Қорғау мен жазалау
25.11.2016
2005
0

«Жылқы ішінде жүйрік көп, қазанаты бір бөлек. Ел ішінде жігіт көп, азаматы бір бөлек» дейтін халық сөзі рас-ау. Бүгінде заңгер мамандар көп, алайда, дәл бұрынғы билерше шешен сөйлейтін, кесек ойлайтын, ойы орамды, тілі шұрайлылары бірен-саран. Біз әңгімеге тартқан азамат бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, сұхбат барысында нағыз өз ісінің маманы, ұлтының жанашыры болып шықты. Мансабы мен мәртебесіне қарамастан, өзін өте қарапайым, кішіпейіл ұстайтын заң маманының кісілігіне риза болғанымызды несіне жасырайық. Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Советхан Сәкенұлымен арадағы әңгіме төмендегідей өрбіді.

sovethan-sakenuly


Советхан СӘКЕНҰЛЫ,
Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы


– Тәуелсіздік алғаннан бергі ара­лықта елімізде заң шығару ісі (за­конотворчество) қалай дамып ке­ле жатыр? Қазір жұрттың бәрі мық­ты, білікті қорғаушы іздейді. Жал­пы қорғаудың философиясы, кон­цепциясы қандай? Әлемдік тә­жі­рибеде ол туралы не дейді?
– Елімізде заң шығару ісі өз ыр­ғағымен дамып келе жатыр. Де­секте, қабылданып қойғаннан кейін көп уақыт өтпей-ақ көптеген заң­дарға өзгерістер мен то­лық­тыру­лар енгізіліп жататыныны жа­сырын емес. Менің ойымша, бұ­ған екі мемлекеттік орган – Үкі­мет пен Парламент кінәлі. Үкімет са­пасыз заң жобасын дайындайды, ал Парламент оған жоғары дең­гейде талдау, зерделеу жасамай қа­былдай салады.Демек, жауап­кер­шілік аз, нағыз маман тапшы. Осы олқылықтың орнын толтыру жа­ғын мемлекеттік деңгейде ой­лас­­тыру қажет секілді.
Қазір елімізде қорғаушы-ад­вокаттар тапшы. Білімді, білгір, ізденімпаз қорғаушылар көп болса нұр үстіне нұр болар еді. Өзім ең­бек жолымды адвокаттық қыз­мет­тен бастадым. Жазықсыз сот­та­лып жапа шеккендерге, жалған жа­былған жаладан зәбір көр­ген­дер­ге немесе асығыс, шалағай жүр­­гізілген тергеу-тексерудің нә­ти­­жесінде «күйіп» бара жатқан адам­дарға кәсіби көмегіңді көр­се­тіп, шындыққа қол жеткізген кез­дердің ләззаты қандай болатынын жақсы білемін. Ал ашық күнде ада­сып,қасақана қылмыс жасап, қа­нышерлік пен қатыгездікке са­налы түрде баратындар жөнінде сөз басқа. Алайда абайсызда от ба­сып, жасаған қылмысына шын жү­регімен өкінетін, сүрініп ке­тіп, бүлініп қалған тағдырын түзеуге ұмтылғандарға тығырықтан шы­ға­тын жол көрсету үшін адвокатқа ар­тылар жүктің ауырлығы, жауап­кершілігі өз алдында бір бөлек әң­гіме.
Сондықтан болар, өз ісінің біл­­гірі, сауатты, аты аңызға ай­нал­­ған адвокаттар жайлы естіп-бі­ліп солардай болмасақ та, ұқсап бақ­қымыз келгені рас.
Заң саласы, сот ісі тәуелсіз мем­­­лекетімізде жылдан жылға өсіп-өркендеп, білікті мамандар са­ны артып келе жатқаны қуан­тар­лық жағдай. Тұрғындардың да құ­қықтық сауаттылығы жыл өт­кен сайын жоғарылап келеді. Алай­да соңғы жылдары жаппай етек жайған жемқорлық пен сы­байластық бұл салаға да өз көлең­ке­сін түсіргені өкінішті.
Заң саласында да тағдыры қыл­дың үстінде тұрғандарға жөн сілтеп, көмек көрсетудің орнына, қайт­сем көбірек пайда табам деп, өз құлқынын ойлайтындардың бар екендігі өтірік емес.
Адвокаттың заң саласындағы бел­гілі тұлғалардың бірі екені жә­не де азаматтарға заңды көмек көр­сетудегі қызметтік міндеттер ау­қымының көптігі, әрі алуан түр­лілігі көп жұртқа белгілі.
– Қорғау мен жазалаудың ара­сын­дағы жанкештілік туралы айт­саңыз. Көбінесе прокурор жағымсыз бейнеде елестейді. Халық арасын­да көбіне айыптаушыны ұнатпайтын көзқарас қалыптасқан. Бұның себе­бі неде?
– Әсірелеп айтсақ, қорғау мен жа­залаудың арасындағы жан­кеш­тілікті өмір мен өлім ортасындағы айқас деуге болады. Абырой, атақ, бос­тандық мәселесі, ар, ұят, дү­ние-мүлік үшін жанкешті күрес. Про­курор сот процессінде мем­ле­кет­тің, азаматтардың мүддесін қор­ғайтындықтан, айып тағатын мем­лекеттік тұлға болғандықтан айып­талушы тарапқа ұнай беруі екі талай, сондықтан жағымсыз бей­неде елестеуі бек мүмкін.
– Қазақ әдебиетінде айыптау, қор­ғау, кесім шығару тақырыптары жақ­сы суреттеле қоймаған. Көбі­не­се күштінің әлсізге жасаған зор­лы­ғы, белден басқан әрекеттері жиі сом­далады. Сонда күштінің әділет­ті­лігі деген болмай ма? Күштімін деп білгенін істеп, аузына келгенін айтып жүре беретіндер неге кө­бей­ген? Қазақ журналистикасында да айыптау, соттау, қорғау процестерін сауат­ты сараптайтын тілшілер аз. Берілген жазаның әділдігі, кейде адам тағдырына селқос қарау мә­се­лері, т.б.көп қозғала бермейді. Ха­лық­тың құқықтық сауаттылығын арт­тыру үшін не істеу керек деп ой­лайсыз?
– Жақсы сұрақ. Адамның жаратылысы солай. Бес саусақ бірдей емес. Күштінің әлсізге әлімжеттік көрсетуі атам заманнан келе жат­қан әдет деуге болады. Сол үшін Шәкәрім айтқандай, ондайларды адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл ар­­қылы түзеу қажет секілді. Әл-Фа­раби: «қарапайым халықты тә­р­биелейтін мемлекеттік ше­неуік­тер», – дейді, кейін тағы да «тәр­биесіз алған білім, адамзаттың жауы» деп түйіндейді. Мұхтар Әуезов болса: «Ел болам десең бе­сігіңді түзе» деп кеңес береді. Бұ­дан шығатын қорытынды тәрбие отбасынан басталып,мектепте, одан әрі жоғарғы оқу орындарында жалғасын табуы қажет. Оны мемлекет үлкен ұлттық саясат, ұлт­тық идиология негізінде жос­парлап тұрып іске асыруы тиіс. Ме­нің ойымша, бұл мақсат, тек зор биліктің күшімен орындалады. Марқұм Нури Мұфтах сияқты заң саласында сауатты қалам тартатын тілшілер, өкінішке қарай қа­зіргі күні саусақпен санарлық.
Жалпы халықтың құқықтық сауаттылығын сөз етпес бұрын заң саласы мамандарының өз ісіне ше­берлігін саралап алуымыз керек. «Сын түзелмей мін түзел­мей­ді», – дейді халқымыз. Әуелі «са­уат­­ты ад­вокат кім?» – деген сұ­­рақ­тан бас­тасақ. Ол – сот мәжі­лісінде жал­пылама жалындап, кө­піріп не­гізсіз сөйлейтіндер емес, кері­сінше, іске қажетті тиісті заң­дар­ды, нормативтік қау­лы­ларды, ере­желерді және басқа да осыған қа­тысты нормаларды дұрыс тү­сі­ніп, әрі дұрыс түсіндіріп, қол­дана бі­летін, сот процесінде қор­ғауын­да­ғы адамның нақты мүд­десіне сай ортақ позициясын дұрыс таң­дап, оларға жоғары кә­сіби деңгейде кө­мек көрсете алатын заңгер. Білгір де білімді адвокаттармен қа­­тар, арамызда пи­ғылы теріс, ниеті бөтендердің де бар екендігі шындық. Осы топ­тың ішін­де бі­лім деңгейі тө­мен, бірақ «дел­дал­дық» қатынасқа келгенде алдына жан салмайтын, оның ұң­ғыл-шұң­ғылын жақсы мең­гер­гендер де табылады. Міне, осындайлар «ауа-райын» жасап, сот­тардың сыртынан тон пішіп, өті­рік-шыны аралас сөз таратып, ана сот пара талап етіп отыр, ақша сұрап жатыр деп, «дел­далдықпен» айналысып, сы­бай­лас жем­қор­лыққа өз үлесін қо­сып, осы сы­ңайлы заң­сыз, харам іс әрекет­термен жасырын ай­налысатынын қайтерсіз.
Сотталушыға, олардың туыс­тарына «мықты адвокат», «білімді адвокат» екенін көрсеткісі келіп, өзі туралы жағымды әсер қалдыру мақ­сатымен дұрыс болсын, болма­сын «публикаға» ойнайтындардың да бар екені жасырын емес.
Сот кезінде көбінесе ақиқат жа­ғын біле тұра, қорғауындағы адамдардан қомақты сыйақы алу үшін жалған айтып, соларды жақ­тап өтірік сөйлеп, маңызы, дәлелі жоқ бос уәждер келтіріп, негізсіз арыздар мен шағымдар түсіріп, сот процесіне кедергі келтіріп, оның уа­қытында аяқталуына түрлі тә­сіл­мен тосқауыл жасап, сөзбұйдаға салып, өтірікті шындай қылып, парықсыз дауласып жататын қор­ғаушылар да баршылық.Көпке то­пырақ шашудан аулақпын, алай­да, құқықтық кеңес сұрап ке­л­ген адам ісінің ешқандай да жеңіске жетуге немесе ұтуға мүм­кіндігі жоқ екенін айқын біліп, сезіп тұрса да, оған талап арыз, ша­ғым жазып берейін, қылмыстық іске қорғаушы болып кірісейін деп қомақты сыйақы үшін, адам­гер­ші­лік пен имандылықты бір жаққа ысырып қойып, жалған айтып өті­рік қолпаштап шығатындарға не дерсіз. Ал, жауапқа тартылып отыр­ған адам кінәсіз болса, ол, әри­не, бір басқа. Сол себепті, мей­лі сот, мейлі адвокат пен прокурор болсын адамгершіліктің ақ жолынан ауытқымай, қызметтік әдеп­ті­лік этикасын берік ұстанса құба-құп болар еді. Адвокаттардың көп­шілігі өздерінің білімдеріне, бі­ліктеріне немесе әдептеріне сай емес деп айта асмаспыз. Бірақ «бір құмалақ бір қарын майды шірі­теді», – дегендей өзінің қорғауын­да­ғы адамдарға заңды толық, жан-жақты, объективті түсіндіріп, көмектесудің орнына кейбір ке­леңсіз іс-әрекеттерге баруға ұм­ты­латындарды көргенде қынжыла­сыз. Сондайлар дүние сотын ал­да­ғанмен, Ар сотын, Алла таға­ла­ның сотын алдау, одан қашып құ­тылу мүмкін еместігін білсе ғой.
– Елімізде мемлекеттік тіл ту­ра­лы заң баяғыда қабылданып қой­ған. Ата заңымызда да мемле­кет­тік тілдің мәртебесі тайға таңба бас­қандай айқын көрсетілген. Алай­да сол заңдық құжаттарда бел­­гіленген ережелер әлі күнге өз дә­режесінде орындалмай келе жат­қан секілді. Бұл мәселеге Сіздің пікіріңіз қандай?
– Иә, Ата Заңымызда «Қазақ­стан Республикасындағы мем­лекеттік тіл – қазақ тілі» деп көр­се­тілген. Бұл әншейін өрнектей сал­ған әдемі тіркес емес. Заңмен бе­кітілген ереже. Оны орындау әр­бір Қазақстан азаматының парызы әрі міндеті. Алай да қоға­мы­мыздағы қазақ тілінің қолданы­сы­на қарап, бұл ережені ескеріп, жү­зеге асырып жүргендердің, мем­лекеттік тілімізге құрметпен қа­райтындардың қатары неге арт­пай отыр деп ойға батасың? Кі­нә­ліні іздейсің? Анығында мем­ле­кеттік тіліміз – Қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдердің бірі және біре­гейі.
Қазақтың тіл білімі ғалымдары мен ресейлікВ.Радлов, Александров секілді ғалымдары және т.б. шетелдік оқымыстылар мен жазу­шы­лар қазақ тілі өте бай, өте әуез­ді тіл екенін, қазақтың тілінде 1 млн. 500 мың түбір сөз және 500 мың­дай фразеологиялық сөз бен сөз тіркесі бар екенін анықтап жа­зып кеткен. Яғни, қазақ тілі сөздік қорының көптігі жағынан ағыл­шын, орыс тілдерінен он есе артық болып тұр емес пе?Мысалы орыс­тың бір ғана «свежий» деген сө­зінің қазақ тілінде 80-нен астам ба­ламасы бар екен.Халқымызда «халық өз тілінен айырылған кезде әрекетінен де айырылады» деген тәмсіл бар.Сондықтан шұрай­лы тілімізді көзіміздің қа­ра­шығындай сақтап, ұрпақ бойына ұлттық дәстүрмен бірге сіңіру жолында қо­лымыздан келгенше еңбек­тенуі­міз керек. Бұл мемлекет тара­пынан атқарылатын шаруа деп қол қусырып отыра бермей, әр ата-ана өз перзентіне ана тілі мен қазақы тәрбие беруді қолға алса, ертеңіміз үшін аса алаңдамас едік.
Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөзі жо­ғал­ған жұрттың өзі де жо­ға­лады», «тәуелсіз, дербес өмірге өзі­нің ана тілінде сөйлейтін және төл әдебиеті бар халық қана таласа алады» десе, неміс ақыны Г.Ге­те: «Ұлт тілінде сөйлемеген адам жаңалық ашып, жақсылық әкел­мейді» деген екен. Отарлау сая­са­тының салдарынан тілі мен ді­ні­нен, ділінен жеріген шала қазақтар пайда болғаны жасырын емес. Олар туралы Жүсіпбек Аймауытов: «Орыс тәрбиесін алған бала ешуа­қытта ұлт қызметкері бола ал­майды» деп о баста-ақ ашына жаз­са, орыс жазушысы В.Даль: «Кім қай тілде сөйлесе, ол сол ұлт­тың өкіліне жатады» деп кесіп айт­қан екен. Бүгін сырты қазақ бол­ғанымен, жан дүниесі орыстанып кеткен талай қандасымызды көзімізбен көріп жүрміз. Осыдан кейін Үндістан ұлт-азаттық қозға­лысының қайраткеріМ.Гандидың: «Отаршылардың тәрбиесінен шыққан элита – өз халқының ең басты жауы» деген пікірінің дәл айтылғандығын мойындамасқа амалың қалмайды.
«Қазақстанның болашағы – қа­зақ тілінде. Қазақ қазақпен қа­зақша сөйлессін. Өз тілімізді сақ­тау, өз тілімізді құрметтеу отан­шылдық рухты оятуға қызмет етеді, әрі ата-баба алдындағы ұлы парызымыз да. Өз тілін сүйген адам ғана Отанын шын сүйе алады. Балаларыңды қазақша оқыт­пасаңдар, қазақша сөйлемесеңдер, сендерді кім сыйлайды» деген Ел­басының сөздері әр қазақты ойлантары хақ.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, мемлекеттік қыз­меткер бола тұра мемлекеттік тіл – қазақ тілін білмеу, ол тілде сөй­лемеу – қазақ мемлекетінің қа­дір-қасиетін түсінбеу, елді сыйламау, әрі қорлау деп білемін.

Әңгімелескен
Айнара АШАН.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір