Басқаша ғаламның өзгеше суреті
25.11.2016
2948
0

zeinelkhan«Ұлылардың жүрген жолымен жүрме, бірақ іздегенін ізде» дейтін тәмсіл бар көкейімізде. Сол тәмсілдің нәтін ұққан суретші-кестеші жүр қазақтың бейнелеу әлемінде. Ол – Зейнелхан Мұхамеджан әріптесіміз десек, шығармасы қолданбалы сәндік өнердің шеңберінен шығып, дәстүрлі бейнелеу өнерімен тұтасып, сіңісіп кеткенімен ерекше. «Біз кесте» – халқымыздың өмірімен біте қайнасқан (небір маталарға, сәукеле жиектеріне, бала киімдеріне, көйлек-бешпенттердің жаға жеңіне, арқасына һәм өңір-омырауына, кимешек жағаға, мұрақ, ақ қалпақ, айыр қалпақ, тақия, кәмшат бөріктен тартып, дөдеге, жел-бау, басқұр, киім жапқыш, шымылдық, көрпе жастық, орамал, сүлгі, дастарқан, тұскиіз, белдемше деп тізімі бітпей, шұбатылып кете беретін халықтың өмір бойына тұтынған бай дүние мүлкіне орайын тауып, өз орнымен түскен) төл өнері еді. Біздің дәуірге дейінгі 25-23 ғасырлардан өз алдына бөлініп шығып, одан бергі бесінші ғасырының қойнауынан жеткен Пазырық, Ноин Ула қорғандарынан табылған кесте өнері мата мен тері, киіз бетіне жіп арқылы «сурет» болып түсіп, қауырт дамып, күрт басылып, көбінше бірін-бірі қайталап-көшірмей, замандардың өн бойына ілесіп бүгінге дейін жан созыпты.

904625_101947816673726_471080616_oУақыт жылжып, өзге құнды­лық­тар тұрмысымызға дендеп еніп, кесте тігу өнерінің жасалу, қол­дану һәм тұтыну аясы тарыла бас­тағанда, бейнелеу сахнасына су­ретші Зейнелхан шықты, «біз кес­те» өнерін жаңа бір қырға кө­­те­ріп. Бақсақ – мәнін байытып­ты, жа­салу техникасының көк­жие­гін кеңітіпті. Кеңітумен қа­тар (осы күн­ге қазақтың «мен» дей­тін мық­ты суретшілерінің бар­лығы дер­лік еуропалық салу мә­не­рі­мен өз биігіне жетсе), Зәкең қа­­зақтың байырғы қолөнерін сырт­тан келген бейнелеу әлемінің құн­дылықтарымен синтездеу арқылы өз­геше түрге ендіріп, түпнұсқаға за­лал келтірместен, зау биікке бір-ақ шығарыпты.
Біз кесте әу баста жалпының, әлеу­меттің меншігі болса, заман ау­нап түсіп, ұлттық құндылықтар сұ­рақтардың тезіне түскен шақ­та, жалқының, Зейнелхан се­кіл­ді қазақтың қол өнерінің қа­ді­­ріне жеткен сирек те болса БАР жанкештілердің меншігіне, ав­торлық меншікке айналып ке­ле ме? «Қалпын бұзба, әдісін се­тінетпе, бояуын құрғатпа, әсерін кемітпе» дейтін өткеннің үнсіз айтылған бұйрық райын болмысынан өткеріп.
Мақта жіп, зер, жібек жіптерін сайлап алған соң, тамбурлы кесте, ал­быр кесте, кенебе, қабырға кесте әді­сін білген соң, оң қолына ілмек (қармақ) бізін алған екен, кө­кірегінде тізбек тігіс, шыраш тігіс, тыш­қан із, шынжыр, шым кесте, қой­қусақ пен қиғаш кесте бар екен, жадында жөрмеу, батырып тігу, бұзау тіс, бүрме тігіс, жапсырма, қабырға, қайып тігіс сайрап тұр екен, қайып тігеді екен, тепшу-таң­дай тігісті меңгерген екен, асыл тасты, ақық, зүбәржатты кес­те шіркінге орынымен пайдаланады екен, матасын кергішке тартқан екен, енді не тұрыс десек, алдымыздан көлбеп – дарын мен тал­ғам шығады екен. Зейнелхан суретшіні осы бір бейнетті жол­да (жаңа ғасырдың басында) ерекшелеп, даралап тұрған нәр­се – ең әуелі, осы дарыны мен тал­­ғамы болса керек. Сонан соң «кес­те тігумен тек әйелдер ғана ай­налысады» дейтін стереотипті бұз­ғанында болса керек. (Оның тағ­дырына кестешілікпен қоса, әйел-аналардың пешенесіне жазы­латын сұрапыл шыдамдылықты қоса сіңіруге тура келіпті).
dsc_0032aБіз салған картинамызға бір тер төгіп жетсек, Зекең бес төгіп же­тетін көрінеді. Кескіндеме өкіл­дері жалпақ флейцпен бояуды бірер тартып, шашып-төгіп, әрі-бері ысқылай салып, суретін көр­меге апыл-ғұпыл әкеліп ілсе, бұл су­рет­ші талантпен қабат ептілік, іс­керлік, икемділік, шеберлік, шы­дамдылықпен «қаруланып» алып, біз кестемен шұқшиып, са­рыла отырып, әуен-ырғақтан бір жаңылмай жете ме көрме атау­лыға? Тілімізден кетіп, архаикаға ай­нала бастаған «кестелеп, жиек­теп, өрнектеп, зерлеп, оқалап, өріп, қайып, шалып, күрмеп, шіл­терлеп, жиегіне су жүргізіп» дей­тін сөздердің орнын істе, өз шы­ғармашылығында қолдана ала­ды екен, жүрдім-бардым, кенеп үстінен ойқастай шауып, жеңіл-жел­пі өте алмасы анық. Қақысы да жоқ. О баста осы бір тірмізік жолды таңдап алған да білген мехнат са­парын. Әлімсақтан келе жатқан көне өнерді мәңгілікке жалғай ма, сүйріктей біз кестемен сүмбілдей жіп суырып?
Шығармасына ойыссақ, ым-ишараны да осыннан табасыз. Нә­зік лирика, сағыныш дейсіз бе, бүркеулі жатқан шиеленіс, сти­листикасымен қабыса кетер жұм­бақ сыр да осында. Жүзі нұрлы адамгершілік, жақсыдан ғана нәр сорған бақыттың кішкене әлемі дерсіз.
Катализатор іспетті, көзге кө­­рінбей, сезінту арқылы ғана кар­­тинаны тас түйін қылып көрер­мен­ге жеткізіп тұратын (кез кел­ген суретшінің пешенесіне жа­зыла бермейтін) композиция­ны жетік меңгерген. Оның бірде тап ортадан, бірде қиялай көлбеп, кейде биік­тей жасалған құрылымы, омырт­қа қаңқасы – қашан да дәл та­былып, қылпыта қайралған қо­мағай кездіктің жүзінен шық­қан сәнді бұйымдай сәтімен тә­мам­далады. Қазақтың қолөнер дәс­түрінде бар бұл әдіс-тәсіл қан­мен-генмен келіп Зейнелхан суретшінің шығармасынан сыңарын қапысыз табады.
Қараңызшы, Зейнелханның кесте ырғағы соңына бітпес ою се­кілді өрнек қалдыра зырқырап, кеңістікте шыр айналып әу бас­қа, иесіне оралатын, шірене лақ­тыр­ған бумеранг секілді ә? Сол бітпес өр­нектің ішінде қияли түсте кез болатын кейіпкер де, қобыз шал­ған бақсы, малдас құрған Күл­те­гін, бақыттан басы айналған қыз-жігіт, салт аттылар, әлди көтерген әйелдер, құлыншақпен қосыла жарысқан балақайлар, төрт түлік те өз биін, өз ырғағын тауып, өз мә­ніне ие болып бір тұтас жан ие­сіне айналып кете ме, әлемнің біртұтас екенін қайта-қайта еске салып?
Зейнелхан суретшінің шығар­ма­шылығы әдетте екі кеңістіктен тұрар еді. Әуелгісі – әріден жеткен кө­не кесте. Өрнек. Әлдебір аты бел­гі­сіз ғажап шебердің жасағаны (Жаратқан Иеден «талант» деп ата­лып, пенденің жұлын тұтасына түсіп, жүйкемен жүгіріп, қолынан ағып барып кесте болып төгілген. Өзінікіндей біз кесте ме, жоқ баспа кесте, шекпе кесте ме, ашамай, ой­ма, сырма, бастырма, қапсырма, іл­ме кесте ме, әйтеуір зәумен аман қа­лып, Зекеңнің назарына ілігіп, қан тамыры лүпи соғып, ғұмыры ұзарып сала берген). Көбінше жасалуы, сюжеті, шынжыр текті тігісі ұқсас болып келетін, бірақ назар са­лып үңіліп қарағанға бірін-бірі қай­таламайтын тұтас тұскиіздер не­месе бір фрагменті. Соңғысы жаңағы жәдігердің жығасын қи­сайтпаған күйі сол кестенің үс­тіне түзілген кеңістіктегі адамдар тұлғаcы, жануарлар нақысы. Кө­бінше контур сызықтар болып, әуелгі жазықтықтың ашық кеңіс­тігін «зейнелхан тәсілмен» тол­тырып, сәл бері, бірер мили­метр шы­ғыңқы беделкесте (рельефтене) әдісімен түзілген-тігілген сол екінші кеңістік – Салт атты­лар ма екен, Көк бөрі шығар, Ту ұстаушы бо­лар? Әйтеуір дөңгеленіп, қа­зақ­тың түу көне дәстүрін темірқазық етіп, айнала кезіп, адаспай шыр ай­налады-ай.
«Ту ұстаушы» дегеннен шы­ға­ды, Тамғалы тастарында тап осындай екі заман диалогы бар. Әріде ықы­лым заманғы садақ тартқан адамдар, тау теке, аңшылық суреті бе­дерленсе, беріде оған қарама-қар­сы, тұмар мойын ат мінген, бес қаруы сай түркі, ту ұстаушы бә­­дізделген. Әуелгі суретке еш за­лал келтірмей, қуатын еш ке­міт­пей асқан жауапкершілікпен тас қашаған әріптесіміз за­ман­­дар бейнесін қиыннан қиыстырған. Тап сондай үйлесім Зейнелханның да шы­ғармасынан көрініс береді. (Дәс­түр жалғанды. Өнеге ұшталды). Сол үйлесім арқылы Зейнелхан су­­­ретші әріні беріге жалғап қана емес, «соларға жүріңдер, соның құ­пиясын бірге табалық» дей ме? Осылайша өткеннің бағын ашалық дей ме? Беу, баяғы кестешілердің өз тілі болған, кесте тігушінің көңіл күйін, тұрмыс  тіршілігіндегі ал­ған орнын кестесінен білген екен. Сол, жоғалып, таптырмай кеткен үрдісті іздеп те жүрелік дей ме?
Зейнелхан аппликацияның да қиынынан қисын тапқыш еке­ні көзге түседі. Ескі кестенің бү­лін­ген тұсын кәнігі хирург секілді жө­німен «сылып» тастап, өңін бермеген әлдебір тұсын сәтімен қиып әкеледі де өзінікімен тұтастырады. Жетпей қалған тұсын шебер имитация жасап, жалғастырып барып межесіне жеткізе тежейді. Қазіргі жіптің түсін байырғыша «қартайту» қалай іске асады, бізге жұмбақ.
Тұскиізбен де туыстыра ті­ге­­ді.
Зейнелхан суретшінің шы­ғар­машылық аясында қос заман түйі­седі. Түйісіп отырып, сыр­ла­са­ды. Мұнда алқам да салқам, бей­піл ашық әңгіме жоқ, «былш ет­кізіп жарып айту» және жоқ. Ал­дыңыздан үнсіз жеткен, «бір қа­лыппен желпіп соққан әдемі қоңыр желдей», «көз алмай, тоя ал­май үнсіз телмірткен»1, сыршыл кеңістік, ажырамастай тұтас, кінәратсыз үйлесім кеңістігі ашылады. Қоя берсін салғырттығы жоқ, көңіл күйі шалқыған, жұм­бағы тұ­нып, мұңын тереңге әкеткен бір өңкей бекзат бұйымдар («сурет» десең олқы, «картина» де­сең қисынсыз, қазағыңның қол өне­рі­не теңеу таба алмай қина­ла­сың осын­дайда) шығады.
Тұтас, нұрлы. Үйлесімді.
«Арқасын кеңге салып» дей­тін қазақтың жақсы сөзі бар. Бәл­кім, «кең» дейтін осы шығар, Зей­нелханның кестесі, қазақтың тұс­киізі тұрпатты төрге, керегеге ілінген. Содан болар, қазақтың, со­ған ғана сүйеніп, арқасын кеңге са­лып, мұрты көкке шаншылып, бұрында сөйлейтіні.
Халқымыздың ендігі бейнелу әлемі осы Зейнелхан заман­дасы­мыз­дың шығармалары секілді те­рең  дүниелермен өлшенуі керек-ау…
Қазағының тұрмысында кең қол­данылған өнері екен біз кесте. Зе­кеңнің «ұлылардың жүрген жо­лымен жүрмей, бірақ іздегенін із­дей» жүріп тапқанына көздің сұ­ғы тимесін, қара күйе түспесін деңіз.

1Осындайда Зейнелханның шы­ғармаларын ұлы Мұхаңның сөз сарынымен үндестіре айтқың ке­леді.

Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір