ӨМІРДІҢ МӘНІ ШҮКІРШІЛІКТЕ
11.11.2016
1934
0

pictureӨнер жолында жүрген адамнан сұхбат алуға қамданған тілшінің өнер туралы көп ойланатыны бар.  Театр атты сұлу өнерге сүйсіну мен оның тереңіне бойлау қанша қиын болса да өзіңше талпынып бағасың. Ал өмірінің алпыс жылын өнерге арнаған сексен жастағы ананың айтары теңізден де терең екенін білгенде әр нәрсенің қадіріне қайта мән бере  

бастайды екенсің. Ана жүрегінің мейірімі, ана пейілінің кеңдігі, оның темірдей төзімі  бір ұлтты ғана емес, күллі адамзатты қорғап тұрғандай.

Нүкетай МЫШБАЕВА,
Қазақстанның халық артисі,
«Парасат» орденінің иегері

 

Алғашқы рөліңіз Ә.Мәмбе­тов­­тің «Беу, қыздар-ай» спектак­ліндегі Айсұлу екенін көрермен жақсы біледі. Өмірге Айсұлудың көзімен қараған жас шағыңыздан бергі уақытта не өзгерді?

– Мен кішкентайымнан әкемді білмей өстім. Шешем бала күнімнен әртіс бол, әртіс бол, деп құлағыма құйды. Оттың басы, ошақтың қасындағы кем­пір­дің миына әртіс болу деген ой қайдан кірді дейсің ғой, себебі ол өзі суырыпсалма ақын, әнші адам еді. Мені екі-үш жасымнан би­летіп, ән айтқызып өсірді. Үй­дің кенжесі болдым, менен үлкен бауыр­ларымның төртеуін де қанды соғыс алып кеткен. Ол жал­ғыз біздің басымызда ғана емес, сол замандағы барлық отбасындағы жағдай еді. Бүткіл ауылдың  қайғысын өз көзіммен көрдім. Соғыс басталған жылдары мен алты-жеті жаста болатынмын. Кемпірлердің балаларының шаужайынан ұстап жылағанын көрдім. Бізді бағып-қағу үшін  шешем сиыр фермасында сауыншы болып жұмыс істеді. Сол себепті де «Беу, қыздар-ай» спек­такліндегі са­уыншы қыз­дардың бейнесі маған  жақсы таныс. Бригадирдің рөліндемін. Шешем не істесе, сол жұмысты бірге істеп өстім, бала­лығымыз  қиын болды. Шешем сиыр сауса, оның бұзауын тарт­тық. Сауын­шыларға ешкім майлы сүт бер­мейді, бригадир сүт ұрла­масын деп төбеден төніп қарап тұрады. Мені аяй ма, білмеймін үнде­мейді. Кішкене ғана топатайым бар еді, сол топатайыммен сүттің жебін­дісін сауып аламын. Шешем, бойы тапал бір сиырды Нүкетай сиыр деп атайтын, менікі деп  иемденіп оны да сауып алып,  шайға қатып ішемін. Шешем «Беу, қыздар-ай» спектаклін көріп отырып «Е-е-е, жарығым, өзіміздің өміріміз ғой, соны ойнап отырсың. Бірақ сен мына жерде бастықсың, өлең айтып жүрсің. Ол кездегі сауыншы мен бұл кездегі сауыншымен салыстыруға болмайды», – деуші еді. Спектакль болатын күні ше­шемді екінші қатарға отырғы­зып қоямын. Бір күні бір қыз бен жі­гіт келіп, апа, мына орын біздікі еді, билетіміз бар деп би­лет­терін көрсеткен екен, шешем оларға «Мына қағаз билеттерің бе, менің тірі билетім әне, сахнада жүгіріп жүр, менің орным дейсің бе? Ендеше тұрайын», – дейтін көрінеді. Сонда әлгі жас балалар жо-жоқ апа, отыра беріңіз деп бас­қа орын­ға кетеді екен. Шешемнің әзі­лі жақсы еді. Біз «Беу, қыздар-айда» сауыншылардың рөлін тек ойнап қана  шыққан жоқпыз, сол өмірді, сауыншылар көрген қиыншылықты көрдік. Ол кездің көзқарасымен қарасам, қазіргі өмір мүлде басқаша. Бұрын  соғыс болып жатса да адамдар жайдары, бір-біріне деген сенімі мол еді.  Қыздар бірігіп әндетіп жү­­­ріп масақ тереміз, масақ деге­нің бидайды орып кеткеннен ке­йін­гі қалдық қой. Әкем-ау, сол қал­дық­­ты аяйды ғой бізден. Кіш­­­кен­тай болсам да әлгі бри­га­дирден бізден тартып алған масақты  қайда апарасыз деп сұ­рай­мын. Солдатқа жібереміз дей­ді, өздері жей ме, солдатқа жібере ме, оны Құдай біледі?.. (күледі).

Мен қулыққа басып енді өсіп тұрған бидайдың тасасына ты­ғы­лып дорбама төгіп аламын. Әпкемнің аты Күлиша, менің шын атым Нұриша.  Еркелетіп  Нүкетай, Нүкетай деп айта берген соң куәлігіме де Нүкетай деп жазылып кетті. Сол Күлиша әп­кем өзінің бидайын бригадирге алдырып қояды. Ал мен үйге бір-екі күн жейтін бидай алып келе­мін. Сондай қиыншылықты көр­геніміз біздің қазіргі өмірі­мізде көп пайдасын тигізді. Себе­бі, қиындыққа әбден пісіп өстік. Анам мені осы халге өз еңбегімен  жеткізді, 75 жасқа келіп қайтыс болды. Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-Анасын» жылап отырып көре­ді. Үйге қайтар жолда, «Нү­кеш-ау, менің өмірімнің бар­лы­ғын Шыңғыс Айтматовқа айтып қойыпсың ғой. Жарығым-ай, ай­нытпай  жазыпты. Шыңғысым-ай, ылғи Шыңғыс Айтматов деп ай­тып жүресің, ол кім еді?», – дей­тін жарықтық.  Сахнаға  Майра боп ән айтып шыққанымда «жүре­гім жарылардай  қуандым ғой, ме­нің арманым орындалды, жүре­гім тынышталды», – дей­тұғын.

– Бикен Римова, Сәбира Май­қанова, Шолпан Жандарбекова сын­ды өнердегі апаларымыздың көзін көріп, өнегесін алдыңыз.Олар­дың бойындағы жақсы қа­си­ет­тер кейінгі жастарға қанша­лық­ты дарыды, өнердегі ұрпақ сабақ­тастығы қалай жалғасып келеді?

– Осы театрда менің де көп арманым орындалды. Әзірбайжан Мәмбетовпен бірге жұмыс істе­дім. Фарида Шәріпованың дауысы, үні, жүріс-тұрысы қандай еді… Түрі онша емес болса да сах­на­ға шыққанда жанып кететін. Құрманбек Жандарбеков институтта оқып жүргенімізде Раушан Әуезбаева, Асанәлі Әшімов, Сәбит, Райымбек барлығымызды осы театрға алып келді. Содан бері алпыс жыл өмір өтті. Театр­ды ешнәрсеге ауыстыра алмаймын. Трагедияда, комедияда, драмада ойнадым. Барлық  рө­лім­­­ді керемет ойнадым деп айта ал­маймын, көрермен мен ре­жиссер­­дің көңілінен шықпаған тұсым бар шығар. Театрдың ірге­тасын қалаған керемет табиғи актерлермен қатар еңбек еттім. Біздің бақытымыз да сол. Серке Қожам­құлов, Елубай Өмірзақов, Сәбира Майқанова, Бикен Римова, Хадиша Бөкеева, Хабиба Елебекова сынды табиғат талант берген ар­тис­тердің өнегесін алдым. Адам баласы оқып  әртіс бол­май­ды, оқытушы әртісті оқы­ту ар­қылы тек жолға салады. Ал оның ішіне талант дарыта ал­майды. Актер ең болмаса кітаптан оқып өмір­дің қадірін білу керек. Сонда се­нің сахнадағы сыбырың да болконға жетеді.

Қазір мен 80-нен астым, осы уақыт аралығында жарықты да, қараңғылықты да көрдім. Бір биіктікке көтеріліп алып сол деңгейде қалқып  жүрсең тоғы­шар боласың. Арасында жаның қи­налып, оны жеңіп пісуің керек. Қиын­шылықты көрмей адам болмайсың.

Ал қазір заман бөлек дейміз, бірақ заман, заман деп итеріп салуға да болмайды. Біздің заманымыз жоқшылықтан баршы­лық жасаған заман, дүниенің бә­рінің  қадірін білген заман, үл­кендердің сөзін тыңдайтын заман. Қазір  ешкім  ешкімді тың­да­майды. Біз үлкен апа-ағала­рымыздың әр рөлін ар­найы келіп көретінбіз. Тықақтап әр нәрсені сұрай беретін болған соң,  маған Серағаң «Әй ты­қыл­дақ, тықылдап сөйлеме»  деп ай­­тып отыратын. Осындай өне­гелі адамдарды тыңдап, тәрбиесін сіңіріп есейдік. Бикен, Сәбира, Шолпан, Хабиба апамдармен бірге серіктес болдым. Өмірде де анам секілді еді. Ауыл-ауылды аралап спектакль қойғанда біз ол кісілердің шәйін беріп, киімін кигізіп жүретінбіз. Сөйтіп жүрген жастарды жақсы көрмегенде апаларымыз кімді жақсы көрсін. Заманымыз, тәрбиеміз солай болды. Ал енді қазіргі жастардың заманы басқа. Қазір арпалыс заман. Үйде отырсаң да уақытың жетпейді. Зейнеткерлікке шығып кетсем де бір-екі  спектакльге қатысамын, сериалдарға жиі шақы­рады. «Мен тіпті қар­тай­дым, бара алмаймын» десем, бой бермейді. Жақында ғана «Қызыл алма» деген сериалға түстім, қалай болар екен деп ойлап ем, жаман емес, сөзімді жастардан бұрын жаттап аламын. Бірінші дублден-ақ барлығын айтып шығамын, режиссер мақтайды. Оған әлдеқандай  мәз болам. Бұрын жарнамаға жиі түсетінмін, қазір көп бармаймын.  Құдайға шүкір, өстіп өз еңбегіммен өмір сүріп келемін.

Қазір кейбіреулер өнерімді елге, халыққа арнаймын дейді. Олай емес, адам жұмысты ең ал­дымен өзі үшін істейді. Егер оның өнері халыққа ұнап жатса тіпті рахат. Ел үшін, жұрт үшін деген сөзге көп еліте бермеймін. Өзің үшін сапалы жұмыс істесең еліңе де, жұртыңа да көмектес­кенің. Әртістің еңбегі – адал ең­бек. Менің ізімді басып келе жатқан актерлердің ішінде сахнадан кетсек өлеміз дейтіндері бар, қарақтарым, солардың  еңбегі жансын.

– Әйелдің тағдыры туралы сізді не толғандырады?

– Әйел темірден жаратыл­ғандай болып көрінеді. Темірді соққылай берсең майырылады ғой, мен өмірімде көп соққы көрген жерім жоқ. Жақсылықты көп көр­дім, жақсы адамдардың жылы сөздерін естідім. «Әйелдің қы­рық жаны бар» дейді, мен оған әйел – ана – жер – ана деп қосар ем. Жер ананың көтермейтін тауқыметі жоқ әйел де сондай. Жақ­сылықты да, жамандықты да көтере біледі. Әйел мықты болса қай қиындықты да жеңіп шы­ғады. Ал енді анау да жаман, мы­нау да жаман, жолдасым да жаман, үйім де пәлен-түгілен  деп отырса ісі өнбейді. Әйелдің жүгі қашан да ауыр, әйел оны көтере білгенімен қадірлі. Сексендегі ана ретіндегі айтарым өмірдің мәні шүкіршілікте. Ел іші тыныш, халық аман болсын. Менің жасыма келгенде адамның одан басқа тілеуі де болмайды ғой. Қасымда Салиқа, Баян, Торғын сіңлілерім отырады, олардың да тілеуін тілеймін. Қазір әлемде неше түрлі жағдай болып жатыр ғой, ел ішін Құдай жамандықтан сақтасын. Адамзаттың тамағы тоқ болған сайын арпалысқа түсетіндей көрінеді. Сексенге  келдіңіз деп қарашаңырақ театр­дың ұжымы тойымды жасап жатыр. Бұл өнердің құдіреті, әйтпесе біз кімбіз… Өнерде жүр­месең қанша іс атқарсаң да атың шықпай қалуы мүмкін.

– Актрисаның бақыты неде?

– Кез келген адам ең алдымен отбасының, бала-шағасының аман болғанын тілейді.Ал актри­саның  көкейінде ылғи да өнерім­ді халыққа көрсете алдым ба деген сұрақ тұрады. Далаға шықсам, сізді пәлен кинодан, түгілен бағ­дар­ламадан көрдік дейтін кө­рер­мен мерейімді өсіреді. Актри­саның бақыты осы. Көрермен сені танымаса, білмесе, демек өз қабіле­тіңді көрерменге көрсете алма­дың, өз ісіңді жүрегіңмен жеткізе алмадың деген сөз. Актри­саның  бақыты – көрермен­нің көзайымы болу.

Әңгімелескен
Назым САЙМАСАЙҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір