дардың тізімі жасалды. Зардап шек­кен­дерден куәліктер алынды. Бір қын­жы­­ларлығы, жалған дақпырттың көп­­­­­тігі мен оқиғаға қатысушылардың жә­­не қиянат көргендердің ата-ана­ларының жалтақтығы талай істі тығы­рыққа тіреді. Баласының не жол­дас­тарының нақты аты-жөнін айтудан бас тартқандар да жиі кездесті. Ресми түрде мына адамдардан хат пен хабар келді: Ал­маты облысы Қаскелең ауданы Құры­лысшы поселкасындағы Котовский көшесі, № 29 үйде тұратын Зылиха Қауқаева баласы Таубаев Бақтығали Артық­байұ­лының 1987 жылы 28 ақ­панда сотталып, Карлагқа жөнел­тіл­ге­нін, онда түрмедегі офицерлердің азабына шыдамай аштық жариялағанын, ерегескен олар Бақтығалиды тағы да екі жылға соттағанын, кейін Павло­дарға ауыстырылғанын мәлімдеді. Хасен Қо­жахметовтен хат келді. Ойнабеков Аман­келді, Болат Жұбатыров, Мүлік­баев Өткірхан Қошқарұлы, Жұмабаева Күлімхан, Үмбетов Абай, Қабылов Рүс­тем, Иманбаев Қайыхан, Қилыбаев Расул, Нұрлан Нұрғазин, Тайманов Нұр­лан, Әлімжан Исабаев, Әшімова Гүл­нар, Аманғазы Кәріп­жанов, Сыз­дықова Сәуле, Құрманғазы Рахметов іспетті азаматтар түсінік берді немесе олар туралы нақты деректер жиналып, рас­талды. Сондай-ақ, облыстық жер­лердегі жазаға тартылғандардың тізімі тізілді. Соның ішінде Ақтөбе облысы Алға қаласында желтоқсан күндері Ал­матыдағы оқиғаға үн қосқан Телеуов Бо­латтың, Арынғазиев Болаттың, Тай­бөкенов Беріктің ісі назарға ілікті. Бұ­лар спорт мектебінің мұғалімдері екен. Трофимовтың баяндамасында «лжеучителей» – «жалған ұстаздар» деп қара­ла­нып, бас еріктерінен айырыған. Ол­жас Сүлейменовтің депу­таттық сұра­­уы­­на ие боп, ақталуға не түрмеден боса­тылуға келісілген болатын. Бұл азаматтар туралы 1996 жыл­ғы желтоқсан айы­ның ішінде «Қазақ елі» газетіне берген Телеуов Болаттың сұхбатындағы тү­сінікте айтылған: «Он жыл бойы темір тордың ішінде аңдысып, арпалысып жүріп іштей түлеген желтоқсандық батырлар 1996 жылы қарашаның 25-де ҚР Жоғарғы сотында Мақсұт Нәрік­баевтың төрағалық етуімен азаттық ал­ды» деген сөзді түсінбей қалдым. Сонда олар он жыл бойы түрмеде отырған ба? Әлде стильдік селкеулік пе? Бұл үш жігіт «азаттық» емес, азаматтық ақталу алған шығар. Міне, осындай жұ­мыстар жанданған кезде Сафуан Шай­мерденов ағамыз Әбу Сәрсен­баев­тың, Фариза Оңғарсынованың, Рах­манқұл Бердібаевтің, Әбдуәли Қай­даров­тың, Әбдіжәміл Нұр­пейісовтің, Мекемтас Мырзах­метовтің қолдары қойылған үндеу хатты тапсырды. Біз оның алдында әрбір істің өзінше құ­пия­лылығын сақтау үшін екі-үш адамнан шағын топ құрған едік. Әр топ өзге топтың не істеп жатқанынан хабарсыз болатын. Өйткені, бұл өзі өте шамшыл жә­не намысты мәселені қамтитын. Сон­дықтан да зорланған қыздардың абы­ройын сақтап, олардың келешегін ой­лап жария етпеудің амалын ой­лас­тырдық. Әрі оларды куәлік беруден сес­кендіретін, имендіретін. Сол топтың бірін Сафуан ағамыз басқарды. Смағұл Елубаев пен Коммунар Табеев, Қажытай Ілиясов белсенді кірісті. Кейде түңіліп те жүрді. Облыстарға жеке адамдарды астыртын жіберіп, бопсалай жүріп деректер жинадық. Соның нәтижесінде КГБ кейін ресми түрде жариялаған Ербол Сыпатаевтан басқа Ләззат Асанова мен Сәбира Мұхаметжанованың есімдерін анық­тадық. Жазушы Асқар Алпысбаев «Жұлдыз» журналының ко­мандировкасын пайдаланып Өске­менге барып, Сәбираның тағдырын, қалай құр­бандыққа ұшырағанын анық­тап келді. Қарақалпақстаннан кел­ген екі бала құрбан болды деген Әзиза Нұрмаханованың және Жамбылдың Мерке селосында баласын жоқтап жылап, Тұрсынбек Кәкішев пен Адам Ме­кебаевқа шағынған әйелдің де­рек­тері расталмады. Мен өзім Маңғыстау, Гурьев, Ақтөбе облыстарын аралап, нақты куәлердің растауы бойынша ізге түскен бір қыз баланың өлімі туралы мәліметті анықтай алмадым. Оралдан да іздестірілді. Әйтеуір, батыс облы­сы­ның қызы екені анық. Тұрған пәтерін­дегі киімдері мен қағаздары жоқ. Пәтер иесі орыс кемпір «кетіп қалған» дегеннен басқа ештеңе айтпады. Зады, Астрахань не Орынбордан келген адам болуы да ықтимал. Әрине, тірі болса – қуаныш. Ал құрбандыққа ұшырап, әке-шешесі жасырып жүрсе – тексіздік. Аса үлкен мөлшерде ақша беріп, басқа қаладан, аудан орталы­ғынан үй алып беріп, ды­мын шығар­маған жайлар орын да алған сияқты. Бұл іспетті күдікті сондай сапардан оралған әр жазушы айтты. Оны мәс­кеулік үндеместер жүзеге асыруы мүмкін. Қолтаңбасы соны аңғартады. Жоғары Каменка, Қалқаман, Дмитриевка, Бірінші май поселкаларының шетіндегі жарлауыттарға машинамен апарып, зорлап, қорлап кеткен солдаттар мен офицерлердің азабы мен мазағы жөніндегі деректер расталды. Қылмыс орындары анықталды. Солардың ішін­де алаңға тәртіп сақтау үшін барған жа­сақтар да бар екен. Олар да растап бер­ді. Комсомолдың орталық коми­те­тін­дегі ауыл шаруа­шылық бөлімінде істейтін бір жас жігіт сондай күйге түсіп­ті. Бұл деректі Ғалым Доскенов дәйек­теді.
Үлкен қиыншылық тудырған және осы уақытқа дейін тиянақтал­ма­ған бір жайт – сол оқиға тұсында психология­лық қысымға шыдамай не тергеу мен ұрып-соғудың нәтижесінде түрлі жа­ратқат алып, кемтар болып қалғандар­дың алаң мен түрмеден тыс жерде кейін­деу өлген адамдардың тағдыры. Мы­салы, тура сол Желтоқсан оқиғасы тұ­сында жүректен қайтқан халық су­ретшісі Нағымбек Нұрмұ­хаммедовтің кенеттен қайтыс болуына психология­лық қысымның әсері болды деп есеп­теймін. Жерлеуі де ың-шыңсыз өтті. Милиция қызметкерінің қолынан қаза тапқан Молдабаевтің өлімінің мотиві де жұмбақ еді. Мұны түбейгейлеп тексеруге біздің мүм­кін­дігіміз жетпеді. Мы­салы, желтоқсан­ның 31 күні қайтыс бол­ған делінген Қазақ мемлекеттік уни­верситетінің студенті Маханбетова Ба­қыт та сондай қысымның құрбаны. Көк­шетау облысының Көкшетау ауданы­ның Ортақ селосында жерленген Ба­қыт­тың ата-анасы қандай да бір түсінік беруден бас тартты. Өздері кейін басқа ауданға көшіп кеткен. Мұндай оқи­ғалар әр жерде кездесті. Бірақ қолхат беру­ден де, аты-жөнін жариялаудан да бас тартты. Тіпті, «бала өзіміздікі, сен­дердің не шаруаларың бар» деген сөз­дер айтылып қалды. Әрине, бұған істер қандай лажың бар? Зады, осы бір жайтқа ерекше назар аударып, тиісті деректер жинастырған лазым. Сонда жазалау саясатының барлық зардабы толық ашыла түсер еді.
Екі жылдың ішінде саяси пікір қ­алыптастырып, мемлекеттің алдына мә­селе етіп қоятындай деректер мен құжаттар жиналды. Оның үстіне Олжас Сүлейменовтің депутаттық сұ­рауымен елуге тарта іс қайта қара­лып, кешірім жа­салуға бет алды. Сол кезде Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің пре­зидиумына, КСРО Жоғарғы кең­есі­нің президиумына праволық комиссияның атынан мәлімдеме жолданды. КСРО Жоғарғы кеңе­сінің депутаты ретінде Олжас Сү­лейменов Кремльдегі мәжілісте арнайы сөй­леуге тиіс болды. Тиісті құжаттар мен деректер жеткілікті болатын. Бұған Олжастың тікелей өзі анықталған жайлар да қосылды. Ол жеделхаттар мен құжаттар көмекшісі Сүният Бәкеновте архивінде әлі де сақтаулы жатқан болуы керек. Қысқасы, Бүкілодақтық деңгейде адам құқы жөнінде мәселе көтеретіндей тұ­жы­рым дайын болды. Сол мәлім­де­ме­лердің ішіндегі:
«Қазақстан Жазушылар одағының жа­нындағы қоғамдық негізде құрыл­ған праволық комиссия 1986 жылғы Алматы қаласындағы Желтоқсан оқиға­сының себептерін анықтау және жазаға тар­тыл­ғандардың тағ­дырына араша түсу мақ­сатымен арнайы шұғылданды. Оқи­ғаның барысымен толықтай танысып, тиянақты тұжырым жасау үшін рес­пуб­ликаның жауапты мекелеріндегі тергеу, сот істерімен танысуға, кино, фото, ви­део құжаттарды көруге, түрмедегі адам­дармен сөйлесуге рұқсат беруле­ріңіз­ді сұрайды. Праволық комиссия қазірдің өзінде де бұл оқи­ғаның саяси мәні мен себептері, қоз­ғаушы күші және тергеу ба­рысында жіберілген түрлі заң­сыз­дық­тар туралы тұжырымды мәлімдеме жасауға әзір, оған негіз қалайтындай куә – деректер бар» деген сөзді айту үшін қаншама тер төкті десеңізші!
Осындай салмақты мәлімдемені Олжас Мәскеуге алып кетті. Ол қалай да сөйлеуге тиіс болды және мәселені бір жақ­ты етіп келуге барын салатыны анық  еді. Сол кезде Алматы облысының Ке­ген ауданынан сайлауға түскен Мұх­тар Шаханов та кешігіп барып депу­тат­тыққа өтті. Ол кісі Мәскеуге жүрер ал­­дында жаңағы Олжасқа берілген тұ­жырымдаманы сұрады. Біз көшірмесін бердік. Кім болса да, әйтеуір, Желтоқсан оқи­ға­сының шындығын және оған беріл­уге тиісті саяси бағаны жұртшы­лыққа жеткізсе – мақсатымыздың орын­­­далғаны деп түсіндік. 1989 жылғы көк­­темгі сессияда Мұхтар Шаханов сөз алып, дүниежүзіне жария етті. Біздің ко­миссия  мүшелері бір-бірін құттықтап, арқаларынан үлкен жүк түскендей күй кешті. Расында да олар ұлтының ал­дын­дағы жазушылық парызын орын­даған нағыз азаматтар еді. Сол істері үшін де оларға мың да бір рахмет. Бұдан кейінгі оқиға барысы өзгеше сипат алды да, комиссия мүше­лерінің біразы Мұх­тар Шаханов­тың тобына қосылды. Тек Қазақстан өкіметі жағынан Жел­тоқ­сан оқиғасы жөнінде арнайы комиссия құрылғанда нара­зылық білдіріп хат жол­дадық. Өйткені, өкімет комис­сия­сының мүшелерінің ішіндегі Дмитрий Снегиннен басқа­ларының барлығы да ресми лауазымы бар адамдар еді және олардың өздерінің жеке мүддесі комиссия мүддесімен тоғыспайтыны анық бо­латын. Олар іскерлік бағытын басқа ар­наға бұрып жіберді. Сол кездегі ба­ғыттан аса алмаған  Желтоқ­сан оқиғасы туралы әрекеттердің барлығы түрмеге түскен­дерді  ақтаумен  ғана шұғылданды. Ол он жыл өткен соң да тәмамдалған жоқ. Мәселені саяси тұрғыдан қойғанда мүлдем өзгеше арнаға бет алар еді. Сонда осы күнге дейін: жазықсыз сотталдым. Оқиғаға кездейсоқ қатысып едім. Үйім жоқ, күйім жоқ. «Көмектесіңдер» деген сықылды жеке-жеке адамдар­дың ғана арызы айтылмай, ұлттық қоз­­ғалыс ретінде дамып, бәрімізге ор­тақ Отандық – патриоттық партия ре­тінде қи­мылдауға мүмкіндік туған болар еді. Мүмкін, сол партияны Ел­­ба­­сының өзі де басқаруы мүмкін еді. Ал ол үшін үл­кен саяси бағдар мен ұлт­тық қозғалыс ке­рек еді. Өкінішке қарай, мүдделер бө­лі­ніп кетті. Мүмкіндік қол­дан шық­ты­. Негізгі іскерлік бағыт әшкерелеу мен бет тырнауға, дақпырт пен даңққа, жеке бас­тың мүддесіне қарай ауысып, қара­ма-қарсы күштердің ырғасуына алып келді. Тіпті Желтоқсан оқиғасы­на қа­тысу­шылардың өзі екіге бөлінді, «Алаш», «Азат», «Желтоқсан», ақыры «Аза­­мат» болып бұтарланып тынды. Бұл, менің ойымша, қазақтың ұлттық ру­­хани қозғалысына үлкен зиянын ти­гізді. Тәуелсіздікке емес, саяси тәуел­ді­лікке  бет бұрғызды. Керісінше, бұрынғы «орыс еместер» немесе «орыс тілділер» қоз­ғалысы нығайып, мемлекеттік сая­сат­қа ықпалын тіке­лей жүргізуге қол жеткізді. Ал мүдде мен билік бөлінген жер­де ортақ ұлттық қимыл ешқашан да бол­майды. Бұл да сол империялық іріт­кі салушы арандату әрекеттерінің ке­сірі. Бұған «бас-басына би болғысы кел­ген өңкей қиқым­дардың» зар­дабы қатты тиді. Қоғамның ішіндегі қозғаушы күш ыдырап, ақыры айғай мен даурығуға ұласты. Ойлы жұрт одан бас тартты. Сөйтіп, ұлт ретінде ортақ ны­санаға келген қазақ елі Желтоқсан оқи­ғасынан кейін бес жылдан соң бая­ғы қалпына қайтып оралды. Тұлғалар тұл­данып, жеке қалды. Қозғалыстың мәйек­тері іріген соң ол өз-өзінен ыдырап кетті.
– Егер соңына дейін ұлт болып ұйыса алу жолында бір бағытқа қарап бет түзей алмасақ, Желтоқсан оқиғасы сияқты дүм­пулердің қазаққа не керегі бар еді? Жалпы, Желтоқсан оқиғасы бізге нені дәлел­деп, нені айқындап берді?
– 1989 жылы ақпан айының 14 және 17 күні Дегелеңдегі сынақ полигонында қатарынан екі рет сынақ өтті. Мен тура сол мезгілде жазушы, сыншы Төкен Иб­­рагимовтың 50 жасқа толу мүшел­тойына қатысу үшін Семейге, одан Қарауылға бардым. Тойға барған басым көңіл айтудан қолым босамады. 1988 жыл­дың мамыр айында болған сынақ­тан кейін улы газ ауаға тарап, жас бала­лардың өкпесін күйдіріп, үлкен қатер төн­­дір­генінің куәсі болып едім. Кол­бин­нің өзі жедел ұшып барып, істің мә­ні­сін түсінген соң: «тұмау тарапты» деп Алматыға асыға қайтып кеткен бо­латын. Бұл жолы жүрегі әлсіз қария­ларды жусатып салыпты. Елдің де жүйкесі тозып, шыдамы шегіне жетіпті. Құмыға құсалы күйге түстім. Алма­тыға келісімен бірден одаққа тарттым. Барлық мән-жайды Олжасқа түсін­діріп, депутат ретінде бір қайрат көрсетуін тіледім. Мамырдағы оқиға­дан хабардар Олжекең: «Сволочи! Жетті! Енді шабуыл­ға шығу керек. Сен барға (ша­рапханаға) бара бер. Мен де барамын», – деп шығарып салды да, телефонға жар­масты. Хатшылар Сайын Мұратбе-ковті, Әкім Таразиді, Леонид Кривоще­ковті, Геннадий Толмачевті шақырып алды. Іле қарбалас басталды. Бір сағат өткен соң: «Сенің айтқаның рас екен. Мәс­кеудегі Қорғаныс министріндегі сенімді адам растады. Сен парызыңнан құтылдың. Ендігісін маған қалдыр», – деді. Үшінші күні, жұма күні келгенімде Қадыр Мырзалиевтің, Дмитрий Сне­гиннің, Сайын Мұ­ратбековтің, өзінің депутаттық қолы қойылған наразылық мәлімде­месін көрсетті. Кешінде теледидар арқылы барша жұртқа жайды. Жексенбі күні Жазушылар одағында ресми емес митингі өтті. Сөйтіп, «Семей-Невада» қозғалысы дүниеге келді. Бұл – Колбиннің есін тандырған алғаш­қы соққы еді. Оның мекіренген аяр күл­кісі сол күні тиылып, өзінің туының жы­ғылғанын сезді. Енді Қазақстанда оған орын жоқ болатын. Мен дәл осы бір септестігім үшін азамат ретінде кә­дім­гідей көңіліме мақтаныш пен жұба­ныш ұялатамын. Еңбек пен ерлік – Олжастікі. Дегенмен де, жер­лестерімнің алдында бетім жарық сияқты көрінеді. Бұл да желтоқсанның рухы еді.
Желтоқсан оқиғасы қазақ ұлтын тітір­кендіріп, шамырқандырып, рухани серпілтіп, қуатты қоғамдық қозғалысқа түсірді. Қазақ елінің дәл осы кездегідей жұмыла белсенді болған кезі сирек. «Жел­тоқсан», «Семей-Невада» қозға­лы­сы, «Арал» қозғалысы сол тұста дү­ние­­ге келді. Егер  де осы үш қозғалыстың ба­сын біріктіріп, ұлттық мүддеге орайластырып, саяси орталық құрылғанда, ұлтымыздың мерейі үстем, өзара тү­сініс­­тігі мығым, ұлттық тұтастықты мұ­рат еткен ұлттық рухани майдан қа­лыптасары сөзсіз болатын. Бұған зиялы қауымның ынтасымен дүниеге келген «Қазақ тілі» қоғамы идеоло­гия­лық не­гізді қалай алатындай мүмкіндігі бар еді. Мұнда саясат та, экономика да, мә­дениет те, ұлттық даму бағыты да қам­тылды. «Азат» қозғалысының төрал­қа­сы құрылған сәтте-ақ оның жіктеліп тынатынын өз басым білдім және бұл ойым­ды Сәбетқазы Ақатаев ағамызға айт­тым да. Бұл – көсемсігендік емес, он­дағы қалыптасқан шындықтың өзі со­лай бет алып тұрған. Соңынан қос жа­рылды, ақыры байбаламның бай­рағын көтерді. Әлі де ауызбірлікке жет­кен жоқ. Бір адамды қаралап, бір ғана ба­ғытты ұстап, жұдырыққа жүгінген қоз­ғалыс ешқашан да абырой әперген емес. Қазір сол қозғалыс­тың кейбір «көсемсымақта­ры» «Аза­мат­қа» ауысты. Ал бұл «Азаттың» бағытына мүлдем қара­ма-қарсы ниеттегі қозғалыс. Түптің түбінде олар өздерін-өздері әшкерелеп тынатыны сөзсіз. Өйткені, мұнда еш­қа­ндай мемлекеттік, ұлттық, рухани тұ­ғыр жоқ. Массондық мақсат қана бар. Әттең, осы бес қозғалыстың мүддесі мен қимылы («Желтоқсан қозғалысы», «Семей-Невада», «Арал», «Азат», «Қа­зақ тілі») өзара үйлескенде, бүгінгі бере­кесіздікке жол берілмейтін еді. Дәл осы қозғалыстардың бойына демок­ратиялық, конституциялық, ұлттық, патриоттық, конгрестік, ассамблеялық идея­лардың бәрін де ұйытуға алғышарт­­тар жасалынып, дайын тұрған. Бұл ниет жүзеге аса қалған жағдайда, қа­зіргідей әкімшілік жіктелуге жол беріл­мей, ұлттық мемлекет қайраткерлері ірік­теліп шығар еді. Иә, өкінішке қарай, бәрі де «еді» дегенмен аяқталды. Бүгінгі күнгі саяси-әкімшілік жіктелуге алып келді. Егер де әрбір қазақтың көксегені Тәуелсіздік екені рас болса, онда біздің өзара тіл табыспайтындай себебіміз жоқ болатын. Ұлтымыздың өз ішінде бірін-бірі жек көретіндей өшпенділік сезімі оянбаған еді, әлі де төзімі таусылған жоқ, соны бірікті­ретін қуатты сезім ке­рек. Ол үшін ұлт­тық тұтастық идеясын оятып, қанымыз бен жанымызға сіңіре білуіміз қажет, тым құрымағанда келер ұр­пақтың бойына сіңіріп кету – пер­зент­тік парызымыз.
Екіншіден, Желтоқсан оқиғасы ұлт­тық көсем немесе тұлғаларды іріктеп шы­ғара алатындай мүмкін­дігімізді анық­тап берді. 1986-1989 жылдардың ара­сында қайраткерлер мен зиялыларымыз өте жауапты сынақтан өтті. Осы үш жылдың ішінде өзімен-өзі жұмыс істеп, қатты шыныққан саясаткердің қатарына Нұрсұлтан Әбішұлы
Назарбаев та жатады. Меніңше оның өмірі, нағыз саясаткерлік тұлғасы, мем­лекеттік қайраткер ретіндегі болмыс-қимылы осы үш жылда қалыптасып, сақа саясат­керге айналды. Мұны өзі де мойындайтын шығар. Қыл үстінде тұр­ған қайрат­кер­ден тәуелсіз елдің президен­тіне де­йін­гі аралықтағы уақытта адам ретінде жан­кешті сезімдерді басынан кешті. Со­ның өзінде де жол тапты. Ең бастысы, ұлт­тық намыс деген идея жүре­гіне ұяла­ды. Биліктің өз философиясы бар. Соны қапысыз меңгер­гендігін көр­сетті. Өзге қайраткер­лері­міз өзін-өзі жеңе алмады. Идео­логиялық  жылымда қалып қойды.
Екінші тұлға – Олжас Сүлейменов. Ол  өзіне табиғат сыйлаған қасиет­тер­дің барлығын сыртына шығара білді және азаматтық адалдығы мен өжет­тігін, күрес­керлік қасиетін көрсетті. Жұрт­ты соңы­нан ертті және адастыр­ған жоқ. Сая­сатта да ақын бола алды, яғни саясаттан поэзия жасай білді.
Үшінші адам – Мұхтар Шаханов. Ол Желтоқсан оқиғасына құлшына кірі­сіп, жанын салды. Аралды да ара­ша­лағысы келді. Ақыры елшілік­тен орнын тапты. Олжас пен Мұх­тардың ел­­ші­лігінің салмағы бірдей емес. Мұх­тар Шаханов әрбір істі ақындық шабыт­пен қызу бастады да, тура ақын­дар сияқты тез суынып кетті. Соның нәти­жесінде Аралдың да, желтоқсанның да мә­селесі толық шешілмей, тез жи­нақ­талды. Ол үнемі ұшып жүргісі келді, бі­рақ саясат­керліктің инемен құдық қазатын мамандық екендігіне мойын­сынғысы келмеді, табандап кірісуге мойны жар бермеді. Ал жүрегінің таза­лы­ғында мін жоқ. Ұлттың сеніміне ие болды. Сол сенім оны халық жазушысы етті.
Мемлекеттік басқару тәжірибесі бар Михаил Есенәлиев пен саяси күрес жо­лынан өткен ойлы да саналы марқұм Сәбетқазы Ақатеав ағамыз бұл жолға мойын бұрғандығын аңғартты. Неге екені белгісіз, ортақ тіл табыса алмады. Арадағы желбуаз не әсіре айқайшы­лардың мысын баса алмады. Жасарал Қуанышәлі ғана өз бетін айқындады. Ал Ормантаев мықты ғалым, шикі саясаткер дәре­же­сінде қалып қойды. «Жел­тоқсан­ның» жетекшісі Хасен Қо­жахметтің тұлғасы бұлардың бәрінен де тосын және шешілмеген жұмбақ, әре­кет-қимылы толық  ашылмаған күйінде ықылас аударып келеді. Ол өжет те шешімді, батылдығы мен табандылы­ғы бар, саясаттың қитұрқы тәсілдерін бі­леді, ешкімнің ықпалына көнбейді. Оны мойындайтындар да, мойындамайтындар да, тіпті, менсінбейтіндер де бар. Тек басқару тәжірибесі жоқ. Ол өзін-өзі көндіріп, мемлекеттік меке­менің қызметіне жегіліп, ысылса – он жыл­дың ішінде елдік тұлға дәрежесіне көтерілуі кәміл. Оппозиция – мақсат емес, қазақ елінің тәуелсіздігі мен мем­лекеттігі – басты мақсат. Ал бұл жол­да ұлттық тұтастыққа ұмтылу – парыз. Шіркін, ондай түсіністікке жетсек, қа­зақ елі өркениетті елдердің алдыңғы қа­тарына таяу арада шыға­рына еш күмән келтірмейтін. Сәбет­қазы бұл жол­ға мойын бұрғандығын аңғартты. Бірақ жуастық та, жасықтық та, не­ғылайындық та ұлттық ой иесі­нің таңдайтын, бой үйрететін жолы емес. Қазір қаражатқа сүйенген қай­раткерлер шығып келеді. Солардың арасынан Серік Әбдірахмановтың еңсесін басатындай тұлғаның сұлбасы көрінбейді. Қазір ол да шеттеліп қалды. Экономи­калық саясат пен қаражаттың қапысын тапқандары дұрыс, бірақ рухани іш­майың болмаса, ұлттың ықыласын өзіңе қарата алмайсың.
Ұлттық тұлғалар туралы қазбала­ма­сам да болар еді. Бірақ ел-жұртқа «Жел­­­тоқсан оқиғасы» тұсындағы ұлт­тық бірліктің кейіннен неге ыдырап кет­кендігіне көз бен көңіл сұғын қадау ар­қылы ел-жұртқа ой салғым келді. Өйт­­кені, аталған тұлғалардың бұл мә­селеге  тікелей қатысы барлығын бәріңіз де білесіздер. Осылардың арасында бә­рінің де мүддесін жал­ғастырып, мем­ле­кеттік тұтқаны ұстаған Әбіш Ке­кіл­баевтың жөні басқа. Ол өзінің басты ұлттық мүддесін табандылықпен және сон­дай көмпістікпен жүзеге асыра біл­ді. Ауыр да азапты әрі жауапты күрес жо­лынан өтті. Тіпті кей кезде басын­ған­дарды да кешіре білді, бірақ өзі олар­ды қорламады. Мемлекеттің екінші тұл­ғасы болуы арқылы басқару билігіне ой­лы парасат әкелді. Мем­лекетіміздің ой­лы ел болуға бет алғанының нышанын аңғартты. Лайым ойлы мемлекеттің аза­маты болуға жазғай сіз бен бізді. Он­дай құқыққа ие болуға қазақ ұлты то­лық еңбек сіңірді. Оған еліміздің жү­ріп өткен жолы, күрес тәжірбиесі, рухани қуат-күші дәлел.
– Желтоқсан оқиғасы уақытында қа­зақ баспасөзінің үні қалай шықты?
– 1986-1989 жылдардың аралы­ғын­да ұлттық мойынсынбау қоз­ғалысына тәуе­келмен атсалысқан жазушы аға­йын­­дардың  рухани ерлігін еске сала кету керек. Шындығында да, қалам­герлердің қайраткерлігі болмаса, біздің еліміздің көңілі сәл-сәл пәс күйінде қалары сөзсіз еді. Тәуелсіздікке дайындалмай келіп, дағдарып қалуымыз да ықтимал болатын. Айта кетейін, сол кезде Шерхан Мұртаза ағамыз  бас­қарған «Қазақ әдебиеті» газеті ұлттық қоз­ғалыс­тың үні болды. Әбіш Кекіл­баевтың декабристер туралы мақаласы, Несіпбек Айтов аударған Науаидың «Ескен­дірнамасындағы» жаппай жазалау туралы тараудың жариялануы емеурінмен танытылған ескерту еді. Өзге басылымдар 1989 жылдың ортасынан бастап еркін ой білдіруге көшті. Мұны да ес­керген лазым. Хасен Қожахметовтің тобы Алматыдағы Дзержинскийдің ес­керт­кішін құлатқан күнімен Желтоқ­сан оқиғасының соңғы күрес қимылы аяқ­талып, тарихтың еншісіне кеткендей әсер етті маған.
Ендігі саяси әрекеттің жөні мүлдем бас­қа еді. Әттең, сотталғандарды ақ­таудан әрі аса алмадық. Ал басты мақсат ол емес еді ғой. Түбі қайырлы болып, тәуелсіздіктің туын көтердік. Бұл – жел­­тоқсанның жебеуі, ұлттық қозға­лыс­тың өтеуі, үш ғасырға созылған арманның орындалуы болатын. Ал ол ар­манның орындалуына жазушылар өл­шеусіз үлес қосты. Азаттық рухын өшір­меді. Одақтың бүгінгі қиналысы қа­бырғамызға батады. Бірақ қалай да шыдап бағып, қара шаңырағымызды ортасына түсірмей ұстап қалу – жазу­шылардың да, тәуелсіз мемлекеттің де па­рызы. Ойымды қорыта келіп, сөз ара­сына ілігіп кеткен «мен» деген сөз үшін ке­шірім сұраймын. Мұндағы «менді» ме­нің «менім» емес, куәгердің «мені» деп түсінерсіздер деп ойлаймын. Тіпті бол­маса, «өз сөзім – өзімдікі» ғой. Пікір біл­діруге қақым бар деген байламмен ойым­ды тұжырымдаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Қарагөз СІМӘДІЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір