Ғұламалар кеңесі
25.11.2016
1962
0

ershat-ongarovЕршат ОҢҒАРОВ,
ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің хатшысы, теолог, Ph.D докторы


Кейінгі жылдары елімізде ұлтымыздың салт-дәстүрлерін тәрк етіп жүрген жат ағымдар көбейді. Олар діни сауаты аз азаматтарды өздеріне ілестіріп, ата-баба жолынан адастыруда. Қоғамдағы тағы бір мәселе – торқалы той, топырақты өлімдегі жөн-жоралғылардың түрлі сипатқа еніп, әр жақта әртүрлі атқарылатыны. Осы мәселеге ден қойған Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы жуырда «Ғұламалар кеңесін» өткізіп, өлім жөнелту рәсімдерін бірізділікке келтіру мен қоғамда орын алған басқа да мәселелерді талқылады. Осы орайда біз ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің хатшысы Ершат ОҢҒАРОВТЫ әңгімеге тарттық.

 – ҚМДБ-да «Ғұламалар кеңе­сі» бар екенін көпшілік біле бер­мейді. Бұл кеңестің міндеті, мақ­саты қандай?
– Ғұламалар Кеңесі Қа­зақ­стан мұсылмандары діни бас­қар­масының төрағасы, Бас мүф­ти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен 2013 жылдың 25-желтоқсанында құрылды.
Бүгінде Ғұламалар Кеңесі қо­ғамдағы түйткілді діни мә­се­ле­лерге дер кезінде түсінік беріп, ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімі шығарған пәтуа­лар­ды қабылдап, ауқымды жұ­мыс атқарып келеді. Еліміздегі ис­лам діні мен руханияттың да­муы­на Кеңес жұмысы сүбелі үлес қосып отыр.
Ғұламалар Кеңесі (Кеңес) – Қа­зақстан мұсылмандары діни бас­қармасы жанындағы діни-ғы­лыми мәселелерді шешумен ай­налысатын консультативтік-кеңесші орган.
Кеңесті құрудың мақсаты мен міндеттері көп. Ең маңыз­ды­ларына тоқталатын болсақ, Кеңес Ислам негіздеріне сүйене оты­рып, қоғамдағы мұсылман­дық ұстанымға қатысты туындап отырған өзекті мәселелер бойынша пәтуа шығарады. ҚМДБ-ның жалпы қызметі жүйесі және оның имамдары қыз­метінің негізгі бағыттарын зерттейді. Исламды жағымсыз жа­ғынан көрсететін, теріс идеяларды, діни фанатизмді уағыз­дай­тын аудио, бейне және баспа ма­териалдардың таралуына тос­қауыл қою шараларын ұсынады. ҚМДБ жанындағы имамдардың біліктілігін арттыру институты, Жоғары оқу орындары, ҚМДБ мед­реселері мен мешіттер жа­нын­дағы сауат ашу курстарының бағдарламаларын жетілдіруге ұсы­ныстар енгізеді.
Қазақстан мұсылмандарына ақ­параттық және кеңестік көмек беру, діни жоралғыларды біріз­ді­лікке түсіру мәселелерін талдау және ұсыныстар енгізу, тұ­жы­­рым­дама қабылдау, Мұ­сыл­ман жа­мағатының қажеттілігіне бай­­­­ланысты елді мекендерде са­лынатын мешіттер бойынша пі­кір білдіру сияқты т.б. мәсе­ле­лер Кеңестің негізгі міндеттеріне жатады.
Сонымен қатар, Кеңес Ис­лам­ның негіздерін, шариғаттың ере­желерін бұрмалауға, діна­ра­лық араздыққа, мемлекеттік ор­гандар мен діни бірлестіктер ара­сындағы қақтығысқа, ұлта­ралық кикілжіңдерге алып ке­ле­т­ін пікірлер және шақыру­лар­ды болдырмау мақсатында ел­дегі мұсылмандық ұстаным жағ­дайына алдын ала талдау жа­сап, ұсыныстар енгізеді.
– Жақында осы кеңестің оты­рысы өтті. Онда қаралған мәсе­ле­лер туралы тарқатып айтып өт­сеңіз…
– Иә, осы жылдың 17-19 жел­тоқ­саны аралығында Алматы қа­ласында Кеңестің XIV-оты­ры­сы өтті. Отырыстың күн тәр­ті­бінде «Жаназа», «Дін мен дәс­түр-ІІ» кітаптарын баспаға ұсыну, «Мұсылман әйелдің бей­несі» құжатын бекіту, «Мем­ле­кет­тік рәміздерге құрмет көр­се­ту­дің үкімі», «Спираль қоюдың үкі­мі» пәтуаларын талқылау жә­не бекіту, «ҚМДБ мешіт­тері­нің ішкі тәртіп ережесі» құжа­тын қабылдау сияқты өзекті мә­селелер қаралды.
Кеңестің кезекті отырысында «ҚМДБ мешіттерінің ішкі тәртіп ережесі» талқыланып, бі­рауыздан бекітілді. Бұл мешіт ішіндегі тәртіпті реттеуге ықпал ете­тін өте маңызды құжат. Ере­же­де мешітке келушінің негізгі құ­қықтары, мешітте жасауға тыйым салынған әрекеттер, ме­шітке келушінің міндеттері же­ке бөлім ретінде қамтылған. Со­нымен бірге, ҚМДБ мешіт­тері­нің ішкі тәртіп ережесі дін қыз­меткерлері мен мешітке келу­шілерге байланысты көп­те­ген мәселелерді қадаға­лай­ды.
Аталған Ереже – Қазақстан мұ­сылмандары діни басқармасы ме­шіттерінің ішкі тәртіп ере­же­лерін анықтайтын негізгі нор­ма­тивті акт болып есептеледі.
«Ереже мешітке келуші әр адам­ның негізгі құқықтары мен міндеттерін анықтауды, діни се­нім бостандығы құқығын қор­ғауды, сондай-ақ діни қыз­метке байланысты басқа да мә­селелерді реттеуді, халықтың мә­дениеті мен рухани өмірін да­мытуда Ханафи мазхабының та­рихи рөлін мойындауды, Қазақстан Республикасындағы кон­фессияаралық келісімнің, ді­ни төзімділіктің және азамат­тар­дың діни нанымдарын құр­мет­теуді негізге алады», – делін­ген.
Қазіргі кезде мешіттерде имам­ға бойсұнбай, бүлік шы­ға­рып жүрген жат ағым өкілдері бар. Мешіт жұмысын жүргізіп отыр­ған имам мен жамағат ара­сын­да ынтымақтастық, бауыр­мал­дық байланысқа негізделген бе­рік тәртіп болу керек. Осы тұр­ғыда және ел ішіндегі жалпы ді­ни ахуалдың тұрақтылығын нығайтуда Ережеде аталғандай Ханафи мазхабының тарихи рө­лін мойындау негізгі тұғыр деп білемін.
– Мұсылман әйелдің бейнесі ту­ралы қандай пәтуаға тоқтал­дыңыздар?
– Ислам діні әйелдің қо­ғам­дағы орнына ерекше мән береді. Осы тұрғыдан алғанда мұсылман әйелдердің күнделікті тұрмыс пен отбасы тәрбиесіндегі рөлі, олар­дың қоғамдағы орны мен қыз­метін арттыру маңызды мә­се­лелердің бірі болып саналады.
«Отан – отбасынан басталады» дейді дана халқымыз. Ал от­басының негізі – әйел. Сон­дық­тан да мұсылман әйелдің бей­несін қалыптастыру өте маңызды.
Кеңестің отырысында «Мұ­сылман әйелдің бейнесі» атты концептуалды құжат талқы­лан­ды. Құжатта имандылық, білім алу, кішіпейілділік, ата-анаға жә­не отағасына бойұсыну, іс­кер­лік, еңбекқорлық, көркем мі­нез-құлық, бауырмалдық, адал­дық және әділдік сияқты т.б сипаттар қамтылды.
– «Жаназа» кітабы жайлы қан­дай тоқтамға келдіңіздер?
– Жаназа намазы – пенденің дү­ниедегі соңғы ақысы. Жаназа­сын шығару мұсылмандар үшін парыз. Өліге құрмет көрсету, ару­лап аттандыру – шариғат та­лап еткен іс. Кеңестің бірнеше оты­рысында қаралған жаназа кі­табында жерлеу рәсімдерінің қыр-сыры, алуан түрлі мәселе­лері талқыланды.
Қайтыс болған кісіні жерлеу, құдайы ас пен садақа берудің әдеп­тері және қабірді зиярат ету мә­селелері халық арасында әр­түрлі орындалып жүр. Кейбір өңір­де жергілікті ырымдардың ара­ласып кеткені де анықталып отыр.
Бірде оңтүстік өңірде өткізіл­ген семинар барысында жаназа жә­не жерлеу рәсімдері әр өңірде әр­түрлі атқарылатындықтан бі­різ­ділікке келтіру қажеттігін тіл­ге тиек етсем, бір аудан әкімі­нің орынбасары «Сіз әр өңірді айтасыз, бізде бір ауылдың екі кө­шесінде екі түрлі атқарылатын кез­дер де болады» дегені бар еді. Осындай жағдайларды ескере келе ҚМДБ «Жаназа» кітабын дайындап, басып шығаруды ұй­ғарған болатын. Ондағы мақсат – ел ішіндегі жаназа жөніндегі жо­ралғыларды бірізділікке кел­тіру, осы маңызды мәселеде ха­лық­тың ауызбіршілігін, ын­ты­ма­ғын сақтау.
– Ғұламалар кеңесі пәтуа қа­был­дағанда нені негізге алады.
– Кеңес өзінің қызметінде, қа­былдайтын шешімдерінде Құ­ран Кәрімді, Пайғамбар ха­ди­сін, сүнниттік бағыттағы Әбу Ханифа мазхабы және имам Ма­туриди ақидасы ілімін, Қазақтан Рес­публикасының Консти­туция­сын, заңдарын, ҚМДБ жар­ғысын, сондай-ақ Кеңес ере­жесін басшылыққа алады.
Әсілінде Ғұламалар кеңе­сін­де қабылданатын пәтуалар ҚМДБ Шариғат және пәтуа бө­лімінде дайындалады. Бұл бөлім ша­риғи үкімдер шығаруда ханафи мазхабын басшылыққа алады.
Шариғат және пәтуа бөліміне ұсы­нылған сауал ханафи мазхабында бұрын қарастырылмаған, қо­ғамда туындаған жаңа мәсе­ле­ге қатысты болса, бөлім фиқһи қағидалар шеңберінде және пайдасы мен зиянын са­лыс­тыра отырып зерттеулер жүр­гізеді. Зерттеу қорытындысы негізінде аталмыш мәселе жө­нінде нақты шариғи үкімге қол жет­кізеді. Әрі оны ҚМДБ Ғұла­ма­лар Кеңесіне ұсынады. Егер Ғұ­ламалар Кеңесінің талқы­лауы­нан өтіп бекітілсе, ҚМДБ атынан республика аумағын­да­ғы мұсылмандарға кеңінен тү­сін­діріледі.
Кеңес құрылғаннан бастап пәр­­менді мекеме (орган), институт болып қалыптасты. Кеңестің бү­гінгі күнге дейін өткен 14 оты­­рысында 100 аса мәселе қа­ра­лып, 14 концептуалды құ­жат қабылданып, 30 діни термин түзетіліп, 39 пәтуа бекі­тіл­ді.
Кеңестің талқылауынан өтіп, бекітілген «шариғи», «әлеу­мет­тік», «медицина», «отбасы мәсе­ле­лері» бағытындағы 20 пәтуа таң­далып, «Пәтуа жинағы» деген атпен бірінші рет кітапша ба­сылып шықты.

Әңгімелескен
Назым ДҮТБАЕВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір