Жыл табалдырығындағы ой

0
221 қаралды

Әр жылдың, әр айдың және әрбір күннің адамға берер сыбағасы шаш-етектен екен. Ілгері қадам басып, өмірлік тәжірибе жинақтаған сайын соған анық көзіміз жетіп келеді. Әрі бүгінгідей жыл айрығында тұрғанда соны кәміл сезінеді екенсің. Мәселен, мен үшін осы жылдың ең есте қалар ерекшелігі – өзім оқитын Академияның магистранды ретінде Финляндия, Эстония және Швеция елдерінде болып, сондағы мемлекеттік басқару ісі бойынша арнаулы курстардан өтіп келгендігім болды деп толық сеніммен, шынайы мақтаныш сезімімен айта аламын. Әрине, бұл елдердің дүниежүзілік ауқымдағы айшықты орнын, әлемдік экономикадағы атқаратын ролін мектеп қабырғасынан білеміз, сан алуан әдебиеттерден зерделеп оқып, қаныққанымыз да аз емес. Әйтсе де оқып білген – бір басқа да, көзбен көрген – басқа екенін осы жолы қапысыз сезіндік.

Әуелі өзіміздің Академияда дайындалған бағдарламаның еш­­қандай іркіліссіз, ұйым­шыл­дық си­патта әрі өнімді екен­дігіне бір­­ден көз жетті. Біз сол бойынша Финляндия Республикасының Сей­няйоки қаласындағы «Қол­­­дан­балы ғылымдар уни­вер­си­­тетінде» оқыдық. Бұл Батыс Финляндиядағы Оңтүстік Ост­роботния аймағында орна­ласқан жоғары білім, ғылы­ми-зерттеулер, даму және инно­вация­лардың (RDI) көпбейінді ме­кемесі екен. Күндіз оқитын сту­денттерінің өзі 5 мың адам. Олар­дың 10 %-ы – шетелдік сту­денттер. Тұрақты еңбек шарты­мен істейтін академиялық қыз­мет­керлер құрамы – 280 адам жә­не көмекші оқу персоналы – 100 адам. Университет бака­ла­вариаттың 19 бағдарламасы мен магистратураның 7 бағ­дар­ла­масын жүргізеді, соның ішінде ха­лықаралық экономика мен биз­нес, менеджмент және паблик менеджмент бағ­дарламалары бар. Бұған қоса экономика, басқару және бизнес саласында қосарлы диплом­дар бағдарламалары және жүр­гі­зіле­ді.
Біз білікті профессорлардың, мэрия, полиция өкілдерінің жә­­не түрлі мамандық оқыту­шы­­ларының лекцияларын – яғни тәжірибелі консультанттар қатысқан кәсіби лекцияларды тыңдадық. Білікті мем­лекеттік қызметшілер ретінде жергілікті өзін-өзі басқару  тәжірибесін оқып  үйрендік, алуан тақырыптар бо­йынша көп-көп ақпарат ал­дық, яғ­ни жергілікті бюджет, бі­лім беру, қоғамдық қауіпсіздік, кә­­сіпкерлік, мемлекеттік құ­ры­­лым мен басқару, әлеу­мет­­тік қамсыздандыру және ден­­­саулық сақтау жайларына мейлінше қанықтық. Әсіресе, баршамыздың ынтамызды аударып, ықыласымызды оятқан бүкіл Скандинавиядағы ең да­мыған ел Финляндия болды. Бұл, шынында да, әр түрлі ре­формаларды мейлінше нәти­желі жүргізіп, әлеуметтік қам­сыз­дандыру ісінен алдына қа­ра салмай келе жатқан және сыбайлас жемқорлық дейтін пә­ле­кетті әлдеқашан жеңіп, өмірдің қай саласын болсын кез келген сыртқы дағдарыс атаулыға қарсы пәрменді иммунитетпен қамтамасыз еткен ел.
Оқу барысында біздің магис­т­ранттар оқытушыларға бизнесті мемлекеттік қолдау, демеу қаржы, муниципалитеттің бюджетін басқару, денсаулық сақтауды реформалау сияқты әлеуметтік-экономикалық басқару жайынан көптеген сұрақтар беріп, тиянақты жауаптарға қанықты. Олардың кейбір мемлекеттік бағдарламалары біздікіне ұқсаса екен әрі ойдағыдай жұмыс іс­теп тұрғанға ұқсайды. Осы ара­­да арнайы айта кетерлігі: олар да экономиканың іл­ге­рі­­леуіне кедергі  болған кет­пен­­нің  бір басқан сабын қай­та­­лай басып жүріп, та­­быс­қа та­лай ұрпақтарының та­­бан­­­даған еңбегімен жетіпті. Агро­өнеркәсіпте де солай болған көрі­неді. Бұл проблеманы финдар numbez one ретінде жеңсе керек. Мемлекеттік тұрғыдан зор көңіл бөлген, кеңейтілген мемлекеттік қолдау бағдарламасын бел­гіле­ген, күні бүгінге дейін ауыл ша­руа­­­шылығын кадрлармен тұ­­рақ­ты қамтамасыз етіп, уни­вер­ситеттерде агромамандар даяр­лаумен жіті айналысады. Әрбір ЖОО-да дерлік агроном-сту­денттерге арналған agro campus аграрлық қалашық) бар, он­да студенттер күн сайын сабақ оқи­ды және фермерлер ретінде еңбек етеді. Күн сайын 50 литр­ге дейін сүт беретін сиырлары бар шағын ферманы сол жерден көрдік. Студенттер өздеріне бе­кі­тіп берілген техниканы өз­дері жөндеп, өздері жүргізеді, сондай-ақ жануарларға күтім жа­сайды, ғылыми жұмыстармен айн­алысып, аграрлық бизнес өне­ріне төселеді. Финдердің агроөнеркәсібі вакциналар мен жануарларға арналған басқа да химиялық элементтерді барынша қолданбауға тырысатынын атап айту керек.
Біз тақтайдай жолдарды, та­ма­ша ауылшараушылық ал­қап­тарын, кемеліне келген көлік инфрақұрылымын көрдік. Бұл елде орман шаруашылығы, жабайы жануарлар мен су көздері заң жүзінде қорғауға алынған. Оларда табиғатты қорғау жө­нінде заң бар болса, демек, сана­­лы түрде сол ережелерді ұстанатын діл де бар деген сөз. Мәселен, балық аулауға маусым бойынша ғана рұқсат етіледі әрі ол үшін жергілікті билік ор­ганына тиісті ақыңызды төлеуіңіз керек. Онсыз ешкімнің ештеңені аулауға қақысы жоқ. Немесе кесілген ағаш­тың орнына жас ағаш отыр­ғызып, оны өз еркіңізбен күтіп-баптауға тиіссіз. Тіпті, адамдардың осындай саналы іс-әрекеті кез келген басқа заңдардан әсерлі ме дейсіз. Ал скандинавтар табиғат пен қоршаған ортаға қамқорлықты адамның бойына бала кезінен дарытады. Баланы тәрбиелеу отбасының өнегесімен ғана шек­телмейді, ол мемлекеттік наси­хат, тегін оқу арқылы да жүр­гізіледі. Мемлекеттік емес ұйымдар да муниципалитеттермен қоян-қолтық жұмыс істеп, біріне-бірі құлақ асып, табиғат қорғау мәселелерінде асқан біліктілік танытады. Ал жергілікті жерлердегі әр түрлі мәселелер бойынша қоғамдық кеңестер беделді органдардың қызметін атқарады.
Елдің өзі – парламенттік-президенттік республика. Конс­­титуция бойынша, заң шығарушы билік президент пен ел парламенті – Эдускунтаның, ал атқарушы билік президент пен Мемлекеттік кеңестің қо­лын­да. Эдусканта – елдің 200 депу­таттан тұратын және бүкіл ха­лықтың дауыс беруімен
4  жыл­ға сайланатын бір палаталы парламенті. Парламент үкіметті – Мемлекеттік кеңесті сайлайды, халықаралық келісімдерді қабылдайды және оның өз атынан немесе партияның атынан заң жобаларын ұсынуға құқығы бар.
Біздің Мемлекеттік басқару академиясы магистранттары ғы­лыми-оқу экспедициясының мақ­саты тек жер көру ғана емес, өз мамандықтары бо­йын­ша финдердің әдістерін зерделеп-зерттеу болатын. Әр­бір магистрант мэрияның, муниципалитеттердің мемле­кеттік қызметшілерінен, бизнес-се­ріктестік өкілдерінен және уни­верситет профессорларынан бел­гіленген тәжірибелі сарап­шылары­мен бірге өз диссертация­ларын әзірлеумен айналысты. Біздің әрқайсымыз бір минут уақытын босқа жібермей, олар­дың тәжірибелерін зерттеп, заң­­дарын талдадық, шығыс­тың ділі қабылдай қоймайтын болғандықтан біздің жүйеге қа­быс­пайтын кейбір ережелерін де айқындаумен болдық. Дегенмен, үйренуге татитын  бір­деңелері болса, оларды сол қалпымен ала салып, өз жү­йе­мізге қондыра қоюға да бол­майтындарын зерделедік. Өзіміздің түріктік діліміз бен мәдениетімізді ескеріп, олардың басқару әдістерін қазақстандық әдістерімізбен салғастырып, қо­ғамымыздың тіліне, бүгінгі қа­зақтың талап-тілегіне ке­леді-ау деген тұстарына назар аударуды мұрат тұттық. Қысқасы, өзімізді күн сайын тәуелсіз елі­мізге лайық мемлекеттік қыз­метші, білікті маман-менеджер жә­не мемлекетіміздің заманауи өкілі етіп тәрбиелеп жатқан орда­мыз – Мемлекеттік басқару ака­­демиясының талаптары тұр­ғы­сынан табылуға тырысып бақ­­тық.
Финляндияда екіқабат әйел жүктілігінің үшінші жә­не төр­тінші айлығында-ақ мем­лекеттік бюджеттен 600-800 еуро мөлшерінде көмек алады. Тұңғыш бала дү­ниеге келген күнінен бастап 18 жасқа толғанға дейін оған мемлекеттен ай сайын 90 еуро, екінші балаға – 120 еуро, үшінші балаға 200 еуро төленіп тұрады. Бұл елдің демог­рафиясын ынталандыруға көмектеседі. Баланың әкесі де, тек әр түрлі кезеңдерде, 52 күн мөлшерінде декреттік демалыс алу­ға құқылы. Жас аналарға қол­дау көрсету үшін психология мен балаларды тәрбиелеу бойынша қ­оғамдық орталықтар жұмыс іс­тейді. Еуропалық  дәстүрге сай, скандинавтар көп балалы болуды аса қаламайды және отбасын да асықпай, кейіндеу құруды дұрыс көреді.
Оларда білім беру бала­бақ­шадан басталады. Ол – ақылы, бірақ балабақшаға төленетін ақы әр отбасының бюджетінен ұсталады. Бұл әрі дұрыс, әрі әділ де. Сөйтіп, табыстары әр түрлі болғанымен, әр отбасының мүм­кіндігі бірдей болып шығады. Балабақшалар дене тәрбиесіне немесе шығармашылық бейінге бағытталған түрліше болуы мүм­кін. Жеке балабақшалар мем­ле­кеттіктен гөрі 50-100 еуро қым­батырақ болатыны да түсінікті.
Орта мектептерде балалар
0 сыныптан бастап 11 сыныпқа дейін тегін оқиды. Барлық мек­тептердің мәртебесі бірдей, бек­заттық немесе қарапайым мектеп дейтін болмайды. Білім беру тек қана мемлекеттік – фин тілінде.
Мектеп бітірген балалар ма­­мандық алуды колледжде, уни­­верситетте жалғастырып, те­­гін оқиды. Оқу материалдарына және студенттік одақтағы міндетті түрдегі мүшелік үшін төленетін ақша 100 еуро шамасында. Тамағы мен жатын орнын қоса есептегенде студенттің ең төменгі айлық бюджеті 650 еу­ро деп есептеледі. Жігіттер мен қыз­­дардың тек 4-5 %-ы ғана ЖОО-ға түспейді де иә жеке сек­­торға жұмысқа тұрады неме­се өздерінің бизнесін ашады. Соң­­ғы жылдары жеке бизнес дәуір­­леп тұр, сондықтан онымен ай­налысатындар көп. Мамандық жайы­на келсек. Жоғары оқу орындарының ұсынысы инженерден, механиктен, күзеттен, агрономнан басталып, заңгерлерге, полицейлерге дейін қамтиды. Олар үшін абыройлы мамандық жоқ, сондықтан жастар әйтеуір лицензия алу үшін көбінесе күзетшіліктің, аспазшылықтың мамандығын таңдайды. Сөйтіп, оған 3 жыл оқиды… Бұл енді Кеңестік кездегідей: мамандық бойынша аса айырмашылық бола қоймаушы еді ғой, бірақ соның өзінде мықты университеттерге түсу қиын болатын.
Талапкерлерге өзінің қыз­метін ұсына отырып, университеттер өзге жоғары оқу орындарымен бәсекеге түседі, өйткені мем­лекеттік бюджеттен 85 % қар­жыландыратын да, муниципалитеттен инвестиция алатын да – солар. Сондықтан әрбір университет теориялық және практикалық  біліммен мейлінше қаруланған ең жақсы мамандарды даярлап шығаруға мүдделі. Фин университетінің орташа бюджеті 3,5 млн. еуро шамасында. Білім министрлігі олардың шаруасына мүлдем дерлік араласпай, дербес билік беріп қойған десе де болады. Төрешілдік атаулыдан ада мұндай көзқарас көптеген оқу орындарының жұмысын жеңілдетіп, нағыз кәсіби мамандар даярлауға кепілдік береді.
Жастардың жасы 18-ге толып, оқуға түсу немесе жұ­мыс­­қа орналасу мақсатымен ата-аналарының қанаты астынан бөлініп шығуынан былай олардың ересек өмірі басталады. Университеттен соң оның әрбір түлегі оқу кезінде та­ғы­лымдамадан өткен жеріне жұмысқа қабылданады. Айлық жа­лақы 1300 еуро мен 2500 еуроның арасында, оның 12-16 %-ы табыс салығына ұсталады. Егер айлық жалақы 3000 еуродан асатын болса, салық 30-35 % болмақшы. Шынтуайтында, 1000-1200 еуро Еуропа үшін көп емес, өйткені онда тұр­ғын жай да, тамақ та – бәрі қымбат. Егер жұмысты соларда істеп, табысты бізде жұмсаса, әрине, қатып кетер еді. Ал Еуропада өмір сүру үшін бұл тым тапшы. Соған сай олардағы банк секторы адал ниетті және ысырапшылықпен айналыспайды. Шіркін, солардың қаржы жүйесі бізде болса ғой дейсің. Шар­ты мен жағдайы сондағыдай болса, біздің бизнес әлдеқашан-ақ гүлденіп жүріп берген болар еді… Сондықтан финдік биз­несшілер атаулы ешнәрсеге алаңдамай, жайбарақат өмір сүреді немесе скандинавиялық игі жақсылардың бәрі қоныс тепкен Туркуге көшіп кетеді.
Финляндияда ерлер үшін де, әйелдер үшін де зейнеткерлік 65 жастан басталады. Құрметті демалысқа шыққандар 800-ден 1500 еуроға дейін зейнетақы алады. Бұл елде 1,5 млн. зейнеткер бар, яғни бұл бүкіл халықтың төрттен біріндейі. Ересек адамдар қалған өмірлерін көбіне-көп сапар шегумен, достарымен кез­десіп, арқа-жарқа болумен, би би­леп, сәнді киінумен өткізеді. Балаларын немесе немерелерін өбектеу дейтінге пысқырып та қарамайды. Кәдімгі құс се­кіл­ді, еркін ұшып, еркін қо­на­ды, өздеріне қызықты іс­тер­­мен айналысады, бизнес­пен шұғылданады. Көшеге шықсаңыз, Еуропаның әр түрлі елдерінен келіп, күшті шарапты немесе мөлдір сыраны сораптап, би алаңын бетке алып бара жатқан кәртамыстарды көресіз. Қарттардың оған қақысы да бар, сондықтан олар өздерін әлдебір құқықтармен шектеп, сыртқы дүниеден оқшауланбауы керек. Дегенмен, меніңше, тым желігіп кету де әбестік, біздің қазақша айтқанда, «тең-теңімен, тезек – қабымен» болғаны да дұрыс-ау.
Турист ретінде мен жергілікті тұрғындар тарапынан өзімнің құқығымды шектейтіндей бірде-бір әрекетті немесе салқын қа­бақты көрген жоқпын. Олар үшін туристер – өз адамдарын­дай, сондықтан туризмге жа­сал­ған жағдай керемет. Қайда барсаң да бірнеше тілдегі ақпарат алдыңнан шығады. Ізетті де мә­дениетті қызмет көрсетушілер еш жерде ілтипатсыз, еренсіз қал­дырмайды. Жақсы дайындықтан өткен, білімді де білікті жандар.
Финляндияның адамдары мейірімді, ашық-жарқын, ең­бек­шіл әрі демала да біледі. Олар 8 сағат жұмыс істейді, 8 сағат жеке шаруаларымен айналысады және 8 сағат ұйықтайды. Бәрін ерте жа­рықта жауып, ұйқыға ерте жа­тады – бізге бір жері ұқсаса не дерсің. Бәлкім, сол дұрыс та шы­ғар, бірақ біз – шығыстың адам­дары – өз дәстүрлерімізді ар­тық көреміз.
Эстонияның астанасы Таллин – шағындау ғана, ұқып­ты, тарихи қала. Оның турис­тік әлеуеті өзге еуропалық ел­дер­дегіден арзанға түсетін жатын жайы­ның есебінен дамиды. Әсі­ресе, мұнда  финдер лайнермен келіп, Хельсинкидегіден екі есе арзанға түсетін тауарларды сыпырып әкетуге құмар. Ал эстондар неғұрлым жақсы әлеуметтік жағдайға ие болу үшін Финляндияда, Германияда немесе Англияда тұрып, жұмыс істегенді ұнатады. Сондықтан жастары елде көп тұрақтамайды… Ал халқының саны небәрі 1,4 млн. адам ғана. Бірақ соған қара­мас­тан, оларда 15 уезд бен 226 жер­гілікті өзін-өзі басқару органы бар. Жергілікті өзін-өзі басқару Финляндиядағыша жұмыс іс­тей­ді және Еуропалық Одақтың жәрдем ақшасына өмір сүреді. Эстондарда тек 3000 адамдық әскер бар, сондықтан олар НАТО-ның күштеріне ғана арқа сүйейді. АҚШ-тың 45-ші президенті бо­лып Дональд Трамптың сайлануы Эстония үкіметінде біршама абыржушылық туғызды: онда­ғылар әлі күнге дейін жаңа сай­ланған американ президентін өздеріне дұшпан санайды жә­не одан ешқандай көмек-қол­дау болмайды деп қорқады. Шын­дығында, менің білуімше, таза бі­ліми ақылдың адамы әрі дип­ломатиялық сесі бар сая­сат­­кер ретінде Дональд Трамп сойқанды соғысты тоқтататын болар деп ойлаймын.
Өз еліміздің шынайы пат­риоаттары ретінде біз финдер жағына бірнеше жоба ұсынып, Қазақстан туралы, EXPO – 2017 жайында тартымды әңгімелер айт­тық. Шетелдік достарымыз, оқытушылар, мемлекеттік ор­гандардың  өкілдері  біз ұсынған бейнелердегі көріністерге қат­ты сүйсініп, ондай көрікті қа­­лалар мен көркем жерлерді көреміз деп ойламағандарын айтып, дән риза бол­ғандарын айтты. Әрине, он­дай жарнамадан кейін олар ал­дағы жылғы Аста­на EXPO–2017 көрмесіне кел­мекке уәде берісті.
Шынында, әркімнің өз елі­нен, өз жерінен артық не бол­с­ын. Біз өзімізді өзгенің мә­дениетімен өлшеп, барымыз бен нәрімізді еш­бір кемітпеуіміз керек. Ұлы Да­ла­ның мәдениеті мыңдаған жыл­­дар бойы қалыптасып, асы­­лын ардақтап, жасығын жас­­қаумен келді. Бүгінгі жас ұрпақ соны қастерлеп сақ­тап, өзіміздің және бала­л­а­рымыздың игілігіне айнал­ды­руымыз керек. Жаңа жыл­дың табалдығырында тұрып айтар ойдың бір парасы осындай.

Бауыржан ТОҚҚҰЛОВ,
Қазақстан Республикасы Президентінің
жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының
магистранты.

Пікір қосу