САҒЫНЫШ СИМФОНИЯСЫ
25.11.2016
1821
0

Жұмекен НәжімеденовОл бізден соншама алыс.
Ол бізге соншама жақын.
Жол қашықтығы қас-қағым сәт.
Ал ой алыстығы ше? Мына та­мыры тынымсыз бүлкілдеп жат­қан жұмбақ дүниені қапысыз тану, табиғи болмысты өз көзімен көру, алақұйын сезім ағымын те­жеп, ой қалыбына құю, уақыт­ша­лықтың алаөкпелігін мәң­гі­лік­­тің салқын сазында суыту, көр­­кем көрінемін деп, әлем-жә­ле­мі шыққан мына бедеу тірліктің анық бәсін айыру, міне, шынайы қа­ламгердің жыр тұлпарына сі­ле­кейлеп тағар тұмары – осы.


Рахымжан ОТАРБАЕВ


Жұмекен Нәжімеденов – Абай атамыздан кейін талайдың жү­регі дауаламай қойған осындай ой философиясын ашық игер­ген, айқын бағындырған тұл­ға.
Көп болған қандай жақсы?! Тас та айналасына таудың туыс­қа­нымын деп айбат шекпей ме? Сел­діреген тоғай да қалың ор­ман­­ның жұрағатымын деп жатпай ма?
Ал жапанда жалғыз түбір біт­кен даралық ше?
Ой жалғыздығы ше?
Баяғы Григорий Распутиннің бір сөзі бар. «Мыслями с богом, а те­лом-то с людьми» деген. Шегіп айт­қан иманды сөз.
Жұмекен аға:
«Қасиетіңді сезгенменен, қа­дау шың,
Қасіретіңді ұға алмадық, жалғыздық», – десе, қасиетпен қатар қасіреттің қа­наттас жүретінін, оның да бақ пен сордай, жоқ пен бардай ен­ші­лес екенін ерте түсінгеннен.
Осыны сезіну және баһи дү­ние­­ге өткенше сол бір қасиетті серт­­тен айнымау қандай құдірет­тілік! Ақ қағаз бетіне әр әріпті ада­лынан түсіріп, әпитектей әс­пет­теп өту неткен ерлік!
Алланың құлы ретінде иманы бұйырды.
Ақындықтың ұлы ретінде жи­­ғаны бұйырды Жұмекен аға­ның!
… Сол Алматы әлі күнге менің көз алдымда. Күз еді. Сары ала жа­­пырақтар сағыныштай боп тө­беңнен жауып тұратын. Жас едік. Ақыл аз да, арман көп еді. Қа­зір ғой, ақылдың көбейіп, ар­манның азайып кеткені. Абай даң­ғылындағы Баспалар үйінің ал­дында Жұмекен ағаны тосып тұр­дым. Айналаңды үйіріп майда са­­мал еседі. Тентек бураның өр­кеш жүніндей шашым үрпиіп, жан-жағыма алақ-жұлақ қарай­мын.
Жалғыз өзі келе жатты. Үстін­де қоңыр барқыт бешпенті, шашы иығына төгіліп, сабырлы жүзі, ой­лы көзіне сәл-пәл мысқыл жү­гір­ген. Қазір бір құрдасына уытты әзіл айта қоятын сынды.
Қазақы аман-саулықтан соң бойыма көз тастап үнсіз қалды. «Көңілі толмады-ау» деп ойладым. Аузы берік кісі еді ғой, «Отыз жылдан соң Қошалақтан бір бала келген екен ғой, – деді үміт үздіріп барып. – Жүре ғой ме­­німен бірге…»
Аға алға түсті. Сары ала жа­пы­­рақтар жауып тұр. Күз еді. Жұ­­мекен ағаның айналасында ал­­тын шуақтар үйіріліп бірге ке­тіп бара жатты. – Жүре ғой ме­ні­мен бірге…
Ол жалқы еді. Жырда да, мы­на жарапазаншыл әлемде де. Са­­бырдан қалған жалғызды жет­кізем деумен өткен атасы жайлы «Мені өсірді қолда бар биігіне көтеріп» десе, бұл – имандай сыр. Шықылықтаған қоңторғай тір­лік, сүйегіңді үңгіген зар, кү­дер­дің үшбұрышты майдан хаты, кө­рерің – шолақбелсенді атанған ақ­сақ, тоқсақ, саңырау, соқыр. Ел нәпақасы – жалғыз сиырдың айраны, жалғыз қатынның ай­қайы. Осы көріністің бәрі-бәрі кейін­нен Жұмекен қаламына құ­діретті суреттер боп құйылды. Ға­жайып образдар боп бірікті. Ке­реметтері келісім боп кірікті.
Мұның бәрі кәдімгі қазақы қара өлеңнің құшағына сыймай, Жұмекенге тән стильді қалып­тас­тырды. Мұнда Гетенің сурет­кер­лігі, Блоктың күрделілігі, Уит­меннің тереңдігі жатты.
Сол заманның өзінде:
Балағынан бастайды
құр­та­тындар халықты,
Шабағынан бастайды
құртатындар балықты,
– десе, бұл бүгінгі жанайқай боп ес­тілмей ме?
Ел мен жер тағдыры, кешегі мен қазіргінің тайталасы, ұлттық болмыс пен бояу, ата салт пен ана дәс­түрдің келешегіне елең қаққан ақынның кірпігі қамаспас. Осылай он ойланып, жүз толғанып кеп:
Ақылдыға қайғы алдырсам деп едім,
Ақымақты ойландырсам деп едім, – деп тербеледі.
Иә, бір ақымақтан жүз ақы­мақ туады. Бірақ бір данышпаннан жүз данышпанның тумайтыны несі?! Сұрағы көп, жауабы аз дүние сыры – осы.
Көктемде көктеп, жаз қурап,
Жапырақ атын ақтадың.
Құлағынан басқа құны жоқ,
О, менің ақымақтарым!
Бұл табиғат лирикасы ма? Жо-жоқ. Бұл заттанып, тұлға­ла­нып кеткен ой түйіні еді. Астары қан­дай айшықты?! Мірдің оғын­дай мергеннің сөзі деген осы!
Абай жазды ақ көңілін дәптер ғып,
Қасым жазды, жүйрік деген ат бердік.
Ал сен кімнің рөлінде ойнайсың?
Арзан, арзан, арзан, арзан актерлік, – деп ақын бірде айбаттанса, бір­де «Лай судың-ай, қуын-ай, қуын-ай» деп шарасыздыққа ұры­нады.
Тіпті жүрегі елжіреген махаббат жайлы жыр жазуды Тұманбай құрдасына еншілегендей, өзі ол тақырыпқа аттап баспайды. Тек анда-санда ғана бір тұмса сезім бас көтерсе, онда да:
«Қызды еске алу –
бұ күнде о да ескі ұғым,
Ауыл барған сапарда сұрастырғам,
Алып қашты бір жынды деп естідім», – деп күрең қыз жайлы күрең мұң­ды жамыратып қоя береді.
«Ойлы адамға қызық жоқ
бұл жалғанда,
Көбінің сырты бүтін, іші түтін», – деп Абайдан қалған қысыр дәме, жесір мұң, данышпаннан қалған уайым Жұмекен ағаны айналып өтті дейсіз бе?
Ал Нәжімеденовтің «Күй кіта­бындай» тұтас, дәулескер ұлы тұлғалар мен олардың өнердегі орнын жырмен еншілеген бедерлі кітап бұ қазақта сирек.
Жалпы, Жұмекен жырын екі үлкен кезеңге бөліп қараған абзал.
Бірі – жетпісінші жылдардағы прозаға келгенге дейінгі кезең.
Екіншісі – прозадан кейінгі шығармалар.
«Сюжеттері пышыраған мен де жаздым үш роман» деп өзі айт­қандай, Нәжімеденов прозасы – оның жалпы прозадағы енгізген жаңалығы, ащы юморы, суреттеу тәсілі, көркемдік келбеті, оқиға­ларды беру әдісі – арнайы зерттеуге, бір емес, бірнеше монография жазуға татырлық еңбек. Ұлы суреткер Тахауи Ахтанов ағаның «Әттең, Жұмекен романдары өз бағасын ала алмай барады» деп өкін­гені бар.
Иә, біз тірлікте бір-біріміздің қа­дірімізге жеттік пе, бағамызды біл­дік пе? Махамбет ақын айт­қан:
«Қазанат, сені сақтадым,
Құлағың сенің серек деп.
Азамат, сені сақтадым,
Бір күніме керек деп…» – деп.
Ал біз шын мәнінде Жұмекен поэ­зиясының өзін түсініп, талдап болған жоқпыз. Тек тамсанамыз.
Поэзия піріндей Әбділдә Тә­жібаев «Жұмекен – біздің ендігі ашылар алтын сандығымыз» деп кеткен. Сол алтын сандықты ай­қара ашпадық. Әлі қызықтаумен, құмартумен жүрміз.
Иә, Жұмекен аға десек, алдымен аузымызға «Менің Қазақ­ста­ным» әні ілінеді. Бұл ақынның төл стилі емес, тек ән мәтіні. Бі­рақ әуенмен біріккенде ғажайып құ­діретке ие боп, кеудеңе нұрлы бұ­лақ құйылып сала береді. Қа­раңыздаршы, «МЕ-НІҢ ҚАЗАҚ-СТА-­НЫМ!».
Өмірде қызық та қимас тағ­дыр­лар бар. Жалпы, тірлікте кез­дейсоқтық жоқ, бәрі де Алла­ның әмірімен десек, Жаратқан ием осылай ұйғарғанын пәнде ба­сымызбен мойындауға зарлымыз.
Қошалақтан қоңыр мұңын, қоңыр домбырасын қолтықтап ат­танған Жұмекен аға Алматыда аз-кем аялдап, Қарағандыға аттанады. Сол тұстағы замана даусы, қоғам шақыруына үн қатып, «Мен де шахтер боламын» дейді. Сөйтіп, маңдайына болашақтың бағдаршамын қадап көмір үңгі­ді.
Ал осы әннің елұран болуына бірден-бір тілек қосқан, сөз қос­қан, тең авторы атанған Нұрсұл­тан
Назарбаев болса, дәл сол жылы қол­созым Теміртауда домна пе­ші­нің мың градустық қызуына шар­пылып, темір балқытып тұр­ды.
Шәмші аға ше? Ол жылдары сонау Сахалиннің қырында, Таш­кенттің ойында, Алматының бойында бір қарыс мандолинасын сыңғыр қақтырып, сырға тақтырып, әнмен елітіп, аршын төстің ар жағында арам жүрек жа­татынын білмей аңқылдап жүр­ген шағы еді.
Бес мың жылдық тарихы таңбаланған Қытайды кем дегенде, елу мың император билеген шы­ғар. Бірақ бірде-біреуі өзге ел жа­дында қалмады. Ал бойы сы­рықтай, маңдайы кереқарыс, он екі тал сақалы бар Конфуций де­ген данышпанды жарық дүние та­ныды. Билеуші емес, әмірші емес. Не үшін дейміз? Мынау күң­гірттеу дүниеге ақыл-нұрын, жүрек жылуын, жанының жа­ры­ғын сепкені үшін. Президент «Елім менің» деп тебіренсе, «Үш­қоңырым» деп шалқыса, «Менің Қа­зақстаным» деп айбаттанса, мұ­ны тегіннен-тегін дейміз бе? Әлде мемлекеттің мың қаралы шаруасы тұрғанда оңаша сәт тауып, өлең жазатыны еріккеннен бе? Жоқ. Бұл – қазақы қанда бар асыл қасиет. Туабітті тектілік.
Иә, Жұмекен аға!
Кісілік пен түсініктің қамшы сал­дырмас ақ жорғасындай боп бұл пәниден сіз де өттіңіз. Болмасты болдырам деп, қолтығынан жел гулеп, шауып жүрген біз де өтер­міз.
Сіз мынау жарық дүниемен «Менің топырағым» атты бір томдық өлең жазып бақұлдасып едіңіз. Мұндай асыл қазына әлі күн­ге қазақ поэзиясы маңдайына бітпеген құбылыс еді. Өз топыра­ғыңызды өзіңіз жамылғандай болдыңыз.
Бір шындық бар. Абайдың ба­сына сілтенген сойыл қалған ақын­дарға да тиген десек, қиянат бо­лып шығар еді. Жоқ. Олар ай­та­рын айтып өткен. Бәлкім, ай­ғыр шабысқа түсіп, айналасын даң қылатындар, қолы жыбырлап, аузы күбірлеп, пайда қуа­тын­дар, «Қараңғы қазақ көгіне өр­мелеп шығып Күн болам» де­ген­дер жолын кес-кестеген шы­ғар. Бірақ арналы асау өзендей Қа­­сымдарға, Жұмекенге, Мұқа­ға­лиларға тосқауыл қою мүмкін емес еді.
Нәсіп апаның есінде шығар, ағаның бір қолапайсыздау тігіл­ген қоңыр қоян бөркі болды ғой. Соны Алматының ЦУМ-ынан бірге барып алғанбыз. Ағам әрі-бері бөрік таңдайды, бірақ ешбірі жараспайды. Сонда айтып едім: – Аға, ақылды басыңызға ақымақ бөрікті киіп қайтесіз, – деп.
Сондағы ағаның нұрланып күл­­гені әлі күнге көз алдымда. Құд­­ды сурет боп басылып қал­ған.
Мынау бәтуасыз дүниенің өсек-аяңынан безінген Пушкин:
«Мы – вольные птицы, Пора, брат, пора» деген жоқ па?
Әулие Абай «Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да» деді.
Сайранға да, ойранға да қатар кір­ген Есенин болса, «Не жалею, не зову, не плачу» деді.
Қасым Аманжолов «Қайда екен, қайда, Дариға сол қыз», – де­ді.
Жұмекен Нәжімеденов «Ар жағында ұлы ызғар сезіліп тұр,
Жылтырайтын дүниенің беті ғана», – деді.
Мұқағали Мақатаев болса, «Жапырақ-жүрек, жас қайың,
Жанымды айырбастайын», – деді дәрменсіздікпен қол созып.
Жарасқан Әбдірашев «Өмір деп өрекпіген жүрегімнің
Жан даусы жаңғырығып жатар сенде», – деді.
Осы өлең тармақтарының қай-қайсысында да мәңгіліктің, ба­қи дүниенің салқын сызы бар.
Жаныңды түршіктіретін, екі айналуға келмейтін бетбұрыс бар. Иә, олар бәрін білді, олар бә­рін сезді.
Ең соңғы рет ағамен екінші мәр­те инфаркт соғып, ауруханаға түскен сәтінде жүздескенмін. Екі адамдық жайлы бөлме. Қасында қазақтың бір көпей шалы жатыр. Ағайдың жүрегі, ал шалдың бүй­регі науқас.
Жұмекен аға айтты: «Маған жүрек­тің шіли қымбат дәрілерін бе­реді. Көбін ішпеймін. Удай ащы. Көпшігімнің астына тығып тастай беремін. Әлгіні мына шал ұрлап жеп қояды. Тіпті рахат бол­ды», – деп. Сосын мәз боп риясыз бір күлген.
Сол жолы жазған өлеңі емес пе?! «Дәрі-ғұмыр бара жатыр дөң­гелеп» деп. Дөңгеленді ғой дү­ние, аға, дөңгеленді ғой…
…Сол Алматы әлі күнге менің көз алдымда. Күз еді. Сары ала жа­пырақтар сағыныштай боп тө­беңнен жауып тұрған. Жас едік… Жазушылар одағынан шы­ғып, Жұмекен аға жалғыз өзі бара жатты. Соңында ұлардай шулаған халқы. Бұ жолы: – Жүре ғой мені­мен бірге, – демеді. Кеңсайға бет ал­ды. Бізге қай сай бұйырар екен?! Балғын жүрегім қан жылап тұрып, сонда мына бір сыңар ұй­қастарды жазған едім:
– Жұлдыз болып кіріп
сіздің жүрек­ке,
Жылан болып шағып алған
немене?
– Ақын болып кіріп
сіздің жүрекке,
Айдаһар боп ойран салған
немене?
– Қыран құстай қолға
қонып отырып,
Өз бақытын шоқып кеткен
немене?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір