Мөлдір жанның «Мөлтілі»
25.11.2016
3200
0

yrysbekТаяуда Ырысбек Дәбей «Мөлтіл» атты жаңа шығармалар жинағын оқырманға ұсынды. Жаңа кітапты бояуы кебер-кеппестен Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы сүйіншілеп, жұртқа таныстырды. Автордың өзін шақырып, оқырмандармен жүздестіріп, кітаптың «беташарын» жасады. Жас жазушы, белгілі журналист Қанат Тілеухан жүргізген бұл кездесу кешке Құл-Керім Елемес, Серік Нұғыман, Дәурен Қуат, Өміржан Әбдіхалықұлы, Дархан Бейсенбек, Қанағат Әбілқайыр, Қанат Әбілқайыр, Ерғали Бақаш, тағы басқа қаламгерлер, кітап авторының құрметті ағалары мен үзеңгілес достары және оқырман жастар жиналды.


Осы орайда айта кетер бір жәйт, кі­тап­тың беташарын жасағанда көп­ші­лік­тің сөзден тосылатын жөні бар. Кім-кімге де қолға жаңа түскен кітапты оқып үлгермегендіктен, оған баға беру, ол туралы пікір білдіріп,ой айту қиынға соғары ақиқат. Әсіресе, әр сөзіне жауап­кершілікпен қарайтын, өзін-өзі сый­лай­тын қаламгерлер үшін қолға жаңа тиген кітап туралы пікірін алдағы уа­қыт еншісіне қалдыра тұрудың қисыны бар. Мұнымен айтпағымыз, Ырысбектің жаңа кітабын таныстыру кешінде де жаңа туындымен алдын-ала танысқан бі­рен-саран дос-жараны болмаса, көп­ші­лік қалам иесінің жалпы шы­ғар­ма­шылығы, бұған дейін жарық көрген дү­ниелері жөніндегі ойларын ортаға сал­ды. Әлбетте, әр жазбасынан этног­ра­фиялық құндылық, жазу шеберлігі, сөз байлығы көрініп жататын «Әке­лері­міз айтатын әңгіме» эсселер жинағы кө­бірек мақталды. Бұл тұрғыда ақын Құл-Керім Елемес: «Көптеген қаламгер­лер шығармашылығын алдымен өлең­нен бастайды. Қазіргі атақты жазу­шы­лардың басым көпшілігі прозадан бұ­рын өлең жазып, бір-екі өлеңдер жи­нағын шығарып барып прозаға көшкен. Ал проза жазып жүріп, қайтадан поэзия­ға көшкендер жоқ», – деді сөзі арасында.
Расында, солай. Проза тұрмақ, жур­налистикаға, соның ішінде газет журналистикасына барғандардың көбі қо­лына қалам түскеннен өлең жазып бас­тағанын жасырмай айтып жатады. Ал енді поэзиядан прозаға өткендердің қайтып қайырылмайтыны неден? Неге қаламгерлердің көбі жалындап тұрған жас шағында өлең жазып жүреді де, жа­сы ұлғайған сайын қара сөзге көшеді? Неге поэзия жазатындардың көбі егде тарт­қанда жас күніндегідей көп жаза ал­майды да, ал прозадағылар көлемді дү­ниелер жазуға көшеді?..
Бұл сұрақтардың жауабын өмір берсе, алда бір Ырысбек Дәбейдің шығар­ма­шылық тәжірибесіне зер салып-ақ ай­қындай түсуге болады деп ойлаймыз. Әри­не, автор Құл-Керім Елеместің сөзін жоқ­қа шығарып, қайтадан поэзия жаққа ықы­лас қойып кетпесе.
Хош! Сонымен Ырысбек Дәбейдің «Мөл­тіл» атты кітабының селт еткізер тұс­тары қайсы? Көлемі шағын ғана осы кі­тап оқырман үшін жаңалық, олжа бо­ла алды ма?
Алдымен, тоқтала өтсек, жинаққа ав­тордың өзінің соңғы жазған «Аңсар қал­пе», «Бүйрек пен талон», «Жұмыс тап­қан әйел», «Тау басындағы қардың дә­мі», «Самұрықтың зары», «Құрал қон­ған қыс», «Бейбақ» атты эссе-әңгімелері мен «Қарға тамған көз жасы» хикаяты ені­пті. Жалпы, жазушының барлық шы­ғармашылығынан қазақтың кешегі ты­ныс-тіршілігі, салт-санасы жарқырай көрініс табады. Оның, әсіресе, эссе­лерін­де аңызға айналған адамның бірнеше о­қи­ғасы қамтылып, кейде бір адамның бір­­неше жазбаға дәнекер болып жат­қанын аңғаруға болады. Ал жаңа жи­нақтың  жартысынан көбін алып жат­қан «Қарға тамған көз жасы» хи­кая­тынан, ке­рісінше, бір емес, бір­неше прозалық туын­дыға жүк боларлық детальдар бар. Бұл тұрғыда шығарма бай, құнарлы.
«Қарға тамған көз жасы» – жазу­шы­ның кіндік қаны тамған жерге, туған өл­ке мен алып-ұшқан бал балалық ша­ғына деген сағынышынан туған жазба екен. Мұнда автордың жүрегіне өшпес­тей із қалдырған балаң махаббаты, ал­ғашқы жанына азап шектірген ға­шық­тық сезімі, көрген түстей ғана болып өте шыққан, сөйтіп ендігі жерде өткен күннің еншісіне естелік боп енген махаббат хикаясы шебер баяндалады.
Жазушы Өміржан Әбдіхалық айт­қан­дай, «Шын ғашықтық, үлкен махаббат екінің бірінің басынан өтпейді». Ал жігіт болып, жағасын түзеп, белбеу тақ­қанында бойын билеп, қиялын көкке самғатып, бақытты күй кештірген, артынан жанын өкінішке өртетіп, жүрегін жа­ралаған сезімді сәттер Ырысбек Дә­бей шығармашылығы үшін үлкен олжа болыпты.
Шығарманың ең ұтымды тұсы – шы­найылығы, артық бояу қосып, әсі­релемей, нанымды етіп берілгені. Ең бас­тысы, автордың өз басынан кешкені. Хи­каяттағы оқиға оқырманын өзіне сүң­гітіп ала жөнелетіні соншалық, ұзақ уа­қыт бойы оның әсері бойыңды би­лейді. Кейіпкерге, бәлкім авторға жа­ның ашиды. Бірге қиналасың. Содан соң, он бес жылдан кейін балаң махабба­тын бір көрейінші-ақ деп барғанда, әйел­ге тән арлылық сақтап, басқосуға кел­меген бұрынғы сүйген қызының ен­дігі тағдырына бір сәт алаңдайсың.
Әлбетте, өмірде кездейсоқ ештеңе жоқ. Бұл – қаламгер тағдыры. Оның қаламынан осындай тілі бай, сырлы сезімге толы, оқырманын толқытатын тамаша дүние тууы үшін де Құдай оған дәл осындай өзекті өртеп өтетін махаббат хикаясын нәсіп еткен.
Десе де, Құдай адамға, соның ішінде, мықты шығармашылық иесіне  айналуға тиіс пендесіне әр нәрсені қайырымен бе­ретін секілді ғой. Сырым («Қарға там­ған көз жасындағы» жігіттің есімі) шекара асып, Алматыға оқуға кеткеннен кейін, араға он бес жыл салып туған же­ріне барғанда баяғы Ғайшасын көр­генде хикаят осыншалық әсерлі болар ма еді?..
Кітаптың атын қойып берген ақын Жа­рас Сәрсек айтқандай, мөлт-мөлт етіп жас тама жаздап тұрған тұнық көз­дей, мөлдіреген таза жан иесі тудырған бұл кітаптың оқырманның іздеп жүріп оқитын таңдаулы дүниесінің біріне ай­наларына сенім мол.

Назира Байырбек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір