«МҰҚАҒАЛИ  МАҚАТАЕВ ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ» немесе СҮЙІНШІ  СҰРАУ

0
642 қаралды

mukagali*   *   *

Сүйінші!

Сүйінші,

Мұқа?!

Сүйінші…

 «Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын  артына  сөз  қалдырған?..» – демеп пе еді, кезінде, Абай-Дана! Сөз-ақ, емес пе?! Хақ – Сөз! Һақыл – Сөз! Өзіне – Өзі айтып кеткендей, құдды, күні – бұ­рын…

Иә! Абай – Тірі! Мәңгі… Өлмек – емес, Қазақ – Барда! Себебі, Ол: «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған»!

Абай – Аруақ! Ал, Аруақтың, Өлі-Тірісі – болмайды… Қайта, Тірілердің, Өліден де бетерлері – болады: Олардың, Бетін, Әрі – қылсын!

Солай…

Демек, Сіз де, Тірісіз, Мұқа! Тірісіз! Сіз де, Абай сынды: «Өлмейтұғын артына сөз қалдырғандар» – Санатындасыз! Сіз  де, Аруаққа – айналғансыз! Басқаны – біл­медім, Сіз, Мен – үшін, Тірісіз, Мұқа!  Тірі­сіз… Өлге­ніңіз – жоқ… Өшкеніңіз – жоқ, Са­нам­нан!

Соның үшін де, Өзгеден – емес, Сіздің, Өзіңізден – сұраймын:

Сүйінші!

Сүйінші,

Сүйінші,

Мұқа,

Сүйінші…

Сүйінші: «Мұқағали Мақатаев Энциклопедиясы» – шықты, Жарыққа! «Қаз-Ақпарат» – Баспасынан! Өткен – Жұмада! Биыл – 2016 жылы! Тәуелсіздігіміздің – 25 жылдығына орай, «Мәңгілік Ел» – Ұлт­тық идеямыздың аясында!

Сүйінші…

Әрине, «Атамұра» – Баспасынан, Бұдан – Бұрынырақта, 1995 жылы шыққан, Жа­рық­қа: «Абай Энциклопедиясынан» – соң…

Дегенменен,

Сүйінші!

Сүйінші!

«Үй ішінен, Үй – тіксе, Жылы – болады!».

Нұр үстіне – Нұр!

Өзіңіз айтпақшы:

«Абайға тән – маған да тән сыбаға,

     Келсін мейлі, келмесін тәржімәға.

     Осы менің отырып оңашада,

     Оқитұғын намазым әр жұмада»!

(«Мұқағали Мақатаев. Энциклопедия» 414 – бет).

 

*   *   *

Осы – Ретте, бір айта кететінім: Абайға – Данышпанға – Дауа жоқтығы! Осынау – Төрткүн-Дүниеде, Біз, қайда – бармалық, қайда – жүрмелік… қай – есікке кірмелік, қай – тесікке үңілмелік… Алдымыздан шы­ғады да тұрады – Абай… Тіпті, Оның, «Осынысына», «Жыным» келгендігі – сондай, Сонау – Кеңестер Заманында, «Абайға» деген өлең де жазғаным бар-тын, арнап:

Жыр жолында –

Жан – құрбан,

Нәсіп – «күлді-көмешім»:

Қайда барсам –

Алдымнан

Өзің шыға келесің!

 

Мәңгіліктің Өлеңі:

Жерде де – Абай,

Көкте – Абай!

Қоя салғым келеді –

Құр бекерге оттамай!

 

Бұдан арғым ұят-ты,

Болмаған соң айырма:

Түк қалмаған сияқты –

Иран-Ғайып шайырға?!

 

Дей тұрғанмен,

Тап шыным,

Мен де ермекке жазбадым:

«Моласындай бақсының» –

Көрдім Заман азғанын!

 

Қалай

Сүрлеу жаңадан

Салмадым деп арланам:

Адамың да – сол Адам,

Қоғамың да – сол Қоғам…

 

…Кешулімін күнімді –

Қорғаны жоқ қордай тұл:

«Өңкей Нольге» Бүгінгі –

«Единицам» болмай тұр!..

Бұл – Кеше-тін…

Ал Бүгін – ше?!

Абай, Бүгін де, Сол – Абай, Көзі – Аш­ық, Көңілі – Ояуға:

Абай –

Адам Затының Алыбындай,

Қарардай

Күллі Әлемге дабыл қағып:

Бұлттан шыққан

Ащы –

Күн Жарығындай –

Ой-Санасы

Көз бенен Көңіл қарып…

 

…Абай –

Ақын атаулы Данасындай,

Алдында:

Жыр-Шатпағын сызбайлаған,

Он екі де бір гүлі әлі ашылмай,

Аузы ашылған –

Аңқайып…

Қыздай болам!..

 

Жә, жарайды…

 

*   *   *

Сүйінші,

Мұқа?!

Сүйінші…

Қолымда – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Мә­де­ниет ­пен өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұ­рағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру бағдарламасы, «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шы­ғару» кіші бағдарламасы бойынша жарық көрген: «Мұқағали Мақатаев Энциклопедия»! Мұны, Маған, осы Ғажайыпты басып шы­ға­р­ған «ҚазАқпарат» Баспасы Корпо­ра­циясы­ның  директоры, Қазақстан­ның ең­бек сіңірген қайраткері – Қонысбек-Мырза Ботпайдың өзі сыйға тартты! Ғаламат… То­сын – Сый!

Сүйінші!

«Энциклопедияңыз», Тәуелсіз Қазақ­с­тан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біздің балалық шағымыз соғыс жылдарына тап келді. «Менен сұра сұм соғыстың тастап кеткен зардабын, Ауыл қайтіп көтергенін қан майданның сал­мағын», – деп ақиық ақын Мұқағали айт­қан­дай, ел басына түскен зұлмат жылдардың зіл­дей салмағын біз бала болсақ та жан-жүре­гі­мізбен сезініп өстік…» – деген, ғибратлу-ғанибетті, көсем де көшелі алғысөзімен ашылыпты. Керемет!

Одан – әрі, «Энциклопедияңыз», Қазақ алфавитінің «А» әріпінен бас алып, ең соң­ғы – «Я» әріпіне дейін мың-сан ұяшықтанып, Сіздің мыңнан астам өлеңдеріңіз бен он алты дастаныңыз, хикаяттарыңыз, әңгіме­леріңіз, «Қош, Махаббат» атты пьесаңыз жә­не негізгі әдеби-сын мақалаларыңыз тұр­лаулы һәм түбегейлі түрде зерттеліп-зерде­ле­ніп, сан алуан ой-таразы саналы да сапалы пікірлермен жауһар-қазыналанып, халықтық қасиетті де киелі сипатқа еніп, одан сайын қомақтанып-қордалана байып, көркейе-көріктене түсіпті. Энциклопедия мазмұны мен мәнін байыта түсу мақсатымен көлемді теориялық шолу мақалалар соңына библиографиялық көрсеткіштер ұсыныл­ған…

Әлемдік Эндиклопедия шығарушылар­дың ең озық тәсілдерінің түгелге дерлігі – осы туындының өне-бойында: табиғи әз-қалыптарымен өз жарасымдарын тауып-ақ тұр!

Міне, Мұқа, міне… Тәуелсіздігіміздің, Жа­ңа  Дәуіріміздің – Құбылыстық Толық Бол­мыс-Бітімі – «Мұқағали Мақатаев Энциклопедия»!

Сүйінші!

Сүйінші сұрай отырып, Көкесі, мұнша­лықты – Дарақ-Бәйтерек – Алып-Еңбекті дер кезінде Дүниеге әкелген – Бүкіл Әдебиет Жанашырларына – Ел-Басымыз бастаған Биліктегі Барша Ер-Хоштандарымызға: Сіздің және Өзімнің атымнан, Ақындық жүрек-жарды алғаусыз – Үлкен Рахмет-Алғысымды білдіремін…

Уай,

Кімнің,

Қандай –

Таласы бар:

Теңдессіз – Туынды!

Біткен – Іс…

Сүйінші!

*   *   *

Ой,

Қайран-ай,

Мұқа…

Қолымдағы – «Мұқағали Мақатаев Энциклопедиясы» беттерін парақтап отырып, «И»-әріпі қарауындағы «Иран-Ғайып» – ұяшығынан: «…Екі ақын кезінде ағалы-інілі адамдардай сыйласып, тығыз шығар­машылық байланыста болып, өмір сүрген… Бір-біріне арнаған өлеңдері де бар. Ішімдік мәселесіне байланысты Мұқағалиға «Түсіне­мін жаныңды, түсінемін…» деген өлеңмен хат жазған. Інісінің ізгі тілегін ұққан Мұқағали ағасы: «Солай, інім…» деп өлеңмен жауап қайтарған…» – деген жолдарға ұшырастым… Мен де, «Энциклопедияның» ішінде жүр екем… Не – айтары бар?! Машалла! Өте – қатты қуандым, Көке!

«Көке» – демекші;

«Сыз өтіп Алатаудың арқасынан,

Алматы күйлеп жатыр шалқасынан…»,

деп, Өзіңіз жырлағандай, осы – «Ақындар-Қаласында», Екеумізді, тұңғыш Тосын-Тағдырымыз – Дидар-Ғайыптап, азды-көп­ті Татар-Дәміміз – егіз-қосақтады емес пе! Содан, өле-өлгенімізше – шайыр-жұбымыз жазылмаған-ды… Әрине, былайғы жұртқа, бұл – айтып-отырғаным: Қиял-Ғажайып Ертегідей естілері – Хақ… Бүгінде, Сізге, «жақын-жазғыштар» – өте көп… Көп! Көп­тігі – сондай: Көңіл – шайлығып, Көз – тұнады! Мейлі, ылайым – көп бола берсін-ақ… Бірақ Біздің – Екеуміздің, сол – кезгі, Ғұмыр-Думанымызға: Құдайдың – Өзі, Куә – ғой… Сосын, Лашын жеңгем… Иә, Менің, Ешкімнің – алдында, ақталғым – келмейді! Айғақтап… Маған, оның – керегі де жоқ! Маған, керегі – Сіз-тұғын: Таңғы 5-тен, қараңғы кешке дейін, Екеуден – Екеу, сүзіп шығатын едік қой, Бұл – Шаһарды, бал-шырынын – таусап, зәһар-уын – түгесіп… біржолата!

Сосынғы – керегі: сол – жылдары, Сіз­ге, Өлеңмен – жазған, «Тірі» – Хаттарым… Сіздің, Маған! Енді, «Солардың», бірлі-екісін (түгелін – сәл кейін) – «Есіңізге» – сала кетейін:

 

ТҮСІНЕМІН,   ЖАНЫҢДЫ   ТҮСІНЕМІН…

(Ақын ағаға хат)

Жеті атаңның жерік ас – қорегі ме,

Пайдасы жоқ деніңе, өлеңіңе,

Абыройдан алаңсыз ада қылар –

Осы арағы түскірдің керегі не!

 

Әлі күнге алмаған ақың бар ма,

Ішпе енді?!

Уланба!

Зақымданба!..

Әбден әжуа болдық-ау, ей, ағайын,

Өлеңі – мас,

Өзі – сау ақындарға!

 

Ішсем болды… нау-шабыт лаулайды ерен,

Ал ішпесем деймісің жаурайды өлең!

Шынымен-ақ «жартыдан» жығыла ма –

Поэзия көгінде таудай денең?!

 

Дәйім дүлей дарынның бағы ашылсын –

Құлақ қойғын сөзіме, ағасы, шын.

Жөнге көнбей жөңкіле бересің тек,

Ұрып жыққан жиендей нағашысын…

 

Түсінемін, жаныңды түсінемін,

Білем және талай у ішілерін.

Себебі:

Сәлем берер шаңырағыңа

Жетерлік келім-кетім кісілерің…

 

Өліп ішпе, өтінем, сотқардайын,

Қыр-арқама қылығың батқандайын!

…Ініңді де жетісіп жүр деме, аға,

Күйдемін – құлап бара жатқандайын…

1 январь, 1973 жыл.

   Иранбек Оразбаев.

Қызылорда.

  СОЛАЙ,  ІНІМ…

(Өлеңмен жазылған хатқа жауап)

Інішек!

Білесің бе?

Білесің бе?..

Бұл шақта кім өсуде, кім өшуде…

Сопысы бар өмірдің, сотқары бар,

Соры қайнап, күндерін түгесуде.

 

Бірі бықсып жатады, бірі жанып,

Бірі күліп жүреді, бірі налып.

…Армансызбен алысқан күнім құрсын,

Армандының артында тірі қалып.

 

Жақсы айтыпсың, жаныңа балап  кеңес,

Ары бүтін ағаңның,

Ағат демес.

…Ағаң үшін бұл өмір – ресторан,

Ағаң үшін бұл өмір – абақты емес!

 

Шарапта емес,

Мәселе – басқасында…

(Болады ғой онымен қоштасуға).

…Шыдайсың ба менімен достасуға?

Етігіңмен су кешіп, тас тасуға?

 

Мәйханаға сонан соң ұрын келіп,

Ішісеміз, алдымен пұлын беріп.

…Солай, інім!

Ішеді ағаң кейде,

Ішпей сөнген інінің сұрын көріп…

 

Ішірткісін өздері беріп алып,

Ішкіш дей ме, шынымен мені халық?!

…Ішпе, інім, ішерсің содан кейін,

Алдыменен ағаңды көміп алып…

 

12 март, 1973 жыл.

Мұқағали Мақатаев.

Алматы.

 

СЕН   ӨЛГЕНМЕН…

(Жауап хатқа жауап)

Солай, інім, депсің ғой, солай, бала,

Жан айқайын ұқпайсың қалай ғана?!

Сыңарланып сыңсумен өтсін десең,

Өлем десең –

Өліп кет, қарайлама! –

Сен жазатын жырларды жалғастырып,

Мен ішейін арақты, жарай ма, аға!..

 

Дөрекілеу естілер дөсір үнім,

Алдияр, ағат кетсе кешір, інің?..

Абақтыға барар жол басталады –

Тұтқасынан ресторан есігінің…

 

Енеңді емгір емешек епті неме,

Беттен алып, бас салып сөкті деме?!

Ішірткі ішіп итиіп жүргеніміз –

Іш-құстадан екенін көп біле ме?!

 

…Білгісі де келмейді!

Біле де алмас!..

Өлем деме?!

Өкіртпе! –

Күнәдан қаш?

Жазатайым жер қауып қалар болсаң –

Жатың емес, жақының күледі алғаш…

 

Дегенді қой:

Бір мезет жанып… сөнем…

Жасындайын жойқынсың! –

Анық сенем!

Көрінде емес, төрінде төгілетін –

Өрелі өлең күтеді халық сенен.

 

Жыр-семсерін ақынның тот баса ма,

Қыран-шабыт қырықта тоқтаса ма?!

Түсінбесе жаныңды бағзы біреу,

«Битке өкпелеп тоныңды отқа салма!».

Кей пысыққа көз тігіп қарашы ұрын –

Үймелеген қоқысқа қара шыбын.

Сен өлгенмен дария-өмір ортаймайды,

Жас төккені болмаса жанашырың.

 

Сұрың құрсын дейсің «әй-шәйге» келмей,

Мұнартасың мұңданып жәй кемердей.

Бағың жанса құс қанат Құлагерсің –

Жабыларға жүретін бәйге бермей.

 

Ұлғаярсың…

Кім білер, кішірерсің –

Көңіліңе көлеңке түсірерсің.

Дем таусылса, сен өлмей мен өлермін,

Боз айғырдай бодауда кісінерсің!

 

…Жастығымның беймарал шағы ұнамай,

Мінезіңді, беу, Мұхам, сағынам-ай!

Мендей іні табылар іздегенге,

Сіздей аға Қазаққа табыла ма?!

                                     4 май, 1973 жыл.

                                        Иранбек Оразбаев.

                                             Қызылорда.

Рас па, Мұқа?!

Рас!

Рас!

Түп-Түгел – Рас…

Өйткені, Мен, Адамды: Тірісінде – жыр­лаймын… Ал Өлсе – тарихтаймын, «Ті­ріл­тіп»:

 

АҚЫН  ҚАЗАСЫНА

Мұқағалиға.

Бітті бәрі!..

Ал енді шуласыңдар!

Қазаны айтып безілде, тула, Сымдар!

Омырауыңды өкіріп жаспен шыла,

Туыс-Төбе,

Таныс-Қыр,

Тума-Шыңдар!

 

Інісі боп біреуің,

Бірің – аға,

Бет бұрыңдар дауыс қып құбылаға!

Тауларындай өзінің тұлғалы Ақын –

Өліп кетті,

Өртімді ұғына ма?!

 

Өліп кетті…

Құтылды қиянаттан –

Жүрегіне зілзала ұялатқан!

…Қайың көрдім қайғырып, құлап жатқан,

Бұлақ көрдім күрсініп, жылап аққан…

 

Ару көрдім көзіне жас алмаған,

Ауру көрдім аяғын баса алмаған.

Алып қара тас көрдім қырқа жақтан,

Мүсін көрдім сол тастан қашалмаған…

27 март, 1976 жыл.

Несін – айта берейін?! Біздер, не – көрмедік, Мұқа…

 

*   *   *

Мұқа?!

Бала кезімде, марқұм – Әбітай-Әкем айтушы еді: «Балам, Жаратушыдан: Екі Дүниеңнің Жақсылығын Бірдей – тіле?!» – деп. Ол, Кісінің, сол – айтқанының ма­ғына-мәнісін, енді-енді – біле бастаған сыңайлымын: асарымды – асап, жасарымды – жасап, 70-ке толар, осынау – «жатып-ішкен», «жеп-тыш» – шағымда… Бұлай – дейтінім: Құдайшылығын – айтсақ, Сіз бен Біздің «Бұ Дүниеміз», Аса – Адам қызы­ғар­лықтай бола қойған жоқ қой!

Мысалы, Сіз:

«Жапырақ жүрек жас қайың,

Жанымды айырбастайын:

Сен адам бола бастасаң,

Мен қайың бола бастайын…» – дедіңіз, Дедіңіз де, «О Дүниелік» – бол­ды­ңыз…

Мысалы, Мен:

Ал,

Дүние…

Ойнадым-

Күлдім:

Мәнің жоғын – білдім.

Жыладым-

Сықтадым:

Жалғандығың – ұққаным.

 

Іштім-

Тыштым:

Құйрығымды – қыстым…– дедім. Дедім де, «О Дүниелік» – болған­да­рым­ның (Май­гүл-Мұнарларым­ның): Уайымын – жедім…

Дей тұрғанмен, Бақсам, Құдай, Сіздің «О Дүниеңізді» – барынша берген-ақ тә­різді!

Инша-Алла!

…50 жылдығыңызды, рухани ізбасар-ініңіз ретінде, Заманбек-Мырзаға ілесіп барып, Қарасазда, Бірге – тойладым… Ол – Тойымыздың, «Қызық-Шыжығына» бір­ге қаныққан куәгерлер, әлі күн – жет­кі­лік­­ті…

50 жылдығыңыздан – соң, «Ел» – есін жия бастады. Соған – байланысты, 60 жылдық тойыңызға дүние-түрлі себептермен қатынаса алмадым:

МҰҚАҒАЛИ   МАРҚҰМҒА

…Мерей Ас –

Тойыңа бармадым, аға,

Тоғайған шағыңа –

Тоқырау тұсынан талап жеп,

Бұйдасыз кеткен бүгінде

Талайсыздардың

Қан мен жынына

Құрдым құлқын-қарыны

Тасырайып лықа

Тойған барсын деп.

Тажалың болып

Тосынып,

Тілерсегіңді тіліп,

Тіріңде

Тас-төбеңді қорлық-гүрзімен

Үңірейтіп үңгіп

Ойған барсын деп –

Ініңді де әбден індетіп,

Тыным таптырмай әлі күн,

Шыбын жанын шырқыратып,

Желкесінен шала бауыздап,

Терісін теспей іреп,

Сойған барсын деп:

Онда –

Тау болған Сені көрсін де,

Мұнда –

Сау қалған Мені көріп –

Қайран қалсын деп,

Тойыңа бармадым, аға!..

1991 жыл.

 

Содан – соңғы, Ғаламат-Ақындығыңыз­дың ар­қасында дүркіреп өткен 70 жылдық, 80 жылдық Мерей-Тойларыңызға да, сол – «дү­н­ие-түрлі» себептермен, араласа – алғаным жоқ…

Есесіне, Сіз – аңсап, көре алмай кеткен – Ұлы Арманыңыз жайлы өлең жаздым:

 

СЕН АҢСАҒАН БОСТАНДЫҚ

                                Мұқағалиға.

Кешегіме қарасам мен бұрылып,

Ертеңімде сияқты ендігі үміт?!

Сен аңсаған Бостандық тәй-тәй тұрып,

Қаз-қаз басып қалтаңдап келді кіріп!

 

Келді кіріп жан-шалық олаң-солаң,

Миым алаң, неліктен алаң санам?!

Сен аңсаған Бостандық – осы ма еді,

Осы ма – Тәуелсіздік мен аңсаған?!

 

Келіп кірген шыңғырмай, шу шығармай,

Қызылшақа күйіне қымсынардай?!

Сен аңсаған Бостандық зар илесе,

Бүкіл ғалам, күллі әлем ушығардай!

 

Бодандағы қала да, дала да – тұл,

Тұлға тұғыр болады ол, қара да тұр?!

Сен аңсаған Бостандық апыл-тапыл,

Бір жығылып… бір тұрып келе жатыр!

 

Келе жатыр айналып – «бал-бөпеге»,

Есін жиып, ертерек ер жете ме?!

Сен аңсаған Бостандық іздеп сені,

Келіп кірсе, қайтемін, жер-кепеме?!

 

…Ұрындырмай ініңді ылаң-бүлікке,

Мазамды алған жауап бер сан күдікке:

Сен аңсаған Бостандық – жарылқай ма,

Жырдың тәжін табыстап Мәңгілікке?!

Ой…

Бірден, Бәрі – қайдан болсын?!

Соны – айтамын-ау:

Имандылық – Шарты:

«Әсте, Әсте…» – ғой…

Шүкір!

Мың Мәртебе – Шүкір!

Тәубе!

Тәуелсіздігіміз, күнбе-күн, жылма-жыл, «Буынын» – бекітіп, «Аяғына» – мініп-ақ келе жатыр! Ақын-Атыңыз, Күллі – Әлем, Бар – Ғаламды шарлап кетті! Атақ-Даңқыңыздан, «Ат» – үркеді! Баспа біткен – Өлең-Кітап­та­рың­ызды, Жыр-Жинақ­тарыңызды том-том­дап шығарып, оқырман-қауымға – кеңінен та­ратуда… Алматыда, Талдықор­ғанда, Сізге, Қоладан – Ескерт­кіш (Мәскеудегі, Пушкин – Мүсініне бергі­сіз) орнатылды! Алматыда, Сіздің, Ақын-Атыңызға – Даңғыл – Көше берілді:

                МАҚАТАЕВ КӨШЕСІ

Мыңы келіп, біздейдің – мыңы кеткен,

Жерің аман, әл-әзір… елің де есен.

Сүйенісіп екеуміз жүріп өткен,

«Мақатаев көшесі» – менің көшем.

 

«Жерім» десем, өзеуреп… «елім» десем,

Ер-Замандай мертігем төс қағатын?!

Сенің көшең, ағасы, менің көшем –

Сені және өзімді еске алатын.

 

«Пастерді» алып, Ұлы Ақын, атыңа арнап,

Еске аламын көсемді көше берген.

Аруағы көрінде жатыр аунап:

«Не көрсем де көрдім деп пешенемнен»!

 

«Райымбек!», «Райымбек!» деп… қамалданып,

Құрбан болған еске алам хас-батырды.

Шемен қауып, шер жұтып – оманданып,

Жаным жылап, жанарым жасқа тұнды!

 

Жалғызсырап… көкке ұлып ашынатын,

Көкжал шағымды еске алам және сені.

Оқығандар өлердей шошынатын,

Өлеңдерім «өгейі» емес еді?!

 

Емес еді жыр момын бүгінгідей,

Керегі жоқ, керегі… Керегі жоқ!

Түк те демей кетем бе, түк үндемей,

Қашан көше атыма береді деп?!

 

«Мақатаев көшесі» – менің көшем,

Қайтем, көшем өзімнің жоқ болғасын:

Бағалайды мені де елім кешең,

Жүрегінде жырларым жатталғасын!

 

…«Мақатаев көшесі» – сенің көшең,

Көкше-талдай көшеңе сай болайын?!

Жерім аман болсыншы, елім де есен,

Көке, сенің көшеңнен, айналайын!

 

Сүйінші…

Шүкір!

Мың Мәртебе – Шүкір!

Тәубе!

Тоба…

P.S.: Тәуелсіздік, Мені де – құр қалдырып жатқан жоқ, Мұқа! Көппен – Бірге… Осы сө­­зім­нің – Дәлелі: Ұлыңыз Жұлдыздың жұ­­­байы – туған-келініңіз Бақытгүл тө­райым­дық ететін – Халықаралық Мұқағали Ма­қатаев Қоғамдық Қоры, жуырда, Мені: «№1 Мұқағали  Мақатаев   атындағы  Төс-Белгімен» – марапаттады:

 

9.02.2016

Мұқағали Мақатаевқа.

Мұқа,

Мені,

Қуанттың!

Шын –

Қуанттың!

Әдірем-Қалған –

Көңілімді,

Уанттың!

Жұпарымды –

Шашып,

Күллі –

Әлемге:

Ақпан-Айы –

Аязында…

Гүл –

Аттым!

 

Аруақ-Құдай,

Қайта –

Қоздап…

Өшкенді,

Ата-Бабам –

Қолдады ма,

Көшпенді?!

Кеудемдегі,

Жырдың –

Жарық-Күніндей:

Мұқағали атындағы –

«Төс Белгі»!

 

Сүйінші!

Сүйінші,

Мұқа?!

Сүйінші,

Аруағым…

Тәуелсіздігімізге – Тағзым!

Мәңгілік Елімізге – Мінәжат!

Аллаһқа – Мадақ!

                                    ИРАН-ҒАЙЫП.

                        3.ХІ.2016

Алматы шаһары.

 

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.