ЖАНРТАНУДАҒЫ ЖАҢА ЕҢБЕК
11.11.2016
3531
0

unnamed-1Филология ғылымының кандидаты, доцент Раушан Әбдіқұлованың жуырда жарық көрген «Жанр және шығарма» атты ғылыми зерттеулер жинағын қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымына қосылған қомақты еңбек деп бағалауға болады. «Дәстүр» баспасының ұсынысымен «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы аясында мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген бұл кітап төрт бөлімнен тұрады.

Жанртану негіздеріне ар­нал­ған алғашқы бөлімде әде­биет­тің даму үдерістерін ай­қын­дап отыратын әдеби жанр ка­тегориясының тарихи тамыр­лары мен заманауи жаңғыру бел­гілері сабақтастықта сарала­на­ды. Еңбекте ерте кездегі грек ой­шылдарының эстетикалық пі­кірлерінен бастау алған әде­биеттегі үш тектің арналары та­­рамдала келе, бүгінгі күнгі әлем әдебиетінің жетекші категориясы болып табылатындығы пайымдалады.  Ғалым жанр ка­­тегориясын әлемдік әде­биет­тің даму заңдылықтарымен, көр­кем әдебиеттің стильдік ерек­шеліктерімен, көркемдік әдіс­термен, жазушының шы­ғармашылық психологиясымен, көркем шығарма поэтикасымен тұтастықта қарастырады, әлем әдебиетіндегі жанр ме­та­мор­­фозасы төңірегінде ай­тыл­ған пікірлерді жүйелі түрде саралайды. Әдебиет теоретиктері В.Е.Хализев, Л.И.Тимофеев, Б.В.Томашевский, Я.Е.Эльсберг, Н.П.Утехин, Г.Н.Поспе­лов, Н.А.Гуляев, Л.В.Чернец, М.М.Бахтин,  А.Н.Веселовский, т.б. еңбек­те­рін­дегі жанр мә­селесіне қатыс­ты әрқилы тұ­жырымдар салыстырылып, қайшылыққа толы қызықты деректер келтіріледі. Мәселен, Тимофеевтің әдебиет тектерін олар­дың компози­ция­лық ерек­шеліктеріне қарай ажы­ра­та­тын­дығы, Эльсбергтің сатираны өзін­ше текке жат­­қы­за­тын­­дығы, Г.Н.Поспелов пен Н.А.Гуляевтің әде­биет тектерін адам мен өмір шын­дығы қарым-қатынасының тип­тері бойынша жіктейтіндігі, В.Е.Хализевтің текті әдеби шы­ғар­маның тілдік құрылымының типі сипатында қарастыратын­ды­ғы дәлелді түрде баяндалады.

Көп жылдардан бері уни­вер­си­тетте дәріс оқып келе жатқан тәжірибелі ғалым, ұстаз ретінде Р.Әбдіқұлова белгілі әдебиет тео­ретиктерінің тек туралы тұ­жы­рым­дамаларын көпшілікке ұғын­­дыруда заманауи ғылыми тех­­нология жетістіктерін, инно­вациялық ұтқыр әдістерді пайдалану қажеттігін, сондай-ақ, әде­би тектердің шығу тарихын оқы­туда алдыңғы қатарлы ғы­лыми негіз­демелерге сүйену ке­ректігін алға тартады. Кітап авторы студенттерге эпикалық жанр­лардың таби­ғатын ашуға бағытталған теориялық мате­риал­ды түсін­ді­руде түрлі диаграммалар, ұяшық­тар, сызбалар сияқты көрнекі құралдарды пайдалану арқылы тақырыпты мең­гер­тудің тиім­ділігіне тоқтала­ды.

Көркем шығармадағы баяндау тәсілдері әр түрлі қолда­ны­ла­тын­дықтан, әрі жанрлық түрді ай­қындауға айырықша септігін ти­гізетіндігін ескере келе, зерделі ға­лым эпос, драма, лирикадағы баян­дау ерекшеліктеріне терең тал­дау жасайды. Баяндау, яғни нар­рация – эпикалық шығар­ма­лар­да кеңінен түрлендіріле қол­данылатын доминант тәсіл екен­дігін, оның «пейзаж, жағдай, кейіп­керлердің келбеті, көңіл-күй­лерінің суреттелуі, тілдік бей­нелеулер, қайталаулар, автор сөз­дері, диалог пен монологтар, ішкі сөздер» болып табы­ла­тын­дығын пысықтай түседі. Баян­даушы-кейіпкер, баяндаушы-автор мәселесін сөз еткенде, қа­ламгердің шындыққа деген көзқарасында оқырман танымына бағдар беретін тұстардың мол екендігі, көркем шығармада ең әуе­лі автордың ұстанымы мен идея­сы, пайымы мен бағалау деңгейі көрініс алатындығы нақ­ты мысалдармен дәлелденеді. Әйт­се де эпикалық баяндауға ли­ри­калық экспрессия тән емес, ал лирика тілі экспрессияға то­лы болатындығы – негізгі доминант», «лирика суретке құрылса да оның астарында медитация бо­латындығы – лириканың көр­кем­дік қуаты», – дейді автор.

Драма тегінің ерекшелігін тү­сіндіруде, драматургтің көр­кем­дік-бейнелеу құралдарының бір бөлігін ғана пайдалана ала­тындығын, авторлық ашық баян­даудың драмада кездесе бер­мейтіндігін ескерте отырып, дра­ма тегіне қатысты теориялық ұғым­дарды түсіндіруде сахна өне­рін бейнелейтін видео-ро­ликтерді пайдаланумен ұштас­тыру жолдарын ұсынады. Оқыту­шы-ғалым өз еңбегінде жанр­­танудың теориялық аспек­ті­лерін пайымдауды осылай әдіс­темемен ұш­тас­тыра жетіл­діруді жөн санайды.

Р. Әбдіқұлованың төл әде­бие­тіміздің тынысын идеялық-маз­мұндық, дара пішіндік  жағынан кеңейтіп, көркемдік дәстүр на­қыш­тарын ажарлай түсетін ше­шендік өнер жанрына, оның поэ­­­тикасына арналған соны із­деністерін кітапқа енген бірнеше ма­қалалардан байқаймыз. Осы тұс­та ғалымның бұған дейін де ше­шендік өнер мен би-шешендер шы­ғармашылығына арналған «Бөл­тірік Әлменұлының шығар­машылығы» атты зерттеуі (2003) жарыққа шыққандығын айта кет­кен жөн. Жоғарыда аталған жаңа кітаптағы «Ашық моно­лог­тың телімдері», «Шешендік диа­лог­тың құрылымы», «Портрет телім­дері» атты зерттеулерінде ол ше­шендік өнердің жаңа қырла­ры­на үңіледі, шешендік сөздердің баяндау және бейнелеу жүйесінде ашық монолог пен ашық диа­лог­тың орны зор екендігін, олардың осы жанр идеясын, шешеннің айтпақ ойын эксплицитті түрде жеткізетіндігін, осылай идеялық-характерологиялық міндет­тер­мен тұтасып кететіндігін сөз ете­ді. Шешендік өнердің көр­кем­дік телімдері шешеннің сөйлеу тілін­дегі әсерлі, айшықты бейне­леу құралдарынан тұратындығын мәтіндік талдаулар арқылы нақ­тылай түседі. Шешендік өнер­дегі диалогтық құрылымдарды суырыпсалма ақындық  дәстүріндегі тілдесулердің эволюциясы ретін­де танып: «Сұрақ-жауап құрылы­мы­нан шешендік сөздің идеясы, шешеннің рухани дүниетаным­дық қасиеттері арқылы адам өмі­рінің сыр-сипаты ашылып, мо­ральдық-этикалық тұжы­рым­дар жасалып, қоғам, дүние, жаратылыс жайының сырлары таны­лады», – дейді автор. Ше­­­шендік диалогтарды формасы жағынан – полилог, монодиалог, халықтық жұмбақ сипатындағы шешендік сұрақ-жауап, астарлы сөзге құрылған шартты сұрақ-жауап, драмалық диалог үлгі­ле­рі­не ажырата келе, олардың мета­фо­ралық салыстыру, меңзеу, табу, мақал-мәтел, риторикалық сұрақ, инверсия, ішкі ұйқас пен ыр­ғақ, қайталау, буын үндестігі се­кілді көркемдік телімдерге де бай екендігіне тоқталады. Ше­шен­­дік сөздердің жанрлық, құ­ры­лымдық әрі  көркемдік  ерек­­шеліктерін зерделеген ғалым оның зерттелу жай-күйін, ав­тор­лық шығарма ретінде қаралу мә­селелері төңірегінде айтылған әде­­биетші ғалымдардың пікір­лерін де сарапқа салып дамытады.

Күні бүгінге дейін фольк­лор­дың бір жанрлық түрі ретінде қа­­ралып келген шешендік сөз­дер­дің авторлы шығармаға жата­тын­дығы мәселесін көтеретін ға­лымдарымыздың зерттеу ең­бектеріндегі пікірлерді сараптап, дәстүрлі шешендік өнерге көркем шығарма ретінде қарап, бүгінгі жаңаша таным көкжиегінен ба­ғалау қажеттігін құптайды. Сон­дай-ақ, «Шешендік өнер және оның сипаттары», «М.Әуезов – академиялық шешендік мектебі негізін қалаушы» сияқты зерт­теу­лерінен қазіргі риторикадағы ака­демиялық шешендік түрінің си­паттарын, мақсаты мен мін­дет­терін танып, шешендік өнер­дің жаңа заман сипатына сай жаңғырып жалғастық тауып келе жат­қандығын пайымдай түсе­міз.

Зерттеу еңбегін салмақты етіп тұрған тағы бір мәселе – қа­зақ сөз өнеріндегі интертекст жайы. «Қазақ сөз өнеріндегі ин­тер­текст мәселесі», «Абай және Шәкәрім поэзиясындағы интертекст құбылысы» сияқты зерт­теу­лерінде ғалым интер­текс­­туа­ль­­дық теориясының бастауы М.Б. Ямпольский, И.В. Арнольд, М.М.Бахтин сияқты шетел ға­лым­дарының еңбектерінде жат­қанымен, оның сілемдерін қазақ әдебиеттануының бастапқы кезеңдеріндегі еңбектерден де кез­дестіруге болатындығын ай­та­ды. Көркем мәтіндегі келтірінді құрылымдардың қолданылуы­ның өзі авторлық мақсаттардан туын­дап, идеялық-көркемдік қыз­мет атқаратындығын түсін­діре келе: «…фольклорлық поэти­ка­лық интертекстер мен цитаттарды қолдана отырып, қазақ жазу­шылары өз шығармаларына ұлт­тық сипат береді, мотивтерді шы­ғармашылықпен жаңғыр­та­ды, оның мазмұнын көркемдікпен байытады», – деп интертекстерді көр­кем шығармаға экспрессивтік мән дарытып, поэтикалық құн­дылықтарды құрайтын көркемдік те­лімдерге жатқызады. Шығар­ма­­­шылық өнердегі үндестікті танытатын интермәтін сипатын Абай мен Шәкәрім, Абай мен Жам­был өлеңдеріндегі  әлеумет­тік тұр­мысты, табиғат пен өмір құ­бы­лыстарын бейнелеулерінен тауып, оның көрініс алуы ұлттық мүд­де мен ұлттық көркемдік та­ным­нан туындағандығын айтады.

«Ғылыми портреттер мен ес­те­ліктер», «Сөз сымбаты», «Көңіл тол­қыны» атты тарауларында бірі­нен дәріс тыңдап, бірінен тағ­лым алған білгір ұстаздарының бол­мысын өзі қабылдаған шынайы қалпында олардың ғылыми із­деністері мен зерттеу әдістерінің тың қырларын аша түседі. Әде­биет тарихының зерттеушісі Х. Сүйін­шәлиев, қазақ дра­матур­гиясының жанрлық жүйесін же­те зерттеген ғалым Р. Нұрғали, әде­биет сыншысы Т.Кәкішұлы, әде­биет теоретигі Б.Майтанов, әде­биеттану ғылымына өзіндік үлес қосқан ғалымдарымыз Ж.Ті­лепов, Қ.Мәдібай, т.б. жайында те­бірене жазған әдеби портреттерден ғалымдарымыздың табанды ізденіске толы жанкешті еңб­екқорлығын, өмірдегі адами қа­сиеттерге негізделген дара біті­мін танимыз. Әдебиеттану ғы­лы­мының ыстығы мен суығына төзіп, ерінбей тер төккен айтулы ғалымдардың еңбегіне ғылыми тұрғыдан әділ бағасын беріп, олар­ды ардақ тұтуды парыз сана­ған Р.Әбдіқұлованың өзін де әде­би шығарманы зерттеудің жаңа бағыттарына батыл барып жүрген әдебиеттанушы, зерделі теоре­тик-ғалым. Өнердің асыл тегі әдебиетті қастерлеп, көркем шы­ғар­ма табиғаты мен қаламгер суреткерлігін танытуға бағыттал­ған ғалым еңбегінің оқырман тал­ғамы мен танымын арттыруда маңызы зор.

Сәлима ҚАЛҚАБАЕВА,
филология ғылымының
кандидаты, доцент.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір