АВТОПОРТРЕТ
11.11.2016
2225
0

almazӘҢГІМЕ

Алмаз МЫРЗАХМЕТ

 

Живопись – занятие для слепцов.
Пабло Пикассо.

 

Суретші бүгін өз автопортретін салмақшы болды. Тақтасын дайындап, қарындашын «Buck Noble­man» ұштағышымен ұштады. Студент кезден қалған ескі бұйымның жүзі қайтқан ба, әлде қолының ебі кете бастаған ба, қарындаштың грифелі қайта-қайта сына берді. Ұштағышты орындықтың қол қоятын қос жақтауына кезек жанып, ұштады-ау, әйтеуір. Ол сурет салуды бастамас бұрын әдетінше тулақтай полотноны көз мөлшерімен ұзындығын үшке, енін екіге бөлді. Сосын өзінің дәл қазіргі кескін-кейпі қандай екеніне ой жүгіртіп, қарында­шымен басын қасыды.

«Келбетім келісіп тұрған жоқ шығар…», – деді өзімен-өзі сөйлесіп.

Пәтерде айна деген атымен жоқ еді. Суретші оң қолындағы тыртықты сұқ саусағымен сипап өтті, әйелімен ажырасып келген күні, жуынатын бөлмедегі айнаны ұрамын деп жаралап алған естелік тыртығы. Қабағы қатулы, көзі үңірейген, қанын ішіне тартқан адамның айнадан қарап тұрғанына ызасы келген еді. Өз келбетіне не үшін ашуланғанын да білмейді. «Сен бөтен адамсың! Танымаймын сені! Не қарайсың, әкеңнің ауызы!..», – деп жұдырығымен айнаны ұрып қалған. Қолы қатты жараланды. Үш ай дегенде әзер жазылды-ау. Айнадағы бейнесін бөтен адам қып көргенін жүй­кесі­нің жұқарғанына теліп, көңіліне алмаған. Қан­ша күнгі уайымы ғой. Бір қызығы, қолы қанша ауыр­са да, өткен күндері айнамен бірге сынып, мың­даған сыныққа айналып, сол сәтте зор жүктен арылғандай жаны жадырап сала берген.

Мейлі, автопортретті айнаға қарамай-ақ салады!.. Ол үшін бар болғаны тәнінен ажырап өз-өзіне сырттан қарау керек.

Міне, мынау — сан алуан бояуымен жұмыс жасайтын суретшінің түссіз, сұрғылт бөлмесі, дәл ортасында ескі орындықта арқасын тік ұстап полотнодан көз алмай өзі отыр. Шашы өскен, сақал-мұртын алмағалы алты айдын жүзі өткендей; жаба­ғылана ұйысып, бет-пішініне салқындық ұя­латқан. Мұрны тік, бет сүйегі шығыңқы. Салпиған ерні ұйпаланған сақал-мұртының арасына біткен бөтен дене сынды. Жанары сынық, оң жақ көзі сол жағына қарағанда сәл қысық.Бірақ екеуін бірдей қып салу керек. Бала кезінен сағат атаулыны тақпаса да қолында сағат бар сияқты көрінді, – кіш­кентай жүрек тық-тық етіп тұншығады. Түсі сол­ғын киімінің әр жеріне жұққан бояулар сурет­ші­нің өзін де суретке айналдырып жібергендей әсер қалдырады. Еденде шашылған бос қалбырлар және бояулардың көз жасын сүртіп кірленген бірнеше шүберек қалдықтары жатыр; ол суретшіге әйелін еске салды; соның қалған-құтқан көйлектерінің бірі болуы мүмкін; әлде шеберханаға айналған пәтердің пердесі ме? Олай болса оны да кезінде әйелі сатып алған болу керек. Терезенің оң жақ қабырғасындағы үш қабатты сөренің жоғарғы екеуі ұсақ-түйек заттарға лық толы, астыңғы сөреде бір-екі аяқталмаған туындысы жансыз заттай қан-сөлсіз сұрлат тартып, бір-біріне сүйенген.

Кенет суретшінің қарындашы қарлығаш қанаты ұшындай қимылдап, ақ полотно бетін шимайлай бастады. Пәтердің іші кемпірқосақтың жеті түсіне боялып, дүние шыр көбелек айналып жатқандай болды. Мұндай шабыт келмегелі қашан?!

– Автопортретімді  өзіме  қарамай-ақ  саламын! – дейді тісінің арасынан ысқырып қойып: – мен керемет суретші емеспін бе?!

 

***

Ол сиқырлы сыры бар ғажап туындысын таң ата толық аяқтап, қалжыраған күйі төсегіне кеп жантайды. Санасын торлап алған өрмекші-мұң сетінеп, бойы жеңілдеп сала бергендей. Өмірі салмаған суретін кескіндеп, сол суретке өзінің жанын қоса салып жіберді ме дерсің! Жастыққа басы тиген сәтте ұйқы періштесі суретшіні қанатына іліп, түстер әлеміне алып кетті.

Түсінде аппақ әлемде жүр екен. Аспан мен жер, қаңырап бос тұрған қала үйлері, жолдар, бағаналар, тіпті үстіндегі киімі де ақ түсті. Үп еткен жел жоқ, меңіреу тыныштық. Айналасына таңырқай көз тастайды. Жап-жарық болса да көлеңкесі көрінбейді. Енді бір қараса, ол осынау аппақ әлемге қара бояумен сурет салып жүр екен… Көлеңке іздегені болар.

Түс ауа біреу түрткендей селк етіп оянып кетті. Пердесі ашық қалған терезе әйнегінен құлаған күн нұры бөлме ортасындағы түнде салған суретке түсіп, «кел, көрейік» деп шақырып тұрғандай. Су­ретші автопортретіне барды да полотноның бетіне жапқан матаны аша берді…

Мүмкін емес…

Мүмкін емес….

Суретші көз алдында бірінен соң бірі өте бас­та­ған бала күнгі оқиғалар тізбегін көріп, әбжыланға арбалып қалғандай қозғалыссыз тұр.

Мүмкін емес…

«Мұғалім ауырып қалды, үйлеріңе қайтыңдар…» деген қуанышты хабар, ауыз үйдегі бөтен аяқ киім және түкпір бөлмеде мына автопортреттегі адаммен аймаласып жатқан анасы. Арғы жағы тұманды, еміс-еміс елестер: анасы адам баласына тіс жарма деп ұрысып жатыр; мына суреттегі адам қолындағы сағатты шешіп, «ешкімге айтпа, мен саған мынаны сыйлаймын» деген сәт; «сағаттың иесін» әкесіне айтқаны; сотта әкесін таңдауы, қалаға көшіп келгендері.

Иә, дәл өзі! Мұрны, көзі, бетінің пошымы да айна-қатесіз! Қалай бұл? Өзі сол адамға ұқсайтын болғаны ма, әлде миының тұңғиық қатпарында жатқан бейнені санасыз әрекетпен салып тастаған ба? Бейсаналық әлеміндегі адам өзінің автопортреті болып алдында тұр. Иә, мұрным да, көзім де осындай болуы керек, кішкене әжім түскен шығар деп мына сызықтарды жібергем, шашымды қалың­дат­тым… Тіпті, қолындағы сағат та сол…

Суретші санасындағы сансыз ойлардың ішінде адасып, айнаға қарауға деген қорқыныштың пайда болғанын жан-жүрегімен сезді.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір