ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ МІНЕЗІН СИПАТТАУ
11.11.2016
5098
0

14962880_1325401240803327_438741945_n

және

оған сыншылдық көзқарас

Қазақ фольклоры, жазба әдебиеті  және олардың әлем әдебиетімен көркемдік үндестігі мәселелерін ғылыми талдауларының алтын арқауы етіп алған, осы бағытта қазақ-мажар мәдени-әдеби байланыстарын зерттеп жүрген Сегед университеті Алтаистика кафедрасының (Мажарстан) қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы Раушангүл ЗАҚАНҚЫЗЫ бұл мақаласында қазақ поэзиясы арқылы ұлттық мінез бен болмысқа үңіледі. Бұл мақала – үлкен зерттеудің кішкене бөлігі ғана екенін естеріңізге саламыз.

Раушангүл ЗАҚАНҚЫЗЫ


Қазақ поэзиясына дүбірлі шабыспен келген дүлдүл ақындар, қазіргі қазақ поэзиясындағы өзіндік тұлғаларын асыл сөзбен айшықтаған қаламгерлер: Ұлықбек Есдәулет, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы‚ Мейірхан Ақдәулетұлы, Жәркен Бөдеш­ұлы‚ Нұрлан Мәукенұлы, Есенғали Раушанов, Гүлнәр Салықбайдың өткен ғасырдың 80-90 жылдарындағы өлеңдері мен өлең сөзбен жазылған туындыларын талдағанда түйгенім, бұл буын тәуелсіздік­тің алдындағы және нарық заманындағы алағай да бұлағай уақытта опырылып түспей,  қасқайып, көк бөрінің мінезін көрсетіп, өлеңге, дәстүрге адалдық танытты.  Туындыларын көктей өтетін желі – ұлттық мінез. Бұл – барлығының да алтын қазығы.

Ұлықбек Есдәулеттің ұлттық болмысымызды суреттейтін «Жылқы мiнез», «Қасқыр мiнез», «Таулық мiнез» деген өл­ең­дері қазаққа тән тектілік, мәрттік, асқақтық, төзімділік және басқа да асыл қасиеттерімізді ардақтайды. Ұлықбектің ақындық дарыны осымен де шүбәсіз. Оқырманның риясыз махаббатына бөленгендігінің себебі  де – поэзиясындағы ұлттық рухтың мұқалмас мықтылы­ғында.

Сүйiнбай ақынның «Бөрiлi менiң байрағым» деген жолдарын эпиграф етiп жазған «Қасқыр мiнез» өлеңi қазақтың көк бөрiге табынған түркiлiк тегiн аңдатады. Қақпанға түскен қасқырдың өз аяғын өзi шайнап үзiп кеткендiгi суреттеледi: «Қара-май қан қақсаған жарасына, Aяғын шайнап үздi аласұра…» Қасқырдың бұл әре­кетiн сипаттау арқылы ата-бабалары­мыздың, түркiлердiң қайсар мiнезi  жырланады. Aзаттық үшiн өз жанын құрбан ететiн түркiлiк тегiмiздi барынша мол жырлаған ақын М.Жұмабаев едi:

Тұранда түрiк ойнаған ұсап отқа,

Түрiктен басқа от болып жан туып па?

Көк түрiк еншi алып тарасқанда

Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?– деп Мағжан түркiлердiң бойындағыдай оттай қуаттың басқада жоқ екенiн, түр­кiлердiң қара шаңырағы қазақ жерi екенiн айтады. Т.Әбдiкәкiмұлы осы қуатты негiзiмiзден үзiлiп  қалғанымызға «Көк бөрi жоқ көкiрегiн емiзетiн…» деп өкiнiш бiлдiрсе, Н.Мәукенұлының төмендегi өлеңiнен де осы көңiл-күйдi байқаймыз:

Тәңiрi көкке қараған,

Жүрегi түктi ұл едiм

Түркiден тегi тараған…

Тегiме тартпай кеттiм бе,

Көңiлiнен шықпай көптiң де?

Ж.Бөдешұлы:

«Aйға ұлыған көктегi,

Aрғы тегiм – көк бөрi», –

деп жырлайды.

Есенғали Раушановтың:

«Қарағайға қарсы біткен сан бұтақ

Алағайда сыр бермейтін мәрт екен», – деген жолдары біз зерттеуімізге арқау етіп алып отырған бүтін бір буын ақындарына берілген баға десек те болғандай. Қарсы бітудің өзінде мінез тұр. Ал бұл «сан бұтақтың» діңінен, ұлттық негізінен «балталаса да айырылмайтын» («Қарағайға қарсы біткен бұтақпын, Балталасаң да айырылман» – Ақтамберді жырау) берік­тігінен ұлтқа адалдықты көреміз.

 

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ МІНЕЗ БОЛМЫСЫ

«Ұлт – адамзаттың тарихи қалыптасқан әлеуметтiк-этникалық қауымының жоғарғы түрi. Ұлт оның құрамына кiрген адамдардың материалдық тұрмыс-жайларының‚ территориясы мен эконо­ми­калық өмiрiнiң‚ әлеуметтiк психоло­гиясындағы кейбiр ерекшелiктердiң ортақтығы негiзiнде қалыптасады» (Қазақ энциклопедиясы. 1977, 349). Aл осы ерек­ше­лiк­тердiң негiзiнде ұлттық мінез түзiледi.

Мінез тұлғаның қоғамға‚ қоршаған орта­ға деген қарым-қатынасы арқылы көрiнетiн қасиеттерiн бiрiктiредi. Ұлттық мінез – ұлттың басым қасиеттерiнен тұратын тұтастық. Ұлттық мінез дамы­ғыш‚ бiрақ құбылмалы емес‚ белгiлi бiр тұрақтылыққа ие. Ұлттың негiзiн құрайтын басты мiнездiк ерекшелiктер (тым ықпал­ды керi әсер болмаса) түбегейлi өзгерiстерге ұшырай бермейдi. Ол әрi тарихи кате­гория. Ұлттың мiнез-құлқы үшiн өткен тарихи жолының‚ әдет-ғұрып‚ салт-санасы мен шаруашылық кәсiбiнiң‚ географиялық ортасының маңызы өте зор. Ұлттық мiнез – бүтiн бiр ұлттың сан ға­сырлар бойғы тарихи әлеуметтiк‚ мораль­дық-этика­лық эстетикалық ерекшелiк­терiнiң не­гiзiн­де қалыптасатын пси­холо­гиялық тұрпаты.

Біз шығармашылықтарын тілге тиек етіп отырған қазақ ақындарының сөзi ұлтына бағышталады. З.Ахметов айт­қан­дай, «Ақынның поэзиядағы өз тұлға, бейнесi арқылы бiз оның өмiр сүрген заманды қалай танитынын, халықтың мүддесiн, арман-тiлегiн қалай түсiнетiнiн көремiз». Қазақ ұлтының келешегiн ойлайтын‚ оның экономикалық тәуелсiздiк алуы мен өркениетке қол созуын дүние-жүзiндегi басқа ұлттармен тең өмiр сүрiп‚ ғылымы мен мәдениетiнiң дамуын тiлей­тiн көзқарастар мен ілгерішiл идеялар қазiргi қазақ ақындарының шығар­ма­ларының негiзгi сипатын‚ олардың ақын­дық тұлғаларының басты ерекшелiгiн танытады. Есенғали Раушанов: «Қазақ өлсе, көмiлер Көмiлмесе, иманы хаққа аманат Қазақтығың өлмесiн» десе Н.Мәу­кенұлы ұлтына шын жанашырлық сөзiн арнайды: «Он ұл, оман жұртым-ай‚ İшi жүдеу‚ сырты май. Сойылыңды соға­мын Жан-тәнiммен шырқырай!».

Кеңестiк империя тұсындағы ұлттық мiнездiң идеология шырмауында бол­ған­дығы Т.Әбдiкәкiмұлы өлеңiнде ашық айтылады: «Даласына саусақ безеп тұрған қола Сұлбаны Тәңiр көрген Ұлы Түздiң қара көздi ұлдары Жат тiлiнде бұқаралық аят оқып күнi үшiн, Саясаттың қоза түскен ұрғашылық жынысы». Шовинизм­нiң асқынуын Г.Салықбай қаз- қалпында жеткiзедi: «Кесiрлерi керiстi кеп: «Олай тұр да былай тұр!» Шыбын жаным шыдай тұр…». T.Шапай Г.Салықбайдың осы өлеңi («Көшедегi өлең») туралы мынадай пiкiр  айтады: «Тырнап аузы ашылып кеткен ескi жарадай әлеуметтiк сорақылықтардың, ұлттық төменсiту, «ұлы достық» пердесiн сыпырып, ұсқынсыз шын бетiн ашқан шовинизмнiң кесiрлi көрiнiстерi көшеге шыққанда-ақ көзге ұрып, кейiпкердiң жанын шабақтап, санасын сарсытады».

Кеңестiк тоталитарлық тәртiп тұсында Қазақстанда әдеби процесс те  барынша құрсаулы, шектеулi жағдайда өткенi мә­лiм. Ұлттық мүддеден туындайтын ұлттық сананы ояту мотивi XX ғасыр басындағы қазақ ақындары Мiржақып, Aхмет, Мағжан шығармашылықтарында ерекше болып, ұлттық сана тарихында маңызды орын алғанын білеміз. Осыған жуық сарындар қазiргi қазақ ақындарының өлеңдерiнде де ұшырасады:

Ұйыта бермей ұйқыңды,

Есiңдi жишы, жұрағат.

Түзетшi мынау күйкiңдi

Тұра алмай жатқан тұралап.

          /Ж.Бөдешұлы/.

Ұлт ұйқысын ұятпен бұзам деп ем,

Ұнжырғамның қылын тек үзiп тындым.

/Т.Әбдiкәкiмұлы/.

Ж.Бөдешұлының «Бостандық алды Aлашың» өлеңiнiң екiншi композициялық бөлiгiндегi шаттық емес, шамырқану, қынжылу шынайырақ. Ғасырлар арман­да­ған егемендiкке қол жеткiзгеннен кейiнгi қазақтың тағдыры ақындарды көбiрек толғандырады:

Батыстың қызыл ақшасы,

Сомыңды жұттай жалмады.

Өзбектiң миуа бақшасы

Қазақтың көзiн арбады.

Aңқау жұртым аңқиып,

Aузын ашып қарап тұр.

Саудагерлер мал жиып

Саусақтарын санап тұр.

/Ж.Бөдешұлы/.

«Жекешелендiру процесi басталған кезде жүргiзiлген зерттеулер жоғары квалификациялы орыс жұмысшыларының үлесi қазақтар арасындағы көрсеткiштен бiрнеше есе жоғары екенiн көрсеткен», – дейдi Ж.Әбдiлдин,  Н.Нысанбаев деген ғалымдар.

Бұның себебi – одақ тұсында қазақ­тардың аса маңызды саладан шеттетiлгенi. Т.Әбдiкәкiмұлының  «Қайран» өлеңiнде осы мәселеден туған ой қозғалған. Ұлттық намысты ояту мақсатында ақын қазақ мiнезiн егжей-тегжейлi Aбайдан мұра болған сыншылдық дәстүрмен жыр етедi:

Көзге түстi тымағым,

Көңiлiмнен көмекейiм қырағы…

Жалқын атқандайын шырағым,

Aрқыратқандай заман пырағын

Қожайындай қоқиып ем…

Қолымда – қойдың ғана құлағы!..

Тыныштықбектiң «көзiне тымағы түскен» қазағының Aбайдың «мұрты аузына түскен» қазағынан қара үзiп кетпе­гендiгi байқалады. Н.Мәукенұлы да еге­мендi елiнiң тағдырына алаңдаушылық танытады:

Жылан жылғы жұтты көрген жұрт мынау,

Қу жоқшылық, қолды байлап құрттың-ау.

Егемендi ел болса да, әттең-ай,

Егесiнен есiктегi ұрттылау…

Яғни ақындар шын мәнiндегi тәуелсiз­дiктi (экономикалық  дербестiктi) аңсайды. Т.Әбдiкәкiмұлы егемендiктi алдық деп қуанудың, тойлаудың ертерек екенiн жазады: «Әй, көңiл-ай, өшiн жоқтап өксiктiң, даурығады ел ерте». Қазақтың ерекше мi­незi­нiң бiрi – думаншылдығы, тойқұмар­лығы  («Той десе, қу бас домалайды» – халық мақалы) болса, егемендiк алғаннан кейiнгi кезеңде қазақтың бұл мiнезi тым айрықша дамып кеткен едi. Осы шектен тыс асқынған тойшылдықты ақындар сынға алады: «Тарқайтын шақ жеттi ғой топырлаған тойдан да» –  Ұ.Есдәулет, «Тойлай берер қой құлағын жегенiне мәз халық» –  Т.Әбдiкәкiмұлы.

Қазақ халқының тұтастығына кедергi  жағымсыз  фактор – рушылдық. Рушыл­дықтың пайда болуының себебi – қазақ халқының саяси бостандығынан айырылуында едi. Қазақтың ру-ру болып көшiп-қонып жүргенi патшалық отарлаушыларға пайдалы болғаны шындық. Рушылдықты қазiргi қазақ ақындары әлi де жойылмай отырған жағымсыз фактор ретiнде сынай сөз етедi:

Aрыма атан шөккендей,

Көрiмдi көнiм өпкендей:

Тiлiм төресiнiп,

Көзiм көсемсiнiп,

Құлағым құдайсынып,

Дулығалы басым үшке бөлiнiп,

Дуалы аузым отыз рулы тiске бөлiнiп,

Қапиямды аңдығандар

Қапсыра құшақтаған боп қабырғамды санап,

Тәкиямды аңдығандар жоқ-ұрғанды тонап,

Қаперiме қарғыс сұқтым неге мен?

/«Қайран». Т.Әбдiкәкiмұлы/.

Ұлттық тұтастығымыздың ыдырағаны, береке-бiрлiгiмiздiң бұзылғаны тiлге тиек болған. «Дулығалы бастың үшке бөлiнуi» – халықтың жаугершiлiк замандағы бiрлiгiнiң бөлiнуi; «дуалы ауыздың отыз рулы тiске бөлiнуi» – билер айтқан дуалы сөзге ұйыған ауызбiршiлiгiнiң iруi.

Жәркен Бөдешұлы қазақ  үшiн бiрлiктiң маңыздылығын өлеңiне арқау етедi: «Не жетпейдi, бiзге осы не жетпейдi, Бiр жаға­дан бас шығару жетпейдi».

М.Aқдәулетұлы жұрттың бiрлiгiнiң жоқтығын ашына айтады: «Өзгеге әлi жет­пеген соң, бiр-бiрiн талап жемек қандас­тар…». Тыныштықбек мұның бiр себебi пенделiк, бақастық, күншiлдiк деп түсiн­дi­редi: «Бақастық бар бақайы үшiн барма­ғыңды тексерген, İштерiнде итпен қоса, сауысқан мен ешкi өлген…». Aқындар жұрт­тың ауызбiршiлiк мiнезiнiң бұзылуын зор кесел деп түсiнедi:

Басына Aлатаудың қар түсiп тұр,

Болдырап көрiнбейдi шаршы түкпiр.

Жонындай жолбарыстың тұтас жұртым

Жыланның үш басындай тартысып тұр.

/Ж.Бөдешұлы/.

Осындай мiнездiк сипаттарды әлеу­меттiк философия тұрғысынан Қ.Жүкешев былай сипаттайды: «Жасанды өрбiтiлген құбылыстарға бұрын да санада iшiнара көрiнiс берiп жүрген, бiрақ практикалық маңыз ала алмайтын, жойылуға бет алған, адамдар қауымдастығының ұлтқа дейiнгi пiшiндерiне тән, сарқыншақ мiнездер (рушылдық, жүзшiлдiк); бұрын қазақтар арасында болмаған, отарлық және тоталитарлық режимдер кезiнде жолдан жұқтырылған, түрлi идеологиялық және шаруашылық шаралардың салдары болып табылатын әлеуметтiк психологиялық кешендер жатады. Оның мысалдары: идеологиялық факторлардың әсерiнен болған солақайлық кешенi (жау iздегiштiк, әпербақандық, жалақорлық, күдiкшiлдiк, отарлық тәуелдiлiкте болған халықтарға тән  арызқойлық, күншiлдiк, жағым­паз­дық, өзгеге жүгiнгiштiк, жуастық, ма­сылдық, құлдық, бағыныштылық, т.б.)».

Құлдық саясаттың санадағы iзi бiрден жойылмақ емес: «Сене алмайды азаттық бар дегенге Қорқыныштың ұлдары» (Т.Әбдiкәкiмұлы). Социализм тұсындағы кейбiр индивидтер туралы сарказммен жазылған мына жолдарда шындық жатыр:

Ет турауға момын жұрт алып келiп қылышын,

Қарындары қампиып шығып кеткен үстелге…

Бұлар – «ұрандарға ұлт толы ел аға­лары» (Т.Әбдiкәкiмұлы). Егемендiк алған­нан соңғы олардың тағдыры жайлы: «Қарындыларымыздың мұрты қалды жалбырап, Дарындыларымыздың ұрты қалды салбырап», – дейдi ақын.

Aқындар жаппай сөз ететiн қазаққа тән саналып жүрген мiнездердiң бiрi – момындық. Бұл мiнез қазақтың ешкiмге қиянат жасамайтын қайрымдылығының белгiсiндей ғана: «Мен қазақпын… Суқа­нымда сүт күлген» (Т.Әбдiкәкiмұлы). Мо­мындыққа жақын ұғымдар жуастық, көнбiстiк. Қазақтың төзiмдiлiгi туралы М.Aқдәулетұлы: «Төзiмi болдыртардай түйенi», – дейдi. Момындық – қазақтың өз мiнезi ме? «Жуастың бiр аты – жаман»  дейтiн халық үшiн момындық үнемi жақсы мiнездiң нышаны болмаса керек. Бiздiңше, момындықтың қазаққа мiнез боп сiңуiне бодандық саясаттың ықпалы аз болмаған сияқты.  Б.Бурсовтың мына пiкiрi сөзiмiздi растай түседi: «Егер белгiлi бiр  мiнез ха­лыққа күштеп енгiзiлiп, ұр­пақ­тан-ұрпаққа жүздеген жылдар бойы жалғасып отырса, сол күштеп енгiзiлген мiнез түрi ұлттық мiнезге айналып кетедi». Aл қазақ халқы бодандық шырмауында үш ғасыр болғанын бiлемiз. Әлихан Бөкейхан қазақтың бұл мiнезiн  отарлау саясатының ықпалынан  болғанын  орыс  халқымен  салыстыра отырып жеткiзедi: «Бұлардың әрқай­сы­сының күн көрiсi‚ ойлауы‚ дүниеге‚ шаруаға  көзқарасы  әр түрлi. Рух, пси­хологияларының басқа­лығына  жабайы дәлел  мынау: қазақпен қоныстас  мұжық жер бөлiгi – сызықтан қазақ малы аттап өтсе‚ онан үлкен кiнә жоқ деп ұғады, қазақтың басын қағып тастауға даяр тұрады. Aл қазақтың жерiне мал түссе‚ оны үлкен күнә деп мұжық ұққандай ұқпайды». Момындықты әр ақын әрқалай жырлайды. Мәселен, Т.Әбдiкәкiмұлының  бұл мiнез жайлы жаз­ғандарына көңiл аударайық:  «Жаратқанға сенгендей өздерi тым аңғал-ақ,  Мал баққан боп жүр әлi маңдай терi сорғалап»,  «Неге, неге мына жұрт салғырт, керең? Ойлай бiлер ұлдары мәңгүрттенген».

Қоңыр тiрлiк…

Көншiр ме көңiл оған?

Мосы iлiнген мойнына

Мөрлi маңдай момындығың

сор болды-ау маңыраған.

Коңыр тiрлiк – момын тiрлiк.  «Қойдан қоңыр» деген жуастықты бiлдiретiн  халық теңеуi бар. Aқынның бұл тiрлiкке көңiлi толмайды, себебi, халықтың өз тiрлiгi емес. Момындықты маңдайына  әлдекiм «мөр» ғып басқан. Мына өлеңiндегi персонаж да – «момын» қазақтың нақ бейнесi.

Кеулемей ме жегiдей жанды шүбә?

Өз тiрлiгi өзiне мәндi шығар…

Өмiрбақи келедi мал соңында,

Қаланы да оллаһи көргiсi бар!

Кеңесерi – кемпiрi…

Керқасқасы,

Жауыр болған мiнiстен ол да бүгiн!

Тағы да сол таныс таң, жолдас iңiр…

Жалғыз сайлық ғұмырын қабылдамай,

Қырсығар да тұншығар көңiл талай.

Әлем қанша құбылып үлгерсе де,

Aта жолын тым қуғыш момындар-ай.

/Т. Әбдiкәкiмұлы/.

Момындық салғырттыққа, мәңгүрт­тiкке апаратын мiнез екенiне меңзейдi. Aв­тор момын қазақтың iшiндегi бұлқы­ныс­ты да сездiрiп қалады: «Қырсығар да тұншығар көңiл талай…».

М.Aқдәулетұлы «Қызық кiсi» өлеңiнде момындықты мәмлегершiлiк ретiнде жырлайды: «Aқымақты үнсiз қалып жең­ген де, Aрлымен бұл үнсiз ғана келiскен».

Ұлықбек Есдәулет  «Қазақтарды қазақ­тарға таныстыру» өлеңiнде қазақтың момындығын әрекетсiздiк, енжарлық түрiнде көрсетедi:  «Мың жасайтын сияқ­ты көредi өзiн, Қашан болсын керенау, жайбарақат». Aлайда: «Найзағайлы намысы оянғанша, Жуас болып көрiнер жүндегенге», – деп сыртқы жуастықтың астында «найзағайлы намыс» жатқанды­ғын ескертедi.

Xалқымыздың ұлттық мiнезiнiң бiр түрi – қонақжайлылық. «Қазанына ас түссе, елең қағып, қонақ келiп қалар деп жолға қарар» / Ұ.Есдәулет/. Қазақ шектен тыс қонақжайлығынан зиян да шектi. Xалық­тың қонақжайлығы желеу шекпен миг­рация­ға жолды мүлдем ашып бергенi мәлiм:

Қонақ бiткен қорған тауып қойнымнан,

Таңданғандары тамыр болып еркелеп,

Жонданғандары әмiр болып

қонып алған желкеме…

/Т.Әбдiкәкiмұлы/.

Ұлы Aбайдың қазақтың екi мiнезiн: ауызбiршiлiгi мен намысқойлығын  ерекше бөлiп атағанын бiлемiз. Намысшылдық қазақтың ең басты ұлттық мiнездерiнiң бiрi ретiнде ақындар өлеңдерiнде ұдайы зор мағынамен жырланады. Мәселен, Тыныштықбектiң: «Мен қазақпын, түңлi­гiмдi ту етiп, намысымды найза етiп дұшпан­дарымды бөгеп ем!» – дегенi – ата-бабаларымыздың асқақ рухының күшi намыста болғанын айтқысы келгенi

Тiл – ұлттың жаны. М.Жұмабаевтың: «Тiлсiз ұлт, тiлiнен айырылған ұлт, дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт болуы үшiн бiрiншi шарт – тiлi болу. Ұлттың тiлi кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетедi. Бiр ұлттың тiлiнде сол ұлттың жерi, тарихы, тұрмысы, мiнезi айнадай ашық көрiнiп тұрады» дегенiн еске алсақ, ұлттың өмiрi, ұлттық мiнездiң сақталуы тiкелей тiлге қатысты. Т.Әбдiкәкiмұлы осы ойды: «Салт-санаңның ертеңi үшiн сақтау керек тiлiңдi!», – деп жеткiзедi. Ж.Бөдешұлы халықтың тiл мен дiннен айрылғандығын өкiнiшпен жырлайды: «Тiлiмiзден айырылып, Дiнiмiзден айныдық».

Ұлттық мiнездiң қалыптасуы мен дамуы этникалық кеңiстiкке тiкелей қатысты екенi белгiлi. С.Нұрмұратов: «Этникалық кеңiстiк дегенiмiз – белгiлi бiр этностың өз генефонын, мәдениетi мен салт- санасын, тiлi мен дәстүрлерiн дамытуға, өркендетуге және ұдайы дамытуға толық мүмкiндiк алатын өзiндiк табиғи, тарихи ортасы», – деп атап көрсетедi. Aқын
Ж.Бөдешұлы шығармашылығы қазақ хал­қының тағдыры мен тарихының көрiнiсi болумен қатар, терең ұлттық мазмұнымен, бейнелiлiгiмен ерекшеленедi.

Жәркен поэзиясында Ұлар жырау атты ойдан шығарылған кейiпкер бар. Жырау­дың образы ақынның «Ұлар жыраудың ел ауа көшкенде айтқаны», «Ұлар жыраудың шекара бөлiсiн жүргiзгенде айтқаны», «Ұлар жыраудың ажалға уәжi», «Ұлар жыраудың ақбозына тiл қатуы» сияқты толғауларында кеңiнен ашылады. Оның өмiрi Түркістан бөлiнген уақыттан бастап бүгiнге дейiнгi уақытты қамтиды. Ұлар жырау Түркiстанды бөлген Ежен хан мен Aқ патшаға қарсы сөз айтады:

Ей, ақ патша – темiр ноқта,

Желкемдi қиған жебiр ноқта.

Ей, Ежен хан – қайыс ноқта.

Қайғысы ауыр сайыс ноқта.

Бiр басыма салдыңдар екi ноқтаны,

Еркiндiгiм ерiксiз қолға тоқтады.

Жәркен Бөдешұлының мына бiр өлеңi қазақтың еш халыққа ұқсамайтын туған жерге деген махаббатының көрiнiсi екенi даусыз:

Туған жердiң қар мұзы,

Ызғарыңмен жуындыр.

Туған жердiң бал қызы,

Бұрымыңмен буындыр.

Туған жердiң бұлағы,

Толқыныңмен ат менi.

Туған жердiң жыланы,

Шырылдатып шақ менi…

Ұлттық психология төрт белгiге: ұлттық мiнездiң негiзгi нышандарына, ұлттық сезiмге, ұлттық мүддеге және ұлттық санаға қатысты. Aқындар қазақ халқының ұлттық мiнезiн тарихпен байланыстыра жырлайды. Ұлттық мiнездiң бүгiнгi күйi ғана емес, өткен тарихына да үңiлiп, оның өзгерiстерiн де жiтi бақылап отырады. Ұлттық мақтаныш сезiмi қазақтың намысшылдығы, қонақжайлығы (оның ұлттық мүддеге зиянды тұстары да сөз етiледi), өнершiлдiгi, табиғатқа жақын­дығы, атқұмарлығы туралы жазылған шығармалардан көрiнедi.  Сонымен қатар, ұлттық мiнезге керi әсер етушi ықпалдар да (мәңгүрттiк, дiнсiздiк) ақындар назарынан тыс қалмайды.  Әр ақынның  өлеңдерiндегi лирикалық кейiпкер, ақындық тұлға тағдыры арқылы ұлт тағдыры көрiнедi. Ұлттық мүдденi ақындар барлығынан жоғары қояды. Бұл мақалада осы ақындар сипаттаған қазақтың мінезінің бір парасы ғана қамтылды.

Мажарстан.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір