Алаш мұраты
09.12.2016
3268
2

Халқымызда «Өткенін ұмытқан өшкендіктің белгісі, өткенін еске алған өскендіктің белгісі» деген қанатты сөз бар. Кешегісін кемеріне жеткізе алмаған халық, бүгінін бағдарлай алмайды. Қазіргі азат күн үшін бар ғұмырын арнаған тұлғаларымыздың келбетін  кейінгіге өз деңгейінде таныта алсақ, бейбіт заманда жеткен жетістігіміз сол болар. Осы ретте ұлт болашағы жолында аянбай күрес жүргізген  Алашорда үкіметі мен Әлихан Бөкейханның есімін аттап өте алмаспыз. Ұлт көсемінің өз заманындағы саяси бейнесін аша алдық па? Алашорда үкіметінің қоғамдағы рөлі қаншалықты мығым болды? Бейбіт күннің балалары Әлихан Бөкейхан мен алашшылдарды біле ме?  Осы сауалдардың ізімен белгілі зерттеуші Берік Әбдіғалимен сұхбат жүргізіп көрген едік.

– Өткен уақыт тек қазаққа ғана сал­қынын тигізген жоқ. Аумалы-төкпелі заманда қаншама халық бірі келіп, бірі көшіп жатты. Тіпті, керемет империя болған Пруссия, Англия елдерінің өзі құлдырау деңгейіне дейін жеткені тарихтан мәлім. Әлихан Бөкейхан бастаған қазақ зиялылары шекарамызды шегендеп, мемлекеттілігімізді орнату мақсатын көздеді. Егер осы қозғалыс болмаса, сол уақыттағы геосаяси жағдай қалай шешілер еді?! Тарихи толқыныстар «алашшыл­дардың» халық тағдыры жолында шешуші роль иесі атануына әсер ете алды ма? Әлде өздерінің ұлт алдындағы тағдыр берген миссиясы деп қабылдады ма? Осы құбылысты көпшілікке кеңінен таратып, түсіндіру қажет сияқты.
– ХІХ ғасырдың  аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ басын аман алып қалу үшін балаларын оқытуға көп көңіл бөле бастады. Өз қаражатына екі жылдық мектепте болсын білім алуға ұмтылды. Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Омбы, Орынбор қалаларында оқуға тырысып бақты. Дәл осы кезеңде жергілікті жерлерде көптеген мұғалімдік интернаттар ашыла бастауы да септігін тигізген болар. 1905 жылы қазақтың зиялылары бірігіп, қазақ руханиятын ойлап,  тіл мен жер мәселесін, сот мәсе­ле­сін шешу үшін орыс патшасының алдына бірін­ші рет Қоянды петиция бағдар­лама­сын дайындап, қазақта да саяси көзқарастың бар екенін дәлелдеген болатын. Бірақ оған патша үкіметі келісе қойған жоқ. 1914 жылғы Бірінші дүние­жүзілік соғыс бүкіл әлемге үлкен әсерін тигізді. Сіз айтқан Пруссия, Англия, Франция, Осман империясының құлды­рауына алып келген болатын. Үндістанда Англияға қарсы, Түркияда Францияға қарсы ұлт-азаттық көтерілістер басталды. Соның ішінде тек 1916 жылы тыл жұмысына қабылдау басталған кезде Ресейдің өзінде ішінаралық бүліктер шықты.  Ресейдің сол соғыста ұтыла бастауы өз ішінен қайшылықтарды туғызып, революцияға алып келді. Осы революция саяси процестерді барынша жеделдетті. Былайша айтқанда, үдеріс тез басталып кетті. Ең алдымен бүкіл Ресейде мұсыл­мандар біркті. Оны татарлар бастады. Қазанда, Мәскеуде кавказ елдері мұсылман әскерін құрамыз деген ниетте болды. Кейін бұл дәстүр башқұрттар мен қазақ­тарда да көрінді. Патша құлағанына бәрі қуанып жатты.
Зиялы қауым уақытша үкімет құрыл­ғанша өз жеке автономиямызды жариялауды, елімізге өзіміз ие болуды осы сәтте ойлай бастады. Тек біз емес, Украина, Белорусия, Финляндия халықтары да осыны көздеген болатын. Бұдан кейін қазақ зиялылары «Алашорда» партиясын құрып, сайлауға дайындалады. Қазақ­стандағы сайлаудан жеңіп шығып, Ре­сейдегі жиынға бармақшы болады. Бар мақсаттары жеке автономия болу ғана еді. Ол уақытта ешкімде Ресейден бөлініп шығу деген ой болмаған. Кейіннен саяси жағдайға байланысты Қазан төңкерісінің әсерінен сайлау болмай қалады. Осы оқиғадан кейін қазақ зиялылары да не істерлерін білмей, аңтарылып қалған еді. Содан соң ғана барып, бүткіл «алашшылдар» большевиктерге қарсы шығып, антибольшевиктік топқа енеді. Міне, осыдан тура 99 жыл бұрын 1917 жылы «Алашорда» үкіметі құрылған болатын. Ол кезде тәуелсіздік туралы сөз қозғалған жоқ. Тек өз шекарамызды белгілеп алайық деген талап қана болды. Бұл қозғалыс бір елдің басын біріктіріп, мұңын қағазға түсіріп, мүддесін көздейтін арнайы саяси платформамен бірінші қызылдармен, ақтармен келіссөз кім жүргізер еді.Бірінші болып, қы­зылдар мойындайды. Сон­дық­тан бірқатар Алаш көсемдері 1919 жылдары қызылдар жаққа ауыса бастаған. Ал ақтарға «ұлттық автономия» деген ұғым аса ұнаған жоқ. Әсіресе, Колчак үкіметі «Бізге ешқандай ұлттық сеператизм керегі жоқ. Бәрімізге бір Ресей, болды. Сендер соның бір өкілі боласыңдар. Ешқайдан автономияны қабылдамаймыз» деп башқұрттарды, Алаш үкіметін ығыс­тырып тастады да, кейін ұтыла бастады. Башқұрттар әскерімен қызыл жаққа ауысып кеткен соң, екі ойлы болып қалады. Осы оқиғадан кейін Алаш үкіметін қа­былдауға, мойындауға мәжбүр болады. «Алаш­шыл­­дардың» алға қарай ұмтылуына, қоз­ғалуы­на жоғарыда айтқан тарихи оқиға­лардың бәрі әсер етті.
Келер жылы елімізді атаулы мереке күтіп тұр. Қазақтың тұңғыш саяси үкіметі «Алашорда» автономиясының құрыл­ғанына 100 жыл толмақ. Бұл атаулы мерекеге дайындығымыз қай деңгейде жүріп жатыр? Өткенімізді ұлықтау үшін нендей шаралар ұйымдастыруымыз керек?
– Өкінішке қарай, әлі үкімет тарапынан ешқандай арнайы қаулы шығарыл­ғанын естімедім. Тарихшылар қауымы бұл тақырыпты көтеруде, әрине. Тек ғылыми конференциямен шектеліп қана қоймай, «алашшылдарға» бірқатар аймақтарда көше, мектеп атаулары берілсе дейміз. Әли­хан Бөкейханға университет атауы да берілмеген. «Алаш» үкіметіне арнап, ескерткіш орнатса дейміз. Бұл мәселе «Алашорда» үкіметінің 90 жыл­дығында көтерілген болатын. Міне, 100 жылдыққа дайындалып жатырмыз, сол діт­телген мақсат, шаралар өз шешімін таппай келеді. 1917-1920 жылдар арасын­дағы қазақ зиялыларының бастан кешкен оқиғаларын неге кино қылып  түсірмеске?! «Мұстафа Шоқай» фильмі түсірілді, бірақ ол жеткіліксіз.
– Арада жыл емес, ғасыр өтіпті. Осы уа­қыт ішінде тұңғыш үкіметтің саяси көз­қарасын тани алдық па? «Алашорданың» алға қойған мақсат-мұраттары мен ұлт жо­лындағы ұлы идеяларын кейінгі ұрпақ қан­шалықты түсінді?
– Алаштың көптеген мақсат-мұраттары осы тәуелсіз Қазақстанмен іске аса бастады. Толық жүзеге аспаса да, әлі күнге дейін Алашорданың ұрандары көп. Әсіресе, жер, тіл, рухани мәселеге келгенде бүгінгі күні де қоғамда өзекті. Ол кез бен бүгінді салыстыруға  келмес. Алаш зиялыларының алдында республиканы құрып, қалай дамытамыз деген сауал тұрды. Олар Алаш жүріп өтер жолды таңдау үшін  Жапо­нияның даму жолын қарап, Еуропаның саяси тәжірибелерін іздеді. Жалпы, Алаш азаматтарының көбі батысшыл болды ғой. Қандай саяси жүйе ұлтымызды алға жетелейді, дамытады? Ұлтымызға, экономикасына тиімдісі қайсысы деген мәселелерді сол кезде көтерген еді. Бірақ оның өзі ұзаққа созылмады. ХХ ғасырдың басында Алаш зиялыларының түгелге жуы­ғы қудаланды. Большевиктер бас­тапқыда оларды бірлесе жұмыс істеуге ша­қырып, күш-қуатын пайдаланып болған соң, тұқым-тұқиянына дейін жо­йып жіберді. Алаш зиялыларының алғаш­қы буынынан кейін осы жолдың бағыт-бағ­дарын түсініп қалған Смағұл Сә­дуа­­қасов, Мұхтар Әуезовтердің өздері де Алаш ұранын жалғады. Советтік ұранды ту еткен Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рыс­құлов­тардың таңдауы басқа болға­нымен, олар Алашорда ұстанымының ақ-адал екенін, большевизмнің, коммунистік саяси системаның, оның ішінде Голощекин сая­сатының біздің дәстүрімізге қан­шалықты қауіпті екенін түсінген сияқты. Қазіргі таңда қазақ идеясын айтып жүрген бәріміз де өзімізді Алашорданың мұрагері деп санаймыз. Өйткені, олар айтқан идеялар күні бүгінге дейін моральдық құнды­лық­тарымыз жолында қызмет етіп келеді. Әр­қашан да адал болу, әділ болу, халқына еңбек ету әр заманда да өзекті тақырып болып қала бермек.
– Әлихан Бөкейханды қазақ жеріндегі алғаш саяси партия құрып, парламентаризм­нің басында тұрған тұлға деп танимыз. Осынд­ай бірқатар анықтамалармен Әлихан Бөкейханның тарихтағы ролін белгілен­гендей болдық. Бірақ ұлт көсемінің саяси кел­беті, тек «Алашордамен» шектеліп қал­майтынын біреу білсе, біреу білмейді. Ол кісіні мықты саясаткер немесе басқа қы­рынан көре аламыз ба?
– Біріншіден, ол тек қана жәй бір саясаткер басшы болған жоқ. Ол шынайы сайлаудан жеңіп, көпшілік дауысқа ие болып, Алашорда үкіметін басқарды. Оған дейін де ол ағарту жұмысымен көсем бола білді. Ол саяси тұрғыдан да көшбасшы еді: елдің сол кездегі тізгінұстар бірден-бір тұлғасына айналды. Басқа да қазақ азаматтары Әлихан Бөкейханның төңірегіне бірікті. Әлихан өзін алдымен ғалым ре­тінде көрсетті: ел арасындағы экспе­ди­ция­ларға қатысып, көптеген зерттеу еңбе­гін жазды. Оның экономистік қыры да байқаусыз қалған жоқ. Аудармашылық еңбегі де нәтижелі болып, қазаққа қажет деген еңбектерді тәржімалады. Сонымен қатар, публицист ретінде танылып, «Қа­зақ» газетіне тұрақты түрде мақалаларын жа­риялап тұрды. Әсіресе, 1916 жылғы «Мау­сым жарлығы» бойынша қара жұмыс­қа алынған қазақтардың жай-күйімен, мұң-мұқтажымен арнайы барып танысып, газет бетіне мақала қылып басты. Бірінші дүниежүзілік соғыста басым түскен елдер мен соғыс  зардабын да талдап, арнайы ма­териалдар дайындады. Әлихан Бөкей­ханның мұсылмандардың құқығын қорғаймын деп қудалауға да ұшырағаны белгілі. Сондықтан Әлихан есімі тек Алашордамен ғана байланысты емес. Ол адам­заттық мәселелерді де көтере білген кө­ре­гендігімен ерекшеленді. Шын мәнінде, Ахмет Байтұрсынұлы болсын, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы болсын, бәрі де Әлиханды ерекше құрметтеп, мойын­даған-тұғын. Егер де оның өз ортасында беделі болмаса, бар қазақ бір партияның төңірегіне бірікпес еді. Бұл уақытта қо­ғамда басқа да саяси ұйымдар болды, мы­салы. Бірақ көпшілігі осы Әлихан Бөкей­ханның жанына  жиналған. Ұлт көсе­мі­нің абырой, беделінің арқасында.
– Әлихан Бөкейханның кейінгіге қал­дырған мұрасы қазіргі шыққан 7 томдықпен өлшен­бейтіні хақ. Оның бір са­ладағы еткен еңбегінің өзі біраз том­дықтарды қаузап ж­а­тыр. Осыдан келе көкірегі  ояу әр  қазақта  мы­­нандай сауал туады: Әлихан Бөкей­ханның жан-жақ­тылығын толық  аша алмай  жатқан секіл­діміз бе, қалай? Ғалымның мол мұрасын  кімнен сұраймыз? Қайдан іздей­міз?
– Қазір 7 томнан да көп еңбек шығып жатыр. Кітаптардың шығуы басқа мәселе. Бірақ осы еңбектерді зерттейтін ғалымдар керек. Ол кісінің өмірбаяны мен ма­қалаларын ғана оқымай, сол кезеңде не сезінді, ол кісінің саяси көзқарасы мен қалыптасуын танытатын қандай еңбектер керек – оны талдап-таразылау бүгінгі күн­нің еншісіндегі шаруа. Сондықтан тұл­ға­ны тек тарихшылар ғана емес, филологтар және әрбір сала мамандары – экономист, географ, биолог болсын, өз ғылымы тұр­ғы­сынан зерттеуі керек-ау.  Бұл кісінің келбетін ашуға қазіргі таңда жан-жақ­тылық керек. Ә.Бөкейханның еңбегі ар­қылы сол замандағы ахуалды танып-біле­міз. Ол айналасы аз ғана уақытта қан­шама еңбек жазып қалдырды?! Бұрын жаз­ған, кейін жазғандардың бәрін саралайтын, тереңінен зертейтін ғалымдар тапшылығы байқалады. Әлихан Бөкей­ха­нның еңбегін және тұлғаны танытатын танымдық еңбектердің жазылғаны жөн деп білемін. Оның өмірбаяны мен мақа­лаларын ғана жинап, онымен шектелуге болмас. Әрине, насихаттап, жас ғалым­дарды да осы бастамаға атсалысуға шақыру керек. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін тіл мамандары жақсы зерттеп жүр. Мір­жақып Дулатұлын да біршама зерт­тедік. Тек қана өмірбаянын тізбелеу емес, ол кісінің қалдырған мұрасында айтылған мәселелердің өзектілігі де талданса деген тілек бар. Кез келген зерттеу еңбегі арқылы біз сол уақыттағы қазақы болмысты тани түсеміз. Сол замандағы қазақтың басынан өткерген тауқыметін түсінеміз. Мысалы, ХІХ ғасырды Абайдың немесе зар заман ақындарының болсын, бас­қа да қаншама мықты ақын-жырау­лардың өлең-жырлары арқылы көзге елес­тетеміз ғой. Демек, ХІХ ғасыр түрлі сала мамандары тарапынан өз деңгейінде зерттелген. Ал ХХ ғасырдың басында Алаш арыстарының еңбегін жан-жақты зерттесек, дәл сол уақыттағы бұлыңғыр, аумалы-төкпелі кезеңдегі қазақтың, со­ның ішінде Алаш зиялы­ларының ролін анық көрсете алар едік. Ал ХХ ғасырдың басы осы күнге дейін, өкінішке қарай, толық зерттелмеген. ХХ ғасыр тұрмақ, тіпті, археологтар ХІІ-ХІІІ ғасырды қаз­балап, мықты зерттеу еңбек­терін шыға­руда. Оларға мемлекет тарапынан арнайы қаражат та бөлініп жатыр. Ал дәл «иек астындағы», тарих үшін тым жақын кезең – 1905 жылдан 1935 жылға дейінгі уақыт жеткіліксіз зерттелген. Бұған ешкімді айыптай алмаймыз. Басқа да саяси-эко­номикалық себептер болуы мүмкін. Егер әрбір маман іздене­нетін болса, қара­жат­сыз-ақ, тапсырмасыз да зерттер еді. Зерттелмей жатыр демеймін. Бірақ тым аз.
– Күллі қазақтың ұлттық мүддесін қор­ғаған Әлихан Бөкейханды әлемдегі өз хал­қының рухани қорғаушысына айналған қан­дай тұлғалармен салыстыра аламыз?
– Жалпы, ХХ ғасырда біртұтас елдің лидері бола алды. Мысалы, ХІХ ғасырда елдің бостандығы үшін күрескен деп ­бәрі­міз ең бірінші Кенесары ханды атаймыз. Мұндай тұлғалар әр елде бар. Найза­ның ұшымен, білектің күшімен елдің намысын қорғап, егемендігі үшін күрескен қаншама арда азаматтар тарихтың қой­науында қал­ды. Әлихан Бөкейхан да әскер құ­рып, азаттық  жолында күрескісі келге­німен, оған мүмкіндігі болмады. Сол себепті де Алаш азаматтары негізінен рухани бекем­дікке мән беріп, елдің көзін ашып, ағарту жұмыстарымен айналысты. Өкінішке қарай, Алаш мұраты – Алаш арманы дер кезінде бағаланбады. Егер Алаш үкі­метінің дегені болса, кезіндегі Ататүрік сияқты ғажап үкімет құруға болар еді.
– Әлихан Бөкейханның биылғы 150 жылдық мерейтойын өз деңгейінде той­лағандай болдық. ЮНЕС­КО көлемінде аталып өтілген мерекеге айналды. Кім қаншалықты үлес қосты? Алашшыл аза­маттың ұрпағы ұлы тұлға алдындағы ұлттық парызымызды өтей алдық па?
– Әрине, өтеген жоқпыз. Оған арнап Астананың төрінен ескерткіш орнатсақ, ол кісіге арналған мұражайлар ашылса, жоғары оқу орындарына есімі берілсе, сонымен бірге, аймақтардағы көшелер мен мекемелерге қойылса, нұр үстіне нұр емес пе еді?! Әлекең туралы көркем фильм, театрландырылған қойылымдар қойылса, барлық мектептерде оның портреті ілініп тұрғанда және бар бала «Әлихан Бөкей­хан» деген есімді жатқа білсе, еңбектері толық жарияланып, ауыл-аймақтағы кітапханаларға жеткізілсе, өзі айтып кеткен өсиеттердің бәрін түсініп, орындай алсақ… Бұл бір жылда жасалынатын шаруа емес. Астана қаласында бір емес, екі үлкен ғылыми конференция ұйымдастырылды. Еуразия Ұлттық университетінде де Әли­хан Бөкейханның  мерейтойына ар­налған шаралар өтті. Алматы қаласында да түрлі конференциялар, арнайы шаралар болғаны белгілі. Қарағанды, Қостанай қалалары мен басқа да шет аймақтар да сырт қалған жоқ. Барша ғалым, университет ұжымы, әкімшілікке шын жүректен разымын. Дегенмен, бұл мерейтойға ға­лымдардың өздері де дайын болмай қалған секілді. Неге десеңіз, барлық конференцияда – бір баяндама. Жаңа, жас ғалымдар келіп, болашақта Алаш тарихын тереңірек зерттер. Өткен конференция­лардың бәрі де өзінше пайдасын тигізер. Жаңа зерттеулер көбейер деген үміт басым.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Маржан Әбіш

ПІКІРЛЕР2
Аноним 09.12.2019 | 21:26

Жаксы

Аноним 09.12.2019 | 21:26

Кум бар

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір