КЕНЕННІҢ БАТАСЫНАН КЕЙІН
11.11.2016
1990
0

t-rsyn-buovТұрсын ӘБУОВТІ  бір қарағанда  қарапайым ғана жәй адам деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Ал жақынырақ танысып, әңгімелескен кезде бір дәуірді ішіне сыйдырған үлкен сыр сандықтың иесі екеніне көзіңіз жетеді. Ол сонау сұрапыл соғыс жылдарының ызғарын сезініп өскен ұрпақтың өкілі.  Әкесі соғысқа аттанардан бұрын ескі шәйнектің қақпағын дөңгелек етіп, арба жасап беріпті. Әкенің көзіндей болған сол естелік қылқалам шеберінің сурет өнеріне деген құштарлығын оятады. Жастайынан-ақ зерек өскен Тұрсын Әбуовтің адам баласының жандүниесіне, мінез-құлқына, ой-өрісіне деген қызығушылығы портреттер галереясын жасауға негіз болады. Ол ел тарихының өткені мен бүгінін, табиғат пен адамзаттың өзара үндестігін, философиялық ойларын, шынайы өмірдің бейнесін өздігінше қалыптастырады.  Бүгінде оның ұлттық тақырыптағы көркем туындыларының саны өте көп. Жасының ұлғайғанына қарамастан әлі күнге дейін тоқтаусыз еңбек етуде, ізденіс үстінде. Таяуда қылқалам шеберімен сұхбаттасудың сәті түсіп, ол кісіні біраз әңгімеге тартқан едік.

– Әңгімені сіздің балалық ша­ғыңыз­дан бастасақ…

– Мен Алматы мен Талғардың ортасындағы  «Қызыл ту-3» деген шағын ауылда туып-өстім. Әкем   со­ғыс жылдарының алдында етік­ші болып жұмыс жасады. Бес жасымда ол кісіні соғысқа алып кет­ті. Бірде әкем маған шәйнектің қақпағын дөңгелек етіп, арба  ойыншық жасап берген еді. Оны әкемнен қалған естелік ретінде  ұзақ сақтадым. Кейін үйдің тө­ңіре­гіндегі сары балшықты илеп, адамдар мен түрлі жануарлардың мүсінінжасап, күнге кептіріп, ойыншықтың түр-түрін құрас­тырып, ауыл балаларына тарата бас­тадым. Міне, осыдан бастап мен суретші болуды, мүсінші болуды қатты армандадым. Мектепте жүргенде де түрлі көрмелер ұйым­дастырып, қабырға газетте­рін безендіру жұмыстарымен айналысатынмын. Сурет өнеріне деген  қызығушылығым жылдар өткен сайын арта түсті. Алматы көркем училищесіне оқуға түсу үшін бірнеше рет бағымды сынап көрдім. Емтиханда сурет сабағы­нан бестік  алғаныммен, диктанттан  нашар баға қойып құлата берді. Себебі, ол кезде барлық оқу орындарында жазба жұмыстарын  орыс тілінде алатын еді. Талғар­дағы қазақ мектебінде оқығандық­тан орысшам кемдеу болды. Бірақ «қайтсем де суретші боламын» деген арман менің кейін шегінуіме жол бермеді. Ең ақырында он-шақты бала жиналып, министрдің қабылдауына  бардық. Ол кісі бізге адамгершілік жасап,  өтінішіміз бойынша оқуға қабылдауға ықпал жасады.  Сөйтіп, студенттік өмірім басталып кетті. Онда оқитындар­дың көпшілігі орыс балалары болатын. Солардан қалмай, тырмысып жүріп оқуымды жақсы аяқ­та­дым. Кейіннен КазПИ-дің сырттай бөлімінде  жоғары білім алдым. Жиырма жылдай сурет­шіліктің қыр-сырын үйре­ніп, халықаралық дәрежедегі үлкен суретші болып қалыптастым.  Кәсіби суретші болғаннан кейін мен ұлт тұлғаларының, ертегідегі батырлардың бейнесін қағазға түсіре  бастадым. Бүгінде сексен­нің сеңгіріне шығып, жасым ұл­ғай­­­ға­нына қарамастан, әлі күнге дейін шығармашылықпен шұғыл­дану­да­мын. Менің шеберханамнан шыққан көптеген туындылар  халықаралық көрмелерде жоғары бағаланып, шетелдік өнер­тану­шылардың қызығушы­лығын арттырды.

– 80  жасқа  толған мерей­той­ы­ңыз­­­ға орай қандай жоспарыңыз бар?

– Қазір «Суретшілер одағы» жетімнің күйін кешуде. Бұрын­ғы­дай тақырыптық, шығармашылық көрмелерді ұймдастыру өте қиын шаруаға айналды. Соған қарамас­тан биылғы 80 жасқа толған мерейтойым мен шығар­ма­шылы­ғым­­ның 55 жылдығына орай Ә.Қас­теев атындағы музейде  «Ұлы  жібек  жолы» атты үлкен көр­­ме ұйымдастырдым. Сол көр­меге көптеген шығармаларымның ішінен іріктеп, 80-ге жуық живопись және 10-нан аса мүсіндер қойылды. Жақында «Көшпенді­лер» деген жаңа  композиция жасадым. «Өмір өзен» атты  күрделі композициям ең үлкен туынды ретінде «Қазақстандық  рекордтар кітабына» енді.

– Сіз бала кезімде үйдің аула­сын­да сары балшықтан түрлі мү­сін­дер жасайтынмын  деп  қалды­ңыз. Қазір өзіңіз тұратын ауданды да түрлі тақырыптағы мүсіндермен безендірген көрінесіз…

– Иә, оның рас. Әуелде ауылды жерде туып-өскендіктен болар, мен үйде тыныш отыра алмаймын. Үнемі бір шаруамен айна­лыс­қанды жақсы көретін адаммын. 1991 жылы «Суретшілер ода­ғы» маған Алатау ауданының жанынан он сотық жер берген. Сол жерге өзім үй  тұрғызып, оның айналасына жеміс ағаштарын отырғыздым. Сондай-ақ, аулаға әр түрлі тастардан құрастырып, түрлі мағынада мүсіндер жасадым. Оның ішінде қазақтың бір­тауар азаматы, ақын, әнші-компо­зитор Кенен Әзірбаевтің мүсіні де бар. Ол кісінің бейнесін жаса­уым­­ның­ мәнісі үлкен. Соғыстан ке­йін­гі жылдарда Кенен атамыз колхоздың қырманына келіп,  ән шырқап, өлең айтатын. Сол кездерде біздің үйде қонақта болып, маған  батасын берген еді.  Халық­тың ықыласына бөленген жыр дүлдүлінің батасы мені осы дәре­жеге жеткізді деп санаймын. Оқуым­ды тәмамдап, кәсіби сурет­ші болғаннан кейін ақсақалды арнайы іздеп барып суретін салғанмын. Ол уақытта өзі бірта­лай жасқа келсе де менің  өтінішім­ді құп көріп, маған төрт-бес саға­тын қиған еді. Сол шығармам сәт­ті шығып, Мәдениет минис­­т­р­лігі сатып алды. Бұл ескерткішті де ақынға жасаған тағзымым болсын деген ниетпен салдым. Содан кейін «Жемқорлықпен күрес» деген мағыналы туындыммен қо­са, қазақтың ұлттық аспапта­ры­ның суретін, қазақтың көшпен­ді өмірінен үзінді ретінде түйені шөктіріп қой­ып, үстіне долана ағашын өсіріп, жеңістің көрінісін жасадым. Бұдан басқа да ағаштан, тастардан жасалған мүсіндерім өте көп. Келешекте үлкен музейге айналатын шығар бәлкім. Кім білсін? Мен тұрған жер мектепке жақын орналасқан. Одан басқа бұл ай­мақта мәдени ошақ жоқ. Сондық­тан да осы ауданның тұр­ғындары мен  балалар тамашаласын деп  ойладым. Сол білім орда­сының­ ди­ректоры арнайы ша­қы­рып, маған жастар түрлі сұрақтар қойып,  әдемі кездесу кеш өткізді. Осы аймақтан музей ашу туралы ұсынысымды айтып, Елбасына хат та жолдағанмын.

– «Өмір өзен» атты  қазақ хал­қы­ның өткен тарихы мен бүгінгі  өмірі бейнеленген күрделі туын­ды­ңыз­ды «Қазақстандық рекордтар кітабына» енгізіпті. Осы суретті салу туралы идея қайдан келді? Жал­пы, осыған қанша уақытыңыз кетті?

– Жазушылар роман, трилогия, поэзия сияқты көркем шы­ғар­маларды жазып мұра етіп қал­ды­рады ғой, сол  секілді  суретші де өзінің өмір бойы көрген-біл­ге­нін, үйренгенін өнеге етіп, кейінгі ұрпаққа табыс етуі керек. Менің де  бұл шығарманы  салуыма  осын­дай ой түрткі болды.  Ол тоғыз бө­лі­мнен тұрады. Бірінші бөлі­мінде балалық шақта өзім тұрған тоқалтам, оның төңірегінде жүр­ген шешемнің бейнесі және сол кездегі  өміріміздің  көрініс­тері­­нен үзінділер келтірдім. Со­ғыс­тан кейін­гі халықтың  тұр­мысын өзім­нің басымнан өткен іс-әре­кеттер арқылы көрсетуге тырыстым. Одан кейінгі бөлім­дерде қазақтың тарихында болған оқи­ғалар толықтай қамтылған. Қа­зақ­тың шежіресі деуге де болады. Оның ұзындығы 23 метрді құрай­ды. Осы туындымды  жазу үшін он жылдан аса уақытымды сарп ет­тім.  Бұл шығармам бірнеше ірі көрмелерде көрсетілді. Өкі­нішке қарай, Қазақстандағы еш­бір музей сол шығармамды өз қамқорлығына алмады.

– Халықаралық көркемсурет симпозиумына дүниежүзінен  жи­нал­ған суретшілердің арасында Ке­ңес Одағынан шақырылған жал­ғыз суретші өзіңіз екенсіз. Шетел­дік­­тердің біздің қазақстандық су­рет­шіге деген көзқарасы қандай? Сізді қалай қабылдады?

– Иә, сұрағыңыз орынды.  Кеңес өкіметін аңсамаймын. Дегенмен, ол уақытта мәдениетке, өнерге көп көңіл бөлінетін. Қай жылдары екені есімде жоқ, мені 15 республика қатысқан сурет­шілер симпозиумына шақырып,  солар­дың арасынан ең үздік шық­қан адам ретінде Чехослова­кияға жалғыз өзімді жіберді. Сол жерде екі ай шамасында жұмыс жасаға­ным­да, шығармашылық  адамына қа­жетті барлық жағдай туғызды. Мен ол жақта керемет туындылар жазып, бірқатарын елге алып қайттым. Ал кейбіреулерін олар өз музей қорларына сатып алды. Бір таңқаларлығы, олар  шығармала­рым­да асқан қызығушылықпен қарап, таң-тамаша болды.Кейін мәскеуліктер де бірнеше жұмы­сыма жоғары баға беріп, өз музейлерінің қорына алды.

– Кенен атадан басқа тағы қан­дай ұлт тұлғаларының бейнесін жасадыңыз?

– Мен А.Құнанбаевтың, Ж.Жа­­­баевтың, Д.Нұрпейісованың, Совет Одағының Батыры Әлия Мол­дағұлованың, екі мәрте Совет Одағының Батыры атағын алған Тал­ғат Бигелдиновтың портрет­те­рін жасадым. Т.Бигелдиновтың портреті мәскеуліктердің музей қорында сақтаулы.  Оның кө­шір­месі Ә.Қастеев музейінде тұр. Кө­­мейіне бұлбұл ұялаған халық­тың сүйікті  қызы Роза Бағланова­ның да суретін жазып қойғанмын. Қазақтың дарынды ұлдарының бірі  Нұрғиса Тілендиевті бүкіл оркестріменен қосып үлкен композиция жасадым. Сол жұмысты бітіру үшін ол кісінің соңынан бір ай қалмай қойдым. Ол да музей қорында бар. Жалпы, ондай шы­ғармаларым өте көп. Менің осы еңбектерімді ескеріп, 1998 жылы Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері» атағын берді.

– Сіздің жолыңызды қуған шә­кірттеріңіз бар ма?

– Мен училищені бітіргенде Ақрап Құдайбергенұлы деген азамат директор болған. Ол қазақ суретшілерінің қалыптасуына  үлкен үлес қосты. Сол кісі мені Ленинград академиясына жібер­мекші болды. Ал мен ол уақытта үйленгенмін. Үш-төрт баламмен қоса кәрі шешем бар  еді. Жағдайым келіспегендіктен  бара алмайтынымды айттым. Онда: «Осында мұғалім болып қал», – деді. Содан бастап балаларға сурет өнері шеберлігінен дәріс бердім. Ауылды жерден келген балалармен айналысып, солардан тәп-тәуір суретші жасадым. Қазіргі кезде сол шәкіртерімнің біразы ел мойындаған, атағы бар қылқалам шебері болды. Олар  көрген жерде алғыс айтып жатады. Өзімнің  Сәуле деген қызым да сурет саба­ғы­нан мұғалім болып қызмет жа­сайды.

– Жастарға қандай тілегіңіз бар?

– Адам баласының бойында әрқашан да адамгершілік, шыдам­ды­лық, төзімділік секілді ізгі қа­сиеттер басым болуы керек. Өзің сүйген  кәсіппен шұғылданған дұрыс. Егер ұнамайтын іспен айналыссаң, уақытың текке өткен болып есептеледі. Сондықтан адам баласы  жастайынан-ақ өзінің кім болатынын ойланғаны жөн. Қазіргі кезде көп жастар ешбір қиындықсыз-ақ «Суретші­лер ода­ғына» мүше атанып, өте жеңіл жол­мен атақ-даңққа ие болуда. Ал нағыз  суретші болу оңай емес. Ол  қажырлы еңбекті, төзім­ділікті, ұқыптылықты қажет ете­тін өте нәзік мамандық. Сурет­шінің жан­дүниесі  кең әрі бай болуы тиіс. Көкірегі таяз адамнан ештеңе де шықпайды ғой, сол үшін ең бірінші білімді жоғары қоя біл­геніміз жөн. Жастарға әрқа­шан да ізденімпаз болыңдар дегім ке­ле­ді.

– Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Гүлім НҰРЛАНҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір