«ҰСТАРАНЫҢ ЖҮЗІНДЕЙ АУДАРЫЛҒАН…»
11.11.2016
2006
0

297771Жаһандану заманында қанат жайған геосаяси және экономикалық текетірестермен қатар, мәдениет пен тілдер арасында көзге көрінбес зор майдан жүріп жатыр. Бүгінде «мылтықсыз майдан» деп аталып жүрген осы бір жаһанданудың аранында тек рухы мықты, өз «Мені» бар халық қана жұтылып кетпей, елдігін сақтап қалуы мүмкін.  Тәуелсіздігіміздің 25 жылы артта қалса да қазақ халқының ана тілі мемлекеттік тіл дәрежесіндегі өз тұғырына қона алмай отыр. Оның себебі неде жатыр дегенде, біз әдетте кеңестік тіл саясатының салдары дегеннен әрі аса алмаймыз. Алайда, тарих беттерін парақтай келгенде, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы Лениндік ұлт саясаты кіші ұлттардың мүдделеріне үлкен қамқорлық танытқандығының куәсі боламыз. Патшалы Ресей кезінде «бодан халық» кебін киіп, жаншылған халқымыз үшін сол бір кезең құдды бір бүгінгі тәуелсіздік алған тұстағы халқымыздың бастан кешіп жатқан құбылыстардың көрінісі сияқты әсер береді. Ол кезеңде де патшалы державаның езгісінен бостандыққа шыққан көптеген ұлттардың бірі – қазақ ұлты еді. Бастапқыда Қырғыз (қазақ) Автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы (1920-1925) деп аталып, кейіннен (1925 жылы) ҚазАКСР орталық атқару комитет төрағасының «қырғыз» деген атауды «қазақ» деген атаумен алмастыру туралы қаулысымен Қазақ АКСР-ы деп аталған мемлекетіміздің алдында сол кезде де тіліміздің мәртебесі мәселесі көтеріліп еді. Осындай кезеңде Лениннің тіл саясатына аса сақтықпен қарағанын, тіпті кіші ұлттардың дербестігін қалыптастыруға шама-шарқынша қамқорлық танытқанын жоққа шығара алмаймыз.

kalamkas

 

Қаламқас ҚАЛЫБАЕВА,
филология ғылымының
докторы, профессор

 

Әрине, Лениннің бұл саясаты қан­дай мақсатты көздегені бел­гі­сіз. Мүм­­кін, Кеңестік саясатқа кіші ұлт­­­­тардың сенімін қалыптас­тыру­ды уақытша мақсат етті ме, басқа ма, қалайда бүгінгі күннің тұрғы­сы­нан қарағанда, дәл осы Ленин­дік тіл саясаты сол кезең үшін өте дұрыс саясат еді деп ойлаймыз. Әсі­ресе, Лениннің «үлкен ұлттың ұлт­шылдығы» мен «кіші  ұлттар­дың ұлт­шылдығы» мәселе­сін бөліп қа­растырғаны бүгінде де өзек­тілі­гін жоя қоймағандай. Сон­дықтан да патшалы Ресей кезеңінде бас­қыншылық саяса­тының жемісімен сусындаудың нәтижесінде өзінің «ұлылығын» сезінген орыс халқы­ның «шови­нистігімен» аяусыз кү­рес жүргіз­гені еріксіз назар ау­дар­тады.

Қалайда Ленин кіші ұлттардың ті­лін дамыту үшін орыс тіліне са­на­лы түрде шектеу қоюды жолға қой­ғаны үлкен көрегендік еді. Ай­талық, Кеңес өкіметінің алғашқы жыл­дарында-ақ, 1922 жылға қарай сол өкіметінің ұлттық сая­са­ты­ның негізі жасалды. Мемлекет иерархиялық тәртіпке негізделген ұлттық құрылымдардың жүйесі ре­тінде қалыптасты. Ресми қыз­мет­терді сол халықтың тілінде жү­­­зеге асыратын болып белгі­лен­ді.

Ленин өлген соң да осы сая­­сат әрі қарай қалай жалғасты, бұл басқа мәселе. Әрине, Ле­нин­нің орнына келген Сталин де бас ке­зінде осы саясатты жалғастырды. Ол да орыс ұлтшылдығына шектеу қойып, славян нәсіліне ешбір ар­тықшылық бермеуді барынша бас­ты назарда ұстауға тырысып бақ­қан секілді. Бұл жолда асыра сіл­теу­ші­лік орын алып жатты. Мысалы, 1930 жылы Ғылым ака­демия­сы­ның Славян комис­сия­сы «пан­­ислам­визм идеологиясымен» ай­налысуда деп айыпталып Славянтану бөлімі жабылды, сла­вис­тика мәселесімен айналысатын бөлім­дер мен кафед­ралар та­ратылды. А.Ф.Гильфердинг (1831-1872), В.И. Ламанский (1833-1914) А.И. Соболевс­кий, А.С. Будилович, Т.Д.Фло­­­ринский,  М.Н.Сперанс­­кий, В.В.Виноградов секілді орыс ті­лінің тарихын зерт­теуші бірқатар ға­лымдар «пан­исламвизм идеологиясын» тара­тушы­лар ретінде айыпталып, түр­мелерге тоғытылды. Міне, қарап отырсақ, кеңес өкі­ме­тінің бас кезеңінде орыс халқының құқық­тары шек­теліп, керісінше, Ресей құрамын­дағы басқа ұлттар­дың дамуына барынша жағдай  жасауға тырыс­қанын көреміз. Бұл мә­селе кеңес­тік тіл саясатын зерт­теуші­лердің еңбектерінде де айтылып жүр. Мысалы, осы мәселені та­рихи тұрғыдан зерттеуші А.Жұманованың еңбегінде бір­қатар деректер беріледі.

Осы кезеңді екі ға­сыр­ға жуық патшалық Ресей бода­нында бол­ған Қазақ елінің зиялы­лары дұрыс пайдалана білді. Қа­зақстан Автономиясы басшы­лы­ғы тарапынан қазақ тілін да­мытуға деген оң көзқарас қа­лып­тасты. Соның нәтижесінде қа­зақ тілін дамытуда одан кейінгі, тіпті қазіргі кезде де қолға ала ал­май отырған үлкен істер атқарыл­ды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыратын жо­ғары деңгейдегі құжаттар бірінен соң бірі қа­был­данып жатты. Дегенмен, үкіметтік дең­гейде қазақ тілінің ресми тіл ретінде танылуына барынша қолдау білдіріл­генімен, шынайы өмірде қазақ тілінің мәртебесі күн сайын тө­мен­дей бастады. Осы құбылыс қоғамдағы қазақ ұлты­ның рухына үлкен зардабын ти­гізді. Қарас­тырылып отырған кезеңдегі Қазақ­стандағы ұлт сая­сатының сипатын Смағұл Сәдуа­қасұлының мына пікірі анық көрсетеді: «…қазақ базарға сатуға сиырын алып келді. Распискасы қазақша жазылған. Оны қазақша білмейтін милиция дұрыс деп таппады. Анаған расписканы орысша жазып әкел деді. Жай қарағанда, бұл әрине ұсақ нәрсе. Ұлттық психология жа­ғы­нан тексерсек, бұл – үлкен жұ­мыс. Қазақ­ша жазылған расписка жарама­ғаннан кейін ана қазақтың жүре­гінде өз ұлтының кім екендігі сезіледі. Оның көзінде қазақтың жұмысының бәрі орынсыз, осал секілді боп көрінетін болады. Ол өзінің күшіне өзі сенбеуге айналады. Оған басқа ұлттың алдында жасқаншақтық пайда болады, ол басқа жерде кеудесі көтеріліп, ая­ғын алшаң басып жүре алмайды. Өз ауылында жүргенде қазақтан көп айқайлайтын халық жоқ. Қа­лалы жерге келгенде  қазақтың үні шық­пай қалады. Қаланың көше­сін­де қазаққа арбамен жүру үлкен азап…». Келтірілген тарихи дерек ХХ ғасырдың 20-шы жылдарын­да­ғы тіл саясатының ұлт пси­хо­логия­сына, ұлт тәрбиесіне қан­шал­ық­ты әсер еткендігінің нақты көрінісі.

Кейіннен Сталиннің бұл са­ла­дағы саясаты күрт өзгерді. Оған сол кезеңдегі ішкі және сыртқы сая­сат әсер етсе керек. Әсіресе, Гер­мания тарапынан соғыс қаупі тө­ніп тұрған заманда айналадағы славян тектес халықтармен тізе қосу қажеттілігі кеңестік ұлттар­ды орыс халқының айналасында топ­тастыруға алып келген болса ке­рек. 1936 жылдың тамыз айын­дағы автономиялық республика­лар­дың оқу-ағарту халық комис­сариат­тарының Бүкілресейлік жи­налысында ұлттық тілдерді орыс алфавитіне көшіру орыс тілін меңгеруді жеңілдететіндігі мәлімденеді. 1938 жылы 13 нау­рыз­дағы БК(б)П ОК мен ХКК «Ұлт­тық республикалар мен ай­мақтардағы мектептерде орыс ті­лін міндетті түрде оқыту туралы» қаулысы тіл саясаты тарихында өзінің маңыздылығымен ерек­ше­ленді. Аталған қаулы ұлттық тіл­дердің тамырына, соның ішінде қа­зақ тілінің де тамырына балта шапты. Осы қаулының негізінде 1938-1939 жылдары РКФСР халық­тарының тілдерін жаппай кирил­лицаға көшіру жүзеге асырылды.

Бастапқыда қабылданған тіл сая­сатында бұрмалаушылықтарға жол беріліп, оның орнына Ста­лин­нің «біртұтас кеңес халқын жа­сау» саясаты орныға бастады. Бұл бағыттағы шараларды жүзеге асыру барысында әр түрлі ұлт­тар­дың өзіндік ерекшеліктері, мүд­де­лері ескерілмей жүргізілді. Бір ба­ғытта жүргізілген тіл саясаты көпұлтты мәдениетке теріс ықпа­лын тигізді, ал осы мәселені ше­шу­дің дұрыс жолдарын ұсынған зия­лы қауым өкілдері қуғын-сүр­гінге ұшырады. Сонымен ХХ ға­сырдың ортасында білім беру са­ла­сында орыстандыру үрдісі кү­шейе түсті. Ұлттық мектептердің са­ны өсудің орнына, төмендеу ба­ғытын алды. Аталған мектептердің бі­лім беру сапасы да нашарлады. Се­бебі, оған оқу құралдары мен пе­дагогикалық кадрлар мәсе­ле­сі­нің дұрыс шешім таппауы немесе қолға алынбауы теріс әсер етті.

Ұлттық интеллигенция өкіл­де­рінің арасында да өзінің ана ті­ліне нәтижесінде ұлттық тілде кітап басу саны, радиохабарлар тарату көлемі азайып, орыс тілін өте жақсы меңгерген, қызмет бабында, шығар­ма­шылық жұмыста орыс тілін жо­ғары қоюшылардың саны артты. Ұлттық театрлардағы ре­пертуарлардың қысқару құбы­лыс­тары байқалды. Осындай өз­герістер өз кезегінде ұлттық мә­де­ниеттің беделін түсіріп, одан әрі ұлт­тық тілде сөйлеуге, білім алуға де­ген қызығушылықты бәсең­детіп, нем­құрайдылықты қалып­тастыр­ды.

Сонымен, еліміздің тарихын қа­рап отырсақ, қазақ тілін жан­дан­дыруға қатысты мемлекеттік іс шаралардың екі кезеңін бастан ке­шірген екенбіз. Аталған әр ке­зеңде де қазақ тілі мемлекеттік тіл сатысына көтеріле алмай ке­ле­ді. Оның өзіндік те ортақ та се­беп­тері болып тұр. Айталық, кеңес­тік дәуірдің алғашқы кезеңін­де қаладағы халық санының аздығы, оқу орындарының жоқтығы, оқу құралдарының жетіспеуі сияқты объективті факторлар тіліміздің өркендеуіне барынша кері әсер етті. Отызыншы жылдардың со­ңына қарай қазақ зиялыларының қуғынға ұшырап, атылып, асылып кетуі халықтың арасында үрей ту­ғызды. Сондықтан да Кеңес аза­мат­тарына ортақ тіл – орыс тілін мойындамасқа амалы қалмады. Қа­зақ тілі қалтарыста қалып, тұрмыс тілі дәрежесінен де төмен­дей бастады. Оның үстіне 1941 жылдың 1 та­мызында қазақ тілін білетін мамандарға жасалатын жеңіл­дік­терді қайтып алу жөнінде қабыл­дан­ған қаулы қазақ тілінің өріс­теуіне кері әсерін тигізе түсті. 1955 жылғы 9 мамырдағы КСРО Министрлер Кеңесінің «Орыс тілін­дегі мектептерде қазақ тілін мін­дет­ті түрде оқытудан босату» жө­­ніндегі Жарлығы осы кезеңнен бас­тап-ақ қазақ тілінің басына қара бұлт үйірілгендігін анық бай­қатқан еді. Осыдан кейінгі кезеңде «өркениетке тек орыс тілі арқылы ғана жетеміз» деген өктем саясат тіл­ге деген жанашырлық көзқарас­тарды тұншықтырып тастады.

Тіл тағдыры туралы қоғамдық сіл­кініс 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан басталды. Осыдан кейін бірінші болып 1987 жылы 3 наурызда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Министрлер Кеңесі орыс тілі мен қазақ тілін оқытуды жақсарту жөнінде қаулы қабылдады. Ал 1989 жылы 21 қыркүйекте алғашқы қабыл­дан­ған «ҚР тіл туралы» Заң сол ке­зеңдердегі қоғамдық-саяси өмір­дегі үлкен жеңіс болды. Қазақ ті­ліне мемлекеттік мәртебе бері­ліп, ол Заңның қамқорлығына алын­ды. Солақай саясатқа нүкте қойылып, Қазақстанда тұратын барлық халықтың тең дәрежеде дамуына бағытталған заң ретінде өмірге енді. Ол халықтың санасын оятып, қазақ тіліне көңіл аударуына тікелей әсер етті. Алғашқы сәт­­терде өзге ұлттар да балаларын қазақ мектептері мен балабақ­ша­ларына беріп, қазақша сөйлеуге ден қоя бастады. Алайда, уақыт өте келе, бұрынғы сарынға қайта орал­дық. Бұған әрине, орыс тілін­де оқыған қандастарымыздың өзі себепкер болды деуге де болады. Өйткені, орыс тілінде білім алып, орыс­ша жазуды, сөйлеуді әбден мең­герген олар, қазақ тілін қиын көріп, бұрынғы жеңіл іздерімен жү­руді мақсат тұтты. Өркениетті елдердің конституциялық құры­лыс тәжірибесі  әрбір тәуелсіз мем­­лекетте мемлекеттік және бас­қа да тіл­дердің құқықтық мәрте­бесін заң­­ды түрде бекітуі қажет екенін көр­сетіп отыр. Бұл мәселе 1995 жы­лы 30 тамызда  қабыл­дан­ған Конс­титуциямызда  айқын­дал­ды.

Ата Заңмен қазақ тілінің мем­лекеттік мәртебесі нақтыланып, мем­лекетіміздегі басқа тілдер қам­қорлыққа алынды. Сегіз жыл­ға жуық уақыт қызмет еткен ал­ғаш­қы заңға түбегейлі өзгерістер ен­гізіліп, 1997 жылы «Қазақстан Рес­публикасындағы тіл туралы» ҚР Заңы екінші рет қайта қабыл­дан­ды. Бұл заңда қазақ тілінің мем­лекеттік мәртебесі айқын­дал­ды. 2004, 2014 жылдары «ҚР тіл ту­ралы» Заңға бірқатар өзгертулер мен түзетулер, толықтырулар енгі­зіл­ді. Осылайша егемендік алған елі­мізде мемлекеттік тілді, яғни қа­зақ тілін дамытуға деген үлкен бет­бұрыс кезеңі басталды.

Қабылданған  заң да, бекі­тілген бағ­дарлама да қашан да іс жүзінде орындалуымен баға­ла­нады. Мұ­ның өзі халықтың асқақ рухымен тікелей байланысты. Рухы сынған ха­лықтардың тілі де, елдігі де жо­ға­­лып жатқанын тарих тағлым­да­рынан білеміз. Ендеше, Тіл мәсе­лесі мемлекет тарапынан қолдау жа­сайтын заңдық қаулы-қара­лар­мен  ғана  шешілмейді. Тіл  мәсе­лесі – хал­қымыздың осы жолдағы қа­жы­мас күш-жігерінің, рухының ар­­қа­сында шешімін табатын, көп­пен бітетін іс. Ендеше, ағайын, Ана тіліміздің мем­ле­кет­тік тіл ре­тін­дегі мәртебесін кө­теру жолында аянбай еңбек ете бе­рейік!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір