Жолбарыс жортқан далада, таулар да биік көрінер
25.11.2016
1970
0

26-betҚазақ даласында арғы замандарда тіршілік еткен аң-құсымызды түгендеуден бұрын, өткен ғасырдың өзінде сайын даламызды мекен етіп, кейіннен тіршілігін біржолата тоқтатқан жан-жануардың өзін санамалау мүмкін емес. Тек қана бірлі-жарымын мысалға алсақ, ол мысал біздің сөзімізде былай жалғасады:

Сырдария тасбекіресін соңғы елу жылда әлдекім көрді деген дерек жоқ. Алматы облысының Қап­шағай суқоймасында тіршілік еткен қызылаяқ бақаны да соңғы уақытта кездестірдім деген жан баласы табылмай тұр. Мәрмар шүрегей деген құсты да Қазақстан территориясынан кездестірмегелі отыз жылдай уақыт өткен. Қазақ құланының соңғы тұяғы 1930 жыл­­дардың ортасында ауланған. Содан кейін қазақ құланы ізім-ғайым, оны көрдік деген де ешкім жоқ. Еуропа су күзенінің табиғи аймағын Америка күзені басып алған. Бір кездері үстіртте мекен ет­кен қабыланды да соңғы жарты ға­сырда ешкім кездестірмеген. Үстірттен дала өлшемімен айт­қанда, «қол созым жерде» жатқан Иранда қабылан әлі күнге жортып жүр. Бәлкім, Үстіртті құландар кез­се, Үстірт қойлары көбейсе, бө­кендер дүркірей жосқан уақытта қабыландар да қайта оралар. Қы­зылқұм жабайы қойын да біздің өңір­ден әл-әзір ешкім кездестіре ал­май жүргелі талай уақыт өткен. Соңғы Тұран жолбарысы Балқаш көлінің айналасында, Іле өзенінің бойындағы қамыстардан 1948 жылы ауланғанын айтады. Одан бері де жарты ғасырдан аса уақыт өткен, Тұран жолбарысын қазақ даласынан кездестірдік деген жан табылмады.
ҚР Парламенті Сенатында Аг­рарлық мәселелер, табиғатты пай­далану және ауылдық аумақ­тар­ды дамыту комитетінің ұйым­дастыруымен «Қазақстан Рес­пуб­­ликасында биологиялық алуан­түрліліктің сақталуын заң­намалық қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау барысында айтылған тың деректер қазақ да­ласындағы аң-құстың жағдайы әлі де ауыр екенін тағы бір көрсетіп бер­ді. Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев кел­тірген мәліметтерде: «Ресми түр­де омыртқалы жануарлардың 126 түрі, омыртқасыздардың 96 түрі және өсімдіктердің 387 тү­рі­нің жойылып кету қаупі бар. Мы­салы, өткен жылдың мамырын­да ақбөкендер санының 90 пайызға жуығы қырылып қалды. Бұл – эко­логиялық апатқа пара-пар факт».
Қазақстандағы биологиялық алуантүрлілікті сақтаудағы қа­был­данған іс-шаралардың жет­кі­­ліксіздігінен, Қ.Тоқаевтың айтуынша, жануарлардың және өсім­діктердің кейбір түрлерінің то­лығымен жойылып кету қауіпі тө­ніп тұр. Оған қоса, Сенат
Тө­р­ағасы «Қазақстанда соңғы он жылда еліміздің орман қоры тұ­тас­тай алғанда 10 пайызға, Ал­тай орманы 13 пайызға, Іле Ала­тауының тау бөктеріндегі алма бақтары төрттен бірге дерлік
(25 пайызға) қысқарған. Су тең­герімінің бұзылуы, өзендердің лас­тануы Сырдария, Ертіс және Іле өзендерінің экологиялық жағ­дайларының нашарлауына әкеп соқтырып отыр» деген ға­лым­дардың пікірін алға тартты.
Өзінің кіріспе сөзінде Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев биологиялық әралуан­дықты сақтау – әрбір мем­лекеттің, әсіресе, табиғи ре­сурс­тарға бай Қазақстан сияқ­ты ел­дердің өте мұқият қорғауға жа­татын маңызды ұлттық мүд­­­делерінің бі­рі екенін атап өтті. Қ.Тоқаев ха­лықаралық қауымдастық жоғалып бара жатқан биологиялық әр а­луан­дық мәселесіне баса назар ау­дарып отырғанын айтты.
БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі ке­зеңге арналған орнықты даму саласындағы жаңа бағдарламаның басты бағыттарының бірі биоло­гия­лық алуантүрлілікті сақтау жә­не оны жоғалтпаудың алдын алу мәселесіне арналған. «Біз та­биғат пен қоршаған ортаны қор­ғауға бағытталған көптеген ха­лықаралық конвенцияларға қосылдық, – деді Қ.Тоқаев. – Жуырда Парламент Сенаты қоршаған ортаға шығарылатын қоқыстарды қысқарту мен климаттың өзгеруін алдын алуды нығайту жөніндегі бірқатар шараларды қамтитын Париж келісімін ратификациялады». Қ.Тоқаев біздің елімізде қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурс­тарды ұтымды пайдаланудағы мем­лекеттік саясатты іске асы­ру­дың тиісті заңнамалық базасы қалыптасқанын еске салды. Қ.Тоқаев тиісті мемлекеттік ор­ган­дар Мемлекет басшысының ті­келей тапсырмасынан кейін ға­на ақбөкендердің жаппай қы­рылуының бастапқы се­беп­терімен егжей-тегжейлі айналыса бастағанын еске салды. Се­нат Тө­ра­ғасының пікірінше, био­ло­гиялық әралуандықты сақтау мәселесінде біздің елімізге жаңа көзқарас қажет: «Ең алдымен, биологиялық әралуандықтың ком­поненттерін сақтауды және тұрақты пайдалануды ынталандыратын экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан нақты шаралар қажет». Қ.Тоқаев: «Жануарлар мен өсімдіктерді шығыс медицинасында пайдаланатынын айтып пайдакүнемдікті көздейтіндерге табиғи байлықты беруге болмайды. Қазақстанның флорасы мен фаунасын шетелге шығаруды жедел тоқтату керек», – деді. Тыңдау барысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов не­гізгі баяндамасын жасады. Ол сенаторларды биологиялық әралуан­дықты сақтау және оны тиімді пайдалану, сондай-ақ, Қа­зақстан Республикасының «жа­сыл экономикаға» көшуі жө­нін­дегі министрлік қызметінің ба­сымдықтары туралы хабардар етті:
«Орман саласын қолдау және сауықтыру бойынша бірқатар шешімдер қабылданды, олардың ең бастылары  бөрене ағаштардың экс­портына тыйым салынды (2004 ж.) және сексеуіл орманда­рында ағаш кесудің барлық тү­рі­не мораторий жарияланды. Қыл­қанжапырақты ормандарда са­нитариялық мақсатта және өр­тенген орман ағаштарын кесуге тыйым салу мәселесі қа­рас­­­тырылуда. Сонымен қатар, табиғи қалдықтарды да қолдануға тыйым салынды. Сауда орындары мен жанар май құю бекеттерінде сексеуіл сатылуына тыйым салу жөнінде шаралар қолданылуда. «Семей орманы» резерватында Орта Азия елдеріндегі бірден-бір – жылына 3 млн. дана тамыр жүйе­сі жабық көшеттік материал өсіретін заманауи орман кешені салынды,  ол ең алдымен, жалды ормандарда көшеттік материал­мен қамтамасыз етуге және ор­ман­дарды молықтыру көлемін ұлғай­туға мүмкіндік береді.
Одан бөлек, екі 2007 жылы (Көк­шетау) және 2011 жылы (Алматы) селекциялық орталықта көбейтілуі қиын (карель қайыңы, арша, жөке ағашы, Сиверс алмасы және т.б.)  ағаш және бұталарды микроклондық әдіспен көбейту зертханалары жұмыс істеуде. Бүгінгі күнге дейін 200 мың дана көшеттер шығарылды.
Осы және басқа да атқарылған іс-шаралар ормандардың жай-күйіне, алқабының көбеюіне әсер етті. Мәселен, 2010 жылдан 2015 жылға дейін орманды алқаптар 369 мың гектарға ұлғайып отыр.
Жабайы тұяқты жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлері мен киік­терді сақ­тау және олардың санын қал­пына келтіру бойынша жұ­мыстар жүргізіліп жатыр.
Алаңдаушылық туғызатын бас­ты нысандардың бірі – жабайы дала антилопасының біре­гей түрі ақбөкен киік болып та­бы­ла­ды, оның дүниежүзілік та­ра­лы­мының 95% Қазақстан ау­мағында мекендейді
Киіктер қорғауды ұйым­дас­тыру нәтижесінде олардың са­ны 21 мың бастан 295 мың бас­қа дейін көбейтілген болатын. Бі­рақ өкінішке қарай, 2015 жылы киік­тердің қырылып қалуы орын алып, үстіміздегі жылы есепке алу қорытындылары бойынша олар­дың саны шамамен 108 мың бас­ты құрады
Қырылу себебі жұқпалы ауру – пастереллез болды. Жаппай өлім-жітімге ұшыраудың мұндай оқиғалары бұдан бұрын да орын алған.
Киіктер санына браконьерлік фак­тілері де әсер етеді. 2010-2016 жы­лдары киіктер атудың, олардың мүйіздерін сатып алудың және сатудың 318 фактісі тіркелді.
Қорғау шараларымен қатар, жануарлар дүниесінің өсімін жасанды жолмен көбейту жүзеге асырылуда. Жобалық қуаты жылы­на 5 мың құс өсіріп, табиғатқа жіберуге жететін Жек дуадақ  өсіру орталығы осыған мысал бола алады. Орталықтың жобалық қуа­тын жылына 15 мың басқа дейін ұлғайту жоспарлануда.
Соңғы жылдары барысқа мо­ниторинг жүргізу үшін фо­то­тұзақтарды кеңінен қолданатын болдық, олардың нәтижелері осы аң­ның санын есепке алу кезінде пай­даланылады
Жабайы құстардың кейбір түр­лерінің саны азайып (мәселен, 2014-2015 жылдары үйректер саны 2,0 млн. дараққа азайған), қайта аң­шылар саны көбейіп, сондай-ақ браконьерлік саны өсіп бара жат­қан бүгінгі күн жағдайында көк­темде аң аулауға тыйым салу жә­не суда жүзетін жабайы құстың бір алудың тәуліктік нормасын бір аңшыға шаққанда 5 басқа дейін шектеу мәселесі туындап отыр.
Кез келген түрді көктемде аулау ұя салу процесін күрт бұзып, тиі­сінше жабайы құстардың та­би­ғи өсімін молайту деңгейін тө­мен­детіп жіберетін қатты алаң­дау­шылық факторын туғызады.
Жыл құстарын көктемде ау­лауға тыйым салу бойынша тиіс­ті бұйрық қабылданғаннан кейін Министрлік Қазақстанның бас­та­машылығын көршілес елдердің қол­дауы жөнінде ұсыныс жасайтын болады.
Қазақстанда балық ша­руа­шы­лығы суқоймаларының жалпы аумағы 3 млн. га-дан астам. Рес­публикамызда 200-ден аса суқоймасы, 48 мың көл, 39 мың өзен мен мерзімдік жылғалар бар, олар­дың 20 халықаралық және рес­публикалық маңызы бар. Ал 2787 – жергілікті суқоймалары.
2015 жылы аң шаруашылығы өнім­дері экспортының 50 пайызы ба­лық өнімдеріне тиесілі болды. Экспорт сомасы соңғы жылдары
80 млн. АҚШ долларына дейін жет­ті. Маңызды экологиялық мә­селе бекіре балықтарды сақтауға байланысты туындап отыр», – де­ген А.Мырзахметов ормандарды қор­ғау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесінің қызметі, си­рек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар мен ба­лықтарды санын қалпына келтіру жұ­мыстары жөнінде егжей-тег­жей­лі айтып берді. Тыңдау ба­ры­сында Білім және ғылым ми­нистрлігі «Ботаника және фитоинтродукция институты» РМК бас директоры Гүлнара Ситпаева, Білім және ғылым министрлігі «Био­логиялық қауіпсіздік мәсе­ле­лері ғылыми-зерттеу инс­титуты» РМК бас директоры Абылай Сан­сызбай, Шығыс Қазақстан об­лысы әкімінің орынбасары Дүй­сенғазы Мусин, Ресейдің Дү­ниежүзілік жабайы табиғат қо­ры (WWF) директоры Екатерина Воробьева (Мәскеу қаласы), Қазақстандағы Биологиялық әралуан­дықты сақтау ассоциация­сы директорының орынбасары Сер­гей Скляренко, Қазақстандағы биоәралуандық жөніндегі БҰҰ даму бағдарламасы жобасының ұлт­тық үйлестірушісі Талғат Кер­тешев сөз сөйледі. Депутат Жабал Ерғалиев Қазақстандағы ор­ман­дардың жойылып бара жатқаны жә­не бағалы дәрілік өсімдіктерді аяу­сыз пайдалану мәселелеріне на­зар аударды. Атап айтқанда, кеден органдарының мәліметінше, 2011 жылы Қазақстаннан 4220 тон­на мия тамыры, 2012 жылы оның 17121 тоннасы, тек 2013 жыл­дың 6 айында 9332 тоннасы шет елге шығарылған. Басқа мемле­кет­терде бұл өсімдік жойылып кетуге шақ қалды, соған байланысты Қытай, Иран және басқа да елдерге ол ауқымды көлемде жі­берілуде. Сенатор Дариға Назарбаева биоәралуандықты сақтауды бюджеттік қаржыландырудың шек­теулі мүмкіндіктерін ескере оты­рып, осы саладағы міндеттерді ше­шу аясында мемлекеттік ор­гандардың, ғылыми-тех­никалық инс­титуттардың, сондай-ақ, мемлекеттік-жеке­меншік әріп­тес­тіктің жауапкершілігін дәл анықтау туралы ұсыныс айтты. Пі­кірсайысқа сенаторлар Ақан Бижанов, Нұрлан Қылышбаев, Бекмырза Еламанов, Қайрат Ищанов, Икрам Адырбеков, Мұ­ратбай Жолдасбаев, мем­ле­кеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты. Жиынды қорытындылай келіп, Сенат Төра­ғасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрлігі мен халықаралық ұйымдарды биоәралуандықты сақтау жө­нін­дегі жұмыстарды белсенді жалғастыруға шақырып, сондай-ақ, осы мәселені Сенат бақылауда ұстайтынын және мемлекеттік маңызы бар салаға заңнамалық тұр­ғыда қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Қарагөз СІМӘДІЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір